Карл Шпицвег. Бейшара ақынМайданнан Совет Армиясының офицері болып оралған менің бір досым соғыстан...
Қазақ пен жапон жазушысы өлім мен өмір ұғымын қалай пайымдады?
Өмір мен өлім. Жазмыш, тағдыр. О дүние мен бұ дүние. Ғылым осы мәселені жазушылардың еншісіне қалдырғалы қашан. Физика ғылымындағы квант теориясы бойынша фәни мен бақи екі бөлек эфир. Әрине, тірі мен өлі екі эфирде тұрғандықтан, бір-бірін көрмейді, тілдеспейді. Осыдан артық ғылым жарытып ештеңе айтпайды. Ары қарай мұнымен өнер, әдебиет, дін, философия саласы айналыссын деп бізге ысыра салатындай көрінеді.
Мәселе осыдан басталса керек. Талай аңыз-әпсана, діни қиссалар жазылған шығар. Бірақ, дәл қазіргі заман жазушыларының туындыларынан екі дүниедегі жандардың яғни, өлі пен тірінің тілдескенін өте сирек кездестіріп жатамыз.
Өткен жылы жапон жазушыларының таңдаулы әңгімелерінің жинағы қолыма түсті. Соның ішінен Асаи Рёои деген бір атақты қаламгердің «Шоқтай қызыл белбеу»деген әңгімесі өте әсерлі әрі тосын көрінді. Бір деммен қазақшаға аударып та тастадым. Жазушы психологиялық күрделі шытырман оқиғамен өрнектеп, барынша қызықты баяндайды. Бала кезінен атастырылған сүйген жігітін жылдар бойы сағына күткен қыздың о дүниеге аттанып кеткенін білген соң күйеу жігіт Хэйжи уақыт пен кеңістіктен тыс өзгеше әлемге (трансқа) душар болады.
Эзотерика ғылымы бойынша, о дүниеге аттанған адамның тәнінде тіршілік белгісі тоқтағанымен, 40 күнге дейін менталдық және астралдық денелері бойынан толық шығып үлгермейді. Осыны негізге алған жапон жазушысы қыз бен жігіттің арасында «байланыс» орнатып, жігіт трансқа түкенін әңгіме желісіне арқау етеді. Әңгімеде автордың «жігіт асығып жетіп келгенде қыздың бір ай бұрын ғана дүниеден өткенін» нақтылауы да кездейсоқтық емес.
Қайғыдан қан жұтқан Хэйжи сағына сарғайған ғашығымен ғарыштық байланысы күрделі бола түседі. Негізі, қыздың өзі де сағыныштың салдарынан науқасқа ұшырап, құса боп қайтыс болған еді. Күйеу жігіттің «өзгеше әлемде» жүрген кезде қалыңдығының түнде оған туған сіңілінің кейпіне еніп, елес боп келуінен оқиға шиырыға түседі.
О дүниедегі қыздың әруағы сүйген жігітіне қосылғанда ғана жаны жай табатынын, сіңлісінің физикалық тәні арқылы өз дауысымен хабардар етеді. Жаратушыға жалбарынған ақ адал тілегін сіңірген шоқтай жанатын қызыл белбеудің және атастырылған қыздың тұңғиық тереңіндегі сентименталдық сезімінің құдіреттілігін жапондық жазушы Асаи Рёои оқырман көңіліне қонымды етіп, әсерлі бейнелейді. Мұндағы оқиға тек қос ғашықтың балдай тәтті өмірін ғана бейнелейді.
Жапон халқының ауыз әдебиетінде «Ерэй» яғни, күңгірт, көмескі деген мағына беретін әруақтардың көркем образы ежелден бар көрінеді. Оның мәні ой-санасы өшкінделген, шіріген дегенге келіп саяды. Жапондар да, қытайлардағыдай немесе Батыс әдебиеттерінде суреттелетіндей әруақтар о дүниеге барған соң жандары жай тауып, мамыражай күй кешеді деп есептейді. Қысқасы, көркем образ сомдаудың аталмыш тәсілі әлем әдебиетінде біршама кең тараған. Бұл жайында сәл кейінірек айтармыз.
Жалпы, фәни мен бақиды байланыстыра отырып, көркем әдебиеттің ең басты нысаны - адам мен оның ішкі өмірінің құпия сырларына тереңдеп үңілген шығарма дәл қазіргі қазақ әдебиетінде бар-жоғынан бейхабар едім. Жуықта қолыма бір мини-роман түсті. Атауы: «Көлеңке – келіншек» (Бақидан келген келіншек). Авторы – Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Кешкісін қарап шығайын деген оймен қолыма алғанмын. Сол күйі бас алмастан түнімен оқып, таңға жақын бітіріп барып, кітаптың бетін жаптым. Шынымен, қайран қалдырды. Тартымды жазылған туынды екен, тұщынып оқыдым. Оқиғасы бүгінгі заман тақырыбын қаузағандықтан да болар, жалықтырмайды. Шығарманың тілі де жатық, бірден баурап әкетеді. Оқи бастағанда-ақ, одан ары қызықтырып, еріксіз алға қарай тоқтаусыз жетелеп отыратыны, романның негізінен диалогтан құрылғандығында болса керек.
Қазақта «орта жолда атыңнан айырмасын, орта жаста қатыныңнан айырмасын» деген сөз бар. Ұшақ апатынан мезгілсіз қаза тапқан әйелінің жылдығын өткізгеннен кейінгі Байжұманның өмірінде күтпеген өзгеріс пайда болады. Бұл өзгеріс ымырт үйірілісімен жатын бөлмесіне келетін марқұм әйелінің елесі. Фәнидегі Байжұман мен бақидағы Бижамал екеуінің диалогы арқылы романның оқиғасы сатылап өрбиді. Түнімен сырласқан соң таң қылаң бере елес әйел ізім-ғайып жоғалады да, бас кейіпкеріміз күнделікті күйбің тіршілігіне оралады.
Барлығы 27 түнге созылған екі дүниедегі ерлі-зайыптылардың диалогы арқылы қазіргі қазақ қоғамында өзіндік орны бар, ірі мекеменің басшысы Байжұманның типтік образы жасалады әрі ерекше нанымдылығымен назар аудартады. Әр түн сайын көлеңке кейпінде келіп күйеуімен әңгіме-дүкен құратын Бижамал кейіпкеріміздің өткен өмірімен қатар алда болатын жайларды да айна-қатесіз болжап беретіндігі, образды толығымен ашып, жан-жақты сомдауға елеулі рөл атқарғанын ерекше атаған жөн. Егер әдеттегідей монолог түрінде баяндап шықса, баяғы ескі тәсілден алыстап кетпеген болар еді. Романды жазуда автордың тыңға түрен салған жаңаша тәсілі де дәл осы жерде болып отыр.
Бақидағы жандардың қызғаныштан ада болатындығы, фәни жалғанның барлық көріністеріне, соның ішіндегі опасыздыққа, сатқындыққа, тіпті, көзге шөп салуға да қапаланбай салқындылық танытатыны, әйелінің күйеуіне өзінің ұмыта жаздаған күнәларының өзін байыппен айтып, есіне салуы және осы күнге дейін білмей келген құпия сырларына терең бойлап, бәрін егжей-тегжей ашып беруі – жазушының тапқырлығы деп білеміз.
Бас кейіпкер Байжұман әжептәуір лауазым иесі. Ұлын үйлендірген, қызын Лондонда оқытып жатқан, екі қабатты коттеджі бар, үйінде қызметші ұстайтын әл-ауқатты адам. Бірақ, оны төрт құбыласы түгел бақытты адам дей алмайсың. Проблемасы да бір басына жетіп артылады. Қызы бөтен ұлттың өкіліне тұрмысқа шықпақшы болады. Оған кесе көлделең тұрып жол бермеу үшін де біраз бас қатырады. Дегеніне жетіп, қызын айнытады. Оның келесі жолы жұптаспақ болған қазақ жігіті Байжұманның бұрынырақта жол апатынан қаза тапқан інісі Ержұманның ұлы болып шығады. Ержұманның үйленіп үлгермеген қалыңдығының аяғы ауыр болып, ұл тапқанын тағы да о дүниедегі көлеңке әйелінен біледі. Жастар бұл жайдан хабардар болған кезде қызы өзіне қол салмаққа ұмтылады. Жігіттің өкініштен өкіріп жылайтыны өз алдына. Некелесіп үлгермей жатып, төсек қатынасқа барудың соңы қандай ауыр қасіретке әкелетіндігін жазушы осы бір шағын деталмен-ақ сәтті айшықтап берген.
Ақыры, қызына қашанғы кедергі жасасын, келесі жолы жапон жігітін таңдағаны, жаһанданудың алапат толқынына біздің де жұтылып бара жатқанымызды ескертіп, «қызға қырық үйден тиым салатын» ежелгі дәстүрімізді жоғалтып бара жатқанымызға қынжылған жазушы дабыл қаққандай көрінді.
Бәрінен де, Байжұманның өз басының да етегіне намаз оқып жүрмегенін, о дүниедегі жарының аузынан естуі былай тұрсын, он жасар ұлының әкесіз өсіп, тұрмыстың тауқыметін тартып жүргенін білгенде тіпті жанын қоярға жер таппай оқиға одан ары шиырыға түседі.
Ары қарай Байжұман неше жерден бай-қуатты жігіт болғанымен, табиғи болмысында сараңдық пен қараулықтың да барын көрсеткенде автор оқиғаны шарықтау шегіне жеткізіп, оқырманын күтпеген жағдаймен таңдай қақтырып, қайран қалдырады.
Үй қызметшісі Айсараның жалғыз әпкесі қайтыс болған соң одан қалған ойын баласын Байжұман жоқта коттеджіге ертіп әкеліп, тамақтандырып, бағып-күтіп жүретінін де түнде сырласқан көлеңке-әйелден естиді. Онымен қоймай әлгі жетімегі иен үйде асыр салып ойнайды және өзінен басқа тірі жанды маңына жолатпайтын пианиносын да «бақыртатын» көрінеді. Байжұман оны тексеріп көрмекке қызметке бара салып қайта оралғанда әлгі баланы кездестіреді. Онымен шекісіп қалады. Баланың өткірлігі мен қайсарлығы Байжұманның әбден жынына тиеді. Желкесінен ұстап алып, жұлқыласа да, тайсалмай қасарысқан әлгі ұлдың шын мәнінде, баяғыдан бері шарқ ұрып іздеп таппай жүрген, өзінің бел баласы екенін сол сәтте білмей үйінен қызметшісімен бірге қуып жіберуге шешім қабылдауы оқиғаны шарықтау шегі болса керек.
Адам баласының тым өзімшілдігін, мейрімсіз қаталдығын бұдан артық контраспен қалай суреттеуге болады? Жазушының шеберлігі де осы тұста әдемі айшықталғандай көрінді. Ол баланың өзінікі екенін түн сайын келетін көлеңке-әйелі айтып береді, бірақ, дереу емес. Алдымен, бала атаулыға қатыгездік танытпауды алыстан орағытып, астарлап әңгіме айтады. Енді, бірдеменің шетін шығарып, айтпақ болғанда, таң атып кетеді де о дүниелік әйелі ғайып болады. Келесі түнде келген кезінде де, «әлгі өзің ызаланып, жатып кеп жұлқылаған бұзақы жүгірмек сенің балаң» деп лақ еткізіп тағы айта салмайды. Алдымен, үй қызметшісі Айсараның Байжұман сарыла күтіп іздеп жүрген Бибісараның туған сіңілісі екенін айтады. «Сонда, әлгі бала?» деп сұраулы жүзбен қарағанда ғана «Сенің ұлың – Сағынай. Өз ұрпағың...» дегенде жанын қоярға жер таппай басын ұрғылаған Байжұманды кинодан көргендей-ақ етіп, көз алдыңа елестетеді. Бұл қалай десек те, шығарма кейіпкерін сомдаудағы жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлының психологиялық тың ізденісі.
Ал, енді әдебиетте көркем образ сомдаудағы елес, аруақ дейміз бе, жалпы, о дүние нысандарын қолдануды кейбір әлемдік көріністеріне, жазушылардың ерекше тәсілдеріне назар аударсақ деймін.
Зигмунд Фрейд «Психоанализ» атты әйгілі еңбегінде «Адам дегеніміз биохимиялық үздіксіз үдеріс аясындағы шағын өндіріс іспетті. Аталмыш өндірістен шексіз көп энергиялық күш-қуат бөлінетіндіктен біз тірі жүрміз» - дейді. Фрейд бұл тұжырымы арқылы ерік күштің құдіретін меңзеп, оны «либидо» деп атағанын да ескеруге тиіспіз.
Әлем әдебиетінде аруақ образы жиі кездескенімен көбінесе, үрей тудыру жағы басым түсіп жатады. Ежелгі әдеби мұраларда аруақтар о дүниеден оралғанда, көбінесе фәни өмірде араздасқан адамдардан кек алу үшін келетіндігі суреттеліп жатады. Бұған алысқа бармай-ақ, Шекспирдің Гамлетін еске түсірсек те жеткілікті. Сондай-ақ, «Макбет» атты шығармасындағы өліп қалған Вайнктің аруағы қайта оралғаны айтылады емес пе. Жонн Ди және Эдуард Кели де өлгендердің аруағын шақыратыны бар. Қазіргі күні де триллер фильмдерде аруақтардың қаһарлы кейіптері мен қатыгездіктері асқан қорқынышты сипатта көрініс тауып жатады.
Бақилық болған аруақтың образын сомдаған жапондық жазушы Асаи Рёои салт-дәстүрге берік, махаббатқа адал қыздың ғашық жігітіне деген қимастық сезімін арқау етеді. Қазақ жазушысы Жолтай Жұмат-Әлмашұлы қала тұрғындарының қазіргі шынайы өмірі мен әжептеуір шенді азаматтың нықты образын о дүниелік болған әйелдің көзқарасымен сабақтастырып өрнектейді. Бас кейіпкер Байжұманның психологиялық күйзелістері мен қайтыс болған зайыбының елесі арқылы сана тереңіндегі ішкі сырларын ашып көрсетуге мини-романның барлық мазмұны толықтай бағытталады. Романның сәтті шығуының да түп төркіні оқиғаның бірінен бірі туындай келе логикалық сабақтастығының үзілмеуінде болып отыр.
Екі жазушының да басты жетістігі - адам санасындағы барлық аспектілерді, психологиялық иірімдер мен тербелістерді терең зерттегендері, әдебиетті психологиямен жіті байланыстыра отырып, ұштастыра алғандығында. Сондай-ақ, субъекінің эстетикалық сипаттарын оқырманның қызығушылығымен қоян-қолтық қабыстыра отырып, жан-жақты көрсете білулері де аталмыш екі жазушының қарым-қабілеттерінің мығым екендігін көрсетеді.
Қуандық Шамахайұлы