Әнузаның айыбы

ӘДЕБИЕТ
1395

Жеңіс жолында құрбан болған аналардың рухына арнаймын

45-тің көктемі –соғыстың соңғы көктемі жылдағыдан ерте шықты. Наурыздың аяғына дейін сіресіп жатып алатын қар, ай туысымен көбесі сөгіліп, жылға-жылғаны суға толтырып тастады. Күн де шуағын аямай-ақ тұр. Жон арқасын тосып тұра қалған жанның бойына қан жүгіріп, алты ай қысқы суықтан секиіп қалған сүйектері икемге келе бастайды. Күнестеп тұрған бірен-саран сиыр пышақ қырындай арқасына қонған сауысқанды да елең қылатын емес. Иті де, мысығы да тоқымдай ғана құрғаған жер көрсе жата қап аунай бастайды. Мамыражай тыныштық, баяу соққан самал жел, құстардың құйқылжыта салған әні – ғажайып бір баққа кіргендей көңілге желік бітіреді. Оның үстіне, ауылдың қақ ортасындағы бағанның басында саңқылдап тұрған радио сәт сайын майдан даласынан қуанышты хабар таратып, даңқты армиямыздың әні-міні Берлинді алатынын айтудан танбауда. Осы жеңісті жорықтың құрметіне еңбек өнімділігін арттырамыз деп міндеттеме алған колхозшылар көктемгі егіс науқанына қызу кірісіп кеткен-ді. Соқа сүйреткен арық-тұрақ өгіз бен атты отқа қойып, бригада түскі ас ішуге тоқтаған. Бір тілім нан мен бір тостаған көжесін демде тауысқан әйелдер бір жерге жиналып ап күбір-күбір әңгімеге көшті. Өсек-аяңнан аулақ жүретін, жер қозғалмаса қозғалмайтын Әнуза ғана бригададан жырақ кетті. Жырақтайтын себебі де бар еді...

–Әй, қатындар, не білгендерің бар? Осы Әнуза байғұс соңғы күндері неге кісікиіктеніп кетті? Тіпті жақындауды қойды. Амандассаң көзін жерден алмайды. Ернінің ұшымен әзер сәлем береді. Осы сормаңдай аман ба ана бәледен?

Онсыз да ішке сыймай, сұғанақтап сыртқа шыға алмай әркімнің ішінде жатқан мұздай сөзді лақ еткізген Әйкен, бәрінің жүзіне жорта сұраулы көзбен қарап тұр. Соны күткендей бәрі жан-жақтан қозы-лақша жамырай кетті:

–Осының бір бәлесі бар.

–Ой, сендер де бала құсап...Болған соң сөйтеді де.

–Түу, соны білмейсіңдер ме?

–Ал, білсең айтшы. Не боп қалған екен?

–Бірақ, енді ол да емес шығар, білмеймін...

–Айтсайшы енді, біз де естиік.

–Айттым ғой бұл қатын сау емес.

Бәрінің сөзін тыңдап алған Әйкен айналасына ұрлана қарап, жаулығының екі ұшын тартыңқырап, сыбырлап қана:

–Өздерің бәрін біліп отырған бәле екенсіңдер ғой. Бұлар қайтер екен деп сыр суыртпақтап отырсам тоқтата алмай қалдым ғой өзі. 

Көздері көктемде күйлеген түлкінің көздеріндей ойнақшып кетіпті. Бәрін жанына шақырып алып:

–Мен білсем... мен білсем бұл қатын буаз! – деп, төтесінен қойып қалды.

–Тек! Құдай-ау, не дейді?

–Түу, бала болмашы, ашық ауыз.

–Бәсе, бәсе...

–Айта алмай жүргеніміз сол ғой.

–Масқара, қарабет болды деген осы.

–Ойбуй, қай бетімді...

Әнузаның мәселесін бригада болып талқылаған әйелдер мұнымен тоқтаған жоқ. Еркіне жіберсе бүгін тоқтайтын да түрі жоқ. Ошақта сөнгелі жатқан шаланы үрлегендей бірінен бірі қағып әкетіп, ғайбаттың отын маздатып жатыр.

–Әйкен-ай, ауылға кім кеп еді ол уақытта?

–Кім келуші еді, ауданнан өкіл келеді де.

–Қай өкіл? Ол арамтамақтар ауылға апта сайын келеді ғой.

–Бір оңған өкіл көрмеппін. Өңшең ақсақ-тоқсақ, қоқыр-соқыр, қыли, керең...

–Солардың қайсысы, Әйкен? Білсең айт енді.

–Оның несі құпия? Әлгі арақтан аузы құрғамайтын, теке сасып жүретін шырылдақ өкіл.

–Ойбай, атына міне алмайтын, мінсе түсе алмайтын, бойы бір қарыс, тілі сала құлаш албасты ма?

–Сол, сол. Осы қатындар да шыт-жаңа болып естен тана қалады екен. Сол күні кеш түсе биенің үстінде мойны қатпаған баладай басы былқ-сылқ етіп келе жатқанын бәрің көрдіңдер ғой.

–Көруін көрдік қой. Сол бәле ана түрімен бірдеңе тындырады дегенге сену де қиын.

–Ой, сендер оның Әнузаға жұтына қараған түрін көрген жоқсыңдар ғой. Екеуміз таразыда тары қаптап жатқанбыз. Ауданнан бұйрық кеп, қамбадан тары жіберетін күн ғой. Сол бұйрықтың орындалуына жауапты жаңағы өкіл екен. Көзі қой көрген қасқырдың көзіндей қызарған, мастығы лезде тарап кетті. Өз-өзінен жырқылдап күліп, сыпайы болғансып, қаптың бір шетін көтерісіп жүрді де қойды айналсоқтап. Қатындар, қазақ атаң бекер айтпаған:беттің әрі –арттың соры! Сұлулық біреудің бағына, біреудің сорына бітеді.

–Қысқарт!

Жер астынан шыққандай ащы дауыстан бәрі селк ете қалды. Жалма-жан жаулығын түзеп, жан-жағына қараған әйелдер тұйғындай түйіліп тұрған бригадир Есетті көрді. 

–Қызылсырап қалған екенсіңдер түге! Бейбақтың етін тірідей жеп. Кімнің басына қандай күн туарын білмейсіңдер әлі. Не отырыс мынау шалжиып? Жиналыңдар, жұмысқа кірісіңдер!

Бір қолынан айрылып, майданнан тірі келгеніне тәубе қып жүрген Есет бригадир жұмысшыларын егіс алаңына қуып шығарды да, аулақ кеткен Әнузаны іздеп, жан-жағына күн салып қарап тұрды.

Бұл кезде Әнуза бір шоқ шидің арасында басын тізесіне қойып үнсіз ғана жылап отырған. Мойылдай қара көздерінен тарам-тарам аққан жас ақ бетінен сырғанап түсіп, қара жерге тырс-тырс тамады. Өксіген сайын қолдары дірілдеп өзіне бағынбай барады. Бойында қасық қан да қалмағандай сұп-сұр, денесі бір ысып,бір суып әлсін-әлі қалшылдап қояды. Кір шалмаған жаулығын жұлып алып жерге бір ұрды. Бұрымын білегіне бір, мойнына екі орап шарасыз, дәрменсіз күйде отыр. Әлсіз қолдарымен бұрымының ұшын тартып-тартып көрді. Жоқ, бұрымға буынып өлетін шама жоқ. Көзін жұмып, өміріне есеп бергендей әрнәрсені бір ойлайды. Ертеңін ойласа, алдағы өмірін елестетсе өзегі өртенердей. Өткені есіне түссе, ертегі әлеміне кіріп кеткендей шыққысы жоқ. 

Сүйіп қосылған қосағы Темірбекпен бақытты еді. Темірбек аса білімді, оқыған жігіт болмаса да жігерлі, адал, өмірге құштар жан еді. Колхоздың жүгін өрге сүйреген еңбекшімін, бақытты болашақтың құрылысшысымын деп ойлайтын өзін. Бес жыл отасып бала сүймесе де арада дәнекердің жоқтығы еш сезілмеген. Сәби сүю алдағы уақыттың еншісінде шығар, Құдай берген күні болар деп жүргенде соғыс басталды. Темірбек алғашқылардың бірі болып әскерге шақырылды. Жары мен анасына «қош» деуге де мұршасы болмады. Ауданнан бәрін көлікке тиеп, бір топ ер азаматты облыс орталығына әкете барды. 43-тің күзіне дейін хат келіп тұрған. Сол қара күзден бастап хат тыйылды. Үш айдан соң қара қағаз келді. Дүние төңкеріліп, тіршілік тоқтап қалғандай болды. Әнуза мен енесі – қос мұңлық аңырап қала берді... 

Колхоз жұмысшылары үйге ымырт үйіріле бір-ақ қайтады. Кетпен-күрек, асай-мүсей тиелген арбаға жегілген көтерем өгізді жетектеп Әнуза да ауылға ілби басып кіріп келеді. Өмірінің өзін әзер сүйреп жүрген Әнузаға өгізді сүйреу де бір азап. Қыстан әзер шыққан мал жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында отықпаған соң қайдан жүрсін. Төрт тағандап тұрып алады. Көн терісі таяқты сезбей ме, қанша ұрса да қозғалмайды. Әйтеуір бірде жетекетеп, бірде арбаны итеріп үйге жетті. Үйге кірсе енесі шам жағып, пешке шәйнек қойып қойыпты. Әр күні кешке осылай, Әнуза келген соң ғана шай ішіледі. Жалғыз адамға шай батпаған соң байғұс кемпір келінін сарғайып күтіп отырады. Бірақ, Әнузаның бүгін ештеңеге зауқы жоқ. Іле далаға қайта шықты. Жалғыз сиырды қамайтын қораға барып кірді. Қолына ілінгені сиырдың бас жібі болды. Жоғары қарап, жіп өткізіп байлайтындай бөрене іздеді. Сиырға су беретін астауды төңкеріп үстіне шыға бергенде аяқтың тықыры естілді. Әлдекім осы қораға келе жатыр. Жақындап қалды. Есіктің дәл алдына келіп тоқтады да жөткірініп бір қойды. Әнуза бірден таныды: бригадир Есет.

–Келін шырақ! Айналайын, айып етпе. Қораға беймезгіл уақытта кіріп бара жатқаныңды көрдім де амалсыз бұрылдым... Еейй, не дейін. Бұл да бір сынақ қой. Асығыстық қылма, ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Бұл қазақ саған өлген соң да тыныштық бермейді. Өсекті өліммен тыйған ешкім жоқ. Темірбектің ошағының отын өшірме. Елміз ғой, көппіз ғой, ортамызда бір жаман жүрер, жетілер. Сенің мұндай күйге түсуіңе, шындығына келгенде, бәріміз де кінәліміз. Сол күні сені жұмысқа шығарғаныма қазір өкінем... Кеше гөр... Ақылға кел, қалқам.

Осыны айтып Есет ұзай берді. Алғашқы ойынан айныған Әнуза сәл ойланып отырды да, өзі жайлы өсекті өрбітіп жүрген Әйкен абысынына бет алды. Әйкен де жұмыстан кеп, шайын алдына енді ала бергені сол еді. Бұның үйіне өмірі аяқ баспайтын Әнузаны көріп тосырқап қалды. Босағаға сүйене отыра кеткен Әнуза ернін тістеп, көз жасын бір сығып алды.

–Қайынағаның шаңырағына бұрын әдеп сақтағаннан келмеуші едім. Алыстан ғана сәлем салып, батасын алғанды бойға құт көретінмін. Бүкіл ел қадірлеуші еді жарықтықты. Ол кісінің көзі кеткен соң да әруаққа шет болмайын деп бұл үйге шақырусыз келмегем... 

–Бүгін екі кеште не боп қалды? От алуға келмеген шығарсың?

Әйкен де шақылдап шабуылға дайындала бастады. Шайын құйып қойып, Әнуза не айтар екен деп күтіп отыр.

–Абысын, жаманат жерде қалады дедіңіз бе? Менің халімді біле тұрып осыншама сөз айтып, ауыл жұртынан сүйінші сұрағандай болыпсыз. Мені Құдайдың жазалағаны аз ба еді? 

–Бұл Құдайдың жазасы емес, ойнақтап жүріп тапқан пайдаң! 

–Не деп кеттіңіз? Сіз сол күні менің қасымда болдыңыз ғой. Өкіл келгенде екеуміз таразының басында едік. Сіз түзге шығам деп ұзап кеттіңіз, мен жалғыз қалдым ғой.

–Өкіл сені көзімен ішіп-жеп бара жатқанын көріп тұрып ол жерде қалай қалам? 

–Сонда сіз әлгі айуанның арам ойын біле тұра әдейі кеттіңіз бе?

–Ал, солай дейін ал! Не болады? Қайта қысыр боласың ба?

–Бетім-ай, мұныңыз сонда әдейі істелген иттік болды ма?

–Иттік дейсің бе, жесір қатынның сауабын алды дейсің бе, өзің біл!

–Қорғансызды қорлауды сауап дейсіз бе? 

–Әй, басымды қатырмай шық үйімнен. Істеріңді істеп алып, енді менің күнә, сауабымды санауға кеп пе едің? Ойнас қалғанша артыңа ие бол одан да! Сосын барып сөйле!

Зіл батпан ауыр сөздердің салмағынан есеңгіреп қалған Әнуза жанарымен жер шұқып, бір нүктеге тесіліп ұзақ қарап отырды. Әлден уақытта Әйкеннің көзіне тура қарап тұрып:

–Абысын, білесіз бе... Сіздің боқ жеп, запыран құсатын аузыңыздан менің ойнас қылған астым таза! –деді. Сөз сүйегінен өтсе керек, Әйкен ұрттай берген шайын жұта алмай түкіріп тастады. Көзі аларып, қалшылдап "кет, кет!" дей берді. 


***


Педучилищені үздік дипломмен бітіріп келген Сәрсенбек жұмысқа кіріскелі он-ақ күн болды. Аудандағы білім бөлімі оны ауыл мектептерінің біріне оқу-тәрбие ісін меңгеруші етіп тағайындаған. Мектеп ұжымы жақсы қарсы алды, жұмыс істеуге еш кедергі жоқ. Тек, бір оқушының тәртіп мәселесі қиын болып тұр. Сабақ үлгерімі нашар екені бөлек мәселе, ал, тәртібі тіпті қиын. Класс жетекшісі осы он күн ішінде алдына үш рет әкелді. Үшінші класста оқығанына қарамастан бұзықтықтың неше атасын көрсетіпті. Колхоз кеңсесі алдынан темекі тұқылдарын жинап шегетін, кластастарының қаламын ұрлайтын, киімін жыртатын, қыздардың үстіне сия төгетін Сапаров деген сотқар бала бүкіл мектептің бас ауруы көрінеді. Кабинетіне шақырып жеке сөйлесейін десе үндемейді. Мылқау бала сияқты мелшиеді де қалады. Анасы ертеден кешке дейін жұмыста, үйінде кәрі әжесі бар деп естіген соң, Сәрсенбек сол үйді бетке алып, оқушының әжесімен сөйлеспекке бел буды. 

Қала өміріне үйреніп қалған Сәрсенбек үйге рұқсатсыз кіруге бата алмай есік қағып «үйде кім бар?» деп дауыстады. Төргі бөлмеден «бұ қайсың?» деген естілер-естілмес дауыс шықты. Аяқ киімін шешіп төрге озғанда қара киіздің үстінде шоқиып отырған кемпірді көрді. Мұны көре сап кемпір:

–Орыс құсап есік қағып тұрған кімсің? –деді.

–Апа, мектепке жақында келген мұғалім едім.

–Е, молда баламын деші.

–Жоқ, апа, мұғаліммін.

–Біздің заманымызда баланы молда оқытушы еді. Содан ғадет боп қалған да. Аман бол, аман бол.

Сәрсенбек қалтасынан қойын дәптерін алып, қарындашын да сайлап қойды.

–Апа, мен Сапаров деген оқушының мәселесімен келдім. 

—Кім дейсің?

—Сапаров. 

—Жарықтық, атамның атын естімегелі қай заман?! Иманды болғыр... 

—Сіз әжесісіз бе?

Кемпір мұғалімнің бетіне бағжия бір қарап алды. Сұрақты ұнатпағандай кейіп танытты. 

–Немене , үкіметтің басқа шаруасы бітіп, соны анықтап кел деп жіберді ме?

Сөз таппай сасып қалған Сәрсенбек жымиып бас шайқады.

–Оның әжесі мен емеспін десем, оған әже болар басқа кемпірді де таппайсың ғой.

–Апа, бұл баланың аты кім? Мектеп тек фамилиясымен атайды екен.

–Аты ма? Аты –Жеңіс. Немісті жеңген жылы туған.

–Же-ңіс... Жақсы, енді әкесінің атын айтсаңыз.

–Аты Жеңіс болса, әкесі соғыс болмай ма!

Кемпірдің жұмбағын шеше алмаған Сәрсенбек блокнотына не жазарын білмей қарындаштың басын тістеп отырып қалды. Үнсіздікті әжейдің өзі бұзды.

–Балам, сыбырлағанды Құдай естімей ме деген. Несін жасырайын сенен. Шалымды мешін жылғы жұт, ұлымды неміс жаққан от жалмады. Ауылға, елге ие болып шолақ белсенді мен өктем өкілдер қалды. Жесірдің қарғысынан, жетімнің көз жасынан қорыққан жоқ олар. Жаудан бетер болды. Бетінің ұшында қызылы бар қатынның олардан аман қалғаны сирек, қарғам. Енді бірдеңе түсіндің бе, балам? 

Ұялып кеткен Сәрсенбек үнсіз бас изеді. Баланың түп атасын қазып нем бар еді деп өкінді.

–Келінімді жамандыққа қимаймын. Бейнеттен басқа көргені жоқ. Ең болмаса осы баладан бір рахат көре ме деп едім... Әзір қызық көрсететін қуға ұқсамайды бұл. Өскен соң ақыл кіре ме деп өзімді жұбатып қоямын. Уһ... Айтпақшы, өзің үйлімісің, молда бала?

–Жоқ, апа. Бола жатар, оқуымды бітіргенім кеше ғана.

–Е, жөн, жөн. Саған айтар ақылым, балам, төмен етектіге қылдай қиянат көрсетпе. Бір аунап тұрар жеріңе мың ойланып алып бар. Енді «жетімнің әкесі соғыс» деп сылтаурататын заман өтті. Әр бұтаның түбіне бір сарып кету иттің де қолынан келеді. Өзің көріп отырсың ғой... Біздің халіміз әмбеге аян. «Бісмілләсіз» бала оңа ма! Түзу жүр, түзу жүрсең жүзің жарқын. 

Сәрсенбек мектепке жеткенше әжейдің сөзін санасынан сан мәрте қайталап өткізді. Үш жыл оқыған оқуын үш ауыз сөзбен түйіндеп берген кейуананың соңғы сөзі құлағында әлі жаңғырып тұр. Сол әсермен мектепке келді де, Жеңіс оқитын классқа өзі жетекші болуға бекінді.


Нұрболат Әлменов

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...