«Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» дейтін сөз бар еді. Бірақ қазір сөйлеу үшін б...
Қазақ драматургиясының дара шыңы
Теңіздің қуысында дүниеге келіп , күллі қазақ әдебиетіне ерекше рең берген, онымен қоймай жұтаңдап қалған қазақ драматугиясына жаңа серпіліс пен жаңалық әкелген Рахымжан Отарбаев екені сөзсіз. Рахымжан аға өзінің саналы ғұмырында ұлттық руханияттың күрескері болды . «Жұтаңдап қалған қазақ драматургиясы» деген себебім , бүгінгі қазақ театрларында ұлттық драматургия шығармаларынан тапшылық болғаннан кейін барлығы дерлік шетел шығармаларын интерпретациялап сахнаға шығара бастады . Бұл әрине ештеңе жоқ деген сөз емес . Алайда, отаршылдық саясаттан езгі көрген ұлттың рухани әлемін өсіруде аздық ететіні анық еді. Сол кезде өзіндік стильімен , тарихи ақтаңдақтардың ақиқат лебі есіп , «Бейбарыс сұлтан» , «Бас» , «Мұстафа Шоқай» , «Нарком Жүргенов», «Жәңгір хан» , «Сырым батыр» сынды пьессалар дүниеге келді.
Драматургия қиын жанр. Айтар ой мен оқиғалар легін қиыстырып бір-екі сағатқа сыйғызып жіберу көбінің қолынан келе бермейді. Рахымжан ағаның да бұл салаға сап етіп түспегені анық . Эрнест Хемингуэй « Жазушы болу үшін талантпен қоса бақытсыз балалық керек» дейді , соған қарағанда жазушының жастайынан анасынан айырылып мұң мен қиялға үйір болғанынан болар. Тағы бір айта кететін жәйт, өзі айтқандай «әулиелердің үйі» секілді Жазушылар одағында « Алтын жұлдыз тағып , шетелдік костюм киген кербездеу – Ғабит аға , шолақ пупайка , қолына жонып алған кішкене таяғы бар – Ғабиден Мұстафин, ақ бас бурадай желпілдеген – Тахауи Ахтанов, бал-бал тас құсап келетін – Әбіш аға» сынды қуатты толқын ұстаздардың жанында жүріп мектеп көрген . Сахнаның қадір қасиетін сезінген тұлға пьесса жазуда өз-өзімен сөйлесіп, күліп , кейде көзіне жас алып , кейіпкер болып сөйлеген. Ертең сахнада артист сөйлегенде қалай қабылданады екен деп автор , бір жағынан режиссер , жартылай актер, тіпті көрерменде болған. Менің көзқарасымда Рахымжан ағаның драматургиясының даралығы атақты тарихи трагедиялық тұлғаларды сахнаға алып шығуы деп білемін. Сондықтан да драматургтың «Бас», «Бейбарыс сұлтан» , «Жәңгір хан» сынды пьессалары туралы сөз қозғағым келеді.
Осыдан жиырма бір жыл бұрын жарық көрген «Бейбарыс сұлтан» пьесасы өзінің өзектілігін жоғалтпаған шығарма. Бұл тарихи драмалық дастанда бала кезінде құлдыққа алынып , одан кейінгі өмірі Мысыр елінде әскербасы болуымен , баладан данаға , құлдан көсемге айналған Бейбарыс сұлтан туралы баяндалады. Алайда , бұл тек автобиографиялық дүние емес. Автор пьессада тағдыры қым – қиғаш , қарама-қайшылыққа толы Бейбарыс сұлтан арқылы қандағы батырлық пен тектілікті , туған жердің жусаны үшін астындағы атын , басындағы тәжін тәрк етуге дейін барған махаббатты , сағынышты көрсете білді. Бұл жерде бітпес тақталас та , қанды құйғын соғыста бар. Шығарманы оқи отырып Рахымжан ағаның бұл тақырыпқа ерекше ұқыптылықпен , ізденіспен кіріскенін байқаймыз . Бір айта кететін жәйт , қазақ театрының сахнасына тұңғыш рет Бейбарыс сұлтанның образын алып келген ол- Рахымжан Отарбаев. Мен мұны драматургтың алғашқы даралығы деп білемін. Ол сахнада айтылған әрбір сөзіне жауапкершілікпен қарап, халық алдында жауап беретінін білген. Бейбарыс сұлтанның шығармадағы тік мінезділігі , рухы мен ірілігі автордың өзі секілді ой қалыптастырады. Өзімнің пайымдауымша Рахымжан ағаның мұндай тарихи тұлғаға қалам тартуы жәйдан-жәй емесі анық .Себебі, олар қаны да жаны да бір топыраққа жақын тұлғалар. Бүгінде театр репертуарынан ойып тұрып орын алған бұл спектакль тарихымызды түгендеуге, жас ұрпақты тәрбиелеуге келгенде таптырмас құрал деп білемін.
Рахымжан Отарбаев драматургиясының бір айтарлықтай тұсы , драмалық кейіпкерлерін ақтауында. Соның тағы бір дәлелі «Жәңгір хан» пьессасы. Автордың өзі айтқандай « хан бүтін елдің басын қосқан үлкен тұлға еді, би бітімшісі еді, батыр бар жоғы қорғаны еді» дейді. Рахымжан Отарбаев көмескі болған тарихты өзгеше жағынан жаңартып, тарихи кейіпкердің болмысын қалыптастырды. Пьессада Жәңгір ханның тарих түбіндегі игілікті істерін насихаттап , халықты білімге , мәденитке үгіттеп мектеп ашқан, халықтың денсаулығы үшін дәріхана ашып , Ресейден арнайы ағаштар алып келіп ордадан ботаникалық бақ ашқан қайраткер туралы суреттеледі. Пьессада компазициялық құрылым, оқиғалар легінің күрделеніп келіп шиеленесуі драматургтың шеберлігі екені сөзсіз. Н.Ә.Назарбаевтің өзі « хандардың ішіндегі ең прогресивті Жәңгір хан» деп баға берген . Біз Жәңгір ханның жақсы басшы болғанын іштей сеземіз алайда жетер жеріне дейін құрметтеп келеміз бе?! Осы жолда Рахымжан аға ерекше қадам жасады. Отаршылдық саясат кезіндегі қазақтың мұң-мұқтажын арқалаған Махамбет пен ағайын мен ақ патшаның қыспағында қалған Жәңгір ханды тосын образдарымен жолықтырады. Бұл да драматургтың тағы бір даралығы секілді. Автор қазақ үшін жұмбақ болған Жәңгір ханның бейнесін ішкі монологтар арқылы беруге күш салады. Бұл дегеніңіз шиеленіскен оқиғалар кезегінде психологиялық күйзелісті беруде таптырмас көркемдік тәсіл. Оның үстіне драматургтың өзіндік ерекше стилі , кейіпкер тілдерінің бояуының қанықтығы, сюжеттік өткірлігі, образдардың драматизмге толы бейнесі пьессаға ерекше рең беріп тұр.
«Бас» романына желісі бойынша жазылған екі бөлімді, төрт көріністі «Бас» драмасына көз жүгірттім. Ауыр шығарма . Драмада « Қазақ тұрғанда иықта бас тұратын ба еді?» деген сөз тұла бойыңды шымырлатып жібереді. Негізінен автордың бұл драмасы ең көп жазылған машақаты ауыр пьесса болған. Пьессада өз-өзін келек қылу (самоирония), ащы сарказмдар «біз де өз –өзімізге күле алады екенбіз ғой» деген ой қалыптастырады. Рахымжан ағаның қалам тартқан бұл шығармасы Махамбеттің басы арқылы тарих қойнауындағы «әттеген-айларымызды», ақтаңдақтарымызды еске түсіріп ұлықтауға көп ой салды . Себебі , Махамбеттің дәуірін бүгінгі адамның ойымен суреттеді. Бүгінде батырдың ұлттық , мемлекеттік дәрежеде ұлықталып келе жатқанына бірден – бір сүбелі үлес қосқан Рахымжан Отарбаев . Сол үшін де мен өзімнің азаматтық позициямнан Рахымжан ағаға рахмет айтамын. Шындығында біздер Махамбет бабамыздың басына екі рет қомақты ақша тігіппіз. Бірі – тірісінде жоғалту үшін, екіншісі – жоғалған басты табу үшін. Өкінішті ... Ұлттық тұлғаларды зерттеу арқылы ұлттық драматургияға жаңа леп қосқан Рахымжан Отарбаев дара болмай кім дара болсын?!
Сонымен, драматург Рахымжан Отарбаев аяулы тұлғаларды тірілткен, сұлу сөзбен сурет салу арқылы қалың көрерменге астарлы ой сала білген дарынды тұлға. Қазақ драматургиясының мен мұндалап тұрған дара шыңы. Рахымжан аға жаздым болдым деп қол қусырып отырмады. Елдің қай-қай кемшіл тұстарын ой сарасынан өткізіп, ақ парағына жазып не болмаса пікір білдіріп жүрген «шынайы» күрескер. Ел-жұрт арасында «Рахымжанның сөзіне қарасаң ертедегі билер сияқты, өзіне қарасаң кісі ататын киллер сияқты, пьессасына қарасаң Шиллер сияқты» деген әзіл қалыптасқаны Рахымжан Отарбаевтың тұлғалық тұрпатын көрсетіп тұрғандай. Ойласам , Рахымжан ағаны талай көрсем де қолын алып өмірімде бір-ақ рет амандасыппын. Мысы басқан болуы керек. Осындай ірі тұлғамен қанаттас өмір сүргеніме мен де қуаныштымын. Сондықтан да бұл бәйге үшін жазылған шығарма емес. Жүрегі «қазақ» деп соғатын исі қазақ баласы үшін Рахымжан Отарбаевтың драматургиясы ұрпақ көріп , ұлағат алатын өзінің өзектілігін жоғалтпайтын туындылар. Бір сөзбен айтқанда тағы да «Рахымжандар» шықпайынша Рахымжан Отарбаев өлмек емес.
Нұрайым Тезекбаева