Рабиндранат Тагор. Антатқан (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
2242

Рабиндранат Тагор

Аударған С.Шаймерденов

I

Пхалгүн айының орта кезі. Мүккерджи үйінің терезелері ашық түр. Көктем самалы еседі, әлі гүлдей қоймаған манго ағашының жұпар иісі аңқып келеді. Тоған жағасында ескен кәрі личудің қалың бұтағына қонып алып толассыз папияр құсы сайрайды. Тынышы қашқан Хемонто сүйген жарының бірде шашын тарайды, бірде білезігін сыңғырлатып ойнайды, шашына қадаған і ұл шоғын сырғытып бетіне түсіреді. Кешқұрым тынып қалған ағаш басын ауық-ауық шайқап кетер жел сияқты.

Алайда Көшім ай сәулесіне бөккен бос кеңістікке қадала қарап тапжылмай қарап отырып қалған. Мазасызданған жар қылығына елігер емес. Бір кезде төзімі қалмаған Хемонто жұбайының қолынан тартты.

− Көшім, сен қайда кетіп қалғансың? Сонша алыстап кеткенсің тіпті дүрбімен қарасам да митімдей-ақсың. Мен бүгін жақын болғаныңды қалаймын. Қарашы, неткен тамаша түн еді!

Көшім күйеуіне бұрылды:

− Мына түн мен көктем сұлулығын бір қабақ қағыста жоқ етіп жібере алатын бір сиқыр сезді білемін, айтарым сол

− Оны қайт дейсің, тіпті білген күніңнің өзінде де пәш етудің керегі не. Одан да бір аптада әлденеше жұма жасай алатын, болмаса осы түнді ертеңгі кешке дейін ұзарта алатын сөз айтатын болсаң, тыңдауға мен әзір.

Ол баурамақ болып Көшімді өзіне тартты, бірақ әйелі шалқая отырды.

− Өлер алдымда айтармын деген бір сөзім бар еді, сол сырымды ашпақпын. Бүгін жазаның қандайын болса да көтеретін түрім бар.

Жар сөзін әзілге айналдырмақ болған Хемонто жаза жайында Джойдебтың айтқандарын келтіре бастап еді, ауыр да ашумен қозғалған аяқ дыбысы естілді. Олар салғаннан таныды, Хемонтоның әкесі Хорихор Мүккерджидің аяқ басысы. Хорихор есік сыртына келіп тоқтады.

− Хемонто, келінді көзіме көрсетпе менің, қазірден бастап аласта үйімнен! − деп күркіреді.

Хемонто әйеліне қарады. Таңырқаған Көшім жоқ, тек бар күшін жинап ғайып болып кеткісі келген адамша екі қолымен бетін басты.

Оңтүстіктен жел соқты. Папияр үні тынбай естіледі. Бірақ тыңдаған жан болмады. Табиғат неткен көркем десеңші, сол сұлулықты құрта салу да оңай екен той.

II

Хемонто кіріп келді.

− Бұл рас па? − деп сұрады ол әйелінен.

− Рас.

− Осы кезге дейін неге айтпадың оныңды?

− Талай рет айтпақ болдым, бірақ батылым жетпеді. Күнәм коп.

− Олай болса айт бәрін де бүгін.

Сөйтіп Көшім денесін тік ұстап, от ішінен өткендей болып, әңгімесін айта берді. Бірақ өртке шарпылып жасып қалғанын ешкім де білген жоқ. Хемонто әңгімені аяғына дейін үнсіз тыңдады, содан кейін ештеңе деместен сыртқа шығып кетті.

Бұл күйеуін енді қайтарып ала алмайтынын Көшім жақсы түсінді. Таңырқамады, басы толтырып қойған бейне бір тон еке сияқты. Бұл оқиғаны да күнде болып жататын дағдылы бір шаруа есепті қабылдады. Ол бір нәрсені түсініп жеткен сияқты пәни дүние мен махаббатта тұрақ мағына жоқ, бәрі де жалған. Көшім өткен күнді есіне алды. Сүйем сені, жан сәулем деуші еді Хемонто. Құлағында ызамен шыққан кебір де қатқыл күлкі түр, түсі суық селебе сияқты мита қадалғандай болады. "Міне тау бұ лағындай мөлдір де таза, уытты да тұңғиық асыл махаббат! Бір сәт шалғайда болсаң сағындырасың да шер болып қатасың кеудеге, бір сәт жанап өтсең көңілге нұр толтырып бақытқа бөлейсің. Шеті мен шегі де жоқ өлшеусіз бір мол бақыт! Үміт шіркін міне нені дәметпеп едің! Бірақ қауым пікірімен бір шекісуге де жарамады, жалынды махаббат дегеніңнің күлі көкке ұшты. Осы әлгінде ғана Хемонто тебірене келіп құлағыма "түн қандай тамаша!" деп сыбырлаған-ды. Әлі де сол түн ғой, сайраған папияр үні тынған жоқ. Оңтүстік желі масахананы тербейді. Терезе алдында өскен ағаш басынан асып, талықсып ұйқыға кеткен бақытты жас аруға ұқсап ай сығалайды". Бәрі де жалған! Махаббат, сүйіспеншілік дегенге сенбеймін мен!" Мүмкін Көшім дәл осылай ойлаған болар.

III

Түнімен кірпік ілмей шыққан Хемонто ертеңіне азанда жын соққан адамша жүгіріп Перишонкор Гхо шалдың үйіне барды.

− Неғып жүрсің, бабу? Не жаңалық бар?− деп сұрады Перишонкор.

Хемонто түтігіп кеткен, даусы да шықпай қалды:

− Біздің түбімізге жеттің, бәрі де құрыды. Бұл үшін маған жауап бересің.

Перишонкор күліп жіберді:

− Ә-ә, оның есесіне сіз менің арқамнан қақтыңыз, үй ішімді, әулетімді қорғап қалдыңыз! Мені сонша жақсы көресіз, қамымды жеп жүресіз!

Хемонто осы бір сәтте Перишонкорды брахманның жалынымен шарпып түтіп жібергісі келді, осы бір тілек оның ашуын қоздырып, жындандыра түсті. Перишонкор саспады, барынша жайласып шалқая отырды.

− Саған не жазып едік біз? − деп сұрады қарлыққан даусымен Хемонто.

− Бұл сұрақты мен саған қоюға тиіспін. Жалғыз қызымнан басқа бада жоқ менде. Сенің әкеңе не жазып еді ол? Онда сен жас едің мүмкін білмейтін де боларсың. Ал тыңда зейін салып. Абыржыма, бабу, қызғылықты жайлар бар.

Сен онда бала едің, күйеу балам қызымның бар асылын ұрлап алып ағылшын өзіне тартып отырды. Содан бес жыл өткен соң ол ауылға адвокат болып оралды. Сен мұны шала-шарпы болса да білуге тиіссің.

Мүмкін есіңде қалмаған да болар, онда Калькуттада оқуда жүрген кезің еді. Қыстақ бастығы сенің әкең еді ғой. Міне сол Хорихор маған келіп: "Егерде қызыңды күйеуіне қайта жіберетін болсаң, жақсылық күтпе, оған енді қайтып үйіңді көрсетпейтін боласың", − деді. Аяғына жығылдым, жалындым да, жалбарындым да: "Дада, бір қателік жасаған болар кешірім ет күйеу балаға. Күнәдан тазарсын деп құдайы жолға түсірдім, кастаға қайтарып ала көр", − деп өтіндім. Бірақ әкең сенің құлақ аспады, ал жан дегенде жалғыз қызымнан мен қайтып безіне аламын, сол себепті кастаны да, қыстақты да талақ етіп Калькуттаға көшіп келдім. Бірақ менің бағым мұнда да жанбады. Інімнің баласына деп бір қызға құда түскен едік, той жабдығын жасап жатқанбыз, міне сол кезде сенің әкең араға келіп түсті де баламызды жамандап, құдаларды айнытып жіберді. Егерде осы қысастығына қысастық жасап, кек қайтармасам, брахманның баласы болмай кетейін деп ант еткен едім. Ал енді кей нәрселерді аңғара бастаған да боларсың? Шыдай түр, тыңда бәрін де, байыбына жетесің. Күлкілі жайлар да бар мұнда!

Сенің колледжде оқып жүрген кезің, сіздің үйге көрші Бипродаш Чаттерджи деген тұрды! Марқұм болды бишара. Сол Бипродаш мырза каяст кастасынан шыққан Көшім атты аса бір сұлу қыз баланы үйіне паналатып жүретін. Ол өзі оң жақта отырған кезінде айттырған күйеуі өліп, жесір қалған қыз екен. Шәкірттер көзіне түсірмеймін деп кәрі брахман азаптанып-ақ бағып еді. Бірақ қартайған адамды алдап кету қиын ба қызға? Кір жаямын деген желеңмен Көшім жиі-жиі төбеге шығып жүрді. Сен де төбеде ғана отырсаң сабақ дайындай алатын болдың ғой деймін. Сөйлесіп, таныстыңдар ма, оны өздерің ғана білесіңдер ғой, дегенмен қыз қылығы шалға күдік сала берді. Көшім мінезі өзгеріп кетті, ұйқы, күлкі көрмеді, тамақ та ішпейтін болды. Бейне бір жаудыр көз диуана сияқты. Бір күні ымырт әлетінде қарт алдында жайдан-жай отырып жыл апта алды.

Ақыры жүре келе шал сендердің төбеде үнсіз кездесіп тұратындарыңды білді. Сен тіпті колледжге баруды да қойып алдың, таң атсақ болды, кітабыңды ұстаған қалпың, үй төбесінен бір түспей қойдың: оңаша отырып дайындалуды жақсы көретін болып кеттің ғой оқыстан. Бипродаш маған келді, ақыл сұрады.

− Дада, − дедім мен оған. − Көптен бері Бенареске барсам деген ойың болушы еді. Қызды менің қарамағыма қалдыр да аттана бер қажылыққа. Бала қамын мен ойлайтын болайын.

Бипродаш тауап етемін деп Бенареске аттанды. Мен Көшімді басқа үйге Срипоти Чаттерджидің үйіне көшірдім де, соның қызы деген лақап таратып жібердім. Содан кейін не болғанын өзің де білесің. Осының бәрін саған айтып көңілім жай тауып отыр. Бүл асылында бір қызықты әңгімеге ұқсайды ғой. Қағазға түсіріп, жариялап жіберсе тамаша болар еді. Бірақ қолымның ебі келмейді. Бір жиенім бар еді, аздап әдебиетпен шұғылданып жүр деп естимін, соған айтамын ғой деймін. Әрине оған өзің көмектесіп жіберсең тіпті тамаша болар еді, өйткені мұның немен тынғанынан бейхабармын ғой.

Перишонхордың соңғы сөзіне Хемонто мән бермеді:

− Ал Көшім ше, бұл тойға қарсы болмады ма? − деп сұрады.

Қарсы болған-болмағанын айту қиын. Өйткені қыз біткеннің

бәрі де әрқашан "жоқ" дегенді айтады да, "иә" дегенді.ойлап тұрады ғой. Басқа үйге ауысып келіп, сені көрмеген алғашқы күндерде ол шіркін жынданып кете жаздады. Содан кейін сен кімнен болса да қыздың қайда екенін біліпсің. Содан былай кітабыңды қолыңа алып колледжге бара жатқан бойда үнемі адасып Срипоти үйінен келіп шығатын болдың. Әлдебір жоқ іздеген адамша, үйді айналып жүре беретін едің ғой. Байқаймын, сен оқу дегенді мүлде қойып кеттің. Қыздың хәлі де оңай болмады. Бір күні мен Көшімді шақырып алдым. "Шырағым, мен шалмын ғой, қымсынудың керегі не маған, кімді ойлайтыныңды білемін. Бала да ақылынан адасып жүр. Мен сендердің бірге болғандарыңды қалаймын".

Көшім солқылдап жылап жіберді де, бөлмеден жүгіре шықты. Содан кейін мен кеш әлетінде жиі-жиі Срипоти үйіне барып тұрдым. Көшімді шақырып алып, сені мақтай бердім, бірте-бірте ол үйренейін деді. Күн сайын сөйлесе жүріп, некелесуден басқа жолды көріп тұрғаным жоқ дегенді мен оның құлағына құя бердім. Көшім мұны қай ретпен жасауға болады дегенді сұрады. "Сенімен тектіден шыққан бала деп таныстыратын боламын" — дедім оған.

Ақыры ол сенің пікіріңді білуді жөн көрді. Баланың басы онсыз да қатып жүр. Жығылған үстіне жұдырық деп оның үстіне енді мынаны айтудың қажеті жоқ, дедім мен. Іс сәтімен аяқталса, бәрің де бақытты боласыңдар. Еш уақытта ешбір адам білмейтін сырды ашып, сорлыны өмір бақи сандалтып жіберетін нең бар? Көшім мұны түсінді ме, жоқ па, мен оны біле алмадым. Кейде ол жылайтын, кейде тілсіз томсара отырып қалатын. Ақыр соңында мен оған: "Амал қанша, басқа шара жоқ"− дедім. Тағы да оның тынышы қашты. Осындай халде мен саған Срипотидың атынан осы қызға үйлен деген ұсыныс жолдадым. Сен іле келісіміңді бердің. Біз сөйтіп той жабдығына байланысты жайларды сөйлестік. Бірақ той болардың алдында Көшім тіпті үрейі ұшып, беймаза болып кетті. Қайтсе де тілін таба алмадым. Ол менің аяғыма келіп жығылды. "Дада, бұлай болуы мүмкін емес, сұмдық қой бұл!". Мен оған былай жауап бердім: "Ол не дегенің! Бәрі де келісіліп, шешіліп қойды, мен не бетімді айтамын!". "Жұртқа өліп қалды де, сөйтіп мені басқа бір жаққа алып кет", − деп жалынды Көшім. "Ал жақсы, сонда ана баланың хәлі не болмақ, − деп сұрадым мен, − ол қазір пейіште жүргендей, өйткені көптен бері зарыға аңсағаным ертең келеді деп ойлайды. Соның үстіне мен барып сені өліп қалды демекпін. Ертеңіне қайта өзіңе келіп оның өлгенін хабарлауым керек пе сонда? Содан кейін дәл сол күні мына жазған құлағым сенің өлгеніңді естімек қой. Қалай деп ойлайсың, осыншама жасқа келіп мойныма екі бірдей адамның қанын жүктеуім керек пе сеніңше?".

Осы әңгімеден кейін бір сәтті күні тамаша той болды. Мен оз парызымды өтедім. Сөйтіп күнәмді жудым. Содан кейінгі оқиғаны өзің де білесің.

− Керек дегеніңді істеп тындырған екенсің. Бірақ мұны неге жария еттің?− деп сұрады Хемонто.

Кіші қарындасыңды күйеуге бергелі жатыр дегенді естідім мен. Содан кейін бір брахманның ұрпағы қажет болған соң құрып кетіп еді. Енді міне таты да бірі қатерде түр. Оларды бұл бақытсыздықтан сақтап қалу парыз маған деген ойға келдім. Сол себепті Хемонтоның шудра қызына үйленгендігі жайында мен де дәлел-бәлектер барын айтып хат жаздым.

Хемонто өзін зорға ұстап отырды:

− Егер де мен Көшімді тастайтын болсам, қайтесің? Қамқоршысы өзің болмақсың ба?

− Істерімді істеп тындырдым мен. Күйеуі тастаған әйелдердің қамын ойлау менің парызым емес. Мен Хемонто бабуға мұз салған кокос суын әкеп берейін, ішетін бол.

Хемонто сол бір мұздай салқын қонақжайлылықтың ақырын күтпей-ақ түрегелді.

IV

Арада бес күн өтті. Тастай қараңғы түн. Тоған жағасындағы личу ағашы қара қоңыр аспан аясында дүңкие қарауытады. Құстар саябыр тапқан. Тек оңтүстік желі ғана қараңғылық құшағында ойнақ салады.

Әлдебір сыр-жұмбақты шешпекші ме, кім білсін, әйтеуір аспан кеңістігінен қара түнді тіліп жұлдыздар сығалайды.

Жатар бөлмеде жарық жоқ; Хемонто терезе алдындағы кереуетте отырып тұңғиық түн қараңғылығына көз салады. Еденде оның аяғын құшып, етпетінен түсіп Көшім жатыр. Уақыт тоқтап тынып қалғандай. Шайқалмай, томсара тұнған мұхит іспеттес. Бейне бір көзге көрінбес ғайып ерен суреткер келіп мына түннің ұлан-ғайыр полотносына таңғажайып сурет салып кеткен сияқты: айнала өлім, ортада қазы, ал оның аяғында күнәкар әйел жатыр.

Тағы да ауыр басқан аяқ дыбысы естілді. Хорихор Мүккерджи есікке таянды:

− Айтқаныма көп уақыт өтті, күте алмай енді. Аласта үйден ана әйелді!

− Соны естіген Көшім бір сот Хемонто аяғын қыса түсті. Өз өмірімен қош айтысқан пендедей, ернін тигізіп сүйіп алды да түрегелді.

Хемонто да көтеріле берді.

− Мен әйелімді талақ ете алмаймын!

− Сен немене, ата ғұрпын, касталық шариғат жолын бұзбақпысың сонда? − деп діңгірледі Хорихор.

− Каста дегенді танымаймын мен!

− Онда сен де жоғал, көзіме көрінбе менің!

author

Рабиндранат Тагор

КОМПОЗИТОР

Жаңалықтар

"Қазгидромет" РМК 9 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер күн райының нашарлауы...

Жаңалықтар

Дамаскіде мемлекеттік мекемелер мен жеке үйлер тоналып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды...