* * *Жер сілкінді,қашырды жел сұрқымды… Ер түркімді жалмады,көрші ұлтымды....
Тынымбай Нұрмағанбетовтың "Періштелердің өлімі" роман-хикаяты хақында
Тынымбай Нұрмағанбетовтың "Періштелердің өлімі" роман-хикаятын (өзі солай атапты, екі хикаяттан тұратын, бір тақырыптағы шығармалар) қайталап оқыдым. Шығарманың орындалуын, жазушының бұған дейінгі өзім таныс шығармашылығымен салыстырған ойымды айтпай-ақ қояйын. Өйткені қазір әдеби үрдіс, шеберхана, шеберлік, тәсіл, әдіс, сәтті-сәтсіз деп жазып жату, әдеби бірдеңе айту тым қиындап барады. Оның қиындығы соны айтуда емес, оны тыңдайтын адамның, керек қылатын қоғамның жоқтығында. Тіпті, соңғы саяси оқиғаларға ләм деп пікір айтпаған ақын-жазушыларға қарап, оларға бәрібір болып кеткен бе деп ойладым. Ал қалам иесіне ең қойың бір сом болған жерде, ешқандай әдебиет жоқ.
Енді сол шығарманың алғашқы бөлімі - "Жыланның уы". Фабуласы бір қожайын қызметкерлерді жалдап, екі-үш ай өтірік жұмыс істетіп, соңында ордалы жыланның орына тастап, удан ісініп кеткен адам денесін қазанға қайнатады. У сіңген дене қайнай-қайнай қоймалжың улы затқа айналады. Тиген жерін ойып түсіретін қымбат химиялық дүние. Соны сатып, байып жүрген адам. Әу басында жұмысшы кейіпкелерге де, оқырманға да жұмбақ. Соңында жалданып жұмыс істеген ағайынды жігіттердің бірі өліп, бірі қожайынның өзін өлтіріп, шығарма аяқталады.
Шығарманы қайталап оқығанда өртке оранған бес бүлдіршін есіме түсті. Тіпті одан бөлек тұрмыстың ауыртпалығынан, әділетсіздіктен, жемқорлықтан қаншама адам өз өміріне балта шауып жатыр. Өлмей-ақ қойсын, жазықсыз жапа шегіп, сотталып кеткендер де көп қой.
Қызметкерлеріне жаны ашымайтын, қарапайым адамгершілікпен қарым-қатынас жасай алмайтын, моралдық құндылықтардан жұрдай, жұмысшыларына құрбандық, пайда көзі деп қарайтын басшылар біздің елді қайда апара жатыр? Бізден бұрын олар өздерінің басын азапқа сүйреп бара жатқан жоқ па?!