Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры

ТЕАТР
4736

 

Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры 2003 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен ашылды. Бір мезгілде екі зал төрінде, алғашқы рет Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібек», Тәкен Әліпбаевтің «Томирис» шығармалары сахналанып, театр шымылдығын ашты.

 

2003 жылдан бастап қазіргі таңға дейін ҚР Еңбек сіңірген қызметкері Мұханов Нұрнияз Мұханұлы театрдың директоры болып қызмет етіп келеді.

Театрдың көркем жетекшісі, бас режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Гүлсина Мерғалиева. Г.Мерғалиева халықаралық, республикалық фестивальдерде 7 рет «Үздік режиссер, 2013 жылы «Жыл режиссері» атанып, «Еңлікгүл» силығына ие болды.

Театр он жылдың ішінде 5 республикалық, 7 халықаралық деңгейдегі 11 фестивальге қатысты. Республикалық фестивальден бас жүлде, 1-ші орын, 7-рет «Ең үздік режиссер» номинациясыбойынша дипломмен марапатталды.

Театрдың ашылуынан бастап бүгінгі күнге дейін шығармашылық тобымыз зор жетістіктерге жетті. «Мәдениет қайраткерлері»: Театрдың бас суретшісі Гүлнар Канафина, директордың орынбасары Жұмағалиев Мырзахмет.

«ҚР Мәдениет үздігі»: актриса Айнұр Абенова, актер Кенжебек Башаров.

«Серпер» сыйлығының лауреаттары: актер Ақүрпеков Кенен, актриса, пластика режиссері, Зиятова Гюль, актриса Манкеева Бану. «Дарын» сыйлығының иегері: актер Медғат Өмірәлиев.

2003 жылы Алматы қаласында Н.Сацтың 100-жылдығына орай ұйымдастырылған «Республикалық жастар мен балаларға арналған қойылымдар фестиваліне» Т.Әліпбаевтің «Томирис» (режиссері Г.Мерғалиева) спектаклімен қатысып, «Тұсау кесер» номинациясы бойынша, театр актрисасы А.Наремгенова «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болды. 2003 жылы Орал қаласында Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арналған ХІ республикалық театрлар фестивалінде Б.Беделханұлының «Махамбет» поэтикалық драмасымен режиссер Гүлсина Мерғалиева «Режиссерлік ізденісі үшін» номинациясы бойынша лауреат атанды. 2004 жылы VII халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде Абайдың қара сөздері желісінде жасалған «38 немесе Қарақұрт» спектаклін қойып, режиссер Гүлсина Мерғалиева бас жүлдені иеленді. 2005 жылы Құрманбек Жандарбеков пен Қанабек Байсейітовтың 100 жылдығына арналған ХІІІ республикалық театрлар фестивалінде осы «38 немесе Қарақұрт» қойылымы «Шығармашылық жаңа ізденістері үшін» номинациясы бойынша лауреат атанды. 2008 жылы Қазақстан театрларының XVI республикалық фестивалінде театр І орын иеленді.

2011жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған Қазақстан театрларының ХІХ фестивалінде, «Перзентхана» спектакліндегі ролімен актриса Майра Бақбердиева «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын иеленді және «Ең үздік режиссерлік шешім» номинациясы бойынша режиссер Гүлсина Мерғалиева марапатталды.

Театр үнемі шығармашылық ізденіс үстінде. 2012 жылы Әзірбайжан Мәмбетовтың 80-жылдығына орай Орал қаласында өткен Қазақстан драма театрларының ХХ-шы республикалық фестивалінде «Зілзала» спектаклі үшін «Ең үздік режиссерлік шешім» жүлдесін иеленді. Қойылымда басты рольдерді сомдаған Бану Манкеева, Марат Абай-Ділдә, Айнұр Әбенова, Кенжебек Башаров, Гюль Зиятова, Кенен Ақүрпеков актерлік ансамбльмен, шебер үйлестірілген тұтастықпен, әр жанрдағы шығармаларды бір арнаға тоғыстырып, актерлік өнердің жоғары мектебін көрсете алды.

2013 жылы «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» атты актерлерге арналған І республикалық театр фестивалінде М.Байджиевтің «Іздедім сені» қойылымында сомдаған ролі үшін Бану Манкеева «Жоғарғы актерлік шеберлігі үшін» номинациясын иеленді. 2014 жылы Орталық Азия мемлекеттерінің V халықаралық театр фестивалінде Мұхтар Әуезовтың «Қаралы сұлу», С.Цвейгтің «Амок» новелласы бойынша және 2011 жылы Жапонияда болған зілзаланың желісімен қойылған «Зілзала» спектаклінде сомдаған ролі үшін Гюль Зиятова, Айнұр Әбенова, Бану Манкеева «Екінші пландағы үздік роль» номинациясын иеленді. 2015 жылдың мамыр айында Казань қаласында өтекен «Науруз» театр фестиваліне «Зілзала» қойылымымен қатысып, әділқазылар алқасының оң бағасын алды. 2015 жылдың маусым айында Астана қаласында өткен «Сахнадан сәлем» атты халықаралық театр фестиваліне және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік іс-шараға Ә.Кекілбаевтің «Абылайхан» қойылымымен қатысты. Театр ұжымы 2015 жылдың 8-10 қазан күндері аралығында Түркменстан Республикасының Мары қаласында болып, «Мары – түркі дүниесінің мәдени астанасы 2015» бағдарламасы аясында өткен ТҮРКСОЙ мүше елдерінің IV Мемлекеттік театр жетекшілері кеңесінің жиыны мен театр труппаларының көрсетіліміне егеменді мемлекетіміздің атынан С.Құдайбергеннің «Перзентхана» драмасымен қатысып, өнер көрсетіп қайтты.

Театр Астана қаласына, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Орал, Жамбыл облыстарына және Ташкент, Каир, Казань қалаларына гастрольдік сапарларға, Ашхабад қаласында өткен II Халықаралық фестивальге қатысып өскелең ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру, өнерімізді көпшілікке таныту бағытында едәуір жұмыстар атқарылды.

Бүгінгі таңда репертуарымызда 60-қа жуық қойылым бар. Қазақ классиктері М.Әуезовтың «Қаралы сұлу», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Ә.Кекілбаевтің «Махаббат мұңарасы», И.Сапарбайтың «Сыған серенадасы», Б.Беделханұлының «Махамбет», А.Оразбековтің «Бір түп алмағашы» сахналанды. Жергілікті автор С.Назарбектің махаббат дастаны «Ақбөбек», С.Назарбек, Н.Мұханов бірігіп жазған «Ант» шығармасы сахналанды. Дүние жүзілік классиктер У.Шекспир «Ромео мен Джульетта», Ж.Мольер «Тартюф», Ф.Эрвенің «Мадемуазель Нитуш», А.Джованни драмаларынан бастап, орыс драматургтері И.Разумовскаяның «Сад без земли», А.Володин «Қос жебе», А.П.Чехов «Скандальные историй», Н.Птушкина «Күтпеген махаббат», А.Вампилов «Старший сын», көршілес мемлекеттерден С.Ахмад «Келіндер көтерілісі», М.Байджиев «Іздедім сені», Г.Хугаев «Көршілер» т.б шығармалар сахна төрінде үзілмей қойылуда.

Қойылымдар сапасын арттыру, іс-тәжірибе алмасу бағытында Қазақстанның облыстық аймақтарынан режиссер мамандары шақырылып тұрады. ҚР Халық әртісі профессор Есмұхан Обаев, ҚР халық әртісі Ғафиз Есимов, Қызылорда облыстық театрының көркемдік жетекшісі Әмір-Темір Хұсейін, режиссер Мұрат Ахманов, Алимбек Оразбеков тәрізді елімізге белгілі мамандар шақырылды. Бүгінгі таңда театрымызда 51 әртіс, одан бөлек 47 шығармашылық қызметкер, 9 цех, 700 кісілік үлкен зал, 210 көрермен сыятын кіші зал жұмыс жасайды.

Жаңалықтар

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі...

Жаңалықтар

Қостанай облысында зауыт жұмысшысы зауыттағы бетон араластырғышқа құлап, қайтыс болды, деп хабарла...