Қызыл шәлі

ӘДЕБИЕТ
5783

Асхана. Төрде отырған қыз жанарын аударып, төңкеріп, жігіт атаулыны өзіне қаратып отыр. Бүлдірген ерні далапсыз ақ қып қызыл. Көздері шамдай. Қияқ қасын бір көтеріп, бір түсіріп, әңгіме айтқаны қандай?! Иығына жамылған торғын шәлісі қисайып, аққу мойнының бір иығы ашылып қалғаны сол, оң жағында отырған жігіт сырғып бара жатқан шәліні лезде көтеріп қойды. Бір жігіт қыздың бетіне түскен кекілін маңдайына қайырса, бір жігіт қыздың етегін қымтап, барлығы сол бір қыздың бетіне үңіліп отыр. "Не деген сыйластық? Не деген ілтипат" деген оймен бір топ жастан көз алмай қараймын. 

Сырттан жаңа ғана кірген жас қыз жігіттің бәрін таныса керек, аман саулық сұрасып, мәре-сәре болды. Жігіттер жағы төрдегі қызды таныстырып, атын атағанда кірген қыз ізетпен қолын ұсынып еді, төрдегі қыз қозғалмаған күйі есімін айтып отыра берді. Жаңа келген қыз төрдегі сұлу қолын алмай қойғанына ызалы кейіпте нерв талшықтарын бетінде ойнатып, танауы жыбырлап кетті. 

Төрдегі қызды қалай да кекетіп қалу үшін кезегін күткендей ерінін жымқырып отыр. Сол сәт төрдегі қыздың қасындағы жігіт шайды ұрттап көрді де, қыздың аузына тосты. Жаңа кірген қыздың шыдамы таусылса керек сол сәт мысқылдай күліп: "Она королева что ли, а?!" дей бергені сол жігіттің бірі жас қызды түртті де, әлдене деп сыбыр ете қалды. 

Сәлден соң төрдегі қыздың иығына жамылған қызыл шәлі абайсызда жерге сырғып түсті. Аққу мүсінді арудың қос қолы шынтағынан төмен қарай жоқ екенін сонда ғана байқадым...

Куралай Сейсенбеккызы

Жаңалықтар

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алтын, күміс, қорғасын, мырыш және басқа да қатты пайдалы қазба қ...

Спорт

Қазақстандық Шавкат Рахмонов пен ирландиялық Иан Гэрри арасындағы айқасқа екі аптадан сәл-ақ астам у...