Тарихта ұқсас оқиғалар неге көп?

Жаңалықтар
2890

Адамзат тарихында неше түрлі таңқаларлық оқиғалар орын алған. Оның бірі кездейсоқ кейбір оқиғаларда ұқсастықтар бар.

Бірақ күнделікті тұрмыста жиі кездесетіндіктен оған адам баласы мән бермеуі де мүмкін. Десек те, кейбір оқиғаларда еліктеушілік те орын алатынын жасыруға болмайды.

Мысалы, Қытай тұрғыны Ван Лэйдің Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен ұқсастығы бар. Ол бет-әлпетіне пласти­ка­лық ота жасатып, жұртшылық­тың алдына шықты. Ван Лэймен Ким Чен Ынды енді тіпті айыра ал­майсыз. Бет-әлпетті өзгерт­кен­мен, диктатор Ким Чен Ындай болу қайда?! Қытай тұрғыны бұл әрекетке саналы түрде барды. Бі­рақ адамзат тарихына көз салсақ, мұндай ұқсастықтар көп. Әрине, «болмасаң да ұқсап бағу үшін» кейде ақылға сыймайтын санасыз әрекетке барудың қажеті шамалы. Алайда тарихта сәйкестіктер қай­талана береді. Тіпті бұл таңға­лар­лық оқиға да болуы мүмкін. Мы­салға жүгінсек, мән беретін жайт­тар жетерлік.

Айдың бетіне адамзаттың та­ба­ны тиген кезде орын алған оқи­ғаны қазір жұртшылық ұмытып қал­ды. Америкалық ғарышкер Нейл Армстронг Айдың бетіне аяқ басқанда, алғашқы қолданған сөзі «Сізге табыс тілеймін, мистер Горски!» болыпты. Неге? Мұның қандай себебі бар. Сөйтсек, Ар­мс­тронг тұрған үйдің ауласындағы көрші әйел күйеуіне ылғи «Әлі- ақ көресің, көршінің баласы ке­лешекте Айға ұшады, ал сен осы күнге дейін әйеліңе де дұрыстап бір құрмет көрсетпеген еркексің!» деп ұрсатын көрінеді. Енді жүзеге асқан оқиғаны қараңыз, үнемі ұрыс-керіс болып тұратын көр­шілердің отбасылық фамилиясы Горски екен. Армстронгтың Айға табаны тиген сәттегі қолданған алғашқы сөзі арманның орындал­ғаны болар. Бірақ көршінің сөзі кездейсоқтық па? Бірақ бұл сәй­кестіктің таңғаларлық болғанын жасыруға болмайды.

Жақында шетелдік БАҚ Ита­лияның қала сыртындағы даңғы­лында екі көліктің жол апатына ұшырағанын жапатармағай жаз­ды. Бақытына қарай, екі жүр­гі­зуші де жарақаттанбаған. Көлік­тен түскен жүргізушілер таныса келгенде, екеуінің де фамилиясы Джакомо Феличе болып шыққан. Бұл есім итальян тілінен аудар­ғанда «бақыттылар» деген ұғымды білдіреді екен.

Тарихқа көз салсаң, таңға­лар­лық керемет оқиғалардың жиі қайталанып тұратынына көз жет­кізесің. Өткен ғасырдың отызын­шы жылдары Детройт қаласының тұрғыны Джозеф Фиглок көшеде көпқабатты үйлердің тұсынан өтіп бара жатады. Кенет төбеден... Джозефтің басына бір жасар бала құлап түседі. Екеуі де жеңіл жара­қат алады. Сөйтсе, шешесі тере­зені жабуды ұмыт қалдырып кет­кен көрінеді, сәбилік құмарлық қойсын ба, «терезенің жақтауына» шығамын деп жерге құлап түс­кен. Оны Джозефтің басы аман алып қалған. Бір жыл өткеннен кейін тағы бір таңғаларлық оқиға орын алады. Джозеф Фиглок тағы көшеде әлгі үйдің жанынан өтіп бара жатқан кезде, баяғы бала тағы оның басына құлап түсіп, аман қалады. Бұл не, кездей­соқ­тық па? Ең бір қуанарлығы, екі рет қайталанған бұл сәйкес­тіктен ешкім де зардап шеккен жоқ. «Періштесі қаққан бала» әйтеуір аман. Бірақ өмір болған соң, ұқсас оқиғалар орын ала беретіні рас. 1966 жылы төрт жасар бала Роджер Лозьер Американың Са­лем қаласының маңайындағы теңізде суға кетіп қала жаздаған. Бақытына қарай, оны Элис Блейз атты әйел құтқарып қалған. Ал Роджер 12 жасқа келгенде дәл осы жерде теңіз жағасында шомылып жүріп, суға кеткен бір ер кісіні жағаға алып шыққан. Ал білісе келгенде, ол ер адам баяғы өзін құтқарған әйелдің күйеуі болып шыққан көрінеді.

Жалпы, адам баласының жақ­сы нәрсені ғана ойлау қажет еке­нін мына бір мысалдан-ақ аң­ғаруға болар. Италияның белгілі кино актері Марчелло Мас­тро­ян­ни «Мен бақытты болған үй, ол да отқа оранды» деген әнді жиі айтады екен. Енді танымал ән болған соң, әуенін салатын шы­ғар. Бірақ осы ән оған бақыт сый­лай қойған жоқ. Күндердің бір күнінде Марчелло осы әуенді дос­тарының алдында дастарқан үс­тінде айтып отырған сәтте, оның екі қабатты тау беткейіндегі сая­жайы жанып кеткен көрінеді.

1898 жылы жазушы Морган Робертсон «Сергелдең» атты ро­ман жазады. Бірақ оның даңқы кейін шығады. Бұл еңбегінде жа­зу­шы «Титан» атты кеменің алып мұхитта жүзіп келе жатып, айс­бергке соғылғанын арқау етеді. Екі жастың махаббаты, апатқа ұшыраған кемедегі байлар мен кедейлердің өмірі, аман қалған адамдардың кейінгі тағдырын сөз еткен жазушы арада 14 жыл өткен соң дәл сол оқиғаның өмірде орын алатынын білген жоқ. Ең бір қызығы, Морган Робертсон­ның «Сергелдең» атты сол кітабы 1912 жылы айсбергке соғылып, апатқа ұшыраған «Титаниктің» бортында бар болып шыққан. Кейін «Сергелдең» романындағы «Титан» алып кемесі мен «Тита­никтегі» оқиғалар бір-біріне ұқсас екені анықталған. Романда кемеге жолаушылардың шектен тыс көп болғаны, корабль капи­танының сауатсыз басқаруы, құт­қару құ­рыл­ғыларының жетіспеуі де сөз болады. Апатты жағдайды сурет­те­ген «Сергелдең» романы 14 жыл өткен соң, сөйтіп, «Тита­никпен» бірге суға кетеді.

Бірақ «Құдай сақтағанды сақ­тайды» деген рас. 1939 жылы дәл осы «Титаник» апатқа ұшыраған Атлантика маңайында тағы бір «Титаниан» атты кеме жүзіп келе жатады. Кеме капитанының мық­тылығы болар, бір кезде айдында айырып білуге болмайтын қа­рауыт­­­қан бұлыңғыр бір алып сұл­баның көлеңкесін көріп, кора­бльді оңға бұруға бұйрық береді. «Кемедегенің жаны бір» емес пе, бұл оқыс бұрылыстан қаннен-қа­персіз тұрған жолаушылар оқиға­ның жай-жапсарын білмей жа­тып, шу шығарады. Бірақ аз ғана зақымданып, алып мұзтауды жа­най өткен «Титаниан» апатқа ұшы­рамай аман қалады. Міне, үш кеме. «Титан», «Титаник» пен «Ти­­таниан». Мұның бәрі кездей­соқ орын алып жатқан оқиға де­сек те, тарих кейбір сәттерді айна-қатесіз қайталап отыратыны ақи­қат. 1664 жылдың бесінші жел­тоқсанында Уэльстің жаға­лауын­да жолаушылар кораблі суға ба­тып кетеді де, Хью Уильямс атты жалғыз жолаушы аман қа­лады. Бір ғасыр өткен соң осыған ұқсас оқиға тағы қайталанады, тағы бір кеме апатқа ұшырайды. Жалғыз ғана жолаушының көрер жарығы бар екен. Оны да аты-жөні Хью Уильямс болып шыға­ды. Арада тағы бір ғасыр, 100 жыл өтті. 1860 жылы 10 балықшы мін­ген үлкен қайық теңіз дауылына тап болып, барлағы да жан тап­сырады. Тағы да Хью Уильямс деген балықшы аман қалады.

Жалпы, бұл қарапайым өмірде орын алып жатқан оқиғалар. Бі­рақ тарихты жасайтын тұлғалар­дың тіршілігінде де ұқсастықтар жетерлік. Мысалы, бір дәуірде өмір сүрген Гитлер мен Рузвельт­тің тағдырын алайық. Олардың сыртқы кескін келбеті бөлек пі­шіндес болғанымен, өмірбаян­дық ғұмыры бір-біріне ұқсас. Екеуі де 1933 жылы билікке келді. АҚШ президентінің инаугурация­сы болып жатқан сәтте, немістің Рейхстагында депутаттар Гитлер­дің биліктегі өкілеттілігін кеңейту туралы дауыс беріп жатты. Екі билеуші де алты жыл уақыттың ішінде өз елдерін күрделі дағда­рыс­тан алып шықты. Бірақ олар­дың өлімі де бір-біріне жақын уақытта өтті. Екі билеуші 1945 жылдың сәуірінде арасына 18 күн салып өмірден өтті.

Бірақ қаншама ұлы билеуші, әулие бол, бірақ өлімнен ешкім қашып құтыла алған жоқ. Кейбір жұлдызнамашылар XVI Людовик­ке 21 санынан қорқудың қажет­тілігін ескерткен көрінеді. Әрбір айдың 21-і келген күні ол ешқайда шықпай, ешкімге көрінбей, жа­тын бөлмесінде жатып алатын көрінеді. Бірақ «жаманның сан­дырағы келеді» деген рас екен, 1791 жылдың 21 маусымы күні Людовик пен оның әйелі тұт­қындалады. 1792 жылдың 21 қыр­күйегінде Францияда ханзадалық билік жойылып, мемлекет рес­пуб­лика болып жарияланады. Ал 1793 жылдың 21 қаңтарында XVI Людовик өлім жазасына кесіледі.Сөйтіп, «21» саны ақыры Лю­довиктің түбіне жетті.

Иә, не толқытса, соның мұ­ңын тартасың. Бұл енді ақиқат. Бірақ кездейсоқтық пен сәйкестік өмірде кездескен сайын оған таң­ғалудан басқа әрекет болмайды. Мысалы, АҚШ президенттерінің көпшілігі «0»-мен аяқталатын жылы қайтыс болады екен. Лин­кольн (1860), Гарфилд (1880), Мак­кинли (1900) өз ажалынан қайтыс болса, Кеннеди 1960 жылы қастандықпен өлтірілді. Гаррисон 1840 жылы өкпесіне суық тиіп бақилық болды. Хар­динг 1920 жылы жүрек талмасы­нан көз жұмды. Рейганға 1980 жылы қастандық жасалды.
Мұқым дүниеге танымал ғұла­малардың ішінде өзінің қай жылы, қай кезде өлетінін бол­жа­ған мықтылар да болады. Мәсе­лен, жазушы Марк Твеннің 1835 жылы туғаны мәлім. Сол күні Жер шары маңынан Галлея коме­тасы ұшып өткен. Жазушы 1909 жылы өзінің күнделігіне мынан­дай сөз қалдырған: «Мен бұл әлемге Галлея кометасымен бірге келдім және бірге кетемін». Бұл болжам ақиқатқа айналды. 1910 жылы Галлея кометасы Жер ор­битасынан көрінгенде, Марк Твен өмірден өтті.

Тарихты таразылаған адам мұндай ұқсастықтар мен кездей­соқ сәйкестіктердің көп болаты­нына көз жеткізеді. Бірақ тірші­лікте қай нәрсе орын алмасын, тоқетері, бәрінің сәтті, нәтижелі аяқталғанына ештеңе жетпейді. 

aikyn.kz

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...

Жаңалықтар

Қостанай облысында зауыт жұмысшысы зауыттағы бетон араластырғышқа құлап, қайтыс болды, деп хабарла...