Әлібек БАЙБОЛ. Күй (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
2355

Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан авторлары қоғамының, «Қыр баласы» қоғамдық қорының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы, республикалық және халықаралық әдеби байқаулардың иегері. Ол 1987-жылдың 3-қарашасында Алматы облысы, Кеген ауданы, Үлкен Жалаңаш ауылында дүниеге келген. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. 2021-жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің докторантурасын тамамдаған. Қазір сол Оқу ордасының Филология институтында ұстаздық қызметте, әрі Университетке қарасты Жас зерттеушілер кеңесі Төрағасының орынбасары. 


Мұндай қызық уақиғаға тап болам деп кім ойлаған... Шайқай түс. Қу дала. Малдас құрған қалпы кигіз үстінде отырмын.    Күнге қарай алмай тұрғанымды-ай. Алыстағы асқар тау өте-өте құдіретті көрінді. Күнге қарай алмай тұрғанымды-ай. Ғайыптан бір құс жерге қонып, маған ұзақ, ұзақ қарап тұрды. Мен де одан көзімді алар емеспін. Алыстан талып жеткен дауыстарға елітіп қобыз шалып, ерекше күйге еніп отырмын. Осы отырысым өзіме ұнап жатыр. Бір кезде әлгі құс қанатын жайып, маған қарата ұша жөнелді. Қорыққанымнан көзімді бір сәтке жұмғаным ғана есімде... Ертеректе, бір итті атып өлтіргем. Сол елес боп келді.
        
– Әуп-әуп!
– Немене?
– Арс-арс!
– А-а-а! Ашулы екеніңді білем. Айып етпе! Күнәмді кеш.
– Аф-аф!
– Иә, сен де өз кінәңді біліп тұр екенсің ғой. Баламның балтырын қанатып, дал-далын шығардың. Атпастан басқа амал қалмады, менде.
– Әуп-әуп!
– Немене?
– Әуп-әуп!
– А-а-а, кешір! Ендігәрі, бұндай қайталанбайды.

Кигіз үйге кірдім. Аузым құрғап, ермін жарылып, әбден қаталадым. Не су жоқ, не тамақ жоқ. Дорбамды ашып қарасам екі тілім нан мен құрт қана бар екен. Құртты ауызға атып, үгітіп көріп едім, қап-қатты. Айналада адам болсашы.  
Даладан:

– Балам! – деген зорая шыққан дауыс естілді. «Бұл кім болды екен?» деген оймен басымды сыртқа қылтита шығарсам ақсақал екен: 
– Ау, ата?
– Қолыңды жай! Батамды берейін!
«Иә, Құдайым оңдасын,
Оң жолына бастасын.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың періштелер болсын!
Жер жүзіндегі қатерден,
Жаппар Иеме тапсырдым!
Судан келер қатерден,
Сапардағы қатерден.
Жаратушы жан Ием,
Сақтай гөр, – деп тапсырдым!
Бір Алла өзіңе тапсырдым!
Қайырлы дәулет берсін,
Халыққа татулы өмір берсін!
Өткенге иман берсін,
Тіріге – береке берсін.
Жастарға ғұмыр берсін,
Халқымызға бірлік берсін!
Әмин, Аллаһуакбар!».
Жоғарыдағы мәтін Отбасы хрестоматиясы шығарған «Әлдиден эпосқа дейін» атты кітаптан алынды. 100-101-бет. Құраст. Б. Бопайұлы, С. Керімбай, Ә. Нәби, М. Төлеген. 2 бас. өңд. толық. – Алматы: «Орхон» Баспа үйі, – 2015.

– Әмин! Айтқаныңыз келсін!
Сөйтіп, жаңағы ақсақал ғайып болды. Қол-аяғым дірілдеп біртүрлі боп кеттім. Қорыққаным сонша, ішке қалайша зып беріп, сандық артына тығылып қалғанымды да аңғармай қалсам керек. Көзімді жұмсам сайтандар мен періштелер жарыса би билеп жатыр. Бір-бірінен қалғысы жоқ. Қара терге түстім. Мына жерден қалай қашам? Жолдан тағы бір нәрсеге ұрынып қалмасам жарар еді. Аналардың жүрген жеріне жуа бітті ме? Жоғалды ғой. Қатты қорыққанда, қатты қуанғанда, өте сезімтал боп кетем. Көзімді ашып, терең тыныстап алдым. Сөйтіп, сәл-пәл ғана көзімді жұмғанымды білем. Ал, арғысы – есімде емес.
***
Жігіт вагонға ентіге енді де, демін басу үшін шабаданының үстіне отыра кетті. «Үлгердім-ау, у-у-у-у-ф!» – деді естілер-естілмес қана.
– Бауырым! Жолды бөгемей... шамалы шетке жылжысаң... – деді бетінде тыртығы бар бейтаныс. Оның даусы да, түр-тұлғасы да елден ерек боп көрінді, жолаушыға. 
– Әрине, әрине! – деді ол сыпайыгершілік танытып. 
– Сақ жүр! – деді жаңағы жан арқасынан қағып. Қолы ауыр екен.
Жігіттің:
– Рақмет! Алла разы болсын! – дегендегі сөзі қатты естілді білем, бәрі тегіс жалт қарады. – Құдай күнәларымызды кешірсе екен, – деп күбірледі. Файл ішіне ұқыптап салған билетіне бір қарап алды-дағы, өзді-өзімен: «7-ші орын... 7-ші орын... 7-ші орын...» – деп ілгері жылыстады. Бір купенің жанынан өтіп, өзінікіне тоқтады да, білінер-білінбес қана иіліп: 
– Сәлеметсіз бе?!
– Сәлем!
– Кешіріңіз! Бұл – менің орным еді.
– А-а-а... – деді қыз еш саспастан. 
– Жарайды. Отыра беріңіз. Ұйықтар кезде ауыса салармыз, – деп ол терлеген қыр мұрнынан сәл ғана төмен түскен көзілдірігін түзеп, заттарын орналастырып, үстіндегі кәстөмін іліп, дәретханаға барып беті-қолын жуған соң ғана біршама жеңілдеп, шаршағаны басылғандай.
Трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс, трс-трс...
Жігіт жарықты жағып, жамбастаған қалпы кітапқа ден қойды. Қыз шемішке шағып, музыка тыңдап отыр.

– Кешіріңіз!
– Не болды?..
– Ойым бөлініп жатыр, – деді ер көзілдірігін көтеріңкіреп.
– Бопты.
– Рақмет!

Екеуі ара-тұра кезек-кезек терезеге телміріп, иен дала, жазық жерге қарап-қарап қояды. Жанынан бағандар, тал-теректер, ескі үйлер, андыз-андыз стансылар өтіп жатты, өтіп жатты. 
– Сапарға шықсам құлазитыным бар. Үйді сағынып.
– Неге? 

Жолсерік көңілді кісі екен. Келіп «Қара жорға» мен лезгин жұртының биін билеп берді. Екеуі – мәз. Бойжеткен мысалынан кісінің шын көңілмен рақаттана күлгенін сонда тұңғыш рет көргені, жолаушының. Түн баласында бір сиқыр, тылсым бар. Мәселенки, таңертең көрген адам түнде басқаша, өзгеше күйге енеді. Кей-кейде мінезі, іс-әрекеті танымастай өзгереді. Демек, түн бақырбастыға барынша әсер ететін ұқсайды, өне бойына ерекше күш дарытады немесе керісінше, таң атқанға шейін бір қасиетін уақытша «ұрлап» алады, кемітеді. Ой, тақырыптан ауытқып кетіппін, кешірім сұраймын. Содан...
– Біз Шаттық шаһарынан Арман қаласына сапар шегіп барамыз! – деді манағы бетінде тыртығы бар бейтаныс.
– Көрдің бе? Көрдің бе? Ол бағанағы... – деді жігіт шошығаны соншалық орнынан атып тұрып, «сізден» «сенге» қалай көшкенін аңдамай.
– Кімді? Қайсы?
– Қазір ғана өтті ғой, Құдай-ай.
– Қияли, – деп қыз мырс етті. 
***
– Біз қайдамыз, өзі?
– Білмеймін. Өзім де түсінбей тұрмын.
– Тіріміз бе, өліміз бе?
– Білмеймін. Өзім де түсінбей тұрмын, – деді қыз қорыққанынан бір сөз-сөйлемді екі дүркін қайталағанын байқамай.
– Жұмақтамыз ба?
– Жұмақ қараңғы ма?
– Белгісіз.
– Онда, Тозақта шығармыз.
– Кетші, қумай. Қиял.  
– «Тозақ – ыстық» дегенді діни кітаптан оқып ем. Ал, мына жер жанға жайлы...
– Жолаушылар, сабыр сақтаңыздар. Пойыз аударылды. Пойыз аударылды. Сабыр сақтаңыздар, – деген жолсеріктің даусы алыстан құмыға шықты.
– Қабырғам-ай!
– Басым-басым! – деп қыз ойбайлап қоя берді.
– И-и-и-и, қабырғам-ай. Өмірдегі арманым – қыз баланың қолын ұстау еді. 
– Басым-басым!
– Сол арманның орындалуына көмектесші.
– Қайдасың?
– Міне, мына жерде. Дәл осы жерді... сені бұрын көрген секілдімін. Тарих қайталана ма?
– Қайдан білейін! Қызық екенсің, өзің. Апатқа ұшырағанда сондай орынсыз сұрақ қоя ма екен, адам деген?!.
– Бұл – соңғы сәтіміз шығар...
– Өлімнен... ажалдан қорқамын. 
– Қорықпа! Қолыңды созшы! Имандай шыным, қорықпа! – деген сөзді жігіт өте сенімді, асқан өршілдікпен айтты. Қыздың қолы қараңғылықты қақ жарып, дәл жігіттің жүрек тұсына кеп тұрақ тапты. Ердің қуанғаны сондайлық көзінен жас ыршып шыққаны бар емес пе (сол тамшы жерге түсіп, гүлге айналды. Ғажап гүлге). Арада шамамен 7 минуттық үнсіздік орнады.
– Рақмет! – деп жігіт дірілдей кеберсіген ернін оң қолының сыртымен сүртіп, сынған көзілдірігін шешеді. – Рақмет! Рақмет, Саған! Енді, өлсем де арманым жоқ.
– Қумашы, қиял. Үнсіздіктен соң. – Қызық сезім.
– Қандай? Айтшы. 
– Түсіндіре алмаймын. Оны тек сезіну керек. 
– Мынау – саған! Сізге! Саған!
– Үрейім сейілді, сенесің бе? – деді бойжеткеннің бозарған, әрі келісті кеспіріне қан жүгіріп...
– Алла күнәларымызды кешірсе екен, – деп жігіт бетін сипады. 
(Сол тамшы жерге түсіп, гүлге айналды. Ғажап гүлге). Жігіт жақшаны ашып, сол гүлді алып шыққаны сол еді, айнала-маң нұрға малынды. Сәуле-сәйгүлікке мінген Жарық жарқ-жұрқ еткен алдаспанымен Түнекті түре қуды. Пойыз шойын жолдан шығып кетіп, қапталдағы қара үйге барып соғылған екен. Полиция, Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері мен «Жедел жәрдем» жетті, уақиға орнына. Дүрліккен ел, мазасы қашқан халық, әйтеуір...
***
Көзімді ашсам малдас құрған қалпы дәл сол жерде, дәл сол кигіз үстінде отырмын. Жан-жағыма қарадым. Құс – жоқ. Қу дала. Алыстағы асқар тау өте-өте құдіретті көрінді. Бұл өмірді бұрындары сүрген секілдімін. Мен аруақ емес пе екем? Мен сол солдат емеспін бе? Кіммін, мен өзі? Аруақпын ба, адаммын ба? Аманмын ба? Әлде, ұлт жолында атылған, оққа ұшқан Алаш қайраткері ме екем? Кіммін, мен? Не ояу екенімді, не ұйықтап жатқанымды айыра алмай далмын. Не тірі, не өлі екенім де белгісіз. Бірақ, адам өлген соң қайта тірілмей ме? Демек, тірімін ғой. Сонда, о жақта жүріп те ойлана алуға мұрша бар ма? Бас еркім өзімде бола ма? Құс – жоқ! О, Құдай! О, Алла! Жар бола гөр, Жаратқан! Сәл-пәл ұйықтап кеттім бе екем, шыны керек өзім де түсінбей қалдым ғой.
***
Радиодағы хабар: «Бүгінгі күндеріңіз сәтті өтсін дей отыра, жаңалықтар легіне кезек берсек! Кеше археологтар Алматы облысына қарасты Есік қаласы маңынан Жоңғар шапқыншылығы тұсындағы батыр мен саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйегін тапты...».
Өзін әулие тұтқан әйел
Бұл уақиға қашан болғаны дәл есімде жоқ. Күні, айы тұрмақ, жылын да нақтылы айта алман. Әйтеуір, болғаны рас. Өз көзіммен көрдім. Мына оң көзіммен. Сондықтан маған сенесіздер деп үміттенем. Ендеше...  
         
– Әулие әйелді көрген кім бар? – деген дауыс естілді, тау жақтан. Алғашында бәрі үдірейісіп-үдірейісіп қалды. Елде – үн жоқ, тып-тыныш.
– Бұл кім болды екен, ә? – деді дәу қара қатын.
– Бі-і-і-і-ілмедім! Дауысы үрейлі екен, – деді жіңішке сары қатын.
– Жын ба? Дию ма? Ібіліс пе? – деді орташа бойлы ақшыл қатын жан-жағына қорқа-соқта көз тастап.
– Ей! Әулие әйелді көрген кім бар? 

Осы кезгі дауыс тым зор, қорқынышты шықты. Үшеуі дірдек қағып, екі көзі шарасынан шығып, жүректері жарыла жаздап, тығылатын жер таппай қиналды, ары жүгірді, бері қашты.

– Енді қайттік? Мынау бізді құртатын болды ғой, – деді дәу қара. 
– Ма-ма! – деді нәуетектеу келген ортаншысы.
Қарқылдап әрі мазақтай күлген дауыс естілді, тау жақтан. Жан-жақ күңірене күркірей барып басылды. 
– Мы-мы-мынау ө-ө-өзіне ө-ө-өте се-се-сенімді ұ-ұ-ұқсайды.

Тура осы кезде төртінші әйел келді:
– Өлең жаманшылықтан қорғайды. Өлең өмірді ұзартады. Өлең өлтірмейді. Өлеңнен бой тазарады. Өлең оқиық.
– Мен дұға-тілек тілеймін, – деді қара қатын нәумез қалпы табанындағы күсін езгілеп.
– Мен де...
– Мен де, – деп қалған екеуі тал шыбықтай майыса-майыса барып отыра-отыра кетті.

Төртінші әйел ерекше сұлу екен. Киім киісі де, жүріс-тұрысы да, сөз саптауы да – бөлекше, ешкімге ұқсамайды.
– Өлең оқиық, – деді ол бетіне нұр жүгіріп.
¹Менің кеудем – менің ұлы 
мешітім,
Мешітіме мұң бере көр,
құдайым.
Құзырыңды қабырғамен
есітіп,
Мұң артынан нұр көргенше
жылайын.

Нұр көрейін, жыр жазайын,
мешеу күз,
Көкіректен көкке шапшып
шығардай.
Тақ пен тәжге таласардай
екеуміз,
Кімді кімнің жаратқанын ұға 
алмай.

Менің рухым – менің жетім
тайлағым,
Өскен сенің тылсымыңа құмар
боп.
Тайлағымды топтан ерек
байладым,
Жетімдігі шын бақыты шығар
деп.

Рухым – дертім. Құпиямды
ашам бар,
(Болмас, сірә, мұнан асқан
шынайы үн)
Табысыңдар, жұлдыздан жыр
жасаңдар,
Сен де жалғыз, ол да жалғыз,
құдайым.

Менің миым – мәңгі өлеңнің
моласы,
Түнегінен таң шапағын
таратқан.
Мүрде болған мәңгі өлеңді
жолы асыл,
Сен болмасаң кім тірілтер,
жаратқан?..

...Көгіңнен түс, кел,
кел маған, Құдайым,
Сені көріп, өзімді аяп
жылайын...

Үнсіздік. Жел тұрды. Уілі басым жел. Жел ойнатқан төрт көйлекті құм шалды. Қара қатын қаққыштап, қағып-сілкіп әуре.

– Әуелі, жаныңды... – деп төртінші әйел сөз артын жұтып қойды.
– Сен қатын, немене жұмбақтап тұрсың? Бері келші, қане, – деді арығы білегін түріп.
– Қой, жамандығы жұғады. Пәлесінен аулақ.
– Жоқ, қоймаймын, – деді әлгісі екілене түсіп, белін таянып.
Ақ киім киген төртінші әйел жанына ерткен аппақ, сүп-сүйкімді ботасына су беріп болған соң үндемей тұрып қалды. Көзін жұмып, күбірледі. Жер қозғалғандай болды. Манағы үшеуінің зәресі ұшты. Жерге жығыла-жығыла кетіп кімнен екенін білмеймін, әйтеуір кешірім сұрай бастады.
– Өлең оқиық!

Ботасын жетектеген төртінші әйел ұзап барады, ұзап барады. Періште Көкке көтерілді. Үш қатын – аң-таң. Ауыздарынан аққан сілекей өңірлеріне тамды, шұбыра барып тамды. Алайда, бұған мән дарытқан ешкім болмады.

– Ей, әулие әйелді кө...          
¹Бұл – Әділ Ботпанның «Менің миым – мәңгі өлеңнің моласы» жыры. 

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...