Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Қаламгерге осындай атақ бер...
Ожаумен неміс соққан атамыз (Әзіл-шыны аралас)
Ертеректе Жанатбек деген көрші атамыз болды. Өзі жұқалтаң келген, қолды-аяққа тұрмайтын ұшқалақтау кісі еді. Қашан көрмесең, қазақ-аяқтың маңында жүретін. Кемпірі етженді, оңайшылықпен қозғала қоймайтын мол пішілген адам-тын. Қалақтай шалын балаша жұмсайды. Оған кейіс білдіріп жатқан Жанатбек атамыз жоқ.
Осы Жеңіс күні бірінің қарсаңында, Ұлы Отан соғысына қатысқандар жайлы мақала жазуға тура келді. Жәй ғана емес, ерлік істегендерін тауып. Біздің үйде шәй үстінде сол атамыздың келіні:
- Батырды алыстан іздеп қайтесің, менің қайын атам нағыз батыр! – дегені
Содан алыстан іздегенім іргеден табылып, Жанатбек атамыздың шаужайына жабыстым. Расында сандығынан саусылдаған сөлкебайларды шығарып, алдыға жайды. Менің өтінішім бойынша әрқайсысының тарихын айта бастады. Өз құлағы естімеген соң, мені де керек деді ме тым қатты сөйледі:
- Мына «Ерлігі үшін» меделді алғанымның өзі қызық болды. Мен шаруашылық бзбодында аспаз едім. Салдаттарға түскі тамақ әзірлеп жатқанбыз. Құлағым кәзіргідей керең емес, ол кезде жақсы естимін. Тіпті саққұлақ едім. Қазанды араластырып жатқанда қаңғыр-құңғыр еткен жат дауысты шалып қалдым. Екі-үш қазан қатар тұратынбыз. Оншақты сарбазбыз. Сарбаз деген атымыз болмаса, бәрімізге ортақ бір мылтық қана. Содан қасымдағыларға тыныш, жау келе жатыр деп едім, Олар басында бір мылтыққа таласып қалып, сосын қолдарына балта-күректерін ұстап сайлана бастады. Әкесінің орманында келе жатқандай кердеңдеп, қаңғырлаған төрт-бес неміс менің қазанымның қарсысынан шыға келгені. Олар мені көріп үдірейісіп тұрғанда, не болса о болсын деп қолымдағы ожауды басымнан бір айналдырып, соларға қарай аттым! Еселаңдар краната деп қалған болуы керек, жан керек екен, жер бауырлап жата қалды. Қазандықтың қалқасында отырған сарбаздар атойлап тұра жүгіріп, күрек-балта, сойылмен бір оқ шығармай соғып алдық. Сол ерлігім үшін осыны берді.
- Ал мына марапатыңызды қалай алдыңыз?
- Е, бұ да сол сияқты... қалың орман ішіндегі бір алаңқайда түскі тамақ жасап жатқанбыз. Кенет жаудың бір сәмөлеті жер бауырлап үстімізден өте шықты. Мен қасымдағы өзім сияқты аспаз Ибанға қазандарды бұл жерден әкетейік, ана жауыз бомбы тастауы мүмкін деп едім. Ол өзі есерсоқтау еді, алдымен бір жеріне қарап алсын деп қырсыққаны. Құдай тағала «Сақтанғанды сақтаймын деген ғой». Қазанымды сүйретіп далдаға паналағаным сол болатын, гүрс етіп бомбы жарылды. Артынан барып қарасақ, Ибан түгілі қазаннан да қалдық қалмапты. Үңірейген шұңқыр жатыр. Егер мен де сол құсап қырсыққанда қанша салдат аш қалар еді...
Осы араға жеткенде кемпірі айқай салды:
- Жатай! Немісті бір өзің қырып тастағандай сонша дауырыққаның не? Құлағым бітіп қалды ғой! Үйде су жоқ, бар суға...
Атамыз флягін арбаға салды да елбелектеп жүгіре жөнелді. Бұл кісінің қазан-аяққа неге жақын екенін енді ұқтым.
З. Самалбекұлы