Жастық өмірімді оң арнаға бұрған ағам, қазақ поэзиясының қаранары – Ұлықбек Есдәулет пен әкеде...
Эдгар По. Тірідей жерленгендер (әңгіме)
Жұрттың бәрін ынтықтыратын, әйтсе де әдебиеттің заңды игілігіне айналу үшін аса үрейлі тақырыптар бар. Егер оқушыларды жәбірлеп әлде шошытқысы келмесе, романшының әдетте одан аулақ жүргені абзал. Айдай ақиқаттығы алғаусыз болған жағдайда ғана бұл тақырыпқа қалам тартуға болады. Мәселен, Березинадан өту туралы, Лиссабондағы жер сілкіну жөнінде, Лондондағы оба жайында, Варфолемей түні немесе Калькуттаның Қара Апанында жүз жиырма үш тұтқынның қалай тұншығып өлгені жайлы оқығанда «қайғылы қасіреттен» жанымыз өксіді. Әйтсе де бұл жазылғандардың ақиқаттығы ғана, растығы ғана, шындығы ғана бізді толғандырады. Егер олар ойдан шығарылса, әрине біз жиіркеніштен басқа ештеңе сезінбеген болар едік.
Мен әлемге әйгілі, аса қайғылы оқиғалардың бірсыпырасын ғана атадым; олардың қисапсыз көптігі жан дүниеңді қасіретті мәнінен кем күйзелтпейді, адамдардың бақытсыздығы жөніндегі бұл ұзақ қаралы тізімнен көпке ортақ осы апаттың қай-қайсысынан болса да, әлдеқайда асып түсетін жан түршігер не сан қайғы-қасіретті оқиғаларды таба алатынымды оқушыларға айтып жатуымның қажеті бола қоймас. Шын қасіреттің, ауыр қайғының әмәнда жалқы болатыны, әсте қайталанбайтыны ақиқат. Ал қасіреттің уын басу адамзаттың емес, адам пешенесіне жазылған болса, ол үшін рақымы күшті жаратушы жаппар иеме ризалық білдіруіміз керек!
Тірідей жерлену, әрине, жұмыр басты пенденің пешенесіне жазылған азаптың ең ауыры екені сөзсіз. Ал мұның жиі, тым жиі болып жататынын ақыл-есі түзу адам әсте жоққа шығармайды. Өйткені, Өмір мен Өлімнің шегі қалай дегенмен де алдамшы да белгісіз. Өмірдің қай арада бітіп, өлімнің қай арадан басталатының кім айта алады? Ауырған кезде кеудеде тіршілік нышаны қалмайтын дерттің бар екені аян, әйтсе де әділін айтқанда, сол тіршілік әсте тыйылып та қалмайды, тек уақытша ғана үзіледі. Адам сырын ұғып болмас тіршіліктің күрделі механизмі бір сәт тоқтайды. Мезгілі жеткенде, сол көзге көрінбейтін құпия құдіретті күш сиқырлы қанаттар мен киелі дөңгелектерді қайта қозғалысқа келтіреді. Күміс жөргем мәңгі үзіліп, алтын шөлмек әсте сынбақ емес. Алайда осы бір сәтте адам жаны қайдан пайда болады?
Алайда, белгілі бір себептердің белгілі салдары да болады, ендеше, тіршілік тынысы тыйылған кезде, адамдарды кейде тірідей жерлейтін жағдайлар да кездесетініне күмәндануға болмайды деген ойдан шығарылған орынсыз долбардан тыс — бұл жалпылама долбарлардан тыс — оның шынында да талай-талай болғанына медицина мен өмірдің өз тәжірибесі де куәлік етеді. Қажет болған жағдайда мен ондай жүздеген шынайы мысалдар келтірген болар едім. Кейбір оқушылардың жадынан шыға қоймаған сондай ұмытылмас бір оқиға осы таяуда ғана көршілес Балтимор қаласында болғаны, сөйтіп жұрттың жан дүниесін шошытқаны бар. Аса сыйлы бір азаматтың — әйгілі заң қызметкері әрі конгресс мүшесінің жұбайы аяқ астынан ауырып, беймәлім бір дертке шалдығады да, дәрігерлер қанша әлектенсе де қолдарынан ештеңе келмейді. Қатты қиналып, ақыры ол қайтыс болады, әлде оны қайтыс болды деп санайды. Оның өлгеніне ешкім күдіктенбейді, тіпті күдіктенуге ешқандай негіз де болмайды. Әдеттегі өлімге тән барлық нышандар бар. Жүзі солып, жағы қуарып кетеді. Ерні мәрмәрден де аппақ болып, көз жанары сөнеді. Тынысы тыйылып, жүрегі соғуын тоқтатады. Сол қалпында ол үш күн жағады, бұл кезде денесі сіресіп, тас болып қатып қалады. Қысқасы, өлік тез бұзыла бастаған сияқты болып көрінеді де, енді оны дереу жерлеуге ұйғарады.
Оны қайтыс болған семья мүшелері қойылатын сағанаға апарып жерлейді де, үш жыл бойы оған ешкім соқпайды. Сонан кейін барып тас табыт (саркофаг) орнату үшін сағананы ашады. О, сұмдық-ай! Сонда сағана есігін өз қолымен ашқан өлген әйелдің күйеуі жан көрмеген керемет жәйге тап болады! Сағана есігі ашылған сәтте, қарсы алдынан аққа оранған бірдеңе сатыр-сұтыр етіп құлап түседі. Сөйтсе, бұл әлі шіри қоймаған кебінге оранған өзінің өлген жұбайының сүйегі екен.
Мұқият жүргізілген тексерудің нәтижесінде оның жерленген соң екі күннен кейін қайта тірілгені, бұлқынған кезде қойылған діңгек немесе төмпешік үстінен табыттың құлап түсіп, қаққа айрылғаны, сөйтіп әйелдің табыттан босанып шыққаны анықталды. Сағана ішінде әлдеқалай ұмыт қалған бос май шам жатыр, әрине оның майы ағып кетуі де ықтимал ғой. Үңірейген сағанаға кіре берістегі баспалдақтың үстіңгі жағында табыт тақтасының үлкен сынығы жатыр, шамасы есін жиған соң көмек сұрап сонымен темір есікті соққылаған болса керек. Сол кезде, бәлкім, үрейі ұшып, ол есінен танып қалуы немесе өліп кетуі ықтимал; құлағанда кебіні қабырғаға қағылған темір шәңгекке ілініпті де сол күйі ол тұрған жерінде шіріп, сүйегі саудырап қалыпты.
1810 жылы Францияда тағы біреу тірідей жерленеді. Мұның өзі шынайы оқиғаның шығармашы қиялынан әлдеқайда асып түсетінінің айқын куәсіндей. Ол оқиғаның кейіпкері тіпті текті әулеттен шыққан, бай да асқан сұлу бойжеткен бикеш мадемуазель Викторина Лафуркад еді. Оның іңкәрларының ішінде Париждің жалаң аяқ кедей әдебиетші әлде журналист Жульен Боссюэ деген біреу болады. Соның дарыны мен жібектей мінезі баурап алған мол байлыққа мұрагер қыз, шынында жан-тәнімен соған ғашық болса керек; әйтсе де жастайынан сүйекке сіңген тәкаппарлықтың салдарынан ол оны менсінбей атақты банкир әрі әйгілі елші мосье Ренельге күйеуге шығады. Бақытсыз байғұс әлі өлмеген екен: жұрт жаңсақ күйеуі суи бастайды да, араларында дүрдараздық пайда болады. Бірнеше жыл солай бірге тұрып, ақыры, сол бейбақ байғұс қайтыс болады — яғни көргендердің ешқайсысы оның қайтыс болғанына күмән келтірмейді. Оны сағанаға қоймай, туған жеріне жақын маңайдағы зиратқа апарып жерлейді.
Қайғыдан құса шеккен, баяғы ыстық сезімі әлі суи қоймаған оның бұрынғы ғашық жігіті енді өлген әйелдің қабырын ашып, ескерткішке оның бұрымын кесіп алу үшін сонау астанадан алыстағы провинцияға аттанады. Ол бейітті іздеп тауып алады. Түн ортасы ауғанда табыттың қақпағын көтеріп, енді бұрымын кесе бергенде ғашығы көзін ашады. Сөйтсе, ол тірідей жерленген болып шығады. Бақытсыз байғұс әлі өлмеген екен: жұрт жаңсақ өлдіге санаған оны ғашығының ыстық ықыласы мәңгі ұйқыдан оятады. Ол дереу оны өзі түскен мейманханадағы бөлмеге апарады. Медицинадан әжептәуір хабары бар жігіт күшті дәрі-дәрмек қолданады Ақыры келіншек есін жияды. Өзін ажалдан алып қалған адамды таниды. Денсаулығы әбден жөнделгенше сонымен бірге тұрады. Әйелдің жүрегі тас емес қой, алғаусыз махаббаттың ақырғы тағылымы оның көңілін жібітеді. Сөйтіп, ол өз тағдырын Боссюэге қосады да, бұрынғы жұбайына қайтып оралмайды, әйтсе де өзінің қайта тірілгенін құпия сақтап, ғашығымен бірге Америкаға асып кетеді. Өткен уақыт сыртқы түр тұлғасын өзге тұрмақ, туған-туысқандары да танымастай етіп өзгерткеніне кәміл сенген екеуі он төрт жылдан соң Францияға қайта оралады. Алайда олар қателеседі: алғаш кездескен сәтте-ақ мосье Ренель өзінің бұрынғы зайыбын таниды да, оның өзіне қайтып келуін талап етеді. Ол талабын қабылдамайды; әділ сот істі әйелдің пайдасына шешіл, ерекше жағдайға, сондай-ақ ұзақ уақыт өтуіне байланысты әділдігіне ғана емес, заң жүзінде де жұбайлық праводан айырылғаны жөнінде үкім шығарады.
Американ баспа иелерінің бірі біздің тілімізге аударып басуға лайық, аса сыйлы да сенімді баспасөз ортаны — Лейпцигтің «Хирургиялық журналы» соңғы санында ол да осындай бір қайғылы оқиға туралы жазды.
Бір артиллерия офицері, бойы еңгезердей, денсаулығы керемет мықты адам асау аттан құлап, басы жарылады, содан заматында есінен танып қалады; бас сүйегінің жарылғаны байқалады, бірақ дәрігерлер қатерлі деп санамайды. Бас сүйекке жасалған операция сәтті өтеді. Науқастан қан алады. Басқа да ем-дом қолданылады. Бірақ ауру бірте-бірте меңдей береді, ақыры оның демі біткен сияқты болып көрінеді.
Күн ыстық болып тұрған соң оны тым асығыс түрде көпшілікке арналған зиратқа апарып қояды. Жерлеу бейсенбі күні болады. Жексенбі күні, жұрт әдеттегіше, бейіт басына барады, түс кезінде бір шаруа офицер жерленген бейіт жанына аялдап, сәл дем алуға ұйғарады, кенет өлік көрден тұр тысы келгендей мола үстіне үйілген топырақтың қозғалғанын сезгенін айтып, айналасына жиналған жұртты қатты дүрліктіреді. Алғашқыда оның айтқанына жұрт онша сене қоймайды, әйтсе де шаруаның жүзіндегі үрей мен оның өз сөзінің әділдігіне айнала анталаған жұртты иландыруға деген шүбәсіз сенімі, ақыры жиналғандарға әсер етеді. Бәрі қолдарына күрек алып, солай қарай жүгіреді, тіпті айтар ауызға ұят, таяз қазылған моланы олар лезде ашады, сол кезде көрден қылтиып офицердің төбесі көрінеді. Сөйтсе ол ауыр азаппен қақпағын зорға ашқан табыттың ішінде бүкжиіп отыр екен. Сырт қараған адамға ол жаны жоқ сияқты.
Оны дереу сол жақын маңдағы ауруханаға апарады, сөйтсе ол тірі екен, бірақ тұншығып есінен танып қалса керек. Бірнеше сағаттан кейін есі кіріп, байырғы таныстарын танитын болады, оқта-текте сөзден шатасса да, көрде тартқан ауыр азабын баяндап беруден жаңылмайды.
Айтуына қарағанда, жерленген соң ол да бір сағаттан артық уақыт есі кіресілі-шығасылы болып жатады да, содан кейін мүлде есінен айырылады. Мола асығыс көміледі де, үйілген топырақтың астындағы қуыс-қуыста азды-көпті ауа қалады. Үстінен топырлаған адамдардың аяқ тықырын естіп, жұрттың көңілін өзіне аударуға әрекет жасайды. Оның айтуында қабыр басында абыр-сабыр, дабыр-шу оны қатты ұйқыдан оятып жібереді, бірақ оянған бойда өзінің шарасыз екенін бірден түсінеді.
Хабарға қарағанда, науқастың беті бері қарап, тіпті айыға бастаған кезде алаяқтардың кінәсінен медициналық тәжірибенің құрбанына ұшырайды. Олар гальваникалық батареяны қолданады да токтың әсерімен қозғап, дерттің салдарынан қайтыс болады.
Әңгіме гальваникалық батарея туралы болғандықтан да, осы арада, соның әсерінен Лондонда екі тәулік бойы молада жатқан бір заң қызметкерінің қайта тірілгені жөніндегі атышулы ғажап оқиға ойға оралады. Бұл оқиға 1831 жылы болған еді, кезінде оның дабырасы да аз болған жоқ-ты.
Науқас, мистер Эдвард Стэплтон, шамасы, бірқатар белгілері емдеуші дәрігерлерді қайран қалдырған сүзек соқпасынан қайтыс болса керек. Алдамшы өлімнен кейін дәрігерлер оның жақын туысқандарынан өлікті сойып көруге рұқсат сұрайды, бірақ олар үзілді-кесілді қарсы болады. Мұндайда көбіне болып жататындай, олар дабырламай ғана өлікті қабырдан қайта қазып алып, жат көзден қалтарыс бір жерде оны сойып көруге ұйғарады. Лондонда толып жүрген өлік тонаушы құзғындармен келісу де онша қиынға түспейді, тірідей жерленген мүрдені үшінші түні тереңдігі 8 фут қабырдан қазып алады да, бір жеке меншік аурухананың секциялық палатасына апарады.
Қарнын жарған кезде дәрігерлер дененің мүлдем бұзылмағанын байқап, батареяны қолданып көруге ұйғарады. Кей кездері дененің құрысып, дірілдеуі әдеттегі тірі ағзаның қимылына ұқсағаны болмаса, жасалған тәжірибеден көпке дейін нәтиже шықпайды.
Уақыт өтіп жатады. Таң атуға таяп қалады, ақырында не де болса, ішін сойып қарауға ұйғарады. Бірақ дәрігерлердің біреуі қалай да өзінің теориясын тексеріп көргісі келіп, төстегі бұлшық етке ток жүргізіп байқауға өзге әріптестерін көндіреді. Қалай болса, солай терісін тіліп жіберіп, сымдарды лаждап жалғастырады; сол кезде өлік шошынған деп те айтуға болмас, әйтсе де жатқан орнынан атып тұрып, стол үстінен еденге түседі де, сәл аялдап барып, айналаға алақтай қарап алып, сөйлеп қоя береді. Сөзін ешкім ұқпайды; әйтсе де, оның сөз екені күмәнсіз болатын — өйткені әрбір сөзін нақтап айтады. Соны айтып болған соң, сылқ етіп еденге құлай кетеді.
Алғашқыда бәрінің үрейі ұшып, абыржып, аңырып қалады, бірақ қарап тұруды уақыт көтермейді, дәрігерлер дереу бойларын жиып алады. Сөйтсе, есінен танып жатқаны болмаса, мистер Стэплтон тірі болып шығады. Эфирдің көмегімен оның есін жиғызады, арада біраз уақыт өткен соң мүлдем тәуір бола бастайды, содан ол дерттің қайталау қаупінен күдіктеніп баста оның қайта тірілгені жөнінде бейхабар болған туған-туысқандарына қайта қосылады. Олардың қуанышын, олардың таңырқауын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес!
Әйтсе де бұл оқиғаның ең ғажабы — мистер Стэплтонның өзі туралы айтқан әңгімелері. Ол өзінің тіпті қас қағымдай болса да мүлдем есінен айрылғанын дәрігерлер өзін өзі өлді деп жариялаған сәттен бастап ауруханада есінен танып қалғанға дейінгі арада не болып, не қойғанын бұлдыр да болса бәрін сезіп жатқанын айтады. Өзінің өліктер бөлмесіне түскенін түсінген кезде оның айтпақ болып міңгірлегені — «мен тірімін» деген сөз екен.
Менің мұндай көптеген оқиғаларды айтуыма болар еді, бірақ оның қажеті жоқ деп ойлаймын, өйткені онсыз да адамдарды тірідей жерлейтініне ешқандай күмән болмаса керек. Шынында да қабыршылар зиратта істеген кезде әрқашан жатысы көңілде күдік туғызатын қаңқаларға тап болады емес пе осы?
Күдік қаншама үрейлі болғанымен бақытсыз байғұс тап болған тағдырдан үрейлі бола алмайды. Адам үшін тірідей жерленуден асқан тән азабы да, жан азабы да болуы әсте мүмкін емес деп сеніммен айтуға әбден болады. Кеудеңді басқан батпан салмақ, сызды жердің қолқаңды қабар буы, кебіннің суық құшағы, тар қабырдың тауқыметі, түннің қараңғы түнегі, құдды тулаған теңіз түбіндегідей үрейлі меңіреу тыныштық, көзге көрінбесе де жеңімпаз-жебір құрттың жанында екенін сезіну — мұның бәрі оған қоса таза ауа мен жер бетіндегі көк шөп, егер сенің қырсыққа тап болғаныңды білсе, қалай да қол ұшын беруге әзір жақсы көретін достарың туралы ой, және сенің бұл халіңді олардың ешқашан да білмейтіндігі жөніндегі шарасыздық енді мәңгі-бақи өлілер арасында қалатынын жөніндегі қасірет — мұның бәрі, мен айтар болсам қиялы жетпес керемет үрей ұялатады. Жер бетінде ондай қасірет шегу біздің пешенемізге жазылмаған — ондайды тозақтың тамұтында болады деп ойлау біздің басымызға да келмейді. Бұл туралы әңгімеге жұрттың ынтық болатыны да түсінікті, әйтсе де тақырып ықпалымен, жан дүниеңді билейтін үрейдің әсерімен пайда болатын бұл құштарлық әңгіменің ақиқаттығы жөніндегі біздің шүбәсіз сеніміміз арқылы ақталды. Мұнан былайғы менің жазғалы отырғанымның бәрі өзіме айдай анық, өйткені мен оларды өз басымнан кешірдім, қасіретін шектім.
Бірнеше жылдан бері мені дәрігерлер лайықты дәл атауын таба алмаған соң әйтеуір кателепсия деп атай салған бір жұмбақ дерт әбден зықымды алып жүрді. Нақты және жанама себептер ғана емес, тіпті сол нервтің диагнозының өзі беймәлім күйінде қалып отырса да, сырттай нышандары жақсы зерттелген болатын. Олардың түр-түрі, шамасы, бір-бірінен тек дерттің ауырлығымен ғана айырылысатын болса керек. Кейде науқас летаргиялық терең ұйқыңа небәрі бір-ақ күн немесе одан да аз жатады. Ол ес-түсінен айрылады, қозғалуға мұршасы болмайды, бірақ жүрегі баяу соғып, денесі жылы күйінде жатады; жүзінен болмашы ғана солғын шырайдың жүзі білінеді, ерніне айна басқан кезде оның оқта-текте, үздік-создық, бей-берекет дем алып жатқанын байқауға болады. Кейде қыбыр етпеген күйі апта, тіпті ай бойы жатады. Соның өзінде бұл ұстамалы дерт пен өлім деп аталатын өкінішті құбылыстың арасында айтарлықтай бір айырмашылық бар екенін ешқандай жіті бақылау да, барып тұрған мұқият медициналық талдау да байқай алмайды. Егер өліктің денесі бұзылмаса, әйтпесе әлдеқалай қолайсыз бірдеңе сезіле қалса ғана мұндай науқасқа шалдыққандардың тірідей жерлеуден әдетте тек олардың кателепсиясы барын білетін дос-жарандары ғана аман сақтап қалады, абырой болғанда бұл дерт бойға бірте-бірте мысқылдап қана сіңеді. Көзге бадырайып тұрмаса да оның алғашқы нышанының өзі-ақ бірден аңғартады. Әр ұстаған сайын ауырлап, талықсуы ұзара түседі. Жерлеуден құтқаратын басты кепілдің өзі де осы. Ұстамалы дерттен кенет есінен айрылып қалатын бақытсыз жандардың көпшілігінің пешенесіне тірідей көрге кіру жазылған.
Медицина әдебиеттерінде жазылғандардан менің дертімнің де пәлендей айырмашылығы жоқ болатын. Кейде ешқандай сылтау-себепсіз-ақ есім ауып, әйтпесе тұла-бойымның жаны кетіп, сіресіп қалады. Бұл күйде еш жерім ауырмайды да, қыбырлауға шамам келмей, әділін айтсам, тіпті ойлаудан қалған кездің өзінде де, летаргиялық ұйқы құшағында жатып та мен өзімнің тірі екенімді және айналамда адамдар бар екенін сезетінмін, дерт әбден меңдеп барып басылғанша, сөйтіп, қайта өмірге оралғанша мен солай жағатынмын. Кейде дерт аяқ астынан тұла бойымды буып қысып әкететін. Жүрегім айнып, аяқ қолымнан әл кетіп, денем мұздап, басым айналып, есім ауып құлаушы едім. Содан кейін мені апта бойы айнала меңіреу, түпсіз түнек, мелшиген тыныштық қоршап алатын да, дүние төрт құбыласы түгел бірдеңе болады. Мен мүлдем өмірмен қоштасатын едім. Алайда осы ұстамалы науқасым жиі қайталап ұстаған сайын, менің есімді жиюым да ұзаққа созылатын болды. Қысқы меңіреу де ұзақ түнде жападан жалғыз көше кезген панасыз қайыршыдай маған да жан сәулесі тым кешігіп, тым зарықтырып, тым құштар етіп оралушы еді.
Осылай оқта-текте есімнен танып қалатыным болмаса, басқадай денсаулығымда ақау жоқ-ты, егер әдеттегі ұйқым қашатының ауру деп санамасақ, менің оған тағар күнәм болмайтын. Ұйқыдан оянған бойда мен бірден есімді жиып ала алмай, біразға дейін әлденеден қобалжығандай дел-сал боп жататынмын. Мұндай мезеттерде мен ойлау қабілетінен, әсіресе жадымдағының бәрінен айрылып қалушы едім.
Мен ешқандай тән азабын тартпаймын, бірақ жаным қатты жәбір шегетін, қиялым қайдағы бір көр қараңғы сағананы көз алдыма елестетеді. Мен болсам, қайта-қайта «эпитафиялар (табыт бетіндегі жазуларды), табыттар мен құрттар туралы» айта беремін. Мен өлім туралы сандырақтаймын, тірідей жерлеу жөніндегі үрейден әсте арыла алмайтын болдым. Төбемнен төнген қарғыс атқан қатер күндіз-түні қыр соңымнан қалмайды. Күндіз ойыма түссе, есім шығады, түнде ол тозақтың нағыз тамұғына айналады. Тұңғиық түн түнегі жерді жұтып қойған кезде сол бір ойдан ғана — табыттағы үлпілдеген қауырсындай қалтыраймын. Ұйықтап кетсем тек көрде көзімді ашармын деген ойдан үрейім ұшқандықтан ұйқысыздықтан әбден қалжыраған кездің өзінде де ұзақ арпалыстан кейін діңкем құрып барып қана көз іліндіремін. Көзімді сол жұмдым дегенше, араның ашқан Ажал қап-қара ғаламат алып қанатын жайып, ерсілі-қарсылы ұшып жүрген елестер әлеміне сүңгимін де кетемін.
Түсімде мені тұншықтырып жататын жаман түстерде есеп жоқ, әйтсе де бұл арада мен солардың біреуін ғана айтайын. Бірде түсімде (кателепция) ұстамалы дертім ұстап, ол әдеттегіден әлдеқайда ауыр әрі ұзақ болған екен деймін. Кенет мұздай суық бір қол маңдайыма тигендей болды да, дірілдеген үрейлі дауыс менің құлағыма «Тұр!» деп сыбырлады.
Мен басымды көтердім. Айнала көзге түртсе көргісіз қараңғы. Мен өзімді оятқан адамды көре алмадым. Қай уақытта, қашан есім ауып қалғанын, оның қалай, қай жерде болғаны мүлде жадымда жоқ, Мен орнымнан қозғалмай, ойымды жинап алуға талпынып көрдім, бұл кезде әлгі суық қол білегімді қатты сығымдай қысып тұрып, мені дегбірсіздене сілкіледі де, дірілдеген дауыспен: — Тұр! Мен саған ұйқыңды аш деп айттым емес пе? — деп қайталады.
— Сен өзің кімсің? — деп сұрадым мен.
— Мен тұратын жаққа, менің есімім жоқ,— деді ол мұңды үнмен.— Бір кезде мен де фәни дүниедегі пенде едім, енді міне рухқа айналдым. Бір кезде мен қатыгез болдым, енді міне мейірбандықтың үлгісімін. Менің қалтырап тұрғанымды өзің де сезіп тұрсың. Өзім сені оятсам да, тісім тісіме тимей сақылдайды, бірақ бұл түннің ызғырығынан емес. Мәңгі сейілмейтін түнек түнінен. Өйткені осы сұмырайды жаным жек көреді. Қалай ғана сен тып-тыныш ұйықтай аласың? Жан тәсілімнің қасіретті үні менің жанымды жай таптырмайды. Оны көруге дәтім шыдамайды. Тұр! Түн түнегіне апарайын, менің соңыма ілес, саған көрлердің ішін көрсетейін. Қасіреттің тозағы деген осы емес пе?.. Міне, қара!
Мен айналама қарадым; әлі де білегімнен тас қып ұстап тұрған сол көзге көрінбейтін елес ғаламат құдіреттің арқасында әлемдегі көр атаулы түгел ашылды, олардың әрқайсысы шіри бастаған денеден шыққан фосфордың әлсіз жарығымен сәулеленіп тұр, сондықтан мен түкпір-түкпірдің бәрін, құжынаған көр құртының ортасында кебінге оранып, селт етпей сіресіп жатқан аянышты халдегі денелерді де айқын көрдім. Әйтсе де, не шара! Солардың бәрі бірдей мәңгі ұйқыға кетпегендер миллион-миллион артық; болмашы ғана күрес жүріп жатыр; айналадан күңіренген күйінішті үн естіледі, қаптаған қалың моланың түкпір-түкпірінен кебіннің мұңлы сыбдыры құлаққа шалынады; мен өліктер әлемінде солардың көпшілігі жерге жамбасы тиген кездегі ебедейсіз сірескен қалпынан әлдеқандай себептерімен өзгергенін байқадым. Мен көз алмай тесіле қарап отырмын, ал әлгі дауыс маған: — Міне, осы... Иә, міне, осы емес пе қайғының қасіретті азабы,— деп сыбырлады.
Бірақ мен аузымды ашып үлгірмей, әлгі мұздай қол менің білегімді босатты, айналада жылт-жылт еткен жарықтар өшті де, көрлердің беті қайта жабылып қалды, әйтсе де ол жақтан:
— Міне осы... Уа, құдайым-ау, шынымен-ақ қайғының қасіретті азабы деген осы болғаны ма? — деп сарнаған дауыс естіліп жатты.
Түнгі ұйқымда төрт бұзған шатасқан елестер көбіне күндіз де менің зықымды шығаратын. Жүйкем әбден титықтады, мен қыр соңымнан қалмайтын үрейдің құрбаны болдым. Атқа мінуге, жаяу жүруге қорқатын болдым, серуендеуден, үйден аттап шығудан қалдым. Қысқасы, кез келген сәтте қояншығым ұстап қалуы мүмкін деп қорыққандықтан да өзімнің ұстамалы ауруым бар екенін білетіндердің жанынан аттап шығуға дәтім бармады. Мен өзімнің ең жақын достарымның қамқорлығына да сенуден қалдым. Қояншығым ұстап, ұзаққа созылған сәтте менің енді қайтып тірілмейтініме оларды да иландырып қоя ма деп те зәрем ұшатын болды. Оның бер жағында мен оларды әбден мезі қылдым, сондықтан ұстамалы ауруым бойыма сіңіп, меңдеген сайын олар ә дегенде-ақ менен құтылғанша асық болатын шығар деп те қорықтым. Олар менің көңілімді жұбатып, адалдықтарын айтып босқа әлек болады. Мен оларды денем бұзылып, одан әрі сақтауға болмайтыныңа әбден көздері жеткен соң барып қана жерлейтіндеріне ант-су ішуін талап еттім. Бірақ соның өзінде де ажалдан зәрем ұшып, ақылдан адасқан байғұс басым барарға жер таппай аласұрдым. Мен сақтықтың сан алуан айласын ойлап таптым. Әйтсе де әулетіміздің сағанасын ішінен оңай ашылатын етіп қайта салуға әмір еттім. Табыт қойылатын текшенің түкпіріне жететіндей етіп жасалған ұзын серппеге енді сәл басып қалсаң болды, сол заматында сыртқы темір есік сарт етіп ашылып кетеді. Ауа кіріп, жарық түсіп тұратын саңылау, сондай-ақ маған әзірленген табыттан қол созғанда еркін жететін жерге ас пен су қоюға арналған орын жасалды. Әрі жұмсақ, әрі жылы болатындай етіліп, табыттың іші қапталды, оның қақпағына әлгі сыртқы есіктегі сияқты дене сәл қимылдаса болды, дереу ашылатын серппелі қондырғы қойылды. Сонан соң сағананың төбесіне үлкен қоңырау орнатылды, оның тіліне тығылған жіптің бір ұшы кейін табыттың тесігінен өткізіліп, менің білегіме байланатын болды. Амал қанша! Тағдырдың жазуына сақтық не жасай алмақ! Тірідей көрге кіру пешенесіне жазылған байғұсты тіпті сақтықтың бұл айлалы қондырғылары да азаптан арашалап қала алмады.
Бұрын талай мәрте болғанындай, тәнім ештеңе сезбесе де санамда тіршіліктің талмаусыраған әлсіз сәулесі, болмашы нышаны білінер сәт те келіп туды. Менің жан дүниемдегі бұлыңғыр бұлдыр кіреуке де митыңдаған тасбақадай ілбіп, кем-кемнен серпіле, сейіле бастады. Белгісіз бір беймаза қобалжу пайда болғандай. Денені басқан дел-салдық сейілмейтін тәрізді. Әйтсе де еңсеге мінген енжарлық. Үмітсіздік... Дәрменсіздік. Әлден уақытта барып қана, міне енді-енді құлағым шыңылдай бастады. Онан соң біраздан кейін барып қана міне аяқ-қолымның басы шаншығандай әлде қышығандай болды; ояна бастаған сезім қайта ойды өрбіткен кездегі рақатқа бөленген тыныштықтың мәңгіге тән сәті, міне тағы да бір мезет қайта талықсу; содан кенет санаңның қаз қалпына қайта оралуы. Ақыр соңында қабатың сәл дір ете қалады да, сол заматында, құдды электр тоғындай, қаның басыңа шапшырлықтай сұмдық, адам ұғып болмас үрей бойыңды билейді. Сонан соң барып — тұңғыш рет ой тоқтатуға әрекет жасайсың. Өткенді еске түсіруге тырысасың. Ол да оңайлыққа түсе қоймайды. Сөйткенше болмайды, жадым қайта қалпына келеді де, мен өзімнің нендей жағдайға душар болғанымды түсіне бастаймын. Мен өзімнің әдеттегі ұйқыдан оянып жатпағанымды ұғамын Ұстамалы ауруымның ұстағанын есіме аламын Сөйтіп, ақыр аяғында шырылдаған шыбын жанымды мұхиттан қатерлі бір үрей меңіреу обыр ой билеп алады.
Бойымды осы сезім билеген кезде мен бірнеше минут тырп етпей жатамын. Неге? Өйткені қимылдауға менің батылым жетпейді. Тағдырымды танытатын әрекет жасауға именемін — әйтсе де іштей бір дауыс күдіктенбе деп маған сыбырлайды. Адамның басқа барлық қасіреттеріңнен асып түсетін шарасыздық — тек сол шарасыздық қана ұзақ толқудан кейін менің кірпігімді қимылдатып, көзімді ашқызады. Мен көзімді аштым. Айналам тастай қараңғы — қара түнек. Ұстамалы дерттің райы қайтқаның білдім. Менің науқасымның меңдеген сәтінің әлдеқашан өткенін де білдім. Көру қабілетімнің қалпына келгенін де білдім — әйтсе де айнала тастай қараңғы, қара түнек, төңірек түгел көзге түртсе көрінбейтін, мәңгі бақи сейілмейтін, түрілмейтін үрейлі Түн
Мен даусымды шығарып көрмек болдым, тобарсыған еріндерім мен ісініп аузыма сыймай кеткен тілімді қимылдатуға қанша әлектенсем де — құдды үстінен алып тау басқандай мұршасы құрып, әрбір дем алған сайын аянышты қасірет шеккен жүрегіммен бірге алқынып аузыма тығылған әлсіз өкпемнің дыбыс шығаруға мүлде шамасы келмеді.
Мен айқайлауға әрекет еткен кезде, кәдімгі мәйіттей жағым таңулы болып шықты. Оның үстіне жатқан жерімнің жайсыз екенін сездім; қатты бірдеңелер екі бүйірімді сығып барады. Оған дейін мен он екі мүшемнің біреуін қимылдата алмадым — бірақ енді қиналып, кеудеме айқастырылған екі қолымды жоғары көтердім. Олар бетімнен алты дюймдей жоғары тұрған тақтайға тарс ете қалды. Содан барып мен өзімнің табытта жатқанымды білдім.
Осы кезде, торығудың әбден шегіне жеткен шағымда, көктен түскен періштедей, көзіме керемет үміт ұялай кетті, өзімнің алдын ала жасаған сақтық әрекетім ойыма сап ете қалды. Қақпақты ашпақ болып бұлқынып та, жұлқынып та көрдім, бірақ ол былқ етпеді. Мен сипалап, қоңырауға байланған жіпті саусақтарыммен сипалап іздедім, бірақ ол да жоқ болып шықты. Сол кезде Жебеуші-Періште менен мәңгі бақи теріс айналып кетті, енді шарасыздық, торығу бұрынғыдан да бетер бойымды билеп алды; өйткені, соншама әлектеніп өзім жасаған табыттың жұмсақ төсеніші жоқ екеніне менің көзім кәміл жетті, оның үстіне осы кезде мұрныма сызды жердің иісі келе бастады. Енді жазмышты мойындау ғана қалды. Мен сағанада емес едім. Ұстамалы дертім үйден жырақта, басқа бір жақта, бейтаныс адамдардың арасында жүргенде ұстап қалыпты, бірақ оның қашан, қалай болғанын есіме түсіре алмадым; сол адамдар мені әдеттегі ағаш табытқа салып тас қып шегелеп, белгісіз бір зиратқа апарып теуіп-теуіп көміпті де, бұралқы иттей жерлей салыпты.
Бұған әбден көзім жетіп, көңілім кәміл сенген соң, мен тағы да айқайлап көруге ұйғардым; ажал аузындағы жан даусым түнек құшағында жер асты әлемін жаңғырықтырды.
— Ей, Ей, не болып қалды? — деп жауап қатты өктем дауыс.
— Тағы не пәле бұл! — деді екінші дауыс.
— Шық бері! — деді үшінші.
— Мысықтар ойнағын жасау ойыңа қайдан келді? — деді төртіншісі; сөйтті де түр-тұрпаты нағыз баскесер қарақшыларға ұқсайтын біреулер тарпа бас салды да, әй-шәйге қаратпай мені сілкілей бастады. Олар мені оятқан жоқ — айқайлаған кезде өзім оянған болатынмын,— бірақ сілкілеген соң мен мүлдем есімді жиып алдым.
Бұл оқиға Виргинияда Ричмонда маңында болған еді. Бір досыммен екеуміз аң аулауға шықтық та, Джеймс-Риверді бойлап, төмен қарай бірнеше миль жүрдік. Ымырт үйіріле кенет күн күркіреп, жауынға ұшырадық. Тыңайтқышқа арналған көң тиеліп, байлауға тұрған шағын қайықтың каютасына кіріп паналауға ғана болатын еді. Басқа амал болмаған соң біздің сонда түнеп шығуымызға тура келді. Мен сондағы екі төсектің біреуіне жаттым,— алпыс немесе жетпіс тонна жүк көтеретін қайықтағы төсектің қандай болатынын өздеріңіз-ақ біле берерсіздер. Менің жатқан төсегімде тіпті төсеніш те жоқ еді. Ені он сегіз дюймнан аспайтын. Төсек пен палуба арасы да сондай ғана. Мен аядай қуысқа әзер сыйдым. Әйтсе де қатты ұйықтап қалыппын; маған елестегендердің бәрін — өйткені шытырман түс емес,— төсегімнің жайсыздығынан, ойымның бағыт-бағдарынан, сондай-ақ алдында айтылғанындай, оянған бойда өзіме-өзім келе алмай, көпке дейін есеңгіреп жатуымнан көруге болады. Мені сілкілеген теңізшілер (матростар) мен жалдамалы жүк тасушылар еді. Сызды жердің иісі дегенім көңнің иісі еді. Менің жағымды танған болып көрінген шүберек әдетте өзім түнде киіп жағатын қалпақ орнына пайдаланған кәдімгі жібек бет орамал екен.
Әйтсе де сол түні мен құдды тірідей жерленген жандай қатты қасірет шегіп шықтым. Мұның өзі барып тұрған ауыр азап болатын, бірақ жаман айтпай жақсы жоқ дегендей, басқа түскен ауыр қасірет менің ақыл-ойыма игі ықпалын тигізді. Менің жан дүнием жай тапқандай болды — өзіме-өзім келдім. Мен содан шетелге сапар шектім. Бар ынта-ықыласымды салып, спортпен шұғылдандым. Аспан астындағы азат ауамен тыныстадым. Мен тіпті өлімді ұмыттым. Медицина кітаптарын қолыма ұстамайтын болдым. Бьюкенді отқа жақтым. Мен «Түнгі ойларды» — алуан түрлі зираттағы сұмдықтарды, әлгіндей жан түршігерлік оқиғаларды оқуды қойдым. Қысқасы, мен бүтіндей өзге адам болдым да жаңаша өмір сүре бастадым. Естен кетпес сол түннен кейін мен көрден қорқуды қойдым. Сонымен бірге әлгі үрейдің себебінен гөрі салдары болған талма аурудан айықтым.
Ақыл-ойға салсаң, кейде адамның кәдімгі тіршілігі дозақтай болып көрінетін кездер де болады. Бірақ біздің қиялымызға соның тылсым құпиясының тұңғиық сырын ашу әсте бұйырмаған! Солай! О дүниедегі жан түршігерлік сұмдықтарды әншейін ойдан шығарылатын ойын деп санауға болмайды, алайда Оксуске жүзген кезде Афрасиабты жебеген жын-перілер сияқты олар да ұйықтауға тиіс, әйтпесе олар бізді түтіп жейді,— ал біз олардың ұйқысын бұзбауымыз керек. Әйтпесе біздің қазаға ұшырауымыз ғажап емес.