(РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВТЫҢ ӘЛІ ДЕ ЖАРЫҚ КӨРУГЕ АСЫҚПАЙ ЖҮРГЕН ТОСЫН ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ БІРІ)("Мәдениет п...
АЙТМАТОВТЫҢ АБЫРОЙЫ ЖӘНЕ АУДАРМА. (бүгінгі тәржіма жайынан).
Көзіқарақты оқырман, әдебиет десе ішкен асын жерге қояр әрбір азамат жақсы білетін болар, әр елдің рухани мұраларының әлемдік деңгейде танылуы деген ең алдымен сапалы да сауатты аудармаға көп байланысты. Бұл дау тудырмас мәселе.
Көркем әдебиет десе әлем жұртшылығы ең бірінші кезекте Уильям Шекспирді, сосын Лев Толстойды көбірек таниды екен. Неге? Өйткені, дүние жүзінің тілдеріне барынша көбірек аударылған қаламгерлердің көш басын осы екі сөз зергері бастап тұр.
Ал, содан соңғы кезекте кім дерсіз? Ол – адамзаттың Айтматовы! Айтматов шығармалары осы күнге дейін 160-қа жуық тілдерге аударылып, сол елдердің рухани қазынасына айналыпты. Біз бұл деректерді не үшін шегелеп айтып отырмыз? Қазақ әдебиеті, Аллаға шүкір, бұрын да тым осал болмаған, қазір де өз биігінде десек, артық сөз бола қоймас.
Оған дәлел – соңғы 20-25 жылда жарыққа шыққан поэмалар, дастандар, хикаяттар, романдар, әңгімелер, драмалық туындылар...Әрине, бәрі бірдей шетінен шедевр демесек те, солардың арасынан іріктеп алып, ең болмағанда 4-5-еуін әлем тілдеріне аударсақ, қолымызды кім қағады! (Мақтана аударуға, шаттана көрсетуге татитын толымды да кесек дүниелер жоқ десек, ол ұлы қиянат! ) Аударма – рухани асыл дүниелерді алысқа, шет жерлерге сүйреуші алып күш! Аударма – бір елдің мәдени мұрасын басқа елдерге таныстырып қана қоймай, аралық байланыс-сыйластықты нығайта түсетін тегеуірінді тепкішек! Оған мән бермеу, атүсті қарау – айналып келгенде, өзіміздің құнды қазыналарымызды өзіміз тұмшалаумен пара-пар!
Шіркін, қашан және қай уақытта біздің де бір мықты қаламгеріміздің туындылары әлем тілдеріне көптеп аударылу жағынан ең болмағанда алғашқы ондыққа, жиырмалыққа, тіпті алғашқы елулікке кірер екен? Соны ойладық..