«ӨЛІ ЖАНДАРДЫ» НЕГЕ ПУШКИН ЖАЗБАҒАН?

СӨЗДІҢ АТАСЫ
878

Поэма жанрының табиғаты жайында бірер сөз

Шынында да, қызық өзі. Пушкин досы Гогольді көзінен жас аққанша күлдірді. Гоголь Пушкин айтқан екі әңгімені айтып беріп, күллі орыс қауымының шексілесін қатырды. Оның атын айдай әлемге машһүр еткен де сол екеуі. Сөйтіп, екі ұлы адамның достығы арқасында әлемдік әдебиеттің алтын қорына екі ұлы шығарма қосылды.

Әдебиет шежіресіндегі осы бір қызық деректі бізде мектеп шәкіртіне дейін біледі. Бірақ, бәріміз жақсы білетін осы жәйт төңірегінде бір рет ойланып көрдік пе екен?

Пушкин жұрттың бәріне таңдай қақтырған аты-шулы екі шығармаға өзек болған екі оқиғаны өзі жазбай неге Гогольге ұсынды? Жомарттық па? Әрине, біз болсақ Мұндай сюжетті, қолымыздан келсін-келмесін, жата қалып жабыспай, біреуге ғұмыры берерміз бе! Ал, Пушкин тіпті «Ревизорды» қалай да жазып шық деп Гогольдің қыр соңынан қалмаған ғой. Комедияның желісін құруда, характерлерді саралауда авторға аз жәрдемдеспеген. Соның бәрін қолынан өткере тұра, оны өзі жазбаған.

Ақынның бұл қылығын тек жомарттыққа сайысақ — ол да обал, ол да олқы. Жоқ, бұл тек қана жомарттық емес. Осы арада біз тағы да бір үлкен кемшілігізімізді аңғарамыз. Ол — әдебиетпен әлі де болса жете сырмінез еместігіміз, оның құпия қасиеттерін түптеп білмейтін таңқы түсінігіміз. Бұл әдебиет алдындағы адалдығымызға да аз нұқсан келтіріп жүрген жоқ. Өз талантына кәміл сенетін ұлы ақын әдебиеттің бел қасиеттерінің бірін белден басып кете алмаған.

Болашақ инженердің жата-жастана оқитын пәні бар, ол — сопромат, материалдар қарсылығы туралы ғылым. Оны білмей қандай сұңғыла инженер де екі елі аттап баспақ емес. Қолындағы материалдың сыр-сипатын егжей-тегжейлі білмеген адам жібекті түте алмай жүн етедінің кебін киеді. Ал әдебиетте ше? Мұнда да солай. Пушкиннің әлгі қылығы соған айғақ. Ол өз талантының сыр-сипатын бес саусағындай білді. Қолына түскен материалды да құныға зерттеп, қаныға түсінді. «Өлі жандар» мен «Ревизордың» өзінен гөрі Гогольге қол екенін ұқты. Таптырмайтын материал таптырмайтын авторға тап болған соң тал бойында бір міні жоқ екі ұлы шығарма туды. Орыс әдебиеті тарихындағы бұл факт келісімнің (гармония) көркем творчествоның негізгі мақсаты, нысанасы ғана емес, оның табиғи болмысы екендігіне даусыз айғақ. Талант пен тақырып, өмірлік материал мен жанр табыспай тұрып жақсы шығарма тумайды.

Соңғы кезде жанр табиғатын сөз ету қазақ әдеби сынынан да ұшыраса бастады. Бұл — сынымыздың есейгенінің белгісі. Жанр — эстетика үшін аса белді категория. Ол тек суреткер талантының қырын ғана емес, эстетикалық әлеуметтік көзқарасын, өмірлік материалды қандай дәрежеде меңгергенін, дүниетанымын, қысқасы, оның рухани орбитасын түгел танытады. Жанр — белгілі бір шығарманың идеялық мазмұнын, көркемдік деңгейін анықтаудың маңызды кілті. Режиссер әуелі пьесаның жанрын анықтап алмай тұрып, одан авторлық идея бар болмысымен көрінетін кемел спектакль жасай алмайды. Автордың белгілі-бір тақырыпта белгілі-бір өмірлік материалға шығарманы қай жанрда жазғанына қарап, оның сол тақырыпты қаншалықты меңгере алғанын, оның қыры мен сырын қаншалықты ұға алғанын байқауға болады. Өйткені, жанр — реальді болмыстың эстетикалық сипатын ашатын категориялардың бірі. Мәселен, Абай — реальді болмыстың нақты бір бөлігі, қазақ өміріндегі үлкен тарихи құбылыс. Осы құбылыстың эстетикалық кескіні қай жанрда көріне алады?

Абай тақырыбына баратын суреткер ең алдымен сол проблеманы шешуі керек. Үлкен эпик, Мұхтар Әуезов Абай өмірінен эпопея жазды. Өйткені, Абай — эпикалық тұлға ; өз заманының барша толғақты мәселесі соның өмірі мен соның көңіліне тоғысты. Үлкен трагедияшы Мұхтар Әуезов Абай өмірінен трагедия жазды. Өйткені, Абай тағдыры — трагедиялық тағдыр, жаман топыраққа түскен жайсаң гүлдің тағдыры. Бірақ, «Айман — Шолпан» сияқты комедия жазған, қазақ әдебиетінде комедиялық бейнелердің бүкіл бір галереясын жасаған үлкен комедияшы Мұхтар Әуезов Абай тақырыбында комедия жазуды ойға алған да емес. Абайдың «соқпақсыз жердегі» «соқтықпалы» өмірі комедияға объекті бола алмайды. Өйткені, Абайдың «мыңмен жалғыз алысқаны» Дон-Кихоттың «мыңмен жалғыз алысқанына» қырық қайнаса сорпасы қосылмайды. Абай, Абай идеялары — қазақ даласының атар таңының алғашқы сәулесі де, Дон-Кихот — батқан күннің ақырғы жұқанақ нұры, испан өмірінің «күліп қоштасар өткені».

Сайып келгенде, шығарманың жанрын сол шығармаға өзек болған өмірлік құбылыстың эстетикалық табиғаты анықтайды. Жанр — реальді болмыстағы құбылыстың эстетикалық сипатын ашатын категория, сол құбылыстың өмірден өнерге көшкенде әлгі эстетикалық сипатын жоғалтпай жететін бірден-бір жолы. Орыс өмірі жайлы «Өлі жандардай» «поэманы» лирик Пушкин емес, сатирик Гоголь жазуының сыры да сонда.

Бірақ, әдебиетте өмір сүргендердің бәрі шетінен Пушкин, Гоголь, Әуезов емес қой. Жанр мен материалдың арасынан жол таба алмай адасу — арғы-бергіде көп кездескен жәйт. Орыс ақындары Бірінші Петрге арнап Пушкинге дейін талай поэмалар жазған. Талай «Петриадалар» да туған. Бірақ, орыс әдебиетінде Петр І-ге арналған жалғыз поэма — «Мыс салт атты» боп қалды. Оған дейінгінің бәрі де ұйқастырылған шежіре, ұйқастырылған беллетристика боп шықты. Олар Бірінші Петрдің көп қырлы, көп сырлы ұланғайыр өмірінің поэмаға лайық қырын дәл таба алмады. Оның бұл қырын тапжылтпай тапқан да Пушкин. Бұның сыры нендей? Пушкинге дейінгі орыс әріптестерінің кебін ара-тұра біздің қазіргі қазақ ақындары да киіп жүр. Өмірлік материал мен жанр арасынан жол таба алмай адасқандар олардың арасында да аз емес. Жылына жүздеп шығып жататын опыр-топыр көп «поэманы» оқып көрсек, көбінің поэма болмай шығатыны да сондықтан болар. Шындықтың поэмаға лайық әлгі бір сиқырлы қырын қалай дәл анықтауға болады? Поэма жанрының табиғаты неде?

Біздегі поэма жанры жайлы бұрынғы пікір алысуларды бұл жанрда ер жеттік пе, кер кеттік пе, негізгі сырқауларымыз қайсы, соңғы поэмалардың қайсысы жақсы, қайсысы нашар, поэмадағы қай бағытты қолдау керек деген сияқты актуальды, практикалық мәні зор мәселелер сөз болады да, поэма жанрының табиғаты жайындағы мәселе күңгірт қалып келеді. Ал, алдымен осы мәселені түптеп зерттемей, әлгі айтылған көп сауалдың қай-қайсысына да деп жауап табыла қоюы екіталай.

Кейбір әдебиет теоретиктері жанр туралы ұғымды оның мазмұнынан бөліп ап, түрлік сипатынан, жазылу технологиясынан іздейді. Олардың анықтамаларына ден қойсақ, поэманың өлеңмен жазылғаны болмаса, әңгімеден немесе повестен айырмасы жоқтың қасы. Ақындарымыздың өлеңмен жазылған очерк, әңгіме, повесть, кейде тіпті роман тәрізді нәрселердің бәрін «әйтеуір атаң өлең еді ғой» деп поэма қып дабырайтатынының да бір сыры осы сияқты. Екінші бір теоретиктер жанрлық өзгешелікті шығарманың көлемінен, онда қандай оқиға (үлкен бе, шағын ба?) айтылып, қанша қаһарман қамтылатынан, яғни таза сандық жағынан қарастырады. Бірақ, қаһармандары санаулы, оқиға негізінен бір кейіпкердің төңірегіне құрылған, көлемі ықшам, суреттеліп отырған оқиға егжей-тегжейлі баяндалып қана қоймай, ара-арасында шалқып-шалқып алып отыратын лирикалық шегіністері бар өлеңмен жазылған (поэмашы көп ақындардың бұл жанр жайлы түсінігі шамамен осындай) шы-ғармалардың дені поэмадан алты көш алшақ кетіп жатады. Ақындардың енді бір тобы жоғарыда аталғандай, шығарманы «мынау өлеңмен жазылған проза, бұл поэма емес» деп мансұқтап, қазіргі поэма толғау, монолог түрінде болады дегенге сайын автордың ылғи өзі сөйлеп, өзі толғайтып поэмалар жазады. Ондай шығармаларға «лирикалық поэма», «публицистикалық поэма» деген соны айдарлар таққанымызбен, ұйқастырылған бас мақалаға ұқсап кетіп жүр. Көбіне-көп осы екеуінің қайсысы поэма, қайсысын үлгі тұтуға, үрдіс қылғанымыз жөн деп таласамыз. Біздіңше, осының екеуі де шын мәніндегі поэма сияқты емес. Бұл түсініктің екеуі де — поэма жанрының табиғатын оның таза технологиялық жағынан қарастырған біржақты жаңсақ ұғымның салдары.

Жанрға, жоғарыда айтылғандай, реалді болмыстағы құбылыстың эстетикалық сипаты көрінетін категория, сол сипаттың өмірден өнерге көшкенде жоғалмай жете алатын бірден-бір төте жолы деп қарасақ, поэманың жанрлық табиғаты не болар еді? Эстетикада болмыс құбылыстарының эстетикалық сипаттарын, олардың көркем өнерде көріну жолдары — әсемдік (прекрасное), асқақтық (возвышенное), трагикалық, комикалық сипаттар деп төрт категорияға ажыратады. Әрине, болмыста бұл төртеуі сүзгіден өткендей сара-сара кездесе бермейді. Болмыстағы белгілі-бір нақты құбылыста бұның екеуі, я үшеуі, я төртеуі түгел ұшыраса беруі мүмкін. Мәселен, Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясы мен «Абай» атты пьесасында Абай өмірінің үш бірдей сипатын — әсемдік, асқақтық, трагедиялық сипаттарын ашып берген жоқ па? Әдебиет пен көркем өнерде синтетикалық түрлердің өмір сүруі де реалді болмыстың осындай қасиетінен. Алайда, әдебиет пен көркем өнердің әрбір нақты жанры осы төрт сипаттың біреуіне алабөтен бүйрегі бұрып тұрады. Міне, жанр табиғатын реалді болмысқа деген эстетикалық магнитизмнің сипаты белгілейді.

Поэма жоғарыдағы төрт сипаттың қайсысын іш көреді? Біз тағы да классикалық әдебиеттің тәжірибесіне жүгінуге мәжбүрміз.

Орыс деревнясында өскен әрі әдемі, әрі сезім тал өсем қыздың жүрісі жұмбақ, сыры тұңғиық сұлу жігітке түнде ұйқысынан, күндіз күлкісінен айрылған әсем махаббаты Пушкин сияқты теңдесі жоқ ақынның қолына түскенмен поэма емес, роман болып шықты. Ал, атаның адал тер, ақ батасын аттап, Отанға опасыздық еткен мосқал еркектен бала тауып, бақытсыздыққа ұшыраған адуын да албырт қыздың өзгеше өжет махаббаты Пушкиннің ең бір әсем поэмасына өзек болды. Неге бұлай?

Пушкиннің біреуін роман, біреуін поэма қып жазғысы келгендігінен ғана солай болды ма? Олай десек, Пушкиннің романға Мария емес, Татьянаның, ал поэмаға Татьянаның емес Марияның тағдырын таңдап алуының сыры не? Өйткені, ұятты да, инабатты да, адам бойындағы барша ізгіліктің бәріне де ие Татьяна өз заманының өрісінен, өз дәуірінің үрдісінен асып кете алмады. Оның тағдыры — сол тұстың нағыз төл құбылысы. Оның асқар арманы мен асқақ үміті өз заманының ырқына амалсыз көнді. Сондықтан да Пушкин өз тұсындағы орыс қоғамының күллі шындығын ашуға тырысқан реалистік романына өз тұсының Татьянадай типтік бикешінің үйреншікті тағдырын өзек қылды. Ал, орыс өміріндегі ұлы құбылыстардың бірі — Полтава соғысы жайлы поэмасына (роман емес) сол соғыс жайлы қырық нарға жүк болатын қыруар материалдың ішінен Кочубейдің қызы Марияның Мазепаға деген махаббаты линиясын таңдап алды. Полтава соғысының бүкіл кескінін сол махаббат хикаясының арнасында көрсетті. Сөйтіп, «Полтаваны» поэма етіп тұрған Полтавадағы ұрыс емес, сол соғыстың тұсында бар тұлғасымен көрінген Марияның елден айрықша алабөтен махаббаты. Марияның опасыз Мазепаны сүйген соқыр махаббаты, сол махаббат жолында туған ел, туған үйін талақ еткен қайсарлығы. Ол — әркүннен, әркімнен кездесе бермейтін оқшау оқиға. Шындықтағы Бұндай құбылыстың эстетикалық сипаты — асқақтық. Сондықтан да Пушкин Мария махаббаты жайлы роман емес, поэма жазды. «Бақшасарай фонтанына» да, «Кавказ тұтқынына» да, «Цығандарға» да, «Демон» мен «Орыс әйелдеріне» де өзек болған осындай оқиғалар.

Әлем әдебиетіндегі поэма үлгілеріне үңілсек, бұл жанрдың болмыстың асқақ сипаттарына іш тартатынына көз жеткізу онша қиын емес. Жанрдың бұл қағидасын бұзып көруге, оны жаңа бір рельске салуға тырысу ақындар тәжірибесінде бұрын да, қазір де кездеспей жүрген жоқ. Бұндай ниет ұлы Пушкинде де болған, ол да қарапайым орыс өмірінің қарапайым бір көрінісінен поэма жазып көруге талаптанған. Ол үшін төрт бунақты ямбыны тым қылтың-сылтыңы көп деп, байсалды да орнықты октаваға қол созған. Бірақ, Пушкин сонша мән берген «Коломнадағы үйшік» бәрібір орыстың реалистік поэмасының үлгісі бола алмады. Ол тек мықты ақынның қолынан шыққан ойнақы да отты, өлеңмен жазылған жақсы проза немесе қарапайым орыс өмірінің бір поэтикалық картинасы болуға ғана жарады. Орыс өмірінің ұңғыл-шұңғылын егжей-тегжейлі зерттеп, бажайлап көрсетуге поэма жанрының қол емес екенін Пушкин мойындауға мәжбүр болды. Ол өз тұсындағы орыс өмірінің реалистік кескінін бар қырынан ашу үшін «ойдың тілі» прозаға жүгінді. Өлеңмен жазған «Евгений Онегинді» поэма емес, роман деп атады. Жанр табиғаты — Пушкин сияқты алапат талантқа да көнбеген қыңыр күш.

Сонымен, поэма жанрының негізгі объектісі — болмыстың асқақ сипаты. Асқақтық эстетикада әсемдік сияқты кеңінен зерттеле қоймаған, әлі де ашылмаған көп жұмбағы бар категория. Әдебиеттің поэма сияқты ежелгі жанрының осы кезге дейін өз теориясы жасалмай келуінің, оның жанрлық табиғатының әлі күнге күңгірт қалуының бір себебі де осы болса керек. Бұған , әрине, асқақтықтың реалді өмірде тап-таза саф күйде емес, басқа да сипаттар араласқан күрделі құрамда кездесетінінің де әсері аз тиген жоқ. Осы себептен де эстетика оны ұзақ уақыт біресе әсемдік сипатқа, біресе трагикалық сипатқа жатқызып қырық құбылды да отырды. Ол асқақтықты реалді болмыстың объективті сипаты, табиғат пен адамзат қоғамында бар реалді сипат, өнердегі асқақтық, өмірдегі асқақтықтың көркем бейнесі деп түсіндіреді. Сөйтіп, ол асқақтықты көркемөнердің субъективті сипаты емес, реалді болмыстың объективті сипаты деп қарастырады. Асқақтық жөніндегі ұғым адамзат қоғамының даму тарихына тығыз байланысты, қоғамның өсуіне байланысты ол да өзгеріп отырып. Өйткені, эстетикалық сипат — адамзат қоғамының объективті болмыстың белгілі бір объективті құбылысына беретін эстетикалық бағасы. Мәселен, асқар тау мен алапат мұхит жер бетінде адам жаратылмастан да бұрын болған. Бірақ, оларға асқақтық сипатты адамзат қоғамы ғана берді.

Ендеше, болмыс құбылыстарының асқақтық сипаты жайлы ұғымды адамзат қоғамынан, оның таптық, тарихи өмірінен екі елі бөліп қарай алмаймыз. Кеше асқақ көрінген құбылыс бүгін үйреншікті, қарапайым құбылыс боп көрінуі мүмкін. Кеше осқырып, шекемізден қарап елемей кеткен нәрседен бүгін асқақтық сипат тауып айран-асыр қалуымыз тағы мүмкін. Өйткені, адамзат қоғамы мен адамдардың дүниетанымы ылғи бір орында, бір деңгейде тұрмайды. Ол барған сайын объективті болмыстың бұған дейін жұмбақ болып келген соны сырларын молырақ ашып, молырақ ұғуда. Адам өзі қоршаған орта жайлы көзқарасын барған сайын жетілдіре береді. Сол арқылы адамзат қоғамы да жетіле түседі. Сондықтан, асқақтық жайлы ұғым барған сайын кеңейе, барған сайын тереңдей бермекші. Міне, поэма жанрының дамуы да осы арқылы өрістейді. Поэмашы ақындардың жаңашыл мінез танытатын жемісті бағыты да осы. Соңғы жылдары жанр шекарасын кеңейтуде, кейбір зорлықшыл қайыс қағидаларды мансұқтауда көптеген ілгері басушылық байқалды. Алайда, бұл процесс жанр табиғатына қиянат қылу бағытында емес, қайта оны нығайту, оның барынша айқын, барынша терең көрінуіне кең жол ашу, соны мүмкіндіктер туғызу бағытында өрістеуге тиіс екенін ұмытпағанымыз жөн. Асқақтық — белгілі-бір кезеңде қоғам, қоғам мүшесі өте-мөте құштар болған құбылыстар мен күштердің эстетикалық сипаты. Құбылыстың асқақтық сипатын түптеп келгенде оның әлеуметтік маңызы, әлеуметтік әсері шешеді.

Бұрынғы эстетика асқақтық пен әсемдіктің айырмашылығы — әсемдіктің гармонияға, ал асқақтың дисгармонияға, тайталас-тартысқа негізделетінінде деп білді. Олар әлгі тайталастың бар-бар уақытта тек жеңіліс пен мерт болумен аяқталмай жеңіспен де аяқталуы мүмкін екеніне ден қоймайды. Чернышевскийдің асқақтық көрінер бірден-бір арена — трагедия деп ұққаны да соның салқыны. Бұндай жаңсақ ұғымның эстетикада ұзақ уақыт үстемдік құрып келуі де заңды. Өткен формациялардың барлығында да асқақтық трагедиямен астарласып жатты. Ол тұстарда адамзаттың асқақ күресінде құрбандық тым мол болды. Бұрынғы эстетиканың бұл пікірінің осынша сыңаржақ болатын бір себебі — асқақтық сипатты тек табиғат пен жаратылысында ерекше туған ерлердің басынан іздеді. Жаңа эстетика асқақтықта Мұндай да сипаттар барын жасырмай отыра, оны, негізінен, халықтың қаһарман күресі мен жасампаз енбегінен, оның қарыштап дамуынан, халықтың осы мүдделерін көздейтін ерлердің азаматтық құштарлығынан іздеген жөн деп көрсетеді. Ол тарихты жасаушы — халық; асқақтықтың қайнар көзі — сол тарихты жасаушы халықтың өмірі деп ұғады. Асқақтықты табиғат пен ерекше жаралған ерлер басынан ғана іздейтін қисын, бұл сипатты тек романтикалық шығармаларға тән деп дәрістейді. Көп ғасырлық суреткерлік тәжірибе асқақтықтың қайнар көзі — халық өмірі деп үйретіп, оның реалистік шығармаларға да тән сипат екенін ұғындырады. Пушкин орыс тарихынан, орыс өмірінде болған үлкен өзгерістен, сол өзгеріс тұсында айқын көрінген орыс қоғамындағы мемлекеттік мүдде мен жеке бастың мүддесі арасындағы реалды қайшылықтан «Мыс салт аттыға» өзек болатын асқақ сипат тапты. Сөйтіп реалистік поэма тудырды. Осы арада реалистік поэма, поэмадағы реализм жайында еріксіз сөз етуге тура келеді. Біз реалистік шығарма атаулыға жанрының қандай екеніне қарамастан бір өлшем, бір талаппен қарауға әбден бой үйретіп алғанбыз. Поэманы романша, повесше, көркем әңгімеше талдаймыз. Соның салдарынан поэманы романша, повесше, көркем әңгімеше жазып та жүрміз. Очерк, әңгіме, повесть жазатын материалдан поэма тудыра қойғышпыз. Бір жанр үшін қасиет болған жәйт екінші жанр үшін кемшілік болуы да мүмкін екенін әсте ескере бермейміз. Мәселен, прозаның жер бауырлаған дәл реализмі поэма үшін натурализм боп көрінсе таңданатындай ештеңе жоқ. Бір ақын жайлау өмірінен поэма жазады. Ол өзі бейнелейтін ферма өмірін, ондағы адамдардың характерлерін, ферма бастығы мен жас шопанның арасындағы тартысы соншалықты дәл, соншалықты нанымды жеткізген. Бірақ, поэманы оқып шыққанда шәрбат орнына шалап жұтқандай әсерде қаласыз. Сыншылар авторды жазып отырған өміріңді жете білмегендіктен кісі баурамайтын жасық шығарма жаздың деп жазғырады. Біздіңше, бар пәле — ақынның шопандар өмірін емес, поэма жанрының табиғатын шорқақ білетіндігінде.

Поэма прозадай не психологиялық драмадай адам жанының ұңғыл-шұңғылын зерттемейді. Проза мен драманың табан тірері — адам психологиясы, кісі характері болса, поэманың табан тірері — адам рухы. Оған тағы да Пушкин творчествосы көз жеткізіп береді. Тақырыбы жағынан ұқсас «Полтава» мен «Капитан қызындағы» адам образдары мүсінделуі, сомдалуы жағынан бір-біріне ұқсай ма? Жоқ, «Капитан қызындағы» характер шындығы «Полтавада» жоқ, онда Петр рухының, шындығы бар. Бұл ретте, «Мыс салт атты» айқынырақ мысал бола алады. Осында Евгений мен Петр І-нің әбден сараланған, дараланған характерлері атымен жоқ, мұнда қара басының қамын жеген бейшара пенде Евгений мен Россия тізгінін ұстап, ел қамын ойлаған ұлы азамат Петр І-нің рухы бар. Бұл поэманы реалистік шығарма қылып тұрған онда адам характерінің реалистік кескін тапқаны емес, арбасушы екі идеал арасындағы арпалыстық реалистік кескін тапқаны. Бір кезде Станиславский сахна реализміне «адам жанының реализмі» деп анықтама беріп еді. Біз поэмадағы реализмді «адам жанының реализмі» емес, адам рухының реализмі деп білеміз. Одан поэма жанрының өмір танытқыштық, адам танытқыштық құдіретін төмендеткен болып шықпаймыз, Поэма адам жайлы күрделі шындықты өз тіл, өз құдіреті мен көрсетеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін Ілияс Жансүгіровтың баршаға мәлім «Күйші» поэмасына тағы бір көз салалықшы. «Күйші» сонау отызыншы жылдары жазылған.

Отызыншы жылдар. Жас қазақ әдебиетінің ерекше бір шабытты шағы. Ұранды жылдар өтіп, өрістеу дәуірі келді. Қазақ жазушылары да заманды, оның өзгерістерін ғана мадақтаумен шектелмей, жас әдебиеттің мойнындағы орасан мол тақырыптар тыңын игеруге батыл кірісті. Сәкен Сейфуллин «Советстанға» қоса «Көкшетауды» жазды. «Даланы» жазған Ілияс Жансүгіров «Құлагерін» де толғады. Мұхтар Әуезов Абай туралы эпопея жазуға әзірлік жасап жүрді. Өткен мен бүгін. Сол кездегі әдебиеттің тақырыптық өзегі. Бұл жалғыз қазақ әдебиетіндегі құбылыс емес. Орыс әдебиетінде де сол жылдары «Азапты сапарды», «Тынық Дон», «Көтерілген тың», «Цементтермен» жарыса «Бірінші Петр», «Дмитрий Донской», «Степан Разиндер» туды. Бостандық алған, озат қоғам орнатқан алып халық өзін жіті тануға тырысты. Бұл үлкен рухани құбылыс — қайта түлеу дәуірінің бәрінде де болған құбылыстар. Әдетте тарихи тақырып осындай қайта түлеу дәуірінде, жасарып-жаңару дәуірінде кең өріс алмақшы. Өйткені, әрбір ұлы құбылыстан кейін сол құбылысты жүзеге асырған халық, тап өз ісінің тарихи заңдылығын көргісі келеді. Ол оны жаңа жеңістерге, жасампаздыққа құлшынтады. Отызыншы жылдардағы әлгіндей өрістеу де осындай үлкен рухани қажеттіліктен туды. Осы бір игі құлшыныс қазақ әдебиетінің классикасын жасады.

«Күйшіде» белгілі-бір тарихи тұстағы оқиға айтылғанмен, оны тарихи тақырыпқа апарып қосақтай салу қиын. Бірақ, бұл да отызыншы жылдардағы әлгіндей құлшыныстың перзенті. Мұнда жұртқа мәшһүр тарихи оқиға айтылмаса да, адам жанына тарих көзімен үңілу бар. Ұшқары қараған көзге поэма творчество тақырыбына, өнерпаздардың құдіретін мадақтауға арналған сияқты болып көрінуі де мүмкін. Рас, поэманың бас қаһарманы — күйші, творчество адамы. Бірақ, ақын поэманы күйші құдіретіне емес, адамның қоғамдағы орнына, әйгілі адам және қоғам проблемасына құрған . Творчество — сол әйгілі қайшылық бар болмысымен егжей-тегжейлі көріне алатын бір ая ғана. Өйткені, творчество — өмірдегі ең елгезек, ең сезімтал құбылыс. Ол да сұңғыла күйші сияқты болмыстағы ең бір майда, ең бір нәзік дірілдердің өзін қалт жібермей қағып ала қояды. Жайбарақат қабылдамайды, тебірене, толғана қабылдайды. Ақын осындай тым нәзік пернелерден адам мен қоғам үшін ең мәнді күй шерте білген. Кенесары ханның ордасына күй тарта барған күйшіні ханның қарындасы еліне жібермей, өз отауына алып қалады. Сол кішкентай ғана оқиға желісінде автор адам жүрегінің ең ұлы шындығын ашады. Адам жүрегі үшін ең ауыр трагедия — тәуелділік. Әлемдегі барлық бақытсыздық пен барлық қиянаттың түп төркіні де сол. Озбырлықтың құрбаны болған күйші жігіт Қарлығаш алып қалам дегенде, «не жаздым, басыбайлы құл болғаным-ау енді» деп қорыққанмен, ару қыздың оң қабағынан дәметіп, қобалжығанын қояды. Ол енді басқа бір құштарлықтың, пенделік құштарлықтың ырқына беріледі. Оның жатса-тұрса көксейтіні — сұлу ханшаның құшағы. Ол баяғы күйдің бәрін ұмытады. Оның бармағына ыстық ынтықтың ғана әуені орала береді. Күйші жігітті мынау есірік халден ойда жоқтан тап болған оқиға сергітеді. Мал мен басқа мастанған бір жас мырза — Сапақ деген шалдуар түнде Қарлығаштың отауына кіріп, қара басымен ханшаның көрпесін ашады. Хан сүйегіне таңба салғысы келген бейбастық мырзаға ханшаның қаһары әбден төнеді. Желіккен ханшаның талабы тақ: «Я тентегіңді алдыма әкел; басын шабам, я бүкіл еліңді ойран қыламын». Осынау алапат озбырлықтың үстінде күйші жаны ханшадан әбден суынады. Кеше он сегіз мың ғаламның ең сұлуы, ең періштесі боп көрінген ханша дүниедегі қанішердің қанішері боп көрінеді. Көз алдындағы періште мыстанға айналады. Оның көңілін бір сәт баурап алған алданыш елестің быт-шыты шығады. Ол енді ару құшпақ түгілі басымен садаға. Оның енді жатса-тұрса көксейтіні — бостандық алып, ауылына, анасына қайту. Ханшаға ынтық көзін де саусағына ілікпей қойған бағзы күйдің бәрі де есіне түседі. Қызға арнаған күйінен ыстық ықыластың, ынтықтың емес, өшпенділіктің сарыны еседі. Күйші жүрегін кешегі күйкі пендешілік құштарлықтан босап, азаматтық құштарлық билейді. Күйшінің жан-дүниесіндегі мына дүлей өзгерісті Қарлығаш та сезеді. Оны амалсыз үйіне қайырады. Күйші жігіт «Азат» деген күй тартып, ауылына келеді. Пенделік құштарлықты азаматтық мұрат жеңеді.

Ілияс бұл поэманы жазған тұста қазақтың жазба әдебиеті енді ғана бой түзеп, шынайы реализм жаңа ғана шаңырақ көтерген тұста жазды. Сонда да Ілиястың топан судай опыр-топыр құйылған жойқын жыры бағзы заманның шұбарала кескінін айнытпай, өз қалпында жеткізеді.

Хан басымен үй арасының дауына араласып басын түсіргісі келмей, тасадан тың тыңдаған — Кенесары, бір күн тойынса шалқақтап, басына бір күн іс түссе жалпақтап қалатын жас мырза — бәрі де өмірдің өзіндегідей дәл шындық, дәл характер. Алайда, ақынның негізгі нысана-СЫРЫ қарабайыр өмірдің мұндай күнделікті шындығы емес, адам жүрегіндегі мәңгілік шындық. Сондықтан да ол қарабайыр тірліктің кескін-келбетін бастан-аяқ дәл суреттеп отыруға тырыспайды. Оның ханшасы бірде қыз, бірде айдаһар болып құбыла береді. Бұл, әрине, шынайы реалистік мінез емес. Бірақ, ақын адам жанының реализміне барынша адал. Адам көңілінде бас көтерген бұрқақты сезімнің қырық аунақшыған арпалысының әрбір сәтін қалт жібермей, қағаз бетіне жіті түсірген де отырған. Реалистік әдебиетке тән терең психологизм бұл поэмада соншалықты мол көрінді. Ақын өзі суреттеп отырған оқиғаның сырт көрінісін емес, психологиялық кескінін шебер жеткізе білген. Ілияс поэмасындағы бұл психологизмге ол кезде қазақ прозасының да қолы жете қойған жоқ еді. Ілияс көрсеткен шындық — күмілжіген сезімдердің шындығы емес, алапат құштарлықтың шындығы. Дәлірек айтқанда, адам рухының шындығы. Ол адам жүрегіндегі қайшылықты тап басып, аша білген. Сол арқылы Ілияс қазақ әдебиетінде бұрын-соңды кездеспеген, теңдесі жоқ соны образ жасады. Ол — Қарлығаштың образы.

Қарлығаш — ханның қарындасы, аяулы ару. Бірақ, жауыз емес. Ол Сапақты қанішерліктен емес, хан басын сыйлау үшін, үлкен саяси есеппен жазаламақшы. Ол үшін бай баласының мына бейбастақтығы Арқадан айырылып, жер ауып келе жатқан Кенесарыны басынғандай болып, абыройын түсіретін жәйт. Ол тентексоқ бай баласын жазалау арқылы дүйім елге хан құдіретінің әлі қайтпағанын көрсетпек. Ол — аса ақылды, аса сақ адам. Орынсыз қанішерлікке басып, қара жұртты өшіктіріп алғысы да келмейді. Оған Сапақтың басы емес, қорыққаны ғана керек. Сондықтан да алдына келген Сапақты наркескеннің астынан өткізгенмен, басын шаппайды. Жұртты қорқытты — мақсатына жетті. Енді жұрт хан бетіне келе алмайды.

Осыншама ақылды, осыншама айлалы, атақты сұлу хан сарайда отырса да бақытсыз. Ол күйші жігітті сүйеді. Оны қасынан жібергісі жоқ. Алайда, қараға қосылып, хан сүйегіне сынық түсіре алмайды. Онда барынан, басындағы бағынан, абыройынан айырылғаны. Ол — ақсүйек, ханның бауыры. Оған бақыт емес, шексіз билік, өкімет керек. Оның орнындағы адам ешқашан бақытты бола алмақ емес. Өйткені, ол тәуелді. Ол жоқты іздемейді, қолындағы бардан айрылып қалғысы келмейді. Сондықтан да тәуелді. Тәуелділік жүрген жерде бақыт жоқ. Қарлығаш тағдыры — соның айғағы. Оның Сапақты жазалаған озбырлығы да — сол тәуелділіктің кесірі. Ол тәуелділіктің кесірінен күйшіні сүйіп отырса да, еліне қайтарды. Ақсүйек қыз оны сүйсе де, сырын айтып, ішін берген жоқ. Ауылына да асқақ қалпында аттандырды. Бірақ, ол өз басындағы зор бақытсыздықты осы арада сезді. Осы арада үлкен рухани жеңіліске ұшырады. Ол сырт көзге ақсүйектілік астамдығын сақтағанмен, іштей ақсүйектілігін жұмырбасты пенделігі жеңді. Ол қара сүйек күйшіні сүйді. Оның бойында да тәуелділік психология мен адал махаббат, азаттыққа деген құштарлық арбасты.

Қарлығаштың күйші жігітке деген махаббаты оның өзіне де, күйші жігітке де, бұл тартпас бір шындықты — тәуелділік жүрген жерде махаббат та, бақыт та жоғын ашып берді.

Тәуелділік — адамзат қоғамының ең басты трагедиясы. Ақын сол трагедияның жеті қабат астарын түгел аша алған. Адам жүрегінің, адам жанының Шекспир қаламы ғана жеткен бұншалықты тұңғиық қабаттарына бара алғандығы — Ілиястың творчестволық ерлігінің, оның алапат талантының айғағы. Жаңа заманның заңдылығы мен артықшылығын адам жаны мен қоғамдық болмыстың өзегінен іздестірген ақын қазақ поэмасын жаңа бір асқар биікке көтерді. «Күйші» — қазақтың арғы-бергі әдебиетіндегі мәні мен маңызы, шеберлігі, әсерлігі жағынан айрықша аспандап шыққан қол жетпес аса биік күмбездерінің бірі. Ол — біздің халқымыздың поэтикалық қуатының ересен жеңісі.

Оның жазба әдебиетіміз енді-енді қаз тұрып, енді-енді қуаттана бастаған сонау отызыншы жылдары туғанына қайран қаласың, сүйсінесің, мақтаныш тұтасың.

Міне, көлемі жағынан соншалықты көл-көсір емес шағын поэма адам жүрегі мен адам қоғамының қаншалықты қат-қабат қалтарыс шындығын ашып берді. Мұндай мазмұн молдығы, характер байлығы, терең мәнділік кез-келген монументальдық романға жүк болар еді. Бірақ, «Күйші» өз жанрының табиғатына бәрібір адал. Поэмаға өзек болған ұшан-тоғайда бір кездесетін оқшау оқиға. Рас, өмірдегі сирек ұшырасатын оқиғаның бәрі бірдей асқақтық сипатқа ие бола бермеуі мүмкін. Бірақ, асқақтық көбіне-көп үйреншікті шындықтан емес, адамдардың елден алабөтен алапат құштарлығынан өрбитін оқшау оқиға — құбылыстарға тән екені тағы да даусыз.

«Күйшіге» өзек болған қара сүйек басымен арадағы әлеуметтік теңсіздіктің бәрін де ұмытып, хан қызына ғашық болған күйші махаббаты да асқақ; ғасырлар бойғы ақсүйектік психологияны ұмытып, қараға, күйшіге ғашық болған Қарлығаш махаббатты да асқақ. Бірақ, пенделік сезімді де, асқақ махаббаты да, хан өктемдігі алдындағы қорқынышты да ұмытып, бәрін адамзаттың тәуелсіздік жолына құрбан қып, азаттыққа ұмтылған күйші рухы — бәрінен де асқақ. «Күйшіні» басқа емес, поэма қылып тұрған да сол! Күйші өнер табиғатының асқақ сипатын, адамның азаттық сүйгіш өр рухының асқақ сипатын жеріне жеткізе аша алған.

«Күйшіні» талдай отыра, поэма жанрының тағы бір мінезін танимыз. Ол — поэманың күрделі драмалық коллизияны ұнататыны. «Күйшідегі» драмалық коллизия, бірінен-біріне ұласқан, бірінен-бірі асқан сезім арпалысы, рухани арбасулар — түптеп келгенде, Шекспир трагедияларына өзек боларлықтай өрелі коллизиялар. Олай болуы әбден заңды.

Асқақтық — алапат құштарлық, рухани арпалыс. Сондықтан ол арбасқан сезімді, айқасқан ойды сүйеді. Азаматтық пафос — сол рухани алапат арпалыстың сыртқа тепкен алау рухы. Оның өне бойы дір-дір еткен драмалық кернеу болуға тиісті. Осы драматизм, осы драмалық кернеу поэмаға керек. Ол оқиғаға құрылсын-құрылмасын — бәрібір керек, қалайда керек. Онсыз ол азаматтық пафостан да, асқақ болмыстан да ада.

Біз ештеңені қағыс қалдырмай тәптіштеп айтып шыққан сылбыр баяндауларды оқиғалы поэма деп жүрміз. Шынында, ол ұйқастырылған беллетристика. Өйткені, онда сезіміңді шоқ боп шарпыған отты драматизм жоқ. Біз көп ретте он бетке, жиырма бетке желпінген жел сөздердің тізбесін «лирикалық поэма» деп жүрміз. Расында, ол — ұйқастырылған публицистикалық мақала. Поэма болу үшін оған да драмалық кернеу, драматизм керек. Лирикалық поэманың төсегі де — асқақ рухтың арпалысы, теке тірес сезімдер мен ойлардың от шарпысқан арбасуы. Лирикалық поэма — сайып келгенде, біздің ғасырымыздың төл перзенті. Өйткені, жиырмасыншы ғасыр — оқиғалар қақтығысы ғана емес, ойлар қақтығысының да заманы. Кереғар идеалдар мен идеялардың керемет кескілестері де осы ғасырда. Қазіргі адам жер бетін тітіренткен оқиғалардың бәр-бәрін көзімен көріп, қолынан өткере алмайды, бірақ соның ешқайсысынан қалыста қалмайды; жер бетіне түскен әр жарқыншақ оның жүрегін бір тіліп өтеді. Прозаның «лирикаға бой ұру» тенденциясы да — біздің ғасыр адамдарының рухани дүниесіндегі әлгі өзгерістің әдебиеттегі бір көрінісі. Ол поэмадан да өз кескінін тауып жүр. Блоктың, Маяковскийдің, Арагонның, Твардовскийдің бұл үлгідегі аты шулы поэмалары — соның айғағы. Туған поэзиямызда да лирикалық поэманың «Адасқан өмір», «Кедей», «Адамға табын, Жер, енді», «Әке сыры», «Жыр туралы жыр», «Мен өмір сүремін» сияқты жақсы үлгілері жасалды. Бірақ, біздің лирикалық поэмаларымыздың дені әлі күнге фольклордағы «хиссашылдықты» жеңе алмай жүрген оқиғалы поэмаларымыз тәрізді төл поэзиямыздағы толғаушылдық үрдісті жеңе алмай жүр.

Реалистік әдебиет фольклордан үйрене, оның жақсы дәстүрлерін бойға сіңіре отыра, оның адамзат қоғамының сәби көзінің перзенті екенін ұмытпауға, фольклорлық эстетиканың тар шеңберінде қалмауға тиісті. Бізде поэма туралы сөз бола қалса, «Алламыс» пен «Қобыландыны» алға тосатын бір әдет бар. Туған халқымыздың мұндай өлмес мұра қалдырғанына бөркізімізді аспанға атып біз де қуанамыз. Бірақ, сөйте тұра, айтылмыш дастандардың эпостық поэзияның үлгілері екенін ұмыта алмаймыз. Әлгі әдет — эпосты өлеңмен жазылатын болғандықтан бір ғана поэма жанрының түп атасы деп түсінетін жаңсақ ұғымның салқыны. Ал, эпос — әдебиеттегі үлкенді-кішілі барша жанрдың — прозаның да, драманың да, поэманың да атасы. Адам қоғамы дами келе, адам санасы өсе келе, адамның қоғамдағы орны, оның объективі болмысқа деген көзқарасы өзгере, жетіле келе эпостың бойындағы әр сипат әрқайсысы өз алдына дербес отау тігіп бөлініп шықты. Әр жанрдың сипаты барған сайын саралана түсуде. Әдебиеттің даму тарихы соған куә сияқты.

Әртүрлі жанр — реалді өмірді әр қырынан бейнелейтін әр қилы призма. Поэманың еншісіне болмыстың асқақтық сипаты типті. Асқақтық — кең ұғым . Ол тек жалғыз поэма иемденетін оңаша бұзау емес. Өмірдегі құбылыстардың асқақтық сипатынан романның да, драманың да, лириканың да өз сыбағалары бар. Өзге категориялар да солай. Мәселен, комизм тек комедияда ғана емес, романнан да, трагедиядан да ұшырасады ғой. Бірақ комедияшы өмірдің әсемдік, трагедиялық, асқақтық құбылыстарынан комедия тудыра алмайды, комедияны болмыстың тек комикалық қырынан ғана іздейді. Ендеше, ақын да солай. Ол да комедия болатын оқиғадан поэма тудыра алмайды, ол да поэманы болмыстың тек асқақ сипаты құбылыстарынан ғана іздеуге мәжбүр.

Ұлы Пушкиннің 1835 жылы күзде «Ревизордың» бір сахнасын рахаттана оқып шығып, поэма жазам ба деп жүрген «Өлі жандарын» Гогольге бере салғаны да сондықтан.

1967 жыл

Әбіш Кекілбайұлы


author

Александр Сергеевич Пушкин

АҚЫН

Шоу-бизнес

Продюсер Жан Мұқанов Қазақстанда ең көп гонорар алатын әншілерді атады, деп хабарлайды madenipor...

Жаңалықтар

Түркияның Ризе қаласында лай көшкіні жүрді, деп хабарлайды madeniportal.kz. ВВС мәліметінше, Чайели...