Министр Ақтоты Райымқұловаға Әліби Өтепбергеннің әкесі хат жазды

Жаңалықтар
12918
 ҚР Мәдениет және спорт министрі 
  Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызына
Әліби Өтепбергеннің әкесі, қоғамдық  
 қорғаушысы Табышов Қаныбектен 
 Ақтөбе облысы, Темір ауданы,
  Шұбарши  ауылы, 8 778 854 37 31


ӨТІНІШ

Аса қадірлі Райымқұлова Ақтоты Рахметоллақызы!

Мен, Ақтөбе қаласының тұрғыны Табышов Қаныбек, Сізден менің балам Өтепберген Әлібидің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша әділдікті сұрап, өтініп отырмын. Бір жылға жуық уақыт жазықсыз тар қапасқа қамалған балама еш көмек көрсете алмағаныма, әділдікке жете алмағаныма өкінішпен өткен күндер мен ұйқысыз түндер дәл бүгінгі күні кеудемде лаулап жанған үмітімнің отын сөндіргелі тұр. Баламның анасы осыдан 5 жыл бұрын қайтыс болған. Бар ауыртпалық бір өзіме түсуде. Сондықтан кез-келген іске немқұрайды қарамайтын іскер басшы ретінде  Сізден менің баламның өмірі мен қауіпсіздігіне де көмегі тиер деп хат жазуыма тура келіп отыр. Балам Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің ақылы бөлімінің студенті. Меруерт Өтекешова шеберханасында білім мен тәжірибе жинақтай жүріп, топ старостасы қызметін де атқарды. Өзіңіз түсініп отырғандай, яғни қазақтың Қыз Жібегі – Меруерт Өтекешованың көңілінен шыға білген, сенім артқан студенті еді. 2-курсты аяқтаған соң жазғы каникулында ақылы бөлімде оқитын болған соң барлық студент балалар сияқты жазғы каникулында отбасына жәрдем еткісі келгеннен 2019 жылдың шілде айында Ақтөбе қалалық «Ақбөбек-Восток» балалар лагеріне жұмысқа орналасты. 21 шілде күні баламды 7-ші жасақтың жетекшісі ретінде тағайындады. 25 шілде күні балалар тәртіп бұзғандықтан, би кешіне жібермеу шарасы қолданылды. Қолданылған шараны ұнатпаған бір топ ер бала сол түні ата-аналарына қоңырау шалып, Әлібидің үстінен шағымданған. 26 шілде күні жасақтағы 7 баланың ата-анасының арызы бойынша балам қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілген. Уақыт өте келе 3 баланың ата-анасы арызын қайтарып алды. 8 ай бойы жүргізілген сот отырыстарының нәтижесі бойынша 2020 жылдың 26 наурызы күні Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты балам Әлібиді ҚР қылмыстық Кодексінің 124-бабының 3-тармағы бойынша айыпты деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.Өтепберген ӘлібиӨтепберген Әліби

Балам Әлібидің үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан бері мен қоғамдық қорғаушысы ретінде барлық сотқа қатысып келдім. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сот үкіміне наразылық білдіріп, Ақтөбе облыстық сотына апелляциялық шағым түсірдік. Апелляциялық соттың 6 отырысы болды.

Сонымен қатар, арызы сотта қаралған ата-аналардың “баламыз өтірік айтыпты” деген сөздері сот тергеуін қайта жүргізуге себеп болды. Апелляциялық сотта 4 ата-ананың 3-еуі Әлібидің балаларына ештеңе істемегені, балаларының бірлесе ойластырған өтірігі екенін айтты. Барлығына нақты дәлелдер бар. Алайда, 8 маусым 2020 жылы Ақтөбе облыстық соты барлық дәлелге көз жұма қарап, баламның үстінен қозғалған қылмыстық істің апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз, ҚР қылмыстық Кодексінің 124-бабының 3-тармағы бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімін өзгеріссіз қалдырды.

 “Баланың ісі шала” деген сөз бар қазақта. Ойын баласының да бар назарды өзіне аудару үшін ойдан шығарып, бар өтірігін құрастыратын кездері де болады. Баланың ойынынан құрылған қақпанына түскен ұлыма әділ шешімді тағайындаса деймін. Істің жайы бойынша Әлібиімнің кінәсіздігіне қаншама дәлелдер келтіріліп отырса да естір құлақ, көрер көз болмай отыр. Шағым түсіруші жақтың келтіріліп отырған амалдары, дәлелсіз, негізсіз ақпараттар. Елдің болашағы – жастар. Жастарымыздың барлығын өтіріктің құрбандығына шалып, темір торға қамай беретін болсақ, ел болашағын кімге сеніп тапсырамыз? Кім тәрбиеші, кім мұғалім болмақшы?!

Әлібиім ұстаздарының сеніміндегі бала болмаса ұстаздары Меруерт Өтекешова, Бекболат Құрманғожаев, Асхат Маемиров, Айнұр Бермұхамбетова, журналист Бибігүл Дәулетбекқызы, өнердегі аға-апалары Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Света пен Қанат Айтбаевтар, Майра Ильясова, Нүркен Өтеуілов, Сәкен Майғазиев, Дәурен Серғазин, Меруерт Түсіпбаева, Алтынай Жорабаева, Әділ Ахметов, Асхат Садырбай, Мөлдір Мұқановалар  шырылдап ара түспес еді.

Бүгінгі күні қоғамда баламның басындағы мән-жайға қанық болған соң халық арасында да қолдаушылар саны күннен күнге артып, Әліби ісіне байланысты үлкен резонанс тууда. Егер істің мән-жайына қаныққыларыңыз келсе, инстаграмдағы @alibige_adildik және фейсбуктегі Alibide Adildik парақшаларына кіріп танысуларыңызға болады. Халық қызу қолдап отыр. Халықтың жазған комментарийлерінде баласының болашағы үшін алаңдайтындар, мынадай сорақыны көріп отырған соң жастардың мұғалім болуына қарсылық көрсетіп отырған ата-аналар  саны артуда. Мұның соңы жақсылыққа апармайтыны анық. Бүгінгі күні Сіздердің қолдауларыңызға, көмектеріңізге біз ғана емес, қалың халық зәру. 

Құрметті  Ақтоты Рахметоллақызы!

 Сізден ҚР Мәдениет және спорт министрі ретінде балам Өтепберген Әлібидің үстінен қозғалған қылмыстық істі өзіңіздің жеке бақылауыңызға алып, әділдіктің орнауына атсалысуыңызды сұраймын. Қазіргі кезде адвокаттар істі Жоғарғы Сотта қарауда кассацияға беруде. Соңғы үмітіміз – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында іс қайта қаралып, әділ шешім тауып, баламның босатылуында. Бала тек менікі емес, Сіздердің де озат, белсенді, көшбасшы балаларыңыз ғой. Ендігі үмітім тек Сіздерде. Балама араша түсіп, баласын жалғыз тәрбиелеп отырған мен сияқты әкеге көмек қолдау көрсетіңізші! Ең алдымен бәрінен бұрын Сіз де анасыз ғой, менің жағдайымды түсініп, көмек қолыңызды созыңызшы, Сізден өтініп сұраймын!


Оқи отырыңыз: Асхат Маемиров. Әлібиді толығымен ақтауды сұраймын



author

Ақтоты Райымкұлова

КОМПОЗИТОР

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...