Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таңғаламын. Оларға мұндай сөзді қандай ой айтқызып отыр екен...
Марат Қабанбай. Біз жүретін қасқа жол
ХХ ғасырда қалыптасқан біздің глобалдық санамыз Жер шары жұмырықтай екен, соны ұқты. «Адамға табын, Жер енді!» сияқты астам концепция «Жер-Ана, кешіре гөр, біз пақырыңды!» сынды Ана-Бала тұрғысынан қайта қарала бастады. Адамзаттың миллиондаған жылға созылған шолжаңдығынан анемия болған Ана бұл күнде өлмелі халде.
Ендігі еркелігіміз – ақырзаман.
Бұл біздің есеюіміз-тін.
Және мынаны бағамдадық: Жер шары – 187 ел ақар-шақар тұрып жатқан алып жатақхана. Өткен замандарда әр бөлме-ел өздерін әлемнің кіндігі деп санады. «Менікі ғана жөн!» деген планеталық эгоизм жатақхананы жындыханаға айналдырды: бөлме-бөлмелер соғыс қамалына айналды, бүтін бір ұлттар жер бетінен жоғалды (үндістер, австралиялықтар, солтүстік халықтары), жоғала жаздады (еврейлер, қазақтар). Жер шарын тек осы ғасырда ғана үйте жаздаған екі бірдей дүниежүзілік соғыстан соң ғана тәубеге келдік. 1948 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымын құрып (ООН), телі мен тентекті тыю үшін, Жер-жатақханада бейбіт өмір сүру қағидалары жасалып, халықаралық деңгейде соғысқа тұңғыш рет тыйым салынды. Нью-Йорктегі Бас Ассамблея әлем тыныштығын бақты.
Бірақ адам эгоизмі шексіз. Соғыс, кикілжің, шелкем-шалыс әлі де пішен! Ең соңғысы – Югославия Косовосы, Қазақстанның екі-үш ауданындай ғана жерде тұтанған өртті АҚШ, Англия, Ресей, Франция, Германия, Италия алақанымен басқандай болып, әрең өшірді. Диктатор С. Милошевичтің басына 5 млн. доллар тігілді. Жер бетіндегі ондаған үлкенді-кішілі милошевичтерге жасалған қатаң ескерту!
Бұл шайқастың ол шайқастардан өзгешелігі неде?
Халықаралық ұйымдар, планеталық сана бар, термоядролық апаттан шошыну бар – мемлекетаралық соғыстар жоғалуға жақын. Есесіне ұлтаралық қырғындар өршіп тұр. Қазір Қытай, Канада, Ресей, Югославия, Сомали Руанда, Уганда, Индонезия, Англия Ольстері, Испания Баскісі – қашан жарылатыны белгісіз бір-бір мина. Глобалдық ақпараттың нәтижесінде ұлттар өзін-өзі идентификациялауға кірісіп (өзін-өзі тануы), сана-сезімі өсуде. Бұл экстремизмге, ұлттық, діни жанжалға айналып, үй ішінен үй тігіліп жатқан да жәй бар. «Не қылсаң, о қыл, құрығанда тұрып жатқан бөлмеміздің (мемлекет) бір бұрышын басыбайлы бөліп бер, не отау ғып шығар, бөлек өмір сүреміз!» дейді оянған Сана. Осы жанжалдар рак ісігіндей халықаралық қатынастарда да метастаза беруде.
Қазір әр он елдің біреуі – атом бомбалы. Әлгі жанжалдарда ол алда-жалда жарыла қалса, бөлме (ел), оған қоса жатақханаң да (планета) күлге айналады. Планета аман болсын десең, әр мемлекеттің жеке-жеке тыныштығы керек – бүкіл әлемнің бүгінгі бас ауруы осы. Диагноз бесенеден белгілі: сыртқы жара ішке түсті. Бұл өте қауіпті. Дұрысы – алдын алу керек.
Оның рецепті де дайын, ол – либералдық, экономика, демократия... Ащы азаматтық қоғам... Әлгі бөлме-бөлмедегі, яғни әр елдегі отбасы мүшелерінің құқ теңдігі, сөз, бас бостандығы. Алғашқы нышандары Ертедегі Грекия полистерінде түзіліп, 1760 жылы Солтүстік Америкада, кейін 1789 ж. Француз революциясында түпкілікті бекітілген Адам құқы декларациясын – өзі бір бет қана! – қазір әлемнің қақ жартысы тұтынады. Ашық, азаматтық қоғам дегеніміз – әлгі декларацияны алтын дің ете отырып, өкіметтің әр ісі, харекетінің барынша ашық, айқын, мөлдір болуы. Бюджеттің жариялылығы, заңның әмір құруы, биліктің әділ бөлінуі, олардың бір-біріне, халыққа мүлтіксіз есеп беруі – қысқасы, түрлі-түрлі әділ сайлаулар арқылы халық билігінің салтанат құруы...
Осы бір өте қарапайым, бірақ темірдей қатаң заңдарды алғаш тұтынған тырнақтай ғана Ертедегі Грекия әлденеше ғасыр бойы адамзат көшін бастады. Мұның осы заманғы ізбасарлары – АҚШ, Батыс Еуропа шырқау биікте. Кештеу келгендердің өзі оқ бойы озық. Ал оны мойындамаған авторитар, тоталитарлар көш соңында итпектеп жүр. Әрі сэр, әрі пэр У. Черчилльге салсақ, «Демократияның да оңып тұрғаны шамалы, бірақ адамзат осыған дейін бұдан басқа өзге жолды ойлап таппапты да».
ХХ ғасыр қорытындысы осы.
Демократия дұрыс-ау, алайда әр бөлменің жылы-жұмсағын үңгіп жеп отырған титанозавр авторитар, тоталитарлар «демократ болсақ қайтеді?» дегеніңе өлсе көне ме, оңайшылықпен орын бере ме?
Көндіретін, босаттыратын механизмдер әлдеқашан жасалынған. Іске асырушы – әлем халқының 10%-ын ғана құраса да, өнімнің 60%-ын беріп отырған АҚШ, Батыс Еуропа, яки НАТО елдері... Жер-жаһан экономикасы осы елдердің берген қарызы мен инвестициясының арқасында ғана алға жылжып келеді. Алып Қытай екеш Қытайдан қарызы мен инвестициясын бір мезгілде алып кетсе, Шың елі баяғы Мао-Цзе-Дун дәуіріндегі мыж-мыж көк күрте мен көк кепкі, кебісін бір-ақ күнде киіп қалады екен. Өткен жылы шөкелеп түскен Оңтүстік-шығыс Азия мен Латын Америкасы, Шығыс Еуропа экономикалық торнадолардың ортасынан осы елдердің жетегімен шатқаяқтап шығып келе жатыр. Қазақстан экономикасына бір АҚШ-тың өзі 6 млрд. доллардан астам инвестиция түсіргеніне не дейсіз?
АҚШ, Батыс Еуропа өздері ғана бай болып, ұшпаққа шықпайтынын баяғыда түсінген. Көршің кедей болса, бай, бағлан, сенде де тыныштық жоқ. Ендеше кедейге қарас, қарыз бер, көмектес. Тек тегін асырама. Ондайға үйренгендер күні ертең «тағысын-тағы асыра!» деп аузын ашады. Ең дұрысы – өзін-өзі асыраудың жолын үйрет, үйренгісі келсе, қарыз бер! Және қарыздың дұрыс жұмсалуын, жолай ұрланбауын және уақытында қайтарылуын қадағалайтын жүйе жаса.
Алмақтың да салмағы, бұраудың да сұрауы бар. Тізгіні АҚШ, Батыс Еуропаның қолында тұрған Халықаралық валюта қоры (МВФ), Әлемдік банк (ВБ), Еуропалық реконструкциялау банкілері (ЕБР) миллиардтап қарыз беруін – береді (жоғарыда айтып өткен «то кнутом, то пряником» дегенде келетін механизм де осы – М.Қ.). Тек бір-ақ шартпен! Қарыз алған елдер өз экономикасын либералдап, елін демократиялық жолға түсіруі, сөйтіп ащы, азаматтық қоғамға бет алуға тиіс. Не істеп, не қойып жатқаны белгісіз жабық қоғам – авторитарлық, тоталитарлық елдерге бұл банктердің есігі жабық. Өйткені берген қарыз нақты экономиканы дамыту емес, көбінесе сол елдердің «әке-көкелерінің» кең қалтасына түсіп, жоқ болады. Филиппин диктаторы Маркос, Индонезия генералы Сухарто сөйтті. Ашық қоғамды елдерде ғана қарыздың қайда барып құйылып, не істеп жатқанын көріп отырасың. МФБ, ВБ, ЕБР-дің пациент елдерден демократиялануды, экономикасын либералдандыруды ежіктей беретіні сан қуғаннан емес, әр $-дың тиісті орнына жұмсалуын алдын ала ойлағандықтан. Бірде-бір $ обыр шенеуніктің терең қалтасына емес, халықтың жайған алақанына түсуге тиіс – олардың ұраны осы. Сондықтан да коррупцияға қаны қарсы.
Ал коррупция жабық қоғамда қатты құтырады. Жалпы, жабық елдер ылғи да әлемнің қалтасында жасырын жатқан, қашан жарылатыны белгісіз, кішкене-кішкене мина, бомбалар болып табылады. Өйткені жеке бастық, ұлттық эгоизмге негізделген дүниелер (режимдер) не өзін, не өзгені жалмамай, жармай тұрмайды. Милошевич те Косовода жарылды. Және қай жерде! Демократияның отаны – Еуропаның қақ жүрегінде. Милошевичті дәл бүгін жаншып тастамаса, күні ертең әртараптан ондаған милошевичтер: «Ә, өстіп те геноцид жасап, жазасыз қалуға болады екен-ау!» деп, бас көтеретіні анық. НАТО-ның Сербияны бомбаның астына аяусыз алғаны сондықтан.
Әдетте процентпен кері қайтқан қарыздар әлсіз елдерге жоғарғы шартпен қайта таратылады, сөйтіп Жер шары либералдық экономика мен демократияның аумағына біртін-біртін ене отырып, кедейшілік және қайыршылықпен қоштаса бастайды.
Мұндай көмек-қарызды өте-мөте орнымен пайдаланған елдер – соғыстан соңғы Германия мен Жапония. Мына қызықты қараңыз! Әлгі рецептпен (ол кезде «Маршалл жоспары» деп аталынған – М.Қ.) АҚШ әбден қираған екі елге демократияның шарттарын алға тартады ғой. Жапон – Азияда, немістер – Еуропада менталитеттері өте ерекше, кіді, кінәз, бірақ еңбекқор, қадалған жерінен қан алатын табанды ұлт. «Ерекше ұлт едік, біріміз – рейхтің, екіншіміз – микадоның (жапон императоры) қойнынан шығып едік, сондықтан демократияның жолына байқап-байқап, басты шайқап түсеміз» деп, бұл прагматик ұлттар тіптен де кергіген жоқ. Парламенттерін тез-тез әділ сайлап алып, демократияны екі-үш-ақ жылда дүрілдетті. Батыс Германияның канцлері Эрхард АҚШ-тан келген қарызды әр неміске 50 маркадан қылдай бөліп таратып берді де: «Енді менен ештеңе сұрамаңдар, осыған адам болыңдар!» – деді.
Жапония парламенті әр иеннің экономикадағы жылжуын қатаң бақылауға алып, ішіп-жеп қойғандарды өз-өзін өлтіруге дейін жеткізді. АҚШ-тың әр $-ы қатаң есеп пен бақылау арқылы экономиканың капилляр қан тамырларымен әр жапонға, әр деревняға жылжып кетті. Тең, әділ қоғам орнағанын тез түсінген неміс пен жапон сөткесіне 25 сағат еңбек етті. Өкіметке ең талантты, ақылдысын сайлау үшін жан салды. Есесіне екі ел, бірі – Еуропа розасы, екіншісі – Азия сакурасы болып, көп ұзамай иісі бұрқырап, шешек атты.
Жақында ғана біз теледидардан Тайвань депутаттарының бір-бірін шаштан сүйреп, қырғын төбелес салып жатқанын «тамашаладық». «Мыналарың таза жынды екен ғой!» дейді кейбіреулер. Нағыз есі дұрыс депутаттар еді олар. Олар халықтың маңдай терінен жиналған әр юаньның өз орнына жұмсалуы үшін қырылысып жатты ғой! Халқы аштықтан, жоқтықтан күні ертең көшеде төбелеспес үшін, депутаттары өстіп, парламентте бүгін қырық пышақ болады – анауымыздан мынау дұрыс емес пе?
Ал біздің депутаттар ше? Олар рухани летаргиялық ұйқыда. Әзірше Қазақстан «демократияға дағдыланбаған ерекше ұлт»... Ондай «ерекшеліктерді» қорғап, қолпаштау – «ерекше жолдармен» жиналған арам байлықты қорғау амалы. Бұл күнде «демократия бізге бөтен, жат, таңсық» деу – «демалып отырған ауа біз үшін жат!» деген есалаңдықпен бірдей.
Өткен жылға дейін Батыстың мейірімі Қазақстанға қатты түсіп еді. «Демократияға бейім екен!» деп, ештеңесін аямады. Азиялық аярлығымыз оларды қатты ренжітті. Тұңғыш президент сайлауын «адам құсап» өткізе алмай, авторитарлық артымыз ашылды да қалды. Оны және өзгеден – АҚШ-тан, «ОБСЕ»-ден, Қажыгелдиннен көреміз. Тек өзімізден емес! «Восток – дело тонкое!»-ны түсінбейтін АҚШ, Еуропа қазір Қазақстанға қолын бір сілтеуге жақын. Парламент сайлауын халықаралық стандартқа сай өткізу – олардың бетін бері қаратудың ең соңғы мүмкіндігі. Тағы былықтырып, бықсытсақ, әрине – «Қош бол, қалқам, көргенше!». Онда амал жоқ. Азия авторитарларына – жолбарыстар мен айдаһарларға, көк бөрілерге, қысқасы, жыртқыштар қоғамына барып қосыламыз.
Әлімсақтан Еуразия қайда, қалай жылжыса, Жер шары солай бүлкектеп отырған. Небір қанқұйлы империялар осы суперконтинентті шаңдатты. Қазір де планетамыздың көзі осында, соның құбылнамасы. Қазақстан – Еуразияның жүрегі. Әлем мұны геосаяси компьютеріне тіркеп қойған. Сондықтан да демократиялық сапқа тезірек тұруымыз мүдделі. Ақшасын аямай, басқасын да беріп жатыр. «Елден ерекшеленбей», бұл факторды барынша сәтімен пайдалана білуіміз керек. Біз «ерекше ұлт» емеспіз, бізге ерекше жақсылықтар да жасалынбайды. Мұны ұқпаған – бәрін ұқпайды.
Президент сайлауы тұсында тағы бір провинциалдық бықсық қау берді. Ресейдің барлау құрылымдарының әсіре патриоттық бөлігі әдейі таратқан лақап па, әлде либералдық экономика мен демократияның жаршысы Қажыгелдинді қолдап кеткен Батысқа ноқ көрсету ме, әйтеуір: «Еврей капиталы Қазақстанды бөліп алғалы жатыр, оның бас агенті Қажыгелдин екен!» деп құлақ сарсытты. (Қазір өкімет сол еврей капиталына өзі зар болып отыр – М.Қ.). Оның қаншалықты шындық немесе өтірік екенін өмір көрсете жатар, әйткенмен еврей капиталы мәселесіне күлтелемей, асырмай-жасырмай, аз-мұз тоқтала кетейік.
20 ғасыр бойы туған жерінен тыс жүрсе де, ұлттық сипатын жоғалтпай, ақыры өз мемлекетін құрған дегдар, сергек, пысық, әбжіл еврей халқы туралы бұдан бұрын да бір рет әңгіме қозғап едік («Ана тілі», «Қазақ феномен бола ала ма? Ондай ұлттар бар», №27, 1997 ж.). Қалаңыз-қаламаңыз, сол ұйымшылдығы мен еңбекқорлығы, білім қуғыштығының арқасында еврей халқы, басқасын былай қойғанда, дәл осы күні бүкіләлемдік банкир, финансист, халықаралық бухгалтер, кассир. ХХ ғасырға дейін әлем ақшасына англосакстер ие болатын. Демократияның арқасында тез-тез көтеріліп келе жатқан АҚШ-қа Ресейдегі, Шығыс Еуропадағы қырғындардан (погром) қопарыла қашқан еврейлер осы елден пана тапты. Бір пенниді долларға оп-оңай айналдыратын еңбекқор еврейлер көп ұзамай осы елдің ең шешуші тетіктерінен табылды және АҚШ экономикасын әлемде алдыңғы орынға шығаруға орасан зор еңбек сіңірді. Жалпы, еврей барған елдің экономикасы гүлдемей тұрмайды (Аргентина, мәселен).
Бірақ бір шарт бар: ол ел демократияны тұтынған ел болуы керек. Өйткені демократия таланттарға жол ашады. Ал еврей ортасы – таланттарды тәрбиелеудің ең үздік мектебі. Сөйтіп еврейлер бұл күнде әлемдегі бірден-бір супердержаваның – АҚШ-тың бас бухгалтері десе де боларлықтай. Әр АҚШ $-ының банкнотында еврей саусақтарының ізі бар. Бас бухталтердің алдына әдетте көше сыпырушыдан, президенттерге дейін жорғалап барады. Ал бұл ақша бастаған әлемдік саясат басталып жатыр деген сөз. ХХ ғасырда ғана түпкілікті орныға бастаған демократиямен қоса гүлденген еврей халқының әр өкілі демократияны Жер шарының барлық түкпіріне тарату үшін ештеңесін аямайды. Себебі демократия әлем халқының алға басуының алғы шарты – бір, екіншіден, соғыс өртінің тұтанбауының кепілі – екі (НАТО осы күнге дейін өзге елден тулақтай жер жаулап алған емес), үшіншіден – еврейлердің ұлан-асыр капиталының әр елге дұрыс орналасуының, пайда түсіруінің және өздеріне дін-аман оралуының басты кепілі. Оның үстіне әр еврей өздерінің «адам болып кеткені» үшін демократияға есепсіз қарыздар. Неге, қандай жолдармен – оны жоғарыда тізбеледік.
Қысқасы, ақша экономиканың қаны болса, оның қан тамырларымен дұрыс айдалуын және жақсарып, толысып, қайтадан жүрекке – әлгі әлемдік банктерге есен-сау оралуын қадағалайтын күзетшілер – демократиялық үкіметтер, елдер. Тоталитарлық, автолитарлық елдерде сырттан барған ақша ылғи да құрдымға кетеді: , ашықтық, мөлдірлік жоқ! Сондықтан да бас бухгалтерлер ақшаны тек демократиялық елдерге салады, қарыз береді. Бір аяғы – мұнда, екінші аяғы – анда жас мемлекеттердің тезірек демократиялық елге айналуы үшін барын салады және де оны жүзеге асыратындай жас талантты лидерлерді сол елдерден жанталаса іздейді. Бұл – демократ еврейлердің ісі.
Алайда Израильдегі мемлекетшіл (государственник) еврейлер тобының мақсаты бұдан сәл өзгешерек. Олар Израиль елінің амандығы үшін демократияны сәл ысырып қоя тұратыны да бар. Кейде осы екі топтың мақсат-мүддесі бөтен бір елдің ішінде сыйыспай, тоқайласып қалады. Оны Қазақстан мысалынан да көруге болады. Мәселен, осы көктемде Степногорск кен байыту комбинатының Израильмен келісім жасауы... Бізде уран бар, Израильде атом бомбасын жасау технологиясы бар. Арабтардың қалың ортасын ойып отырған Израильге ондаған атом бомбасы керек. Ал біздің өкіметке мемлекетшіл еврейлердің қай жерде, қай мәселеден болсын, қолдап-қоштағаны қажет. АҚШ-тың осы күні: «Қазақстан өз уранын шетелге рұқсатсыз демпингпен сатып жатыр!» деп шулап жатқаны да сондықтан. Арғы жағын ішің білсін, әлуай...
Түптеп келгенде, демократшыл еврейлердің де, мемлекетшіл еврейлердің де ісі – бірінің ішінде бірі жатқан концентрациялық шеберлер сияқты. Біріншісі – әлем, екіншісі – Израиль еврейлерінің қамы. Кейде қайшыланып қалғанмен, түптің түбінде бір-бірін жоққа шығармайды, қайта қуаттайды. Солай: ХІХ ғасырда қаба сақал еврей (К. Маркс) салып кеткен жол ХХ ғасырды сілкінтіп еді, ХХ ғасырдың соңы еврей халқының нұсқаған жолына түсті. ХХІ ғасыр да оларға бұйырайын деп тұр. Өйткені әлем таланттар мен еңбекқорларға тиесілі... Сөздің ашығы осы. Оған өтіміз жарылып кетсе, өз обалымыз өзімізде. Құнекең, Құнанбайша айтқанда, «өзімізге келетін сөзді білмейміз»...
Әйткенмен, бұл халықаралық саясаттағы нюанстар ғана. Адамзаттың ең сапалы, алдыңғы қатарлы бөлігінің ұстанғаны – демократия, либералдық экономика. Бұдан басқа сара жол да жоқ. Бұрылтпайтын бұл қасқа жолға Қазақстан түптің түбінде тағы түспей қоймайды. Кеш түссек – сорымыз, ерте қамдансақ – бақытымыз.
Капиталда ұлт болмайды. Ол және бәрібір таланттарды іздеп таппай қоймайды – сонда ғана өсіп-өніп көбейеді. Ал ол адамзатқа қызмет етеді. Өйткені капитал барған жерге өмір барады. Еврей ме, басқа ма, «мәселе мысықтың түсінде емес, ол тек тышқан ауласа болғаны».