Құлтөлеу Мұқаш. Канадка

ӘДЕБИЕТ
31858

Кеш түсе қара қайыстай болып өзеннен келсем, есік алдында екі қолын беліне таянып әжем тұр екен. Басына аппақ шатырдай жаулығын тағып, үстіне анда-санда ғана ілетін қытайы жібек көйлегі мен түйе жүнінен тоқылған қызғылт жемпірін киіп алыпты.

– Ойбай-ау, күте-күте екі көзім төрт болды ғой-ей, бар боғыр! Тағы судан келдің бе? Баспа онда деп құдайдың зарын қыламын. Талайды жұтқан қанды Қарасу емес пе ол. Енді болмаса қу шыбықтың астына алып айдап келгелі отыр едім. Бар, жуын! – деді зекіп.

– Өзеннен шыққаным жаңа ғой! – деп күңк еттім.

– Бар, бар, сөзді доғар! Беті-қолыңды шайып, жаңа кастөм-шалбарыңды ки. Қазір тойға барамыз!

Алла-ай, осы кемпірдің тойы бітпей-ақ қойды-ау дедім ішімнен.

Бізден үш-төрт үй төменіректе тұратын Жылқыбайдың Құрмашы келін түсірді деп өзім де естігенмін. Қайда барса да қолымнан жетелеп, серейтіп ертетін де жүретін әжем бұл жолы о тойға апармай-ақ қойса деп ем. Тіпті, қатар жүрген балалардан ұят. Бірақ оны түсініп жатқан әжем бар ма. Осы ұл ержетіп қалды-ау, құрбы-құрдасынан қысылатын жасқа жетті-ау деп ойламайды ғой.

Бармаймын деп және айта алмаймын. Сүмірейіп, жетегіне еремін де отырамын. Мен түгілі үйдегі үлкендердің де екі аяғын бір етікке тығатын әжемнің мінезі өзіме мәлім, қиқаңдап көрсең елдің көзінше: «Тек, ынжық неме! Түс былай!» – деп желкеден түйіп-түйіп жіберуден тайынбайды.

Ренжи жүріп, белуардан шешініп тастап жуынғалы жатыр едім:

– Әй, балам, алдымен мына Қалибекке шашыңды алдырып келші. Өсіп кетіпті. Ақысын берейін, – деді дауыстап.

Ол өз ойымда да бар шаруа еді. Сабақ басталғанда кәдімгі жігіттерге ұқсап шаш қойдырып барсам ба дегем.

Жейдемді тез киіп алдым да, әжемнің әмиянының түбінен сығырайып ала алмай отырған ақшасының ішінен бір сомдық сарықұлақты суырып алып, көршінің үйіне беттедім. Ішінен «елу тиын жете ме, әлде жетпіс-сексен тиын берсем бе екен» деп қиналыңқырап отырған әжем көзі жапақтап аңырып қалды да, қолын бір сілтеді. Жарайды, алсын дегені. Есебінің түгел екенін, ол ақшаның құнын Қалибектің соңынан қалмай түрлі шаруаларына жұмсай жүре, еселеп қайтарып алатынын өзі де біледі.

О кезде бір сом – бір жартылық шараптың нарқы. Ақшаны көбірек алса Қалибектің де көңілденіп: «әй, сенің әжең алтын адам ғой, асыл ғой!» деп қолы-қолына жұқпай, үнемі өткірленіп тұратын қайшысын жалақтатып, шашымды әдемілеп алып беретіні маған да аян. Содан соң басында елемегендей болып үстел үстіне немкетті тастай салған бір теңгені әдемілеп бүктеп ышқыр қалтасына салып алады да: «тү-у, өзің шаштан ғана қор болып жүрген бала екенсің ғой! Қатып кетті. Иіс су ғана жетпей тұр. Жөнел, оны шешеңе сепкізіп аларсың!» – дейді.

«Канадка» модасымен қидырған шашыма риза болып, ыржыңдап үйге келсем әжем шешеме:

– Әй, Күлпаш, мына Қуаттың үшкөлге киетін жаңа киімін шығар. Өзің де киін. Тойға адамға ұқсап барайық, – деп жатыр екен.

Шешем де менің сопиып әжеме еріп жүретінімді ұнатпайды.

– Мойнын қылқитып қашанғы жетелейсіз мұны! – дейді жақтырмай.

– Тек-ей, қатын! Мұны жетелемегенде енді сені жетелеймін бе?! Жалғыз шошайып қалай отырамын. Қарашы-ей, қаршадай баланы... Бол, бол!

Сандықтан жаңа киімдерімді алып беріп жатып шешем әжеме естіртпей маған жекиді.

– Сенде де ми жоқ қой! Дардай болғанша ер де жүр шешеңе. Өй, санасыз неме!

– Өзі ғой енді...

– Немене «өзі ғой»?! Тілің байланып қалған ба, неге айтпайсың бармаймын деп!

– Өзің айтсайшы батыр болсаң.

– Кет бар, жоғал! Былғамай жүр үстіңді!..

Осымен шешемнің де ашуы тәмәм. Ақ көйлектің жағасын су жаңа педжактың сыртына шығарып қойып, шашымды сулап тарап, әжемнің қасына шайға отырамын. Әжем мені жаңа көргендей:

– Киініп, шашын қидырып жүрсе менің балам жігіттің әдемісі емес пе! Әкесінің аузынан түсіп қалғандай жарығым! – деп айналып-толғана бастайды.

(Боз жауын. – Астана: Профи Медиа, 2011. – 199-208 б.б.)

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...

Шоу-бизнес

Продюсер Жан Мұқанов Қазақстанда ең көп гонорар алатын әншілерді атады, деп хабарлайды madenipor...