Ықылас Ожайұлы. Раушан гүлін көз жасымен суарып...

ӘДЕБИЕТ
4285

 

Варвар  

Қару жасауға кеткен
қайран уақыт,
Сені тостаққа құйса
Харибданың қаны.
Бір...
бір, екі, үш...
Тепкілеген жерді
Ет жүректі езді,
Сансыз солдаттың
Етігінен ұшқан
Ессіздіктің шаңы.
Түрме ғой рас топастың басы
Әлем...
Әйнекке тамған
әйелдің жасы.
Әмір мен Шахтар
Ерігіп...
немесе есінеп отырып
Умаждай ғана салған
Қайран да ғұмыр
Сизифтің тасы.


                       Он бір буын омыртқаң кетсін сынып...
                                            (Төлеужан Ысмайылов)
    
Еркін өлең
 
 I

Алапат ойлардың аяғын қысқартып
Ұйқасқа салатын
Құтқар құлдықтан
Еркін ой.
Бұл – шайырдың мінәжат дұғасы
Сорасы...
Зары...
Өңі нарттай күрең
Тамырдан өрекпіп
Аспанға шапшыған
Асау ой – 
Бейнебір бұла
Кенесарының қаны.


   II

Рас...
Өнер – жанкештілік,
Бөгде бір мақамға елтіп
Әулие халіне жету.
Ей, еркін ой
Ғұмыр сүтпісірім...
Өлім – түпсана 
бастапқы нүктеге өту.
ШЫНДЫҚ –
Символ мен таңба
мәнісін жүрекпен тоқу.
Ғазал – 
КҮН ШАПАҒЫНАН ТАМҒАН
СОЛ «ЖАЗУДЫҢ»
ҒАЖАЙЫП ТӘПСІРІН ОҚУ.


 III

Раушан гүлін көз жасымен суарып
Қызғалдақты қарындас,
Айдың нұрын алқа тұтар ізгілік
Ей, еркін өлең...
Әр әрпіңнен әтір аңқып
Тұла бойың тұнған сенің мейірім
Болса, шіркін тағы...
Жеті сарынның
Желдегі әні.
Сосын...
Демінен дүние өртеніп кетердей
Түсі қардан да аппақ,
Мұздан да мөлдір
Шәһит...
ШӘКӘРІМ ҚАЖЫНЫҢ
ЖАЛҒЫЗ-АҚ ТАМШЫ АРЫ.


   IV

Ей, еркін ой
Таңға жақын тоңазыған гүлдердің
Әнтек қана дірілін,
Құс жолының сыңғырын
Қасиетті қара жердің күбірін
Сезіне алсақ...
бұдан өзге 
қажет те емес бөтен ой
(Бұл дәргейдің биігіне талаптанса жетеді ой).
Ал...
Өлең деген Тәңір тілін тәпсірлеу...
Қалғып кеткен көбелектің немесе
ӨЗІ ҰМЫТЫП
ЕШ ЕСІНЕ ТҮСПЕГЕН
КӨРГЕН ТҮСІН
КӨПКЕ ЖОРУ ЕКЕН ҒОЙ...


                   ...Осынау қалалар мен елді мекендер халқы құдайға 
                   құлшылық ететін.  Бірақ, сол құдайы олардың 
                   дүниеге тура қарауына көп кедергі  жасайтын.
                                                         (М. Симашко)
  
I


Таным – теріс, 
Талғам – қисық
Мейлі...
Қарсы шықсын мың ойшыл.
Жалғыз сөзде шындық қалды,
Мен үшін...
«Жаман адам құдайшыл».
Көбік ауыз көсемге ерген
Құдай-ай...
Әй, не деген есер ем.
Кәне, содан шыққан мүйіз
Мінекей,
Көгермеді көсегем.
Ақыл кеппей,
Ауа жетпей тұншығып
Шықсам биік аңғарға,
Жұмекеннің жазуы тұр о, тоба:
«КЕЙБІР ЕЛДІҢ ҚҰДАЙЫ ДА АУДАРМА».
Адастық-ау
Ал, арсыздық исінен...
Борсып кетер әр теңіз.
ЖАН-ТӘНІМІЗ 
СЕНГЕН ҚҰДАЙ КҮНІ ЕРТЕҢ 
АЛДАП СОҚСА ҚАЙТЕМІЗ?..


   II

                   Құдайдың құдіреті адам арқылы көрінеді...
                                                 (Мәшһүр-Жүсіп) 


Тәңірдің тілі бар...
Біз кеттік киелі ілімнен.
Сауал көп санада
саусақтай бүгілген.
Құдайдың бар-жоғы
байқалар кеудеде
Қандағы ұжданның
Қарасақ нілінен.


Дүние тылсым-ды
Өзгеше көруге 
Өмірім ұмсынды.
Сол мезет...
Абайды сабаған қамшының
Қайыра дүр етіп
Қанымнан естілді сусылы.


Садақа жәшігі
Сиқырлап ішімді,
Теңіздей топан сөз
Түбінен ішілді.
Сол үшін сыңғырлап
Әуелеп азандар
«құдайды» қуалап
Құрыққа түсірді.


«Құдайға» айналу...
Осы жол – анық-ты.
ҚОРҚУДА ҚҰДАЙ ЖОҚ
Сүйгенде жарықты.
Тең тұрып тілдесер
ЖЕТІЛГЕН ЖАН таппай
Құдай да «құлдар» мен 
«күңдерден» жалықты...


 Тасаттық

Екі мүшел жыл өтті...
Не жаңбыры
желі жоқ,
Мына бір күн шақырайып алды ғой.
Ыстығының аптабынан 
Ақжусан да солды ғой.
Япыр-ай...
зарықтырып адамды,
Өлтіретін болды ғой.


Қалың қауым жиналып
«Көне өзеннің» бойында
Көкке созды жүрегін
«Тымырсықтан құтқар» деп 
талдырды әбден білегін.
Әй, әбілет...
тілек қабыл болмады
Солтүстіктен шаң тұрып
Сұрландырды реңін,
Сол құйынның ішінен
Қызыл бұршақ тас борап,
Жайпап өтті
амал не...
Жалпақ жұрттың тілегін.
 
***


                   Шын щедеврдің жарқылынан халтураның көті көрінеді...
                                                               (Ежи Лец)
                         ...Көп сөзіңнің көзінен шөп көрініп тұрса да...
                                                              (Жұмекен)

...Малмандай сыланып
масайрап шаттану.
Сөздерді бұйралап
Кірпігін қайырып,
Бір ессіз мақтану.
Сүйегі борпылдақ
Көтерем ойлардың
Сорпасы су татып
Тұрса да ақталу.
Біздікі сол енді...
Ерінді қызартып
Етекті қысқарту,
Өнердің алдында
өлгенше боянып 
Өлеңнің көзіне шөп салу...


  Абстракция

  (немесе төрттағандар)

 ***

 Қару тұр қасқайып... 
 Тіл қатып өткен шақ ізінен.
 Ағарған шаштардың азабын оқыдым
 Қанжардың қылпыған жүзінен.


***

 Жарқылы жаныңды қақ тілген
 Ғашықтық – сол дерттің жарасы.
 Мен білсем, екеуі
 тамырлас, тым жақын
 Қыз бенен қылыштың арасы.


***

 Қыркүйек...
 Қайтқан құс сорабы
 Менің де кеп еді ұмтылғым,
 Тостаққа тұндырып ұсынды құдаша 
 Бір жұтым аққудың сұңқылын. 


 *** 

 Түнімен түс көрдім
 Анамның дауысын таныдым.
 Таңертең сол түстің... 
 Көзімнен көрпеге төгілген
 Тауып алдым мамығын.



Қызыл мен көк


Тақсыр тарих
Түсінер болсаң, мұңымды іш,
Арымды менің 
итаяқ етті қызыл күш.
Шаңырағымның күлдіреуішіне қан жұқты
Кермектің дәмі,
Жендеттің исі
Қызыл түс.


Дәуірлер туса,
Дүмше бір ойлар көнеріп
кететін еді,
Кетпей-ақ қойды не делік?
Таңертең тұрсам...
Осы бір бояу о, тоба, 
О, тоба-ай деші 
Құбылды кенет көгеріп.


«Аттандап» ақты
Қызылдар қуды басында,
Өңдегі кермек
Өзгермей жетті ғасырға.
Орақ пен балға
Бүркіт пен күнге ауысты,
Ауысқан екен,
Азаттық деген осы ма?!


Есі сау адам 
Еркіндік дей ме мынаны,
Көзіңе қайғы 
Көл болып сонда тұнады.
Азатпын дейсің ауаны жұтып 
Ал сонда...
Ауадан неғып абақты исі шығады.


    Қып-қысқа диалог

Мінбер...
– «Қағба – жұмақ бақшасы» деді...
– Бұрқ етті сөзден ақшаның исі.


Шеңбер...
–Ойлаудың ұшар басы Абай болар
–Қозғалса көп көзқарас қалай болар?..


Жұма...
–Ғажап! Сұлтанның тұсында деймін
– Жақатпайды оны
 әр шашым ұшына дейін.


Тәңір ісі...
– Бес бала батып өлді лайсаңға
–Қанға құмар болды ма «құдай» сонда?


Әй, құдайсыз... 
– Неге мұнша қасарсып сыздадыңыз?
–Ал, жарайды
аяғын әлхиссаның сіз жазыңыз...
 

***


                                 Дүниені иттерсіз елестетуге тырысу керек...
                                                                 (М.Хайдеггер)


Бұл сүрлеуді өзім сүйдім өкінбен,
Араздығым болған да емес ешкіммен.
Өлең жазу өртке орану
Білсем де...
Өз отыма түстім мен.


Ғафу қылғай, кешіріңдер ұлдарым,
Атақ-мансап күтпе әкеңнен дер едім.
Сендер үшін болмас қорған білемін
Менің әлсіз,
тым әлжуаз беделім.


Үлкендерден үміт күту есерлік,
Екі көзі ентелеген шатаққа.
Ағалардың ақылы аздау
әйтпесе...
Жүгіре ме атаққа.


Неге дерің бар ма мұны, құлыным,
Өтірікке шекер қосу арға сын.
Мен өзімді...
қылдым рас «бақытсыз»,
Ағалардың ақылы аздау болғасын.


 Айырауық

   I

Ыңыранды қобыз
Сүттей шымырлаған үнге
Сүңгідім де кеттім.
Күндей күркіреген ойдың
Көмбесіне жеттім.


Ой іші кеңістік екен ––
Бағзы бір адамдар көші.
Аспаннан ағады өзен
Ауада...
Көбелек исі.


Бұл жердің күні де басқа
Шаттығы, мұңы да бөтен.
Тоғайдан төгілген үнге
Топырақ жылынады екен.


Екі ішек бұрқ етті
өрттен,
Қандай шер жандырды екен.
Қос қылдан құлаған дыбыс,
Қазақтың
Тағдыры ма екен.


Сол дыбыс татыса кермек
КҮЙ деген
осы ғой деңіз.
...Шанақта шайқалған әуен
Бейне бір толқыған теңіз.


   II

Құсар перненің бетінен дүр еткен әуен
Жаныма тастады кейіс.
Кеудемді шарпыған өрті
«Қиямет» болуға тиіс.


Екі ішек бетінен қалқып
Сусылдап төменге тартты.
Демінің лебінен...
дүние шұрқырап жатты.


Жамырап мың жұпары
Шымырлай жүрекке тұнды.
Әр мақам бұтағында
Мәуелі...
гүл атып тұрды.


Соңғы саз
қаңқ етті қаздай
Шанақтан құйылып жаңа.
Әуеден құлады төмен
Бір шөкім ұйыған ауа.


Қос ішек
пәни мен бахи
Уілдеп құшағын ашты
Көрмедік неліктен күйдің
Көзінен бұрқ еткен жасты.


 Төрттағандар

   ***
Сыбызғы сұңқылы
Кеудемнен күй өріп.
Сол үннің исіне
Жаным тұр сүйеніп.


 ***
Қыркүйек құстарды
Әкетсе көтеріп...
Түнімен шығады
Жапырақ жөтеліп.


 ***
Өзіңді жарығым
Көрген де кезігіп,
МЕН түгіл көлеңкем
Кетеді езіліп.


  ***
«Әйелден ер артық...»
Сөз бе осы аталы?
Болғанда қайтер ек
Әйелдің сақалы.


 ***
Сүйінші, сүйінші...
Мұны айту міндетім.
Жүректен тауып алдым
Жұмақтың суретін.


    ***
Кітапты ашқан ем
Доңыз тұр алдымда.
...түшкірді домбырам
Ұшынып қалды ма.


 ***
«Тас ғасыр ғажайып
Тәубада мың сауап...»
...Ілкіде қап қойды
 Іштегі құмсағат.


author

Ықылас Ожайұлы

АҚЫН

Жаңалықтар

Иранда студент қыз көшеде киімін шешіп тастады, деп хабарлайды madeniportal.kz Sputnik.kz сайтына сі...

Жаңалықтар

Қостанай облысында жоғалған балықшы көл жағасында ұйықтап жатқан жерінен табылды, деп хабарлайды mad...