Редакция поштасына "Сұркөжек" деген автордан мақала келіп түсіпті. Мәселенің мәнісі түсіні...
Мүшелдік жыл санау
Жыл санау тәсілдерін адамдар аспан денелерінің өзара қатынастарына байланыстыра отырып, күн, ай, жұлдыздардың қозғалысы арқылы есептеген. Жердің сәл сопақтау болып 23°-тық бұрышпен қиғаштау орналасуы жылдық айналым уақытына өзгеріс енгізетіндіктен, күн арқылы санау мен ай арқылы санаудың арасында 10-11 күннің айырмашылығы туындайды.
Күннің аспандағы көрінетін жолы - сары жол, айдың жерді айналып өтетін жолы - ақ жол деп аталады. Осы ақ жолдың бойымен аралары 13° қашықтықты алатын 27-28 бөлікке бөлініп, олардың әрқайсысында жеке-жеке жұлдыздар шоғыры орналасқан. Бұлар шоқ жұлдыздар деп аталып, ай әрбір шоқжұлдызда бір күннен болып, келесі күні басқа шоқжұлдызға ауысу арқылы жерді бір ай бойы айналып шығады.
Ал күннің аспан күмбезінде бір жыл бойына қозғалып жүретін орнын күн жолы (сары жол) деп атап, оны 30°-тық өлшеммен 12 бөлікке бөлген. Оларға әртүрлі бейнедегі шоқжұлдыздарды топтастырып, жеке-жеке атаулар берген. Олар басқа жұлдыздармен салыстырғанда жарық жұлдыздардан құралады.
Күн жыл бойғы қозғалысында осы шоқжұлдыздардың әрбіреуінде бір ай бойы тұрақтайды да, ай сайын келесі шоқжұлдызға ауысып отырады. Бұлар зодиак шоқжұлдыздары деп аталады.
Осыған байланысты күннің көктемгі теңесуі наурыз айының 21-інші жұлдызына сәйкесетіндіктен, күн есебі бойынша көктемнің алғашқы айы басталып, Күн Тоқты шоқжұлдызының ұясына кіреді. Шығыс күнтізбесі бойынша осы күнді жыл басы - Жаңа күн басталды дейді. Басқаша айтқанда, тұсына күн келген шоқжұлдыз көрінбейді де бұл көрініс шамамен бір ай бойы жалғасып, зодиак айы сол шоқжұлдыздың атымен аталады. Шығыс халықтарының арасында кең таралған жыл санаудың 12 мүшелдік жыл есебі күн мен түннің теңелуінен басталатыны зодиак шоқжұлдыздарының есебі де сол теңелуден басталатынымен сәйкеседі, әрі ол жұлдыздар шоғырының әрбір ай сайын ауысып отыруы, 12 жылдық мүшелдің әрбір жылының да жыл сайын ауысып отыруына да негіз болған.
Мүшел есебі екі жүйеге бөлінеді. Бірі - түркі халықтары қолданған "таза мүшел" - бұл 12 жылмен ғана қайталанады. Ал екіншісі 60 жылмен есептелетін Шығыс Азия халықтарының есебі.
Мүшелдің шығу тарихына байланысты көптеген пікірлер айтылады. Негізгі қорытынды бойынша мүшел есебі б. ж. с. бұрынғы бірінші ғасырда Орталық Азияда шыққан деген тұжырымға келген. "Түркі мүшелі" теориясының негізін салушы Э. Шаванн мүшелді ежелгі Түркілер шығарды, Қытайлар Түркілерден алды деген қорытынды жасаған. Бұған дәлел ретінде Күлтегін жазуындағы уақыт, мүшел жыл есебі бойынша жазылғаны және 1957 жылы Оңтүстік Қазақстандық Созақ ауданынан табылған, мүшелдегі хайуандар бейнеленген, мыстан жасалған орта ғасырлық түркі медалін келтіруге болады.
Күн күнтізбесінің есебі бойынша, ай күнтізбесінен 11 тәулік артық болғанымен Арабтардың ай күнтізбесінде ол айырмашылық есепке алынбайды. Сондықтан, араб күнтізбесіндегі жыл басы Григориан күнтізбесі бойынша жыл сайын 11 күн бұрын келіп, жылдың әрбір айына сәйкесе береді. Ал жұлдыз есебі бойынша Ай мен Үркердің тоғысуы арқылы есептеліп, бір жылда 13 тоғыс болып, бұл 364 тәулікке есептеледі. Ал Монғол, Қытай ай күнтізбелік есебі бойынша, жыл басы жыл сайын 11 күнмен бұрын келіп, бұл уақыт жыл сайын Қаңтардың аяғынан, Ақпанның аяғына дейінгі аралыққа сәйкесіп, сол аралықтағы туған айдың бірінші жаңасына дөп келіп отырады. Бұны ай жаңасының мерекесі немесе шаған (ақ мерекесі) деп атайды.
Ал түркілердің, соның ішінде қазақтардың, жыл басын зодиак есебі бойынша алуы нақты астрономиялық негізге сүйенгенін көрсетеді. Григориан есебі бойынша, Қаңтардың 1-інен бастап, мүшел жыл басталды деп айтып жүргеніміз дұрыс емес. Оған ешбір негіз жоқ. Мүшел жыл есебі бойынша, жаңа жыл наурыздың 21-і күні яғни, Тоқты шоқжұлдызының басталған күнімен сәйкес келуі дұрыс, әрі, нақты табиғи болмысқа жанасып тұр. Бұл күн туған айдың бірінші жаңасына сәйкес келуі шарт емес. Дана да қырағы, алғыр бабаларымыз күрнің өз жолының бойындағы бір жылғы қозғалысында 12 шоқжұлдыздың әрбіреуінде бір ай бойы болып, келесі жылы күн мен түн теңелгенде алғашқы орнына келетінін ескеріп, бір жыл бойғы осы жүйенің баламасы ретінде әрбір жылға бір-бір хайуанның атын беріп, оны жылдың бір мүшесі деп белгілеген. Осылайша 12 жылды 12 мүше болғызып, олардың жалпылама атауын "мүшелі жылдар", "мүшел" деп атаған. Бұл адамда 12 мүше, малда 12 жілік болады деген ұғымға да үйлеседі.
Күнді бірінші болып көріп, жыл басы болу үшін хайуанаттарды бәсекелестіруінің себебі де зодиак есебіндегі тоқты шоқжұлдызына күннің қабысуы 21-ші наурыз күнгі таңғы күннің алғашқы сәулесімен тұспа-тұс келетініне негізделген. Сондықтан да жаңа күн туып, жаңа жыл басталды деп есептеген.
Жылдардың атауын беріп, ретке келтіргенде аңыз бойынша, түйені жылдан құр қалдырып, "түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты" деген мәтел қалдыруының да сыры бар. Өйткені, тышқан түйенің өркешіне шығып, батысқа қарап отырып, тау басына түскен күн сәулесін бірінші болып көреді де жыл басы болады. Ал, түйе жылдан құр қалса да жылға қатысқан барлық хайуандардың белгісін өз бойына сақтап қалған дейді. Әрі түйенің күлге аунайтынын да осымен байланыстырып, түйеден қорқып қашып шығып, күлдің астына кіріп кеткен тышқанды таптап тастау үшін, түйе күлге аунайтын болған екен деп аңызда айтылады.
Бұл сонда кездейсоқ сәйкестік пе? Әрине, олай емес. Дана халқымыз жылға кіретін хайуанаттардың атын реттеп белгілеуге түйені таңдап алған. Себебі: Түйенің дене бітімінде (жаратылысында) әртүрлі хайуандарға тән ерекшеліктерін қамтитын белгілердің барын аңғарған. Көшпенділердің қырағы, байқампаздығын танытқан.
Сонымен, жылдарға атау беру үшін, түйені арнайы таңдап алып, тышқанға күнді көрсетіп, түйені жылдан құр қалдырып, оны есте мәңгілікке сақтау үшін аңыз тудырып, түйенің бойындағы белгілеріне байланысты жылдың хайуанаттарын таңдап орын иелендірген. Сондағы реті былай болған екен.
"Сөз анасы- құлақ" деп, жүйелі сөзге жүгінген халқымыз жаңалықтың жаршысы "құлақты" қастерлеп (тышқанның құлағы түйенің құлағына ұқсайды) әрі күнді бірінші болып көргендіктен (көрсеткендіктен) тышқан жыл басы болған. Аңыз бойынша түйенің бойындағы жыл хайуандарына тән белгілерін ретімен атасақ:
1. Құлағы - тышқанның (түйе құлақ тышқан) құлағындай.
2. Қарыны - сиырдың қарынындай.
3. Табаны - барыстың табанындай.
4. Еріні - қоянның ерініндей (жырық).
5. Жалпы денесі (тұрқы) - ұлудікіндей. (Шөккен нар түйенің бейнесі ұлуға ұқсайды, ал түрегеп тұрғанда айдаһардың бейнесіне де ұқсайды. Қытайлардың айдаһар жылы деуіне байланыстырсақ)
6. Көзі - жыланның көзіндей (дөңгелек ).
7. Шудасы - жылқының жалындай (желкілдеген).
8. Жүні (бүйір жүні)- қойдың жүніндей (біртекті нығыз).
9. Өркеші (арқа омыртқасы) - мешіннің (маймылдың) арқасындай бүкірлеу.
10.Төбе шашы - тауықтың айдарындай (шошақ).
11. Саны - Иттің санындай (артқы аяғы).
12. Құйрығы - доңыздың құйрығындай.
Бұл моңғол халқының аңыз-ертегісі деп айтылғанымен, түркі халқына ортақ. Өйткені барлығында да осындай аңыз бар.
Мүшел арқылы жыл қайыру есебі бойынша, алғашқы мүшел 13 жас деп есептеліп, кейінгі мүшелдерге 12 жылды қосып есептейді.
Бұл есеп туған жылына сәйкес жылдың атымен алынады.
Бабаларымыз жылдың атауларын ретімен жаттау үшін хайуандардың атының басқы әріптерінен басталатын бір шумақ өлеңді де құрастырып берген.
Түйе сеніп бойына,
Қалған ұмыт жылдардан.
Жатпа қарап, мойыма,
Тайма, именбе, ділмардан.
Мінеки, ағайын, мүшелдік жыл санаудың тарихы осылай екен. Табиғи танымға жуық, ұлттық менталитетімізге қонымды, салт-дәстүрімізге сәйкескен ұлттық мерекеміз наурызды қастерлеп, нақты жыл басы, жаңа жылымыз деп қабылдайық.
Мекеш ТӘЛІП