Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде қазақ диаспорасының көптеген өкілдері, сондай-ақ INALCO институ...
Үш комнатный квартира сатам!
Ерназар Ыбыраев
Тапжылмай тоғыз жыл отырған үш бөлмелі үйімізді сатпақшы болдық. Бұл, әрине, үйдегі әйелдің идеясы, соның шешімі. Менікі “бас шұлғу”, сол шешіммен келісу ғана. Әдетте үйге мебель алу, ремонт жасау, жұмысшылармен келісу, т.с.с. “үлкен” істермен әйелім айналысады. Менікі құр қоқиған, әшейін. Үш мезгіл тамағыммен, жұмысымды ғана білемін. Киім-кешегімді де әйелім әпереді. “Мынау саған жарасады”, “Саған шап-шақ”, “Қазіргі мода осындай”, “Сені ашып тұр”, “Адам көркі – шүберек” деген осы” деп, мақтап-мақтап “Осыны ки” дейді, мен киіп жүре беремін. (Жаман киім әпермейді, әрине, келіншектің “вкусы” күшті). Қош… Бірді айтамын деп, бірге кетіп қаламын. Соңғы жылдары сөйтетін боп жүрмін. Оны кейінгі кезде келіншегім де аңғарып, замечания айтып жүр. “Бірдеңені бастап, бірге ауысып, ш…ш…ш… сөйлемей турасын айтсайшы” деп қайырып отырады, әне, тағы лағып барамын, сонымен әңгіме пәтер жайлы еді ғой. Келіншектің мұндай “идеясына” қарсы уәж айтпай, “қолды” қойып жібердім. “Пәтерді сатсақ, қайда тұрамыз?”, “Қандай үй аламыз?”, “Қай районнан?”, “Неше бөлме?” деген ой жоқ менде. Себебі, мұның барлығын “біздікі” ойлап, шешіп, пішіп, кесіп қойғандығына сто процент гарантия беремін. Оның идеялары әсте жаман болмайды.
Жарнамалар газетіне “қайқайтып” тұрып жазған құлаштай құлақтандыру бердік. Текст келіншектікі, мазмұны мынадай: Продам 3-х комн. кв. центр. 3 этаж. Вода постоянно. Аристон. Теплая. Евро ремонт. Солнечная сторона. Ванна, туалет кафель. Душ кабина. Балкон застекленный. Ценағғғ (Оны айтпаймын). Ә, “частично с мебелью” дегені бар. Бәрі дұрыс, бір ғана носы бар. “Теплая” дегеніне келісіңкіремеймін. Қыста ызып кетеді, көктемде, күзде суық, жазда салқындау біздің үй. “Осы “теплая” деген сөзді жазбай-ақ қояйықшы”, қазір қыс, пәтер көремін дегендерге не дейміз, үш бөлмеңде жеті обогреватель тұр” деп едім, келіншегім “Айналайын, саспа” деді.
– Мұндай суық үйді жазда сату керек, – дедім өзімше.
– Саспа, наоборот қыста сату керек, – деді ол нығарлап (Кері тартпай отыр дегенді тағы қосты).
– Ал саспасақ, саспайық!
Газетке объявление шығып, телефон қайта-қайта шырылдап, “пәтер көремін” деушілер көбейді. Бір күні кешкі аста үй іші жандарының “жиналысы” болды. Қатысушылар – екі ұлым және мен. Келіншегім – жиынның “бас хатшысы”.
– Төрт көзіміз түгел, – деп бастады “бас хатшы” жиналысты.
– Ертеңнен бастап пәтер көремін дейтіндер келе бастайды. Осыдан табандатқан тоғыз жыл бұрын қақаған қыстың ортасында әкелерің екеуміз осы пәтерді алғаш көруге келгеміз, – деп, балаларға қарата сөйледі ол.
Сосын маған қарады:
– Есіңде ме, біз осы үйдің табалдырығын алғаш аттағанда бұрынғы үй иелері қандай киіммен жүр еді?
– Балалары жалаң бұт, байы мәйкішең, қатыны жеңсіз халат киіп, жалаң аяқ болатын.
– Қатыны есіңде қалыпты, әғ.. Иә, сонда біз: “үйлері жылы екен” деп, осы шаңыраққа “құлап” түсіп, сатып алып едік қой.
– Иә, суық екенін бір түнеп шыққасын сезгеміз, – дедім мен де әйелімнің ыңғайын сезіп.
– Вот, міне, бізді қалай алдап түсірген олар. Даладан кіріп келген адам шамалы уақытта үйдің жылы-салқынын аңғармайды. Тоғыз жыл үстіңнен тері желеткең түсіп көрді ме, балалар пимасын тастамады, өзімнің аяғымнан жүн байпақ пен борки шешілген жоқ. Былай болсын, пәтер көремін деушілерді кешкі сағат 7-ден кейін шақырамыз. Оған дейін үйді обогревательмен қыздырып, кісі келеді-ау дегенде бәрін жинап, балконға шығарамыз. Ол сенің жұмысың, – деп маған қарады. Ең “жауапты” тапсырма алғандай, ризалықпен қабағымды түйіп, нық басымды изедім. Келіншегімнің ендігі не айтатынын бірден ұқтым. Бажамның үй сату тәсілін қолданбақшы. Ондай тәсілді бұған дейін мен де айтқам.
– Екінші, – деді әйелім, – есік қоңырауы шыр ете қалғанда мына үстеріңдегі қомыт-қомыт “күпілеріңді” сыпырып, шифонерге атып ұрасыңдар да, сен мәйкішең, балалар көйлекшең, шортикпен жалаң аяқ қалатын боласыңдар. Әрі кетсе 10-15 минөтте пәтер қарайтын адаммен шаруаны өзім де бітіремін, – деді. Балалар бақырайып аяқтарындағы пималарына қарады, мен тері күпімді бір сипап қойдым.
– Келістік, давай, сөйтеміз, сатамыз, ура, құтылайық, – десіп, біраз даурығып алдық. Қу тірлік не істетпейді?! Бәрі отбасының қамы ғой, осы әрекетіміз дұрыстау болмаса да, суық пәтерден құтылудың бірден-бір амалы осыған итермелейді. үй көремін деушілер келетін күн де жетті. Кешке үйге келіп, есік қоңырауын бастым. 3 минуттан кейін үлкен ұлым есік ашты. үстінде қысқа жең футболка, жалаң аяқ шортикпен жүр. Кіші ұлым шала-шарпы шешініп үлгеріпті, аяғында байпақ, бұтында трусы ғана, шортигін киюге үлгермепті, келіншек әлі жұмыста екен.
– Мен ғой, киініңдер, – дедім.
– Жоға, бапа, сен де шешін, “қазір покупательмен” келеміз деп мамам звондады, – деді үлкен ұлым. Жалма-жан сырт киімді шешіп, нәскиді сыпырып тастап, бұтыма жұқа трико, кеудеме қызыл мәйкімді киіп алдым. үйдегі жылытқыш приборларды жинап жіберіп, телевизор қарап отыра қалдық. Жарты сағат өтті, ешкім жоқ.
– Бапа, тоңдым, – деді кіші ұлым. Аяп кеттім. өзім де жетісіп отырған жоқпын. Мұрын “сорғалай” бастады. Балапандарын қанатының астына басқан күрке тауықтай қос ұлымды бауырыма басып, “шыдайық” деп міз бақпай отырмыз. Бір сағаттан асқанда қоңырау шыр ете қалды. Атып тұрып форточканы аштым, ұлдарым жамырап барып есік ашты. Бөтен адам жоқ, келіншегім жалғыз кеп тұр.
– Молодцы, – деді ол кіре бере шаттанып.
– Покупатель әкелемін дегенің қайда/
– Ложная тревога, сендердің дайындықтарыңды көрейін деп едім.
– Өй, ложныйың не, екі сағаттан бері тыр-жалаңаш отырмыз, қатып қалдық! – дедім күйіп кетіп.
– Молодцы, – деді тағы да, – киініңдер покупатель ертең келеді.
Киінуіміз жылдам болды.
– Молодцы, – деді “командиріміз” қабат-қабат қымтанған бізді көріп.
– Өй, қойшы, біз саған солдатпыз ба, балалар жаурап қалды, – дедім міңгірлеп.
– Шыдаңдар, қазір шай ішіп алып тағы тренировка жасаймыз…
Ұлдарым маған қарады, мен күпіме қарадым.
Не керек, күндер өтіп жатты, покупатель бірі келіп, бірі кетіп жатты. Күніне он-он бес рет киініп-шешінеміз. Әскерде 45 секундта киінуші едік, біздікі рекорд болды. Ара-тұра “тренировкада” келіншегімнің сағатымен “засекать” еткенде 30-35 секундта киім ауыстырып, “Молодец” деген благодарность алып жүрдік. өзара бірімізді-біріміз әскери шенмен атайтын болдық. Балалар – солдат, мамаларын командир дейміз, мен – сержантпын. Есік қағылса, кіші ұлым “тревога” деп айқайлайтын болды. Хош… “Бүгін сәрсенбі, я сәт” деп отырғанбыз. Есік шырылдап, тревога басталды. үйге шалбар киген екеу кірді, ерлі-зайыпты-ау деймін. “Терлеп” біз отырмыз. Әрі-бері қарады, пәтер ұнады, бір-бірімен күбірлесіп:
– Дом теплый, да/ – деді шалбар кигеннің әйелі.
– Да, очень теплый, мы даже зимой форточку не закрываем, – дедім бар орысшамды салып. Солдаттарым, тіпті, желпініп отыр.
– Да, видно что теплая, – деді еркегі.
Ішімнен: “Е, мен сияқты аңқаудың бірі екенсің”, – деп түйдім.
– Завтра оформляем документы, мы купим ваш дом, – деді әйелі шегелеп. Нық сөйлегеніне қарағанда мұның да званиясы “командир” ғой деймін. Мейлі, кім болса, о болсын, сөйтіп, пәтер сатылып кетті. Енді үй алатын болсам, бір қонып шықпай: “Мы купим ваш дом” деген сөз аузымнан шықпайды” деп әйелім екеуміз бір-бірімізге “солдаттарымыздың” көзінше “присяга” бердік.