Заман Төлеуов. ҚАРАҚУЫС (роман)

ӘДЕБИЕТ
2476

9 тарау

Ғалам отырған автобус таң елең-алаңда – ағаш ұштары мен үй шатырлары қараң-құраңданған, таң алдындағы ащы ұйқыда жатқан ауыл шетіне ілікті. Бұл жаққа түнімен қар жауып, ауыл көшесі малтығып жатыр екен. Автобустан түскен соң, ирек-ирек белденген бедерді қуалай, кей жерде сүрініп, күн шығар алдында шығыстан құтыратын, ызбарлы ескектен бетін көлегейлеп, Ғалам үйіне қарай бүкеңдей желді. Бір тәуірі, мекені тым шалғай емес-тін. Табан астында шиқылдап, аяққа жармасқан қар ғана төңіректе тіршілік барын аңғартады. Үйіне таяп келгенде, қақпаның сыртын күреп жүрген әлдекімді көзі шалған Ғалам – тосын көріністен тосырқап, қалшиып тұрып қалды. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегеннің керісін келтіріп, кері бұрылып, үлкен жолдан төмен қарай қапталдаса созылған үй қараларын көзбен санап, бір сүзіп өтті. Ешқандай қателік жоқ. Дәл өз үйі. Егер солай болса, мынау кім? Іс-қимылы өзінен аумайтын біреу. Әсте, қар жауған күні – тек Ғалам ғана, осылай елден бұрын тұрып, көше қыбырлағанша ауласы мен қақпа сыртын жылан жалағандай етіп қоятын-ды. 

Жақындап келіп, Ғалам сәлем берді.

- Сәлем бердік! Ісіңізге сәттілік берсін...

- Иә, Қайырлы таң! Жеттің бе, ат-көлігің аман-есен? – деп анау арқасымен жауап қатты.

- Бұл үйде неғып жүрсіз?

- Неғылғаны қалай? Сен сияқты жүрмін де...

- Түсінбедім?

- Өзің қалай жеттің?

- Жақсы, жаман емес... мен Алматыға бір шаруамен барып...

- Білем, қандай шаруа екенін... Сен қашан келеді деп отырам ба? Сосын ана қаракемпір де астыңа қоныс таптырмайды екен! Қалай шыдап жүрсің? Таң атпастан қолыма күрек ұстатып, көк аязға айдап шықты! «Міндетіңді ұмыттың ба?!» деп кәрленеді...

- Иә, ол сондай. Солай болуына өзім ырық бергем. Сені кім деп қабылдады? 

- Кім деуші еді... сен деген шығар? 

- Менің кеткенімді біледі ғой, мүмкін емес? 

- Аңғарғаным, оған сенің барың да, жоғың да және сенсің бе, сен емесссің бе бәрібір секілді. Тек, жұмысы істелсе болды.

- Кемпір шатасатындай түріңді көрсетші, бері қарап.

- Мә, қарап ал, құдды егізбіз!

- Ой Аллам-ай, ә? Рас айтасың. Мен тағы түс көріп тұрған шығармын? 

Соңғы кезде өң мен түсті айыра алмайтын хәлге душар болдым!..

- Біз, санаға симайтын құбылыстың куәсі болып жаратылдық. Оны тарқату да мүмкін емес. Ой шытынап, бұдан да ерсі әлемге тап боласың... Мен бейбақ, сенің кейпіңде, сол мәңгіліктің шырғалаңында сенделіп жүрген елеспін. Бірде – қайыр сұрап отырам, енді бірде – қоғамдық көлікте кетіп барам. Есімді жисам сенің үйіңе тап болыппын. Кемпірің дырылдатып қуып шықты!..

- Әй, жыныңмен сөйлесіп тұрсың ба? – деген тосын дауыстан Ғалам селк ете түсті. Жан-жағына қарап еді, расында жан пендесі жоқ. Қолындағы күрекке сүйеніп өзі ғана тұр. Маңдайынан жылжыған жып-жылы тер – танауының үстімен сорғалап, жерге тамды. Ғалам қолының қырымен маңдайын сырды. Расында, қатты қимыл жасаған адам сияқты моншақтаған тері көсілді. «Апырау, әлгіндегі кісі емес пе еді, осының бәрін жасаған. Менің келгенім осы әзірде ғана ғой?» деп ол таңырқай тосылды. Бұрылып артына қарады. Басына түбін шәлісін желбегей жамылған Қатша – кіші қақпа есігінен бет-порымы сұр көлеңкеленіп, үңірейе қарап қалыпты.

- Қарыңды күреп болсаң, суға бар. Ертерек бармасаң шірет қаптап кетеді. Бұл колонка қатып қалса, қайқайып үйге қайтып келмей, келесі көшеге бар. Сусыз келме! 

Бас киімін шешіп, маңдай терін жеңімен тағы сүртті. Басындағысы жазда киетін жұқа нәрсе болып шықты. Маңдайында айбақ-сайбақ «LONDON» деген шетелше жазуы бар, ақ телпек. Соны байқаған Қатша:

- Не киіп алғансың басыңа? Балалардың қалпағында нең бар! – деп қолынан жұлып алды. – Ки күнделікті таз кепешіңді! Миың ауысайын деген-ау, нәсілі?..

Ғалам күрегін көмір қораның бұрышына сүйеп, соның іргесінде жатқан қол шананы шығарды. Сол тұста Қатша оған құлақтары салбыраған ескі малақайын әкеп ұстатты. 

- Сенің ыңқылдап жатқаның қалып еді, мына аласапыран уақытта! – деп жұлына сөйлеп, қайта жоқ болды. 

Екі флягты қатар салып, із түспеген тыңмен омбылап, келесі көшеге аттанды. Көше тазалауға шығатын трактор түске таман жетсе де тәуба... 


- Тұр, түрегел! – деп біреу Ғаламды жұлқылады. Ол бастырлығып қалғандай, қалың ұйқыдан зорға оянды. Түнімен жүрген жол соғып тастапты. Ауылға жеткенше көз де ілмеген-ді. Бұрындары, жастау кезінде автобусқа отыра салып, ұйқыға басушы еді, ол ғадеттен жаңылыпты. Ұйқының бұдан көңілі қалғандай, шақырсаң келмейтін жағдайға жеткен секілді.

- Үй, тұр дедім ғой! Кешігетін болдық. Тарсы есімнен шығып кетіпті...

- Не болды? – деп мең-зеңі шыққан Ғалам жақтырмай сұрады.

- Не болғаны несі? Сәрсенбектер құдайы тамаққа шақырған он екіге. Тез жинал. 

Біраз адам бар екен. Құдайы тамақ той емес, үлкен-кіші орын таңдамай, бұйырған орынға жалп етіп отыра береді. Төрге жайғасқың келсе, елден ерте жет. Сосын құрметке бөленесің. Орын теуіп алған ел тапжылар емес. Себебі алдарына ас та келіп қапты. Абиыр болғанда Ғаламдар бата үстінен түсті. Үлкен астан соң, шайдың қамына көшті. Еркектердің көбісі шылымдарын сайлап, сыртқа беттеді. Тамақ пісірген үйдің іші қайнап тұр. Ғалам темекі шекпесе де елге ілесе шықты. Тері қатып қалмасын деп: құлақшынын ұстай, сырт киімін де жамыла салған. Көріспегендермен қауқылдаса амандасып, хал-жағдай сұрасты. Сөйтіп тұрғанда Сәрсенбек келіп, Ғаламды шынтағынан сүйемелдеп, тысқарылау апарды.

- Әлгі, қаладағы достың абтобусник інісі қоңырау шалды. Кеше Алматыда болдың ба?

- Иә...

- «Ағаның есі дұрыс емес сияқты. Бөтен адам құсап, мені танымады» деді. Мас па едің?

- Жоға... Мен оны қай жерден көрмекпін?

- Мен қайдан білейін? Ол: «Менің ағамның досына қатты ұқсайсыз десем, ондай ұқсастық бола береді. Сосын, мый сындыратын неше түрлі әңгіме айтты!» деп жағасын ұстады. Сасқанымнан мен де жағамды ұстадым!

Ғалам кейінгі уақытта душар болған жай-күйі туралы Сәрсенбекпен бөлісуге оқталды. Ең құрмағанда суыртпақтап бөліскенді жөн көрді. Айтпаса, бұл халі мүлдем асқынып, жындандырып жібереме деп күдіктенді. 

- Сәке, арамызда қалсын... рас, кейде өң мен түсті ажырата алмай, өмірдің шындығынан жаңылып бара жатқан сияқтымын. 

- Сен бала кезіңнен қумалау едің, алпыстан енді асқанда алжуың ғана қалды!

- Бұл алжу емес. Бізден өзге де әлем бар. Солармен тілдесу. 

- Қой, батыр... Мына сөзіңді мен ғана естиін. Ешкімге тіс жарма. Жындыханадан бір-ақ шығасың. Айтпады деме. Ана қара кемпіріңнен сақ бол, әсіресе.. Соның өзі-ақ апарып тықтыра салады.

- Ол өзі де қуыстанып жүр. Аңдығаны мен. Астыма қоныс таптырмайды.

- Пысық адам деген сондай болады. Өзіне де өзге де тыным бермейді.

- Тағы бірдеңе айтайын ба. 

- Айта ғой. Тек тездет. Шәйға отыр деп жатыр.

- Мен бұрынғы Ғалам емес, өзге біреу секілдімін. Адасып басқа әлемнен келгендей сезінемін. Жеке қалсам: ылғи өзімнен аумайтын сыңарларымды көріп, солармен сөйлесемін. 

- Апырай, ә... Қайран досым, сені бақсыға апарып оқыту керек екен. Дәрігердің қолынан келмейді. Олар «жынданды» дейді де қол-аяғыңды байлап, ала жөнеледі. Әулиелердің басына бару керек сияқты. Саған бірдеңе қонайын деп жүрген шығар?

- Білмеймін. Басым қатты!..

- Уайымдама, бір амалын табамыз. Тек, ешкімге тіс жарма! Айтпақшы, сен сондай кісілерді бұрын да көруші едің ғой. Соларға ұқсай ма?

- Иә... Менің осы жастағы кейпімнен аумайды екен. Ол кезде танымаппын.

- Төу, бір-біріңді жаңа көргендей не болды жабысып, ел тосып отыр!.. – деп Сәрсенбектің әйелі өзі шығып, кейіс білдірді. Ғалам бүгін таңертеңгі бастан кешкенін айтып үлгермеді. Егер оны айтқанда, бұл досы мүлдем шошыр ма еді?.. Өз қайғысы өзінде болып, мана келгендегі бұйырған орнына барып, тізе бүкті. Абыр-дабыр болысқан жұрт – қызу өмірді өз білгендерінше кешіп-ақ жатыр екен...


*** 

Қатша қаладағы қыздарының үйіне кеткелі он шақты күннен асты. Әке-шешесі жұмысқа кеткенде үйде жалғыз қалатын кішкентайына бас-көз болам деп кешігіп жатқан сияқты. Сөйтіп, бастапқыдағы барам да қайтам деген уәдесіне тұрмады. Мал төлдейтін уақыт. Қар көбесі сөгіліп, күн мен түннің әрі-сәрі болып, сапырылысқан шағы. Күзді күні қара суық талайға дейін осқырынып, жердің бетіне қар түсірмей қойғантын-ды. Кеш түскен ақ жамылғы денесі суып кеткен жерге қымтау болмады. Кісі жерлеуге көр қазғандар – жердің күрек бойы қатып қалғанын айтып, жағаларын ұстап жатты. Егер ауа райы күрт жылынып салса, жамандыққа жолықтық дей бер. Ана бір жылдары да осындай тоңға сіңбеген қар суы – сай-саладан сарқырай ағып, ауылдың тең жартысын алып кеткен-ді. Биыл да соның кері келейін деп тұрғандай...  

Малды жайғап, үйге от жағып, кешкі асты қазандыққа қойып, Ғалам жуырда несиеге алған ноутбугіне жайғасты. Бұл құралдың тілін бір кісідей меңгерген еді. Ел қатарлы қызметте жүргенде – жастардың маңын жағалап, одан арнайы сауат ашып, көзі қарақты адамға айналған-ды. Өйтпесе, бір жерін басып қалып, барынан айырылып, мектептің информатика пәні мұғалімін іздеп, талай рет табан тоздырған кезі де болған. Ол жүгірмекті ұстау да оңай емес-тін. Кілең надандар соның қыр соңында шұбырып, анау мезі болғандықтан – іздесе таптырмайтын алаяқ-желаяқтың өзіне айналған-ды. 

Ғалам монитордағы сағатқа көз салды. Иә. Уақытқа қарағанда, Қырмызы жұмыстан оралатын мезгіл болып қалды. Оты дүрілдеген қазан-ошақ жақтан тасыған дыбыс естілді. Шай сарқылдай қайнап, қою тамақ та ысып үлгіріпті. Алдымен кешкі асты реттеуді жөн көрді. Сосын алаңсыз отырармын деп шешті. Расында, Ғалам тамақтанып қайта келгенде, Қырмызының мессенджерінің жасыл шамы жылтырап тұр екен. Күнделікті ғадетінше ол «Қайырлы кеш, сән қыз!» деп хабарлама жолдады. Ар жақтан да жауап көп күттірмеді. «Қайырлы кеш, аға!» деген жазу түсті. Екеуара жазысу жалғаса берді.

- Жұмыстан келдіңіз бе?

- Иә. Сіз не істеп жатырсыз?

- Малды жайғап болып, осы әзірде ғана кешкі асымды іштім.

- Ас болсын!

- Көп рақмет!

- Сіз тамақтандыңыз ба?

- Мен кешке қарай тек сүт араластырылған айран ғана ішем. 

- Түнде қарныңыз ашпай ма?

- Жоға. Түнге қарай асқазанға салмақ түсіруге болмайды.

- Қазақ атамыз түн ортасында ет жеп үйренғен жұрт қой, қарным тойып жатпасам, ұйқым келмейді!

- Сіздікі қызық екен? Неге олай етті екен?

- Мен қойшының баласымын ғой. Әке-шешеммен бірге қой күзетісіп,әңгіме тыңдап, қазан түскенше шыдайтынмын.

- Қызық екен! Менің әкем дәрігер, анам дәріханада істеді. Кешкі асты алты мен жеті арасында ішіп алып, сағат тоғыздарда ұйқыға кететінбіз. Есесіне ерте тұрамыз, сабаққа... 

- Мен мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, кім-көрінгеннің үйінде тұрып оқыдым. 

- Түсінбедім? Өз үйлеріңіз болмады ма?

- Әке-шешем мал соңында жүрді. Мен ауылдағы жамағайындардың үйінде тұрып оқыдым.

- Қиын болған шығар? Өз баласындай қарады ма сізге?

- Ол заманда ешкім өз баласына да дұрыстап қарай алмайтын кез болды ғой. Колхоздың жұмысы ғана маңызды. Елең-алаңнан қара кешке дейін өгізше жегіліп, үйлеріне ұшынып-қағынып әрең жетеді. Қайдағы бала тәрбиесі! Қараң-құраңы аннан-мұннан қылтиған, қара ұнның кеспе көжесі – кешкі асың. Терлеп-тепшіп, жарыса ішіп аласың... Таңертең бір-бір жапырақ нанды қалтаға салып алып, сабаққа кетесің. Оқу біткесін кітап қапшығын үйге атып ұрып, ойынға шығасың. Содан күнді батырып, қарның шұрылдап жатынға ғана бір-ақ ораласың. Қара көжеге үлгерсең жолың болғаны. Үлгермесең, бір жапырақ нанды місе тұтасың. 

- Ал, сабақты қашан оқисыздар?

- Сабақ оқу дегенді ол кезде білмеппін. Тек, мектепке бару міндет екенін түсінетінмін. 

- Білімді қалай алдыңыз?

- Сабақ үстіндегі мұғалімнің айтқаны жеткілікті болған сияқты. Ал, өз бетімше кітап бетін ашып, сабаққа дайындалып көрген емеспін. Қыздар ғана сөйтетін-ді.

- Балаларыңыз да сөйте ме?

- Олар, әйтіп-бүйтіп бітіріп, есейіп кетті. Шынын айтқанда, жұмыстан қол тимеді. Есесіне немерелердің сабақтарын қатты қадағаладым. 

- Сіздің өміріңізді түк түсінер емеспін! Бөтен бір ғаламда өмір сүріп келген адам секілдісіз... Айтуыңызша кітап бетін ашпаған сияқтысыз. Сөйте тұра, білімі бар кісіге ұқсайсыз. Мүмкін, сізге білім басқа жолмен келген шығар?

- Алдында айттым ғой, нан табарлық кәсіби білімім бар деп. Ол рухани толыстығыма еш себеп болған емес. Ол білімді – ас ішуге ыңғайлы болу үшін ұстайтын, қасыққа ұқсатамын. Немесе тән азығын табуға арналған – амал-әдістің жиынтығы деп санаймын. 

- Жан азығын қайдан аласыз? 

- Жан азықты қаласаң, алатын жері табылатын көрінеді. Қарын – тамақ тілеп шұрқыраса, жан да солай талап ететін тәрізді... 

- Кешіріңіз, кіші бауырым қоңырау шалып жатыр, – деп Қырмызы жазуын тоқтатты.

Ғалам осы үзілісті пайдаланып, қора-қопсы жақты аралап келмешкі болып киінді. Көктемнің айсыз қараңғы түні ерекше тымық және жылымық көрінді. Ауа райының бұлай күрт сыр беруі жақсылықтың нышаны емес. Көбесі сөгілсе де қардың еңсесі түскен жоқ, сол омбы қалпы. Қораның шамдарын жағып, кезек-кезек адақтап шықты. Уақыты таяп, іші түсіңкіреген қара сиыр бұған алая қарады да қиқалақтап, орнынан тұра бастады. «Қап мазасын бекер алдым-ау!» деп Ғалам есікті жаба қойды. Сөйтсе, сарылдатқанына қарағанда – ол, иесін силап тұрмаған екен. Қой-ешкілердің есігін ашпай, сыртынан тың тыңдады. Бырт-бырт күйсеп, аман-есен, тыныш жатқан сияқты. Бірақ, құлағына мекіренген дауыс шалынғандай болды. Кірмеске болмады. Есіктің көзіне жатып алған екі-үш қой, бұны кісі құрлы көрер емес. Соларды аттап, қораның түбіне қарай жүрді. Мана кешкісін байыз таппай, мазасызданып жүрген бір тоқты төрт аяғын керіп тастап, күшеніп жатыр екен. Ғаламды көріп, орнынан атып тұрды. Артынан тұяқтары ағарып, қозының аяқтары қылтияды. Ғалам тоқтыны ұстап алып, жайлап жықты да қолдың ұшына іліне бастаған қамыстай ғана қос сирақты, шым-шымдап төмен қарай, тұқырта тартты. Тоқты күшенген сәтте тартуды үдете түсті. Бір кезде солп етіп, ала бас қозы шыға келді. Құрғақ кәшекті қалыңдай төсеп, енесінің алдына салды. Байқұс енесі балажан екен, мекіреніп жалай бастады. Көзі шапыраштана, кісіге одырая қарап қояды. «Мынау баласын қызғанып жатқаннан сау ма?» деп Ғалам мырс етті де қолын шөппен сүртіп, сыртқа бет алды. 

Қырмызыдан хабар болмады. Туыстарымен шұрқырасып, сөйлесіп жатқан шығар деп шешті. Расында солай екен. Бір сағаттан соң, өзі хабарласты. 

- Аға, тостырып қойдым ба? Кешіріңіз!

- Арзымайды... 

- Ол не деген сөз?

- Өзім де анығын аса білмеймін. Біреулер, бұны – диалект яки өзбектің сөзі дейді. Мағынасы: өзіміздің оқасы жоққа саятын сықылды. Немесе рақметіңнің керегі жоқ дегендей, мырзалыққа ұқсайды. 

- Қазақтың өз қоржынындағы сөздер азшылық ете ме? Әлде, бұл да сәнқойлықтың бір түрі ме? Қалай ойлайсыз?

- Қазақ халқының берекесін кіргізіп, ұлт болып ұйысуға дәнекер болып тұрған оның тілі. Ұшса құс қанаты талатын ұлан-ғайыр жердің қай түкпіріне барса да қазақ қазақты түсінеді. Тілі ортақ. Ал, кейбір мемлекеттердің ауданы түгілі, ауылындағы жұрты бір-бірінің тілін білмей жатады екен. Сөйте тұра, олардың мемлекеттік ортақ атауы бар. 

- Рас айтасыз. Енді жершілдік, рушылдықтан арылсақ, тұтаса түсетін шығармыз.

- Бауырыңыз қалай екен?

- A-а, жағдайы жақсы! Кешке қарай екі сіңлім мен осы бауырым үзбей хал сұрасып тұрады. Осы кіші бауырым, менің басыма ауыртпашылық түскен кезде әрдайым қасымда жүрді. Жанын үзіп беруге әзір! Менен кейінгі сіңлім, арманына қол жеткізіп, емдеу орнының басшысы болған. Одан кейінгі сіңлім ұстаз. Отбасы бақытына бөленген. Күйеуі қызғаншақтау. Тым ажарлы қыз болып өсті. Ішіміздегі нәзік, тез жылап қала беретін де сол еді. Бәрімен іші-қарынды ақтарып, сөйлесіп болғаным осы ғана... 

- Бірге туғандарың болғаны ғажап қой! Мен, оны аса ұға алмаймын.

- Сіз, жалғыз бала боп өстіңіз. Кінә, сізден емес... жалпы ешкімнен де емес қой. Маңдайға жазылғаны сол... Айтпақшы, жаңа «жан азығы» туралы айтып жатқан сияқты едік?..Тегі, жан дегенді қалай түсінесіз? Ол қай жерде деп ойлайсыз?

- Жан ауырған жерде шығар!?. 

- Әзілсіз айтыңызшы.

- Мені, күллі дүниені зерттеп тастаған адам секілді көресіз бе? 

- Сізді емес, сізге келетін хабарды естігім келеді. Сіз туралы баяғыда айттым ғой. Ренжімейсіз бе, егер тағы қайталасам?

- Қайталаңыз. Ренжігенде – осы дәрежемнен төмендей қоймаспын...

- Құдіреттің таңдауы сізге түскені таң қалдырады! Мал қораның көңі сіңген, көрнекті тұрпаты да жоқ, қағып-соғып өтіп кете беретін көптің бірі секілді адамға – тылсымның таңдауы қалай түсті екен деп, қайран қалам!

- Сіз, тым қоюландырып жібергендейсіз. Егер мен, сіздің мына пайымыңызға шын беріле сенсем – ақыл-есімді дұрыс арнада ұстап қалуым екіталай тәрізді. 

- Сіз тағы қателестіңіз. Сіздің ақыл-есіңіздің бұл жерде еш қатысы жоқ. 

Себебі, ол ойларды өзіңіз айтпақшы, қырық ойланып, тоқсан толғанып түйіндеген жоқсыз. Оның бәрі тыстан келген ақпарат. Сіз – тек, таратушы ғанасыз. Ренжімеңіз...

- Ренжігім келмесе де біртүрлі екен! 

- Алдын-ала ескерткенім де сол ғой... 

- Құй ренжі, құй ренжі ме... Түкке тұрғысыз бірдеңе сияқты боп қалғандаймын?

- Өз орныңызды білгеніңіз дұрыс. Құдірет кейісе – оңдырмайды!

- Маған үйірсектейтіндей, о жарықтыққа не жаздым?

- Сіздің қалауыңызды ол сұрамайды. Өзі таңдайды.

- Бұл бақ па, әлде сор ма?

- Бақ пен сор пендеге тән нәрсе. Бұл – одан да биік түсінік. Жанға қатысты мынадай бір пікір бар: жан дегеніміз – адамның ішкі өміріндегі тірі кеңістік. Сіз қалай ойлайсыз?

- Осы жолы өзіңіз қателестіңіз. Оны мен ойлауым тиіс емес, оны жоғарыдағы тылсым айтуы тиіс. әзірше, менің құлағыма ешкім сыбырлай қойған жоқ...

- Ғалам аға, мүмкін мен – әлгінде, тым артықтау кеткен де шығармын... Өтінемін, ренжімеңізші! Құдірет сізді тектен-тек таңдамағаны рас. Сіз де ерекше қабылеттің иесісіз. Тек, соны тиісті дәрежеде ұстай алмай келесіз. Құдіреттің кәріне ұрынбауыңызға шын жүректен тілектеспін! Бәрібір, сұрағыма жауап тосамын. 

- Айтпақшы, өткендегі менің Word логотипін жамылған бала туралы түсімді қалай жорыдыңыз? 

- Шынымды айтсам, есімнен шығып кетіпті! Міндетті түрде өз пікірімді жазамын. Сізге тағы бір нәрсе айтпақ болып, ұмыта берем... Президент бағында қыдырып жүргенде, қалтаңызға шыршаның қылтанақтарын салып жібергем. Сол кездесуден ескерткіш болсын деген оймен. Сақтап қойыңызшы, егер қиын болмаса... 

- Солай ма еді?.. Әрине, сақтап қоям, тіпті сақтап та қойған сияқтымын...

- Ондай болса, қайырлы түн! Мен, жатам... А-а тағы ұмытып барады екем. Жуырда Нью-Иоркке ұшамыз. Үш ай сонда боламыз. Бұйыртса, күзге қарай ораламыз. Әбден орныққан соң, өзім жазам. 

- Тым ұзақ екен? Тосам.

- Жұмыс қой, қайтесің... Бәрінен шаршап кеттім. Жан пенденің дауысы естілмейтін бір қиянға кетіп қалғым келеді. Қасымдағылардан әбден мезі болдым.

- Таныс аңсар. Бірақ өзіңнен қашып құтыла алмайсың. 

- Жарайды, аға... Айтпақшы, Сіз маған жазбаңыз, өзім жазып тұрам. Қайырлы түн! 

- Иә, уақыт айырмашылы да барекен. Қайырлы түн! – деп Ғалам да тілек білдірді. 

Ноутбукті сөндіріп, Ғалам орнынан тұрды. Басы әңкі-тәңкі болып, өткен сәттің кейбір тұстары құйын секілді жұлмалап өтті. Мәңгіріп жан-жағына қарады. Әлгінде ғана өзге әлемнің құшағында отырған секілді еді. Енді айғайласаң дауысың шықпайтын, сол айғайыңа ешкім елең етпейтін бір тұйық әлемге тап болған сынды. Бір бөлмеден бір бөлмеге өтті. Тым-тырыс. Тіпті, осы арада өмір бар екеніне күмәндана бастады. Заттардың барлығы тұрақты орындарында немесе Ғаламның тастап кеткен жерінде тұр. Өз бетінше тіршілік танытуға – ешқайсысының да құлық жоқ. Пештің желкесінде тұрған шәугімнің ызыңы бәсеңсіп қапты. Өмір осы жақта екен ғой дегендей, Ғалам пештің қақпағын ашты. Мана көмекейлете салған көмір: «көзді ашып, жұмғанша» жанып үлгіріпті. Шоғы күлденіп, енді болмаса сөнеді екен. «Қазіргінің көмірі - қағаз сияқты, лап ете түседі!» деп Ғалам, кейіс білдірді. Сосын бір уыс құрғақ тамыздықты шоқтың үстіне тастап, пештің көмекейіне екі-үш қалақ көмір тоғытты. Сәлден соң, ыстығы басылмаған пеш дүр ете қалды. Оған ілесіп, желкедегі ақ шәугім де әнін жалғастырды. Үйге, өмір қайта оралды... 


* * *

Ғалам түзге шығып, сырттың шамдарын самаладай жарқыратып, әдетінше мал жақты шолды. Жаңа туған қозыны жазу жазумен отырып, ұмытып кеткені есіне түсіп, жүрегі тоқтап қала жаздады. «Не деген мый жоқ адамсың!?» деп өзіне налыды. Енесі, оны манағы бұрышта көлегейлеп тұр екен. Қасына таяғанда айналып, баласын қорғаған сыңай танытты. Анау да қалтыраңдап, қашқан болады. Үсті кеуіп, кіндігі де сорғыпты.«Е, байқұс-ай, өзің-ақ ауызданған екенсің ғой! Мал болатын түрің бар» деп Ғалам іштей сүйсінді. Түнге қалтыруға болмас деп, жас қозыны үйге алды. Картон қорапқа салып, астына ескі шүберек төсеп, кіре беріс есіктің көзіне орналастырды. Төлдің орны осы. Сосын сыртқа қайта шықты. Жұлдыздары қашып кеткен аспан: қою қараланып, түнеріп тұр екен. «Апырай, бұл ненің белгісі? Мына, төтенше жылымықта бір гәп бар?» деген оймен сырттың шамын өшіріп, ішке енді. 

Бес құдық пештің түбіндегі зарлауық төсегіне киімшең жантая кетті. Қозғалған сайын белі шатыр-шұтыр етіп сынған төсек – Ғаламның жалғыз сырласы іспетті еді. Сәл жыбыр етсе – төсек те сөйлеп қоя береді.  

- Иә. Жан дегенді сен қалай түсінесің, құрметті зар жақ мырза? – деп ол, төсегіне сұрақ қойды. Жауап болмады. Бұл да қыбыр етпей, әдейі жата берді. Сосын төзімі түгесіліп:

- Жағың қарысып қалды ма? Айтсаңшы бірдеңе деп... Әлде саған да қара кемпірдің көсеуі керек пе? – деп аунап түсті. Төсек зарлап қоя берді.

- Е, бәсе, тілің шықты ғой! – деп Ғалам риза болды. – Мен, бір ғажап қыз балаға, ертең сол – Жан дегеннің не екені туралы жазуым керек. Ол менің бойымда тылсым күш бар дейді. Яғни, Құдірет қонайын деп жүрген секілді. Сен осыған сенесің бе?

Тағы үнсіздік. Ғалам тың тыңдағандай тырп етпей тағы біраз жатты. Сосын манағы жатқан жағына қайта аунады. Бел омыртқаларының желі бытыр-бытыр үзілген төсек, айызы қана сықырлады. Оны мазақ еткендей Ғалам да жорта ыңқылдады. Сосын күйіне сөйледі.

- Өстіп ләззат алғаннан басқа екеумізде не қалды? – деді де сәл-пәл үнсіз жатып барып, сөзін жалғады. – Сенің дауысыңа қарағанда, маған Құдірет қонатынын қоштайтын сияқтысың-ау, деймін? Жан деген не деп сұрайды ол қыз. Оны мен қайдан білейін. Білетін жақтан хабар жетсе айта жатармыз. Тегі, әрнәрсенің келер-кетер өз уақыты бар дейді ғой. Рас па?.. 

Сен ренжіме. Бүгін шешініп, сенің қойныңа кірмеймін. Он жылдан асты ғой, менің астымда сен ғана жатасың. Менен де әбден мезі болған шығарсың, ойбалағаныңа қарағанда... Және дамыл-дамыл далаға шығып, малды қарау керек. Анау, түксиген түннен де жүрегім тіксініп тұр. Ғажап қыз айтпақшы: «Қайырлы түн!»... 

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруд...

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...