Фариза Оңғарсынова мен Бақытгүл Бабаштың әңгімесі

ӘДЕБИЕТ
5178

ЖАЙЫҚТЫ САҒЫНБАУ МҮМКІН ЕМЕС… 

Жоқ-бардан «өлең» жасағым келмейді...

- Қазір елде «өлеңнің құны төмендеп кетті» деген пікір бар. Алып-қосарыңыз бар ма?

- Поэзия деген қасиетті нәр кез-келген пендеге сіңе бермейді. Бұл бүгінгі күнгі мәселе емес, о бастан жаратылыстың заңы. Поэзияның оқырмандары, астын сызып оқитын жанкүйерлері бар, олар қандай заманда да өмір сүреді. Олар жанкешті. Ал поэзияның құнын түсіріп отырған – бүгінгі қоғам. Қоғамда ақша билік құрған жерде әдебиеттің, өнердің, адамды адам ететін табиғи қасиеттер – адалдық, намысқойлық, көрегенділік, талант пен адамгершіліктің құны болмайды. 

- Жас ақындарды оқисыз ба? Кімдердің есімін ерекше атар едіңіз?

- Жас ақындардың шығармаларын басатын газет-журнал жоқ болса, қайдан оқимын? Мен жалпы өз жылдастарымнан гөрі жастарды жақсы көремін. Менің негізгі сүйенішім де солар. Қолыма, көзіме түскен өлеңдерді қарап жүремін. Жақында Атыраудағы «Армантау» деп аталатын Қойшығұл Жылқышиев пен Гауһар қызымыз ұйымдастырған өнер клубының мүшелерімен кездескенмін. Қуанып қалдым. Әлия Дәулетбаева, Сәулеш Шатенова, фамилиялары есімде жоқ – Бақытгүл, Нұржамал, Жәнібек және орысша жазатын Алмастың өлеңдері ұнады.

- Бүгінгі поэзияда не жоқ?

- Ақындардың көбі публицистикаға, қоғамдағы тірліктің бүге-шүгесіне бет бұрып кетті. Поэзия деген - сезім. Шуақты, таза сезім, жүрегіңді дір еткізер сағыныш жоқ.

- Қазір өлең жазбайтыныңызды жиі айтып жүрсіз. Себебі не?

- Айтқанымды естіп жүрсеңдер, несіне сұрайсыңдар? Өзімнің айтайын деген ойларымның біразын бұрын жазған өлеңдеріммен айтқан секілдімін. Ананы-мынаны ұйқастырып, айтылған жәйттердің өңін айналдырып «өлең» жасағым келмейді. Жаңа түр, тың ойлар келіп жатса, өмір көрсетер.

- Жаныңызға жақын өлеңіңіздің шығу тарихын айтсаңыз.

- Жазғанымның барлығы да жаныма жақын. Себебі, ол – менің жан-дүниемнің, ой-сезімімнің сол сәттегі көрінісі, айнасы.


Кеттің. Енді жаныма жаны ашыр кім?..

Мен сорлы да өрліктен шарасызбын.

Содан бері жанарым мұңға толы,

Содан бері әйтеуір мазасызбын, - 


деп басталатын өлеңімді бар болғаны 15-20 минутта жазғаным есімде. Дос адамыма қатты ренжіп, 5-6 күн көріспей кеттік те, мен жанымды қоярға жер таппай жүрген сәтте жазып ем. Сол өлең:


Мен де қалай жарқылдап жүре аламын,

Жүрегімді жылатса кінәларым.

...Болғаны да жақсы екен бұл өмірде

Өкпелеуге тұратын бір адамың,


деп аяқталды. 

Бақсам, ол адам да менімен «қайта қалай табысамын» деп аласұрып жүр екен.


 Атырау елемесе де, басқа өңірлер шақырып жатады


- Сіз ақын ғана емес, шебер аудармашысыз да. Бүгінгі аударма туралы қандай пікірдесіз?

- Бүгін ғана емес, бізде поэзияның аудармалары онша емес. Бұл ретте Абай Құнанбаевтың аудармалары жаман емес деуге болады. Басқа ұлт ақынының өз тіліндегі тамаша дүниелерін қазақ тіліне ойқы-шойқы етіп, жолсызбен жүрген арбаның жүрісіндей шоқалақтатып аудара салу – қылмыс. Аударма мәселесі (әсіресе, поэзияның) талқыланбайды, бағаланбайды. Талап қойып жатқан ешкім жоқ. Сыншылар үндемейді. Екі тілді қатар меңгергендер, зерттеушілер тым сирек. 

- Соңғы кезде банкир Беляевтардың шығармаларын қазақша сөйлетіп жүрсіз...

- Андрей Беляев – қазақ жігіті. Ата-анасы байдың тұқымы екен, Кеңес үкіметі қуғындап орыс жеріне ауып кетеді де, Андрей ата-анасы дүние салғасын жетімдер үйінде, орыстар арасында өседі. Шын аты – Айтбах. Мәскеуде оқып жүргенде достары «Андрей Беляев» деп, содан осылай аталып кеткен. Қарағанды облысының әкімі шақырып, сонда халықпен кездесуге бардым. Құдайға шүкір, Атырау елі елемесе де, басқа аймақтардың әкім-қаралары, орыс-қазағы болып шақырып жатады. 

Сонда Андрей келіншегі Әлиясын ертіп келіп танысты, өмір жолын айтты. Оқуларын Мәскеуде бітіргесін қанға тартып, ата-баба жеріне келіп бизнеспен айналысыпты. Кітабын берді. «Аударсаңыз» деген жоқ. Үйге келгесін оқып, әрі «елім, жерім» деп келген жас қой деп жаным ашып, бір топ өлеңін аударым беріп едім, «Егемен Қазақстан» басты. Өздері қуанып, естері шықты. Одан кейін «тағы да аударсаңыз екен» деп өтініп еді, бас тарттым. 

- «Қазақ әдебиеті тоқырау кезеңін басынан өткізуде» деген пікір бар. Сіздің ойыңыз?

- «Қазақ әдебиеті тоқырауда» дегенге қосылмаймын. Поэзиямыз әлемдік деңгейде. Проза да солай. Мүмкін драматургия мен әдеби сын алдыңғы екеуіне ілесе алмай жүрген болар... Мына егемендік, еркіндік алған кезіміздегі қоғамдық құрылыстың ауысуы тұсында адамдардың да жан әлеміне дағдарыс, көзқарастардың өзгеруі келеді. Осы сәттегі психология, тұрмыс, тіршіліктегі қиындықтар әдебиетте көріне алмай жатқан болар. 

Бірақ бүкіл әдебиет тұралап қалды деп үзілді-кесілді үкім айту дұрыс емес.

Өнер адамдарының депутат болғанынан халық жамандық көрмейді...


- Шығармашылық адамының саясатпен айналысқаны қаншалықты дұрыс?

- Саясат та – өнер. Шығармашылық адамынан саясаткер шығады. Бірақ депутат саясаткер емес. Жалпы өнер адамы депутаттыққа барғаннан халық жамандық көрмейді. Одан шошымау керек. Өнер адамдарының, журналистердің, ғалымдардың Парламент жұмысына араласуы елге пайдалы. Депутаттар тек бұрын әкім болып байыған, бизнеспен айналысып қалтасын толтырып алғандардан болсын деген заң жоқ. Біреулердің «саясаты» болуы мүмкін, бірақ ондай заң болған емес. 

- Оқырман қауым қазір сізді «жоғалтып» алған сияқты. Қайдасыз?

- Дені дұрыс оқырманның жоғалтып алуы мүмкін емес.

- Егер сізге екінші рет өмір сүру мүмкіндігі берілер болса, қайтадан ақындық жолды таңдар ма едіңіз?

- Әрине.

- Сіздің Мұқағали ақынмен достығыңызды ел әлі күнге әртүрлі жорып жүр. Ақиқатын өз аузыңыздан естісек...

- Мен Мақатаевпен таныстығым туралы «Шашы ағарған қыз» атты прозалық кітабымда және өткен жылы шыққан он томдық шығармалар жинағымда бүге-шүгесіне дейін жазғанмын. Содан оқырсыңдар. Бірақ кейбіреулер айтып жүргендей арамызда жақындық болған емес.


 Жайықтың суы ластанып кетіпті...


- Туған топырағыңызға жиі келіп тұрасыз ба? Жайықты сағынасыз ба?

- Жылына бір-екі рет болса да келіп тұрамын. Ата-анамның, аға-апаларымның зиратына барамын. Ал «елге келіп кетіңіз» деп бұл жақтағы не аудандардың, не облыстың әкімдері шақырған емес. 

Атырауға келсем, кеудем ашылып, тынысымның кеңіп қалатыны рас. Жайықты сағынбау мүмкін емес қой. Біз институтта оқып жүргенде Жайықтың суы мөлдір болатын. Жазда жағасына барып, суға түсетінбіз. Ол жылдары Пешной мен Атырау қаласының арасына жолаушылар таситын трамвайы жүретін.

Қазір Жайықтың суы ластанып кетіпті. Жақсының қадірін білмейтін, қолдағы бардың киесін ұқпайтындардың заманы туып тұрғаны өкінішті.

- Туған топыраққа біржола оралуды ойлаған жоқсыз ба?

- «Біздің бір бұтағымыз еді, елге шақырайық» деп бізді елге, жерге қажет адам деп ойлайтын азаматтар қолқалап жатса, көрерміз. Ал мұнда үй-күй жоқ, «ассалаумағалейкум, мен сіздердің апаларыңыз едім» деп келе алмаймын.

- Сіз... бақыттысыз ба?

- Бақыт деген не? Қазақстанның қай түкпірінде жатқан ауылға барсам да, құшақ жайып қарсы алады. Көшеге шықсам, базарға барсам қарапайым халық кәрі-жасы амандасып жүргізбейді. Халық қадірлейді. Көшеде кездескендердің арасында өлеңдерімді жатқа айтатындар бар. Үлкен-кіші сөзімді жерге тастаған емес. Егер осыларды бақыт деп түсінсең, әрине, бақыттымын.


«Алтын орда» газетінің тілшісі Бақытгүл Бабашпен әңгіме

5-11 мамыр, 2006


author

Фариза Оңғарсынова

АҚЫН

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...