Модерн әдебиеттің шоқтығы биік шығармалары болып есептелетін «Жоғалған уақыттың жоқтауы»...
Біздің Баян сұлу мен арабтың Ләйлі сұлуы Жаратушының есімі екені айтылады
Кейбір деректерде біздің Баян сұлу мен арабтың Ләйлі сұлуы Жаратушының есімі екені айтылады. Мына бір "Ләйлі-Мәжнүн" туралы деректі Аманғали Қалжановтың парақшасынан алдым.
Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ:
- Арабта Имрул Қайыс деген ұлы ақын болған. Қазақта көп жырлаған «Ләйлі-Мәжнүн» сол Қайыстың поэмасы. Қазіргі скепсис тұрғысынан алғанда адамның махаббаттан мәжнүн болып қалуы ақылға сыймайтын нәрсе. Бірақ "Ләйлі" есімі, зерттеушілердің айтысына қарағанда «Алла» сөзінің фонетикалық варианты екен. Қалай болғанда да, бұл махаббат жаратқан иенің көлеңкесінде, соның куәлігінде. Батыс Еуропаның ақындарын таңқалдырған осы жәйт. Кейіннен пайда болған «Беатриченің бейнесінде осы «Ләйлі-Мәжнүннің» әсері бар. «Махаббат – өштік» бұл да кейінгі адамзаттың ойлап шығарғаны. Шын махаббат амбивалентті нәрсе емес. Мынау Үндінің философиясында «адвайта» деген ұғым бар. Орысша «недвойственность», бізше «екіге бөлінгенмен бір негізділік». Қайыстың поэмасы осы «бірнегізділік», қандай тағдыр кессе де алғашқы асқақ, киелі күйінде қалатын махаббат жайында...
Ал атақты "Қозы Көрпеш- Баян сұлу" жырындағы Баян сұлу жайындағы мына бір деректі Жамбыл Артыкбаев ағаның парақшасынан қысқартып алдым:
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ:
Этнографиялық деректер түркі-моңғол халықтарының Байана, Ұмай ана, Май ана деп атап жүргендерінің бір ғана ана құдайы екенін анықтайды.
Қазақтың ішінде сақталған «ой-бай» сөзінің мағынасы тек Байана ұғымы арқылы ғана түсінікті болады. «Ойбай» Байананы көмекке шақыру, жалбарыну, толық нұсқасы «Ой-бай-ана». Ал енді ісләм уағызшыларының (молдалардың) «ойбай» сөзіне байланысты «шайтанның атын атама, бісміллә де, тіліңді кәлимаға келтір» деуі, Байана атының ұмытылуына ісләм дінінің тікелей ықпалы бар екенін көрсетеді. Шындығында да, Сібір түркілерінің әлі күнге есінде жүрген «Байана» қазақтың ішінде тек «Баян сұлу», немесе одағай «ойбай» түріңде сақталуы ісләм дінінің тікелей ықпалының нәтижесі.
Көне заманда «байана» ұғымының географиялық және этникалық шекарасы Еуразия құрлығын түгел қамтып жатты. Бұл ұғым тек түркі-моңғолда ғана емес үнді-еуропа, финно-угор, семито-хамит т.б. тіл семьяларында кеңінен тараған. Бірақ толық мәнін тек Орталық Азия халықтары сақтап қалды.
Ендеше, Баян сұлу бейнесіне негіз болған Байана Жаратушы образы ретінде ондаған мыңдаған жылдар, ал Баян сұлу образы ретінде 1000 жылдан астам өмір сүрді.
Баян сұлудың тарихы міне осылай!
P. S. Сәйкестік тегін емес. Біздің Баян сұлу осы жырлардың барлығының түпнұсқасы ма деймін. Осы арабтың әйгілі "Ләйлі-Мәжнүні", ағылшынның мақтаулы "Ромео мен Джульеттасы" біздің "Қозы Көрпеш - Баян сұлудың" үлгісінде туған жыр ма екен деген де ой келеді. Алғашында Жаратушыға ғашық болған адам бейнесі кейін келе-келе қыз бен жігіттің махаббат сюжетіне айналуы мүмкін ғой. Қозы мен Баян Ислам дініне дейінгі өте көне жыр. Сондықтан ол жердегі құдай - Ұмай ана. Әрине, бұл болжамымызға әлі көп ғылыми дәйектемелер керек. Терең зерттеуді талап етеді.