«Жарыс қазан» ырымы не үшін жасалады?

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
32361

Тамыз. Жексенбі. Таңғы 6.40. Ұялы телефоным шыр етті. Селк етіп ояндым. Абысыным екен. «Жақсы хабар болғай» деп тіледім ішімнен. «Маржан, кеше кеште келінім толғағы қысып ауруханаға түсіп еді, әлі босанбады. Үйдегі сандықтардың аузын ашып, түйілген заттарды шешіп қойдым, ырымы екен, тек артынан келген әбдіресінің кілтін таппадым, сол ашылмай тұр. Толғақ шақыратын қазақтың қандай ырымдары бар?» - деді бір білсе осы мұғалімдер білер-ау деген ниетпен. Жуық арада ойыма еш нәрсе келмеген соң, «Дәрігеріне жолықсаңдаршы, қасында болмайсыңдар ма? Тәңірім жар болсын енді! Аман-есен босанып алса екен!», -  дедік бір-бірімізге жамырай...

Есіме анамның дәл осындай жаз мезгілінде, кенже бауырыма толғатып, алма бақтың ішінде босанғаны түсті. Жетпісінші жылдардың басы еді. Ол кезде әжем бар. Анам әжеме «Апа, ішім ауырды» дегені сол еді, кейуана қызын ерекше қамқорға алды. Біз секілді балаларға тапсырма беріп, барлығының міндетін бөліп қойды. Көрші әйелдер шақырылды. Олармен еріп бір топ балалары да келді. Тай қазанға су ысытылды. Екінші қазанға ет қуырылып, самаурын  қойылып  жатты. Анамның толғағы жиілей бастағанда дүниеге келетін сәби оңынан келсін деген ниетпен шақырылған ересек екі - үш әйел анамды ақ киізге орап, «Оң ба?», «Оң!», «Оң ба?», «Оң!» деп бір-біріне сұрақ – жауап берісіп, анамды киіздің ішіне жатқызып, бірнеше мәрте оңға, сосын солға тербетті. Бұны бақылап тұрған балалардың ішіндегі сотқарлау біреуі әйелдермен жарыса, «Сол ма?, Сол!» деп «қыңыр» сөйлегені сол еді, әйелдердің бірі «Тек, әй!» - деп жекіріп тастады. Осы жайды қалт жібермей тұрған бала-шаға, жиналған әйелдер оған жақтырмай жалт қарағанда, бала теріс айналып сыртқа жүгіріп шығып кетті.

Осыдан кейін, «Суларың, ыдыстарың дайын ба?» деген әжемнің сөзіне үлкендер «Дайын, дайын» - деп жарыса жауап беріп жатты. Анамның жүзі бозарып, дегбірсіздене бастады. Толғақ жақындады-ау деген мезгілде, үлкендер анамды бақтың ішіне кіргізді. Әжем оған «ағаштың бұтақтарынан ұстап керіл, өзіңе жеңіл болады» деп кеңес берді. Біз балалар абдырап, анамыздың қиналған сәтін көріп, сырттан бақылаймыз. «Толғағы жеңіл болсын, мазаламаңдар!» деп бүкіл топты әжем бақтан шығарды. Балалардың ересектеуі болғандықтан анамды жалғыз қалдырмай, ол кісіні алыстан бақылауды әжем маған табыстаған. Самалды бақтың ішінде анам екуіміз ғана. Бақ ішіндегі арықта сылдырап мөлдір су ағып жатты. Анда санда, алма ағаштарынан әбден піскен алманың топ етіп түскен дауысы естіледі. Мен болсам бірде суға, бірде жапырақтары желкілдеген алма ағаштарға, бірде менен аулақта, бақ ішінде жүрген анама қараймын. Анам бақ ішінде Тәңіріне жалбарынып, бұтақтардан ұстап керіліп, «дене жаттығуындай» қимылдар жасап, ары - бері біраз жүрді. Сәлден соң әжем келіп, «Мынаны шешеңе апар, күш береді,» - деп кесенің түбіне салынған қуырдақты әкеп берді. Анам оның бір екі түйірін аузына салды да «Өзің жей ғой» деп кері ұсынды.

Майға қуырылған жұмсақ қуырдақты тамсана жеп алдым. Бір сәтте анам аулағырақ жүріп барып, өрік ағаштың түбіне жайғасты да, ізінен қалмай жүрген маған бұрылып, баяу ғана «Әжеңді шақыршы,» - деді. Жүрегім атша тулап, есім кетіп үйге қарай жүгіре жөнелдім.

Бұл кезде үйдің ішінде сары самаурын мен қуырдақты ортаға алған әйелдер мен балалар абыр-сабыр болып астанып жатқан еді. «Әже, сізді шақырып жатыр,» - деген сөзді естіген жұрт лезде орындарынан ұшып тұрып, үлкендер жағы алма баққа асықты. Балалар жағы болса әрқайсысы өзінің міндетіне оралды.

Біз келгенше анам ақ жаймаға босанып үлгеріпті. Ер бала екен, өзі көп жыламады. Әйелдердің бірі баланың кіндігін кесті, енді бірі баланы жерден көтеріп алды да етегіне салып жаздық қамбаға кетті. Үшіншісі жас босанған анамның үстіне тон жауып үйге әкетті. Әйелдер баланы жылы су құйылғын кердең ыдысқа тұз, тиындар салып шомылдырды. «Тұзды молырақ сал суға» деді ересектеу апаларымыздың бірі жайбарақат. «Ырымы ғой, мына тиынды сен ал» - деп су ішіндегі тиындарды өзара бөлісіп алды.  Сәбидің үстіне қойдың майын жағып жылылап орады да, үлкен үйдегі анасына жеткізді.  Үлкен үйге аналарымен ілесе бала шаға да  кірді. Әйелдердің бірі төр бөлмеде астына қалың киіз төселініп, мамық төсекте жылы оранып жатқан анама баласын ұстатты. Ұлын қолына алған анам жымиып, сәбиіне қарады. Күні ұзақ осы сәтті күткен топ, аналар да, балалар да бір сәт тыныштала қалып, ана мен сәбидің кездесуіне куә болдық. Арадағы тыныштықты әжемнің «Енді шуламай сыртқа барыңдар», деген дауысы бұзды. Көрші әйелдер де, балалар да үндемей сыртқа бет алдық. Бақытты анам баласын кеудесіне қысты… 

...Дәл қазір қандай көмек берсем деген ниетпен интернет бетінен босану кезіндегі ырымдар туралы оқи бастадым.

 «Ертеде қазақ үшін босану табиғи құбылыс болыпты. Бұл ерекше оқиға ауылдың кәрі-жасына бірдей әсер етіп, бәрі Құдайдан толғақтың жеңіл болуын, туатын нәрестенің аман болуын жалбарына тілеген. Осы кезде босанып жатқан әйелдің ең жақын көршілері “жарыс қазан” деп аталатын тамақ дайындайтын. Бұл ырым бойынша кімнің тамағы бұрын пісіп, дәмді болса, сол сәбидің тез тууына себепкер болды деп, шілдеханада арнайы көрімдік-байғазы алатын болған...» депті. Жарыс қазан... Кесе түбіндегі жұмсақ қуырдақ... Дереу абысыныма телефон соқтым.

«Нұрила, пышақ қайралып үйде ас әзірленуі керек. Жарыс қазан жасау керек.  Ал екіншісі толғақ қысқан әйел мұрнымен терең дем алып, ауаны аузымен сыртқа шығаруы тиіс,» - деп, дәрігер маманның сайттағы түйіндемесін жеткіздім. Телефонның ар жағынан абысынымның «Йә, йә, жарайды!» деген асығыс сөздері естіліп жатты. «Аман есен босанса екен!» дедім де мұздатқыштағы етті алуға кірістім. Жарыс қазан...

Түстен кейін абысыным хабарласты «Сүйінші, келін босанды! Ұл туды!», деді жарқын дауыспен. Тебіреніп кеттім. Тылсым табиғаттың сыры мол күшіне таң қалдым. Көзіме балалық шақта қалған шуақты жаз күні, ақ киіз бен алма бақ, балаларын соңынан ерткен базарлы даланың ақ жаулықты мейірбикелері елестеді...

Халық Гаухар Желдібайқызы

Ұстаз, аудармашы

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...