Салтанат Қайырбек. Салтанаттар көп еді

ӘДЕБИЕТ
5067
Тәуелсіздік туралы әңгіме

Мама, мен қоршаған ортаны танып келемін.
Не мағына береді «халық» дегенің?
Мәселен, сен - хансың.
Ерінбе, талпын.
Ойыншықтарың – елің мен халқың.
«Халық» дегенің жансыз ба сонда?
Жоқ, балам. Мықтылар көп, әлсіз де сонда.
Кейбір үлкендер солай ойлайды.
Сен олай ойлама, Күнім.
Халықтың жаны бар, сен оны жай ғана ұғын.
Анашым, айтшы, «соғыс» деген не?
Соғыс – өзгенің ойыншықтары мен өз ойыншықтарың
территорияны бөліспегенде.
Шайқасып жүріп оқ атқанында,
Үйлері қирап, жақынын жоғалтқанында.
Сәбилердің ойнап күле алмауы,
Далада қыдырып жүре алмауы.
– Анашым, айтшы, «жеңіс» деген не?
 – Үстемдікке, соққыға келіспегенде.
Басқа бала ойыншықтарыңды алып қойғанда, 
Шашылып, сынып, әр жерде қалып қойғанда.
Ақылға, күшке ілесе білу, Қорғану үшін күресе білу. 
Әскерді мықты баптай алуың. Халқыңды сақтай алуың. 
Жоғалтпай ізгі салтыңды бойдан.
Ақ сөйлеп, ауқымды ойлан.
– Анашым, елім мен жерім азат деген ек,
Бүгінде бәрі ғажап қой демек?
– Ақпараттар соғысы білінді бүгін.
Қорғашы ана тіліңді, Күнім!
* * *

Құдай тән беріп, руһынан үрледі.
Өмірім - өлең,
Көңілім - Кекенхоф гүлдері.
Балдырған шағымның
Бесік жыры мен ұйыған сүттей түндері.
Бойжеткен шағымның
Ақ дастарханды, рақымшыл күндері.
Қолын созсын деп арманға,
Қадамын бассын деп ілгері.
Көзінің қарасындай қорғайды бір мені.
Қанағатшыл,
Қарапайым.
Неткен сүйкімді - 
Әкем мен анамның
күлгені.

* * *

Ешкімнен ештеңе күтпе.
Пейіліңді қағазға жаз да , бүкте.
Өзіңнің бала жүрегіңді уат,
Гүл көңіліңді түпте.

Сөзіңе қой дағы үтір,
Бір сәтке кідір.

Ешкімге ештеңе деме.
Қарапайымдылығыңды 
қарт адамға теңе.
Аңғалдығының арқасынан қағып,
Қолтығынан деме.
* * *

Махаббат - біз ойлағандай нәзік емес.
Махаббат ақ емес, қара емес.
Махаббат - адамның палитрасы, ішкі.
Махаббат - қабырғаны қайыстырардай күшті.
Махаббат - түнеріп төнердей сұсты,
Махаббат - тоңғанда киіп алатын -
Жылы киімдер сияқты, қысқы.

Махаббат - біз ойлағандай мықты емес.
Дауысы біз ойлағандай зор емес.
Махаббат сөйлесе алады үнсіз
Махаббат - дінсіз, тілсіз.
Махаббат - есепке түссе, құнсыз.
Махаббат - махаббат болғаны үшін мінсіз.
Махаббат - жүрегің сөйлесе алатын
Байланыс сияқты, сымсыз.
Ол бастала алмайды
Ымсыз.
Махаббат асқақ бола алады, дымсыз.
* * *

Салтанаттар көп еді.
Салтанаттар көп еді.
Менің ғана есімім
Шуағына бөледі.

Салтанатттар көп болса,
Салтанаттар көп болса.
Елжірейсің неліктен?
Жүрегіңде жоқ мұрша.

Дәл өзімдей егер де,
Шартарапта болмаса,
Шартарапта болмаса!
Елемессің, 
Басқалар Салтанатты сомдаса.

madeniportal.kz

author

Салтанат Қайырбек

АҚЫН

Жаңалықтар

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын үйдің жанында ойнап жүрген кішкентай...

Жаңалықтар

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финалд...