Сан МауГучамен өткен жылы тұңғыш рет жолықтым, олар бізбен көрші тұрды. Ол сақшы бастығы Хандидың үл...
Жолтай Әлмашұлы. "ПРОЗАНЫҢ ШАРТЫ – ПАРАСАТ ПЕН ШЫДАМ" ( қаламдас інілеріме тілек)
Сөз мырза сілкінді! Еңсе тіктеді! Қайтадан бұрынғы қалпына келе бастағандай. Әйтпесе, алғашқы көрген кезде дел-сал күйде еді – сол қалпында оны танып-білу қиын-ды. Тілі шықты. Айта бастады: « Қара Қыпшақ Қобландыда нең бар еді, құлыным" деуші ме еді әлгі бір тарихи дастан-жырда! Сол құйылым артық-кемі жоқ, дөп айтылған. Ал, сендердің «қораларыңа» қарай құлдилап тіл тиектер болсақ, прозаның жолы да, жөні де аса қиын әрі ауыр екенін аңдауға тиіс едіңдер. Онда пафос та, тереңдік те, иірім де, сыршылдық та, сұлулық та – бәрі қоса-қабаттасып, жарыса шауып, біріне-бірі жол бермей жатпаушы ма еді.
Соның бәрін де көңіл сүзгісінен өткізе біліп, ешкімді мойындамайтын, ескі үнді мойындамайтын терең де тәлімді көркем дүниені жарық дүниеге алып келу оңай шаруа ма?..» Бәрекелді! Айттың-ақ! Жеткіздің-ақ! Прозаны оп-оңай қалпақпен қағып аламын деп жүрген кім бар екен?! Егер Ол көрінгеннің қолжаулығы болуға жарап жатса, неге осы күндері жан жадыратар повестер мен романдар бірінен соң бірі балалап жатпайды? Неге проза жанрының «майталмандары» ай санап, жыл санап жарқ-жұрқ етпейді? Әлбетте, біреу мойындап, біреу мойындамас, көркемдік кеңістігіндегі зілмауырыңыз, былайша айтқанда ауырдың ауыры –осы проза! Поэзия бір мезетте не жарқ етіп, жанарыңа от жағып, жаныңды бірден шуаққа бөлейді немесе суып қалған көжедей дәмі аз сезіліп, амалсыз сораптатады.
Проза олай емес. Оның қай тұста суға түскен қанттай ерітіп әкетерін, қай сәтте жүрегіңді бұлқынтып жіберіп, бүлк еткізерін, қай қайырымда салқын ұстап отырған санаңды сілкілей бастарын... басқа оқырман тұрмақ, жазып отырған өзің де дөп басып айта алмайсың! Проза үшін басты шарт – парасат! Парасат-парықсыз жазылған дүниенің дәмі де жоқ, татымы да аз. Парасатсыздық – айтар идеяның солғындығына әкеліп соқтырады қашанда. Содан кейін... прозалық көркем дүниенің өз бағасын алып, қадірі артып, өз биігінде даралануы да уақыттардың еншісіне иек артады. Жылдарға, тіпті ғасырларға созылып жатуы да ғажап емес.
Демек, прозаның екінші қағидасы –шыдам! Сабыр мен ұзақ-қ шыдам! Аға буын бұны әлдеқашан ұғынып-түсінген болар, енді жас қалам иелері де мұны көңіл биігіне қонақтата білсе екен дейсің! Сөз мырза, сені түсініп тұрмын! Сен бұл жолы да мүлт кеткен жоқсың, тағы да көшелі сөзге соқпақ салған сықылдысың...