Марат Тоқашбаев: ЖЕРЛЕУГЕ – НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚ

ӘДЕБИЕТ
3456

Бүгін көрнекті ғалым, академик Әбдуали Туғанбайұлы Қайдардың дүниеден өткеніне тура бір апта. Отбасы ата-баба дәстүрімен жетісін де беретін шығар. Соңғы демі үзілгенше ұлтына қызмет еткен марқұмның иманы саламат болсын! Астанада дүниеден өткен көрнекті тұлғаларды жерлейтін пантеон салмақ жоспарды да, оған жерленетіндердің лауазымдық тізбесін де көрдік. Бірақ бізді әйгілі тұлғаларды жерлеу рәсімін ұйымдастыруда мемлекеттік органдардың алалық жасайтыны алаңдатты.

Мысалы, соңғы жылдарда өткен үш тұлғаны алайық. Салық Зиманов, Сұлтан Жиенбаев, Әбдуали Қайдар. Алғашқы екі ағамыздың сүйегі Абай атындағы опера және балет театрынан шығарылды. Олар әлбетте мұндай құрметке әбден лайық. Екеуі де майдангер. Екеуі де көрнекті қайраткер. Қоштасулар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған өте ризамыз. Ал Әбдуали Туғанбайұлы «Ғылым ордасының» Құрманғазы көшесі жақтағы өзі тар, өзі күңгірт, еңсесі төмен фойэсінен шығарылды.

Үшеуі де көрнекті тұлға, үшеуі де мемлекетке еңбегі сіңген қайраткер, үшеуі де майдангер. Үшеуінің де жасы қатар. Үшеуіне де Елбасының көңіл айту хаты жолданды. Енді келіп неге алалаймыз?

Әбдуали Қайдар ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұзақ жылдар Төрағасы болды. Қазақ тілінің конституциялық деңгейде мемлекетік тіл болып орнығуын табандылықпен қорғаған, қазір өзіміз мемлекеттік деңгейде ауысқалы жатқан Латын қарпіне көшу туралы ең алғаш ұсыныс жасаған, оның ілкі нұсқасын әзірлеген, тіл білімі ғылымына этнолингвистика сияқты жаңа сала енгізген, түркологияны ерекше дамытысқан, орасан еңбек сіңірген Ғалым. 17 ғылым докторын, 75 ғылым кандидатын дайындаған. 39 орден-медалін Президент архивіне өз қолыммен санап өткіздім. Оның ішінде 9-ы соғыста алған жауынгерлік орден-медальдар. Арасында екі «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ», І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері бар. Президенттікке кандидаттардан, оның ішінде Н.Назарбаевтан да қазақ тілі бойынша емтихан алғаны есте. Осындай тұлға опера театрынан шығаруға лайық емес пе еді?!

Осындай лайықты тұлғаны отбасының келісімі солай болды деп сылтауратып «Ғылым ордасының» фойэсінен шығарғаны мүлде ұят болды. Жерлеуді ұйымдастыруға байланысты комиссия құрылса да мұндай болмас еді. Мемлекет өзінің лайықты тұлғаларын мемлекеттік тұрғыдан әспеттеп шығарғаны жарасар еді. Немқұрайдылық қадам басқан сайын көрініп тұрды. Қоштасу рәсімінде ешбір министр, тіпті қала әкімі де бой көрсетпеді. Әдеттегі сылтаулар.

Әрине, дүниеден өткен адамға мұның бәрінің түкке де керегі жоқ. Бұл тірілерге, орта буынға, жас буынға керек. Отанға адал қызмет етсе, орасан еңбек сіңірсе соңғы сапарда лайықты құрмет көретінін білу ол да өнеге емес пе?! Сондықтан мемлекеттік органдар өмірлік қызметін Мемлекет басшысы мойындаған көрнекті тұлғаларды соңғы сапарға аттандыруға байланысты немқұрайдылық саясатын жанашырлық саясатына ауыстырғаны жөн дер едім.

author

Марат Тоқашбаев

Жаңалықтар

2024 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша елорда аумағында 4100-ден астам интернет-алаяқтық дерегі т...

Спорт

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-ойыншысы Ұлан Қонысбаев Euro-football.ru сайтына берген с...