ТҰРСЫНЖАН ШАПАЙ. АБАЙДЫҢ ҚИЯСБАЙЫ

ӘДЕБИЕТ
4334

Арқаны кезіп жүрген мен бір сері...

Қиясбай.

Жаным-ау, менің өзім неткен қу!

Өзі

Ұлы тұлға өзгелерді көлегейлейді дейді. Анығында — керісінше ме дейміз. Досының көрнекісі, жауының бітіспес бірегейі кейінгіге Абайдың өзімен бірге аңыз болып қалды. Әйтпесе, қазақтың қиырсыз даласына мыңы келіп, мыңы кеткен, өздігімен есте қалар ештеңе істемеген бағасыз бай, құнсыз кедейдің қайсысы тарихта қалыпты? Абайдың шарапаты! Пенде Абаймен, әлсіз Абаймен алысып өткен әншейін бір жуанның өзі бүгінгі бізге неге сонша азулы, айбынды көрінеді? Данышпан Абайдың, өнерпаз Абайдың өлшеусіз зорлығы! Өмірде қатардағы болыс, әдепкі пысық қана Күлембай, Дүтбайлар — өлеңде қайталанбас тұлға, өлмес бейнелер... Көкбай мен Байкөкше қатарлы ақындар, Бегештей шешен, Тоғжан сынды сұлу, Қорамжан сияқты ұрылар Абайдың тұсында сірә да аз болмаған, бірақ, бұлар Абайға қатысымен — өмірдің ащы-тұщысын Абаймен азды-көпті бірге бөліскен талай-тағдырымен қымбат емес пе?

Абай кешкен бай ғұмырдың мағынасына шағып парықтағанда, Қиясбайдың да көп жұрттан мойны озық шығары анық.

«Адам баласы жылап туады, кейіп өледі».

Жылап туған мен кейіп өлгеннің арасындағы ғұмырдың ұлан кеңістігін алаңсыз ойын, қамсыз күлкімен өткізген жалғыз нысан, дара қазақ, – жыласа, жылап туған шығар, бірақ кейіп өлмесе керек-ті. Азар болса, енді кімді күлдірермін деп құлазыр...

Абай ағасы қателеседі.

Абай ағасының күңгірт көңілін күн болып жайнатпаса да, сәтін тауып жанын жадыратуға жараған жап-жарық, жып-жылы, бір үзік қунақ сәуле дерсіз.

Өзіндей әпенділердің қазақ даласында талайы-ақ өткен шығар...

Абайдың тәңірі текті шұғыла-нұрына шағылып, ғасырлық бәйгеден жеке қара келген де бір өзі — Қиясбай!

Өзгеше тумыс! Ғажайып құбылыс!

Шетелдіктің көзіне «қазақ даласы ән салып тұрғандай» көрінетін. Қазақ даласын күлкі кернеп тұр дегенді, сірә, ешкім айта қойған жоқ.

Өйткені, олар Қиясбайды білмеген.

Өйткені, олар Қиясбайдың нағашылары туралы естімеген.

Жай пенде, жабайы сана Қия-ағаңдай адамдарды делқұлы, шайқы-бұрқы, жынды, есуас дар еді. Абай — Абай болған соң ғана, Қиясбай — Қиясбай болып танылды. Қиясбайдың «қиясбайлығына» мағына бітті.

Әлде жүз, әлде мың — қазақ даласында қиясбайлар көп болған. Мына Қиясбайдың олардан жөні бөлек. Өйткені, бұл – Абайдың Қиясбайы. Сол жүздеген, мыңдаған қиясбайлардың ішінен тағдырдың Абайға сыйлаған бір оқшау қызығы.

Қиясбай туралы әр жерден қарастырып, әркімнен сұрастырып, жартымды ештеңе таппайсыз. Және оған қапа болудың да қажеті жоқ. Есесіне, бізге жеткен өнері (таңданбаңыз), аңыз сипатты там-тұм әңгімелер бар. Біз соны сөз етеміз.

Қазақы тума құбылыс Қия-ағаңның рухани генеологиясы ғасырлар тереңіне кетеді. Бұл әулеттің арғы аталары, алыс ағайындары аңыздың аясын, ертегінің ескісін мекендейді, бағзы әңгіме, көпе әзілдердің өрісін жайлайды. Ортағасырлық философ Қожанасыр әпенде, ертегілік усойқы Алдаркөсе, тапқыр жігіт, талантты өтірікші Тазша...— әрқайсысынан дарыған бір-бір жулық қасиет Абайдың құнарлы қонысында қордаланып, бекіп, «Қиясбай» деген атпен тұлғаланып мазмұн ашқан.

Ақыр, «өнер» дегенді айтып қалдық, алдымен Қия ағаңның өнерпаздық бітіміне аялдайық. Бұл сипатты әңгіме бастаған екенбіз, ендеше, ілкі кезекте оның айрықша ақындығы туралы сөйлемек парыз.

Жалпы, Қиясбай еңбек еткен поэзия жанрына «лақпайы өлең» деп ат берген жараспақ, («лақпа», «айдалаға лағу» дегеннен шығады). Және бұл аспаннан түскен үлгі емес, алыстан тамыр тартқан дәстүр, көнеден көш түзеген үрдіс. Қиясбай – дәстүршіл ақын. Дәстүрді дамытушы. «Ақ сиырдан туады жирен айғыр» (?!!) іспетті мағынасыздықтарды зорлап қосақтап, күлкі шығаратын үрдіс қазақта ертеден келе жатқаны күмәнсіз. Жайшылықта тіркесіп, бас құрамақ түгіл, бір-біріне қараса, беттерінен оты шығатын сөздер мен мағыналарды табыстырып, аққу — шаян — шортанды бір арбаға жегіп, желіс шығаратын өнер XX ғасырда торғайлық Айсаның шығармашылын қажырымен өзінің шарықтау шегіне жеткен сияқты. Қиясбайдың Абай алдында айтып, зор абыройға ие болған:

Ақ сиырдан туады жирен айғыр,

Қойға қасқыр шабады қоқаң-қоқаң.

Көктен шауып келеді боталы інген

Буынғаным беліме сексен арқан,—

деген өлеңіндегі халықтың-қиясбайлық ажар-айшықтар заманы озық Айсада:

Аспанда ұшып жүрген боталы түйе,

Соңында жалбақтайды құлынды бие,— 

Алыстан аңсап-шаршап келгенімде

Астында бір көрпенің апаш-құпаш –

Зибаш!

немесе

Атымныңқыр арқасы ирек-ирек

Келеді екеумізді әрең сүйреп,—

деген тұрғыда өрнегі күрделеніп, образдық жағынан молығып, ұйқасы жөнінен толыға түседі. Дәстүр болмаса, бұл не? Рас, үстіміздегі ғасырдың модернистік ізденістері кейінгі ақынның шығармашылығына қатты әсер еткені байқалады. Авангардист Айсаның кейбір ақылға симақ түгіл, түйсігіңе түнемеген ақар-шақар, сойқан-содыр образдарының фонында біздің Қия-ағаң сергек реалистік бітімімен көзге жылы ұшырайды.

Қиясбай — классик. Атап айтамыз — өз жанрында.

Бірінен біріне ауысып жүретін ортақ орамдар мен мағынасыздықтардан басқа, екеуінің тағдырларында да, зер салып қараған адамға, әжептәуір ұқсастықтар табылады. Абайдың кісісі болып айтысқа түсіп, есі дұрыс құбатөбелдерді қирата жеңіп, ояздың бәйгесін алған, сөйтіп ұлы ақынның абыройына абырой қосқан Қиякең мен:

Қолында Зибашжанның өткір қайшы...

Екеуміз қосылып бір ән салайықшы.

Баласы Ахметбектің ақын Нұрқан

Менімен айтысуға бір өлең дайындап қойшы! –

деп, даңғыл ақынның зәре-құтын алған Айсекеңнін арасындағы рухани туыстық — тайға таңба басқандай.

Қиясбайдың өлмес өнерінің бүгінде өрісі тарылғанмен, өзегі үзіле қойған жоқ. Кезінде студенттік ақындар айтысына қатысып жүретін Бекболат ініміз Тілеухановтың (қазір әйгілі әнші), қапелімде айтарын жұптай алмай қалғанда, не ұйқасы құрғырдың ыңғайы келмей сасқанда «лақпайы» өлеңді жүндей сабап, қардай боратып, жұрт күлкіден есін жиғанша, қиясбайшылап қиыннан шығып кететін бір өнерлері болушы еді. «Су — аққан жерінен ағады, шеп – шыққан жеріне шығады». Осы ақиқатты ғылыми-методологиялық негіз, адастырмас айқын бағдар етіп ұстанған біздер, інімізге осынау, жүз жылда құйрығын бір ұстатар тылсым өнердің қайдан дарығанын көн кешікпей-ақ анықтадық. Үшеуін немістің оғына тігіп, амалдап аман алып қайтқан қалған екі саусағымен-ақ небір күрделі күйлерді домбырада сөйлетіп жіберетін әкесі Қанай ақсақалдың «лақпайы» өлеңге де шеберлігі ересен екен. Ауылдағы құрдастарымен өлеңнің үшбу жанрында жиі-жиі айтысқа да түсіп отырса керек. «Әке көрген оқ жонар» деген осы! Ал, Қапекеңнің Қиясбай дәстүріне қосқан жаңалығы мына тұрғыда келеді:

Ар жақта айғыр құлан дүлдірінші,

Шүленге әлти-тәлти бүлбүрінші.

Болғанда бүйтіп бұйқыл, кәукіл-тәукіл,

Су — толқыл, өтер бүлкіл шүлдірінші!

Толқын-толқын жөңкіген айқын да қуатты ырғақ, қиюына қыл батпайтын қапысыз ұйқас! Кемел өлеңнің өзі емес, келісті көлеңкесі, көркем сұлбасы. Сұлу үйірілген имитация. Ырғақпен бүлкілдеп, бунақ-бунақ болып ұстасқан ішкі ұйқастарға назар салыңыз. Орыстар «заумный язык» деп атайтын тылсым сөздік қорға көңіл аударыңыз. Бұл сипатты көркемдік құбылыстар Қияағаңда кездеспейді. Жанрдың жаңғыруы дейміз бе, азып-тозуы дейміз бе — қалай айтсақ та, дәстүрдің үзілмеген жалғасы бұл!

Дәстүр демекші, «лақпайы» өлең тектес, бірақ жалғасын таппай өшіп қалған бір жетім жанр қазақ күй өнерінде де болған тәрізді. «Есер тартыс» деп аталса керек. Бұл өзі кәдімгі күй тартысына ұқсайды, бірақ шарты басқа: кімнің «күйі» ең мағынасыз болса, сол ұтады. Ию-қию жүйесіз дыбыстардан желі тартып, тыңдаушысын күлкімен жіпсіз көгендеу, шынында да, үлкен өнер. Бұл өнердің егжей-тегжейін дәулескер домбырашы, жазушы Таласбек Әсемқұлов кезінде «Жұлдыз» журналында жазған болатын.

Қиясбайдың ақындық дарыны, жуыспасты туыстырып, қисынсызды қиыстырар шеберлігі, әсіресе жоғарыдағы тарихи айтыста көрінді деп білеміз.

Айдалада ақ қасқыр опақ-сопақ,

Ақ сиырдан туады жирен айғыр.

Аспанда ителгі құс пішен жейді,

Арық тоқты шұлғиды тоң қатқанда,

Иттің үріп шыққаны жаз болғаны,

Беліме буынғаным он жеті арқан.

Қыздар-ау,

Үйіңніңоң жағында бұрқан-тарқан!

Ақындар-ау, айтысып мені жеңбейсің,

Арам тер болмай онан да,

Аузыңды жап та онан да —

Өгөгөй, өгөгөй!

Бұл — Қияс ақындығының асу бермес асқары! Ешкім басып оза алмас ерек үлгісі.

Қиясбай — классик!

Тағы да қадап айтамыз — өз жанрында.

Қиясбай жырларының ең басты қасиеті — қисынсыздығы. Логикадан мақұрымдығы. Бірақ, бұл — сыртынан пішкендегі пікір. Әрбір өнердің өз ішкі логикасы болады. Қарапайымда қанша қисық, оғаш болса да, көркемдеу құралдары, бейнелеу жүйесі сол ішкі логикаға бағынғанда, қисынсыздан міндетті түрде мағына туады, мән пайда болады. Қиясбай өлеңдерінен шығатын мән-мағына, идея — күлкі. Сәбидің бейкүнә қылығындай, былдырлаған тәтті тіліндей жан жадыратар, көңіл сергітер алаңсыз күлкі. Есебі, зілі жоқ, сарайыңды шайдай ашар кірсіз күлкі.

Қиясбай логикасы, қиястық образдар көз алдыңа кентаврды елестетеді. Бірақ, құбыжық емес — құбылыс.

Қиясбай реализмі біздің қарабайыр пайымымызға сия бермейтін ерекше реализм. Қиясбай санасының реализм!

Өлеңді ақынымыздың өзіне лайықтап біреулер үйреткен дейді. Мейлі. Өмірдегі нақ Қиясбайдың тағы не түрлі өнері болды, я болмады — оның бізге келіп-кетері шамалы. Біз аңыз кейіпкері Қиясбайдың өнерін талдап отырмыз.

Кез келген қисынсызды қиыстыра бергеннен күлкі шықпайды. Сенбесеңіз, байқап көріңіз. Демек, мұның да өз логикасы болғаны. Қия-ағаңның шеберлік лабораториясына бойлаған сайын бұған көзіңіз анық жетеді. Мәселен, «Қойға қасқыр шабады қоқаң-қоқаң» деген немене? Қойға қасқыр шабатыны – талассыз ақиқат. «Қоқаң-қоқаңы» несі? Ұқпайсыз, елестетесіз. Қоқақ-қоқаң еткен сөлекет қозғалысты қасқырмен байланыстыруға қиялыңыз жетсе (жетпесе де) — жарыдыңыз күлкіге. Жарайды, беліне байлаған он жеті арқан, сексен арқандарға келістік. Ал, «Аспанда ителгі күс пішен жейді», немесе «Иттің үріп шыққаны жаз болғаны» дегені қай сасқаны? Мойындау керек, Қиясбай өлеңдерін талдау — қиынның қиыны. Қиясбай өлеңдерінде логика жоқ емес, дәлірегі – Қиясбай өлеңдерінің логикасында түп жоқ. Қиясбайдың қисыны – Абайдың білімсіздігін дәлелдеймін деп, жүнін сыртына қаратып киген қызыл елтірісіндей («аң-таңның» терісі) логиканың арғы беті, теріс астары. Мұны Абай таныған, бағалаған. Өз өлеңінің қадір-қасиетін Қия-ағаң да білген. «Мынауың өлең емес» дегендерге «Абай ағамның өзіне сынатып алғанмын» деп, бет қаратпаған. Әрине, Абайдай беделге сүйенген адамның қашан да ажары ашық, алды даңғыл болғаны өз-өзінен түсінікті.

Өмірдің, болмыстың әр саласынан ойып алынған мағынасыздықтарды бір өлеңнің, шеңберіне тоғытып, атыстырып-шабыстырып, шартпа-шұрт қағыстырып, ай-шайға қаратпай қойындастырып-табыстырып жібергенде, қиясбайлық қисынмен қалай-қалай құлпырып кететініне қайран қалып, қарап тұрудың өзі бір ғанибет.

Қиясбайға өзіне лайықтап біреулер өлең үйреткен дейді... Солай-ақ болсын. Үйреткеннің бірі — Абай болмасын кім біліпті?!

Қиясбайдың өнері дәстүрлі өнер дедік. Дәстүрді меңгеру — белгілі мөлшерде штамптар қорын да игеру деген сөз. Қиясбайдың басы – толған штамп. Мәселен, «Ақ сиырдан туады жирен айғыр» іспетті қойыртпақтар қазақтың әр ауылынан-ақ табылады. Ал енді, айдаладағы «опақ-сопақ» ақ қасқыр, аспанда пішен жейтін ителгі құстар — жанашылдықтың анық нышандары. «Айдалада ақ қасқыр опақ-сопақ» деген оймақтай образдан кейін, ай-шай жоқ «Ақ сиырдан туады жирен айғыр» деп қойып қалу; одан соң, қайдан шықсаң, одан шық деп, «Аспанда ителгі құс пішен жейді» деп, алдынғы, онсыз да екі көзі атысып-шабысқан қыли қисынның аяғын көктен келтіру; іле-шала, түк болмағандай, «Арық тоқты шұлғиды тон қатқанда» деп, тыңдаушысын (қазіргі оқырманын) айран-асыр қалдырып барып, «Иттің үріп шыққаны жаз болғанымен» мүлде жынды қылып, қаңғытып жіберу — яғни, күтпеген жерден оқыс маневрлер жасап, оңды-солды ойқастап, оғаш образ-орамдарды ес жидырмай, опыр-топыр төгіп жіберіп, бұрқ-бұрқ күлкі тудыру — Қиясбай ақынның сөз тізудегі, шумақ түзудегі ең сұрапыл тәсілі. Бұл тәсілді, қазіргі әдебиет теориясына В. Шкловский енгізген «остраннение» (ғажаптандыру) деген терминмен сипаттаса болар, сірә.

Дәстүрден шетін бір жері болса, ол — Қиясбай өлеңінің ұйқас дегенді мойындамайтыны. Қиясбай, тегінде, ақ өлеңмен ағылатын ақын. Бірақ, ақынымыз ұйқасқа мүлде мән бермейді деу — орынсыз. Қалыпты өлеңнің қасаң жүйесін сағынып тұратын басымыз, Қия-ағаң қасқалдақтың қанындай қымбат ұйқастарды оқта-текте әр қиырдан бір жарқ еткізгенде, жерден жеті қоян тапқандай күлмеңдеп қоя беретініміз-ай! (Мәселен: он жеті арқан — бұрқан-тарқан). Қия-ағаң тыңдаушы, оқушысын қалай қуантуды біледі!

Ақынның және бір шебер қолданатын тәсілі — жойдасыз өсіріп айту, қазіргі жүйемен айтқанда, әсірелеу (гипербола). Айталық, «Беліме буынғаным он жеті арқан»— әлі де болса шындықтан ада-күде шылбыр үзіп кете қоймаған бейне. Он жеті арқанды буынатын да, көтеретін де адам табылмас деп айта алмаймыз. Ал енді ақын қыза-қыза «сексен арқанды» айтқанда, мұны — әсірелеу демеске, әрине шара жоқ... Бірақ образ қандай! Тапқырлық қандай! Осынау құрдымына құрық бойламас тұңғиық тұспалдың түбінде жарқырап көрініп жатқан айқын ишараны кім түсінбес?! Беліне сексен арқанды әншейін ғана буына салған Қиясбайдың алапат тұлғасына қапелімде көзі түсіп кеткен қай мықтының да десі қайтып, желігі су сепкендей басылмас па? Үкі болып көзі шарасынан шыға бағжиып, балық болып аузын ашпас па?! Тышқанша інге сүңгіп, кесірткеше құйрығын үзе қашпас па?!

Пері ғой Қия-ағаң!

Былайғы жұрттың он жеті арқанмен-ақ пысын басқан Қиясбай, мұнша арқанмен таудай Абайдың қасында ергежейлі болып қалатынын жақсы түсінеді. Сондықтан да жана өлеңін Абай алдында айтқанда, Қия-ағаң сексен арқанға таман шығандап, өзіндей өнерпазбен терезесін тең ұстап сөйлеседі. Мұны білгірлік демеске, парасат деп ұқпасқа тіпті де хақыңыз жоқ!

Қазіргі поэтика жеткен өре Қиясбай өлеңіне бұдан әрі бойлай алмайды. Жалпы Қиясбай өлеңдерін талдауға, есі дұрыс өлең теориясы дәрменсіз. Қиясбай өлеңдерінің тылсымына тіс батпайды. Қиясбай сөздерінің қиысу жүйесі, қалану тәртібі өз алдына жеке теория жасауды қажет етеді.

Қиясбай өнері – өнердің қисық айнаға түскен өзге бір көрінісі, өзге бір сапасы.

Қиясбайдың өнері – әйгілі қазақ циркшісі Ағашаяқтың Шашубайша төбесімен тік тұрып жүріп бара жатқаны сияқты сұмдық оқиға таңғажайып тамаша.

Қиясбай өлеңдері – дүниедегі ең бір ессіз қисындардың, құтырынған ақкез образдар мен делбе тіркестердің бас қосып, асыр салған ғаламат жын-ойнағы!

Қиясбай өлеңдеріне жасаған ұзақ талдауымызды қорыта келгенде, не айтуға болады?

Айтарымыз мынау – Абайдың лирикалық шеберлігі мен Қиясбайдың «лақпай» өлең құрастыруға ұсталығы деңгейлес жатыр. Сеніңіз, сенбеңіз – нақ солай! Екі ақын мұны өздері жақсы білген. Қиясбайдың Абайға еркіндігінің, Абайдың Қиясбайға ықыласының бір сыры — осында деп білген жөн.

Тағы да бір айтарымыз:

– Абайдың есеп білмейтінін (екі жүз ешкінің мүйізі қанша?), жазу танымайтынын (айғыр тышқанның ізі ғой!), теріні ажырата алмайтынын (аң-таңның терісі емес пе?) «дәлелдеген», және жұртты күлкіге батырып отырып дәлелдеген Қиясбай;

– Абайдың мәжілісінде өзін адам ғұрлы көрмеген тегі жақсыларды үйден түріп шығып, өзінің қадір-қасиетін танытуға айла тапқан Қиясбай;

– «Қияс, ризамын. Тапқырлығың үшін қой берейін, алып кете аласың ба?»,— дегеніне: – «Алып кетпейтін несі бар, Абай ағам өңгертеді дейсің бе, айдатады да жібереді ғой», – деп, Абай ағасын бір қисынға екі жыққан Қиясбай («Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп, Абай Қиясбайға, шынында да оншақты қой айдатып жіберіпті дейді аңыз) – сөйткен Қиясбай, әйтеуір, құдайдың тегін жаратқан пендесі емес!

Ахат Шәкерімұлының куәлігінше, Қиясбай тоқсаннан асып барып дүниеден өткен. (Күлкінің өмірді ұзартатының да дәлелдеген Қияс-ағаң ғой). Абайдан жасы үлкен болған. «Қияс, нешеге келдің?» деген Абайға «Жасымды білмеймін» депті. Сонда Абай: «Сен бізше жасамайсың, пілше жасайсың, піл он екі жылда бір жасқа келеді» дейді. Сөйтіп, Қиясбайды бала атандырған – Абайдың өзі екен. Қия-ағаң бала біткенді «құрбым» деп мәз қылған.

Жалғанда адам танығыш Абай Қиясбайдың құпиясын:

Жүрген жерің күнде — ду,

Сыртың — аңқау, ішің — қу,

деп өзі деп басқан. Жынды да емес, басқа да емес — қу. Қазіргі тілмен айтсақ, Актер. Актерлық Қиясбайдың құр ғана өнері, жай ғапа таланты емес – шын табиғаты, болған-біткен болмысы.

Қамкөңіл жүрген Абайды көңілдендірем деп, оның өз атын сұрап мініп, қолына құрық ұстап лақ қуғаны, құрыққа ілінген лақтың «тегеурініне» шыдамай, титықтап аттан құлауы сияқты театрландырылған шағын пародиялық көріністер Қиясбайдың тумыстағы актерлік талантының жарқын мысалдары болып табылады.

Қиясбайдың актерлігі туралы айтқанда, жоғарыдағы айтыс ойға оралады. Қиясбайдың бұл айтысының мән-мағынасы не? Қиясбайдың бұл айтысының мән-мағынасы — тоқтатып болмас жігерлі парықсыздық пен өзіне деген көзсіз сенімі кісі қайғыртарлық миғұла өлермендіктің мерейі әр жерде-ақ үстем шығатынын көрсету. Одан құтылудың жалғыз жолы — бәйгесін беріп, «бетті басып, тұра қашу» екенін іс жүзінде әйгілеу. Қиясбай мұнда да актер: парықсыздықтың өзі емес – бейнесі, өлерменнің өзі емес – көркем көрінісі. Сондықтан, Қиясбайдікі — өнер, парасатты парықсыздық, өміршең өлермендік. Қиясбайдың қылығын түсініп, бопсасына шыдау үшін, онымен айтысқан өзге ақындарға сұңғыла ақыл, төзім мен қажыр қажет болғаны айтпаса да түсінікті. Әлде Абайдың көңіліне қарады, әлде Қиясбайдың өнеріне шынымен жығылды — қалай болғанда да, олар бәйгені қолдан беруге мәжбүр. Қалай болғанда да, айтысқа қосқан ақыны жеңіп, Абайдың онсыз да асқақ абыройы Алатау асып кеткені анық. Бәлкім, тіпті, бәйгені беделі зор Абай тізеге салып тартып әперген де шығар, жұрттың қыран жапқандай күлкісіне қарап, жақсы айтысты деп ойлап, ояз араласқан болар – мәселе онда емес. Мәселе, ұлы ақынның өзі — режиссер, Қиясбай – бірден-бір актеры болған, бақытты көрермендері жойқын эстетикалық ләззат алған осындай бір қырғын спектакль туралы әдемі аңыз қалғандығында.

Шынына келсек, бұл арада Қиясбайдың мерейі қай жағынан да үстем. Сүйенгені — Абай, сенгені — елде жоқ ерекше өнері. Ерекше ететін қасиет — Қия-ағанның ойлау жүйесінде, эстетикалық мұратында жатыр. Дәстүрлі айтыстың өзегін құрайтын негізгі тақырыптар не еді? Баяғы өз елінің байлығы, батырлығы, игі-жақсылардың атақ-абыройы, қала берсе, өзін дәріптеу, кемшілігін тізіп, қарсыласын тұқырту... Білгірлері бір-біріне жұмбақ айтысып, оны шешісу... Қыз бен жігіттің әзілі, шал мен қыздың тәжікесі т. с. с. Қиясбайдың айтыс үрдісі дәстүрлі айтыстардың ешқайсысына ұқсамайды. Қиясбай бұл мәселелердің бәрінен күлкіні жоғары қояды.

Қиясбайдың мазмұны, болмыс-бітімі, күллі ғұмырының мән-мағынасы — Күлкі.

Қиясбай үшін өмір — күлкі. Күлкі, Қиясбай үшін – өмір.

Қиясбай күлмейді. Қиясбай күлдіреді. Қиясбай адам кейпіндегі: жер басып жүрген, жұмыр басты, екі аяқты Күлкінің өзі!

Қиясбай, бұл — өзгеше өмір үлгісі (образ жизни). Зерттеушілердің есебінше, ортағасырлық, Еуропа, шамамен, жылдың үш айын карнавал-сауықпен өткізген екен. Бұл дегеніңіз — бүкіл ғұмырдың ширегі. Қиясбай үшін мұқым дүние, бүтін өмір – толайымен сауық-сайран. Қиясбайдың дүниетанымы—«карнавалдық». М. Бахтин Қиясбайдың күлкісін «амбивалентті» деп бағалар еді. Қиясбай ешкімді мінемейді, ешкімді мазақтамайды, ешкімнің «роліне» кірмейді. Оның өнері мен өз тұлғасы біртұтас. Ол өзін «ойнайды». Әрбір «туындысы», алдымен, өзін ашады. Ал әрбір шынайы өнер туындысының «мен мұнда!» деп айғайламайтын ішкі қыртыс-бүкпелері, мағына-мазмұны болатыны сияқты, Қиясбай күлкісінің де өзіндік қос астар табиғаты бар. Қиясбай, бұл тұрғыда – Абайдың арда тұлғасы тудырған аңыз-оспақтардың бір таңдаулысы, Абайдың суреткерлік ұлы болмысының қағазға түспеген бір қатпары.

Өмірінде тірі король көрмеген, бәлкім, тіпті «король» деген сөзді естімеген Қиясбайдың бойында еуропалық сарай мазақыларымен туыс белгілер тым-ақ көп. Бірақ, мүмкін, қазақтығынан, таза қазақы құбылыс болғандығынан шығар, Қиясбайда «классикалық» мазақыларға тән дарақылық, өрескелдік, әсіре әдейілік, анайы парықсыздық жоқ. Қиясбайда өз «короліне» деген шексіз құрмет, содан туындайтын тектілік, көргенділік бар. Бетіне күле қарағанның бөркін ала қашып ойнайтын әдепсіздік онда жоқ. «Арқаны кезіп жүрген мен бір сері» деп шалқуы — оның өз бағасын, кісілік қадір-қасиетін толық сезінгенін танытады.

Қиясбай – қазақ тың күлкі мәдениетіндегі ерекше тұлға. Қазақы күлкінің кемеңгері.

Ницшеге сенсек, суреткерліктің арғы аталары — осы Қиясбай тектес адамдар болған.

Қайсыбіреулердің құлағына түрпідей тисе де айтайық, Қиясбайдың өнер әлемінде ұстанған темірқазығы да — Абай. Ұстазын үлгі тұтып, бола алмаған жерінде ұқсап баққан. Абай домбыра тартқан, Қиясбай сынсытып сыбызғы шалған. Абай лирик болса, Қиясбай — лақпа-текпе. Өзінің теңдессіз өнеріне өзі масайраған ағасы: «Қазақта қара сөзге дес бермедім» дегенше болмай, інісі: «Арқаны кезіп жүрген мен бір сері» деп, алдына түсіп алып, жорта жөнеледі. Табаны қызып кеткенде: «Жаным-ау, менің өзім неткен қу!» деп, мақтан жөнінен Абайға шаңын ғана ұстатып, көз ұшында бұлдырайтын шақтары да аз емес. Абай ағасы ән шығарады, ал Қиясбайдың композиторлығы туралы, әрине, естіген жоқсыз. «Қиясбайдың Қозы көші» деген ән болған! Рас, бұл — Шәкәрімнің 14 жасында шығарған әні екен. Қиясбай: «Аға, әніңізді маған бір бестіге сатыңызшы» деп қиылыпты. Шәкәрім тегін беріпті. Өнерге деген өлшеусіз аңсардың бағасы — өнердің өзімен шамалас. Сатып алсын, қайтіп алсын, бәрібір — өзгенікі екен деп қымсынбай, өзінде жоқ өнерді балапандай бауырына басып меншіктеген Қиясбайдың осы қылығының өзі өнер емес пе? Ал, сол нұсқалы Қиясбайды Абайша түсіне білудің өзі де — даналық екенінде кімнің дауы бар?!

Ағалы-інілі екі өнерпаздың арасындағы осындай әшкере тамырластыққа, бадырайып көзге ұрып тұрған үндестікке қарамастан, өнердің мазмұны, мұраты тұрғысынан келгенде, Қиясбай — Абайдың толық антиподы. Өйткені, Қиясбайдың өнері әлеуметтік қайғы-қамнан ада. «Уайым жоқ, тамағым тоқ — Жаным-ау, менің өзім неткен қу». Абай өлеңі — поэзияның күнге басын сүйеген шырқау шыңы болса, Қиясбай жыры — түбінде жауһары жарқырап жатқан шыңырау құрдымы. Абай шығармашылығындағы күлкі — көбінесе, күйіктің күлкісі, өмірдің ащысынан туған кермек күлкі. Зілді, уытты күлкі. Сатирик — күйіктен, ызадан күледі. Қиясбай — өз ішінен жарылып, әр сәт екіұдай күй кешіп, ақылы мен сезімін, танымы мен мінезін, ойы мен ісін бір дертеге қалай жетудің амалын таппай шаршаған Абай емес. Қиясбайдың күлкісі — дүниедегі ең алаңсыз, күнәсіз тәтті күлкі. Күлкі үшін туған күлкі. Қиясбай «Өнер — өнер үшін» деген принциптің ту ұстаушысы. Қиясбай — Абайдың «алды — үміт, арты өкініш» сүренсіз тірліктегі ең шат күлкісі. Жалғаны жоқ, жасампаз күлкі. Бір сәтке болса да Абай жанынын Асанқайғысын жұбатқан күлкі.

Жөн-ақ... Енді бірауық дүниеге Қиясбай-философтың көзімен қарап көрейікші. Мәселен, өмір деген не? Өмір деген — Қиясбайдың өлеңі. Абсурд. Қиясбай өлеңінің формасы осы мағынасыздықтан туады. Ешбір есі дұрыс әдеби канон, поэтикалық жүйеге бағынбайтын, ешбір шарттылықтарды мойындамайтын Қияс өлеңі, бір ғажабы, мазмұн мен форма бірлігі дейтін өнердің ұлы қағидасына саждеге бас қойғандай жығылады да тұрады. Міне, сол, Қиясбайдың өнерін — өнер деп мойындататын құдіретті бірлік, айналып келгенде, өмірдің мағынасыздығын растайды. Қиясбай үшін бұл мағынасыздыққа сәл де болса мағына беретін жалғыз күш бар — күлкі. Өмірде мағына жоқ, бірақ күлкі бар. Қиясбай өнері соған қызмет етеді. «Көкке бақтым алла деп» отырған Абайдың назарын (біздің де!) осынау баянсыз дүние, қашанғы кәрі жерде де қызық бар, алданыш бар деп еліктіреді, жұбатады, жалқы мезетке болса да, қам-қайғыны ұмыттырады. Абай ағасымен бірге заманынан озған Қиясбай Күлкісінің қадір-қасиеті, білер болсақ, осында.

Бәлкім «ойын — арзан, күлкі — қымбат» деп Абай содан да айтты ма екен?..

* * *

Қиясбайдың бізге жеткен өлеңдері мен қылықтары оншақты ғана. Бары — осы ғана емесі және айқын. Әр мысалдың ар жағында тағы сондай талайы жатыр. Қия-ағаң өз ғұмырында бұдан әлдеқайда көп айтса керек, көбірек күлдірсе керек. Бірақ, Қиясбай үнемі күлдіре бермеген. Бізге жеткен және бірер аңыз-әңгіме оның болмысындағы потенциалды даналық туралы сыр шертеді. Әбдірахманның қайтыс болғанын естіген соң, Абай бір төбенің басына барып, өзінің түнек қайғысына көміліп отырып алыпты. Белінен қапсыра ұстап сүйеп, жанында Қиясбай болады. Келіп, көңіл айтқан игі жақсылардың біріне де Абай басын көтермепті. Сонда Қиясбай:

– Tүгe, жақсы мен жайсаңдармыз деп жай күнде күмпілдер едіңдер-ау. Біреуің Абай ағамды жұбата алмадыңдар, оңбағандар! – деп, оң жағында отырған бір мес қарынды бүйірден түртіп қалады: – Ұста Абай ағам белін!

Сөйтеді де, өзі дөңді бір айналып келіп, Абайдың алдына шарт жүгініп отыра кетеді:

– Абай аға, елдің Әбіш деген жақсы баласы өліп қалды, көңіл айтпайсың ба?

Сонда Абай басып көтеріп:

– Айналайын, Қиясжан! – деп түрегеліп, Қиясбайды қолтықтай, үйге беттеген екен, – дейді аңыз.

Бұл – Қиясбай тапқырлығының, Қиясбай даналығының шыңы! Қиясбайактерлігінің көз жетпесте мұнартқан, етегінде тұрып қарасаң басың айналар құзар-қиясы да осы аңызда.

Байқап отырсыз, аңыз-әңгімелерге сүйеніп, біз Қиясбайдың Абай өміріндегі маңызын асырыңқырай көрсетуге мәжбүрміз. Әйтпесе, тіршілікте Абай үшін Қиясбайдан да өзге қызық толып жатыр. «Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте». Аңыз кейіпкері Қиясбай да сол көптің бірі. Ал кейіпкер мазмұны өз прототипінен әлдеқайда кең болмағы — заңды нәрсе.

«Абайды төртінші рет Семей қаласында, пәтерінде көрдім, – деп еске алады халық ақыны Төлеу Көбдіков. – Біздің елдің адамдары Абайдан бір жұмыстың жайын сұрап кел деп мені жұмсады. Мен Абай жатқан үйге келсем, жазды күн еді, қораның ішінде, көлеңкеде Ертістің аралына қарап отыр екен. Қасында ақымақтау бір атшы жігіт отыр. Абай Ертістің аралын, оның аржағындағы көкжиек аспанды, тағы басқаларды нұсқап, әлгі жігіттен:

– Анау көрінген не? Оның аржағында не бар? Оның аржағында не болады? – деп, жоқтан өзгені сұрап, атшының аузына келгенін айтқызып, өзі әбден рахаттанып, қарқ-қарқ күліп отыр екен. Мен ішімнен: «Жаным-ау, мынау Абай бала болып кеткен бе?» деп, аң-таң болып қарап тұрып қалдым».

Бұл – Қиясбай жоқта да, қарап отырмай, күлкі сағынып, жоқтан бар жасап өмірін көркейтіп отырған Абай. Анығырағы – Абайдың өз ішіндегі Қиясбай.

Өмірдегі нақ Қиясбай — Абайдың сол ішкі Қиясбайының мазмұны мен бейнесі.

Өзіміз еш жердей оқымаған, жуырда ғана Абай ауылының азаматы, жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбаевтан естіген, Қиясбайға қатысты және бір аңыз. Абай бір күні Қиясбайды шақырып алып, әңгімені төтесінен бастаса керек:— Қиясбай, осы жүрісің не сенің Қатын жоқ, бала жоқ, уайым жоқ, қайғы жоқ. Кигенің — қызыл шу, қылғаның — бала-шағаның кәсібі. Өстіп ақымақ, жынды атанып жүре бересің бе? Осы күніңде не мән бар, не ойлағаның бар? – депті-мыс. Сонда Қиясбай:—Әй, Абай аға-ай. Осы жұртта менен асқан не ақыл бар дейсіз? Бәрінің білетіні — бақас болып бақ қумақ, бәсеке ғып дүние жимақ. Сөйтіп, ақыр түбі, боқ дүниеге мазақ болмақ. Жұрт маған күледі, мен оларға күлемін. Мен күлгенде, және, солар мазақ болған дүниенің өзін мазақтап күлемін. Осыншама ақылыңызбен соны да білмегеніңіз бе? – деген екен. Бұл — біз білетін Қиясбайдан да гөрі ақылдырақ, тереңірек Қиясбай. Кім біледі, айтушымыз — жазушы адам, ойдан шығара салуы да мүмкін. Бірақ, қалай болғанда да, Қиясбай туралы аңыздар қатарынан орын алуға лайық әңгіме. Аңызды да осы Тұрсекең сияқты басы жұмыр пенделер жаратқан ғой о баста. Қалай болғанда да, аңыз кейіптеген Қиясбайдың рухани портретін толықтыра түсер соңғы штрих — осы.

Портрет демекші, Қиясбайдың эстетикасын өнерінен ғана емес, өмірдегі тірі тұлғасымен да тапжылтпай ұстайсыз. Аңыз кейіпкері Қиясбай ұзын бойлы адам болған. Киім кимей, иығына бұл орап, екі аяғын салақтатып тайға мініп жүрген. Қия-ағаңның толық кескін-кейпін сипаттауға негізгі деталь – көз ғана жетпей тұр. Өзімізді «лақпай» өлеңмен ауыздандырған ауылда Шәукен деген ағамыз болушы еді (жанылмасақ, әлі бар). Қабағы төңкеріліп түсердей шүңірек көз кісі. Деген усойқының өзі. Бір «сойқанды» бастарда, шүңірек көздің түбінен жын ұшқындап, сайтан сығалағандай болатын. Құдық-көздің құрдымында жылт-жылт ойнап, іші-сыртыңды тергей тесілген сол қуақы, сайтан сәулемен жанарыңыз ұшырасқан сәт, сіздің де қолқа-бауырыңызды қытық аралап, өкпеңізден жыныңыз қыса бастайтын. Осы көзді Қиясбайға сыйлай салсақ, кейіпкеріміздің бекзат дидарына кеп нұқсан келтіре қоймаспыз. Қайта, Қия-ағаңның сары алтынның буындай сағымданған буалдыр тұлғасы сара тартып, айқындала түсердей.

Қиясбайдың тұлғасы мен өнерін парықтай отырып, осынау таң-тамаша тағдырдың жұмбақ ғұмырдың Абай тіршілігіндегі мән-мағынасын түсінуге тағы да талап қыласыз. «Қалың елім, қазағым» деп күңіренген Абай кім, лақ қуып еріккен Қиясбай кім? Қиясбайды қызықтап дүниені ұмытқан кемеңгерге қарап не ойлар едіңіз? Абайдың өлеңде жасаған әсемдік жүйесі емес, Қиясбай сынды өмірден тапқан алданыш-қызық, эстетикалық ермегінде жоғарыда біз жобалағандай мағына-парық шынымен болды ма екен?

Қиясбайдың тұлға ретіндегі ең бір керемет ерекшелігі – қайшылықсыз бүтіндігі дедік. Іштен мүжіліп, түпсіз ойдан тозып жатқам ол жоқ,. Жақсылық-жамандықтың жолында кезек толқып, өзімен өзі жік ашып, қақ жарылып майдандасып жатпақ — оның табиғатына жат. «Кен жайлау — жалғыз бесік жас балаға»... Қиясбай — сәбидей айқын, жас баладай тұтас. Ой бөлшектеген, өмір шашыратқан қайғылының арман етер тұтастығы. Абай Қиясбайдан сол жоғалған армандарының бір бейнесін көрген болар. Кім білген? Дүниенің жақсы-жаманынан азаттық, қайғы-мұңынан шеттік, азабы мен ауырынан қалыстық — Қиясбайдай «ессіз» бүтіндіктің ғана еншісі. Табиғат-шебердің Қиясбайдай шедевріне Абай осы тұрғыдан да қызыққан шығар. Әйтеуір, өмірдегі, өнердегі тұлғасы біртұтас Қиясбай Абай жанының тонтайлық1бір түкпірінен тұтанған жалқы шырақтай, кемеңгердің кемді күнгі азғантай алданыштарының куәсі болып жылтырап, көзімізді тартады да тұрады. Әйтеуір, Қиясбай – «Атадан тусаң, сендей ту» деп, Абай ағасы айтқандай, «өгөгөй, тусаң ту» деп, өзі білгірлікпен қостап, қорытқандай, айтулы тұлға, айшықты өнер иесі.

Ұлы адам тарихта жалғыз қалмайды. Дәуір — ұлыларымен бедерлі, ұлы адам — айналасындағы тұлғалармен көрікті. Қиясбай, өмірдегі, аңыздағы Қиясбай, алып Абайдың шалқар нұрына шомылған сондай тұлғалардың қатарында.

Қиясбайдың көрермен, тыңдаушылар аудиториясы, әрине, ұлы жәрмеңке, байтақ базарларды дуылдатқан байырғы қазақ қуақыларындай емес, әлдеқайда шағын. Алайда, Абайдың үлгісін көрген, Абайдың бағасын алған, Абайдай жанашыр дос, жақсы сыйласы болған қазақ өнерпазы көп емес. Сайыпқыран Қиясбай сол аздың санатында. Ең ақылды,

1Тонтай – Абайдың атақты күлдіргі, тапқыр нағашыларының бірі

ең мәдениетті, ең ұлы қазақ — көрермені, тыңдаушысы, сыншысы, қошаметшісі, көтермешісі болған Қиясбай — алты алаштағы ең жұлдызы жанған өнерпаздың бірі!

* * *

Қиясбайдан, сөйтіп, сөз қалды. Қиясбайдан аңыз қалды. Осы жұрт біле ме екен – Абай ағасындай данқты эпопеяның данышпан кейіпкері болып дүниені тамсандырмағанмен, Қия-ағаңның даңғайыр дара тұлғасы әлемнің жеті кереметінің біріндей көркемсөзде де жоталанып, жосылып із тастап жатыр. Біз, бұл арада, Медетбай деген замандасының Қиясбайға арналған, архип куәлігіне бергісіз мына бір қымбатты өлең жолдарын айтып отырмыз:

Құдайдың жаратуын қасқа қылып,

Мінезін өзге жаннан басқа қылып.

Бір кісі өлмесе де жүрер еді

Өліп қалып жүреді-ау масқара ғып.

Өзі — асыл, бес тиындық киімі жоқ,

Жалғыз ат мың жылқыдай — көңілі тоқ.

Халыққа «баламын» деп өзі айтады —

Бір нәрсе иегінде көрінген көк. '

Терісін бір тоқтының қылды тымақ,

Басына не кисе де кетеді ұнап. 

Қиястың мінезіне көз жетпейді

Ат беріп, тай алады өзі сынап.

Рас, бұл өлеңді «Абай жолымен» салыстыруға келе қоймас... Кейіпкерлерінің масштабы да, көріп отырсыз.., әр басқа. Бірақ, осы өлеңде Қиясбайды түсіну бар. Қараңыз: біріншіден, мінезінің оқшаулығын айтады, Қиясбайдың түпсіз тереңдігін мойындайды («Қиястың мінезіне көз жетпейді»), Екіншіден, Қия-ағаңның кенеусіз кең болмысын, ағыл-тегіл жомарт пейілін таниды («Ат беріп тай алады өзі сынап»), бес тиындық құны жоқ ала шоқпыттың ішінен асылды ажыратады. Назар аударыңыз: «Өзі — асыл, бес тиындық киімі жоқ». Соған қарамастан, «Бойына не кисе де кетеді ұнап». Үшіншіден, осы сынды Қиясбайды бағалап, «Өліп қалып жүреді-ау масқара ғып» деп, қимастық білдіреді. Қу Қиясбайдың «баламын» деп жүріп, тоқсанды төңкеріп барып бір-ақ тоқтайтынын қайдан білсін!

Жақсы болсын, жаман болсын, тұлғасына шап-шақ шағып өлеңде қайталанбас тартымды дидары тасқа қашағандай таңбаланып, тарихта қалған Қиясбайда қандай арман бар?!

Абайдың жоғарыдағы бір ауыз мінездемесімен қатар бұл өлеңді де «Қиясбайтанудың» алғашқы қарлығаштарының бірі деп мойындауға тиіспіз.

* * *

Қиясбай...— қияс, қияли, қисық, қитұрқы, қиянпұрыс... Қиясбайдың есімінде осының бәрі бар. Атының өзінде сала-сала мағына тұнып тұр! Оның аржағында тағы талай дүние жатыр... Қиясбай жаратушының өзі ұсынған өмір концепциясының бүтіндей бір бабы. Абай болсын, басқа болсын — қай-қайсымыздың да болмыс, ділімізде бір-бір Қиясбай өмір сүреді. Қиясбайсыз өмірдің сәні кем, кенересі кетік, мағынасы – шашау, сыны – селкеу..

Өмірді қабылдаудың өмірге араласудың екі түрлі мүмкіндігі, екі түрлі парқы мен сипаты бар. Өмірге Абайша қарау бар да, өмірге Қиясбайша қарау бар. Пәни дүниенің әр құбылысына, тағдырыңа қатысты әрбір оқиғаға этикалық парықпен, жаратылысың мен тәлім-тәрбиең қалыптаған шын ұждан, рас құлқынның өлшем-таразысымен келіп, қым-қиғаш тіршілікке, қайнаған қақтығысқа жаныңның алмасын, діліңнің өткірін аянбай саласын. Шыңдаласың, жетілесің. Мүжілесің, тозасың. Өмір! Енді дәл сол құбылыс, нақ сол оқиғаларға эстетикалық тұрғыдан қатысу бар. Бұл — тірлік майданында жүрген өзіңе белгілі дәрежеде суреткерлік көзбен қарау деген сөз. Өзіңді өмірлік-көркем драманың кейіпкері де, көрермені де деп сезіну. Сахнадағы кейіпкерге (өзіңе) көрермен болып көз салу. Сахнадағы қайғы-қуанышыңа жаныңның басқа бір қалтарысымен залда отырып ортақтасу. Кейіпкер күледі, қайғырады, тартысады — жеңеді, алысады — жеңіледі. Көрермен эстетикалық ләззатқа шомады. Кейіпкер күйрейді, өледі — көрермен катарсис кешеді... Аман қалады! Бұл да — өмір. Көркем шығарма сипаттас өмір. Авторлық — тағдырға тиесілі болғанмен, режиссерлік, актерлік, көрермендік — тіршілік иесінің өз несібесі. Мұның мәнісі — Тағдыр ұсынған ғұмырды өз тәпсірлеуінмен (интер-претацияңмен) көркейтіп қабылдау, өмірді өз жаныңның құбылтқыш айнасымен құлпыртып түйсіну дегенге саяды. Толайымен осы қисынға сиятын адам тым-тым сирек, тіпті, теория жүзінде ғана мүмкін шығар. Бірақ, бар. Қиясбай!

Өмірді ойын деп қабылдауды ұсынған даналар да болған, әлі де болады. Бұл, бірақ, екінің бірінің қолынан келмесе керек. Бұл — біздің үйреншікті әлемге өзге дүниенің елшісі есепті келіп-кеткен Қиясбай сынды ерек сана, бөлекше болмыстың еншісі. Қалғанымызға — данышпанымыздан ақымағымызға дейінгі аралықтағы жалпақ қауымға — өмір ойын емес. Өмір... ол — басқа. Театрдың актеры болып ойнап бір ләззаттанып, өзің және көрермені болып қызықтап, екі рахат тауып отыра алмайсың. Абай мен Оразбайдың жаулығы... Абайдың махаббаты... Абайдың заманы... Бұл — ойын емес. Бұл — тағдыр. Тағдырды «ойнай» алмайсың. Тағдырды кешесің.

«Эстет» Қиясбай дүниемен ойнап жүріп есеп айырысты.

«Этик» Абай пәни жалғандағы қарыз-пұрызын тиесілі тағдырының жүзіне қаймықпай қарап, қайғылы ғұмырымен өтеді. Уы болсын, балы болсын — еншілі сыбағасын сарқып ішті. Қайраулы балтадай өткір Абай, тіпті, жүзі өтпегенге кейде шүйдесін салғандай көрінеді. Абайдың соңғы «отырып ауырған» кезіндегі жұмбақ мінезінде сол қайрай-қайрай жұқарып, мұқалған асылдың біржола шүйдесімен жарылғанындай үмітсіз сыну бар...

68-69 бетте жартысы жоқ

Әйтсе де, бір нәрсені естен шығармасақ керек. Өлеңінде көбіне-көп күңіреніп-күйінген, ойшыл, мұңшыл Абайға қарап, өмірде де жүзінен қайғы-қапаның, ауыр тағдыр, айықпас мұңның табы арылмаған қамырықты кемеңгерді елестетуге бейімбіз. Абай туралы аңыздар мұны толығымен теріске шығарады. «Ширақ жанды адам еді» дейді Тұрағұл. Ширақ жанның айдыны кең, арнасы алуан. Сол байтақ ағыстың бір қалтарыс-қолтығында Қиясбайлық иірімдердің де шымырлап жатқаны анық. Жұрт Қиясбайға ісмер жаратылыстың бір жаңсақ өрнегі, шала туындысы деп қарайды. Абай оның тағдыры мен тұлғасына, өнері мен өлеңіне «ширақ жанынын» шынайы бір табиғатымен — эстетикалық болмысымен араласады. Қиясбай – Абайдың дүниеге сол «таза» эстетикалық назарының айғағы. Бір ғана мысал. Абайдың ең жек көрген мақалдарының бірі —«Қалауын тапса, қар жанады — Сұрауын тапса, адам баласының бермесі жоқ,». «Этикалық» Абай осы мақалды жерден алып, жерге салады. Қоршылықтың, терін сатпай, телміріп көзін сатқан алармандықтың арсыз пәлсапасы деп санайды. Ал, «сұрауын тапқан» Қиясбай өңгеріп жатпай, топырлатып айдап әкетеді – «эстетикалық» Абай риза! Өйткені, мұндағы дүниәуи «сұрау-берудің» әдепкі рәсімі Қия-ағаңның творчестволық қажыр, тапқырлық талантының арқасында өнер туындысы деңгейіне көтерілген. Сұраудың ләззаты мен берудің қанағаты эстетикалық мән-мағынаға ие болған. Даусыз Қиясбай екі Абайды осылай шендестіреді. Қиясбайдың ағасы мықты ма, әлде, қалған жұрттың Абайы салмақтырақ па? Бұл енді — салыстыруға келмейтін екі әлем, екі түрлі абсолют. Бір адамның бойында қайнасып біткен екі болмыс. Абайдың тұтас тұлғасының диалектикасы.

"Шын жүрек - бір жүрек" кітабынан алынды

Жалғасын оқып алыңыз 9. ТЫНЫШТЫҚ МЕТАФОРАСЫ

author

Абай

АҚЫН

Жаңалықтар

Алматыда вейп сататын орындар жойылды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Құқықтық тәртіп жедел-алды...

Жаңалықтар

Қазақстан мен БҰҰ жанындағы Дүниежүзілік туристік ұйым қазақстандық туризмді жаңғырту үшін ынтымақта...