Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РайымқұловаЕліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұ...
Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ: Астанаға алғаш болып жеткен Әбіш ағамыз болды
Көрнекті композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлеген Мұхамеджановты білмейтін қазақ жоқ. Талантты тұлғаның ұлттық музыка өнеріне қосқан үлесі мол. Қаншама күрделі симфониялық, опералық, камералық шығармалар, романстар, назды сазға толы әндер және отандық кино мен қойылымдарға музыка жазды. Белгілі азаматтың тағы бір қыры бар. Ол – қайраткерлік келбеті. Бұл кісі елдің бас ордасы Алматыдан Арқаға қоныс аударып, тарихи оқиға басталған кезде Ақмола қаласы әкімінің орынбасары болып, елорданың рухани өмірі мен мәдениетінің өрістеуіне күш салды. Сол кездегі шаһарда өткен ауқымы үлкен мәдени шаралардың бел ортасында жүрді. Кейін сол еңбегі ескеріліп, «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын алды. Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай, біз бүгін Төлеген ағамызбен сол тарихи жылдарға шегініп, әңгіме өрбіткен едік.
Жылы жерден суық суға қойып кеткендей болдым
– Төлеген Мұхамеджанұлы, сіз бүгінгі бас қаланың алғашқы қалыптасу жылдарының басы-қасында жүрдіңіз. Әкімнің орынбасары болдыңыз. Бұл қызметке қалай тағайындалдыңыз?
– Менің бала күнімнен өмірдегі арманым өнер жолында жүру ғана болды. Содан жас шағымнан музыкаға жақын болып өстім. Алғашқы алған жоғары білімім тарихшы мамандығы болса да, Алматыға келіп, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның композиторлық бөліміне оқуға түстім. Музыканың қыр-сырын игердім. Одан әрі білімімді ұштау үшін П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын бітірдім. Міне, осы жолдың бәрінде мені өнер алға жетелеп отырды. Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры, 1990 жылдан «Азия дауысы» халықаралық конкурсының бас директоры секілді қызметтер атқардым. Бұл да өнер саласы. Кейіннен мені ресми қызметке де шақырды. Бірақ өзім шенеунік болудан бас тарттым. Алайда қоғамдық жұмыстардан қалыс қалып көрген емеспін. 1995 жылдан Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесімін. 1997 жылы жазда Ақмолада осы Ассамблеяның жиыны өтті. Соған келіп қатыстым. Сөз сөйледім. Сонда қала көшесін аралап жүргенде бойымды біртүрлі сезім биледі. Болашақта осы шаһардың тұрғыны болатын секілді сезіндім. Сол кезде менен бір жергілікті журналист сұхбат алды. Соған осы ойымды айттым. Сөйтіп, бір жылы сезіммен Алматыға оралдым. Сол жылы 10 желтоқсанда Ақмолаға тағы жолым түсті. Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік жиын өтті. Елбасының қолынан «Парасат» орденін алдым. Сол кезде Президентке: «Нұрсұлтан Әбішұлы, кішкене еңбегімді бағалап, осындай мәртебелі орден бердіңіз. Әрқашанда сіздің сарбазыңыз болуға дайынмын» деп ризашылығымды білдірдім. Содан екі апта өткеннен кейін Иманғали Нұрғалиұлы қоңырау шалды. «Төлеген, саған Елбасы атынан бір ұсыныс бар. Ертең үйге келіп, өзім айтамын» деді. Кешкісін белгілі актер Досхан Жолжақсынов екеуі келді. Біз үшеуміз жақын доспыз. Сосын Иманғали: «Мемлекет басшысы атынан Ақмола қаласы әкімінің орынбасары болуға ұсыныс бар» деп айтқанда, жасырары жоқ, мен шалқамнан түстім. Маған бұл сөз оқыстан айтылғандай естілді. Қаншама рет қызметтен тартынсам да, бұл жолы бұлтара алмадым. Біріншіден, Елбасыға берген уәдем бар, екіншіден, өзіме азаматтық міндет санадым. Бірақ қатты қобалжыдым. Осы жауапты қызмет қолымнан келе ме, келмей ме деп.
– Бұл қай кез еді?
– 1997 жыл, 27 желтоқсан. Дәл Жаңа жылдың қарсаңы. Жаңа жылды екіұдай сезімде қарсы алдым.
– Ақмолаға қашан келдіңіз?
– 1998 жылы 7 қаңтарда осында түнде ұшып келдім. 5 қаңтарда қала әкімінің мені қызметке қабылдау туралы бұйрығы шыққан. Алматы жердің жұмағы ғой. Бала күнімнен армандаған қалам. Оған әбден бауыр басып, үйреніп қалғанмын. Бұл жерден басқа шаһарға кетем деген ой еш болмаған. Тағдырдың сыйы деген ғажап қой. Ұшақтан түстім. Дала тастай қараңғы. Аяз ақырып тұр. Қайда барарымды білмей тұрмын. Халқымыз «жақсы досың қашанда қалқан» демей ме, самолетпен бірге ұшып келген Иманғали: «Төлеген, менімен жүр, бірге тұрамыз» деп ертіп әкетті. Сөйтіп, Имекеңнің үйіне келдім. Кейін бізге Қайрат Мәми қосылды. Үшеуміз алты ай бір пәтерде тұрдық. Сол кезде біз баяғы жастық шағымызға қайта оралғандай керемет әсерде жүрдік. Сөйтіп, менің бас қаладағы еңбек жолым басталды.
– Жатырқаған жоқсыз ба?
– Жоқ. Алғашқы күні қала басшысы Әділбек Ырыскелдіұлы Жақсыбеков қабылдады.
– Сіз ол кісіні танушы ма едіңіз?
– Танымаймын. Ол кісі де мені біле қоймайды. Бірақ жылы қабылдады. Тез түсіністік. Алдағы іске асатын жоспарлар туралы ой бөлістік.
– Сол уақыттағы қаланың рухани-мәдени өмірі белгілі. Енді шаһардың мәдениет саласы астаналық деңгейге көтерілу қажет. Жұмысты неден бастадыңыз?
– Жасыратыны жоқ, бұл – менің атқармаған қызметім. Ептеп тайсақтадым. Қорқыныш сезімі биледі. Мойныма үлкен жауапкершілік ілінгенін білдім. Бірақ менде: «Алматыдан келдім. Бұл провинция екен» деген ниет болған жоқ. Алғашында алдыма келген қағаздардың үтір-нүктесіне дейін қалдырмай оқыдым. Жұмысты игеруім керек. Бұл жерде Имекең маған тағы қолдау көрсетті. Бірге тұрамыз. Үйге келгенде: «Кешке дейін не бітірдің, не істедің?» деп сұрайды. Оның басшылық қызметте тәжірибесі мол. Соған өзімнің қабілетімді қостым. Алдымен қарамағымдағы қызметкерлермен жақынырақ сөйлестім. Жалғыз адам ештеңе бітіре алмайды. Сенің жаныңда жұмысты бірге атқаратын әділ әріптестерің, сенімді серіктестерің болу қажет. Содан жұмыстан басымды көтермедім. Бейнелеп айтқанда, жылы жерден суық суға қойып кеткендей болдым.
Алғашқы өнерпаздардың еңбегі – ерлік
– Бірінші қандай міндет жүктелді?
– Сол қаңтар айында Президент Әкімшілігінде 1998 жылғы 10 маусымда болатын Астананың халықаралық тұсаукесеріне байланысты жиналыс өтті. Онда ауқымды шараны өткізудің мәселелері пысықталды. Дайындық жұмыстары қазірден басталу керек екендігі айтылды. Әрине, оны ұйымдастыру – қала әкімдігінің мойнында. Алдымен оған жауапты – шаһар басшысы, содан кейін – мәдениет және әлеумет саласына жауап беретін әкім орынбасары. Мен мұның үлкен жауапкершілік екенін түсіндім. Тұсаукесерді өткізудің құжаттары дайындалып қойылған. Белгіленген жұмыстарды атқаратын топ құрылған. Топ жетекшілігіне Андрон Михалков-Кончаловский бекітілген.
– Танымал ресейлік режиссер ғой…
– Иә. Енді мен де творчество адамымын. Маған мұны неге басқа ұлттың өкілі өткізу қажет деген ой келді. Соны жиналғандарға айттым. «Тұсаукесерді неге өзіміз өткізбейміз?» деп едім, кейбір кісілер: «бізде ондай адамдар жоқ» деп жауап берді. «Неге жоқ? Бізде дарынды азаматтар бар. Мен табамын» дедім. Сөйтіп, өз басыма бәле тілеп алғандай болдым. Менің ұсынысымды сол кездегі Мәдениет министрі Қырымбек Көшербаев пен қала әкімі Әділбек Жақсыбеков қолдап, манағы топтың басшысы етіп сайлады. Бұл міндетті орындауға, бір жағынан, қорыққан жоқпын. Алматыда жүргенде шығармашылық жастар кеңесінің төрағасы болғам. Шараларды өткізуден тәжірибем бар. Талантты деген оннан астам жігітті осында жинадым. Бәрі де кәсіби мамандар. Кешке жұмыстан кейін отырып ақылдасамыз. Жоспар құрамыз. Басымызда пісіп жүрген идеямызды айтамыз. Енді шараның сценарийін жазу керек десем, ешкім жазбайды. Күнделікті жұмыстан қолым тие бермейді. Әлеуметтік саланың да шешілмеген сұрақтары жетерлік. Мектеп, емханаға барамын. Сөйтіп жүргенде, жігіттер сценарийді қағазға түсіргендей болды. Оқыдым. Маған бәрі дұрыс секілді көрінді.
– Содан не істедіңіз?
– Президент Әкімшілігінің басшысы Ахметжан Есімовтің төрағалығымен тұсаукесерді өткізуге арналған комиссия отырысы өтті. Оның мүшелері – жиырма шақты адам. Негізгі шаруалар талқыланды. Маған да сөз беріліп, сценарийді оқып, таныстыра бастағанда отырғандар күле бастады. Біртүрлі жайсыздықты сезіндім. Қысқасы, жазылған сценарийді ешкім жаратпады. Қайта жазып әкеліңіздер деп тапсырды. Жұмысқа келдім. Ешқандай көңіл күй жоқ. Нокаут алған боксердей әсерде жүрмін. Содан соң белгілі ақын досым, екеуміз бірігіп талай ән жазған Бақыт Қайырбековке телефон соқтым. «Бәке, сен менің досымсың ғой? – Иә, досыңмын. – Онда бүгін Ақмолаға жет. Келгеннен кейін айтатын тығыз шаруам бар» деп хабарластым. Бақыт Алматыдан ұшып келді. Оған бар мән-жайды түсіндіріп айттым. Бір аптаның ішінде Бәкең қолыма сценарийді ұстатты. Оқып көрсем, керемет. Ішінде «Отныне и навсегда – сердце страны – Астана!» деген жанды тебірентетін сөздер бар. Біз мұны девизге айналдырдық. Жазылған дүниені алып, сол шақтағы Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайұлына бардым. Марқұм Әбіш аға оқып, «мынауың керемет» деп бес деген баға берді. Сөйтіп, сценарий комиссия мүшелеріне де ұнады. Енді осы жерде айтып өтетін бір жай бар. Жалпы, адамның тағдыры қызық қой. Бақыт Ғафуұлы ол кезде тек ақын болатын. Осы жағдайдан кейін талантты сценарист-режиссерге айналды.
– Бірінші өнер ұжымы қалай құрылды?
– Саған айтайын, ол кезде қалада ешқандай творчестволық ұжым болған жоқ. Ақмола облыстық филармониясы ғана жұмыс істеді. Облыстың мәдени мекемелері бізге бағынбайды. Есімнен кетпейтін бір оқиға бар. Мәдениет министрі Қырымбек Елеуұлы барлық аймақтағы мәдениет және білім мекемелерінің басшыларын жинап алып, жиын өткізді. Сонда: «Бүгіннен бастап сіздердің бастықтарыңыз Т.Мұхамеджанов болады. Бұл кісі не жүктейді, соны атқарыңыздар» деп турасын бір-ақ айтты. Сонымен, дайындық шаралары басталып кетті. Алғашқы құрылған шығармашылық ұжым – Қазақтың халық аспаптар оркестрі. Бірде соның репетициясына бардым. Өнерпаздар отырған ғимаратты көріп, шошып кеттім. Түк жағдай жоқ. Суық. Тозып тұрған нысан. Адамдар отыратын дұрыс орындық жоқ. Оркестрдің мүшелері кірпіштің үстінде отырып дайындалып жатыр. Дирижер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мырзағали Айдаболов. Тоқ етері, осындай қиын жағдайда оркестрдің әзірлігі жүргізілді. 15 сәуірде Жастар сарайында аталған ұжымның тұсаукесері өтті. Енді қараңыз, ешқандай сын көтермейтін жағдайда дайындық өткізіп, жұртшылыққа рухани ләззат сыйлаған қыз-жігіттердің еңбегі – ерлік. Мен солай бағалаймын. Олардың бойында патриоттық сезім ерекше болды. Бүгінгі «Рухани жаңғыру» сол уақыттан басталды. Кейін симфониялық, эстрадалық, үрмелі аспаптар оркестрлері құрылды. Оның бәрі де жеңіл болған жоқ. Өз қиындықтары кездесті.
Тұңғыш тұсаукесердің орны ерекше
– Өмірімде менің есімнен кетпейтін бір оқиға бар. Ол – Астананың халықаралық тұсаукесер тойын өз көзіммен көргенім. Онда мен студент едім. Достарымызбен күндіз-түні жүріп, барлық қызықты тамашаладық. Сол қимас сәттер әлі көз алдымда. Жалпы, осы ауқымды шара қалай өтті деп ойлайсыз?
– Жоғарыда айттым.Тұсаукесерді өткізу үшін мемлекеттік комиссия жұмыс істеді. Әсіресе, Елбасының өзі оны қатты қадағалады. Шараға екі ай қалғанда Мемлекет басшысы Әбіш Кекілбайұлы, Ахметжан Есімов, Әділбек Жақсыбеков және мені жинап алып, барлық мерекелік бағдарламаны ұқыптап қарап, талқылап, сараптан өткізіп, бекітті. Үкімет басшысы Нұрлан Балғымбаев тұсаукесерге керекті қаржыны тауып берді. Енді оған шетелден атақты жұлдыздарды шақыру керек. Оған қаржы қажет. Сол кезде Премьер-министр қалталы бизнесмендерге түсіндіріп, оларды демеушілікке тартты.
– Мысалы, қанша шара ұйымдастырылды?
– Өте көп. Тұсаукесердің алдында барлық өңірлер бас қалада мәдени күндерін өткізді. Бірде Қызылорда облысының әкімі Бердібек Сапарбаев: «Төлеген, мәдени шараны біз бірінші бастауымыз керек. Өйткені Қызылорда еліміздің астанасы болған» деп қоңырау шалды. Сөйтіп, Сыр елі Арқаға алғаш болып жетті. 7-8 маусымда Алматы қаласының күндері өтті. Алмалы шаһардан бір жарым мың өнерпаз келді. Оның бір мыңнан астамын тұсаукесерге қалдырдық. Әрбір аймақ елордаға сыйлық жасады. Спорттық алаңдар, концерт қоятын сахналар орнатты. Қызық мәдени бағдарламалар ұсынды. Азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырды. Елорданың мәдени деңгейі көтерілді. Қазір сол кезеңді сағына есіме аламын. Ол менің өмірімдегі жарқ-жұрқ еткен найзағай секілді сәт болды. Әрбір шараға мұқият дайындалдық. Сондағы Әділбек Ырыскелдіұлы басқарған әкімдік ұжымы бір жұдырық болып жұмыс істеді. Бір-бірімізге тірек болдық.
– Тұсаукесерге мәртебелі қонақтардан өзге өнер жұлдыздары келгені мәлім. Сол туралы да айтсаңыз…
– Астана тойына он екі мемлекеттің басшысы қатысты. Әлемге есімдері танымал өнер шеберлері келді. Сол жылдары өткен халықаралық фестивальдардың жеңімпаздары шақырылды. Әйгілі Modern Talking өнер көрсетті. Ресейден Филипп Киркоров бастаған эстрада әншілері болды. Сонымен бірге, еліміздің Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева секілді жарық жұлдыздары ән шырқады. Қажымұқан атындағы стадионда үлкен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Гала-концерт кешкі 19.00-де басталып, таңғы 5.00-де аяқталды. Бұл керемет кешті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Украина президенті Леонид Кучма және Қырғызстан президенті Асқар Ақаев тамашалады.
– Аға, осы ғажайып кеште ерекше бір тосын оқиға болды ғой. Менің есімде.
– Түсіндім, Азамат. Ол оқиға көп адамның ойында қалған болар. Сол гала-концертте космоста жүрген ғарышкер Талғат Мұсабаевпен тікелей эфир арқылы телекөпір өтті. Бұл тарихи сәт мерекенің көркін одан әрі аша түсті. Талғат жаңа елорданың тұсаукесер тойымен Елбасыны, халқымызды құттықтап, ғарыш әлемінен сәлем жолдады. Қазір осы тікелей эфирді қалай өткізгеніме таңғаламын. Бұл шаруа үлкен дайындықпен жасалды. Мәскеуге шығып, ондағы космос саласына жауапты мамандардан рұқсат алдық. Бәрі де ойдағыдай жүзеге асты. Телекөпір естен кетпейтін дүние болды. Елорданың алғашқы тұсаукесері жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда, бұл өз билігіне өзі қолы жеткен азат елдің астанасы деген идея барлық іске қанат бітірді.
Жеті айда опера және балет театры ашылды
– Әрине, елдің бас ордасын зиялы қауымсыз елестете алмаймыз. Сол кезде зиялы қауым өкілдерін әдейі шақырдыңыздар ма?
– Біріншіден, Елбасы Астананың саяси-экономикалық және мәдени орталық болуына баса мән берді. Ол кісі кездескен сайын «Зиялы қауым не болып жатыр?» деп сұрайды. Өйткені тұғырлы тұлғалар арқылы елорданың мәртебесі биіктейді. Зиялы қауым шаһардың рухани өміріне тың серпін береді. Алғашында біршоғыр зиялыларды шақырдық. Біразы келгісі келмеді. Астанаға алғаш болып жеткен марқұм Әбіш ағамыз болды. Содан кейін бірқатар зиялы азаматтар жұмыс бабымен немесе отбасылық жағдайымен көшіп келе бастады. Бізге ерекше әсер еткен жағдай – атақты режиссер Әзербайжан Мәмбетовтің келуі. Шындығын айтқанда, бұл кісі бас шаһарға төтеннен келгендей әсер етті. Көрнекті тұлғаны ешкім шақырған жоқ. Өз еркімен келді. Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ театрының бас режиссері болды. Баспанасы да болған жоқ, біраз уақыт театрда тұрды. Асыл ағаның маған жақындығы бар еді. Ол кісінің өмірлік жары Ғазиза Ахметқызы Жұбанова – менің ұстазым. Өз басым ардақты азаматты туған ағамдай қарсы алдым. Елбасы да жылы қабылдады. Жетпістің үстіндегі адам. Театрда жан салып жұмыс істеді. Тамаша қойылымдар қойды. Әкімдік шаһардың рухани әлемін көтерген ағамызды «Парасат» орденіне ұсынды. Бірақ Мемлекет басшысы Әзекеңнің Астанаға өз еркімен келген ерлігін бағалап, ризашылық сезімін білдіріп, «Халық қаһарманы» деген өте жоғары атақпен марапаттады. Мен оны телеарнадағы кешкі жаңалықтардан естідім. Таңғалдық. Біз мұны күткен жоқпыз. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев өнерлі жастарға да қолдау көрсетті. Бір күні дарынды жастарға өз қолымен 38 пәтердің кілтін тапсырды.
– Қандай мәдени нысандар пайдалануға берілді?
– Бүгінгі қаладағы іргелі өнер ұжымдары сол уақытта құрылды. 1999 жылы елордалық өнерпаздардың қатысуымен мемлекеттік салтанатты концерт қойдық. Оны Елбасы да тамашалады. Біз соған Алматыдан бірде-бір әртісті шақырған жоқпыз. Соны қала басшысы Президентке айтқан болу керек. Салтанатты шара өткеннен соң жарты сағаттан кейін Әділбек Ырыскелдіұлы телефон соқты. «Елбасы бізге тапсырма берді. Енді елордадан опера және балет театрын ашуымыз керек» деп. Содан ақпан айында театр құру туралы Үкіметтің қаулысы шықты. Ауқымды жұмыс басталды.
– Бұл бұрынғы Күләш Бәйсейітова атындағы опера және балет театры ғой…
– Иә. Негізі, мамандардың айтуынша, опера және балет театрын салу үшін он жыл уақыт қажет. Ал біз соның барлығын жеті айда дайындадық. Осыған өзім қайранмын. Театрға бұрынғы Теміржолшылар сарайы берілді. Ғимаратты барып көрсем, әбден тозығы жеткен. Оны «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өз мойындарына алып, күрделі жөндеуден өткізді. Енді өнер ұжымын жасақтау үшін сахна маманы керек. Бізде бір балет әртісі, оркестр не хор мүшелері жоқ. Содан қалада Алматыдағы Селезнев атындағы хореография училищесінің гастрольдік сапарын ұйымдастырдық. Олар келіп, елордалықтарға өнерін көрсетті. Қойылымнан кейін жастарды жинап алып, жиын өткіздік. «Жақында осында опера және балет театры ашылады. Соған бәріңіз келіңіздер. Болашақтарыңыз жаңа өнер ордасымен бірге қаланады» деп жастарды жігерлендіріп, бар жағдайды түсіндіріп айттық. Сол жастар толықтай театрда қалды. Міне, бүгінгі әлемге танылып қалған іргелі театрдың іргесін жас талантты қыз-жігіттер қалады. Сол жылы қазан айында театр шымылдығы М.Төлебаевтың «Біржан–Сара» операсы мен Чайковскийдің «Аққу көлі» балетімен ашылды. Сондай кезде табандылық танытқан талантты жастарға басымды иемін. Бір қызық оқиға бар. Мен бас шаһардағы қызметіме алғаш отырғанда, бірінші қабылдауымда болған адам – Айман Мұсақожаева. Ол кісі Астанадан музыкалық академия ашу мәселесін ақылдасуға келіпті. Солай академия ашылды. Бүгінде аталған оқу ордасы Қазақ ұлттық өнер университетіне айналды. Кейін Конгресс-холл сарайы күрделі жөндеуден өтті. Филармония ғимараты пайдалануға берілді. Қазір республикадағы ең үлкен филармония – Астанада. Шын мәнінде, елорда рухани-мәдени орталыққа айналды.
Қаланы қазақыландыру қолға алынды
– Енді білім мен денсаулық саласы жайында да сөз қозғап өтсеңіз…
– Қала Астана болған алғашқы күннен бастап білім мен денсаулық сақтау саласына ерекше маңыз берілді. Ол кезде шаһардағы тұрғын саны – 217 мың адам. Қазір халық одан бес есе өсті. Жергілікті ұлт 17 пайызды құрады. Бір ғана қазақ мектебі болды. Қаланы қазақыландыру мәселесі қолға алынды. Ана тілімізде білім беретін мектептер салуды бастадық. Балабақшалар бой көтерді. Ауруханалар мен емханалар құрылысы жүрді. 1999 жылы республикалық клиникалық аурухана пайдалануға берілді. Бұрынғы Сәкен Сейфуллин атындағы пединститут Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне айналды. Бұрыннан танымал Ақмола ауылшаруашылық институты Аграрлық университет болды. Марқұм Мақсұт Нәрікбаев ағамыз кірпішін қалаған Заң университеті құрылды. Осындай ауқымды жұмыстар атқарылды.
Қазір шаһардың жетпіс пайызын жергілікті ұлт өкілдері құрайды. Бұл солай болу қажет. Өйткені Астана – қазақтың елордасы. Сол кезде жан-жақтан жұрт ағылып көшіп келе бастады. Жалпы, қаланың бүгінгідей гүл жайнап өркендеуіне әрбір отбасының қосқан үлесі бар.
– Біраз өткен жылдарға сапарлап қайттық. Бірақ сіз сол кезде осындай тарихи оқиғаның бел ортасында жүргеніңізді бақытты санадыңыз ба?
– Менің есімнен кетпейтін бір сәт бар. Бірде Әділбек Ырыскелдіұлы екеуміз келе жатырмыз. Ол маған ойланып тұрып: «Төлеген, біз қандай бақытты адамбыз! Миллиондаған адамдардың ішінен Елбасы екеумізді іріктеп алып, елорданы салуға тарихи тапсырма жүктеді» деп толқып айтқаны бар. Шындығында, мен өзімді бақытты адам ретінде сезінем. Осындай ғасырларда сирек болатын ұлы істі жай сыртынан шолып қоймай, соның қазандай қайнап жатқан ортасына түскенім тағдырымның маған сыйлаған ырыздығы деп ойлаймын. Жеті жыл қатарынан қала әкімінің орынбасары болып қызмет атқардым. Одан кейін Парламент Мәжілісінің 3- шақырылымының депутаты, Парламент Сенатының депутаты болдым. Бүгінгі күнге дейін елорданың өркендеуіне қолымнан келгенше үлесімді қосуға тырысамын. Мен ешқайда кеткен жоқпын және кетпеймін. Осында тұрамын. Астанамен тағдырым байланған.
– Жүректің нәзік қылын шертетін шығармаларыңызды жұртшылық жақсы көреді. Қазір не жазып жүрсіз?
– Бір күн бос отырмаймын. Жақында Мәскеуден аспапты музыкалық 14 шығармам енген дискім шықты. Одан кейін тағы сол Мәскеуден Жан Луна деген бүркеншік атпен орыс тілінде екі томдық жыр жинағым жарық көрді.
– Құтты болсын, аға! Шығармашылығыңыз өрлей берсін!
Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ
Түпнұсқасындағы тақырыбы "Төлеген МҰХАМЕДЖАНОВ: Азат елдің астанасы деген идея бізге қанат бітірді"