“Алатын кезде – алға озып, беретін кезде артта бұғып қалатын, алғаны мен бергенін жіпке...
Үшеудің ашық хаты
АШЫҚ ХАТ
Қазақстан пролетариат жазушыларының (ҚазАПП) барлық секцияларына, жеке мүшелеріне және жалпы пролетариат әдебиетіне атсалысатын жолдастарға.
Ардақты жолдастар!
Жақын арада Қазақстан республикасының құрылуына он жыл толғанын тойлағалы отырмыз. Он жыл деген былай қарағанда аз уақыт болғанмен, төңкеріс дәуірінде тап күресі шиеленісіп, капитал дүниесі мен еңбек дүниені тарихта болмаған тартысқа түскен уақытта, пролетариат өзінін; үстемдігі арқылы шаруада, техникада, салт-санада ірі өзгерістер жасап жатқан уақытта, бұл он жыл Октябрьден арғы жүздеген жылдарға тең. Қазақстанның өз өмірін алғанда, бұл он жылға тең дәуір жоқ. Үйткені қазақ еңбекшілері он жылдың ішінде Кеңес өкіметі мен Коммунистік партияның дұрыс жолбасшылығы арқасында түсінде көрмеген істі өңінде көріп отыр. Бұл жетістіктердің бәрі онжылдыққа арналған мақалаларда жазылып жатыр, оларды қайталаудың қажеті жоқ. Ол жылдағы көп олжаның біреуі — «Қазақстан Пролетариат Жазушылар ұйымы» деген ұйымның ашылуы. Бұл ұйым 1925 жылдың июнь айында ашылды. Бұған дейін ол ұйымның ашылмаған себебі: пролетариат жазушыларын туғызатын қазақ пролетариаты тап мақсатын түсіну ретінен жас болды. Сол жас пролетариаттан төңкерістің бастапқы жылында жазушылар шыға қоймады. Шықса да жастық істеді, онымен қатар жас пролетариат жазушыларының саяси сауатсыздығын былай қойғанда, көпшілігі қара тану жағынан да нашар болды. Бұл — бір. Екінші, осы жас жазушылар «Партия, кеңес орындарынан жөнді жәрдем көрген жоқ» (Крайкомның декабрьдегі Пленумыңың қаулысынан). Үшінші, байшыл жазушылар еңбекші жазушылар өркендесе, өздеріне ажал болатынын біліп, еңбекші жазушыларды өсірмеуге тырысты. Оларды бетке қақты, көзге шұқыды. Баспасөздерді Кеңес өкіметіне қарсы жұмсаумен қабат, еңбекші жазушыларды ұруға да пайдаланды. («Акжол», «Шолпан», «Сана»), Төртінші, коммунист жолдастардың да бірсыпырасы (Смағұл Садуақасұлы, тағы соның тілектестері) ұлтшылдарға үнін қосып, партия тонының, астында отырып, жаңа өсіп келе жатқан пролетариат жазушыларын тұқыртуға айналды. Ұлтшыл жазушыларды асыра бағалап, еңбекші жазушылардың жақсы жерлерін көрмеді. Бұлардан басқа себептер де болды. Өйткенмен еңбекші тап тілегімен туған жас пролетариат жазушылары өшкен жоқ. Білімі аз, тәжірибесі кем болғанмен. Кеңес өкіметі мен партияны арқа тұтып, жауға қарсы күресті. Сол күресте жеке күрестен ештеңе шықпайтынын біліп, ұйымдасып, жоғарғы айтқан 1925 жылы басын қосты.
ҚазАПП тартыссыз, талассыз жарыққа шыға қойған жоқ. Төңкеріске қарсы жазушы Мағжан Жұмабайұлы «Алқа» деген ұйым ашпақ болды.
Байшыл жазушының біреуі Кемеңгерұлы «Бұқарашыл ұйым» дегенді ұсынды. («Еңбекші қазақ», 1927 жыл). Тегі таптан тысқары ұйым жоқ қой. Байлар табы мен еңбекші табы қандай басын қоса алмаса, екеуінің тілі болған екі жүйелі жазушылар да басын қоса алмақ емес. Бұл байшыл жазушылардың іште отырып, өз пікірін астарлап өткізуге тырысқандық еді.
Байшылдардың бұл ұсынысын былай қойғанда, коммунист жолдастардан бірен-саран ҚазАПП-қа қарсылар да болмай қалған жоқ. Смағүл, Мағжан, Қошкелерге қосылды. Ал Ғаббас сықылды партия жолына түстім деген жолдастар «Кеңес жазушылар ұйымы болсын» деді.
Ол ұйымға кеңес азаматы деп аталатындардың бәрін тартуды ойлады. Соның ішінде Жүсіпбек Аймауытұлы сықылды төңкеріске қарсы, бірақ, әдісі, айласы мол байшыл жазушыларды «Жолбике» деп түсініп ұйымға алуды ұсынды.
Пролетариат жазушыларының өсу күшіне сенбеді.
Бастапқы ұйымдасқанда ҚазАПП-та кемшілік көп болды. Ең алдымен V конференцияға дейін партия жұртшылығында зор орын алып, іске көп бөгет боп келген жікшілдік ҚазАПП-та да болмай қойған жоқ. ҚазАПП-ты басқарып жүрген коммунистер де, пролетариат жазуларының жастығын ескермей, ұйымды тек пролетариат жазушылар ұйымы етіп қана ұстағысы кеп солшылдыққа салынғандар да жоқ емес.
Екінші, ұйым жалпы Қазақстанға қанатын кең жая алмады. Жер-жердегі еңбекші таптан шыққан жас жазушылардың арасында ұйымның бөлімдерін аша алмады, ұйымға тарта алмады. Ұйым аз ғана «аты шыққандардың» ғана ұйымы сықылды болды.
Үшінші, өзара сын нашар болды. Пролетариат бағытына түстім дегендердің кемшіліктері көрсетілмеді.
Төртінші, оқу үйрену істері нашар ұсталды.
Бесінші, ұйым қазақ жазушыларыныкі ғана боп, басқа ұлттардың (Қазақстандағы) жазушыларын бауырына тарта алмады. Жалпы мүшелерінің саяси, әдеби білімдерін көтеруге ұйым көңіл бөлген жоқ.
Ұйымның өзінен тысқары, өсуіне кедергі істеген істер: Алтыншы Өлкелік партия комитетінің пленумы айтқандай, тиісті орындар ұйымға көз қырын салған жоқ. Ұйымда арнаулы баспасөз орны болған жоқ.
Ұйымның басқару ісіне арналып кісі қойылған жоқ. Басқарып отырған адамдардың өздерінің жауапты қызметі боп, ұйым ісіне жете көңіл бөле алған жоқ. Сол себепті ұйым ісі күні бүгінге дейін салақтыққа салынып келеді. Ұйым ашылғалы бес жыл толғанмен әлі бір съезі шақырылған жоқ. Съезд қаражатқа тіреледі. Ол қаражатты тиісті орындар ескеріп берген жоқ.
Жоғарыдағы айтылған кемшіліктің бәрі 1929 жылдың декабрінде болған Өлкелік партия комитетінің пленумында айтылды.
Пленум: «қазақта пролетариат әдебиеті бар, бірақ жас» деді. «Пролетариат жазушылар ұйымына жәрдемдесіп, бұны тап сойылын соғатын құрал істеу керек» деді.
«ҚазАПП-ты өркендету керек» деді. Ұйымның бірсыпыра кемшілігін айта кеп, ұйымға да, ұйымға жәрдемдесуге тиісті орындарға да көп міндеттер жүктеді.
Партияның осы міндеттері қаншалық орындалды дегенге келсек, әлі мыңнан бірі орындалған жоқ. Ескі кемшіліктердің көпшілігі әлі орындалмауымен қатар партияның қаулысы шыққаннан кейін, партия ҚазАПП-тың басқаруына қойған жолдастардың кейбіреуі, ескі жікшілдіктің отын тұтата жаздап қойды. ҚазАПП-ты өркендету ісін мақсат қылуды ұғынбады. Ұйым ісін көркейтуге түк шара қолданған жоқ. Ұйым ісі ескі салақтықтан ілгері басқан жоқ.
Қазіргі дәуір, тап тартысының қызу түрде түскен дәуірі.
«Әлі күнге дейін үстем болып келген байшылдық әдебиет» (пленум қаулысынан) бұдан былай да үстемдікке тырыспақ. Байшыл жазушылар тап күресінде, тәсіл, айла жасап, талай тонды жамылмақ. Реті келген жерде, байшылдық пікірін астарлап өткізуге тырыспақ.
Мұндайлар болған (Жүсіпбек Аймауытұлы, т.б.), әлі де болмақ. Бұл бағытпен күресіп жолын біржола орлау — пролетариат жазушыларының басты міндетінің бірі. Байшылдық әдебиетпен күресумен қатар, екінші міндет: пролетариаттың көркем сөзбен жан азығын тауып бере білу. Социалистік қайта құрылыстың мақсаттарын толық түсініп, еңбекші бұқараға соны жырлап бере алу. Бұл міндеттерді пролетариат жазушылары әлі өтей алған жоқ. Әрине, бұл кемшіліктер түзелмейтін кемшіліктер емес. Ұйымдасып, тізе қосып, жұмыла кіріскен уақытта, жайылатын кемшіліктер.
Пролетариат әдебиетінде табыс жоқ емес. Көп табысымыз бар. Оны көрмеу оңшылдықтың ісі. Бірақ табысқа мастануға болмайды. Пролетариат жазушылары өсу дәуірінде. Кемшіліксіз есу жоқ. «Қателесу айып емес, қатені түзетпеу айып» (Ленин).
Пролетариат әдебиетін алдағы күнде көңілдегідей өркендету үшін Пролетариат жазушылар ұйымын оңдап аяққа бастыру керек. Ол аяққа баспаса, баяғы бытыраған күш әлі бытыраған қалпында болып, ҚазАПП-та, оның мүшелері де еркін көңілдегідей өркендей алмайды. Осы жағдайды ескеріп, Өлкелік партия комитеті ҚазАПП-қа жаңа міндеттер тапсырып, басқару ісін жаңартып отыр. Ұйымға «Жаңа әдебиет» журналын беріп, басына арнаулы кісі отырғызып, қаражат жақтарын ұйымдастыруға тапсырып отыр. Съезд шақырудың жоспары жасалғалы жатыр. Партияның осындай тапсырмасын орындап, ҚазАПП-ты аяққа бастыру үшін, ҚазАПП-тың ұйымдастыру бюросы осы ашық хатты жариялауға қаулы қылды.
ҚазАПП-тың міндеті қисын жөнінде үлкейгендігі былай тұрсын, іс жөнінде, ұйымдастыру жөнінде де үлкейіп отыр. Бұған дейін, ҚазАПП-тың бөлімдері округтерде болатын еді. Ол округтер қазір тарады. Округ тарауымен қатар, округтік бөлімдердің де кейбіреулері бытырап, мүшелері ауданға кетті. Сондықтан қазір, ҚазАПП-тың алдында, бұрын округтік орталық болған және мәдениет ордасы болған қалаларда ашылған ұйымдарды күшейту, жоқ қалаларда ұйым ашу партияның ісінің күштісі. Ауыл ауданға көшкесін ауданда, ауылда Іс істеу міндеті тұр. Ауыл, ауданда істейтін істің негізгі ауыл тілшілерін, жазуға талаптана бастаған еңбекші астарды ұйымдастыру. Әсіресе көңіл бөлетін нәрсе — ауыл тілшілері.
Үйткені біз келешекте, еңбекші тапқа қалам қызметкерлерін солардан аламыз.
ҚазАПП-тың күні бүгінге дейін ескермеген ісінің ең үлкені жұмыскер аудандары. Осы жұмыскер аудандарында іс істеп, ҚазАПП-тың күнделік ісіне жұмыскерлерді қатынастыру, пролетариат жазушыларының негізгі Сыншысын жұмыскерлер қылу, жұмыскерлер арасындағы тілшілерді ұйымдастыру.
«ҚазАПП — қазақ жазушыларының ғана орны емес. Бұл — тапшылдық негізіне құрылған ұйым. Бұған Қазақстан топырағындағы қай ұлттан шыққан еңбекші жазушылар болса да кіре алады. ҚазАПП оны бүгінге дейін істей алған жоқ. Бұл жүйедегі міндет:
а) Орыс жазушыларын ұйымдастыру.
б) Ұсақ ұлттардың жазушыларын ұйымдастыру.
I. Бөлім бар жерде
1) Жергілікті тиісті орындармен ризаласып (әсіресе партия орындарымен) жаңадан ұйымдастыру бюросын құрсын.
2) Ұйымдастыру бюросы мүшелері қайта хатталмасын. Хаттағанда мынадай сұрауларға жауап алсын: аты, әкесінің аты, жасы, партияда бар, жоқтығы, кәсіпшілер одағында бар, жоқтығы шыққан тегі, қазіргі қызметі, жазушылық стажы, шыққан еңбектері, ҚазАПП-қа қай жылдан мүше, білімі, бұрын басқа партияда, не басқа әдебиет бағытында болған, болмағаны.
3) Жаңадан арыздар қабылдансын. Оларда 2-тармақта көрсетілген анкетаны толтырсын.
4) Ұйымға, аз да болса жазуы бар (басылған, басылмағаны есеп емес) адам қабылданады. Жазу болғанда — аты жазу емес, еңбекші тапқа керекті, соның мүддесіне лайық жазу.
5) Бұрын басқа саяси, әдеби бағыты бар адамдар сынсыз, тексерусіз алынбауы керек.
Бұлардың түзелгендігі сөзімен емес, ісімен көрінуі керек. Әрине ісіне еңбектері де қосылады.
6) Қабылданған адамдардың және ескі адамдардың тізімінің, анкеталардың бір данасын және арызының көшірмесін Орталық басқармаға жіберу керек. Ұйымға мүше болатын кісі Орталық басқарма қабылдағасын ғана бекиді.
II. Бөлім ашылмаған жерлерде істейтін істер
1) Егер сол арада ҚазАПП-тың мүшесі болса, бөлім ұйымдастыру ісіне сол басшы болу керек.
ҚазАПП-қа кіремін деушілердің тізімін алып, жоғарғы анкетаны толтырып, жалпы ұйымдастыру жиылысы арқылы бекіту керек. Сол бекіткен тізімді Орталық басқармаға жіберу керек, бірақ Орталық қабылдағанша ол ұйым болып саналмайды.
2) Ұйымға кіруді өзінен ерте санап, үйренуге, тәрбие алуға ынталылар болады. Мұндайлар үшін істейтін істің ең дұрысы әдебиет үйірмесін ашу. Ол үйірменің не істейтінін, егерде тізімін жіберсе, Орталық басқарма айтады.
3) Егер ҚазАПП-тың мүшесі болмаған жерде, ұйымдасуға ойлайтындар болса, оларға жаңағы 2-тармақтағы айтылғанды ұсынамыз.
Әрине, жергілікті еңбекші жазушылар әлі жас, тәжірибесіз. ҚазАПП-қа мүше болсын, болмасын, мұндайларға пролетариат әдебиетінің міндетін түсіндіруді әрбір коммунистің міндеті деп білеміз.
Қазақстан пролетариат жазушылар ұйымының кемшіліктерін де, істеген істерін де, партияның оған берген бағасын да жоғарыда айттық, ҚазАПП алдағы күнде өткен кемшіліктерін жойып, тап күресінде пролетариаттың бір мықты қаруы болуға бет алып отыр. Әрине мұндай ауыр жүкті, ол жалпы еңбекші бұқара жәрдемдескенде ғана орындамақ.
Жергілікті партия, комсомол, кеңес, кәсіпшілер орындары, пролетариат жазушылары, еңбекші тілшілер, сіздерді пролетариат жазушылар ұйымын өркендетуге жәрдемге шақырамыз.
ҚазАПП-тың ұйымдастыру бюросының мүшелері: Мұқанұлы Сәбит, Майлыұлы Бейімбет, Жансүгірұлы Ілияс.
«Еңбекші қазақ» газеті, 1930 жыл, 18 сентябрь.