Джон Голсуорси. Жанжал (новелла)

ӘДЕБИЕТ
882

Джон ГолсуорсиОрыс тілінен аударған Д. Әшімханұлы

I

Адамдық жақсы көру мен жек көрудің көпшілігіне тән бұның да психологиялық себептері белгісіз еді, бірақ, қалай дегенмен, адамдық жақсы көру мен жек көрудің көпшілігіне тән бұның да белгілі бір нақты басы болған — яки бар мәселе сол күні ұзын шұлықсыз сыртқа шығып кеткен Стирдің аяғын Бауденнің сары иті қауып алған сәттен басталған. Алайда деревнялықтардың миына сіңіп қалған әділет ұғымы бойынша сол күні Стир үйінен мылтық алып келіп, сары итті табанда атып тастамаса, бәлкім, бұл жанжалдан да бәлендей өрт шыға қоюы екі талай болатын. Ол ит бұрын да екі адамды қауып алған, сондықтан оны соншама жақсы көретін Бауденнің өзі де енді оған обал жоқ деп отыра беруіне болар еді, алайда Стирдің бұл қылығы оны заңды меншігінен ғана айырып қоймай, еркек басын мазақ етіп, қор етіп кеткендей көрінген де, көкірегіне қан қата қалған. Стирдің шыққан тегі солтүстіктен де, шығыстан да емес, қайдағы бір Линкольншир деген жерден-тұғын, қысқасы, ол өз фермасында будандастырып шығарған фирсланд-девон малдары сияқты өзі де бұл жерде бөтен адам болып есептелетін, сондықтан да Бауден сары иттің Стирді қауып алуының басты себебі осында деп білген. Өз иесі сияқты сары ит те осы бір жирен сақал, арық адамның өз фермасына кіргізген кез келген жаңалық атаулысына жаратпай қарайтын, қайдан жаратсын, ол ылғи да бұлардың алдын не бір сағат, не бір апта, не бір ай ерте орап кетіп отырады, бұл екеуіне тіпті оның шидей аяғы да, шілбиген денесі де, шалт мінезі мен шапшаң қимылы да ұнаған емес. Бауден, әрине, түсінеді, егер Стирдің иті бұрын екі адамды қауып, сосын өзін қапса, сөз жоқ, бұл да оны табанда атып тастар еді, бірақ Стирдің иті Бауденді қапқан жоқ, ал есесіне Бауденнің иті, міне, Стирді қауып тұр. Демек, Бауденның ойынша, бұның иті кімді қабуды, не үшін қабуды білген.

Ол итті көміп жатып: "Хайуан! Білем мен оның дәл жексенбі күні бұтын жылтыратып менің ауламнан неге шыға келгенін. Не істеп жатыр екен деп көрейін дегені ғой. Хайуан!" — деп, міңгір-міңгір етіп қойды. Иттің ырсиған денесіне әр күрек топырақты борп-борп тастаған сайын оның зығырданы қайнай түскен.

Ал итті көму оған оңайға соққан жоқ, қаншама уақыты кетті, қаншама күш жұмсады.

"Келді де, әй-шәй жоқ, менің итімді атып кетті және де жексенбі күні... ал енді мен оны ит боп көмуім керек", — деп ойлады Бауден, құдды Стирдің бетіне түкіргендей жерге бір түкіріп.

Жұмысты бітіріп, топырақ үйіндісін үлкен бір таспен бастырып, сосын сүйретіле басып үйіне қайтқан.

Асүйге кірісімен:

— Әй, қыз, — деді айқай салып. — Маған бір стақан сидр құйып әкелші,

Сидрді бір демде аузына төңкере салған соң:

— Мен оны кәдімгідей жерлеп қайттым, — деді маңдай терін алақанымен сүйкеп тастап.

Шындығына келгенде, ол тазы ит болатын, ферма үшін оның пәлендей пайдасы жоқ-ты. Төбет болса да Бауден оны ұрғашы иттей көретін. Бірақ "қаншық" дегенге аузы барған емес. Бауден сөйлесіп отырған қара торы, жалпақ бет қыз:

— Қандай аянышты! — деп, басын шайқап қойды.

— Несін айтасың! — деп, Бауден күрсінген болды. Бауден төбенің етегіндегі кей жері тақыр, кей жері шалғынды жүз акрден астам жерге иелік ететін. Әйелі жоқ, қолында кәрі шешесі мен жалғыз ұлы ғана бар-ды. Бұл өзі домалақ басты, қара шашты, бетінен қаны тамып тұратын сабырлы да салқынқанды адам еді. Ертеңін ойлап бас қатырып жатпайтын, бетіне бір қарағанда-ақ бұл адамның бір нәрсеге уайым жеп, әлденеге жүйке тоздырып жүрмегенін бірден сезе қоясың. Және бір қызығы, оны алғаш көргенде Батыс Англия тұрғындарына қандай ұқсас еді деп қалуың да мүмкін, ал шындығында Бауден мырзада оларға тән ешқандай қасиет жоқ-тұғын... Ол осы жердің ең байырғы тұрғындарының бірі еді, ал ата-бабасы өмір сүріп жатқан уақытта мұнда метрикалық кітапша дегеніңіз ешкімнің түсіне де кірген емес; олар есте жоқ ескі заманнан бері шіркеу старостасы болып келген. Жұрт "Бауден көке" деп атап кеткен ол бүкіл өмірін серілікпен, қызық-думанмен өткізіп, тоқсаннан асып дүние салған. Кіші Бауден, бұл Бауденнің де жасы әлдеқашан елуден асып кеткен, бірақ шашына бір тал ақ түспеген еді. Ол еш уақытта өзін жан қинайтын жұмысқа салып көрген емес, фермадағы жерінің барлығын дерлік негізінен жайылымға пайдаланатын. Ал егін егіп, фрисланд малын өсіріп, жаңа типті машиналарды жұмысқа пайдаланып, әйтеуір, қайдағы бір адам түсінбес істермен айналысып жүретін консерватор көршісі — Стирдің әрбір қызық әрекетіне ол консерваторлық кекесінмен қарайтын. Стир бұл жерге алғаш келген кезде, біреулердің жеке иелігіне басқарма болып қызмет істеген, жеті атасынан бері жеке меншік жері болып келе жатқан Бауденге мұндай келімсектің келе салып атқа мінгені тіпті артықтау көрініп еді.

Бауденнің шешесі, қызыл иегін малжаңдатып әзер сөйлейтін, сексен бес жастағы имиген арық кемпір күні бойы жылы бір жерге тығылып алып, қалғып-мүлгиді де отырады. Ал шашының сәл сарғыштығы болмаса, қалған жері түп-түгел Бауденнің өзінен айнымай қалған оның жиырма төрт жасар Нед деген жалғыз ұлы уақытының көбін ферма жұмысымен өткізеді. Айтпақшы, бұлардың сары итін Стир атып тастаған уақытта ол Стирдің Молли Уинч деген жиен қарындасымен әмпей-жәмпей боп жүр еді. Ол жөніндегі әңгімеге кейін оралармыз, ал қазір мынаны айта кеткен жөн: Бауденнің отбасында Пэнси атты тұлдыр жетім қыз күң есебінде үйдің бүкіл шаруасын атқарып жүретін еді. Ол бұрын аршадан басқа түк өспейтін әлдебір шөлейтті жерде тұрған да, кейін мұнда келіп, жылына он төрт фунтқа жалданып жұмысқа кірген. Жұмсақ қара шашты, қоңыр көзді, ақшыл өңді, жалпақ беттеу бұл қыз түрімен де, мінезімен де мұнда ешкімге ұқсамайтын; көбінде көңілсіз жүретін, тез ашуланатын, ал ашуланған кезде тауық сияқты "қыт-қыттап" шыға келетін; кейде тым ұсқынсыз көрінсе, енді бірде, әсіресе, бір нәрсеге ренжи қалған кезде әп-әдемі боп көрінуші еді. Отын жару, су әкелу, құстарға жем шашу сияқты барлық жұмыс соның мойнында болатын. Әрине, мұндай жұмыстар оны қатты шаршататын да, көп жағдайда жүйкесі су көтермей тұрушы еді.

Бауден сидр ішіп болған соң асүйдің алдына шығып, ауада ызыңдай ұшып жүрген қалың масаға еріне қарап тұрып қалды. Шүкір, күн райы жақсы боп тұр, шабындықтағы шөп те мезгілінде жиналып алынды. Енді бір мамыражай күн туған, осындай күндері еркін тыныстауды ол өте жақсы көретін. Еркін тыныстап тұрып, өмірі демалуды білмейтін, фермасына ылғи да бір "жаңалық" кіргізем деп тыраштанып жүретін көршісіне қызғана қарап қоятын. Ал қазір онысын қойған. "Көршілерден озам деп бұ шіркіннің қай күні көзіне қан құйылар екен. Көрерміз әлі кімнен кімнің озғанын!.. Көрерміз!.."

Жас Бауден сиырларды жаңа ғана сауып болып, енді оларды қақпадан шығаруға кіріскен. Міне, бұдан соң сыланып-сипанып алып, Стирдің жиен қарындасына кетеді! Кетсін!..Бірақ...осының өзі жөн болар ма екен?! Біреудің жөтелгенін естіп, ту сыртына бұрылған. Пэнси. Екі жеңін түріп алып арт жағында тұр екен.

— Ғажап кеш, — деді Бауден. — Ауа-райы өте жақсы боп тұр. Нағыз егін жинайтын уақыт. — Бауден өзінің эстетикалық сезіміне ерік берген кезде, бұдан келер қандайда бір пайда-зиянды уәж етіп сөйлесе, ал Стир мұндай жағдайда салқын ғана: "Иә, жақсы боп тұр" дегеннен әріге бармас еді. Стирмен тілдесе қалған кез келген адам оның бойынан өз мінезін ешқашан жасырып қала алмайтын алдыңғы қатарлы индивидуалисті бірден аңғарады. Ал Бауденмен апталап бірге жүрсе де, оның да индивидуалистік қасиеті Стирден бірде-бір кем еместігін ешкімнің байқай қоюы қиын-ды. Бір қарағанда Стир бүгінгі заманның нағыз "өркениетшіл" адамы боп көрінуі мүмкін, бірақ тереңнен зер салған жанға "өркениет, мәдениет" дегенге Бауденнің тым ертеден-ақ бой ұрғаны ап-анық сезіліп тұрар еді. Тек оның қорғаныс қабығы жұмсағырақ климатта пайда болған немесе баяғы бабаларынан қалған мұра болса керек.

— Қарай гөр, мына масаларың думандата бастапты, — деді ол — Бұл жақсылықтың нышаны, ауа-райы ашық болады.

Бұған келіскендей Пэнси де бас изеп қойды. Ол бір қолымен сүт тартатын машинаның құлағын бұрап, бір көзімен қақпаны жауып жатқан Недті бағып отырғанын Бауден байқап қалды. Бұл өзі қолдары күнге күйген, көмір қара шашын кейде бос қолымен артқа сілкіп тастап отыратын сүйкімді қыз еді, оның өз ұлынан көз алмай қарап отырғаны кәрі фермерге, неге екені белгісіз, жып-жылы әсер еткен.

"Нед сол мойын бұрса, қызың құлап түскелі тұр! — деп ойлады ол — Шіркін, Стирді өстіп бір жерге қаратса, жақсы-ақ болар еді: оның қара бақырлық құны жоқ жиен қарындасын мына қызға айырбастап жіберсе!.." Егер ол осы ойына сәйкес әлдебір шешім қабылдағысы келсе, біраз дүниенің басын қайырып та тастар ма еді, кім білсін; алайда Бауден ойлау жағына келгенде тым еріншектеу адам ғой; дегенмен көкірегінде жылт ете қалған бұл қиял қолына таяғын алып, өрістегі өгізшесіне жеткенше басынан бір сәт те кетпеген. Өлең шөп үстінде жайылып жүрген қызыл өгізшесіне сүйсіне қарап, ол біраз тұрып қалды, ал төбесінде, сонау биікте қарлығаштар ұшып жүрді. Өгізшенің тұрқы қазірдің өзінде көз тойдырады, енді бір жылдан соң бұл Стирдің мақтанып жүрген анау бұқасынан асып түспесе, кем түспес, по, но, дәл солай! Бауденнің кенет көкірегін қуаныш кернеп шыға келді. Бұл — фермерлерде сирек болатын қуаныш еді. Бұл — оның көз алдында көсіліп жатқан кең алқабының мұрын қытықтар хош иісінен, сол алқапқа жылы шуағын молынан төгіп тұрған күн нұрынан, төбесіндегі көк аспан мен табанындағы қара жерден, қалың қамыс арасында сылдырай ағып жатқан өзеннен, бозторғайдың шырылы мен ағаш жапырақтарының сыбдырынан, қызыл өгізшенің жылт-жылт еткен түгі мен тұяқтарының сыртылынан оянған қуаныш еді. Шөп арасынан жүгіріп шыққан үш қоян, әне, бірін-бірі қуалап ағаш ішіне кіріп барады. Осындай қояндарды екі аттатпай іліп түсетін бұның сары итін ана малғұн атып тастады!

"Менің итімді... менің ең жақсы итімді атып тастады, — деді ол іштей кіжініп. — Көрерміз әлі! Көрерміз!"

II

Пэнси сүт тартатын машинаның құлағын бұрай отырып, оның ыңырсыған үнімен бірге қай-қайдағы көңілсіз ойларға берілген. Жұмысы адам төзгісіз еді. Соңғы уақытта тіпті бел жаза алмай қалғаны бар, бойын сәл тіктесе болды, екі бүйірінің ортасы удай ашып қоя береді, өйткені шөп науқаны кезінде бір апта бойы екі аяғынан тік тұрып, шөпшілерге қызмет жасағаны ақыры белден ұрып тынғандай. Бұған қоса ішкі мұңы да жеткілікті: анау Молли Уинч пен басқа қыздар сияқты бірде пианинода ойнап, енді бірде өзіне көйлек тігіп отыратын бұның бос уақыты қайда!

Ол өзінің түкті қалың юбкасын алақанымен сипап қойды. Осы бір тозығы жеткен қара юбкаға қараған сайын жүрегі айниды. Бұдан құтылатын қашан күн туар екен? Сеператор құлағын ол шапшаң бұрай бастады. Бұдан басқа да жұмыстары бастан асады: бұзауларға жем беру, кешкі асты дайындау, үйдің ішін жинап-тазалау... Осылардың бәрін тап-тұйнақтай қылып тындырғаннан кейін ғана үстіне мерекелік киімдерін киіп, шіркеудегі кешкі дұғаға баруына болады - оның жексенбі күні бір жасап қалатын сәті де осы еді. Нед Бауден! Қыздың қиялға беріліп кеткені сондай, бір сәт өзін жап-жасыл жасаң төсінде Недпен бірге шіркеуге кетіп бара жатқанын... ал сосын екеуі күңгір-күңгір еткен шіркеу ішінде қатар тұрып, әндете дұға оқып тұрғандарын елестетіп үлгірді.

Қызық! Нед сеператор жанынан өтіп бара жатып, бұған біртүрлі көзқараспен қарап қойды, құдды бұның не ойлап отырғанын сезіп қалған секілді. Қыздың беті қызара қалды. Өз ойынан өзі ұялғандай. Бірақ жап-жас басымен қалай ойламай отыра алады. Әсіресе жігіт туралы. Күні бойы күншуақта отырып, кәрі сүйегін жылытқаннан басқа ештеңе білмейтін бұл анау Бауден кемпір емес қой.

Пэнси сеператор құлағын жұлып алардай жұлқына бұрады. Қашан ғана таусылып бітер екен мына сүт! Ал Нед бұның мерекеде ғана киетін көк көйлегін әлі бірде-бір рет көрген жоқ; өйткені ол әр жексенбі сайын таңертең ерте тұрып, өзінің Моллиіне кетіп қалатын. Бұл болса, мынадай кең етекті қалың юбкасымен үйде қала береді. Шындығында бұл юбка Пэнсиді қандай жуан етіп көрсетеді десеңші! Ал қолдары!.. Ол күнге күйіп жарылып кеткен тілім-тілім қолдарына ызалана көз салды. Сөйтіп отырып тағы да бір қызық көріністі көз алдына әкелді. Ол Молли мен өзін жалаңаш күйде елестетіп көрген. Иә, екеуі де жалаңаш қатар тұр. Тфу, бұл Молли Уинч дегеніңіз, сөз жоқ, бұдан екі есе жуан ғой. Бұған ол бір жағынан қуанса, екінші жағынан секем алған. Әрине, жіңішке, нәзік болған жақсы, алайда еркектерді кейде тығыршықтай тығыз дене де қызықтыратыны бар ғой.

Ол сүт тартып болған соң, кілегейін айырып алған бір шелек көк сүтті көтеріп, сиыр қораға кірді де, оны бұзаулардың алдына қойды. Таласа-тармаса сүтке ұмтылған қызыл танауларды шелекке кезекпен жіберіп, тағы біраз уақытын рәсуа еткен. Қора іші тым лас екен, бұны да тазалап тастамаса болмайды, — әйтеуір, бір жұмыстан кейін бір жұмыстың табыла кететінін қайтерсің... Ақыры қорадағы жұмысты бітіріп, бос шелекті даңғыр еткізіп лақтыра салып, ол енді тезірек кешкі дастарқанды жайып жіберу үшін үйге қарай жүгірген. Бауден кемпір бұның әр қадамын, әр қимылын қалт жібермей бағып отырғаны байқалады. Баға берсін! Бәрібір бұның жұмысы ешқашан таусылып біткен емес. Және ешқашан бір жұмысты ерте бітіріп үлгірген де емес. Әсіресе мынадай асыққан уақытта!..

Дастарқанда міне — ет, сидр, ірімшік, тұздалған қияр — тағы не жетпей тұр? Салат! Ой, онысы жуылмаған екен ғой, ал Бауден салатты өте жақсы көрмей ме! Алайда қазір бұған әр минуты қымбат! Егер үстелге кілегей қоя салса, мүмкін ол салатты ұмытып кетер? Пэнси тастан қаланған тар дәлізбен салқын қоймаға барып, қайнатылған қаймақ алып келді.

— Миссис Бауден, үстелге мысық шығып кетпесін, қарай отырыңызшы! — деп ол бұрандалы баспалдақпен жоғары шыға жөнелді.

Жоғарыда ол жататын бөлме кеме каютасынан көп үлкен емес еді. Иллюминатор сияқты кішкентай терезе пердесін түсіре салып, үстіндегі жұмыс киімдерін төсегінің үстіне бірінен соң бірін лақтыра бастады. Ол апта сайын киімдерін өстіп ауыстыратын. Көйлегі жыртық еді, асыға шешінген кезде қолтық астын тағы да дар еткізді. "Дұрыстап жуынып алуға да үлгірмейтін болдым-ау!" деп күйінді ол. Сосын орамалын сулап алып, өзінше сүртініп-тазаланған болды да, абын-күбін киінуге кірісті. Осы мезетте шіркеу қоңырауы да соғылған. Қуықтай бөлменің іші тым ысып кеткен, қыздың маңдайынан шып-шып тер шықты. "Осы маған Молли Уинч сияқты екі қолын алдына салып қана отыратын күн бола ма, жоқ па?" деді ол ызалана тістеніп. Бөлме төбесінің бір бұрышында бармақтай үлкен өрмекші бұның әр қимылын қалт жібермей қарап тұрғандай көрінді де, Пэнсидің тұла бойы дір ете қалды. Ол өрмекшіні өте жек көруші еді, әсіресе, оның түк-түк болған түрінен қорқады. Бірақ қазір оны түртіп қалып жерге түсіріп мыжи салуға да уақыты жоқ. Нед аулаға шықпады ма екен деп, перде саңылауынан сыртқа тез көз жүгіртіп өтті де, сосын қолына мамықшасын алып, беті мен мойнын опалай бастады. Ең бастысы, майланып тұрмаса болды да. Кең жиекті сабан қалпағын киіп, қарсы алдындағы табақтай айнаның алдында сыланып-сипанып біраз тұрып қалды. Опаның фиалка тектес иісі аз да болса жанын рақатқа бөлегендей болды. Неге ғана шашы мұндай жұмсақ болды екен — көтеріп сәндеп қоюға әсте көнбейді құрғыр! Жұмсақтығын қойшы, Молли Уинчтікі сияқты бірден көзге түсетін алтын-сары түсті болса ғой! Ернін жымқыра тістеп, айнадағы жүзіне бір түрлі мұңая қарады. Сонан соң жіптен тоқылған ақшыл биялайы мен дұға кітапшасын қолына ұстап, есіктен жайлап шыға берді. Шығып бара жатып есіне әлдене түскендей босаға тұсында сол кідіре тұрды. Сырттан ешқандай дыбыс естілмейді, тып-тыныш, әкелі-балалы Баудендер мен кәрі кемпір тұратын үлкен бөлменің есігі сырт жақта еді. Журналдағы әдемі бикештер сияқты баспалдақтан қалай кербездене түсіп келе жатқанымды Нед көріп тұрса екен деп ойлаған ол. Бірақ Нед Молли Уинчке баруға жиналып жатса, бұған несіне қарайды, оның өз қызығы өзінде емес пе! Пэнси бұрандалы баспалдақпен төмен түсе бастады. Кіре берістегі қалқайма төбесінде шыбын-шіркейлер әлі де құжынай ұшып жүр, тоғанда жүрген үйректер кешкі салқынмен қанаттарын тазалап жатыр. Пэнси Недті әдейі күтіп тұрғанын білдірмес үшін кіре берістегі орындыққа отырмады, баспалдақ таянышына сүйенген күйі екі аяғына кезек салмақ түсіріп, шамалы дамыл тапқан; мұрнына опамен қоса маңайдағы мал қора мен қураған шөптің иісі келеді. Қоңырау даусы тынған. Күту керек пе, жоқ па? Мүмкін ол шіркеуге бүгін бармайтын шығар, тек әншейін Молли Уинчпен таза ауада серуендеп қайтуы мүмкін ғой. Жо-жоқ, бұл Молли Уинч дегеніңіз өте діндар қыз, ол еш уақытта шіркеу дұғасынан қалған емес, қалмайды да. Бірақ, кім білсін, Нед үшін бәрін де садақа етіп жіберетін қыз ғой ол. Осы ой оның жүрегін шым еткізген. Қандай әділетсіздік! Жаратқанның жомарттығы біреуге қол, біреуге шел! Кенет... баспалдақтан түсіп келе жатқан ауыр бәтеңкенің дүрсілі естілді. Сол! Недтің өзі! Пэнси алды-артына қарамай жүгіре жөнелді де, дуал қақпасынан зып етіп өте шығып, алқапқа қарай созылып жатқан қара жолға түсті. Арбаның қос доңғалағы әзер сыятын бұл жолдың үсті ыбырсыған шөп-шалам — соңғы шабылған шөп әлі жиналып үлгірмеген, ауадан оның қышқылтым иісі білінеді. Дүние күйіп кетсе де асықпайтын Бауден атаулыға тән мимырт жүріспен арт жағында Недтің балпаңдай басып келе жатқанын сезген қыз өз жүрісін біртіндеп баяулата берген. Сосын тағы бір оншақты қадам жүргенде ол бұны қуып жетті; шашына жылтырата май жағып алыпты, үстіне шұғадан тігілген мерекелік костюм киген. Жаңа ғана жуынып шыққаны байқалып тұр, қызыл шырайлы өңі жылт-жылт етеді, көздерінде де бір әдемі ұшқын бар. Қысқасы, басынан аяғына дейін көз тартатын нағыз жігіт бола қалыпты. Бұған қарамай өте шығар ма екен, әлде қатарласып бірге жүре ме? Жоқ, озып кетпеді... Қыз жүрегі дүрсілдей соқты, маңдайынан шып-шып тер шыға қалды, термен бірге опа иісі білінді... Жас Бауденнің темірдей қатты қолы бұның иығына тиді... Қыздың денесі дір ете қалып, көзін жұма берді.

— Байқауымша, біз кешігіп қалған сияқтымыз, — деді жігіт.

Осы сәтте көзін қайта ашып алған қыз жігіт жүзіне батыл назар аударған.

— Демек... сен Молли Уинчке бара жатқан жоқсың ба?

— Жоқ, бұдан былай біздің сары ит туралы әңгімені естігім де келмейді.

Өз айының оңынан туа қалғанын бірден сезе қойған қыз:

— Иә, оның нағашысы нағыз иттік жасады; ал анау Молли маған сенсең иттен бұрын тек нағашысының намысын жыртып жүр.

Нед оның қолын қыса түсіп:

— Жүр, аулаққа шығып, демалып қайтайық, — деді. Екеуі көк шалғыны тізеден келетін сарғалдақты кең алқапқа қарай қол ұстасып жүріп кетті. Әлдеқайдан көкектің даусы естілді. Самал желмен ағаш жапырақтары сыбдыр-сыбдыр етеді. Жас Бауден дымқыл тартқан қалың шөптің арасына жайғаса отырып Пэнсиді аймалай бастады...

ІІІ

Бір-бірінен ат шаптырым алыс жатқан фермалар мен деревнялар арасында өсек-аяңның тез тарай қоймайтыны белгілі, сондықтан Стир жиен қарындасының қорланғанын алғаш рет Бауденнің өзінен естіген. Стир әдетте жеті миль жердегі базарға рессорлы арбамен баратын: бұл арбасы барар жолда — әр түрлі ауыл шаруашылық өнімдеріне, қайтар жолда — қант, шай, ұн сияқты дүкен тауарларына толы болады. Арба үстінде ол өзін өте сабырлы ұстайды, ал көз қиығы ылғи да көк биесінің құлағында тұрады. Жиен қарындасын кейде қасына отырғызып алатыны бар — ол өзі деревня тірлігіне икемсіз, жаратылысы нәзік қыздардың бірі еді. Есесіне пианинода жақсы ойнайтын және біршама сауатты да еді. Стирдің ауру қарындасына қара тиын қалдыруға шамасы жетпей, ертеректе көкжөтелден көз жұмған оның әкесіне Стирдің аса құрметі болмаса да бұл қызды ол жақсы көретін. Молли — бет-әлпеті жұқа, жүзі жылы, иегі сол сүйірлеу, кей сәттерде бетіне лып етіп қызыл қаны ойнап шыға келетін, көздері мөлдір, бір сөзбен айтқанда, өте сүйкімді қыз болатын.

Стирдің көк биесі осы жеті миль жерді небәрі қырық-ақ минутта жүріп өтетін, бұл оған әрдайым риза еді. Ал бүгінгі ризашылығы тіпті бөлек, өйткені Бауденнің атын жолда шаң қаптырып кетті ғой. Олар қатарласа бергенде тек мына бір сөздерді айтуға ғана үлгірген.

— Қайырлы таң, Бауден!

— Қайырлы таң! Миссис Молли, саламатсыз ба? Соңғы уақытта көрінбей кеттіңіз ғой. Мен сізді бір жаққа кетіп қалды ма десем.

— Жоқ, мен үйдемін, мистер Бауден.

— Сіздің аман-саулығыңызға мен өте қуаныштымын. Меніңше, Недтің сізге баруға уақыты болмай жүрген сияқты.

Осы тұста Стирдің биесі Бауденнің атын басып озып жүре берді.

"Менің жалғыз кәрі бием оның екі атына тұрарлық" деп ойлады Стир.

Сосын Бауденнің арбасы қара шаңға көміліп, көзден алыстап кеткен кезде, Стир жиен қарындасына бұрылып:

— Сенің анау жас Бауденмен жағдайың қалай? Соңғы рет қашан көрдің оны? — деді.

Қыздың еріндері дірілдеп, қабағы кіржие қалғанын оның өткір көздері қалт жіберген жоқ.

— Міне... бір айдан асты.

— Сола-ай де! — деді Стир. Бұдан әрі ештеңе деген жоқ. Бірақ биесіне қамшыны қаттырақ басып жіберді де: "Жетіскен екенбіз! Со жігіттің түрі маған баяғыдан ұнамаушы еді, міне, енді бізді масқаралап кетті деген осы!" — деді ішінен.

Стир жаратылысында ұстамды адам еді, үйге қайтып келде жатқанда әдетте "Аждаһа" трактиріне соғып, тек бір рюмка ғана қызыл шарап ішетіні бар-тұғын, ал бүгін Бауденнің мазағына шыдай алмай екі рюмканы бірден аузына төңкере салды. Бауден бұл мазағымен не істейін деп жүр екен бұларға?

Стир тек ұстамды ғана емес, кең ақылдың да адамы еді, бір-екі аптаға дейін ол әліптің артын бағып, мән-жайды тек сырттай бақылаумен болды. Алайда Нед Бауденді не шіркеуден, не өз фермасының маңынан көре алмады. Моллидің өңі бозарып жүдеп кетті. Стирдің біртіндеп жаны күйзеле бастаған. "Ол егер қызға берген уәдесінде тұрмаса, мен оны сотқа беремін, — деді ол — Көреміз сосын күшіктің қалай күшейгенін!"

Стир көрші-қолаң, таныстардан қалай алшақтау жүрсе, олар да бұдан солай алшақ жүретін, сондықтан Молли жөнінде жаңа бір әңгіме естігенше тағы бір апта өтіп кетіп еді. Ол әңгіме мынау болатын.

Приход жиналысынан шыққан беті еді, мектепте мұғалім болып істейтін, көпке сыйлы кәрілеу әйел бұны оңаша шығарып алған да:

— Моллидің жүдеп, мұңайып жүргені маған ұнамайды, мистер Стир, — деген ол — Нед Бауденнің қылығы мені қатты алаңдатады.

— Ол не істеп қойыпты сонда?

— Естімедіңіз бе?.. Ол анау Бауденнің үйінде жалшы боп жүрген қызбен көңіл қосып жүрген көрінеді ғой.

Стир елең ете қалды. Мәссаған! Ол бұның алтын асықтай жиен қарындасын қайдағы бір қаңғыбас қаншық үшін тастап кеткенін бүкіл округ біліп қойғаны ма сонда? Солай болғаны ғой! Және баяғыда-ақ біліп үлгірген ғой! Кешкісін ол жиеніне:

— Мен Баудендерге барамын, — деді төтесінен. Қыздың жүзі қып-қызыл боп кетті де, артынша бозара қалды.

— Мен сені бүйтіп қорлата алмаймын, — деді Стир. — Бұл ойындарынан ештеңе шықпайды. Әкелші оның берген сақинасын, мүмкін қажетіне жарап қалар.

Молли саусағындағы сақинасын оған үнсіз суырып берді.

Стир ең жақсы деген қалпағы мен шалбарын киіп, қолына жіңішке таяғын ұстап, үйден шығып кетті.

Егін орағы кезі еді. Ол өзінің бидай алқабын кесіп өтіп, Бауденнің сұлы танабына түсті. Бүкіл округ бойынша жалғыз Стир ғана бидай өсіретін. Бидай! Бауден бұны тек "еріккеннің ермегі" деп біледі. Бидайдың сабанына дейін жерде қалмасын ол қайдан білсін. Ал сұлының дәнінен басқасы не іске жарайды.

Ол аяғын сары ит қауып алғаннан бері Бауденның фермасында болған жоқ еді, енді сол туралы ойласа болды, балтыры сыздап қоя береді — атаңа нәлеттің тісі мұндай ұлы болар ма!

Оған есікті Пэнси ашқан. Бұны көргенде беті қып-қызыл боп шыға келгенін байқап қалған Стир: "Мына таяқты арқаңда біраз ойнатса, білер едің сен қыз біреудің жігітімен қалай жыртыңдасқанды!" — деп қойды.

Бауден жаңа ғана шошқа етін жеп, сидр ішіп, енді лапылдай жанған оттың алдында трубкасын баптай сорып отырған. Бұны көргенде орнынан да тұрған жоқ, тек отырыңыз деген ишарамен қарсы алдындағы орындыққа иек қаққан, бұнысы Стирге әдейі қорлағандай көрінді. Ол таяғын екі аяғының ортасына қыстырып қойып, отырды. Ал қыз жылдам шыға жөнелді.

— Тамаша кеш, — деді Бауден. — Орақ кезінде күн оң қабағын танытып тұр. Сидр ішкіңіз келе ме?

Стир басын шайқады. Ол мұндай сәттерде бірден шабуылға көшпей, мәселені алдымен байыптап, саралап алатын сақтау адам еді. Бауденнің кәрі шешесі кішкентай каминнің жанында отырған, сондықтан оның бүкірейген арқасынан басқа ештеңесі көрінбеген. Шолақ құйрық ақбас ит ұзынынан созылып жатыр; оның жанында мұртын жалап қойып бір сары мысық отыр; бөлмеде бұдан өзге қыбыр еткен тіршілік белгісі білінбейді, өлі тыныштықты тек сағаттың бірқалыпты соққан сыртылы ғана бұзып тұр.

Стир аметист деп аталатын көкшіл түсті асыл тас қондырылған алтын сақинаны қойын қалтасынан алып, Бауденге көрсетті.

— Мынаны көріп тұрсың ба?

Бауден оның сөзіне де, өзіне де ешқандай мән берместен басын жайлап бұрып, сақинаға көз салды.

— Ал көріп тұрмын. Бұнымен не айтайын деп едің?

— Бұны менің жиенім некелесуге уәде ретінде алған екен. Осы уәде орындала ма, жоқ па?

— Менің бұған қандай қатысым бар? Недтен сұра. — Стир сол жақ қолының білезік тұсын саусақтарымен жымқыра қыса түсті.

— Бұл әңгіме жұрттың арасына да тарап кеткен көрінеді, — деді ол. — Сондықтан... мәселе мынада, егер ол уәдесінде тұрмаса, мен оны сотқа беремін. Мен әрқашанда өз жиенімді тағдырдың Недке сыйлаған үлкен сыйы деп білемін, ал Нед егер осыны түсінбей оны қорлағысы келсе, қатты қателеседі. Бұл жолда мен ештеңеден аянып қалмаймын. Айтайын дегенім осы!

Бауден темекі түтінін аузынан бұрқ еткізді.

— Нед жас бала емес!

— Демек, сен оны қолдайтын болғаның ғой? Бауден басын еріне бұрды.

— Мені қорқытпай-ақ қой. — Темекі түтінін бір езулеп тағы да бұрқ еткізді. Стир темекі тартпайтын, темекінің мына ащы түтіні оны тіптен ызаландыра түсті.

— Балта сабынан ұзамас деген осы, — деді ол — Әкеңнің қандай адам болғанын жұрт жақсы біледі.

Бауден трубкасын аузынан жұлып алып, уысына оны сығымдай қысқан.

— Эй, сен... кәрі шешемнің көзінше мұндайды айтуға қалай дәтің барып тұр! Шық, көне, үйімнен! Шық!

Стирдің қаны басына шауып, арықша беті күреңітіп шыға келді.

— Бұл кемпірдің тас керең екенін сен менен гөрі жақсы білесің.

Бауден трубкасын аузына қайта тықты.

— Жоқ, сенен инабаттылық күткенше шошқадан сәлем күткен дұрыс шығар, — деді ол мырс етіп.

Стирдің жирен қылшықты жұтқыншағы бүлк ете қалды.

— Сенің балаңа бір апта мерзім беремін, ал сосын — имандарыңды үйіре беріңдер!

Бауден қарқ-қарқ күлді.

"Күл, күл, — деді Стир. — Кейін кімнің күлетінін көреміз әлі".

IV

Бүкіл болмысынан қара шаруаның иісі аңқып тұрған Бауден сияқты адамнан адамгершілік, ар-ұят дегендерді қолыңа шырақ алып іздесең таппайтының анық шығар. Бәлкім, Стир оның итін атып тастамаған жағдайда, жалғыз ұлының жалшы қызбен шатасқаны оны әлдеқайда қатты мазалар ма еді. Ал қазір Стирді дер кезінде жерге қаратып кетті деп оларға дән риза болып жүр. Екіншіден, деревнялық әділ сот шешіміне еш қарсылық көрсетпестен итін оққа байлап жібергені де оны бұдан әрі көп қайғырта қоймаған. Ал сот мәселесіне келсек, атам заманнан Баудендер мекендеп келе жатқан бұл жерде заң дегеннің не екенін сездіретіндей тіпті жөні түзу полиция да болған емес. Мүмкін содан да шығар, басқаны былай қойғанда, Бауденнің өзі де байқатпай заңды жиі бұзып тұратын: үйірінен бөлініп қалған қырғауылдарды атып алады, күн сайын таңертең және кешкілік уақытта өз алқабындағы қояндарға тұзақ құрып жүреді, қойларын дер кезінде дезинфекциядан өткізбейді, тағысын тағы. Ол үшін бір мәселенің басы ашық — заң деген тас қамал емес, оны қай уақытта да айналып өтуге болады. Және оның үстіне Нед қандай заңды бұзып қойыпты со құрлы? Жоқ, бұның бәрі Стирдің бос сандырағы.

Осындай ойда жүрген ол үш аптадай уақыт өткен кезде, Недтің Жоғарғы соттан шақыру қағазын алғанын көріп, қайран қалғаны бар. Некелесуге берген уәдесін орындамағаны үшін жауапкер бес жүз фунт стерлинг айыппұл төлеуге тиіс екен! Бұл адам естімеген сұмдық қой, әсіресе, мынадай соғыс уақытында! Сонда қалай, Нед өз жүрегі қалаған адамды өзі таңдап алуға құқы жоқ па? Бауден қағазды отқа бір-ақ атқысы келген. Бірақ Нед екеуі бұл қағазға қараған сайын әр түрлі ойға беріле түскен. Әрине, адвокаттан қайыр күту қиын, ақша сорғаннан басқа олар не біледі, бірақ, қалай болғанда да, қағазды адвокатқа көрсеткен жөн шығар?

Сондықтан олар көп өтпей-ақ қағазды қолдарына алып "Эпплуайт және Картер" кеңсесіндегі Эпплуайттың алдына келген. Бұл жерде алдымен өздері тергеуге түсіп еді. Нед ол қызбен сөз байласқан ба? Иә, солай десе де болады. Ал Нед уәдесін қалай бұзып жүр? Бұл ниетін қызға білдіру үшін оған хат жазған ба? Жоқ! Ал қыздың өзі оған "Не боп қалды?" деген сыңайда хат жазып па еді? Иә, жазған. Екі рет. Оған жауап берді ме? Жоқ! Мүмкін ол қызбен бетпе-бет жүздесіп, ойындағысын сонда айтқан шығар? Жоқ! Қызды ол бір жарым айдан бері көрмеген. Ал қазір оның қызбен жүздесуге немесе хат жазуға құлқы бар ма? Жоқ! Жалпы оған үйленгісі келе ме? Жоқ! Неге?

Бұған не десек екен дегендей Нед әкесіне қарап қойды. Олар Пэнсиге үйлену жөнінде ешқандай сөз қозғамаған.

Мистер Эпплуайт жаңағы сұрағын тағы қайталады. Нед оған не деп жауап берерін білмеген.

Егер бұны Нед білмесе, басқа ешкім де білмейді деп ойлады адвокат. Оның Моллиге деген сезімінің суып кету себебі неде?

Бұл сұраққа шал Бауденнің өзі жауап берді.

— Ол менің итімді атып тастады.

— Кім?

— Стир.

Мистер Эпплуайт бұл жерде иттің қандай қатысы барын тіпті де түсінбеген. Егер бар мәселе тек осыған ғана тіреліп тұрса, жас Бауден не қызға үйленуі керек, не "өзін де иттей қып атып тастаймыз" дегенге дайын болуы керек, деп ойлады ол Сосын Недтің жүзіне қадала қарап отырып:

— Сіздің қызға тағар қандай кінәңіз бар? — деді. Жоқ, ол бұған да ештеңе айта алмады.

— Ендеше оған неге үйленгіңіз келмейді? — Нед қазандай басын тағы шайқап қойды. Адвокат амалы құрығандай иегін сипай берген. Ол тергеп отырған адамын алдап түсіруге өте шебер еді:

— Сіз былай... ойлап көріңізші, — деді сосын, — Осы бикешке қатысты мәселеде, мисс Уинчті айтам да... Бұл туралы сұрағаныма кешіріңіз, алайда... уақытынан бұрын қол жүгіртіп қойған жоқсыз ба?

Нед бұл жолы да басын шайқады. Жоқ! Ондай болмаған. Егер мұндай жағдай бола қалса, әрине, ол Пэнсиге көз салуы екіталай еді.

Байқауымша, бұл жерде тағы бір қыздың қатысы бар сияқты, — деді адвокат кенет. — Жарайды, онда менің шаруам жоқ. Үйленесіз бе, әлде айыппұл төлеп құтыласыз ба, оны өзіңіз білесіз. Бірақ бұл ойыншық емес. Сондықтан әкеңіз екеуіңіз үйге барған соң дұрыстап ақылдасыңыздар. Қандай шешімге келгендеріңізді сосын маған айтарсыздар. Егер соттасамыз десеңіздер, онда Лондонға баруларыңызға тура келеді. Ал соттағы сөздеріңіз неғұрлым қысқа болса, соғұрлым пайдалы болмақ. Қысқасы, өз қателігімізді түсіндік те, қызбен байланысты бірден үзуді жөн көрдік дей салсаңыздаршы. Егер адам адал да шыншыл болып көрінсе, присяжныйлар оған түсініктікпен қарайтын да кезі болады.

Баудендер үйіне қайтқан. Жолай оларды Стир қуып жетіп, оза берді. Арбасында ол жалғыз екен. Ол жандарынан өте берген кезде, Баудендер қарқ-қарқ күлген-ді. Сосын шал Бауден айқай салып:

— Бар! Шапқыла! Қанша жерге шабарыңды көрерміз, — деді.

Бұны Стир естісе де естімегендей болған, бірақ құлақ-шекесіне дейін қызарып кетіп еді.

Оның қарасы көрінбей кеткен кезде, Бауден ұлына бұрылып:

— Бұл итті мен әлі талай терлетемін, — деп қойды.

— А, иә, — деп ұлы оны қостаған болды.

Бірақ оны қалай терлетіп, ал өздері құп-құрғақ боп қалуларына болады? Міне, Баудендерді қинаған сұрақ осы. Бірақ қанша қиналса да екеуінің бірі де Пэнсиді есіне алмаған. Бұл әрине олардың намысын қытықтар еді; сондықтан екеуі де көзге көрініп тұрған фактінің ғана ұштығынан ұстауды жөн көргендей. Ақыры ұзаққа созылған үнсіздікті шал Бауденнің өзі бұзған.

— Егер сен сөзіңнен жаңылмасаң, олар саған түк те істей алмайды, Нед, — деді ол — Сен оған ештеңе жазған жоқсың. Оған сенің үйленгің келмегенін олар қалай дәлелдей алады? Олар өз ботқасын өздері жей берсін, ал сен табандап тұрып ал, ешнәрсені мойындама. Өзіңнің кінәлі емес екеніңді ана адвокатқа түсіндіріп бақ.

Нед бас изеп қойды, бірақ сырттай мығым көрінгенмен бұның бәрі оп-оңай дүние емес екенін іштей жақсы сезінген. Пэнсиге деген ыстық-суығы әлі басыла қоймаса да, алғашқы махаббаты қайта бас көтеріп келе жатқандай еді — неге екені белгісіз, соңғы кезде ол Моллиді жиі-жиі сағынышпен еске алатын болған. Егер Стир осы әрекеттерінің бәрін қоя қойса, бұдан әрі істің қандай бағытқа бұрыларын болжау қиын еді.

V

Стир "бұл екі есалаңды" сотқа берген тұста, оны мен жиен қарындасы арасында да қолайсыз жағдай туып, бұның өзі онсыз да қиюы қашқан тірліктің қисынын кетіре түскен. Қыз күтпеген жерде "нағыз ледилік мінез" танытқан да, өзін жерге қаратып кеткен жігітті сот алдында сүмірейткісі келмеген. Ал Стир жас Бауденді "сүмірейту" арқылы шал Бауденнен өш алуды ойлағаны анық. Бірақ қыз Недтен күдерін үзбеген еді; ол оған ылғи да қайтып келетін сияқты көрінетін, қайтып келмесе — көз жасын үнсіз төккеннен әріге бармас та еді. Сөйтіп нағашылы-жиенді екеуі көпке дейін бір мәмілеге келе алмаған да, ақыры Стир оны алдап көндіруге көшкен: Недті қайтарып алудың бір-ақ жолы - оны сотқа беру! Стир қызды осыған көндіргенмен ішінен ар-ұяты қатты мүжіген-ді. Өйткені ол жиенін өте жақсы көруші еді, шындығында, Недті сотқа беру — оны мүлде кері итеру екенін ол тамаша түсінген. Алайда оның ойында тек шал Бауден ғана тұрды — бес жүз фунт Недтің емес, сол қырсық шалдың қалтасынан шығады ғой!

Стирдің тұқым себетін бір агрегат машинасы бар еді, соны көктем сайын көршілері кезектесіп пайдаланатын. Ал биылғы жылы дәл Бауденнің кезегі келген кезде Петриктің фермасында тұрған сол агрегатты Стир оз фермасына ала жөнелген. Неге? Не үшін? Бұны ешкімге айтпады да. Бауден агрегатты өз кезегі келгенде Петриктен алып пайдалануды ар көрмес еді, бірақ, Стирдің "керек болса өз қолымнан келіп ал" дегендей қылығына қатты жыны келген. Бұны ашық жаулыққа балаған ол "Үш жұлдыз" қонақүйінде сидр ішіп отырғанда, бүкіл жұртқа естірте:

— Біздің Нед Стирдей хайуанның жиеніне үйленгенше өлгені артық! — деп салған.

Бұл сөз жұрт арасына тез тарап кеткен де, Пэнсиден көңілі суи бастаған Недтің енді Моллиге қайта баратын жолы түп-түгел жабылған да қалған. Шындығында, сотта жауап беретін де оның әкесі емес, өзі еді, ал Недтің Молли Уинчке қояр ешқандай кінәсі де жоқ.

Бұл жанжалды енді бүкіл деревня біліп болған кезде, оның себебі тіпті ұмытылып та кеткен. Басқаны қойып Баудендердің өзі де кезінде сары иттері болғанын, ол Стирді қауып алғанын, ал Стир оны атып тастағанын әлдеқашан естерінен шығарып үлгірген; бүл уақытта Нед пен Пэнси арасындағы "ыстық махаббат" та суып қалған, оның ақыры немен бітетіні және белгісіз еді.

Егін орағы аяқталған, папоротник те шауып алынған; Атлант мұхиты жақтан соққан күзгі суық жел аспанға бұлт үйіріп, салқын жаңбыр жерді жиі-жиі сабалап өтеді: қайың жапырақтары сарғайған, ал бук ағашының күлтеленген басы түлкі құйрығындай қызарып көрінеді.

Молли Уинчтің еш жерде төбесі көрінуді қойған, ал Бауден мен Стирді күн сайын қатар жүреді десе де болғандай, бірақ бірін-бірі көргенде екеуінің де жүндері тікірейе қалатыны анық. Есесіне жұрттың көбі Пэнсиге сұқтана қарап өтеді. Бірақ ол да қазір көзге сирек түседі, өйткені, соңғы кезде фермадан ұзап шықпаушы еді. Неге шықпайтыны, неге жұрттың сұқтана қарайтыны, әрине, белгілі...

Барлық қырсықтың некелесуге берген уәдеге тұрмаудан басталғанын жұртқа жайып салуға жаратылысынан томырық мінезді Стир дәрменсіз еді. Сондай-ақ Баудендер де іштен тынып жүре берген, өйткені олардың барлық ойы сотта еді. Оны қалайда ұмытқылары келеді, бірақ ұмыта алмайды. Сөйте тұра олар қатар отырған кезде де бұл туралы еске алғылары келмейтін. Тек әрқайсысының ішінде: "Ол оңбаған тым кесегінен жұтты, қақалып қалмаса бопты да" деген ой жатқан. Бұдан әрі тереңдеп ойлауға екеуінің де құлқы жоқ еді, себебі тек бүгінгіні ғана кесіп-пішуге дағдыланған мұндай адамдар ертеңін болжауға қашан да қауқарсыз ғой. Олар алдағы сот жөнінде бір-екі рет ресми ескерту де алған, сонда Нед базар күндері екі мәрте мистер Эпплуайтқа арнайы барып, ақыл-кеңес сұрап қайтты, бірақ оның бар айтқаны: "Егер артық-ауыс сөзге бармай, өз пікірлеріңізде табандап тұрып алсаңыздар, заң сіздер жағына шығуы мүмкін".

Сосын қараша айының соңында Нед адвокаттан хат алды. Бұл хат бойынша ол желтоқсан айының бірінші жұлдызы күні, таңертең сағат он жарымда Лондон қаласының Стрэнд көшесінің бойындағы Жоғарғы сотқа келіп, жауап беруге тиіс екен. Жігіттің ұнжырғасы түсіп кетті, тамақ ішуден қалды, маңдайынан шып-шып тер шықты. Пэнсиге ызалана қарап отырып, жіпси қалған алақандарын шалбарының тізесіне қайта-қайта сүрте берді. Ол әлі күнге дейін іс мұндай насырға шабар деп ойламаған, енді, міне нағыз бәлемен бетпе-бет келгенін сезгенде, бір сәт есінен танып қалғандай болған. Егер әкесі болмаса, ол осындай қырсыққа тап болар ма еді. Ал бұл дүниеге сұрқай газеттер мен велосипедтен бұрын келген, бұған қоса сотқа жауап беруге тіпті де міндетті емес шал Бауден трубкасын сораптап, ұзақ үнсіз отырды да, оз ойын былайша қорытты: "Ол оңбағанды қалайда дегеніне жеткізбеу керек. Егер Нед сасқалақтап, қорқып қалмаса, бәрі де сәтімен аяқталады. Ал Лондонға барып қайту екеуі үшін де әншейін жексенбілік серуен сияқты болып өтуі керек".

Сонымен бастарына ең жақсы қалпақтарын, үстеріне шұғадан тігілген ең оңды қара костюмдерін киіп, күймені қайтадан үйге алып қайту үшін жандарына бір баланы отырғызып, Лондон пойызына үлгіретін уақытты есепке алып, олар ертеңінде таңертең стансаға қарай жүріп кеткен. Екеуінің де көңіл түкпірінде осының бәрі әйелден болды деген бір ыза бар еді: бірақ олар сотқа арыз берген талапкер қыздың да, бұлар жолға шыққан кезде соңдарынан ұзақ қарап қалған жалшы қыздың да көңіл күйі туралы мүлде ойламаған. Беттері қызара бөртіп, шалқая шіреніп, жүйткіп бара жатқан пойызда да қатар отырған олар: "Осы сапарымыз расында да әншейін бір серуен сияқты болып өтсе, қандай жақсы болар еді!" деп қойған іштерінен. Шал Бауден қалай да Стирді "терлетсем" деді, егер "терлете" алмаса, бұл жолы Лондонға жердің бетімен барып, астымен қайтатынын да сезіп келеді.

Олар Ковент-Гардендегі девонширдік атаумен аталатын қонақүйге орналасқан да, кешкісін "Орыс балеті" деген атпен жүріп жатқан мюзик-холлға барған. Залда олар шынтақтарын орындық таянышына тіреп қойып, сәл алға ұмсына түсіп, құдды балауыздаң жасаған мүсіндей болып, тастай қатып отырды: сахнада... аққудың көгілдіріндей ұшып-қонып жүрген қызды бір сәт аяғынан жоғары көргенде... шал Бауденнің аузы ашылып қалған. Артынша: "Мұндай да әдемі аяқ болады екен-ау!" деген таңдана дауыстап. Соғыс уақыты ғой, қойылымнан кейін ішімдік табудың реті келмеген де, бөлмелеріне жеткен соң буыншақ-түйіншектерінің арасынан бір шишаны алып, әкелі-балалы екеуі оны қылдай бөліп ішіп салған. Сосын "Стир оңбағанның қастығына" қас қылғандай екеуі де қатты қорылдап ұйықтап кетіп еді.

VI

Жиен қарындасының "кінәмшілдігіне" көңілі өте алаңдап жүрген Стир әділетке жетуге енді аз қалды ғой деп, іштей өзін ширата түскен. Моллиді үйден қалай алып шыққанын өзі де білмейді, — өлімге кетіп бара жатқандай аяғын зорға басқан оған қараудың өзі өте аянышты еді. Стир сотта біраз ақша өндіріп алатынына сенімді болатын, сол ақшаны осы қыздан аямаспын деген ой ғана оның арына демеу, жанына медет болған, Моллидің сотқа келе жатқан кездегі бөздей бозарған түрі мен ісініп қызара қалған көздері Стирді қатты алаңдатқан, бірақ сот үстінде осылай көрінуі дұрыс та деп ойлады сосын. Бірер сағаттан соң бәрі де бітеді, сонан соң теңіз жағасына демалуға барасың деді ол қызға. Молли ештеңе деген жоқ, ал Стир оны қолынан жетелеп, маңғаз түрде сот үйіне кіре берді. Дәлізде отырған Баудендерді көргенде, қабағы тағы кіржие қалды. Жас Бауденнің жанынан өтіп бара жатқанда қыздың жүзі қызара қалғанын да ол байқап үлгірді. Иә! Қыз оны қазір де қайтарып алғысы келетіні анық! Оған жауап ретінде Нед аяғын тықырлатып қойғанын, ал шал Бауденнің мырс етіп күлгенін көз қиығымен көріп келе жатқан ол Моллиді тезірек бұл арадан алыстата түсуге асықты. Бұл жігіттің желкесінен бес жүз фунтты сығып алу ниетінен ол енді ешқашан қайтпайтын еді! Бұл жолда қыз да садақа, қыз бен жігіттің арасындағы махаббат та садақа! Сот тәртібі бойынша бәрі бір-біріне жақын, қатар отыруға тиіс-ті. Стирдің бір-ақ уыс боп бүріскен арықша беті парик киген адамның мылжың сөзіне сүттей ұйып, тастай қатып қалған, бірақ талып жығылудың аз-ақ алдында отырған жиен қарындасының қолын жібермей, қайта-қайта қыса береді. Ал "ана екі оңбаған" бұның бәрі бос дүние, бізге түк те істей алмайсыңдар дегендей бастарын кегжитіп, кеуделерін керіп, тым сабырлы да салқын қалыпта отыр. Бұлардың осы отырысы Стирге барып тұрған арсыздық боп көрінген.

Расында, бұның жиен қарындасы бір өліп, бір тіріліп отырғанда олардың бұл қылығы қай қылық десеңші! Моллидің тұла бойы дір-дір етіп, куәгердің орындығына барып отырған кезде, Стирдің арқа-басы шылқып терлеп кеткені сондай, киімдерінен камфора иісі біліне қалған. Молли бірдеңе деп сөйлеп тұрған секілді, бірақ бұл естімейді, естімесе де оны зорлап сөйлетіп тұрғанын сезеді. Ал міз бақпай сіресіп отырған Баудендерді көрген кезде, төбе шашы тік тұрғандай болды. Неткен сезімсіз адамдар десеңші! Моллиді көп сөйлеткен жоқ, тіпті Баудендердің авдокаты да оған бір ауыз сұрақ қоймаған — белгілі жағдай, қорыққаны ғой! Осы сәтте қыздың мөлт-мөлт еткен көз жасы, қымсына тұрып сөйлеуі, "нағыз ледиге" тән бекзаттығы сот пен присяжныйларға жақсы әсер қалдырғанын көкірегіне ыза мен кек толып отырған Стирдің өзі де аңғарып қалып еді. Оны зорлап, жылатып сөйлетуі Стирді бір жағынан ыза қылса, екінші жағынан қуантқаны да рас,

Молли есеңгіреп қалғандай сенделіп келіп, бұның жанына отырды. Бұдан соң Бауденнің адвокаты сөз алды да, Стир оны аузын ашып, тыңдай бастады. Бұл нағыз ашу-ызаны келтіретін сөз еді, өйткені сот барысындағы барлық жағдай жігіттің айыпты екенін ап-анық көрсетіп тұрған сәтте адвокаттың мына қорғауына қараңыз! "Менің клиентім, — дейді ол, — сотқа өзін ақтап алайын деп келіп тұрған жоқ, керісінше талапкердің жүрегіне қаяу салғанына өкініш білдірейін деп келіп тұр. Алайда сот назарын мына мәселеге аударғым келеді. Біріншіден, ол оған ешқандай материалдық шығын келтірген жоқ, қыздың, міне, көз алдымызда аман-есен, сап-сау тұрғанын көріп отырып, біз оның "базардағы неке құнына" нұқсан келген деп қалай айта аламыз. Иә, менің клиентім бұл жерге ағынан жарылу, арына жүгіну үшін келген: талапкерге деген сезімі өзгере бастағанын сезген кезде, ол қызға берген уәдесінен дер кезінде қайтуды әрі азаматтық, әрі адалдық, әрі мейірімділік деп білген. Өйткені некелесудің аса қасиетті, аса жауапты іс екенін, сүймей қосылған жағдайда, ең алдымен, қыз жүрегі жараланатынын, сөйтіп оның бүкіл өмірі өксіп өтетінін ол жақсы түсінген және дер кезінде түсінген. Міне, осы жағдайды присяжный мырзалар ескерер деп сенемін. Ол өзі жіберіп алған қателігін толық мойындай тұрып, ол өзі жол беріп алған асығыстығын түсіне отырып талапкерді ертеңгі күні бақытсыздыққа душар етпеу мақсатында жасаған осынау — моральдық тұрғыдағы ерлігін присяжный мырзалар есепке алар деп үміттенеді".

"Моральдық тұрғыдағы ерлікті" естігенде, Стир кенет селк ете қалды. "Моральдық тұрғыдағы ерлік!" Ау, мына томарбас малғұндарға Недтің некесіз туған қызбен шатасып жүргенін айтып салатын бір адам шынымен-ақ табылмағаны ма? Осының бәрін шал Бауден Стирді мұқату үшін істеп отырғанын шынымен-ақ ешкім білмей ме? Ол өзінің алды-артына жаппай жала торы құрылып жатқанын сезіп, әбден жыны келді; осының бәрі — жүліктік пен алаяқтықтан басқа ештеңе емес, құдды адвокат базарда ат сатып тұрған секілді.

"Біздің мына өмірде қойдың да аман, қасқырдың да тоқ болуы мүмкін емес екенін присяжный мырзалар түсінеді ғой деп ойлаймын, — деді адвокат сөзін одан әрі жалғастырып. — Асығыс, ойланбай үйлене салудың соңы қандай қасіретке жеткізетінін айырылысуға байланысты өткізілетін сот практикасынан біз сан рет көргенбіз. Сол соттарда айырылысуға қатысты істердің аткөпір боп үйіліп жатуы осындай асығыс үйленудің нәтижесі емес пе екен — ендеше бұл мәселе жөнінде біз қатты ойлануымыз керек".

Бұдан әрі адвокат егер осындай жағдайда жас жігіт өз қателігін мойындап, оған өкініп тұрса, бірақ талапкерді ертеңгі бақытсыздықтан құтқару үшін, сондай-ақ белгілі бір мөлшерде өзін де өмір бойғы өкініштен сақтау үшін ол ауыр да болса осындай шешімге келсе, онда бұл жас жігіт құрметке лайық болмаса да, оған кешіріммен, түсіністікпен қарауға тұрарлық болар дегендей қызыл сөзді сапырған.

"Біз әрқашан да қара қылды қақ жарған әділ соттан айнымаймыз деп көлгірсімейік, монтанысымайық, присяжный мырзалар! Менің клиентім мүмкіндігінше ағынан жарылып, өзі жасаған қателігін өзі айта жатар, ол жасаған қателікке одан артық күйінетін де, өкінетін де ешкім жоқ қой, деревнялық қарапайым жігіттің тек қана шындықты айтатынына сенемін. Бұдан соң мен істі сіздердің қолдарыңызға тапсыра тұрып, бұл мәселені сіздер үлкен ақыл-парасатпен, сотқа талапкер боп қатысып отырған осы бір сүйкімді қызды да ренжітпей, жан-жақты дұрыс шешер деп сенемін".

— Ой, сабазым-ай!

— Тыныш! Сіздер сотта отырсыздар!

Стирдің құсқысын келтірген адвокаттың қорытынды сөзі бұның қорғаушысының сұрақтарына жауап беріп тұрған "мына жексұрын жігіттің" сөздеріне қарағанда имантаразылау көрінген.

Шашын жылмитып тарап алған домалақ бас Нед сондай бір бейкүнә адамдай көрінеді, адвокатының арқасында оған бәрі де жеп-жеңіл боп шыға келген. Стирдің қанын қайнатқан да тура осы еді, оның үстіне жанында отырған шал Бауденнің сазарған беті де бұның қай-қайдағы жынын қоздырды. Сосын өзінің жеке қорғаушысы жанама сұрақтар қоя бастаған кезде, Стир үлкен бір қателік жіберіп алғанын сезіп, бармақ тістеп еді. Бұл іске жалшы қыз Пэнсиді де қыстыру керектігін неге ғана бұл адвокатына айтпады екен? Өзінің тұйықтау мінезіне салып, жиен қарындасының көңілін қалдырмаймын деп неге ғана бұл оңбаған жігіттің ең осал тұсынан ұстамады екен? Егер бұлар Недтің некесіз туған қызбен шатасып жүргенін жайып салса, присяжныйлар оған мүлде басқаша қарар еді ғой. Өкініш пен ызадан оның іші күйе түсті. Істің мына барысына қарағанда Баудендерді сазға отырғызу қиынға айналатын сияқты. Нағыз өкініш сонда ғой! Дегенмен ақыры немен бітерін кім білсін!

— Ал, жігітім, сен мынаған жауап берші, — деді Стирдің адвокаты. — Қыздың жүрегін жаралағаннан гөрі мынадай қысылшаң заманда отанға бір пайдалы іспен айналысуға болмады ма саған? Бос сөзден гөрі осыған жауап берші сен? Сөйле! Құлағымыз сенде!

— Менің білетінім — жер өңдеу, нан шығарып, сіздерді асырау.

— Солай де! Жақсы, саған қаншалықты кешіріммен қарау керектігін присяжныйлардың өздері шеше жатар.

Стирдің еріндері дірілдеп кетті. Жоқ, мынау адам емес екен!

Сосын екі адвокат тағы да сөз алып, тағы да манағы айтқандарын езе бастады, бірақ Стирді енді ештеңе елең еткізген жоқ; іштегі өкініші әлі де өзегін өртеп тұрған, ол өзін қақпаға допты қуып келіп, бірақ кіргізе алмай қалған футболшыдай сезініп еді. Бұдан соң сот осыған дейін айтылған сөздердің бәрін қайталап шығып, өз жанынан да бірдеңе қосқандай болды. Сондағы қосқаны: присяжныйлар анадай-мынадай жағдайларда еркімен кетуге тиіс емес; мәселен — айыпталушының адвокаты некелік сот туралы еске алып өтті, бірақ присяжныйлардың үкіміне бұл әсер етуге тиіс емес; некелесуге уәде жөніндегі заң баптары әзірге өз күшін жойған жоқ, сондықтан бұл мәселе қатаң ескерілуі керек; присяжныйлар анадай-мынадай жағдайларды қаперге ала отырып, өндіріліп берілетін шығын көлемін әділ бағалап барып, үкім шығаруы керек.

Міне, енді присяжныйлар кеңесуге шығып кеткен. Олар жоқ кезде, неге екені белгісіз, Стир өзін соншама жалғыз сезініп еді. Бір жағында өзі "терлеткісі" келген анау әкелі-балалы Баудендер отырды. Стир хайуанаттарды жек көруші еді, бірақ мынадай сазарған малғұндармен ширек сағат бойы іштей арбасып қатар отырғаннан гөрі итпен бірге үйшікте түнеп шыққанды әлдеқайда жеңіл көрген. Ал сосын присяжныйлар қайта оралған кезде ол іштей былай деп жалбарына бастаған:

"О, Құдай, сенен жылап тұрып тілерім: мыналарды терлете гөр! Өзіңнің сүйген құлың Дж.Стир".

— Біз істі талапкердің пайдасына шешіп, шығынды өндіріп беру үшін жауапкердің мойнына үш жүз фунт стерлинг салуға шешім шығардық.

Үш жүз фунт! Бұған және сотқа жұмсаған шығынды қосқанда — бес жүз фунт! Ал Баудендердің қара бақыр қоры жоқ; олар қашан да бірді бірге жалғап, қарыздан көз аша алмай жүрген бейшаралар. Иә, бұл оларға оңай соққы емес. Баудендер бір-ақ сәтте соқыр боп қалғандай сол жақ есікті сипалап іздеп жатқанда, Стир жиен қарындасын жетелеп оң жақ есіктен шығып жүре берді. Дәлізде оларды өздерінің адвокаты қуып жеткен. Бұдан не пайда көрді, өз міндетінің жартысын да орындаған жоқ! Стир осыны енді айтайын деп оқтала бастаған сәтте, құдды өздерінің шабындық алқаптарында көк майсаны белден кешіп бара жатқандай алшаң басып, жандарынан Баудендер өте берген.

— Қыр соңымыздан қалмаған мұндай қызыл көз болармысың! Бізден және ақша алғысы келеді, аласың атаңның басын! — деген Бауденнің сөзін бұл естіп қалды.

Стир оған бірдеңе дегісі келіп еді, бірақ адвокаты жеңінен тартып:

— Мына қызды тезірек алып кетіңіз, мистер Стир. Осы қорлағандарыңыз да жетер оған! — деген.

Жүрегінің сыздағанынан басқа ешқандай жеңіс қуаныш сезбеген Стир Моллиді қолынан жетелеген күйі сот үйінен сүйретіліп шыға берді.

VII

Некелесуге берген уәдесінде тұрмағаны үшін Бауденнен Стир үш жүз фунт стерлинг өндіріп алыпты деген хабар желдей есіп деревняға жеткені сол, артынша Недті соғысқа аттандырыпты деген екінші хабар да оны қуып жеткен. Мұндай тосын оқиғаға елең етпеген ешкім жоқ. Нед деревняда өсек-аяңның бетінде жүргенше, жаудың өтінде жүрген дұрыс болды деген біреулер. Ал енді біреулер Молли Уинч пен Пэнси қайтіп жүр екен деп, оларды сырттай болсын бір көріп қалуға ынтыққан. Бірақ бұл мүмкін емес еді, өткені Молли Уинч соттан кейін бірден Уэстен-сюпер-Мерге қарасын батырған да, ал Пэнси тіпті өзін жұмыспен іздеп келгендерге де бір мезет сыртқа шығып бас көрсетуді қойған. Бауден әдеттегідей" Үш жұлдыз" қонақүйіне барып жүргенде, бүкіл жұрттың көзінше: "Стир менен үш жүз фунт стерлинг түгіл бір пенс те ала алмайды", — деп көкіген, ал Стир өзі старосталық ететін шіркеу қызметінен ешқашан қалған емес, бірақ ол мұнда Бауден сияқты ойындағысын ақтарып салуға, әрине, мүмкіндігі жоқ еді.

Өстіп жүргенде Рождество да, Жаңа жыл да өте шықты; артынша ақпанның ақ боранды күндері де артта қалып, жылы шуақты наурыз келді. Бірақ ағаштар әлі бүрлеген жоқ, жазда қызыл қоңыр тартып тұратын бұта-қарағандар қазір қара-қошқылданып көрінеді.

Стир жеңіске жетіп, жиен қарындасынан айырылды; қыз деревняға қайта көрінгісі келмей, қаладан қызмет тауып алып еді. Бауден де жеңіске жетіп, жалғыз ұлынан айырылған; Нед қазір Фландрий түбінде әскери дайындықтан өтіп, соғысқа кіруге дайын тұр еді. Қарсыластардың ешқайсысы осы жанжал үстінде не пайда тауып, не зиян шеккендерін біле алмады; алайда наурыз айының соңында мектептің бір мұғалім әйелі оларды мынадай қызық жағдайда көреді: екеуі тар жолда қарама-қарсы кездесіп қалып, бір-біріне жол бермей, әрқайсысы өз арбасының үстінде кешке дейін үнсіз арбасып отырыпты. Бауден қолын кеудесіне айқастыра салып, сүзетін бұқадай күжірейе түскен. Стир қабуға дайындалған иттей көзі шатынап, тісін шықырлата берген.

Мұғалім әйел Бауденнің атын шылбырынан жетелеп, жолдың бір жағына шығарады да:

— Ал, мистер Стир, сіз енді арбаңызды солға таман алып, ептеп өтіп кетіңіз. Жұрттың бәрінің жолын бөгеп, бұлайша тіресіп тұруға бола ма екен?! — дейді.

Қалай болғанда да приходта өз беделін сақтап қалғысы келген Стир атына қамшыны басып-басып жіберіп, жол жиегіне қарай арбасын бұра береді. Мұғалім сосын ләм-мим деместен Бауденнің атын түзу жолға түсіреді. Осы мезетте ол екі фермердің де құдды келісіп алғандай-ақ оң жақтарына бұрылып, жерге бір-бір түкіргенін байқап қалады.

— Бұныңыз ұят емес пе, мистер Бауден? Сізге де бұл жараспайды, мистер Стир, — дейді ол.

— Қалайша? — дейді Бауден таңданып.

— Қалайша екенін өзіңіз білесіз. Сіздердің араларыңыздағы жағдай жұрттың бәріне белгілі. Бұдан ешқандай абырой таппайсыздар. Күйіп тұрған соғыстың уақыты мынау, осындай сәтте бір атаның баласындай біріге түсудің орнына сіздер тіресе түсесіздер. Татулық керек сіздерге, татулық!

Бауден жырқ-жырқ күлген.

— Сонда бұл оңбағанмен мен ауыз жаласуым керек пе? Жоқ, бұнымен достасқанша өлгенім артық. Ол ең алдымен менің баламды армиядан қайтарып берсін.

Мұғалім әйел оның бетіне сұқтана көз салған.

— Айтпақшы, ана бейшара қыздың аяғы ауыр көрінеді, сіз оған көмектесерсіз деп ойлаймын, — дейді ол.

Бауден басын изейді.

— Оған қам жемей-ақ қойыңыз. Ертеңгі немеремді Стирдің қарындасынан көргеннен гөрі жалшы қыздан көргенім әлдеқайда артық.

Мұғалім әйел біраз ойланып тұрып:

— Бауден, — деген ақыры, — бұныңыз енді христиандық емес.

— Сіз христиандықты шіркеуге барып Стирден үйреніңіз. Жексенбі сайын қолына тәрелке ұстап, жұрттан қайыр-садақа жинап жүр ғой әне.

Бұл ақ ниетті әйел сосын Стирге баруға да ерінбеген, бұнысы оның бетін бері қаратсам дегеннен гөрі қандай адам екенін білсем деген құмарлықтан да туған шығар.

Ол бақ ішіне жаңадан жасаған ара ұяларын орналастырып жатыр екен, татулық туралы сөзді естір-естіместен қолындағы биялайын жерге атып ұрған.

— Не деп тұрсыз осы! Қарғыс атқан ол оңбаған өз ұлын айтақтап, менің қарындасымды қор етіп, масқара етіп кетеді! Мен сол үшін онымен татуласуым керек пе?

— Бірақ сіз христиан емессіз бе, мистер Стир!

— Әр нәрсенің шегі бар, мэм, — деді ол. — Мен онымен Құдайдың өзі де табыстыра алмайтын шығар. Сондықтан мені көндірем деп, сөзіңізді шығын қылмай-ақ қойыңыз.

— О, Құдай! — деді мұғалім әйел жағасын ұстап. — Бірінен бірі өткен бұл қандай адамдар еді!

Расында, бұлардың қайсысымен сөйлессең де бірін бірі "оңбаған" деп шыға келеді. Сонда олардың оңғаны қайсы? Осыншама жауласқанда тапқандары не? Міне, ағаштар жапырақтап, құстар сайрап, жер бусанып, жарықтық, көктем де келіп жетті. Осындайда бар шаруаны қара өгіздей өрге сүйрейтін жалғыз ұлды соғысқа алып кетті. Бұл — Бауденнің тапқан "пайдасы". Осындайда сиырын сауып, майын шайқап, үйдегі бар жұмысты дөңгелетіп отыратын аяулы қарындасы қалаға кетіп қалды. Бұл — Стирдің көрген "қызығы".

Мамыр айының соңында сарғалдақтар құлпырып, самал желмен үйеңкі жапырақтары ырғалып тұрған шақта, Пэнсидің босанатын уақыты да жеткен. Дәл сол күннің ертеңінде Бауден майдандағы ұлынан мынадай хат алып еді.

"Қымбатты әке! Бізге нақты қай жерде жүргенімізді жазуға рұқсат етілмейді; сондықтан тек мынаны ғана айтуға мүмкіндігім бар; біз қазір нағыз оқ пен оттың ортасындамыз. Маңайымызда — гүрс-гүрс етіп жарылып жатқан ядролар... Олар жарылғанда пайда болатын шұңқырдың үлкендігі сондай — бес сиырды бір-ақ жерге көмуге болады. Иә, бұл ядро дегенің сұмдық үлкен доп — түріне қарап сүйсінесің!.. Өздеріңде не жаңалық? Бұзаулар жақсы өсіп келе ме ? Мен жүрген мына жерде қылтанақтай шөп жоқ, қоянның өзі арам қататын-ақ жер!.. Ал сенен сұрайтыным мынау, әке: егер мен ұлды бола қалсам (кімнен екенін өзің білесің ғой), атын Эдуард деп қойыңдар... Бұны мен амалсыздан айтып отырмын, кім біледі жағдай не боларын... Егер аман-есен оралсам, мен оған үйленемін, өз арым өзімді мүжімес үшін солай істегенді жөн көремін. Біздің взводта бірнеше неміс тұтқыны бар. Жалпы, неміс жігіттері өте мықты, олар бізге пулеметтен оқ жаудырған кезде, саған шындығын айтайын, біз бас көтере алмай қаламыз. Мен сияқты сендер де аман-сау жүрген шығарсыңдар деп ойлаймын. Қалай анау... Стир доңызды айтам да... сендерден ақша талап еткенін қойды ма? Өзіміздің ферманы сондай сағынып жүрмін, шіркін тағы бір көрер ме едім. Кемпірге айтып қой, ылғи жылы жерде отырсын. Өзіңді жақсы көретін ұлың. Нед."

Бауден не істесем екен дегендей таразының жанында біраз ойланып тұрды да, сосын қолындағы хатты өзінің қуықтай бөлмесінде жаңа туған баласымен жатқан Пэнсиге апарып берді. Мұндай хат немесе әлдебір тосын оқиға өз сезімдеріне ие бола алмайтын деревня тұрғындарының арасында өсек-аяңды өрттей қоздыратыны белгілі. Сонымен Нед соғыстан аман-сау оралса, бұл қызға үйленбекші! Баудендер — текті ұрпақ, ал Пэнси — некесіз туған қыз! Бұл, әрине, жақсы емес. Дегенмен Недтің Пэнси жайын ойлап, мазасыздануына қарағанда ол өзінің аман-сау оралатынына сенімсіз секілді. Осыны енді ғана түсінген Бауден хатты Пэнсиге апарғанда жүрегі біртүрлі сыздап кеткендей болған. Қалай дегенмен де Пэнсиден туған бұл бала — Нед пен өзінің бір тамшы қаны ғой, оның үстіне ұл бала. Ол хатты Пэнсиге беріп тұрып: "Міне, құйтақандай жетінші Эдуард пен саған деген сыйлықтың үлкені осы!" — деді.

Осындайда жеңіл желпі көмек көрсетіп жүретін көрші әйел бөлмеден шығып кетті де, Пэнси хатты оқып болғанша Бауден терезе алдындағы аласа орындықта отыра тұрды. Үй төбесі аласа болғандықтан түрегеп тұру ыңғайсыз еді. Қыздың қалыңдау көйлегі иығынан сырғыңқырап, мойнын жалаңаштап, қою қара шашы жастық үстінде жайыла түскен; шал хат көлегейлеген қыздың бетін көрген жоқ, тек ауырлау күрсінген даусын ғана естіген. Ол оны аяп кетті.

— Бұның не сенің, қуанбайсың ба? — деді ол Қыз хатты жанына қойып, бұған тура қараған күйі:

— Несіне қуанам? Оның маған деген сезімі суыған ғой, — деді.

Оның даусынан адам айтқысыз бір мұң сезілген, бұған тіпті Бауденнің өзі әзер шыдағандай еді.

— Қапаланбай-ақ қой! — деді ол міңгірлеп. — Міне, сенің қандай балаң бар, нағыз батырдың өзі! Бұны сенен ешкім де тартып ала алмайды.

Шал төсекке жақындап келіп, таңдайын тақ-тақ еткізіп, саусақтарын созды. Осы сәтте жүзінен өте бір мейірімділік байқалған.

— Нағыз кішкентай жігіт.

Сосын: "Егер Нед аман-есен келіп, бұл қызға үйленбеймін деп жатса, оған бір бәлесі тимесін" деген оймен жерге түсіп қалған хатты қалтасына салып алды. Бірақ есіктен шыға бере арт жағына қайта бір қарағанда, баласын емізіп жатқан Пэнсиді көріп, жүрегі шым ете қалды. Есік аузында бос жәшікті астына қойып, газет оқып отырған жесір әйелге басын изеді де, ол бұрандалы басқышпен төмен түсіп, асүйге кірді. Кәрі шешесі терезенің алдында күн шуақта отыр екен. Бауден оның жүзіне қарап, біраз тұрып қалды.

— Ал кемпір, сен енді шөберелі болдың, — деді сосын. Кемпір басын изеп, аузын бір жағына қисайта езу тартқан болды.

Неге екені белгісіз, Бауденнің денесі тітіркене қалған.

— Бұдан мәнді ештеңе көріп тұрғам жоқ, — деді ол мұрын астынан міңгір етіп. Бұнымен не айтқысы келгенін өзі де түсінбеген.

VIII

Нәрестеге Эдуард Бауден деген ат бергеннен кейін үш апта өткенде шал Бауден шіркеуге келген жоқ. Шілде айының осы бір тамылжыған таңында ол өгізшесін базарға апарып сатуға жүріп кеткен. Өгізшенің салмағын ауырсынып, арба доңғалақтары ыңырси қозғалады. Өмір оны осыған мәжбүр етсе де, бұзауды енесінен айырып алуды ол жек көруші еді. Өгізше деген аты болғанмен арба артында сілекейі шұбырып келе жатқан мына байғұс та әлі бұзау ғой. Бауден табиғатында адамнан гөрі мал баласына қатты жаны ашушы еді, ыңырси қозғалған арба доңғалақтарымен бірге жанында мөңіреп тұрған өгізшенің даусын естіген сайын оның қабағы ылғи да түнере түсетін. Осы бір аянышты дауыс кейде оның балалық шағын еске түсіріп, көңілі босап кететін де кездері болады. Иә, кезінде бұл да осындай жас болған ғой...

Ол деревня ортасымен өтіп бара жатқан кезде біреу:

— Әй, жаңалықты естідің бе? Кеше таңертең біздің жігіттер немістерді көкесіне танытыпты ғой, — деді.

Бауден бас изеді. Соғыс туралы кез келген әңгіме бұған қазір тек Стирдің "арқасында" Недтің соғысқа кетіп, өзінің сүйеусіз қалғанын еске түсіретін. Әрине, әйтеуір бірде соғыс бітеді деп ойлады ол, бірақ дәл қашан бітетінін бір құдайдың өзі біледі, бүгін немістерді бұлар қуады, ертең немістер бұларды қуады, бұл екі ортада ана заң бір шығады, мына заң бір шығады, сөйтіп бәрі жиылып жердің зықын кетіреді. Сол томарбастардың бірі де жермен бүйтіп ойнауға болмайтынын білмей ме екен. Мына жерде Стир де жермен ойнап бітті әбден, өспейтін жерге бидай егіп несі бар оның?

Күн ыстық, жол шаңыт еді, оның үсіне, атаңа нәлет, ана Стир де күні бойы бұның көз алдында базарда жүріп алған, осының бәрі жүйкесіне әбден тиген Бауден қайтар жолда "Аждаһаға" кіріп, тойып тұрып ішіп алған.

Ол асүйге кірген кезде құйтақандай Эдуард ағаш жәшіктің ішінде көлеңкеде жатыр екен, басында жастық, үстінде қалың орамал. Ал кәрі миссис Бауден терезе алдындағы күн көзінде отыр, тоқыма тоқығандай саусақтарын жыбырлатып, бірдеңе дегендей болады. Бауденнің ақ бас иті бала жатқан жәшікке тұмсығын тіреп қойып, жөргек шетін иіскеп-иіскеп қояды. Пэнси орнынан тұрып, шаруамен айналысуға кіріскен. "Бас көтеруге жарап қалды, бірақ бетінде әлі де қан жоқ, әлсіз" деп ойлады Бауден. Ол жәшік жанында "батырға" қарап біраз тұрды. Бала Недке ұқсамайды, Бауденнің байқауынша, ол жалпы ешкімге ұқсамайтын сияқты. Бала кенет көздерін ашып алды. Жігіт! Мейлі ешкімге ұқсамай-ақ қойсын, бірақ анау Стир деген доңызда мұндай немере еш уақытта болмайды. Баланы өзіне қарату үшін Бауден таңдайын тақ-тақ еткізіп, оған қолын соза бергенде, ақ бас ит ырр ете қалды.

— Жә-жә, — деді Бауден. — Сенікі не? Әлде қызғанып кеттің бе?

Ол асүйден шыққанда күн еңкейіп қалғанын көрді. Алқаптан әріде, томарлар арасында жайылып жүрген малын көрмек болып, солай қарай балпаңдай басып жүріп кетті. Жолай маңайында қалың папоротник пен сарғалдақтар өскен серек тастың үстіне отырып, біраз демалып алды. Кештің кереметтігі сондай, ауызбен айтып жеткізгісіз еді, күн батуға жарты сүйем ғана қалған, оның сиқырлы сәулесі сан құбылып, сан түске еніп, төңіректің бәріне төгіле құйылып жатқандай. Жаңадан гүлдей бастаған долананың иісі мұрын қытықтайды; аю бадамның сүттей аппақ дөңгелек гүлдері күн нұрымен шағылысып, көзді оттай қариды; ал долантопшы қызыл-сары гүлдерін түсіріп, титімдей-титімдей түйнек салып үлгірген.

Осынау әдемі көріністердің барлығы жылдың бір маусымнан екінші маусымға ауыса бастағанын байқатады, тіпті құз-жартастардың етегіндегі акация үстінен оқтай зулап ұшып өткен көкектің де дауысында ерекше бір сүйкімділік бар. Бауден сиырларын санап тұрып, олардың жылт-жылт еткен қызыл түгіне сүйсіне қараған. Күннің жылы шуағы, іштегі сидрдің қызуы, шыбын-шіркейлердің ызыңы оның ұйқысын келтірді. Осы бір мамыражай тіршілік бойын балқытып, шексіз рақатқа бөлегендей еді. Недтің жазуына қарағанда, ол жақта қу тақыр көрінеді. Тіпті сенгің келмейді! "Қырып аларға қылтанақ жоқ, қоянның өзі арам қатады дейді ол Міне, сондай жерге оны Стир аттандырып отыр! Бұл ой Бауденді ұйқыдан сергітіп жібергендей болды. Стир! Оның соғысқа баратын қай баласы бар, қалтасын ақшаға қампитқаннан басқа не біледі ол! Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған бейшара дұрыстап арақ та іше алмайды ғой.

Бөдене шөп пен сүттігеннің көгілдір гүлдері қияқ шөптердің арасынан ерекше көзге ұрады; Бауден мүмкін осынау жердің қадір-қасиетін Недті қу тақырға жіберген Стирдің "арқасында" бірінші рет біліп тұрған шығар.

Не заматтан кейін ол орнынан тұрып, сиырлардың құрғақ тезегі шашылып жатқан жіңішке соқпаққа түскен де, үйіне қайтқан.

Тура ауласына жеткен кезде, үйден шығып келе жатқан хат тасушыны көрді. Есік аузында тоқтай қалған ол Бауденге көзін сығырайта қадап:

— Сізге бір жеделхат әкеліп едім, — деді асығыс түрде. Сосын алды-артына қарамай жылдам жүріп кетті.

— Не жөнінде? — деп Бауден күңк ете қалды да, кіре берістегі баспалдақпен жоғары өрлей жөнелді.

Аузы ашылмаған бір жапырақ конверт асүйдегі үстел үстінде жатыр екен. Бауден оған таңдана қарады. Бүкіл елу жылдан астам ғұмырында ол осындай қағаздың көп болса төрт-бесеуін ғана алған шығар. Ол конвертті ашып, қағазды оқи бастады.

"Осы айдың сегізі күні сіздің балаңыздың шайқас үстінде опат болғанын қатты қайғырып хабарлаймыз. Әскери министрлік".

Ол жеделхатты бірнеше рет қайталап оқыды да, қап-қара боп түнеріп отырып қалды. Бір-ақ сәтте дүние шыр айналғандай, көз алды қара түнектеніп кеткен, жоқ, дүние түгел қып-қызыл отқа оранғандай. Қып-қызыл оттың ортасынан Пэнсидің сұлбасын көргендей. Жоқ, сұлбасы емес... міне, жанында өзі тұр. Кенет ес жиып алған Бауден:

— Mә, оқы, — деді жеделхатты оған қолы дірілдей ұсынып.

Қыз қағазды оқып, сілейіп тұрды да қалды.

— Болар іс болды, енді қайғырғаннан пайда жоқ, — деді шал. Қыздың түрі бір сәт күреңітіп кетті де, булыға жылап бөлмеден шыға жөнелді.

Аппақ қып әктеген асүйде енді өлі тыныштық орнаған, тек сағаттың сыртылы мен шал Бауденнің ауық-ауық терең күрсінгені ғана естіледі. Батар күннің соңғы сәулесі терезеден қызыл мұрттана сығалайды. Сағат тілі сырт-сырт соғады, секундтап, минуттап өтіп жатқан уақыт — тұрлаусыз, тұрақсыз дүние. Тізесі дірілдеп, екі иығы салбырап, Бауден бір заматта орнынан тұрған.

— Қарғыс атсын сені Стир! Екі дүниенің қызығын көрме, — деді ол жеделхатты қолына алып жатып. — Қайда менің таяғым?

Соқыр боп қалған адамдай аяғын сенімсіздеу басып, асүйді айналып өтті де, аулаға шықты. Оның әр қадамын жылтыраған көзімен бағып отырған кемпір артта қалды. Ескі қақпаны сықырлата ашып сыртқа шыққан соң, ол сонадай жердегі Стирдің фермасын бетке алып жүріп кеткен.

Ашумен қанша жер жүргені есінде жоқ, әйтеуір бір уақытта аласа қоршаудан аттап-бұттап өтіп, тура Стирдің ауласынан бір-ақ шыққанын көрді.

— Қожайын үйде ме? — деді ол сиыр қораның жанында тұрған балаға.

— Жоқ.

— Қайда ол?

— Базардан әлі оралмай жатыр.

— Aha, менен қашып жүр екен ғой, тығылып жүр екен ғой!

Осыны айтты да, Бауден кері бұрылып жүре берді.

Құлағы шың-шың етеді, мұрнына бірде жас шөптің, енді бірде көңірсіген көңнің иісі келеді. Әйтеуір, иіс сезгеніне де шүкір, әйтпесе басқа сезім мүшелерінің бәрі өліп қалғандай, бойында қаны бір ысып, бір суиды, аяғын ауырсына басады. Стирдің арбамен жүретін жолы - осы. Қарғыс атсын оны!

Бауден өзінің жайылымдық жерінен өтіп, жол шетіндегі шағын бекет үйіне келіп кірген. Кірген де, тура терезе түбіндегі орындыққа жайғасқан, өйткені жолдан әрі-бері өткендердің бәрі осы жерден ап-анық көрініп тұрар еді. Қожайын мен екі қызметшіден басқа мұнда ешкім жоқ екен. Бауден әдеттегідей бір тостаған сидр алдырып, сыздықтатып іше бастады. Асыққан жоқ. Өз қайғысы жөнінде де тіс жарып, тіл қатпады, байқауынша олар әлі ештеңеден хабарсыз секілді. Бұның екі көзі тек сырттағы жолда. Кейде күбір-күбір етіп өзімен-өзі сөйлесіп кетеді, бейне Стирмен бетпе-бет келгенде не дейтінін іштей жұптап отырған секілді. Сосын бір мезет тостағанын қайта толтыртқызып алады. Біраздан кейін ішке біреулер кірді. Бауден олардың өзіне қарай отырып, сыбырласып сөйлесе бастағанын байқады. Тегі, олар бір нәрсе естіп келсе керек! Бірақ ол бекет үйі жабылғанша тастай қатып, үнсіз отырды да қойды.

Стирді көзден босатып алмау үшін маңайына жалтақ-жалтақ қарап, шайқала басып үйіне қайтқан кезде, әлі тым қараңғы түсіп үлгірмеген. Төңірек тып-тыныш, құлаққа ұрған танадай еді. Жолда да ешкім көрінбейді. Біртіндеп қараңғылық қоюлана түскен. Қырдың бір иығынан айдың сынық мүйізі қылтияды. Әлдеқайдан, алыстан үкі шақырады. Арт жағындағы кең алқаптан бук ағаштарының көлеңкесі ұрлана жайылып келе жатты да, артынша көтеріле түскен ай сәулесімен бірге сұлбасы ап-анық көріне бастаған.

Бауден арқасын ағаш діңіне сүйеп, шамалы демалып алайын деп еді, алдымен бір тізесі, сосын екіншісі бүгіле берді, өстіп әлсіреген күйі недәуір уақыт қыбырсыз тұрып қалды. Көз алдына әлдебір елестер келді. Баласын өлтірген жерде не шөп, не ағаш жоқ, тіпті қыбыр еткен құс та, жәндік те жоқ; япыр-ау, бұл қалай... ай жарығында бәрі де қара-күңгірт... Недтің де тұла бойы тұтастай күңгірт.. сұрғылт! Енді бұл еш уақытта Недтің жүзін көре алмайды! Өліп қалған Нед енді ешқашан туған үйін де, мына жұмақ жерін де көре алмайды. Таныс үн, таныс иіс — бәрі де одан адыра қалған. Өлгендерге ештеңенің керегі жоқ. Бауден бір сот ел мен жерге, ағайын-туғанға, ұшқан ұя, құшқан ыстық құшаққа деген барша сағынышты Недтің жүрегімен сезінген. Нед болып бәрін сағынған. Неткен қасірет еді! Бұлардың ата-бабасы атам заманнан бері осы жерде өмір сүрген. Марқұм Недтің шешесі де осы жердің қызы еді. Недтің өзі де тура осы жерде туып еді. Шешесі көтерген алты құрсақтың ішінде аман қалғаны да сол жалғыз Нед болатын. Шындығында, ол егіздің сыңары-тұғын. Екінші сыңары — қыздан бұрын осы ұлды аман алып қал деп, докторға құдайдың зарын қылып еді Бауден. Сонда оны мұрагерім, атымды өшірмес ұрпағым, артымда қалар тұяғым деп білген ғой. Сөйткен Нед өлді! Стирдің "арқасында".... "Құдай атсын сені малғұн ит! Екі дүниеде жақсылық көрме, Стир!.."

Ол алыстан, түн қойнауынан дүрсілдеп келе жатқан арбаның дыбысын естіді. Жолға қараған қалпы таяғын қыса ұстап, бойын тіктей қойды. Дыбыс жақындай түсті. Сәлден кейін ат пен арбаның кескіні де анық көрінді. Иә, бұл Стир! Бауден қақпаны ашып, күтіп тұрды. Арба тым ақырын қозғалады; Бауден аттың ақсап, Стир оны тізгіннен жетектеп келе жатқанын көрді. Бұл оған қарсы жүрді.

— Әй, — деді бұл мен сенімен сөйлесуім керек. Бері кел!

Ай жарығы Стирдің сақалды арықша бетіне түскен.

— Не керек саған? — деді ол.

Бауден қақпа жаққа бұрылды.

— Атыңды байла, мен сенімен есептесуім керек.

Стир не істесем екен дегендей шамалы ойланып тұрды да, сосын шылбырды қақпа тоспасына іліп, Бауденге беттеді.

— Демек ақшамды ақыры беретін болдың ғой. — Оның даусы қатқыл да нық шықты.

— А. — Бауден ышқына дауыстап, ағаш ішіне қарай жылжыды. Стир де оған ақырындап жақындай түсті. — оның да қолында таяқ.

Бауден өз таяғын құлаштай көтеріп:

— Мә, саған! Нед үшін! — деп бар пәрменімен сілтеп кеп жіберді. Бірақ тигізе алмады, Стир оны қағып жіберіп, өз таяғын қарсы сілтеп үлгерді.

Бауден тағы ұрды, бірақ Стир тағы жалт беріп, тайқып шығып кетті. Бауден енді таяғын лақтырып тастап, жауына жалаң қолмен ұмтылған. Көзі — кеңірдекте, ойы — қылғындыру. Ол Стирден екі есе үлкен, екі есе қарулы еді; есесіне Стир одан әлдеқайда шапшаң, әлдеқайда епті болатын.

Олар бук ағаштарының ортасында біріне-бірі аш қасқырдай ұмтылып, бірін бірі жеп жібергісі келіп, бірде жұлысып, бірде жұдырық сілтесіп, көздері шатынап, түрлері түтігіп — екеуі де өліспей беріспеске бекіген. Әлден уақытта бір-біріне қолдары жабыса қалған олар өкіре айқайлап, ышқына дауыстап, аяқтан шалысып, іштен тебісіп, бірін-бірі қалайда құлатуға тырысып еді. Сөйтіп алысып-жұлысып келіп, жуан бір ағаштың түбіне жеткенде бірін-бірі ұшқын атқан, от шашқан көздерімен атысып тұрып қалды. Қаншама уақыттан бері әрқайсысының кеудесінде кек болып тұнып, қан болып қатып қалған өшпенділіктің тас шемені енді осы көздерде от болып тұтанып шыға келген. Тістері шықырлап, денелері қалш-қалш етеді. Кенет Стир тізерлеп отыра қалып, Бауденнің аяғын шап беріп ұстап, өзіне қарай қатты тартып қалғанда, ол кескен теректей шалқасынан құлап түсті. Бұдан соң екеуі ұмар-жұмар айқасып, шөп үстінде біраз жерге дейін домалап барды да, ақыры айырылысып кетті. Сосын ентіге демалып, бір-біріне арбаса қарап, ұзақ отырды. Тойып ішкен сидрдан кейінгі бүл арпалыс Бауденді тіптен титықтатып тастаса, жаңағы құшақтаса домалаған сәттегі ауыр адамның салмағы Стирді мүлде жаншып, езіп жібергендей еді. Енді қазір екеуінің де түрінде: асығатын түк жоқ, әйтеуір айқасқаннан кейін аяғына дейін айқасу керек деген сыңай бар. Аяқтарын алға созып жіберіп, арыс-гүріс дем алып, ай жарығында бір-біріне арбаса қарап отырған осы отырыстары олардың өздеріне де күлкілі көрінген. Тосыннан шіркеу қоңырауы күмбірлеп қоя берді. Оның бір қалыпты күңіренген үні алғашында "Стирге енді қалай тиіссем" деп отырған Бауденге онша әсер ете қоймаған, сосын бір мезет неге екенін белгісіз, бұл үн оның тұла бойын тітіркендіріп жібергендей болды. Не бұл? Не құдіретті күш? Қолы сылқ етіп тізесіне құлап түсті. Әлдебір күш оны бірден алға, бірде артқа тартады; жан дүниесінің бір түкпірінде кекшілдік пен кеңпейілділік, қасірет пен қаскөйлік бетпе-бет келіп, белдесуге түскендей. Қоңырау даусы әлі де күмбір-күмбір етеді. Қоңырау даусымен бірге қақпа түбінде байлаулы тұрған Стирдің ақсақ биесі де төбе құйқаңды шымырлата ышқына кісінейді. Бауден кенет орнынан созалаңдай тұрды да, Стирге сыртын беріп, теңселе басып үйіне қарай жүре берді. Қалың шөптің арасынан жоңышқаның ашқылтым иісі білінеді. Арт жағынан сықырлаған арба дыбысы естіледі — Стирдің де өз жөніне кеткені. Кетсін! Енді онымен ұстасып не барқадар табады — өлер бала өлді. Өз үйінің қақпасына жеткенде, қу діңгекке сүйеніп біраз тұрып қалды. Айдың самала жарығы төңірекке төгіле құйылып тұр; жым-жырт тыныштық, салқын ауа, бір сайтан көбелек жалп-жалп етіп бетін сүйкеп өтті.

Қоңырау даусы тыншыған, бұлақ сылдыры мен терек жапырақтарының сыбдырынан басқа бөгде дыбыс жоқ.

Маңайы түгел мамыражай тіршілік! Ғажап тіршілік!

Қаншама уақыттан бері кеудесін тұздай ашытып жүрген бір ащы түйін осы сәтте Бауденнің бойынан тарап, мүлде жоғалып кеткендей болды. Енді оның ешкіммен ұстасуға құлқы жоқ еді.

author

Джон Голсуорси

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Жаңа адамдар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті деканының қызметтен босатылуын...

Жаңалықтар

Оқиға Есет батыр шағын ауданында болған. Ойын баласының аулаға жүгіріп шығып, көлік астына түскен сә...