Рахымжан Отарбаев өзінің шығармашылығы арқылы бүгінгі қазақ әңгімесі қалай болуы керек деген сұраққа...
Джон Стейнбек Махаббат хақында
1958 жылы Америка жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Джон Стейнбек үлкен ұлынан хат алады. Жасөспірім баласы хатында мектептегі құрбысы, Сьюзен атты бойжеткенге көзсіз ғашық болғанын жазады. Жазушының даналық пен жылылыққа толы ұлына жауап хаты әлі күнге дейін өзекті. Стейнбектің ұлына хаты құрмет пен ізеттен тұратын ізгі қарым-қатынасын білдірсе керек. Оның үстіне бұл хат ғашықтықты сезіне білген әр оқырман үшін де маңызды болуы ықтимал.
«Қымбатты Том,
Анаң екеуміз хатыңды таңертең алдық. Мен өз ойыммен бөлісейін, әрине, Элейін саған бөлек хат жаза жатар.
Ең алдымен – егер сен шынымен ғашық болсаң – бұл өте жақсы. Ғашықтық – адам басынан кешірер ең ғаламат сезім. Ешкімге өз махаббатыңа күлуге, мазақтауға жол берме.
Екіншіден – махаббаттың екі түрі бар. Бірі – өзін ғана жақсы көретін, сараң, бақай есепке жүйрік, өзімшіл махаббат, ондай кезде адамдар бір-бірін пайдаланып, өзінің «менін» тойдыруға ғана ұмтылады. Бұл ауру махаббат. Екінші махаббат сенің бойыңдағы ең тамаша қасиеттердің бәрін ашады – мейірім, қамқорлық, құрмет. Мен жай ғана әдепті болуды айтпаймын. Терең құрмет. Өзге адамды ерекше, бағалы тұлға екенін сезіну. Бір махаббат сені бақытсыз, пәкене әрі осал сезіндіреді. Ал екіншісі – күш-қуатыңды күшейтеді, ерік-жігеріңді жаниды, бойыңнан өзге түгіл өзің де білмеген жомарттық пен даналығыңды ашады. Сен бұл бала махаббат емес дейсің. Егер сен сезімнің осынша тереңдігін сезіне білсең, онда бұл расында да жігіт желең болмағаны...
Ешқашан махаббатыңды жоғалтып алуға қорықпа. Егер сезімің шынайы болса, ол жоғалмайды. Алайда, сенің сезімің туралы менің сөйлегенім орынсыз болар. Өз сезіміңді сенен артық кім білсін? Сен оны бәрінен артық білесің. Не істеуім керек деп сұрапсың. Мен бір ақыл қосайын. Біріншіден, ләззат ал, махаббатыңа мас бол, осындай терең сезім бұйырғаны үшін разы бол.
Махаббаттың нысаны – бұл әлемде болуы мүмкін ең ғажап, ең жақсы жан. Соған сай болуға тырыс. Егер біреуді сүйсең, сезіміңді білдіруде тұрған еш сөкеттік жоқ. Тек кей адам өте ұялшақ болатынын ескергін. Сондықтан олардың жанын жаралап алмас үшін өте биязы әрі сезімтал болған абзал.
Қыз бала сенің сезіміңді сөзсіз-ақ түсіне алады. Алайда дауыстап айтылғанын қалап тұрады. Кейбір кезде махаббат жауапсыз қалады. Бірақ содан махаббаттың құны кеміп, тереңдігі таязданып қалмас.
Сөз соңында айтпағым – қазір жан-жүрегіңдегі ахуалды өте жақсы түсінем, себебі өзім де дәл сол сезімді бастан кешіп келем. Енді сенің де махаббатпен танысқаныңа өте қуаныштымын.
Біз Сьюзенмен қуана танысамыз. Біздің үйдің есігі ол үшін әрдайым ашық. Кездесудің мән-жайын Элейнмен сөйлескен жөн. Бұл оның еркіндегі дүние, ол қуана дайындалады. Сенің анаң да махаббат туралы көп біледі. Бәлкім, ол менен де артық көмектесер.
Ешқашан махаббатыңды жоғалтып алуға қорықпа. Ол шынайы болса, ешқашан жоғалмайды. Ең бастысы – асықпа. Жақсының бәрі бізбен мәңгілікке қалады.
Жақсы көруші Па!»
Аударған Шынар Әбілдә