Жеңіс Қанен. Қарайды, көздеріңе дүние күліп

ӘДЕБИЕТ
4002

ӨМІР ФИЛОСОФИЯСЫ

Қарайды көздеріңе дүние күліп,

Ақыры ақиқатқа жүгінеді үміт.

Махаббатты сақтайды, қорғайды һәм

Махаббаттың жетеді түбіне күдік...


Ең шырқау биігінен сөз құлады!

Ақиқат, қарап тұрсаң, көзге ұрады.

Тонайды сеніміңді өткен күндер,

Су шайып топырақты тоздырады.


Желпілі керек емес енді іргенің,

Білемін отын ерте ел сөндіргенін.

Кім біледі, ертең күн басқа ұғым ба,

Менің сеніп «Ақиқат» деп жүргенім?!


Ит азайды, үй қорып абалайтын,

Иттік қалды бір-бірін табалайтын.

Күндізде күн,

Қалада түнде шырақ,

Ұятқа жер қалмады паналайтын...


Көз түгілі, тұншығып қарыққан жан,

Түнді түрген жасанды жарықтардан.

Ажал сыйлар ел-жұртқа тажал туды,

Пері қыздан киімін шешіп алып қалған...


Орамалың жел жұлып ала қашқан,

Қарап тұрсаң, көзіңде талады аспан.

Өңіріңнің түймесі ағытылмасын...

(Не қылады ұятты жалаңаш жан!?)


Құшып, сүйіп, қуантып бақыт келіп,

Қызықтайды қасыңда, уақытша еріп.

Өткен күнге жерлейді шаттығыңды,

Бір күні қайратыңды уақыт жеңіп.


Шерткеніңмен өмірдің күйін басқа,

Еңкейесің жолыңда тиін жатса.

Кеткен соң дәурені өтіп, соңында адам-

Шарасы жоқ Аллаға сиынбасқа!


Айтылады өмірдің жүз өсегі,

Қурайды да, бүршіктеп гүл өседі.

Уақыт жетсе тағынан патша тайып,

Шалыс басқан қадамның ізі өшеді...


Жаман достан артық боп жақсы дұшпан,

Кездерім бар қолдарын қатты қысқан...

Тигізбейді басыңа қайырымын,

Ақырында, басқасы жақсылықтан.


Өзен аунап ақпасын өзге арнаға,

Дүние сұлу көрінбес көзбен ғана.

Ай арқалап, қыраттың төбесінде,

Құлазиды жел мұжып тозған мола!

ЖЫЛҚЫ

Құйырық-жалын жел тараған, жануар,

Ер-тұрманын арқалаған, жануар.

Бауыр жазып, көсіліп бір шаппаса,

Шер-құмары тарқамаған, жануар!


Танауынан будақ-будақ бу атып,

Жүйрік болып шабар біздегі уақыт.

«Тұлпар мініп өскен елдің ұлымын!» –

Деп, өзімді қоям кейде жұбатып.


Қызғанышын қызыл от қып өзгенің,

Әлі есімде жердің шарын кезгенім.

Көңілімнің түкпірінде сақтаулы,

Атқа мініп, аттан түскен кездерім.


Тапталмаған, ей, қазақтың намысы!

Көбік атып, аққан өзен, тау іші.

Әлі күнге құлағымнан кетпейді,

Құла атымның кісінеген дауысы...


Есіме алсам жатқа кеткен өлкемді,

Етжүрегім елжіреді, өртенді.

Атқа мініп, ат жалында ержеткен,

Далалықтың ұлы екенмін ең соңғы!


Тұманда өткен тастан аман, жануар,

Қиыс жолға бастамаған, жануар.

Қыслтаяң кездерде де, бабамды-

Жау қолына тастамаған, жануар.


Көк аспанды ту қып ұстап қолға алып,

Жылқы мініп құстай ұштық, самғадық.

Арғымақтар тағалы ізін қалдырды,

Тарихтың көкірегіне таңба қып!

ШАШЫЛҒАН СҮЙЕК

Томпаңдап жүгірген сәбидей – келмеген тірлік кемеліне,

Мен – Тәңіртау топырағынан жаралып өстім.

Кірген бір кез қазақтар еуропа әлеміне,

Бұйдасын қолынан шығармай қаралы көштің...


Қуанышты күндер жаутаңдап, күмілжіпті үйге еніп,

«Құлағына бақа ойнаған, құлағанда құлан құдығына.»

Бара жатты сормаңдай тыныштық сүйреліп,

Бүлкілдеп желген аттардың бұлаң құйырығына...


Нұрларын тік шаншылтып күн қадайды аспанға,

Тағдыр талқысын әркім түсіндей сезінген бұлдыр.

Такламакан шөлін қалдырып, Гималайды асқанда,

Ұшты туған мекенің көзіңнен бұл-бұл!


Сүйегі асыл сондықтан бүкіл көненің,

Қиындық көрседе білдіртпей, жүреді жайнап.

Үрейдің уіл-үнін естіп тітіркенемін,

Қумедиян далада шашылған бабалар сүйегін ойлап...


Көркейткен адам атаның баласын еңбек,

Бұрылып кетті қай жаққа басы көліктің?

Кім жазып береді жанындағы жарасын емдеп,

Қазақ деген осынау қасіретті ұлттың?!

ЕСТІРТУ ЖЫРЫ

Жоқ енді ол жер бетінде,

Өлім табы басулы келбетіне...

Құшағына ап қара жер, әлди айтып,

Бесігінде дайын тұр тербетуге.


Жоқ енді ол, 

Жоқ сендерге!

Тау өксиді (күйі жоқ кемсеңдеуге).

Байлық, бақыт жоқ болған күлге айналып,

Дүниенің жартысы өртенгенде...


Таңдай мұздап тамшы - мұңға...

(Жарқаш үн бар – үрген ит арсылында.)

Ұшып кетті жырақтап бұл әлемнен,

Айналды да жалғыз тал жан шыбынға.


Кешегі бар, бүгін жоқ боп,

Терезені тырмалап үңілді, өкпек...

Жете беріп мүйіске, шорт үзілді,

Өмір жолы атқан оқтай түзу боп кеп!


Барлығына айғақпын – мен!

(Әлсіредім, аламын қайрат кімнен?)

Жүген жоқ, үзеңгі жоқ, үріккенде-

Ауып түскен атынан жайдақ мінген.


Жел ұшырып хабарын ап келіпті,

Дидарынан бұзылған сәт көрікті.

Үріккен ат тепкенде көкіректен,

Ет-жүрегін ортадан қақ бөліпті!


Осы бопты өмірдің қиын сәті,

Сүйретіпті біраз жер, миын шашып...

(Жарнамадан қала тұр есі шығып,

Сары далада барады құйын қашып!)


Енді осындай болмасын күй,

Алды өмірден тым жаман жолдасым сый...

Бұл хабарды естігің келмесе егер,

Өлеңімнің аузына қорғасын құй!!!

ЖАЛТ ЕТКЕН СЕЗІМ

«Кемпірқосақ» – білек асылды кештерге,

Жапырақ тәнінен жасыл ніл өшкенде.

Тұңғиық, терең қиялға беріліп,

Сүйеп отырам басымды көктемге...


Кемтар дүниенің көл-ді көңілі,

Қай арнаға шалқиды ендігі өмірім?!

Қуарып күйген шөп басын үрлеп,

Күбірлеп жатыр желдің еріні...


Көз алда сен бір жарқын үлгі едің,

(Құлағыңа құрметтеп алтын ілмедім...)

Жұпарына орап жүрегімді мұздатты,

Сумаңдап кірген салқыны іргенің.


Қауыптың апанын нұсқады күмәні...

(Жеңістің айтпаған ішкі әні – бұл әлі.)

Алмас қылыштай аспанды қақ бөліп,

Көкірегіме «Құс жолы» құлады!


Буалдыр тартып ендігі ішкі рең,

Жел үрлеп ап қашты жемді күштіден.

Баспана іздеп жерге еніп кетті,

Таппаған пана жердің үстінен...


Мезгілдің әуені - ұққаным зарлы,

Ұзатып салды көз ұшқан ұларды...

Жарқ етіп жанып, жалт етіп сөніп,

Найзағай қылышы бұлт қарнын жарды!


Оратын нәпсім неше нұсқады,

Жібермей басымды некем ұстады.

Жалт еткен жалғыз сезім еді бұл,

Сырт өтіп сөнген секунттағы...

ШЫҢҒЫСХАННЫҢ МҮРДЕСІН ІЗДЕУ

Екінші ізге шырмалады бір із кеп,

Қалыптастың содан жолым – киелім!

Тегі кім? – деп,

Барлық халық жүр іздеп,

Қурап қалған Шыңғысханның сүйегін.


Еткісі кеп әркім өзі атасы,

Коргісі кеп тарих қуып дәлдеп.

Байқалып қап сөздерінің қатасы,

Зерттерменге болып жүр сол әлі ермек.


Айтылатын аңыз көп он ғасырдан,

Ақиқат қып көрсетеді кім несын?

Жауларының көптігінен жасырған,

Қайда көмген Темушиннің мүрдесін?!


Рза болып көңілім шері тарқасын,

Жігіт болсаң көмген жерін барып тәп!

Мен де көріп Шыңғысханның қаңқасын,

Сараптама жасатқым бар анықтап...


Онымен бір не жатқанын кім білсін,

Тарих па?

Әлде, қап-қап алтын бә?

Бізге жұмбақ жауабы жоқ, бұлдыр шын,

Ілесіп жүр аңыз шулап артында.


Қайдағы бір болжам айтады біреу кеп,

Мен - қазақпын, (сүйер іштей күн елін…)

Қай халықтың атасы екен білер ек,

Тауып алсақ Шыңғысханның сүйегін?!

ТАҢҒЫ ДҰҒА

Ізгілікке қадам басты, ерді,

Бұрғызғайсың, Алла, тура бет.

Перғауындай сан мың әскерлі,

Имансыздығым суға кет!


Құшағына алып ғасырды,

Мирасы таблғандардың-

Қатарында еткін басымды,

Дұғасы қабыл жандардың!


Ұйыған сенім құт - кеудем,

Шүкірге байлап күнімді.

Аюптай сақта құрт жеуден,

Жүрегім менен тілімді!


Нәпсісін билер тәнімнің,

Тағатымды ұрлап тұрған жеп.

Жолдасы пайғамбарымның

Сахабасындай иманды ет!


Ырысқа қойны бай таңның,

Сәулесі түссін санаға.

Тиместей сұғы сайтанның,

Ақ шағи нұрмен мың ора!


Уысыңда титтей тағдырым,

(Нысанаға келмес ілінгім.)

Шындықтың ұстар ақ жібін,

Біреуі ет әбзал құлыңның!


Пәктігіндей ет сәбидің,

Тарыдай мінім табылса.

Қос ұғым – Бақи, Фәнидің,

Жақсылығымен жарылқа!

КҮНДІЗГІ ОЙ

Қара түн төсегінен аунап түсіп,

Кетеді сосын құс боп аулаққа ұшып.

Төгіліп күн көзінен сансыз сәуле,

Жатады түннің жұртын лаулап құшып.


Кім көрген нұрға айналып билегенді,

Сүйдім деп ойлайтұғын сүймегенді.

Жанатын өзі өртеніп өз отына,

Осы бір түсінбедім Күн дегенді!


Бұлт көшіп, қолды алысқа сермегесін,

Көк аспан көкірегіне шер көмесің.

Ары-бері күнге бүйірі қызғаннан соң,

Маужырап ұйқы басар жер денесін.


Жерменен алып таулар бірге қалғып,

Мезгілге бой ұсынар жүрген аңдып.

Ақылынан алжасқан ессіз дүие,

Аманатын тапсырар түнге барлық...


Балқыған тәулік халын мен көрем де,

Арқа сүйей бастаймын енді өлеңге.

Жүрер ем күндізгі ойдан арыла алмай,

Түн келіп маған сәлем бермегенде...

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...