(Зейнет жасының табалдырығындағы ой) Адалына көшейін! Қос қолымды кеудеме қойып тұрып сөйлейін! Мені...
Арман Сқабылұлы. ƏКЕМ МЕН ҰСТАЗ
..."Химия" тəтейіміз бүгін де көңілсіз келді. Осы пəнді оқи бастағаннан қабағының бір ашылғанын көрген жоқпыз. Сұрланған күйі журналға үңіліп, кімнің бар - жоғын тексеріп алған соң сабақты бастап кетті. Эх, химия, химия! Мұғалім қандай салқын болса, сен одан да суықсың ғой маған. Миға қонбайды деп айта алмаймын. Басқа пəндердің барлығын беске оқып жүрмін. Тек осы бір "химияны" суқаным сүймей қойды. Суық тəтейден қорыққаннан ғана жаттап келемін......"Химия" тəтей тақтаға əлдебір қосындылардың реакциясын жазып, сызып түсіндіріп жатыр. Ойыммен алысып мен отырмын. Осы кезде есік ашылып, тағы бір ұстаздың басы қылтиды. -Бір минутқа шығып кетші, -деді ол "химия" тəтейге,-Əңгіме бар...
"Химия" сыртқа беттеді. Əлгі тəтейдің əңгімесінің ұзақтау болғанын тілеп біз отырмыз. Мұғалім тез оралды. Жəне де мені қолымен нұсқап, сыртқа шақырғандай болған. Жүрегім су ете түсті. Не болды екен?
-Арман, сыртқа шықшы, -деді түсін сəл жылытып,-Əңгіме бар...
Мəссаған! Бұл кісімен қандай оңаша əңгіме болуы мүмкін? Енді мен сүйретіліп сыртқа беттедім.
-Сенің əкеңнің қоймасына "импортный" етіктер түсіпті,- деді ол тез -тез сөйлеп, -Қазір жүгіріп барып маған біреуін қойдыра салшы! Кешке ақшасын апарып, етікті алып кетемін. Отыз алтыншы размер! Түсіндің бе?
Жүрегім одан əрі суылдап кетті. Əкемді білемін. "Химия" тəтей түгілі аупарткомның хатшысының əйелі жіберсе де бермейді. Таза коммунист. Əлгі "дефицит" дүниелер тізіммен берілетінін мен де естігенмін. Қызына "импортный" магнитофон алып берген ауданның басшысы кеше ғана партбилетінен айрылып, қызметінен түсіп қалған. "Химияға" мұны айта алмадым. Аяңдап ауыл шетіндегі қоймаға қарай беттеп барамын. Алдымда əкем, артыма "химия"...Қысқасы шегінерге жол жоқ! Кенет көңіл түкпірінен бір кішкентай үміт жылт еткендей болды. Əкеме бəрін түсіндіріп айтсам, химиядан қиналып жүргенімді...тəтейді ренжітсе жақсы бағаны түсімде ғана көретінімді...Тіпті "Алтын медаль" жайлы армандардың көкке ұшатынын...Əкем мүмкін түсініп қалар?Əй,білмеймін...
...Қойманың алдында бір топ адам үйіріліп тұр екен. Дәу де болса алыс ауылдардың дүкеншілері болар деп топшыладым. Қат тауардың қоймаға түскені бұларға да жеткен болды. Әлдебір қағазға шұқшия үңіліп отырған әкемнің қасына бірден жетіп баруға жүрегім дауаламады. Анадайда состиып тұрып қалдым. Ол мені сәлден соң байқады. Орынан тұрып, өзі маған қарай беттеді. Өңінен таңданыс білінеді. Сабақ уақытында іздеп келген ұлдың тегін жүрмегенін сезген де шығар...
-Балам, қайдан жүрсің?-деді жақындай бере,-Сабақ қайда?
Үндемедім. Ақырын әкемнің қолынан ұстап оңашалау жаққа беттедім. Ол да ештеңе деместен жүре берген.Қойманы айнала бере ағытылдым-ау. Химияны ұнатпайтынымды, амалсыз оқып жүргенімді, тәтейдің суықтығын, егер бүгін айтқанын орындамасам оның "мұзға" айналуы мүмкін екендігін, ал, «мұз» тәтей бес қоймаса «алтын медаль» ала алмайтынымды...бәрін,бәрін айтып , ентігіп тоқтадым. Әкем күлді. Бас шайқады.
-Балам!- деді жымиып,-Менің сендерден ештеңе аямайтынымды білесің! Сол құрғыр етікті қазір-ақ бере салайын саған! Тәтейің де бес қоятын шығар...Бірақ, сатып алған білім білім бола ма? «Медәлді» де сатып алған болып шықпайсың ба? Қалай ойлайсың?
Жауап бере алмадым. Бұрылып жүре бергенмін. Арт жағымнан әкемнің дауысы естілді.
-Түсінгеніңе рахмет, балам! Тек ана шешеңе айтып қойып жүрме! Естісе екеуміздің де басымыздан қиқу кетпес...
...Сол күні мектепке мүлдем барған жоқпын. Байынқолдың жағасында ойланып ұзақ отырғанымды білемін. Әкемдікінің дұрыс, бұрыс екенін айыра алмай дал болдым. Келесі күні «Химия» тәтей маған ештеңе демеді. Түсінді. Тек бұрынғыдан да суық көзбен қарай бастағандай...
...Мектепті бір ғана төртпен аяқтадым. Жалғыз «төрттік» қай пәннен екенін өздеріңіз де түсініп отырған боларсыздар. Жылдар өтіп, журналист атанып, облыстық «Жетісу» газетіне жұмысқа тұрдым. Редакторымыз Баймолда Мусин керемет адам еді. Жас мамандарға деген қамқорлығы ерекше болатын.Сол ағамыз бір күні кабинетіне шақырды.
-Арманжан, сен осы Нарынқолдан емессің бе?-деп бастады ол әңгімесін,-Ауылдарыңдағы бір мұғалімнің үстінен арыз хат келіп түсті. Оқушылардан ақша жинаған, тіпті ұрған дей ме...Мұндай арыздарды тексеріп, жазуға басқа жақтың жігіттерін жіберетін едік. Бірақ, бұл жолы сені жібергім келіп отыр. Қуанып кеттің ғой, түріңнен көріп отырмын. Мә, арызбен танысып шық! Ертең ауылыңа тартсаң да болады.
Қуанып кеткенім рас енді. Ауылды шынымен де сағынып жүрмін. Оның үстіне журналист болып туған ауылына іссапарға барғанды кім жек көреді дейсіз! Жұмыс үстеліме жеткенше шыдамай қолымдағы арызға көз жүгірткенмін. Жүрегім дір ете түсті. Құдай-ау, сол кісі ғой! «Химия» тәтей! Суық тәтей! Сол ұстаздың үстінен жазылған арыз ғой бұл! Не істемек керек мұндайда?
…Ауылға келдім. Ұлының алғаш рет журналистік сапармен елге келгеніне әке-шешем қатты қуанды. Кешкі шәй үстінде әкем қандай мақала жазбағымды сұраған. Айттым. Көңіл-күйі бірден түсіп кетті.
-Естіп жатырмыз!-деді күрсініп,-Ұстазың шынымен де бірдеңе бүлдірген сияқты. Жұрт солай дейді. Зейнетке шығуына да аз қалған екен. Обал болатын болды...Барлық ата-аналар кешіріп, арыздарын қайтып алыпты. Тек ана Ақанбайдың әйелі ғана қайтпай отыр екен. Енді оған сен қосылсаң, ертең газетіңе ұстазыңды масқаралап мақада жазып жатсаң не болмақ?
Әкем үнсіз қалды.Мен де ойланып отырмын. Баяғы оқушы кездер еске түскені. Суық апай...жалғыз төрттік...Өз ойымнан өзім шошып кеттім. Әкем де ойымды оқып қойғандай болды.
-Ұстазға кек сақтауға болмайды,балам!-деді сабырмен,-Жаман болған жоқсың ғой! Оқуға түстің! Сүйікті мамандығыңды таптың! Мүмкін сол «төрттік» сені қайраған шығар? Мені тыңдасаң , қазір Ақанбайдың үйіне барайық. Сенің ұстазың үшін алдынан өтейік! Мән-жайды түсіндірейік. Бәлкім, кешіріп қалар...
Қайран, әкем! Не деген кең едің! Сол күні кеште ұстазға әлгі ата-анадан кешірім алып, Алматыға алғашқы іссапарымнан құр қол қайттым. Редакторға «арызда жазылған фактілер анықталмады» деп есеп бердім. Оған еш өкінген де жоқпын. Ал, ұстаз...Ол кісіні сол сапарда да, кейін де кездестірген жоқпын. Менің келіп, кеткенімді естіген болар деп ойлаймын. Естісе не ойлады екен? Бұл енді-мәңгілік жұмбақ!