Ұлыстың ұлы күні сонау Елордамыздан келген сый. Авторының өзі (Анар Қабылқақ) атымды әспеттеп, қолта...
Қабдеш Жұмаділов. Момын (әңгіме)
«Жер қозғалса қозғалар. Бірақ анау-мынауға Қозыбай қозғала қоймас», — деп ойлаушы еді оны білетіндер. Алайда адамды ұғып болудың өзі бір қиямет қой. Табиғатынан біртоға, жуас жігіттің өзгеріссіз етіп жатқан біркелкі бейқам тірлігі аяқ астынан буырқанып, көктем тасқынындай дүрлікті де кетті.
Көйлегі көк, тамағы тоқ дегендей, мына көпшілік заманда жетіспей тұрған да ештеңе жоқ еді. Кеп жылдан бері істеп жүрген жұмысы, жеткілікті жалақысы бар. Қаланың ипподром жақ шетінен екі бөлмелі пәтер алғанына да біраз болды. Үріп ауызға салғандай, үйелмелі-сүйелмелі үш баласы, сұлуша келген әп-әдемі әйелі бар. Осының өзі, төрт құбыласы теңдеуге келмегенімен, бір жігіттің басына жетіп жатыр емес пе? Бұдан арғыға Қозыбайдың өзі де қиял жүгіртіп, «әттен шіркін» деп армандап көрген жоқ. Өзін басқалардан артықпын деп те, кеммін деп те бас қатырмай, кәдімгі автобустарға бірде сыйса, бірде сыймай қалатын көшедегі қарапайым халық сияқты бұл да ел қатарлы бір кісілік қызметін атқарып, уайым-кайғысыз жүріп жатқанды. Күнде таңғы жетіде жұмысқа жөнеледі. Кешкі бесте сол жолмен, сол автобусқа отырып үйге қайтады. Жұмыстан келісімен әйелі кешкі асын дайындап әкелгенше, балабақшадан күнде өзі ала қайтатын кіші ұлын кеудесіне мінгізіп, диванда демалып жата тұрады. Кейде бір тұрмыстың кем-кетігін еске алып, жоқтан өзгеге тарылып, шаң-шұң дауыс көтеретін әйеліне мәу деп айылын жиятын Қозыбай жоқ. Бәдишаның айқай сүреңіне әбден еті өліп кеткен. Қалың құйқалы құж-құж желкесін сипап қойып, бір демалыс сағатындағы концертті тыңдағандай үнсіз жата береді. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» деген сол. Бәдиша қанша буырқанса да, Қозыбайдан бір ауыз тіл ала алмай, ақыры тулап-тулап басылатын-ды.
Күйеулеріне өмір бақи көңілі толмай, тағдырға шағынып өтетін кейбір әйелдер секілді, Бәдиша да Қозыбайдың мінін көргіш-ақ. Тамақты қомағайланып асығыс ішесің деп те, көшеде жүргенде аяғыңды сүйрете басасың деп те, киген киімің бойына қонбай алқам-салқам болып тұрады деп те, жұрт қатарлы галстук тағып жүрмейсің деп те ұрса береді. Қонаққа барғанда алдындағы арақты қайтармай, түбіне дейін сарқып ішесің, өзгелердің еркегінше ашық жарқын отырмайсың, өнер көрсетіп көзге түспейсің. Бейне аузын буған өгіз сияқтысын деп күйінеді. Бұл айтқандарының қаншалықты әділ екенін кім білсін, әйтеуір, ән-би ансамблінде бірталайдан бері биші болып істейтін Бәдиша күйеуінен гөрі өзін мәдениетті санаушы еді.
Ал жұрттың еркегі сияқты өнерлі, пысық, білгіш, айтқыш болу, жарылып кетсе де, Қозыбайдың қолынан келмейді. Ол үшін анасынан қайта туатын жайы жоқ. Сонда қалай? Екінің бірі пысық, білгіш, айтқыш болуы керек пе екен? Киім жараспаса қайтеді? Ешкім бұған қызын бермей-ақ қойсын. Жай күндері Қозыбайдың галстук тақпай жүретіні рас. Ол бәлесін тақпайын демейді-ау, галстук тақса мойнына бұғалық түскендей тынысы тарылып, буынып кете жаздайды. Қонаққа барғанда ғана амалсыздан мойнына іледі. Ол құрғырдың бір орнында тұрмай қисайып кете беретіні тағы бар. Бәдиша сағат сайын ескерту жасап, түзетіп отырады.
«Қонақ» дейтіндей, Қозыбайдың өз басы көп адаммен араласпайды да. Табиғатынан ұқыпты, әрі ептеген сараңдығы бар оның, өз жанынан ақша шығарып, сейіл-серуен құруға зауқы жоқтұғын. Ондай адамның дос-жараны аздау болатыны белгілі. Бұлар тек Бәдишамен бірге жұмыс істейтін екі-үш биші әйелдердің семьясымен ғана барыс-келіс жасайды. Әйтеуір, сол әйелдерді көрсе, Бәдиша «подругам» деп жанын үзіп тұрады. Олардың күйеулері де оқыған адамдар. Біреуі — ғылым кандидаты, екіншісі — журналист, үшіншісі — бір мекемеде бөлім бастығы. Обалы кәнеки, әйелдері арқылы табысқан бұл жігіттердің бәрі де кішіпейіл, қарапайым жандар. Қозыбайды төбесіне көтеріп сыйлап тұрады. Туған күн, аттандырып салу, қарсы алу сияқты қарымта шайларынан қалдырған емес. Дастарқан басында: «О, Қозеке» деп, «жұмысшы табының жолы үлкен» деп, Қозыбайды төрге шығарып бәйек боп қалады. Өздері рюмканың шетінен ұрттап қана отырғанымен, бұған ішімдікті баса-баса құйып, қонақжайлық көрсетеді. Бірақ қанша ішсе де, жұртқа ұқсап масайып, қызық мінез шығаратын Қозыбай жоқ, маңдайы шып-шып терлеп, анда-санда ыржиып күліп қойып отыра береді. Құрбы келіншектер әзілдеп, мойнына асылып жатса да былқ етпейді. Бәдишаның жынына тиіп, ашуына бұрыш себетін бір жағдай — оның осы қылығы.
Қозыбайдың қызметінде командировка, онда-мұнда қыдырыс дейтін болмайды. Жылына бір келетін демалысында еліне барып, аунап-қунап қайтатыны бар. Оның есесіне Бәдишаның жүріс-тұрысы мол: жаз маусымында екі-үш айлап гастрольде жүреді. Қазақстанның барлық облысын аралап шықты десе де болғандай. Ал туысқан республикалар дегенің Бәдиша үшін қауындықтың жолындай болып кетті. Бір-екі рет шетелге де шығып қайтқаны бар. Қозыбай бұл жағдайға да үйреніп алған. Балаларын бағып-қағып, кірін жуып, тамағын істеп үйінде қала береді. Мұндайда әйелдің айы өтіп, іштей ширықса да, кейін Бәдишаның сағынышты жүзін көргенде бәрін ұмытып кетеді. Соңғы жылдары әйеліне: «Баяғы жас кезің емес, буының қатқанда сіңіріңді созып қашанғы билей бересің. Семьяға жайлы, басқа бір орнықты жұмысқа ауыссаң қайтеді?» — деп жұқалап айтып көріп еді, өзін өнер үшін жаралған кісімін деп білетін Бәдиша бет бақтырмады. Сөз аяғы «искусствоны түсінбейтін топассың» дегенге тірелген соң, Қозыбай ақыры үндемей құтылған...
Бәріне де көніп, бәріне де шыдап келген сол Қозыбай кеше кешкілік өзгеше өнер шығарып, тас-талқан болып ашулансын. Жанжал түкке тұрмайтын бірдеңеден басталды. Күн жексенбі еді. Айдың аяғында дүкенге тәуір нәрселер түседі деп, Бәдиша ертемен көше кезіп кеткен. Үйге тиын-тебен тастамай кетіпті де, Қозыбай қарыс жердегі сыраханаға да бара алмады. Оған да мойыған Қозыбай жоқ, «е, жарайды» деп қоя салған... Бәдиша шаршап-шалдығып күн батарда зорға жетті. Бірақ өзі көңілді екен. Күні бойы кезекте тұрып, кредитке алты жүз сомның ондатр шубасын сатып алыпты. Қозыбай іштей ұнатпаса да, тіс жарып ештеңе айтпады.
— Искусствоның адамына тұттай болып жүру қиын екен,— деді Бәдиша күйеуін жұбатып. Өзі айнаның алдынан кетпей, көпке дейін көлеңдеп жүріп алды.
Қозыбайдың қарны шұрылдап, тамақ ішетін де мезгілі болып еді. Уақыт өткізу үшін қорбаңдап барып телевизор қойды. Білгендей-ақ, бұл өзі қатты жақсы көретін бір әншінің концерті жүріп жатыр екен. Диванда қисайып жатып соған назар салды. Домбырамен бебеулеп бірге шығатын әнші даусы құлақ құрышын қандырып, көңілі жайлана түсті. Әнші де Қозыбайдың көңіл ауанын оқып қойғандай екілене түсті:
Бір қызық қыстың күні аң ауласа,
Мінген ат шабуылмен ғана ауласа, —
деп басталатын белгілі әнді шырқай жөнелгені сол еді. Кенет сыртқы есік айқара ашылды да, далада ойнап жүрген ұлы Марат кірді ентігіп. Келе-ақ «әй тоқта» деуге шамасын келтірмей, телевизордың құлағына жармасты. Онды-солды ұршықша айналдырып келіп, басқа бір каналдағы боксшылар сайысының үстінен шықты. Басқа уақыт болса, Қозыбай бұған да көніп, «е жарайды» деп жата берер ме еді, қайтер еді. Мынаған келгенде шыдамы шарт сынды.
— Әй, жынданып кеттің бе? Концертті неге тоқтаттың?
Марат қозғалар емес. Телевизордың ішіне еніп кетердей, көзімен ішіп-жеп өліп барады. Қозыбай орнынан тұрып барып, телевизор тетігін концертке қарай бұрды. Ән әлі бітпеген екен, «Сол қызға бір жеңгесі қастау келсе» деген жеріне келгенде, орнына келіп отыра бергені сол еді, Марат қайтадан зырылдатып, экранды жаңағы боксқа қарай бағыттады.
— Әй, тыңдайсың ба, жоқ па?
— Тыңдамаймын.
— Неге?
— Боксті көргім келеді.
— Онан да ән тыңдамайсың ба, ақымақ!
— Білем, кім ақымақ екенін. Ты сам дурак!
Қозыбайдың қаны басына шапты. Қолына ештеңе түспей жан-жағын сипалап еді, диванның аяқ жағында қайыс белбеу жатыр екен. Соны ала салып, ұлының арқасынан тартып жіберді. Он екі жасар баланы мұндай безбүйрек деп кім ойлаған? Жалма-жан ұшып түрегелген Марат көзінен от ұшқындап, екі қолын боксшыларша алға ұстап, әкесіне қарай тап берді...
Енді аянатын ештеңе қалған жоқ еді. Ызадан бет-әлпеті бұзылып кеткен Қозыбай:
— Өмірден тұяқсыз өтсем де, әй әкеңді... — деп бір сабап алды да, Маратты диванның үстіне алып ұрып, ал кеп соймасын ба! Қайыс белбеу баланың арқасына бұршақша жауып кетті. Ойбай салып бақырған Мараттың даусын естіп, ас үйден Бәдиша жетті жүгіріп. Келе-ақ белбеуге жармасты:
— Мақұлық-ау, өлтіресің бе қаршадай баланы? Мынаған бірдеңе көрінген шығар бүгін... Баланың сөзіне несіне шамдана қалдың? Дурак екенің өтірік пе?
Қозыбай үшін бүгін осы бір «дурактан» өткен ауыр сөз жоқ еді. Белбеуді жұлып алып, көйлекшең тұрған әйелін жондата тартып кеп жіберді. Бұл кезде Марат орнынан атып тұрып, есіктен шығып та үлгерген. Қайқаң ете түскен Бәдиша, бас жағын қорғап диванға бүк түсіп жата кетті. Қозыбай қанша ашуланса да манадан бері балаға қолы батпай, домбытып қана сілтеп еді. Бәдишаның қыртысы қалың, жұмсақтау жерінен шықпыртпасын ба келіп! Әр сілтеген сайын: «Иттің қатыны, сенің тәрбиеңнің сиқы осы ғой», — деп тістене түсіп, қолының қышуы қанғанша осқылады.
Екеуі үй болып, шаңырақ көтергелі Қозыбайдың әйелге қол жұмсағаны осы. Бір заматта белбеуді лақтырып жіберіп, есіктен шыға жөнелді.
Ол көшеде сенделіп көп жүрді. Кешке қарай ауадан салқын сыз білінеді. Алатау аспанын күздің сабалақ бұлттары бүркеп алыпты. Сонау алыс көкжиекте батар күннің қызғылт сәулесі өлеусіреп қана шалынады. Үйден көйлекшең шығып кеткен Қозыбай денесі тоңазып, тітіркене бастады. Бірақ үй жаққа кайтуға асыққан жоқ. Екі қолын шалбарының қалғасына салып құнысқан күйі ипподром қақпасының алдына келді. Қолы қалт еткенде бұрылатын бір жері осы еді. Ат жарысты қаза қылмайды. Бәйге аттарға бәс тігісіп, көбінше-ақ ұтылып қалады. Бірақ оған өкініп, ренжитін Қозыбай жоқ. Келесі жарыста тағы да ұрымтал жерге жайғасып алып, шапқан атпен бірге тепеңдеп, қиқулап отырғаны... Ол тар есіктен ішке кіріп, ат қора жаққа бет алды. Сол маңда қараң-құраң біреулер жүр. Осында ат бағатын Сарқытбай дейтін көрші шалы бар, қораның алдына таяғанда, сол қарсы жолықты.
— Иә, бейуақытта мұнда не ғып жүрсің? — деді ол мұның түріне таңырқай қарап.
— Жай, аттарды көрейін деп едім...
— Оған кеш қалдың ғой. Аттарды суарып, қораға енгізіп те қойдық... Жүр, үй жаққа қайталық.
Қозыбай амалсыз шалдың соңынан ілесті. Ол өзі жақсы көретін қарагер аттың қасына барып, сауырынан сипасам, мойнынан құшақтап, жалын тарасам деп еді. Бала кезінен жадында қалған жылқының ащы тер исі ғана танауына келгенде бір түрлі жадырап қалатыны бар. Қалтасына шақпақ қант сала келіп, сол қантты қарагердің мақпалдай жұмсақ еріндерімен алақанын жыбырлатып асағанын ұнатушы еді. Бұл жолы сәті түспеді.
Ол көрші шалмен әңгіме соғып, екеуі бір жартыны бөліп ішіп дегендей, үйіне кеш қайтты. Бұл келгенде үйдің іші жатып қалыпты. Балалар өз бөлмесінде. Бәдиша сыңар жастық жастанып, теріс қарап алыпты. Тұлан тұтып, ояу жатқаны белгілі, әрине... Қозыбай көрпесін көтеріп келіп диванға қисайды...
Таңертең әлдененің тысырынан оянды. Сағат алтыдан он бес минут өтіпті. Үй іші ала көлеңке. Терезенің әйнегін сабалап жаңбыр жауып тұр. Басында бөтен үйде түнегендей бір әсерде болды да, кешікпей өз үйінде, диванда жалғыз жатқанын аңғарды. Кеше мұның өмірінде қалайда бір елеулі оқиға болған тәрізденеді. Не болып еді? Иә, айтпақшы... үй ішімен керісіп қалғаны есіне түсіп, жүрегі айныған адамдай қабағын кіржитті. Кеше салқын тиген бе, басы зеңіп ауырып қалыпты. Ол орнынан тұрып киіне бастады. Жуынбас бұрын ас үйге кіріп, газға шай қойды. Киіне жүріп, қырына жүріп, сары май жаққан екі жапырақ нан жеп, екі кесе шай ішті. Күндегі нормасы — осы. Күннің жаңбырлы екені есіне түсіп, көптен киілмей шифоньерде ілулі тұрған плащты мен ескі шляпасын алып киді. Сонан соң ақша тұратын қалтарыстан, кемінде мың кісінің қолынан өтіп, әбден тозығы жеткен сарықұлақ бір теңгелікті алып, қалтасына салды. Бұл — күнделік расходы: түскі тамаққа, бір қорап «Беломор» мен бір сапты аяқ сыраға үпі-тәпі жетеді де тұрады... Үйден шығарда артына бұрылып, әйелі жатқан төсекке көз қырын салды. Бәдиша тәтті ұйқының құшағында ашық-шашықтау жатыр еді. Күндегі әдетімен көрпесін қымтап жауып кетпек болып бір оқталды да, әйелінің еті қашқан қасаңдау аяғына көзі түсіп, кешегі жыны қайта ұстады. «Буыны сыртылдап өлгелі жүріп, билегісі келеді еще», — деді есіктен шыға беріп.
Күзгі ақ жауын тиген жеріне инедей қадалып, үсті-үстіне бүркіп тұр. Көше — көлкіген су. Қозыбай плащының жағасын көтеріп, автобус аялдамасына қарай бүрсеңдеді.
Көшенің бұрыш-бұрышын, тал-теректер арасын соқыр тұман қаптап, тұтасып тұр. Бозғылт мұнар ішінен үйлердің сұлбасы қарауытады. Аялдамада еркек-әйел аралас біраз адам бар екен. Бәрі де өзі сияқты жұмысшы қауым. Қызметкерлер жағы бұлардан бірер сағат кейін қозғалады. Дес бергенде, бұл жолы автобуста адам аз еді. Қозыбай артқы орындықтардың біріне жайғасып алды. Қасында ұзын бойлы еңгезердей орыс жігіті отыр. Қозыбайдың біреуді көрсе алдымен аяқ киіміне қарайтын әдеті. Сол үйреншікті дағдысы бойынша, қасындағы жігіттің аяқ киіміне көз салды. Қырық бесінші размерлі, ұзындығы жарты кез жаздық қара бәтеңке жаңбыр суына бөртіп, екі ұрты өкпелеген баланың аузындай бұртиып, көрпілдеп алған екен. Ол еңкейіп, үңіліңкіреп қарады да, өздерінің фирмасынан шыққан бұйым екенін таныды.
— О не, бірдеңе түсіріп алдыңыз ба? — деді жігіт аяғын жинап.
— Жоқ, әншейін...
Қозыбай сөзінің соңын жұтып қойды. «Мына бәтеңкені біз тігіп едік. Біздің фирмадан шығып еді», — деп айта алмады. Қолыңнан шыққан дүние жалт-жұлт етіп, жұтынып тұрмаған соң көрген күнің осы ғой қашан да... Мынау не, бәтеңке ме, тәйір? Өтпейтін балғамен шапқан итаяқ секілді бірдеңе. Тіпті, халықтың бетіне қараудың өзі ұят...
Не үшін екен, бүгін Қозыбайдың сіркесі су көтермей ширығып келеді. Ғұмыры мұндай кінәмшіл, қиялшыл болып көрген емес-ті. Өзіне де, өзі істейтін фирмаға да разы болмай, түйіліп отыр. Кешегі жанжал есіне түсіп еді, тіпті құлазып кетті. Ойлап қараса, мұны ит те, құс та басынып, мойнына мініп алыпты. Қатын-баланың сиқы анау... Қарашы, үндемегенге құтырып алғанын!.. Бұл соларды асыраймын деп, арқа еті арша, борбай еті борша болып жүрсе, олар көкиіп тұмсығын көтереді. «Есектің күші адал, сүті арам» — деген осы да. Жұмыста да мұны өздерінше келемеж етіп, күлкіге айналдырып жүретіндер баршылық. «Не айтсақ та үндемейді, момын», — деп басынады ғой. Адам өзін осыншама қорлап, төмендетуге бола ма? Көрсетер бұл әлі «момынның» қандай болғанын.
Қозыбай жұдырығын түйіп, тістенгені сонша, жақ сүйегі ауырып кетті.
Шынында, бұл өзі кімге тартып жуас болды екен? Әкесі марқұм мінезі шәлкем-шалыс, шатақ кісі еді... Ауылда тұратын туған ағасы Тоқтыбай күні бүгінге дейін жиын-тойда төбелес шығармай кетпейді. Ол үнемі Қозыбайға разы болмай, «момын деген — жаманның екінші аты. Тым боз өкпе болма», — деп ұрсып отырады. Топырағы торқа болғыр әкесі өлер алдында: «Байғұс балам-ай, қой аузынан шөп алмайтын бір биуаз едің. Менің көзім жұмылған соң, қалай күн көрер екенсің?» — деп қатты уайымдап еді. Жарықтық сол кісі бірдеңені білген екен ғой...
Автобус манағыдай емес, орталыққа таяған сайын аузы-мұрнынан шығып, адамға лық толыпты. Өрге қарай моторға күш түсіп, ышқына жылжып келеді. Бір аялдамада әлдекім артқы есікке ілініп қалған болар, жұрт шуласып, автобусты тоқтаттырып, әлгіні зорға мінгізіп алды. «Осы тірлігің өзіңе көп көрініп жүр ме? Дөңгелектің астына түссең қайтесің?» — деп әйелдер жағы ақыл айтып жатыр. Кепкасын жұмарлап қолына ұстаған жас жігіт, қорыққаны, әлде қуанғаны белгісіз, ыржақтап күле береді. «Жұмысқа бұдан кейін кешікпеймін деген уәдем бар еді», — дейді шынын айтып... Күнде көріп жүрген таныс тірлік болғандықтан Қозыбай оған таңданған жоқ. Қалада тұрған он бес жылдан бері күніне екі уақыт осы «көкпарға» бұл да қатысып келеді. Аялдамаға жетпей не асып барып тоқтайтын автобустарға қарай лап қоятын жаяу жарыс, сонан соңғы сыңар иықтасып, кимелеп кеп кететін күш сынасулар, жаға жыртысып, түйме үзісу дегендерін — бастан кешіп жүрген жайлар.
Қозыбайға, шынында да, бүгін бірдеңе көрінер! Көп жылдан бері қалыптасып, еті өліп кеткен осы тірлігіне де көңілі толмай келеді. Көп жігіттер орталықтан үй алып, қоныс аударып жатыр. Бұл әлі жүр аузын ашып... Үйден жұмысқа, жұмыстан — үйге жеткеніне мәз. Жарты ғұмырының жолға кеткенімен ісі жоқ. Осы қатынастың қиындығынан жұрт қатарлы кинотеатрға бару деген де ұмытылып барады. «Әй, өзім де — ішкенге мәз, жегенге тоқ байғұспын-ау, — деп ойлады Қозыбай бір мезет өзін иттің етіндей жек көріп. — Бәдиша сорлы да бірдеңені біліп айтады ғой. Әйтпесе осы жүрісімнің аты не? Жұртқа ұқсап алға ұмтылып, көзге көрініп, өзінің тірі жүргеніңді байқатып дегендей, таласып-тармасып өмір сүруге неге болмайды? Айтпаса, сөйлемесе, мұның ішінде не жатқанын ел қайдан біледі. Сол баяғы қой аузынан шөп алмас Қозыбай дейді де қояды». Ол өткенде фабрикадан кетсем, осы маңдағы бір бұрыштан дүкен ашып, өз алдыма етікшілік құрсам қайтеді деп бір оқталып еді. Бұрын мұнымен бірге істеген кейбір жігіттер қазір қаланың әр жерінде тіршілік жасап отыр. Рахат солардікі — дүкенін қалаған уақытында ашады, қалаған уақытында жабады. Табысы да жаман емес... Балғаңды тықылдатып ұрған сайын, тиын дегенің саулап түсіп жатады. Оған қатыны түскір көнді ме? «Етікшілігін аздай, ендігі қалғаны жамаушылық па? Көрінгеннің жұлығын жалап, көшеде қалай отырасың?» — деп, намыстанбайтын жерде намыстанып, заман ақырды орнатқан жоқ, па? Әй, бұл қатын деген де, кейде...
Ол орталық көшелердің бірінде автобустан түсіп қалды да, фабрикаға қарай жаяу аяндады. Бұл жақта жаңбыр саябыр тартыпты. Ағаштардың жапырағы суға малып алғандай сүмектеп тұр. Алатау жотасына қар түсіп қалған ба, қалай, тау жақтан сүйекті қапқан салқын ызғар білінеді.
Қақпа түбіндегі күзетші шалға бас изеп амандасқан Қозыбай аулаға кіріп, оң қол жақтағы екінші цехқа қарай бұрылды. Есік алдындағы жарнама тақтада әр түрлі бояумен айқыш-ұйқыш жазылған хабарландыру тұр. Кей әріптерін жауын шайып кетіпті. Иә, айтпақшы, бүгін түстен кейін фабкомның жиналысы болады екен ғой. Есеп беру, сайлау жиналысы... Қозыбай көшедегі жазу біткенді оқи жүретін әдетімен хабарландыруды тағы бір рет оқып шықты да, ішке кірді. Есікті ашып қалғанда танауына былғары мен резинаның, лак пен кремнің исі мүңк ете түсті.
Ертерек келгендер жұмыстарына кірісіп те кетіпті. Әр тұстан аяқ машина салдыры, балға тарсылы, егеу ызыңы естіледі. Қозыбай киім ілгішке плащын, шляпасын өткізіп, алдына шалғышын байлап, өз орнына қарай беттеді. Мастерге көмектесіп, жұмысшыларға керек-жарақ тасып, табель толтырып жүретін Могамед деген бұйра шашты, аласа бойлы, жас жігіт бар еді. Аяғын билете басып сол шықты алдынан. Қозыбайға амандаспақ болып қолын ұсынды да, бұл ұмсына бергенде, кейін тартып алып желкесін қасыды. Клоун тәрізді бірдеңе бар өзінде. Шамасы, қылжақтап ойнағысы келеді. Қозыбайдың тос қалтасынан «Беломордың» шеті шығып тұр еді, оны сұраусыз суырып алды да, бір талын тұтатып, қалғанын өз қалтасына ұрып жіберді. Жайшылықта Қозыбай мұндайға мән бермей, «е, жарайды» — деп жүре беретін. Бүгін шамырқанып қалды. Оң қолының шеңгелін жазып жіберіп, Могамедтің төбесінен бүркітше бүріп ұстады да, төмен қарай тұқырта басты. Зіл салмақтан мойын омыртқасы үзіле жаздаған жігіт шөгіп отыра кетті. Жұрт қыран-топан күліп жатыр.
— Әкел темекіні! — деді Қозыбай тепсініп.
Могамед мұндайды күтпесе керек, көзі алақтап орнынан ұшып тұрды да, «Беломорды» қайырып берді. Төбетке таланған күшіктей құйрығын қысып безіп барады.
Қозыбай орнына келіп жайғасты. Қасында таяу отыратын Исаакиян деген жігіт әлгі көрініске ішегі қатып күліп отыр екен.
— Бәлеме сол керек еді! Әй, өзін бір қатырдың-ау! — деді бұған сүйсіне қарап.
— Қайдан білейін, басынып алыпты мүлде... Итті «күшігім» десең аузыңды жалайды...
— Қалай демалдың? Қабағың түсіп кетіпті ғой...
— Жай, әншейін... Кеше аздап суық тигізіп алғаным, — деді Қозыбай жәшіктің ішінен қажетті қалып-сайманын алып жатып.
— Дәрігерге баруын керек еді ғой, — деді бұған қашан да қамқор болып жүретін Исаакиян. — Өзінше былай ем қолданған жоқсын ба? Жүз елу грамм араққа қара бұрыш салып, араластырып, тәуекел деп тартып жібермедің бе? Соңынан ыстық сорпа ішіп, бүркеніп жата қалсаң, тұмау дегенін маңайыңа жоламайды.
Қозыбай үндеген жоқ. «Қазір біздің үйден сорпа түгілі су ішудің өзі киын-ау», — деп ойлады ішінен.
— Кешке дейін шыда, — деді Исаакиян. — Жұмыстан кейін өзім емдеймін... Естідің бе? Бүгін үшінші тоқсанның премиясын таратады.
Қозыбай тіл қатпай, күйбеңдеп жұмысына айнала берді. Оның қанына сіңген бір әдет — ешкімге тіс жарып ештеңе айтпағанмен, мешел бала секілді бәрін іштей ойлап отыратын, Ішкі бір ой мұз астындағы ағыс тәрізді жарысып жүріп жатады.
Ол құрал жабдығын: тістеуігін, балғасын, бізі мен тарамысын, шегесі мен желімін сайлап алып, жұмысқа кірісіп кетті. Соңғы күндері қысқы маусымға арналып, жылы бәтеңкелер тігіліп жатқан-ды. Жұмысшылар айлық жоспарды цех бойынша жүз жиырма процент орындамақ болып, көтеріңкі міндеттеме алған. Жоспарды қайткен күнде де орындау керек. Қозыбайдың ешқайда бұрылуға мұршасы келмей, қауырт қимылдап жатқаны да содан еді. Мұның міндеті — қонышы тігіліп, басы қусырылып келген бәтеңкені ұлтару — ұлтан жапсырып, өкше қағу болатын. Қасына қалыңдығы бір елі резина ұлтандар мен әр алуан өкшелерді үйіп алып, қолы қолына жұқпай, ұрты дүрдиген бұзаубас қара бәтеңкелердің қатарын көбейте берді.
Бірнеше әйел қимылдарына көз ілеспей, дайын бәтеңкелерге бау өткізіп, размері мен бағасын таңбалап, қағаз қорапқа салып жатыр. Қораптар жылжымалы жер табан арбаларға тиеліп, қолма-қол қоймаға жөнелтіледі. Одан ары сауда орындарының қарауына өтіп, облыс, қалаларға тарайды. Дүкенге түседі. Сол жерден Қозыбай танымайтын, өмірі бет-жүзін көрмеген, және бұдан кейін де көруі екіталай бір адамдар сатып алып киеді де, қар басып, саз кешіп, қашан өкшесі мүжіліп, ұлтаны сөгілгенше қыбырлап жүріп жатады. Кейде кигеніне бір ай болмай жатып, әлгі бәтеңкенің бөксеріліп қалуы да мүмкін. Ондайда жаңағы бейтаныс ызадан жарылардай болып «алғаның ас болмағыр, қандай ғана иттің баласының қолынан шықты екен?» — деп босағаға атып ұрады... Қозыбай өз қиялын өзі қызықтап, жымиып күліп қойды.
Оның ойын цехты аралап жүрген біреулердің дабыр-дұбыры бөліп кетті. Фабрика директоры Егор Иванович бастатқан біраз адам осылай беттеп келеді екен. Қасында фабком төрағасы Өсербай, цех бастықтары: Нина Петровна мен Насыриддин, бұл танымайтын тағы біреулер бар. Ауруханаларда қасына ассистент-дәрігерлерін ертіп профессордың обход жасайтыны болушы еді. Өндіріс басшыларынан гөрі мыналардың жүрісі соған келіңкірейді. Олар әр жұмысшының қасына бірер минут аялдап, бәтеңкелерді, етіктерді ұстап көреді. Қонышын сығымдап, ұлтанын шерткілейді. Сонан кейін көп кідірмей, әрі қарай жүріп кетеді. Қозыбайдың қасына келгенде, не үшін екен, бәрі көңілдене дабырласып қалды:
— А-а, Қозыбай, бұл сенбісің? Халың қалай? — деді Егор Иванович оның атын жаңылмай дәл айтқанына әлдеқандай болып,— Жоспар қалай, орындай аласың ба?
— Орындаймыз, Егор Иванович!
Сол-ақ, мұң екен, жан-жақтан кеу-кеулеп, Қозыбайды мақтаушылар көбейіп кетті.
— Ой, бұл Қозыбай жігіт қой!
— Қозыбайда екі сөйлеу деген болмайды...
— Басқалар тәрізді жұмыстан да қалмайды. Қандай шаруаға жіберсең де бас шайқамай жүре береді.
Бұрынғы кезі болса, Қозыбай мынадай мақтаудан кейін жалы құлағынан асып, көтеріліп қалар еді. Бүгін өзін қорлау, төмендету ретінде қабылдады. Шынында, бұлар неге мұны елден ерек мүсіркейді? Жұрт қатарлы жұмыс істегені үшін бе? Онда тұрған не бар? Басқалардан мұның бір жері кем бе екен?
Егор Иванович бұл ұлтарған бірнеше бәтеңкені қолына алып қарап, разы боп кетті білем:
— Жарайсың, Қозыбай! Қалай, мұнда сені ешкім ренжітпей ме? Біреулер ренжітсе маған айтып қой, тегінде, — деді.
Қозыбай жақсы ниетпен айтылған бұл сөзді де көңіліңе кіді алып қалды.
— Неге ренжітеді? Ренжітіп көрсін — мойнын жұлып алайын, — деді өзінен-өзі айбат шегіп.
— Қозыбайдың премиясы қалай? Бұл жолы ілінді ме? — деді Өсербай цех бастығына иек қағып.
— Ілінгенде қандай! Айлықтың жетпіс проценті, — Насыриддин масаттана жауап берді.
— Біз Қозыбай екеуміз бір-бірімізді далаға тастамаймыз. Солай емес пе, дос?
Беделді топ басқалардың қасына да кідірістеп, әрқайсысына жылы-жылы сөздер айтып бара жатты. «Бұларға бірдеңе көрінген шығар, —деп ойлады Қозыбай әлгілердің соңынан қарап тұрып. — Осылар мені аяқ астынан неге қолпаштап кетті?». Жұмысшылар түскі үзілістен кейін аз уақыт қана жұмыс істеді де, сыйлық ақшаларын алып, сағат үштің шамасында жиналыс ашылатын үлкен залға қарай ағылды. Бұл — жылда қайталанатын дәстүрлі жиналыс еді. «Кім не айтар екен? Ақыры немен тынар екен?» деп қобалжитын ештеңе болмағандықтан, жұмысшылар орындықтарға ертерек жайғасып, өзара әңгіме соғып, бейқам отыр. Әншейінде ел қарасы болып, арт жақта отыратын Қозыбай ентелеп барып, алдыңғы қатарлардың бірінен орын алды, қасына Исаакиян да келіп жайғасқан:
— Мені құлдыратып жіберіпті, — деді ол күңк етіп.
— Нені айтасың?
— Сыйлықты да. Елу процентке түсіріпті.
— Ештеме етпес. Жұмыстан қалған күндеріңді есептеген шығар.
Исаакиян көршісіне таңырқай қарады.
Көп кешікпей президиумға бірнеше адам көтерілді. Егор Иванович, Өсербай, жақында келген партком хатшысы Соколов жөне бейтаныс бір-екі қонақ бар. Бұларды Исаакиян таниды екен: біреуі — министрліктен, екіншісі — облпрофсоюздан көрінеді. Фабком төрағасы Өсербай қасындағы кісілерін жайғастырып, өзі солармен бірге сәл-пәл тізесін бүкті де, қолына қағазын ұстап орнынан қайта көтерілді. Ол фабрикада алты жүзден астам кәсіподақ мүшесі бар екенін, солардың он шақтысы ғана ауырып-сырқап жиналысқа келе алмағанын, қалғандары түгел осында отырғанын айта келіп, есеп беру, сайлау жиналысын ашуға бола ма, жоқ па деген мәселені дауысқа салды.
— Жиналыс ашылсын дегендерің қол көтеріңдер.
Самырсындай самсаған мүйізді алақандар бір сәт ауада қалықтады. Өсербай жиналысты ашық деп жариялады.
— Ал енді жиналысты басқаратын президиум сайлау керек. Бұл туралы қандай ұсыныс бар?
Балалар аяқ киімі цехында Әріпқали деген жігіт болушы еді. Орнынан сол көтерілді.
— Мен президиумды тоғыз адамнан сайласақ деймін...
— Персонально?
Әріпқали қалтасын сипалап, бір жапырақ қағаз алып шықты. Қағазда біраз адамның аты-жөні бар екен. Соны ежіктеп оқи бастады да, соңына таман келгенде біреудің фамилиясын шығара алмай, тұрып-ақ қалғаны. Зал қыран-топан күліп жатыр.
— Нина Петровна емес пе, қара басқыр...
— Алдын ала жаттап алмайсың ба? — деген дауыстар естіледі.
Өсербай жұртты тәртіпке шақырып, қоңырау сылдыратты. Ақыры президиум мүшелері тегіс аталып, Өсербай оларды дауысқа салып, қарсы шыққан, қалыс қалған ешкім болмай, бір ауыздан сайланып кетті. Жиналыс енді өзінің даңғыл жолына түскендей еді. Жаңағы сайланған кісілер сахнадан орын алып, аға технолог Розыбакиев жиналысты онан ары жалғастырды.
Жұрттың бәріне таныс кәсіподақ жиналысын бастан-аяқ тізбелеу шарт емес, әрине. Бірақ фабком төрағасы Өсербайдың қырық бес минутқа созылған баяндамасы бас-аяғы балғадай жұп-жұмыр болып шыққанын атап өтпеске болмайды. Жыл сайын баяндама жасап, әбден ысылып алғаны көрініп тұр. Алды-арты цитаталармен әдіптелген баяндамада нақты фактілер де аз айтылған жоқ. Фабрика жылына екі жүз мың пар аяқ киім шығарып, мемлекетке бір жарым миллион сом пайда түсіреді екен. Өндіріс озаттарының тізімі де біразға созылды. Қозыбай пендешілікпен «менің фамилиям да бір жерінен шыға келмес пе екен?» — деп күтіп еді. Ондай ештеңе естілмеді.
— Екеуміз «тағы басқалардың» ішіндеміз, — деді Исаакиян бүйірінен түртіп.
Баяндамашы кемшіліктерді де ұмыт қалдырған жоқ. Жұмыс тәртібінің босаңсып кеткені, кеш келіп, ерте кетушілердің бар екендігі еске алынды. Бір-екі жігіт өткен айда жұмысқа арақ ішіп келген екен, олардың сілікпесін шығарды. Сонан кейін үстіміздегі бес жылдықтың сапа және тиімділік бесжылдығы екені, қазір шығып жатқан кейбір бұйымдар осы жаңа талапқа сай келмейтіні атап өтілді. «Біздің ендігі нысанамыз — сапа, тағы да сапа, жолдастар» — деп бітірді Өсербай баяндамасын.
Бұдан кейін жарыссөз басталған. Цех бастықтары, бригада жетекшілері түгелге жуық мінбеге көтеріліп, жанағы Өсербай салған ізбен өте орнықты сөйлеп шықты. Баяндаманы өз учаскелері бойынша фактілермен толықтырып, талап-тілектерін де айтып жатты. Жиыны он шақты адам сөйлеп, «осымен жарыссөзді аяқтатса да болар-ау» дейтін кезге жақындап еді. Залдан: «прекратить прение» деген айқай да естіліп қалған. Бірақ дәл осы сәтте алдыңғы қатардың бірінен әлдекімнің «маған сөз беріңізші» — деген даусы естілді. «Бұл кім болды екен» — дегендей, жұрт назары солай қарай ауған. Әр тұстан мырс-мырс күлкі, дабыр-дұбыр сөздер шыға бастады.
— Ей, мынау — Қозыбай ғой!
— Мынаған бірдеңе көрінер...
— Шөп сындырыңдар.
— Әшейінде көмейіндегі сөзді тістеуікпен суырғандай әрең алушы едік. Бұл қашаннан бері сөйлейтін болған?
— Не айтар екен, тыңдайық, — дескен күлкі аралас дауыстар шығып жатыр.
Жиналыс ағасы «мынаны не істейміз?» — дегендей президиумга қарап еді. Онда отырғандар да көңілдене дабырласып, Егор Ивановичтің өзі бас болып, құптасып қалды:
— Иә, сөйлесін...
— Осыны бір тыңдайықшы.
— Өмір бойы үндемей өте ме? Көңілдегісін айтсын, — десті.
Бұл кезде, қолтығында газетке орап алған бірдеңесі бар, Қозыбай да ордаң-ордаң басып, жоғары қарай көтеріліп бара жатқан. Ол мінбеге шығып, көпшілікке көз салып, сөзді неден бастарын білмей біраз бөгелді де, манадан бері ішілмей стаканда тұрған суды түбіне дейін бір-ақ көтерді. Залда күлкі.
— Мынауың ұзаққа сілтейтін болды.
— Қасқаң екі жүз грамды бір-ақ қақты-ау!
— Өзі ішіп алғаннан сау ма? — дескен сөздер шақпақша шағылады. Жиналыс ағасы тағы да қонырау сылдыратты.
Осыдан кейін зал тым-тырыс бола қалды. Өйткені Қозыбайды тыңдау олардың барлығы үшін де жаңалық еді.
— Қадірлі Өсербай Аипович, — деді Қозыбай президиум жаққа бұрылып. — Сіз жаңа біздің алдымызда тамаша баяндама жасадыңыз. Онда бәрі де бар: сан да, цифр да, табыс та, кемшілік те түгел айтылды. Тек бір нәрсені айтпай кеттіңіз. Мен соны есіңізге сала кетейін.
Залда шыбын ұшса білінгендей тыныштық орнады. Үндемей жүргені болмаса, Қозыбайдың орысшасы бір сыдырғы жатық екен. Аз үзілістен кейін сөзін онан ары жалғады.
— Өсеке, айтыңызшы: осы сіздің киіп жүргеніңіз қай елдің аяқ киімі?
Жұрт аң-таң. Өсербай: «мұның қандай қатысы бар?» — дегендей иығын көтеріп, қасындағы кісілерге қарады.
— Онда мен-ақ айтып берейін. Сіз қазір Чехословакияда тігілген қырық бірінші размерлі бәтеңке киіп жүрсіз, — деді Қозыбай тақ бір өзі сатып әперген адамдай. — Ал директорымыз Егор Ивановичтің аяғындағы — қырық үшінші размерлі Югославия бәтеңкесі.
Залда орындықтар сықырлап, әр тұстан қарқылдаған күлкі естілді. Өсербай қанша сабырлы болса да, шыдамай кетті білем, орнында отырып реплика тастады:
— Сен, Қозыбай, маған қадалып алмай ана көпшілікке қарап сөйлесейші. Сонан соң жұрттың аяқ киімінде шаруаң болмасын. Одан да жоспарды қалай орындап жүрсің — соны айт!
— Иә, негізгі тақырыптан ауытқымаңыз, — деді жиналыс ағасы да оны қостап.
— Бет алысың дұрыс, Қозыбай. Сөйлей бер! — деген дауыс естілді артқы қатардың бірінен.
— Лағып кетсем кешіріңіздер. Бірақ менің сөзімнің бүгінгі әңгімеге қатысы бар ғой деп ойлаймын, — деді Қозыбай көпшіліктің құптағанын арқаланып. — Өсербай Аипанович, кешіріңіз, мен сізді сөгейін деп тұрған жоқпын. Сіз жалпы серілеу киінетін өте кірпияз адамсыз. Бүгінгі талапқа сай киімнің тәуірін кигіңіз келеді, әрине... Ал басқа халық ше? Олардың әдемі киінгісі келмей ме екен? Сонда өзіміз менсінбейтін нашар бұйымды дәтіміз шыдап жұртқа қалай ұсынамыз? Кейде бір жолың түсіп аяқ киім дүкеніне кіре қалсаң, бетіңнен отың шығады... Қашан барсаңда біздің фирманың өнімдері сөреде сыймай тұрады-ау, сыймай тұрады. Тақа бір пенсияға шыққан қарттар болмаса жастардың алып жатқанын көрмейсің. Осыным өтірік пе, жолдастар, айтыңдаршы, — деді Қозыбай көпшілікке қарап. Залдан:
— Оның рас.
— Дұрыс айтасың, — деген дауыстар естілді.
— Ендеше, осы олақтықты түзететін уақыт жетті, жолдастар. Космос корабльдері аспанды шарлап жүрген замана, біреулер ту-ту айға барып келіп жатқан кезде, етікті дұрыстап тіге алмау деген масқара емес пе? Басқа елдің етікшілері де осы біз сияқты екі қол, екі аяғы бар адамдар шығap? Рас, олар былғарыны бізден гөрі тәуір жасайды. Ал ұқсата алсақ, тері дегенің бізде жеткілікті ғой. Ол үшін тез арада былғары заводтарының технологиясын жетілдіру керек... Біз қазір айлық, жылдық жоспарды жүз жиырма, жүз отыз процент орындап жүрміз. Өйтіп жалаң цифрды қуалағанша, неге жүз процент жоғары сапалы аяқ киім дайындамаймыз? Меніңше, мемлекет бұдан зиян шекпейді. Ал егер материалы келіссе, аяқ киім дегенді қыздың баласындай жұтындырып тігуге әбден болады, — деп Қозыбай қолындағы газеттің орауын жаза бастады, — Мінеки, нанбасаңыздар, көріңіздер? Мынау — осындағы бір жұмысшының өз баласына арнап тіккен бәтеңкесі. Ішінде латынша жазуы жоқ демесең, әлгі жұрт қырылып жататын шетел бәтеңкелерінің енесін ұрып жібереді, — деп жалт-жұлт еткен сүйріктей екі қара бәтеңкені призидиумда отырған кісілердің алдына қойды. — Мен осы модельді өндіріске енгізуді ұсынамын!
Қозыбай орнына келіп отырды. Жұрт қол соғып қошемет көрсетіп жатыр. Жаңағы қара бәтеңке қолдан қолға өтіп, ең соңында министрліктен келген өкілдің алдына барып тұрақтады.
Жарыссөз қайта қызды. Сөйлеушілердің көпшілігі Қозыбайды қостады. Бірен-сараңы кейбір қиыншылықтарды көлденең тартып, сиыр құйымшаққа салды. Ақыры партком хатшысы Соколов шығып сөйлеп, жиналыстың ен соңғы бәтуалы сөзін сол айтты.
— Шынымды айтайын, мен бүгін сөйлесем бе, әлде сөйлемей-ақ қойсам ба деп, екі ойлы боп келіп едім, — деді ол ағынан жарылып. — Бірақ жаңағы Қозыбайдың сөзінен кейін үндемей қалуға мүмкін болмады. Көпшіліктің көкейіндегі нәрсені батыл айтып бергені үшін Қозыбайға көп-көп рақмет! Егер әрқайсымыз өзіміздің ортақ ісімізге сол Қозыбай секілді жанашырлықпен қарайтын болсақ, біздің жағдайымыз жаман бол мас еді, — деп сол бөгелді де, залда отырған бір жігітке белгі беріп кішілеу почта жәшігін алдырды. — Мынау — біздің фабрикаға Маңғыстаудан келген сәлемдеме, — деді Соколов жәшікті ашып жатып. — Сәлемдеме дегенге қақтаған балық жіберген екен деп сілекейлерің шұбырмай-ақ қойсын. Бір мұнайшы жігіт естелік үшін өзінің аяқ киімін салып жіберіпті, — деп жәшіктен әлі өңі түспеген екі бәтеңкені суырып алды. Біреуінің ұлтаны опырылып қалған екен, капотын ашып қойған машинаға ұқсап сәңірейіп тұр. — Иесі қысқаша хат жазып жіберіпті, — деді Соколов. — Тыңдаңыздар: «Жиырма екі сомға сатып алған едім, жиырма екі күн киюге жарамады. Бұдан гөрі тәуірін жібере ме деген үмітпен өздеріңізге қайтарып отырмын», — депті мұнайшы жігіт.
— Көріп отырсыздар, бізге енді бұрынғыша жұмыс істей беруге болмайды, жолдастар. Өйткені біз уақыттан көп кейін қалып отырмыз. Біз өз жұмысымызды қайта қарап, біртіндеп бүкіл технологияны жаңартуымыз керек. Бұл — бүгін бітетін әңгіме емес, әрине. Жаңағы Қозыбайдың ұсынысын да, басқа мәселелерді де таяу арада арнайы сез етеміз, деді хатшы.
Көпшілік осы сөзге тоқтап, бұл мәселені жақында өтетін өндірістік жиналыста қайта қарау жөнінде қаулы алды. Осымен күн тәртібіндегі бірінші мәселе аяқталып, жиналыс енді фабком құрамын сайлауға кірісіп еді. Манадан бері Қозыбайдың қолын қысып, мақтауын жеткізіп отырған Исаакиян мырс етіп күлді де:
— Қазір сені фабком мүшелігіне өткізіп жіберейін бе? — деді сыбыр етіп.
— Кет, сандалма! Сенің қолыңда тұр деген...
— Құдай ақы, менің қолымда... Маған әсілі, Нина Петровнаны ұсыну тапсырылған... Ал мен оның орнына сені сайлағым келіп отыр.
— Қой, ұят болады... Тізімді бұлдіріп қайтесің?
— Несі ұят? Бүгін сенің тасың өрге домалап тұр. Ұсынсам болды, өтіп кетесің... Тек кейін қолың жеткен соң ұмытып кетіп жүрме! Пәтер алуға көмектесесің...
Фабком құрамы жылдағы мөлшерде он бес адамнан сайланатын болып, енді кандидатуралар ұсыну басталған. Жиналыс ағасы анда-санда алдындағы қағазға қарап қойып, әркімдерге сөз беріп жатты. Өсербай бастатқан біраз адам ұсынылып та кетті.
—Он төрт кандидат тізімделді. Енді бір-ақ адам керек, — деп жиналыс ағасы Исаакиян жаққа қарайлай береді.
Манадан бері үндемей отырған Исаакиян осы кезде ғана орнынан көтерілді.
— Мен фабком құрамына фабрикадағы озат жұмысшылардың бірі, жаңа ғана алдарыңызда сөз сөйлеп, жақсы ұсынысымен көзге түскен Қозыбай Құрамысовты ұсынамын! — деді ол кавказ акцентімен орыс тіліне біраз обал жасап.
Алдындағы қағазына бір, Исаакиянға бір қараған жиналыс ағасы не істерін білмей аңтарылып тұрып қалды. Осы кезде орнынан Өсербай атып тұрды:
— Мен жолдастар, Нина Петровнаны ұсынамын! — деді қолын жоғары созған қалпы. Залдан:
— Қозыбай болсын.
— Нина Петровнаны жылда сайлай береміз бе?
— Құрамысовты сайлаймыз, — деген дауыстар естілді.
Президиумда отырғандар арасында күбір-күбір әңгіме басталды. Қасындағы адамдарға жоғарыдан келген өкіл бірдеңе айтып жатты. Ақыры жиналыс ағасы:
— Бір кісі артық болып тұр, жолдастар. Фабком құрамын он алты адамнан сайласақ қарсы болмайсыздар ма? — деді көпшілікке қарап...
Сөйтіп, Қозыбай ойламаған жерден фабком мүшесі болып шыға келді. Оған жұрт жүз процент дауыс беріпті. Жиналыс аяқталған соң Қозыбайдың қолын алып, құттықтаушылар көбейіп кетті. Залда газет тілшісі келіп отыр екен. Ол фотоаппаратын жарқылдатып, суретке түсіріп алды. Қозыбай бүгінгі жиналыстың геройына айналып, жұрттың көз алдында өсіп, биіктеді де кетті.
Осыдан бірер сағат өткенде, ол автобусқа мініп, үйіне қайтып келе жатты. Түстен кейін шайдай ашылып кеткен Алматы аспаны секілді оның де еңсесі көтеріліп, көңілді отыр. Қозыбайдың ендігі уайымы тек Бәдиша еді. Оның қандай әнге басып жатқаны белгісіз... Бала-шағасымен қалай табысудың ретін таппай, қиналып келеді. Үйіне бірден жетіп баруға жүрегі дауаламай, бір аялдама бері, сырахананың қасынан түсіп қалды. Сыра—Қозыбайдың жерік асы. Жұмыстан шаршап келе жатқанда, көпіршіп тұрған күрең сыраның бірер саптаяғын тастап алғанға не жетсін, шіркін!
Сыраға қанып алған соң, тәуекелмен үйіне қарай аяңдады. Бәдишаның бетіне қалай қарарын білмей: «Ұсақ-түйекке бола несіне күйіп-пістім? Байғұсқа қолым қатты батып кеткен жоқ па екен?» — деп әйеліне жаны ашып келеді. Мұны үйге кіргізбей жүре ме, кім білсін? Бәдишадан ол да шығады. Ол бір-біріне жапсарлас салынған барақ үйлердің бірінде тұратын. Шағын ауласы, аздаған алма ағашы бар. Далада жан баласы көрінбегенге, Қозыбайдың зәресі зәр түбіне кетті. «Бәдиша есікті кілттеп, балаларды жетектеп, төркініне тартып отырмаса не қылсын!» —деген қауіп кірді көңіліне. Буыны құрып, қолы қалтырап, сыртқы есіктің тұтқасынан тартты. Жоқ, есік ашық тұр. Дәлізге кіргенде, бетін бір жылы леп шалып өткендей болды.
Қозыбай өз көзіне өзі сенбей, босағада сілейіп тұр. Үй іші — тап-тұйнақтай, көңілді. Стол үстіне әр түрлі тағамдар тізіліп қалыпты. Төр алдында ансамбльде істейтін екі әйел бастарын түйістіре әлдебір әнші туралы өсекті соғып отыр екен. Қозыбайды көре салып, ас үй жақта жүрген Бәдишаға дауыстады:
— Әй, келіншек! Тамағыңды тездет. Сағынып отырсаң, міне, байың да келді.
Бұлар кешегі жанжалдан мүлде хабарсыз секілді. Баяғыша Қозыбайды ортаға алып: «Осы сен қашан қой боласын? Қашан қошқар боласың?» — деп қалжыңдап, мәре-сәре болып жатыр. Ac үй жақтан көрінген Бәдиша қабағынан да бөтен өзгеріс байқалмайды. Бұл үйде кешелі-бүгін ештеңе болмағандай, қайықтай қалқып, жібектей есіліп дегендей, лыпып жүр.
— Кешіктің ғой, қайда гөлайттап жүрсің? — дейді Қозыбайға сол баяғы өктем сөйлейтін әдетімен. — Ал қолыңды жу да отыра қал. Мына қатындар: «Тоныңды жу», — деп, жан алқымға алған соң, бір қуырдақпен құтылайын деп жатырмын.
Аздан соң бәрі дастарқан басына жайғасты. Орталарында — буы бұрқыраған майлы қуырдақ. Бәдиша стол шетіне бірнеше рюмка мен бір шөлмек арақ та әкеліп қойды.
Келіншектер:
— Әйелін алақанына салып күтетін, әйеліне жұрттан бұрын ондатр тон сатып әперген Қозыбайдың денсаулығы үшін! — деп тост көтерді.
Үш әйелдің ортасында Қозыекең шалқып отыр. Ол бүгін қалай дегенмен бақытты еді. Бірер жүз грамм ішіп алғаннан кейін, қабырғада ілулі тұрған қара домбырасын алып, өзінің сүйікті әні «Гүлдарайымға» басты. Егер өмірінің әрбір күнін дәл бүгінгідей өткізсе, Қозыбайдың тағдыры, бәлкім, басқаша қалыптасар ма еді, кім біледі?
1976 жыл.