Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында бақ сынаған боксшылар Нұрбек пен Айбек Оралбайдың есімін әпкес...
КӨҢІЛДЕ ҚАЛҒАН ӨКІНІШ (Төлеген Айбергенов туралы)
Ол кезде бізді ешкім де тәптіштеп таныстырып жатпаушы еді. Жаңа жазып, жүрт көзіне енді іліге бастаған жастар бір-бірімізді өзіміз-ақ іздеп тауып, әне-міне дегенше танысып, табысып кете беретін едік. Төлегенмен де қалай танысқаным есімде қалмағаны содан болуы керек, бірақ аса араласып, туысып кетпесек те, көрген жерде әрдайым шұрқырасып қалып жүретінбіз.
Алпысыншы жылдардың басында Төлеген өндірте жазып, газет, журнал беттерінде жиі-жиі жарқырай көрініп, едәуір ауызға ілігіп, жақсы аталып жүрді. Алғашқы кітабы да жарық көріп, қатарлас бір шоғыр топ ішінде жараулы аттай жұтынып жүретіні де есімде. Сол кездегі республикалық газеттердің бірінде жарияланған Төлеген өлеңдерін Тоқаш Бердияров ағаммен бірлесіп оқығаным болған. Сонда Тоқаңның: "Сыңғыры көбірек демесең, осы жігіттің аяқ алысы маған қатты ұнайды, қарымы қаншаға жетерін кім білсін?" – дегені де бар еді.
Тағы бірде Төлегенмен Жазушылар одағының екінші қабатындағы кең дәлізде ұшырасып қалдым. Амандық-саулықтан соң: "Қане, бір өлең оқышы",– деді ол. Газеттердің біріне беремін бе деп жаңа жазған жырларымның бірлі-жарымын жанқалтама сала шыққаным әбүйір болған екен, кейін кітаптарыма кіріп жүрген "Ат" деп аталатын өлеңімді оқып бердім. Өзіне ұқсап екпіндете, егілте, төгілте оқи алмадым ба, әлде ішкі үндестігіміз келіспеді ме, Төлеген ол жырды құлай қабылдай қоймады. "Книжныйлау екен аздап", – деді де қойды бар болғаны. Өзінің өлең оқығанын содан сәл бұрын Мұхтар Әуезов мұражайында өткен бір әдеби кеште тыңдап көріп, таңқалғаным бар еді. Алдымен Қадыр Мырзалиев бастап, мен қостап, қазақ ақындарының дағдысымен қағазға қарап, өзімізге бөлген уақыт есебіне орай бірер өлең оқып, мінбеден түсіп жаттық. Кезегімен тұғырға көтерілген Төлеген өзінің жаңа жазған "Семей" дейтін өлеңін оқыды. Самсаған қарағайлы орман ішінен сансыз құс сатырлай ұшқандай, Ертіс толқыны арнасынан асып түскендей, әйда, бір ақпа-төкпе екпінмен есілді-ай дейсің келіп. Алдында ешбір қағазы жоқ, шумағы біразға баратын өлеңдерді шұбырта, шуылдата, суылдата жөнелгенде, зал іші сілтідей тынды. "Апыр-ай, мына жігіттен бұрын оқығаным қандай ғана абырой болған!" – дедім іштей әрі сүйсініп, әрі өзімді жұбатқан болып.
Алпысыншы жылдардың соңын ала мен Алматы облыстық "Жетісу" газетінің біздің өңірдегі екі-үш ауданы бойынша меншікті тілшісі болып істедім. Бірде редакцияға әжептәуір топтама өлең жібердім де, біраз уақыт жариялана қоймағасын, өзім қызмет істеп жүрген жер ғой, бара көрейінші деп, әлгі өлеңдерімнің соңынан қуа астанадағы редакцияға соғайын. Газеттің әдеби жағын ақын Бекен Әбдіразақов басқарады. Бекеңнің мінезі өзіме мәлім (бұрын "Лениншіл жас" газетінде бірге қызмет те атқарғанбыз), ептеген менмендігі бар, келімді-кетімді жас әдебиетшілерді аяғына да отырғызғысы келмейтін паңдығы да жоқ емес. "Кезек күтіп жатыр, жарияланады ғой, асықпа", – деп жұбатқан болды мені де. Ол кезде жазғанымыз тез жарияланса екен деп тықыршып тұратын кезіміз. Мен де омыраулай дауласып, біраз бұра тартып отырып алсам керек. Бөлмеге таныс-бейтаныс төрт-бес жігіт жиналып, құж-құж әңгіме де басталып кетті. Сол кезде үстімізге көгілдір шолақ жең көйлегімен ғана жеңіл жүрген Төлеген келіп кірді. Алың-ғұлың амандасып жатырмыз. Сөз арасында Бекен: "Мына Төлегеннің өлеңдері номерге кетіп барады, әлде соны алып тастап, Сәкенді жіберсем бе екен?" – деп шіренді.
Төлеген түк қобалжыған жоқ, салған жерден: "Бопты, мен осындамын ғой. Өзім де ауылда көп жүріп қалған адаммын.
Елде жатып, астанадағы жолдастардың ілтипатын аңсаудың не екенін жақсы білем. Сәкен шықсын!" – дегені.
Не керек, секретариатқа барып, біреулерді дүрліктіріп, біреуді шамдандырьш жүріп, ақыры менің өлеңдерім шығатын болды. Менікі де "өз атым жүре тұрсын" деген пендешілік қой, әйтпесе, бірер аптаның әрісі-берісі деген не дейсің, тәйір-ай!
Төлеген екеуміз редакциядан сыртқа бірге шықтық. Менің шұғыл түрде бір адаммен жолығатын шаруам бар еді. Соған асығып, такси ұстадым. "Сенімен бірге жүрейінші", – деп Төлеген де ілесе мінді таксиге. Шынымды айтсам, жалғыз баруға тиіс жер, оны ертуге ешбір ықыласым жоқ еді. Көңіліне келіп қала ма деп қипақтап, қайда бара жатқанымды суыртпақтай жеткізіп, ақыры оны орта жолдан түсіріп кеттім.
Көп ұзаған жоқ: "Нүкісте Төлеген Айбергенов қайтыс болыпты!" – деген суық хабар да жетті маған сумаңдап. Ол кезде Талдықорған жақта тұрам, жерлеуге қатыса алмадым.
Осы күнге дейін ішімді бір өкініш тырнайды да жүреді. "Апыр-ау, ақын дос, аңқылдақ азамат аяқ астынан әлденеге алағызып, ойдағысын ақтарғысы, әңгімелескісі келді ме екен? Сырласарлық жақын бір көңіл іздеді ме екен? Қайдан біліппіз, қатарлас жүрген сыйлас адамдардан ойда жоқта айрылып: "Құдай-ау, сонда жарты күн болса да бірге жүруге нем кететін еді!" – деп бармақ тістеп қалатынымызды. Оны осы күні де елеп-ескеріп жатпаймыз, жас кезде тіпті мән беріп көріппіз бе. Әйтпесе, Төлегеннің қасында бірер сағат болсам түгім кетпес еді ғой. Кісінің көп ішінде жүріп те жабырқайтын, жалғызсырайтын шақтары болатынын білетін едім-ау!..
Төлеген есімі бір жағы өзбек, қарақалпақ, екінші жағы күллі қазақ жеріне түгел әйгілі. Атақ-даңқы әсіресе қайтыс болғаннан кейін қатты дүрілдеп естілді. Даңқына даңғаза дақпырт қоспаған, шын мәніндегі қазақ поэзиясының көгіндегі жарық жұлдыздардың бірегейі еді.
Сексенінші жылдардың басында Өзбекстанның Науаи жағындағы Кенимех ауданында болып едім. Қасымда екі-үш өзбек ағайын бар, түнделетіп аудан райысының үйіне түстік. Ақын екендігімізді естіген үй иесі (қарақалпақ жігіті, атын ұмытыппын) түнімен Төлеген өлеңін оқып еді. Екеуі студент шақтарынан дос екен. Көп әңгіме айтқан.
Жалт етіп өткен жалқы талант еді-ау ол! Төлеген жырымен сусындап, өнерін үлгі тұтып өскен бір шоғыр інілері де осы тұрғыдан түсініп, ақын есімін қастерлеп ұстап келе жатуы да сол қайталанбас талантының арқасы.
Сәкен Иманасов