Гүлжан Әспетова, Қазақстанның халық әртісі: «Нағыз театрлық қойылымдарды сағынамын...»

ТЕАТР
5170

-Гүлжан апа, әңгімемізді өнермен өрнектелген өмір жолыңыздан бастасақ?..

-Негізі менің актриса болам деген ойым жоқ еді. Бала күнімде ұшқыш болуды армандадым. Ол енді жалғыз менің емес, көбінің арманы болды ғой (күліп). Өзім таудың баурайында туылған Меркінің қызы болғандықтан табиғатты, соның ішінде тау-тасты аса сүйіп өстім. Жастайымнан ән салуды жақсы көрдім, әдеби кітаптарды көп оқыдым.  Содан әртіс болуды армандадым. Әрине, үлкен ағам қарсы болды. Мені медицинаға барса деді. Ақыры Алматыға келіп өнерге түсемін деп емтихан тапсырдым.  Жолым болғыш па, әйетуір, актерлік мамандыққа бірден қабылдандым. Сол кездегі Балалар мен жасөспірімдер театрының бас режиссері Мен Дон Ук маған: «Бұл қыз дайын Джулиетта ғой!»,- деп 5-пен бағалады. Дипломдық жұмысымда «Қарагөзді» ойнап шықтым. Кейін Әзірбайжан Мәмбетов актерлық мамандықты бітірген 25 студенттің ішінен мені таңдап алып, қара шаңырағымыз Әуезов театрына жұмысқа қабылдады. Қарагөз рөлін Әуезовте де жалғастырдым. Ол жерде үлкен мектептен өттік. Кілең басты рөлдерді ойнадым. Эпизодтық немесе жанама рөлдерім болған емес. Менің ойымша, халық әртісі деген сөзге ғылыми тұрғыдан қарау керек. Себебі сомдаған әрбір образым – менің кандидаттық, докторлық диссертациям.

-Қарагөз – үлкен трагедиялық образ. Сізге бұл өз таңдауыңызбен келді ме?

-Мен екінші курста оқып жүрген жылы Құрманғазы оркестріндегі марқұм Шамғон Қажығалев, Сыдық Мұхаметжановтар мені институттан сұрап алып, Ташкентке бір айға концерт жүргізуге алып кетті. Ташкенттен келгенімше студенттердің бәрі дипломдық жұмыстарын алып, тіпті дайындықты бастап жатыр екен. Менде дайындайтын рөл жоқ, отырмын. Бір кезде «Қарагөзді» алған қыз Қарагөздің жынданатын сәтін келтіре алмай жатыр екен. Содан Тоқпанов: «Қане, сен оқышы!», - деді. Бар білгенімше тырысып, оқып, көрсетіп жіберіп едім, «Болды! Бітті! Қарагөз – сенсің!»,- деді. Сөйтіп, дипломдық жұмысқа Қарагөзді мен ойнап шықтым. Өте сәтті болды. Бірақ, әлгі қыз мені өмір бойы жек көріп кетті. Ал менің жазығым қанша?! 

-Лирикалық,  драмалық, таргедиялық, комедиялық көптеген образды сомдадыңыз. Соның ішінде қайсысы жаныңызға жақын?

-Менің жаныма жақыны – лирика мен трагедия, психология. Ал комедияны көп ойнаған жоқпын. Трагедия жүрекке ауыр салмақ салады ғой. Кейінгі жылдары спектакльден кейін үш күн орнымнан тұра алмай қалатын болдым. Сөйтіп, Әзекеңнен (Ә. Мәмбетов-авт.) комедиялық рөлдерді өзім сұрап алдым. Сол кезде Әзекеңнің «Ты – трагический танк» деп бір әзілдегені бар еді (күліп).

-Киноға алғашқы қадамыңыз қалай басталды?

-Мен негізі киноактриса емеспін. Бұрын «Несібеліге», «Еңілік-Кебекке» түстім. Бірақ «Еңілік-Кебек»  кино емес, 15 күн табиғатқа шығып түсірілген спектакль еді. Одан кейін де «Бақыт құсы» деген телевизялық киноға түстім. Оған мені режиссер, өзіміздің Шудың жігіті Мұрат Бидосов деген азамат ұсыныс жасап, арнайы шақырған соң бардым. Егер Алматыда тұрғанымда, киноға түсуге көбірек мүмкіндігім болар еді. Бұл жердің басшылығы бізді жібере бермейді.   

-Телеарнаға берген бір сұхбатыңызда  «режиссер мықты әрі дарынды болуы керек» деп едіңіз. Қазіргі таңда сондай режиссер  бар ма?

-Режиссер деген әртістен он бас жоғары тұруы керек. Ақылымен де, тұлғалығымен де, рухымен де, білімімен де, адамгершілігімен де. Режиссердің бойына бәрі сияды. Себебі ол ғалым да, психолог та, батыр да. Бүгінде жақсы режиссерлер бар. Мысалы Жанат Хаджиев, Нұрқанат Жақыпбайды айтар едім. Өзім Нұрқанат Жақыпбаймен жұмыс істегім  келеді. Жамбыл облыстық қазақ драма театрының бас режиссері болған Қуандық Қасымов та жақсы. Оның өресі өте биік. Режиссердің көздегенін көрерменге жеткізетін әртіс қой. Бірақ Қуандық өзінің әртістерін таба алмай жүр. Үлкен дүниені көрсете алуы үшін әртістің де өресі биік болуы керек. Кейде режиссер де жақсы, әртіс те жақсы, бірақ драматургияның нашар болып жататын кезі де болады. Сценарий дұрыс болмаған соң қанша тырыссаң да жақсы нәрсе шыға қоймайды. Кезіндегі «Ана –Жер-Ананың» драматургиясы Ш.Айтматовтікі, қоюшы-режиссері Ә.Мәмбетов, музыкасы Ғ.Жұбанованікі, суретшісі А.Ненашев, әртістері С. Майқанова, З.Шәріпова, Ы.Ноғайбаев,  Н. Жантөрин, А.Әшімовтер, Бикен апам – Жер-ана рөлінде ойнады. Осындай барлық жағынан келіскен қойылымдар мықты болған ғой. Қазір жас режиссерлерді  жамандай беруге болмайды. Олар да шықсын, жақсы дүние жасасын. Бірақ мені қынжылтатын бір нәрсе,  бәрі озін «гени» санайды. Ал ондай адам өспей, тоқырап қалады.

-Сөзіңіздің жаны бар. Қазір режиссурамен қатар, драматургияға да тағылар сын көп...

-Қазір бізде бірен-сараң драматургтар ғана бар. Өткен ғасырда драматургияның бағыты басқа еді. Бүгін басқаша жазу керек. Сондықтан қазіргі күннің көзқарасымен үндесетін драматургиялық шығармалар аздау. 

-Ұстазыңыз Асқар Тоқпановты біз Станиславскийден тәлім алған қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері ретінде білеміз. Ал сіз көрген Тоқпанов қандай еді? 

-Мен көрген Тоқпанов өте көп білетін кісі болған. Бүкіл Абайды, сал-серілердің, Алаш қайраткерлерінің өмірін жатқа білетін шежірешіл адам еді. Бізге сабақ берместен бұрын, қазақтың тарихы, қазақтың тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті жайлы айтудан бастайтын. Сосын өте шыншыл, тік мінезді, өткір болды. «Тоқпановтың тоқпағынан өтпеген әртіс – әртіс болмайды» дейтін баяғыда. Өйткені, Бикен апай да, Шолпан Жандарбекова, Нүкетай Мышбаева, Асанәлі Әшімов бәріміз де сол кісінің тоқпағынан өткенбіз, балам. Мынау қазіргі Жүргенов атындағы өнер академиясын Тоқпанов жүгіріп жүріп, Жоғарғы ОКП-ға барып бекіткізбегенде, бүгін академия болмас та еді. Алғашында театр кафедрасы ғана болып ашылған өнер ордасын театр бөлек, консерватория бөлек  болуы керек деп сұрап алған Асқар ағаның еңбегі.

-Айтпақшы, осыдан біраз жыл бұрын Жамбыл облыстық қазақ драма театрына Асқар Тоқпановтың есімін беру туралы бастама көтеріліп еді ғой, бірақ аяқсыз қалған сияқты. Бұған сіз не айтасыз?

-Әрине, мұндай мәселе көтерілгенін білемін. Мысалы, елордамызда Қалибек Қуанышбаевтың, Көкшетауда Шаяхмет Құсайыновтың, Талдықорғанда Бикен Римовалардың атында театр бар. Ал қаншама шәкірт дайындаған, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Тоқпановтың атында бір театрдың болмауын қалай түсінеміз?! Мұндай бастамаға мен қарсы емеспін, қашан да қолдаймын.  

-Бүгінгі театрлардың кәсіби деңгейіне көңіліңіз тола ма?

-Мен мүмкін консервативті адам шығармын. Бірақ, өз ойымша бұлар дүниенің бәрін шоуға айналдырып бара жатыр. Адамды еңіретіп немесе шынайы күлдіретін, терең, нағыз театрлық қойылымдарды сағынамын. Қазір өздерінше жаңалық ашқан болып «Айман – Шолпан», «Ақан сері – Ақтоқтылардың» заманауи түрін қойып жүр ғой. Олар Мүсіреповтің пьесасын «түзетемін» дегеннен бұрын оның тырнағына татып алсын. 

-Гүлжан апа, қазіргі таңда елордамыздың Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында  қызмет етесіз. Ғасырға жуық тарихы бар әкемтеатрдан ауысып Астанаға келуіңіздің себебі неде?

-Мұнда келу үш ұйықтасам түсіме кірген жағдай емес. Әуезовте өз орным бар, шәкірттерім бар, атағымды алғанмын, үй-жағдайымның бәрі жақсы болды. Жүргеновте сабақ  бердім. Профессорлығымды да алғалы жатқанмын. Кейін Елбасы Әзекеңді Астанаға шақырды. Әзекең: Бұл жақта көбі жастар. Менің мектебімді, менің жұмыс істеу тәсілімді сен жақсы білесің. Сондықтан, көмегің керек маған. Жасым да келіп қалды, сен қасымда жүр, жастарды бірге тәрбиелейік - деп өтініш жасаған соң келдім ғой. Жастайымыздан тәрбиелеп, тәлім берген Әзекеңнің өтінішін қалай орындамайсың?! 

-Сіз ойнаған «Қымбатты Памелладағы» Памелла өзі кедей болса да, жан дүниесі бай, жастарға бақыт дегеннің байлықта еместігін өзінің тәубешілдігімен, ақыл-парасатымен ұқтыра білген кейіпкер. Бүгінде біршама жастарымыз дүние-мүлікке, атаққа қызығып, рухани дүниесінің байлығын екінші орынға қойып жүргенін білесіз. Жалпы, байлық пен атақтың маңызы қаншалықты деп ойлайсыз? 

-Баяғыда бір кісі айтып еді: «Қымбатты Памеллада» сен өзіңді ойнап жүрсің ғой», - деп (күліп). Мен – бай емеспін. Әртістің ақшасы аз. Тойға барып  ақ басыммен асаба болмаймын ғой енді. Сондықтан мен Өнер университетінде сабақ беремін. Ол да – еңбек. Ауылдан, қаладан әр түрлі тәрбиеде өскен балалар келеді. Оларды түзу тәртіпке, әділдікке, тазалыққа тәрбиелеуге тырысамын. Шәкірттеріме «Мен кіммін?», «Өмірге не үшін келдім?», «Не істеп жүрмін?» деп өздеріңнен есеп алыңдар, бір Алладан тілеңдер деп айтып отырамын. Қазір сатып алған атағына мәз болатын жастар да бар. Сол атақты сатып алғанға қалай қуанады?! Ұят деген қайда кеткен?! Кеуделерінде жүректері өліп қалған ба?! Бүгін жастарды рух тазалығына, рух биіктігіне тәрбиелесе деймін. Тарихымызға үңілсек, ата-бабаларымызда ұлы адамдар, тұлғалар көп болған. Қазір неге тұлғалар аз?! Сонау Төле би, Қазыбек билердің хан алдында әділ төрелік айтқан даналығын үлгі тұтатын ұрпақ қайда?! Біреуді мақтаудың, жағымпаздықтың айналасынан шыға алмай келеміз. «Ақымақ достан ақылды дұшпан артық» дейді ғой, біз шындықты айтқан адамды көбірек сыйлауымыз керек. Өзім осы дәрежеге ешкімнің ала жібін аттамай, маңдай теріммен жеттім. Бұл дүниенің бәрі  қалады. Ертең ештеңені де арқалап кетпейміз. Қазақта «Жаным – арымның садағасы» дейді. Сол сөзде қаншама мән жатыр, балам.   

-Күнделік жазып, немес көңіліңізге түйген сәулелі ойларыңызды  өлең түрінде қағаз бетіне түсіріп жүретін кездеріңіз бола ма?

-Мысалы, театрды жақсы көретін адам және театрға қымет ететін адам болады. Және екеуі екі бөлек нәрсе. Сол сияқты мен де поэзияны жақсы көремін, бірақ жазу менің ісім емес. Анда-санда маңызды оқиғаларды күнделік бетіне түртіп жүретінім бар. 

- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз?

-Мен тұрмысқа ерте шықтым. Күйеуім Пұсырманов Виктор деген кинорежиссер. Қазір марқұм боп кетті. Бір балам бар. Өнерде жүріп дүниеге көп бала әкелуге мүмкіндік бола бермеді. Қазір сол тұяғымыздан немере, шөбере сүйіп отырмын. 

-Солардың ішінен өнер жолын таңдағандары бар ма?

-Әзірге ешқайсысы өнер жолын таңдамады. Себебі, біздің өнермен біте қайнасқан өміріміздің қиындықтарын көріп өсті ғой. Бүгінде бірі заңгер, бірі экономист сияқты өнерден алыстау салаларда жүр. Балаларымның өнер жолын таңдауын мен де қаламаймын. Әртіс болуың үшін сол мамандыққа жаныңмен беріліп, жаныңмен сүйіп, жүйкең де, жүрегің де, жалпы денсаулығың мықты болуы қажет. Өнерге келген соң көптің бірі болмай, не бар, не жоқ болуға тиіссің.  

-Әңгімеңізге рахмет!


 Сұхбаттасқан Ажар Қанатбекқызы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...