«...ТӨЛЕН ӘБДІКТІ ТҮСІНЕСІЗ БЕ?..»

ӘДЕБИЕТ
2710

Әңгіме оқып отырмын. «Қазақ әдебиетіне» шығыпты! Кәдімгі көркем әңгіме! Аты –«Көрші». Басталуы бірсарынды, қарапайым ғана баян. Алып-жұлып бара жатқан асқақтау да, ерсілі-қарсылы есіп кету де, тіл безеп текетіреске түсу де, тіпті толқынданып-тулап жату да байқалмайды. Жайбарақат, асып-таспай, өзімен-өзі арна салып аққан момақан өзен суы сияқты. Апырмай, біз ғой, бір әңгіме бастасақ, салғаннан мінезімізді көрсетіп, тілін төрт құбылтып, сөздерін сазды әуенге бөлеп әуреге түсіп кететін едік қой. Мына кісі... қалай жазады? Кенет... есіме талантты әңгімеші, әлемді мойындатқан қаламгер Сомерсет Моэмнің бір жазбасы түсе қалғаны. Ол жазбаушы ма еді: «...Стилге ерекше мән бересің, сөз саптауыңды сүргілейсің...Дыбысталуын тексеру үшін сөйлемдерді дауыстап оқисың, ит сілікпең шығып, шаршайсың. Алайда, адамзат тарихының ұлы романистері – Бальзак, Диккенс, Толстой мен Достоевский қандай стилмен жазып жатқандары туралы еш уақытта да ойланған емес...» Мына менің жазушы ағам да солай болғаны ма? Әуелде «осындай әңгімені мен де әп-сәтте жазып тастай алам ғой» деп пенделікке салынасың. Тіпті... асқақтаңқырап, бұдан да асырып жіберем деп іштей күпінесің. Сол сәтте тағы да есіңе ғажап қаламгер А. Камю айтқан бір сөз орала береді: «...Күрделі жазатындардың түсіндірушілері болады, қарапайым жазатындардың оқырманы болады...» Бұл кісіні сүйіп оқитындар, оған өзіміз куә, расымен де өте көп. Ой сан-саққа бастап, қияға жетелеп кете берген соң, әңгімеге қайталап бас қоясың. О-о, бұны жәй оқымау керек, жүрекке салып әлдилеп алып шығу керек мұндай туындыны! Поезда кездейсоқ кездескен кәрі кісі мен орта жастағы осы оқиғаны баяндаушы арасындағы бір кештік әңгіме ғана! Атақты күйші Әбікен Хасеновпен біраз жыл қабырғалас көрші тұрып, оның атақты күйі –«Қоңырдың» қалай өмірге келіп, қалай аяқталғанын қабырға арқылы ести отырып, ынтыға үйреніп алған, бірақ күйшіні өмірі көріп-араласпаған, тек 1958 жылы қайтыс болып, Алматыдағы Опера театрынан шығарылғалы жатқанда кездейсоқ үстінен түсіп, сонда ғана атын білген сәтте, бүкіл ғұмырын өкінішпен көз алдынан өткерген кәрі адамның ішкі күйзелісі...Ол да Әбікенді өмір бойы білмей келген, ең қызығы осы әңгімені баяндап отырған адам да бір түн сөйлескен кісісінің аты-жөнін сұрамаған. Жә, бұл да қарапайым оқиға делік. Ал, ең сұмдығы... өзі орысқолдылау әрі басқа саланың маманы екеніне қарамастан, қазақтың күйін жан-тәнімен түсініп, әсіресе «Қоңырға» соншама ғашық пейілмен, әрдайым оңашада беріле домбыра шерткен кейіпкер кім болуы мүмкін? Күйге өлердей ғашық адамның адамзатты сүймеуі мүмкін бе? Ондай жаратылыстан қандай да бір арамдықты, тасбауырлықты, қаныпезерлікті... күтуге бола ма? Демек, ол бүгінгі астаң-кестен, абыр-сабыр қоғамдағы өте сирек, өзіміз аңсап-іздеп отыратын, бізге аса қымбат та керек жан. Сондай дара образ. Сондай кесек бейнені езбелеп түсіндіріп, қайта-қайта суреттеп жатпай-ақ, әдемі деталмен астарлап алдымызға сый етіп тартып отыр. Ал, оны кім жазыпты? Әлбетте, жазуы бөлек, төгілісі тың, шабысы өзге, айтары астарлы қазақ қаламгері Төлен Әбдік қана жасай алыпты! Көп соза берер түк те жоқ! Төлен-суреткерді оқиық, достар!

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...