Накамура ЕСИХИРО: Режиссер ретіндегі ендігі арманым – қазақ пен жапон театрының бірлескен қойылымын сахналау

ТЕАТР
3225

 Астанада Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен маусым айының екінші жартысында шымылдығын түрген II Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің аяқталуына да бірер күн қалды. Фестиваль аясында әлемнің түрлі елінен келген театрлар өнер көрсетіп, өзара тәжірибе алмасты. Бұл айтулы іс-шараның басы-қасында жүріп, барлық іске ұйытқы болған «Қазақконцерт» мемлекттік концерттік ұйымының еңбегі зор. Осы фестиваль аясында елімізге Жапониядан арнайы шақырылған Кабуки дәстүрлі жапон театрының режиссері – Накамура Есихиро алғашқы сұхбатын «Мәдениет порталына» беріп, фестиваль аясында алған әсерімен бөлісті. 

-Накамура мырза, сізге ең алдымен Астанаға қош келдіңіз дейміз! Елордамызға келгелі алғашқы әсеріңіз қалай, жалпы бұл қазақ жеріне тұңғыш келуіңіз бе?

-Рахмет! Иә, бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Біз Жапон мәдениетінің ресми өкілі ретінде келгендіктен, барлық жерге ұлттық киіммен баруға тырысамыз. Ал бізді көрген адамдардың барлығы суретке түсіп, танысып жатады. Соған қарап қазақ халқы достыққа бейім, бауырмал келетінін аңғаруға қиын емес. Жалпы, Қазақстан бізге бірден ұнады. Алдыңнан күліп қарсы алған бауырмал әрі мейірімді халықты көргенде өзімізге ұқсаттық. Тіпті, менің жұбайым қайтар жолымызға алған билетіміздің уақытын тағы да бір-екі күнге создыртайық деп қоймай жүр.(күліп қояды-авт.)

-Сіздер бұл фестивалге Жапонның дәстүрлі Кабуки тетарының қойлымын әкеліп, сахналадыңыздар. Жапонияда басқа да мықты театрлардың бар екенін ескерсек, нелікен таңдау Кабуки театрына түсті деген сұрақтың туары заңды сияқты?

-Сіздің бұл сұрағыңыз бүгінгі сұхбатымыздың ең негізі сұрағы деп айтар едім. Біріншіден, Кабуки Жапонның ертеректегі ұлттық мәдениетінен хабар беретін өнер ошағы. Екіншіден, осы фестивальге маған Кабуки театрының режиссеры ретінде Қазақстаннан шақырту келді. Соған қарағанда сіздің еліңізден де Кабукиге деген қызығушылығы бар екенін байқадым. Сонымен қатар, өзге елге барғанда өзіміздің ұлттық бояуымызды айшықтап көрсететін бірден-бр өнер түрі осы Кабуки театры.  Біздің әкелген қойылымымыз «Кабуки Шоу Ики» деп аталады. Жалпы, театр тарихын айтар болсақ, Кабуки 200 жылдан бері келе жатқан Жапонияның көне театры. Репертуарында 300 ден астам классикалық шығарма бар. Олар өте күрделі, бір кейіпкердің бойында бірнеше өнер мен мінездің жатуы ғажап емес. Ал, Кабукидің репертуарындағы шығарманың өзін сахнаға таза күйінде алып шығар болсақ, қарапайым халыққа түсініксіз болуы да мүмкін. Сондықтан, мен осы фестивалге әкелер қойылымның неғұрлым көрерменге түсінікті, жеңілдеу форматта болғанын дұрыс деп ұйғардым. Ол үшін фестивалге әкелген қойылымның сценариіне басқа да жапондық тетарлардың элементтерін қосып, ортақ бір туынды ретінде сахналадым.

-Менің білуімше жан-жақты қабілетті талап ететін бұл театрдың әртісі болу өте қиын. Себебі қойылар талап үлкен екен. Жалпы, Кабукиге әртістерді қалай қабылдайды?

-Жоғарыда айтып өткенімдей, Кабуки ек ғасырдан бергі тарихы бар театр болғандықтан, бұл жерде белгілі бір династиялар, танымал есімдер бар. Яғни Кабуки атадан балаға берілетін өнер. Мұнда әртістер бала кезінен, яғни 4-5 жасынан бастап келеді. Ал бала 6-7 жасында мектепке барған соң, сабақтан кейін үйге қайтпай алдымен арнайы қосымша сабақтарға барып, Кабуки театрына қажетті «Сямисэн», «Тайко» сынды ұлттық аспаптарды үйреніп, дайындалады. Мысалы жиырма бес жастағы Кабуки театрының әртісінің өзінде жиырма жылдық еңбек өтілі бар. Былай қараңыз, оларды біз жас дегенімізбен, театрдағы тәжірибесі бір үлкен әртістікімен шамалас. 

-Ал Жапонияда Кабуки тетарының әртістерін кәсіби түрде даярлайтын арнайы оқу орны бар ма?

-Жалпы, Кабуки әртістеріне арналған арнайы оқу орны жоқ, бірақ біздің елде ұлттық театрға арналған оқу орны бар. Соның ішіндегі бір бөлімде Кабуки театрының әртістерін оқытады. Ал енді осы Кабукилық династияға қатысы жоқ, алайда осы театрдың әртісі болғысы келетін талапкерлер мектеп бітірген соң ұлттық театрдың кабуки бөліміне келіп оқуға тапсыра алады. Алайда, кейбір адамдар 5 жасынан бастап бейімделген өнерді олар 18 жасында иегере бастайды. Ал өте аз уақыт ішінде Кабуки әртісі атану қиын шаруа. Сондықтан, ең дұрысы бұл өнерге бала кезден бет бұру.

-Накамура мырза, сіз жалпы, театр режиссері ретінде әртістерге қандай талап қоясыз?

-Маған актердің өзі сомдайтын образдың ішкі күйін толық түсініп, жанымен сезінуін талап етемін. Сонымен қатар, осы өнерге деген оның бойындағы құшарлығы өте маңызды. 

-Жалпы, өзіңіз осы жолға жолға қалай келдіңіз? Мүмкін сіз де бала кезіңізде Кабукидің атадан балаға берілетін жолын таңдап, Кабуки әртісі болудан бастана шығарсыз?

-Менің түрім Кабуки әртісіне ұқсай ма?(жақсылап бір күліп алды-авт.) Менің әкем сағат жөндеуші шебер болған. Сондықтан Кабукилық әулетке еш қатысым жоқ. Осыдан 48 жыл бұрын 8 жасымда Әйгілі Одри Хепберн ойнаған «My fair lady» атты фильмнің біздің елде театрландырылған мюзиклі қойылды. Сол мюзиклға барғаннан кейін менің театрға деген сүйсіспеншілігім оянды. Ал енді кейін оқуға Жапонияның ең беделді оқу орыны Васэда университетінің театр бөліміне тапсырып, кешкі бөлімде білім алдым. Бірақ күндіз жұмыс істегеніммен, ол жұмысым да театрда болды. Сонда өзім қойған қойылымдардың труппасында өзім де ойнаймын, әрі режиссері болдым. Және сол жұмысымнан түскен ақшаның бір бөлігіне өзге театрлардың қойылыма билет алып, оларды да көріп, бақылап жүретінмін. Сонда қарап отырсам, менің жас кезімнен бергі өмірімнің бәрі тұтастай сахнада өтіп жатыр екен. 

-Режиссер ретіндегі ең үлкен жетістігім деп нені айта аласыз?

-Мен жалпы, режиссерлығыма қарағанда сыншылық жұмысымның жетістіктерін жоғары қояр едім. Себебі мен осы жасыма дейін 6000-нан аса қойылымға сыншы болдым. Сондықтан, мен үшін ең басты жетістік осы.  Мысалы, қазіргі сіздің көз алдыңыздағы Накамураның 60%  осы сыншылық еткен 6000 мың қойылымнан және 40 %  сол қойылымды сахналаған адамдармен өткен талқылаулардан тұрады. (тағы бір күліп алды-авт.)

-Ал сыншы ретінде Қазақстандық театрлардың қойылымдарына қандай баға бересіз?

-Былтыр қыркүйек айында Жапонияға Қазақстаннан Әуезов театры келіп, «Ақтастағы Ахико» атты қойылым қойған еді. Маған қазақ актерлерының ең қатты ұнаған бір қасиеті өзіне берілген рөлді жан дүниесімен, беріліп ойнай алатындығы дер едім. Ал, ең бастысы қазіргі қазақ драматургтерінің ізденімпаздығы мен жаңашылдыққа талпынуын жоғары бағалаймын.

-Сіз - сыншысыз. Ал көп адамдар сын қабылдауға келгенде осалдық танытып жатады. Айтылар сын сол жерде айтылуы тиіс сәттер болады. Жалпы, осы тұрғыда өзіңізді сыншы ретінде қалай қалыптастырдыңыз? 

-Бұл жерде мен ең алдымен жағдайға қарай әр түрлі тәсілді қолданып айтамын. Кейде, шынымен нашар болса, «нашар» деп тіке айтуға тура келетін жағдайлар болады. Ал кейде жұқалап жеткізіп, кемшіліктің орнын толтыру қажет екенін ескертемін. Ал тіпті, кейбір жағдайда мен сыншы ретінде ресми жерлерде ешнәрсе айтпай, артынан режиссердің өзіне жеке жолығып, ескерту айтатын кездерім де болады. Қалай болғанда да, мен ең алдымен сол жердегі ситуацияға қарай сын айтудың тиімді жағын қолданамын. Сыншының негізгі жұмысы кемшілік іздеу емес, күні ертең сахналанғалы отырған қойылымның кем тұстарын түзету. Сонда ғана өзіне актер ретінде жоғары мақсат қойған адам менің сынымды дұрыс қабылдап, өз кемшілігімен жұмыс жасайды деп ойлаймын. 

-Байқасам сіз драматургиядан да алыс емес сияқтысыз. Мүмкін, біраз қойылымдарға арнап пъеса жазған да шығарсыз?

Иә, дәл айтасыз. Мен драматургияда да қалам тербеп келемін. Біраз туындыларым сахналанып та жүр. 

-Көбіне қандай жанрда жазасыз?

Әр түрлі жанрда жазамын. Жапонияның классикалық әдебитінен бастап модерндік жанрға дейін жазып жүрмін. Кейде классика мен модернді араластыратын кезім де болады.  Жалпы, драматургия да менің негізгі жұмыстарымның бірі.

-Ал, жапон драматургтері бүгінгі таңда қандай тақырыптарға көбірек қалам тербейді? Жалпын олар үшін қандай тақырып өзекті?

Жалпы қазір Жапон театрларында мюзиклға деген сұраныс жоғары және сол бағыттағы шығармалар көбірек сахналанады. Бұл бәлкім батыстың әсері де болар. Ал енді, бүгінгі жапон жазушыларын тұтастай алып қарасақ, олардың көбіне жазатын тақырыбы - қоғамның көлеңкелі тұстары, жеке адамның санасына бүкіл қоғамның кері әсері. Мысалы, мынау менің қолымда ұстап отырған осы жылдың қаңтар айынан маусым айына дейінгі көрген қойылымдарымның тізімі. Осы тізімнің басым бөлігі сол жаңағы айтып отырған қоғамның проблемаларын сахна тілімен жеткізді. Оның ішіндегі негізгісі - жанұялық мәселелер. Шыны керек, қазір Жапония үшін өте бір қиын кезеңдер өтіп жатыр. Ол қиындық мені де айналып өтпеді...

-Дәлірек айтсаңыз, ол қандай қиындық?

-Дәлірек айтсақ, бұл қазіргі Жапониядағы адам жасының ұлғаюы және баланың аз туылуы. Жастарға қарағанда қарттарың көбеюі. Осы жағдайға байланысты еңбекке қабілетті адамдардың да саны азайып, кеңселерде, үлкен мекемелерде жастардың әрқайсысы үш-төрт адамның жұмысын істейді және күніне 14-16 сағат еңбек етуге міндетті. Бұдан адамның тәнінен гөрі жаны шаршайды екен. Біздің де сахнадағы қойылымдар осыны көрсетіп келеді. Ал, бұл тұрғыдан бізің Кабуки театрының актерларын алатын болсақ, олар әр айдың жиырма бес күнін күнделікті театрдағы жұмыстарына арнаса, қалған бес күнін келесі айдағы қойылымының дайындығына бөледі. Сонда қарап тұрсақ, олар аяқтан тік тұрып жұмыс жасайтын жастар. Бірақ, бұл жағдайда Кабукиге ерте жасынан келгендерге сәл де болса жеңілдеу болары анық. Себебі, олардың ішкі-сыртқы дайындығы өзгелерге қарағанда көбірек екені рас. 

-Сізбен театр жайлы, өнер жайлы біраз әңгімелестік, енді өзіңіздің отбасыңыз, Қазақстанға сізбен бірге серік болып қасыңызға еріп, қолдап келген жұбайыңыз жайлы айта отырсаңыз.

-Әрине, айтайын. Біз отбасымыз мен менің жұбайым және бізбен бірге тұратын менің анам, және қасымызда көрші үйде тұратын жұбайымның анасы болып төрт адам өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Жұбайым жиырма бес жыл бойы мені қолдап, қасымда жүрген дүниедегі ең әдемі адам. Оның өнер саласына аса қатысы жоқ, бүгінгі таңда телевизия саласында түрлі бағдарламалар дайындайындайтын жеке продакшн-компаниясы бар. 

-Он күнге жоспарланған II Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің де аяқталуына аз қалды. Жалпы, әлемнің әр түпкірінен келген өнер ордалары бас қосып, жетістіктерімен бөлісіп, тәжірибе алмасқан мәдениет мерекесінен не түйдіңіз?

-Осы фестивалдің барысында маған бір жақсы ой келді. Мысалы, былтыр қазақ театры Токиоға келіп өнер көрсетсе, биыл Астанаға біз келдік. Менің режиссер ретіндегі ендігі арманым - қазақ пен жапон театрының бірлескен қойылымын сахналау. Және оны екі мемлекеттің де сахнасында қою. Бұл туынды екі ел достығын одан әрі нығайта түспек деген ойдамын. Еліме барған соң осы іске кіріскелі отырмын. Осындай игі істерді әлем алдында абыроймен атқарып, барша халыққа достықпен қараған қазақ еліне үлкен алғысымды айтамын!

-Әңгімеңізге рахмет, қолға алған игі істеріңіздің сәтті шығуына тілектеспіз!



 Әңгімелескен 

 Ажар ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ

Аудармашы

 Кенесары БИСЕНҒАЛИ






Жаңалықтар

Жаңа адамдар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті деканының қызметтен босатылуын...

Жаңалықтар

Оқиға Есет батыр шағын ауданында болған. Ойын баласының аулаға жүгіріп шығып, көлік астына түскен сә...