Көшіміздің басында тұрған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың соңынан еріп, сол кісіні қол...
АДАСЫП ЖҮРГЕН АҢЫЗДАР
Бағзы дала тарихының іздері
Герман халықтарында, соның ішінде терістік Европадағы исланд, норверг, швед жұрттарының мифологиясында «асстәңірлер» туралы жырлар (сагалар) бар. XIII ғасырдағы жырларды исландиялық діндар-машайық Снорри Стурлосон жазып алып, болашақ герман мәдениетіне орасан зор үлесін қосып кеткен болатын. XVIII-XIX ғасырларда неміс романтизмі осы «асстар туралы мифтері» таза, төл «германдық мұра» ретінде игере бастады. Бұлар өнер мен мәдениетте кеңінен кәдеге жаратылып, осы асстар мифологиясын герман фашизмі «арийлық артықшылықты дәлелдейтін дүние» ретінде кеңінен пайдаланды. Одиннен (Водан) басталған асстәңірлер туралы мифтердің шығу тегі Азиямен, Солтүстік Кавказбен байланыстырылады. Осы «азиялық қайнарды» дәлелдеуші ғалымдардың ішіндегі ең көрнектірек, ең сенімдірек пікірді орыс ғалымы Щербаков айтқан, оның дәлелдеуі бойынша, «асстар Дон өзенінің шығыс жағынан шыққан. Асс дегеніміз − ежелгі даймассагеттер». Айта кетер бір жайт, зерттеуші осы мәселеге тек «асстар дегеніміз − осетиндер, яғни арийлер» деген үлгі-қалыппен қараған. Ал біз осы мифтік дәстүрге қатысты екі сөзді қарастыру арқылы сол «асстардың осетиндігі мен ирандығына» күмән келтіре аламыз.
Валькария және Үркер
Қазақтың тілі ғаламат тілдер санатына жататын санскрит, иврит, авеста, көне грек пен латын тілдері сияқты емес. Әлгі тілдер өздеріне тән тылсымдық, құпиялық сипатқа ие болып тұрғанда, қазақ тілі − ауылдың анқылдақ шалының тіліндей тым қарапайым, тым қарабайыр, тым созылыңқы сияқты.
Бірақ бұл сырттай қарағандағысы ғана. Қазақтың кез келген қара сөзінің қабығын қырсаң, оның астында жылтыраған алтын көрініп тұр. Қазақ тілі − екінді тіл, яғни туынды тіл. Ол көне жұмбақ тілдің қарабайыр, күнделікті тілде айналған түрі. Қазақ тілі − арғы дүние тілі, біз оны қарапайым сөздердің ежелгі мағынасын анықтау арқылы көрсеттік те. Ал дәстүрлі ежелгі таным заңдылығы бойынша, бір нәрсе бір дүниеден екінші дүниеге өткенде өзінің болмысын түбегейлі түрде қарама-қарсы сипатқа өзгертеді. Біздің ана тіліміз − асыл да жұмбақ тіл. Біз оның асылдығын сөздеріне үңілгенде барып аңғарамыз.
Үркер − жұлдыздар шоғырының атауы. Осы сөз бізге не айтқысы келеді? «Үркер деген жеті қыз екен, біреуін қарақшылар ұрлап кетіп, алтауы қалыпты. Содан жеті қарақшы атаныпты».
«Темірқазыққа арқандаулы жүрген Ақбозат пен Көкбоз − атты бір күні жетіқарақшы ұрламақ болады, бірақ күзетші айдаһар (Айдаһар жұлдызы) сол түні алдырта қоймайды. Сол кезде жеті қарақшының біреуі Үркердің кіші қызын алып қашады. Егер анықтап қараса, жетіқарақшы «шөмшінің сабына» тақау кішкене бәсең жұлдызды байқауға болады. Кіші қыз − сол.
Бүгінгі қазақта осы жұлдыздар туралы тұрақты фразеологизмдер («үркерлі айдың бәрі қыс» деген сияқты) мен көлемі екі-үш сөйлемнен аспайтын жұқанасы қалған аңыздар ғана сақталған. Мәселен, «Үркерлер ағайынды жігіттер еді. Олардың жалғыз қарындасы болды, оның аты − Үлпілдек. Міне, осы Үлпілдекті Қыран қарақшының жетіқарақшысы ұрлап қашқан, сол заманнан бері жетіқарақшы қызды алып аспанда қашып келеді, ал Үркерлер олардың артынан қуып келеді»... Екінші аңыз: «Жетіқарақшы темірқазыққа байланған екі аспандық аттың (Ақбоз − Көкбоз) күзетшілері, ал Үркерлер осы атты ұрламақ болған ұрылар»...
Жетіқарақшының жалпы түркілік аттарының бірі «жеті хан» немесе «жетіген». Атауында ешқандай жаман реңк көрінбейді, мұндай жаман сипат «қарақшы» сөзінде де болмаған. Бүгінгі қазақ тіліндегі «разбойник, вор, грабитель, пират» деген мағына беретін «қарақшы» сөзінің көне қазақ тіліндегі мағынасы − «қараушы, күзетші, сақшы, бақылаушы ». Сонда, жеті қарақшы қазіргі айтылып жүргендей ұры — қарақшы емес, белгілі бір нәрсенің күзетшісі.
Ал осы Үркерлер туралы басқалар не дейді?
Грек мифологиясындағы осы шоқжұлдыздың атауы − «плеядалар». Плеядалар (плеяды) − мифология бойынша Атлант деген алып (титан) пен мұхит қызы (океанида) Плейоннан туған жеті ару қыздың жалпы есімдері. Таратып айтсақ − Алкиона, Меропа, Келено, Электра, Стеропа, Тайгета, Майя. Жеті қыздың алтауы құдайларға күйеуге шықса, біреуі − Меропа адамзатқа (Сисиф) әйел болған екен. Гесиодтың шығармасында осы плеяда − үркерлерді Орион деген аңшының қуғандығы айтылады. Аңшыдан қашып құтыла алмасын сезген олар көгершінге айналып кетеді. Зевс оларды аспанға ұшырып жұлдыз шоғыры етіпті. Үркерлердің алтауы жарқырап тұрса, біреуі (Меропа) көмескілене көрінеді. Грек мифінің басқа бір нұсқасында Үркерлер былайша суреттеледі: Плеядалар ағасы Гиад пен сіңлілері (гидалар) қаза болғаннан кейін жұлдыз шоғырына айналған.
Волосины − көне орыс түсінігіндегі Үркер − плеядалар шоқжұлдызының мифтенген образы.
Орыс мифологиясындағы Волос (Вельс), балтық мифологиясындағы Велс − «о дүние мен мал бағу пірі», ал волосынялар мифтік түсінікте − осы Волостың әйелдері. Міне, осы мифтік есімдерге негіз болған «вол», «вел» түбірлерін қазақшалар болсақ, онда өзімізге түсінікті «өл» (өлім, өлік) сөзі шығар еді.
«Валь» (өл) сөзі үнді-иран тіліне ежелгі Қазақстан мен Орта Азияға қоныстану дәуірінде өткен (б.з.д. ІІІ-І мыңжылдықтар). Осы дәуірлерде бұл сөзді протославяндар да, протобалттар да, прото герман дар да игеруі мүмкін. Бірақ, біздің ойымызша, осы сөз ғұн − авар − болғар дәуірінде (III- VIII ғғ.) протославяндық, протобалдық тілдерге ауысқан сияқты. Өйткені орыс лингвистері орыс тілінде «волость» − (әкімшілік-территориялық атау) сөзінің тегін осы мифтік «Велестен» өрбітеді. «Ұлыс» атауы орыс тіліне моңғол шапқыншылығы заманында ауысқан, «улус» түрінде қолданылады. Ал «волость» — «улус» сөзінің фонетикалық варианты «в» диалектісінде сөйлеген чуваш-хазар, бұлғар заманында, не одан бұрынғы авар-ғұн заманындағы батыс прототүркі тілінде қолданылған, осы «вел»түбірінен өрбіген волос, волосынья, великий, власть, властелин, т.б. сөздерінің прототүркілік түбір негізінде жасалған ортақ славян сөздері дегенге бүгіндері ешкім сенбейді. Шындығы сол, III-VIII ғғ. Түркі тілі бүкіл славян тілінің жасалуына негіз болды. Біз бұл жерде орыстардың түркілерден көп нәрсе алғаны туралы айтылып та, жазылып та жүрген тұжырымды тағы бір мысал арқылы бекітіп мақтанғымыз келіп тұрған жоқ. Мақсат − орыс тіліндегі «тюркизмнің» мифтік сипаты арқылы бүгінгі қазақтағы ұмыт болған түсініктерді қалпына келтіруге тырысу.
Міне, үркер − волосыньялардың мал (қой) шаруашылығымен (осветить огнем негасимым белояровых овец) байланыстылығы бізге тек қазақ тіліндегі Үркердің «үркіп кеткен қойлар» деген қарапайым этимологиясын еске түсіріп қана қоймай, олардың да ұмытылып кеткен арғықазақ мифологиясында «о дүниемен, о дүниедегі мал бағу − өлген адам жандарын бағу» түсінігімен байланыстылығын да көрсетіп, «волосынья» сөзіндегі «вол» − «ол» түбірінен түркілігі дәлелдей түседі. Бұл үркер сөзінің ортақ − түркілік айтылу түрі «үлкер» сөзінің де «өліммен, о дүниемен» байланысты ұғым болуы мүмкіндігін көрсетеді.
Басқа түркі тілдерінде Үркерді «Үлкен», «Үлкәр» деп атайды. «Үлкер» сөзін сараласақ, оның мағынасы «өлген жауынгер» болатынын аңғарамыз. Осы сөзді екі түрлі жолмен буындап талдасақ та, негізгі әңгімеде:
Үл-кер Уль+кер − «өлген жауынгер» − Валькар
Үлік-ер Ульк+ер − «өлген жауынгер» − Валькер
Сонда, аспандағы қарапайым қыз ұрлаушы немесе ат ұрлаушы қарақшылар мен үркерлердің өлі жауынгерлер болғаны ма? «Үр» − көне қазақ түсінігінде «жан», «рух» дегенді білдіреді. Оны «үрей» түрінде білеміз. Осы ежелгі мән «үру», «үрлеу» деген етістіктен шыққан, яғни «жан дегеніміз адамның кеудесіне үрлеген нәрсе» (орыс тіліндегі «вдувать», «дунуть» етістіктеріне «дух», «душа» ұғымдарының сай келуімен бірдей). Қазіргі тілде «үрей» сөзі «қорқу» дегенді білдіргенімен, көне мәні сондай болған.
Егер «үр» немесе «үрк» (үрік) сөзі «рух», «жан» дегенді білдірер болса, оның да «өлім аулынан » «ұзап кеткендігі шамалы болып тұр. Үркер − «рух − жауынгер», яғни «өлі жауынгер» дегенді білдіреді. Ал осыны мифологиялық деңгейде қалайша қорытындылауға болады?
Үркерлер − арғықазақ мифологиясында аспанда өмір сүретін, ерлікпен қаза болған жауынгер рухтары.
Қазақтардың Үркерге берген мінездемесін жақсы деуге де, жаман деуге де болмас, дұрысы − оны екіұдай сипатты (амвивалентті) деу. Бізге қазақ аңызынан белгілісі − бір-біріне қарсы жақтардың бар екендігі. Осы қарабайыр этнологиялық аңызды ықтимал мифтік деңгейге көтерер болсақ: үлкерлер де, жетіқарақшы да ежелгі миф пен эпостағы жауынгер (өлі жауынгерлер, pyx − жауынгерлер). Ал үркерлердің «қыз − жауынгерлік» образының болғандығы да жоққа шығарылмайды. Қыз фравашилер образы «Авестада» бар, сондай-ақ осы образға скандинавгерман мифіндегі «валькириялар» сай келеді.
Тағы бір белгілі нәрсе: үркерлер мен жетықарақшылар − екі әскери-қарулы топ (жасақ). Ал олардың өзара қақтығысуына (қазақ аңызында бірін-бірі қууына) себеп болған Үлпілдек деген қыз.
Эйнхерий мен валькириялар
Герман-скандинав мифологиясында және эпосында соғыста ерлікпен қаза болып, «өлген шейіттер» мәртебесіне ие болған жауынгерлер образы бар. Оларға валькирия − қыздар қызмет көрсетеді. Соғыста өлген осындай жауынгерлерді «эйнхерий» деп атайды. Олар герман мифологиясындағы бас тәңір − Вотанның жасағы үнемі соғыста жүреді, ал бос уақытында Валгаллада тойлап жатады. Мифологиялық деректер мен оның кейінгі ортағасырлық өзгерістері арқылы эйнхерийлердің образдық генезисін іздестіріп көруге болады. Осы ұғыммен тікелей байланысты «хьяднинг» және «харий» образдары бар.
Хьяднингтер − мифтік-аңыздық Хедин мен Хегин (Хйогни) деген жауынер − көсемдер әскерлерінің атауы. Осы екі көсем бір-бірімен достасып, андас-тамырлас болған екен. Тек Хегни − кәрілеу болса, Хедин − жас көсем болыпты.
Хегнидің Хильд деген сұлу қызы бар екен. Бір күні Хегни ауылда болмаған кезде Хедин әлгі қызды (сірә, қыз келісімімен) алып қашып кетеді. Хегни қызы мен досының қашып кеткенін біліп, артынан қуып жетеді де ұрыс салады. Екі жасақтың жауынгерлері түгел қырылады, бірақ әлгі қыз − Хильд күн сайын екі жасақты тірілтіп отырады, тіріле салысымен қайтадан соғысқа кіріп, тағы да өле береді. Осылайша «қайта тірілту», соғысып қырылу − қайта тірілту ақырзаманға шейін созылады екен. Әлгі Хедин − Вотанның өзі тәрбиеленген жауынгері.
Харийлер − ортағасырлық христиандық сенім-түсінік бойынша, түнгі аспанда көретін елес-сүлделер, яғни асс Вотанның «өлік әскерлері», Батыс Европа фольклорында бұлар «жабайы саясатшылық» (дикая охота) деген атпен танымал. Жалпы, осындай әскери ұғымдардың кешенін «I ғасырдағы тағы, орманнан шықпаған, ешқандай соғысу мен қару жасауды білмеген, мәдени-өркениеттік мүмкіндігі жоқ германдар жасай алады» деу күмәнді. Бұлар сол заманда германдарға қарағанда мәдени деңгейі жоғары, оларға сіңісе алатын бөгде мәдени қауымның әкелген сенімдері екендігі айқын. Бұлай деуге кейбір европалық зерттеушілердің айтып жүрген (Ф.Кардини, Г.Альтхайм, т.б.) «қару-жарақ, қылыш культін, соғыс өнерін германдықтардың көшпелілерден алғаны». Егер көшпелілер германдарды соғысуға үйреткендігі айқын болса, әскери мифологияны — эйнхерий, валгалла, валькирияны да көшпелілер берген болып шығады.
Енді әлгі Хединнің қыз алып қашуын қазақ аңызымен шендестіріп көрелік. Асстар мифіндегі «рөлдер» былайша бөлінген: екі әскери топтың біреуін − Хегни, екіншісін − Хедин басқарады. Бір қыз бар бірінші топ алып қашады, екіншісі қуады, бұл қуу мен соғысу мәңгілікке созылады. Қазақ жұлдыздық мифоэпикасында да екі топ айтылады, бірі − үркер − үркерлер, яғни өлген жауынгерлер, екіншісі − Қыран (қыр − аң, мүмкін басқаратын) «қарақшылар» (қарақ-қаруғ-хара — «әскер» ықтималдығы) әскері. Бұл жердегі қыздың аты — Үлпілдек. Бір әскер қызды алып қашады, екіншісі қуады, бұл қуу да әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Қазақ эпосында бұдан басқа «жас жігіттің хан қызын алып қашуы» сюжеті бар. Бұл − жиі қайталанып отыратын трафарет сияқты. Міне, қашқындарды кәрі жауынгер қуып жетеді. Бұл оқиға көбінесе аяқсыз қалады немесе қашқын қыз кәрі жауынгерді оларды еркіне жіберуге көндіреді. Қанша дегенімен, қазақ эпосының герман эпосынан айырмашылығы − оптимизмге негізделгенінде. Мұндағы «хан қызы» деген образ кейіннен қосылған, өйткені оқиғаға қатысушылардың саны мен образы қыздың «әлгі кәрі жауынгердің қызы» (не әйелі) екендігін көрсетеді, яғни қазақ эпосы мен герман фольклоры бұл жерде ұқсас келіп тұр:
1. Қыз − жас жауынгер − кәрі жауынгер.
2. Хильд − Хедин − Хегни.
3. Ақжүніс − Ер Тарғын − Қарт Қожақ (Қазақ)
4. Қыз − Ер Әмет (Абат) − Ер Алау (Алағ)
5. Үлпілдек − Қыран Қарақшы − Үркер
Герман мифінде валькарий − үлкер, хильд − үлп, қыран − херий сияқты қазақ аңызымен ықтимал ұқсастықтар да бар, яғни «қазақтың айтайын дегенін исланд мифі аяқтап отыр». Скандинавиялық мифтегі өлген жауынгерлер образының генезисі орман тағыларының арасында өтпеген. Идея − образдың қалыптасуы үшін бірнеше ғасырлық әскери қоғамда аса дамыған ата-баба культі, оның ішінде жауынгер ата-баба культі бар қоғамның болуы қажет. Осындай қоғамды б.з.б. X ғасырдан бастап үш мың жыл бойы дамытқан көшпелілер жасады, әлгіндей түсініктерді де германдар емес, далалық көшпелілер жасай алды. Біздің айтып өткен фраваши-үркер, ғайып-ерен, қырымдық және ұрымдық жауынгер, нарт, шілтендер мен баптарды туғызған орта осы эйнхерий деген түсінікті де дүниеге әкелді... Егер асстар − тәңірлер категориясындағы жауынгер образдары болып, протоболгарлық (қазақтық) эпостық «қырымдықтардың» параллелі болса, эйнхерийлер жер бетінің, адамзаттан шыққан жауынгерлері ретінде протоболгарлық «ұрымдық жауынгер» (жер бетінің немесе о дүниенің жауынгерлері) ұғымының параллелі. Қазақтың кейінгі танымы қырым-ұрымның жеке образын біріктіріп жіберсе, скандинав дәстүрі мифті қағазға түсіру дәуірінде құдай − асс пен адам эйнхерий арасындағы мифтік дистанцияны сақтаған. Осындай абсолюттік шендестіруден кейін асстардың далалық образдар екендігін сенімді түрде айта аламыз.
Серікбол Қондыбай.
«Алтын Орда» газеті. 2000 жыл, 28 сәуір