Мен он сегіз жаста едім. Былайша айтқанда жігіт болып қалған кезім. Таңертең қой жайып кетіп кешке ү...
АДАМЗАТ ӨРКЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЫНДА ТҮРІК ХАЛҚЫ ТҰР
Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ, жазушы-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
ӘЛЕМНІҢ ТЫНЫШТЫҒЫН ОЙЛАЙТЫН УАҚЫТ ТУДЫ– Аға, бір сұхбатыңызда «Біздің Торғай даласындағы өткен өмір керемет еді. Арғы-бергі ата-бабаларымның болмыс бітімі де кесек болған» деп айтыпсыз. Сіздің жүрегіңізді тербеген ол қандай суреттер еді. Әңгімені содан өрбітсек?
– Айналайын, бұл мен үшін тосын сұрақ болып тұр. Шындығында, Торғайға кешегі большевиктердің пәрмені жеткенімен, дәрмені жетпеді. Бала күнімізде түкпірде жатқан біздің елде не теміржол, не тас жол, не әуе жолы болған емес. Адамдар ат пен түйені көлік етті. Қызылдардың асыра сілтеу саясатын басымыздан кешіргенімізбен, Торғай жұрты – қанына сіңген қазақы бауырмалдығынан, мейірімділігінен, ұлттық болмысынан ажыраған жоқ. Қаймағы бұзылмаған осы үрдіс беріге дейін сақталды.
Менің осындай дәрежеге жеткенім, ол сол жердегі қазақы кеңдік пен мейірімділікте өскен аталарым мен әкелерімнің көзін көріп, солардың тәрбиесін алғанымнан деп білемін.
Студент кезімде «Ұлы Торғай» деген роман жазсам деп ойладым. Бірақ ол кезде таным түсінігім басқа, тәжірибем аздау болды. Біздің жұрт Торғай бойына қалмақтарды тазартқаннан кейін қоныс аударған. Оның тарихы халықтың ауызша әңгімесінде айтылады.Кешегі хакім Абайдың бабалары Кеңгірбай, Ырғызбай, Өскенбайлардың заманын біздің аталарымыз да бастан кешті. Қазақтың соңғы ханы Кенесарыны қолдаған Шақшақ Жәнібектің тұқымы Шеген бидің өзі неге тұрады? Шегеннің балалары Қазыбек пен Бірімжаннан тараған ұрпақтары да ата даңқына лайық болды. Ұлт ұстазы Ахметтің әкесі Байтұрсын Торғай оязының бастығы Яковлевті қамшымен тартып жіберіп, бауыры Ақтас екеуі итжеккенге айдалды. Сол кезде қаймана қазақ мылтығы шошайған орысқа қамшы көтермек түгілі, жай жолар ма еді?Мұнда да үлкен өрлік пен ерлік жатыр. Шетінен романға сұранып тұрған оқиғалар.
Біз алаш арыстарын мақтан тұтамыз. Соның ішінде екі бірдей мықтының – Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың қиырдағы Торғайдан шығуының өзінде де тарихи негіз бар. Қазақ «Тақыр жерде тау тұрмайды» дейді. Елден алар өнегесі, көрген үлгісі болмаса ондай адамдар шықпайды. Біздің өлкеде зердесі мықты қариялар ғұмыр кешті. Олар жайында тарихи деректер хатқа түспегеннен кейін жете білмейміз. Торғай даласы шет жатқанымен, патша заманында облыс болды. Оған Ақтөбенің біраз бөлігі, Сырдарияның Қызыл жыңғыл болысы, Жезқазған мен Қостанайдың территориясы түгелімен қарады. Осы ұлан-ғайыр аймақ Торғайдың мерейін асырды.Бірақ біздің елдің маңдайы тайқылау. Бір кезде ұжымдастырудың тақсыретін тартқан жұрт, азаттық алғаннан кейін жекешелендірудің қиындығын тағы көрді.
– Жаңа сіз Ахаң мен Жақаңды айтып қалдыңыз. Мен солардың басында Ыбырай Алтынсарин тұр деп ойлаймын. Бұған қалай қарайсыз?
– Бізде тұлғаларды бір-бірімен салыстырып отыратын әдет бар. Шын мәнінде, оның қажеті жоқ. Әр тұлғаның өз жолы, өзі болмысы бар.Мәселен, Абай бір басқа, Шоқан бір басқа, Ыбырай бір басқа, Сұлтанмахмұт бір басқа. Бұлар бір-біріне мүлде ұқсамайды, ұқсатып та керегі жоқ.
Ыбырай Алтынсарин – қазақтың тұңғыш ағартушысы дейді. Тұңғыш ағартушының біреуі – Спандияр Көбеев. Сонда Көбеев кім, Алтынсарин кім? Ыбырайды Торғайда, Ырғызда мектеп ашты дейді. Ашқаны рас. Меніңше, Алтынсаринді қазақтың ұлы ұстазы деп атаған дұрыс. Біз құдайдай табынатын Ахмет, Әлихан, Міржақып, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтар секілді ардақтыларымыздың бәрі де Ыбырайдың орыстың қорлығына көніп, зорлығына төзіп, миссионер Ильминскийдің тілін тауып, қазақ даласында мектеп ашуға рұқсат алуының арқасында ашылған әр жердегі мектептерден білім алған тұлғалар. Бұл жерде Алтынсариннің рөлі тым ерекше. Алаш арыстарының ішіндегі ешқандай міні жоқ дейтін Байтұрсыновтың өзі Ыбырай мектебінің шәкірті. Осындай оқу ордасы болмағанда Әлихан да, Ахмет те, Міржақып және т.б. алаш азаматтары болмас еді. Осы тұлғалар өткен ғасырдың басында Ленин, Сталинмен жағаласып, қазақ автономиясын құрды. Әйтпесе біз татар халқынан сауатты болған жоқпыз. Олардың Қазанда университеті болды. Сондықтан Ыбырайды өз жолымен қадірлесек, ол бәрінен жоғары тұрады.
– Қазір ру-тайпалар туралы түрлі пікірлер көбейді. Бұл жайында не айтасыз?
– Кейбіреулер ру-тайпалардың мән-мағынасын түсінбей, содан бездіретін сөздер айтып жүр. Бірақ оның түп негізіне ешкім тоқталып жатқан жоқ. Мысалы, біздің ауылда да талай рудың адамдары болды. Бірақ мен елден кеткенше олардың руы кім екенін білген жоқпын. Маған әкемнен жасы үлкендері әке болды, кішілері аға атанды. Әкелерімнің үйіндегі аналарымды әжем деп, жасы кішілерін жеңге деп сыйладым. Осындай берекесі сүттей ұйыған тірлік санамызға сіңді. Бір ауылдың адамдары бір атаның баласындай ғұмыр кешті. Ешқандай бөліну болған жоқ. Бөлінуді кешегі кеңес өкіметі алып келді. Іргелі руларды әр ауылға бөліп, нөмірлеп, туыстарды бір-бірінен алыстатып жіберді. Бұрын ру туыстыққа, бауырмалдыққа негіз болса, енді бөлінуге, бірін-біріне қарсы қоюға мүмкіндік берер құралға айналды.
Бүгінде заман өзгерді. Бір жерде өз тағдырын шешіп отырған ру да, тайпа да жоқ, бәріміз бір қазақтың баласымыз. Бұрын біз де өз руымыз, өз тайпамыз, өз ауылымыз, өз ауданымыз, өз облысымыз деген ұғым болып, соның амандығын ойласақ, енді бұл ұғым ескіріп, әлемнің тыныштығын ойлайтын уақыт туды. Қазір іргедегі Азия құрлығындағы емес, сонау мұхиттың арғы жағындағы елдердің амандығын тілейміз. Сонда болып жатқан оқиғалардың зардабы бізге де тиеді. Сондықтан енді бізге ескі таным-түсініктің аясында қалуға болмайды. Мен рудың қандай мағынасы бар екенін бір адамдай білемін, ол туралы кезінде «Білу – міндет, бөліну – індет» және «Қазаққа хат» деген мақалалар жаздым.
БІЗДІҢ ТАРИХТЫҢ ШЫНДЫҒЫ БҰРМАЛАНҒАН
–Аға, байқаймын, тарихқа тоқталмай сөзіміздің дәмі кірмейтін секілді. Сіз қарапайым журналист бола жүріп, терең тарихқа сүңгіп кеттіңіз. Бұл мақсатқа не үшін бел байладыңыз?
– Дұрыс айтасыз. Мен өзім журналистпін. Тарихшы боламын деген ниет, олардың бақшасына түсіп, жеміс терейін деген ойым да болған жоқ. Бірақ ел басқарған хандардың, қағандардың тарихын оқи келе біздің тарихқа жасалған қиянатты көрдім. Біздің тарих түгелімен қате тарих. Отарлаушы елдердің ығында жазылып, шындығы бұрмаланған тарих.
Әрбір тұлға қалыптасу үшін ол танымдық үш сатыдан өту қажет. Оның біріншісі – тарихи сана. Тарихи сана бүкіл қоғамның танымын қалыптастырады. Екіншісі – ұлттық сана. Ұлттық сана халықты ұлтық мүдделер төңірегіне топтастырады. Үшіншісі – азаматтық сана. Азаматтық сана кез келген адамды пенделік кірден арылтып, кісілік парасаттың биігіндегі ұлы мұраттармен табыстырады.
Бір өкініштісі, менің әр кітабым ғана емес, әр тарауымда бұрын ешкім айтпаған бірнеше жаңалықты ойлар бар. Бірақ солар тарихшы ғалымдар тарапынан әлі нақты талданып, көрсетілмей келеді. Уақыт өтер, бәрі өз орнына келер деп ойлаймын.
–Ол қандай жаңалықтар?
–Жиырмасыншы ғасырдың аяғында генетика ғылымының соңғы жетістіктерінің бірі молекулада сақталып қалған адамзаттың тұқым тек қорын анықтау тәсілі пайда болды. Былайғы тілде, оны «ДНК» деп атайды. Осы жаңалық шыққаннан бері дүниежүзі халқы, тіпті, әр адам деуге болады, өзінің тегі кім екенін анықтап жатыр. Соның нәтижесінде Еуропа бұрынғы еуропацентристік ғалымдар қалыптастырған түсінік шеңберінен шығып, өткеннің болмысына шындық көзімен, тарихи деректердің негізінде қарай бастады. Осы жерде екі ғалымды ерекшелеп айтсақ дейміз. Біреуі – ресейлік Юрий Дроздов деген ғалым. Оның 2008 жылы «Тюркская этнонимика древне европейских народов» деген кітабы жарық көрді.Осы еңбегінде ғалым еуропа халықтарының түріктектес халықтардан шыққандығын, тілдерінің түп негізінде түрік тілі жатқандығын айтады. Енді екіншісі – латыш ғалымы Галина Шуке. Бұл ғалымның 2010 жылы «Были ли латыши тюрками?»деген көлемді еңбегі басылып, онда ғалым орыс тілінің латыш тілінен шыққанын, ал латыш тілінің түрік тілінен шыққанын дәлелдейді. Қысқасы, зерттеу қорытындысында адамзат баласы бір жерде жаратылған, (ДНК соны көрсетіп отыр) бір тілде сөйлеген. Сөйтіп, ғалым адамзаттың ата тегі – прототүріктер, тілі – прототүрік тілі болғандығын айтады. Галина Шуке бір пікірінде: «Егер маған сенбесеңіздер, бес құрлықтың көне атласын алып қараңыздар. Сондағы ел атауы мен жер атауын тексеріп көрсеңіздер, бәрінің түбірі түрік сөздері» дейді. Егер саясатта немесе ғылымда орыстың идеологиясына үйлеспейтін кішкене бірдеңе болса, орыс ғалымдары мен журналистерінің «шу» ете қалатынын көріп жүрсіңдер. Осы екі кітап шыққаннан бері біраз уақыт өтті, ешкім ешқандай қарсы пікір айтқан жоқ. Жаппай үнсіздік, келіскендіктің белгісі болса керек.
– Әлгіде бір сөзіңізде тарихқа жасалған қиянатты көрдім дедіңіз. Ол не қиянат?
– Әр нәрсенің өз реті бар. Бір кезде КСРО деген алып империяның құрамына кірген халықтардың тарихын өзіне зерттеткен жоқ. Сондықтан «қазақ тарихының атасы Левшин» деп келді. Кезінде бұл Шоқанның мысқылдап айтқан сөзі еді, бірақ оны біздің жағымпаздар тарихи шындыққа айналдырып, ежелі дәуірдегі гректің «тарихи атасы» Геродот деген секілді, Левшин «қазақ тарихының Геродоты» атанды. Осы Левшин, Аристов, Харузин және т.б. сырттан келгендердің ойы бізді игеру үшін, біреуі тұрмыс -салтымызды, екіншісі, этникалық құрамымызды, үшіншісі, салт-дәстүрімізді, төртіншісі, шаруашылығымызды зерттеп білу арқылы халқымызды бодандыққа тезірек айналдыру үшін жансыздықпен келген тыңшылар болатын. Бірақ олардың осы мақсатта жинаған материалдары кейін ғылыми зерттеулердің өзегіне айналғанын ескеріп, елеп жатпадық.
Қазір тарих жөнінде айтыс-тартыс көп. Оның себебі, біздің қай-қайсымыздың да санамыз еуропалық таным түсінікпен жазылған тарихпен қалыптасқан. Сондықтан тың зерттеулердің қорытындысына келгенде, қалыптасқан түсініктен шыға алмай, айтылған соны ойларды жоққа шығаруға дайын тұрамыз. Көбіне қарсылар Бартольд, Карамзин, Левшин және басқалардың жазғандарын алға тартады. Енді солар қазақты қолдан туғызып алған адамдар емес қой. Олар да белгілі бір дерекке сүйеніп айтты. Сіз солардың сүйенген дерек көздерін оқып, дұрыс-бұрыстығына көз жеткіздіңіз бе? Егер оқысаңыз, дұрыс айтып отырса, онда атасына рақмет! Ал сол деректі саясат ығымен, әдейі бұрмалап түсіндіріп отырса ше?..
Ақиқатына келгенде, бізде осының бәрін саралап, шындығына жеткен тарихшы ғалым жоқ, тарихшы мамандар бар. Бізді осылай қалыптастырған. Бір тақырып беріп, содан кандидаттық, докторлық диссертация қорғатады. Қорғай алғандар кәсіби тарихшы делінеді. Бірақ олар өзі зерттеген кезеңнің аясынан аса алмай, ұлы тарихтың әлгі кезеңге дейінгісінен де, кейінгісінен де бейхабар қалады. Содан келіп кімнің қайдан шыққанын, қалай болғанын, қайдан келгенін нақты ажырата алмай, осы орайда айтылған өзге белгілі ғалымдардың пікірін қайталап, солардың жіберген қатесін заңдастыруға мәжбүр. Біз «Бартольд айтты», «Гумилев айтты» дегенімізбен, олардың ол тұжырымдарының бұрысы мен дұрысын өз тарапымыздан зерттеп, анықтамай-ақ, ақиқат айғағы ретінде қабылдап келеміз.
Бүгінгі таңда тарихтың қырық қатпарын қопару оңай емес. Қазіргі тарих, мифология, лингивистика,география, деректану секілді ғылымдардың ой біріктірген зерттеулердің ортақ түйінінен барып жасалады. Шындық сонда ғана сараланады. Бір сөзбен айтқанда, адамзат өркениетінің бастауында түрік халқы тұр. Әлемнің дамуына үлес қосқан өркениет – ұлы даладан бастау алған.
Біз кез келген көне түрік тілінде жазылған жазуды оқи аламыз. Ол біздің артықшылығымыз емес. Осы ұлы далада біздің ата-бабаларымыз қазақ болғанға дейін де, болғаннан кейінде өзге тілді елдермен тікелей аралас болған жоқ. Бүгінгі қазақ халқы мекендеген жерді түгел түріктектес халықтар қоршап жатты. Біздің тіліміздегі кірме сөздердің бәрі тек осылар арқылы ғана кірген. Сондықтан түпкі тілдің қоры бізде өзге түрік тілдестерге қарағанда, бізде көбірек сақталған.
Ағылшынның атақты археологы Артур Эванс деген кісі Кипр, Крит аралдарын зерттеп, одан ғылыми жаңалыққа толы – алтын пластинкаға, қыш тақталарға, үйдің қабырғасына жазылған көптеген жазуларды тапты. Ол жазуларды әлемнің көне жазуды оқитын мамандары оқып, қағазға түсірді. Бұған орыс ғалымдары да өз үлесін қосып бақты. Бірақ олардың бірде біреуі бұл жазулардың қай тілде екені анықтай алмады.
Енді мына қызықты қараңыз, «Сызықты «А» жазуымен» жазылған осы жазудың мамандар аша алмаған құпиясын өзіміздің Жамбыл қаласының әуесқой зерттеушісі Амантай Айзахметов деген журналист ашып, оның түрік тілінде, оның ішінде қазақ тілінде жазылғанын жария етті. Бұл, шын мәнінде, көне Египет өркениеті жазуының кілтін тапқан Жан Франсуа Шампольон жаңалығы деңгейіндегі жаңалық еді. Бірақ, біздің ғалымдар мұны елеусіз қалдырды. Ең өкініштісі – Айзахметов көп ұзамай дүние салды. Қалай қайтыс болғанын білмеймін. Арада он жыл өткенде жоғарыда айтқан мәскеулік ғалым Дроздов өз еңбегінде осы Айзахметовтың оқу тәсілімен әйгілі зерттеуін жазды. Амантайдың өзі орыс тілді жігіт еді. Бұл тәсілді Юрий Дроздовтың өзі тапты ма, әлде журналистің жазғанын оқыды ма, ол жағын білмеймін, бірақ ғылыми талдаулары дәл келіп тұр.
АҚСЕЛЕУ– МЕНІҢ БОЛМЫСЫМА СІҢІП КЕТКЕН АДАМ
–Аға, біраз тарихқа бойлап қайттық. Енді өзіңізге оралайық. Сізді 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тууына себепкер болған он тоғыз адамның тізіміне қосыпты. Бұл не тізім, ашып айтасыз ба?
–1986 жылы қараша айында менің «Алтын тамыр» деген кітабым жарық көрді. Бірақ оның хикаясы көп. Кітап отыз мың таралыммен шығып тұрып, макулатураға кетіп қала жаздады. Содан шырылдап жүріп, жолдас- жораның арқасында Орталық комитет комиссия құрып, оны мерзімді баспасөзді бақылайтын Ризабек Абдуов деген азамат басқарды. Комиссия құрамында бір топ зиялы қауым болды. Екі адамға жасырын резенция жазуға берілді. Оның бірі – Әбіш Кекілбаев, екіншісі –Ұлттық академияда қызмет істейтін, тарихшы ғалым. Әбекең онда Мәдениет министрінің орынбасары. Екіншісінің есімін айтпай-ақ қояиын. Сол кісі рецензиясында: «Кеңес өкіметі орнағалы мұндай зиянды кітап жазылған жоқ» деп пікір айтыпты. Әбіш болса: « Бұл қазақ әдебиетіндегі бұрын соңды болмаған құбылыс, дәл дер кезінде жазылып отыр, бізге осындай дүние керек» деп жазған. Содан комиссияда талқылау болды. Мен оған мұқият дайындалып, екі қоржынға толы материалдарымды көтеріп бардым. Бірақ отырыста қарсы пікір жазған тарихшы ғалым «ләм» деп жақ ашпады. Ақыры, кітап басылуға рұқсат алды. Бірақ Орталық комитет комиссия құрғаннан кейін қалай болса да бір өзгеріс ену қажет. Жинақта Шығыстағы оғыздар мен сырдария бойындағы оғыздар арасында бірігіп кеткен жері бар еді. Соны түзеген болып, бір сөйлем өзгерту енгіздік. Осы түзету жазылған тілдей қағазды түнімен отбасымызбен баспа қызметкерлерімен бірігіп, шыққалы тұрған кітаптың соңғы бетіне желімдедік. Солай « Алтын тамыр» жарық көрді. Бір аптаның ішінде мен Алматыға танылып үлгердім. Онда «Социалистік Қазақстан» газетінде істеймін. Содан Желтоқсан оқиғасы басталды. Сол дүрбелең шақта аты- жөнін жасырған біреу хабарласып: «Қойшеке, мына жағдайды біліп жатырсыз. Мәскеудегі орталық комитетке көтеріліске себепкер болған он тоғыз адамның тізімі кетті. Соның ішінде сіз барсыз. Қапы қалмаңыз» деді. Зәре кетті. Бірақ мені ешкім тексеріп, қуғындаған жоқ. Арада көптеген өзгерістер болды. Газеттен Президент аппаратына, одан Қытайға кеттім. Содан Астанаға оралдым. Бірде Ақселеу Гумилев туралы«ЖЗЛ» сериясымен шыққан кітапты әкеп көрсетті. Сонда: «Жер – жерде Гумилевтің ізбасарлары, ұлтшылдар пайда болды. Қазақстаннан Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы шықты» деп жазыпты. Автор бұл материалды КПСС Орталық комитетінің мұрағатынан алғанын атап көрсетіпті. Соған қарағанда, Мәскеуге он тоғыз адамның тізімі кеткені рас болғаны ғой.
–1997 жылы Қытайға барып, онда екі жылдай жұмыс істеп, тарихымыз туралы біраз құнды еңбектер әкелдіңіз. Ол жайында бірнеше кітап жаздыңыз. Елбасы топ тарихшының ішінен көрші елге жіберуге сізді таңдауына не себеп?
– Мен ол кезде Президент аппаратында Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің хатшысының орынбасары болып жүр едім. Бір күні Нұрсұлтан Әбішұлы шақырды. Бардым. Амандасқанан кейін Президент: «Ал не істеп жатсың?» деді. Мен атқарып жүрген жұмысым туралы айттым. «Жоқ, ол емес, не жазып жүргеніңді айтамын» деді. Мен не жазып жатқанымды айттым. Президент: – Қойшеке, денсаулық болса бастағы дүние жазылады ғой. Мен осы жұрттың бәрінен сұраймын, олар айтады: «Біздің тарих Қытайда» деп. Сұрастырсам, бір адам мемлекеттік архивке түсіп көрмепті. Сонда не алтын бар? Қытайға барғанда Цзян Цземиньмен сөйлесіп, архивке кіруге рұқсат алдым.Соған сен бар,- деді.
«Мен болмайды ғой» дедім. Жеті жүзге жуық жазушы бар, сондай көлемде тарихшы да жетеді. Оның ішінде қытай тілін білетіндері де кездеседі. Оларды «кәсіби тарихшылар» деді. Мен қатардағы журналистпін. Ертең сізге сөз келеді. Сондықтан бара алмаймын». Нұрекең: «Не, мен оларды көрмей отыр дейсің бе, қазақты сендей түсінетін адам аз, сенің кітабыңды оқығасын айтып отырмын» деді. «Олай болса, барайын. Бір кезде ата-бабаларымыз су ішкен Сарыөзенді бір көрудің өзі арман еді» деп жауап бердім. Бір жетіден кейін Қытайға жүріп кеттім.
– Ілгеріде замандастары Ұлытаудың қос ұланы –Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың достығын жыр етеді. Бүгінгілер сіз бен марқұм Ақселеу ағамыздың достығын үлгі етеді. Халқымыздың ардақты азаматымен қалай дос болдыңыз?
– Алла тағала маған оңдап, Ақселеуді өзі табыстырды. 1975 жылы мен Арқалықтан «Социалистік Қазақстан» (Бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетіне жұмысқа келсем, ол бұл басылымға Қарағандыдан 1976 жылы келді. Екеумізді Алматыға жазушы боламыз деген арман жетелеп әкелді. Бірге қызмет істедік. Бір үйде тұрдық. Содан сырлас дос болып кеттік.
Менің азамат болып қалыптасуыма ықпал еткен – «Социалистік Қазақстан» газеті. Бірде Ақселеу айтты: «Қойшеке, екеуміз осында тамақ асыраймыз деп келген жоқпыз. Жазушы боламыз деп келдік. Жұрт қатарлы екі-үш кітабымыз жарық көрді. Әдебиет деген төрт құбыласы түгел елдің ұрпағына эстетикалық тәрбие беруге таптырмайтын құрал. Біз секілді үш ғасырға жуық біреудің боданы болып, солардың қас-қабағына қараған елдің ұрпағын тәрбиелеу үшін танымдық дүние қажет.Байқаймын, сен де ізденіп жүрсің, мен де ізденіп жүрмін. Бір-біріміздің жазғанымызды оқып жүрміз. Мақталып та жатырмыз, мұның бәрі жақсы, бірақ бұл – жай дүние. Байқаймын, сенің де, менің де жазғанымыз шедевр емес. Ал ортақол жазушыға қазақ кенде емес. Сондықтан пайдалы жұмыс істейік. Бүгіннен бастап уәделесіп, танымдық дүние жазайық» деді. Бұл ой мені де қажап жүрген, бірден келісіп, қол алыстық. Сөйтіп ол « Күңгір-күңгір күмбездерді» жазды, мен «Алтын тамырды» жаздым. Екеумізге осы еңбегіміз абырой әкеліп, елге танытты.
Достықтың сыртында, Ақселеу – менің болмысыма сіңіп кеткен адам. Таңертең ерте қоңырау шалып, менің ұмытшағымды біліп, «сен анда барам деп едің ғой, ұмытып кетпе» деп ескертеді. Менің бір шаруаларымды маған айтпай-ақ сыртымнан бітіріп жүреді. Несін айтасыз, ғажап жан еді-ау?! Ақселеу өмірден өткеннен кейін бір жыл қолыма қалам алған жоқпын. Мәңгіріп қалдым. Ақселеу көзі тірісінде: «Осы біз жазып жатырмыз-ау, соны жұрт оқи бермейді. Жұрттың бәрі телевизор көреді. Сондықтан сен енді тарих жазуыңды қойып, «Мөдеден» бастап тарихи тұлғаларымызды танытатын киносценарий жаз»деп мазалап жүрген. Тек бір жыл өткен соң, досымның осы айтқандарын маған тапсырған аманаттай көріп, қолыма қалам алып, «Мүде хан» атты тарихи тақырыпта кинороман жаздым.
– Аға, сеңгірлі сексен жасқа келіп отырсыз. Осы ұзақ өміріңізде не көрдіңіз, не түйдіңіз, неге шүкіршілік етесіз?
– Мен соғыстың алдында туған ұрпақтың бірімін. Қанды қырғынның қасіреті мен қайғысын, жоқшылығы мен бейнетін бала күнімнен көріп өстім. Одан кейінгі өмірім интернатта өтті. Бір жаманның жақсылығы болады дейді. Кішкентаймыздан еңбекпен көзіміз ашылды. Әкем соғыстан жаралы болып оралып, колхоздың қойын бақты. Ол кезде қойшыларға да салық салады, мемлекетке май мен киіз өткізеді. Сондықтан қой сауу керек. Әкем қой бағады, мен қозы бағам. Қозыны түске дейін бағып, түске қой келудің алдында, ауылға әкеліп, түгел көгендеуім керек. Сондай-ақ сауылатын 120-130 саулықты қосақтау да менің міндетім. Кейін ержете келе шөп шабу науқанына қатысып, қой қырқу кезінде қырықтықшы болдым. Сөйтіп, қаршадайымнан жұмысқа жегіліп, тесік өкпе болып өстік. Біз мектеп бітірген жылы Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданының мектеп бітіруші жастары «класымызбен ауыл шаруашылығына барамыз» деген ұран көтеріп, соған орай мен де жеке отар алып, екі жыл қой бақтым. Озат жас шопан атандым. Қойшы болғанда, бейнетті жұмыстан қажығам жоқ, жалғыздық шаршатты. Қой өріске шыққан соң, соныға ауызы жетісімен, тоқырап жайылады. Содан кейінгі аттан түспей кітап оқу. Әйтпесе, далада күн батпайды. Сөйтіп жүргенде бір күні өріске колхоз басқармасы Ерназар Досмағанбетвтың өзі келді. Ол кезде машина жоқ, бәрі атпен жүреді. Жайылып жатқан отарды аралап көрді. Мал қоңды, ажары жақсы. Басқарма риза болды. Маған тақаңқырап келіп, біртүрлі жанашырлық үнмен: «Шырағым, сен сабақты өте жақсы оқитын едің. (Бұл кісі маған 6 класта сабақ берген еді). Колхоздың қойы сенсіз де бағылар, одан да оқуға бар. Қазіргі таңда қазаққа қойшы емес, білімді мамандар керек» деп ақылын айтты. Өзім де қойшылықтан қалай құтыларымды білмей жүр едім, ағама бар ойымды жасырмадым. Бір күні басқарма өзі бастап, комиссия әкеліп, қойымды санап алып, басқа шопанға өткізді. Бухгалтерінде ерте келген екен, еңбекақымды беріп, ауылдан ақ жол тілеп шығарып салды. Алматыға келдім, оқуға түстім, отбасылы болдым. Осының бәрі маған өмірлік тәжірибе болды.
Жастайымнан әке-шешем маған адамды жақсы көруді, құрметтеуді үйретті. Қазақтың не бір озық ойлы марқасқа азаматтарымен кездестім. Солар менің өмірлік көзқарасымның қалыптасуына көмектесті. Бұған журналистік мамандығым да себепші болды. Дүниеде адамды алға жетелейтін мақсат пен қажеттілік. Ісіңе мән беретін білім мен білік. Білік деген өмірде көргенің мен естігеніңнен жинақталатын тәжірибе түйіні. Ал білім болса, ол оқумен, сол оқығаныңды көкірекке тоқумен келеді. Қажетті білік пен білімді игеруге баулыған аяулы ұстаздарым болды. Солардан өмірлік үлгі, өнеге алдым. Мұның сыртында тағдырым маған ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы армандап өткен еліміздің тәуелсіздігін көруге, сонымен бірге қал-қадірімше соған қызмет етуге мүмкіндік берді. Соған өмірімде шүкіршілік етемін!
–Әсерлі әңгімеңізге рақмет, аға!
Сұхбаттасқан Азамат ЕСЕНЖОЛ