Уильям Шекспирдің сонеттері (4-бөлім)

ӘДЕБИЕТ
2254

22
Айна — сиқыр: мені қарт деп кім айтар!
Сен жас болсаң, екеумізге сол ортақ.
Әжіміңді жыртқан жердей молайтар
Күндер туса, сол ғой гүлім солар шақ.
Сені көрсем, өзімнің жас түрімді
Көргендеймін айнадан мен ап-анық.
Маған сыйың — жас жүрегің дірілді,
Өзімдікін саған берем апарып.
Аялап бақ досың үшін өзіңді,
Соныкі ғой соғып тұрған жүрегің.
Жүрегіңді, өз анаңдай төзімді,
Қайғы, дерттен қашық ұстап жүремін.
Бір-ақ тағдыр қос жүректің күткені:
Мендегі өлсе, сендегінің біткені.

23
Әртістей-ақ, жасқаншақтап жүргенде,
Үйреншікті рөлінен жаңылған.
Есердей-ақ, ашу-ыза бүргенде,
Қуат-еркін құр шығындап, дал ұрған. —
Мен де үнсізбін, не дерімді білмеймін.
Сөйтсе де ол сөнгені емес сезімнің.
Жоқ, аузыма құлып салған бұл менің
Ұшан-теңіз махаббатым өзімнің.
Саған кітап ағынан бір жарылсын,
Қолдаушым сол, мен десе, ауыз жаппайды ол,
Сол-ақ саған жалбарынып жалынсын,
Әділ жолмен өш алғанды жақтайды ол.
Тілсіз ғашық сөзін оқыр кім барсың?
Ал, үнімді көзбен қалай тыңдарсың?

24
Менің көзім суретшідей бар саған,
Көркің сенің көкірегімде болғасын.
Мен бір тірі құрсау соны қоршаған,
Ал, өнердің ең асылы — жалғасы.
Сол құрсаудан суретіңді іздесең,
Шеберін оқ қаламындай ұшталған.
Асыл әйнек сүйе білген көз десең,
Шеберхана сол әйнекпен тысталған.
Тату-тәтті көздеріміз — қанағат,
Менің көзім суретіңді салғыш-ақ.
Жарқыратып көктен шеберханаға
Күн түсіргіш — сенің көзің жалғыз-ақ.
Әттең, тәңір берсе-дағы көз маған,
Жүрегіңді бір көруге жазбаған.

25
Туған күні бақ жұлдызын көргеннің
Мақтанышы — мансап, атақ, тұрмысы.
Ал, мен болсам, аз сыйлыққа көнгенмін,
Бар бақытым — махаббаттың тынысы.
Бекзадаға, тоғышарға сенгендер
Күн астында шешек атып жайқалған:
Бірақ күннің көзі бір сәт сөнгенде,
Күнбағыстың семгені де байқалған.
Қолбасы да, жеңістермен желіккен,
Соңғы айқаста сорлап қала беретін.
Із де қалмай ірі даңқ пен ерліктен,
Ұмыт болып көресіні көретін.
Менің мәңгі дәрежеме тимек кім, —
Сүйіктімін, сүйем, әрі сүймекпін.

26
Пендесі едім корольге шын берілген!
Саған деген құрметімді дәлелдей
Елші салдым ақ қағазға терілген
Шешендігі болмаса да пәлендей.
Сөз таппадым өз басыңа лайықты,
Түсін, бірақ: Адал ниетім — ер шыны.
Өзің әсем қиялыңмен киіндір
Сол бір сорлы, тыр жалаңаш елшіні.
Мүмкін мені белгісіз бір бағытқа
Бастап келе жатқан жарық жұлдыздар
Жеткізер де атақ-даңққа, бақытқа;
Оған дейін жұмбақ, жүдеу бір біз бар.
Бақ дарымай, махаббатым түлеткен,
Шықпасын ол тас қараңғы түнектен.

27
Ұйқым келіп, шаршаған соң жұмыстан
Рақат тыным алсам деймін төсекте.
Жатсам болды — жолға шығам жылыстап,
Баяғы сол бір-ақ мақсат есепке.
Саған қарай жүз мәртебе қозғалды
Диуананың жолын қуған жас жүрек.
Кірпік ілмей кірбің тартқан көз алдым —
Су қараңғы соқыр көрген тас түнек.
Жай таппаған жан, көкірек көзімен
Бір сені іздеп, қараңғыны қармағам.
Кіріп келсең, сені дереу сезінем —
Көлеңкеде көбең сәуле бар маған.
Махаббаттан маған ешбір тыным жоқ, —
Жол шықпайтын күнім яки түнім жоқ.

28
Шаршағанға қалай төзер бұл дене,
Жай тауып бір жан тыныштық көрмесе,
Күн азабын сейілтпеген түнде де
Күндізгі шер көкіректі кернесе?
Күндіз бен түн — өзара өш екі жау —
Достасқандай бір-біріне қол созып.
Күндіз — күйбең, түнде — жаным жабырқау
Асылымнан айырылғанды қор сезіп.
Ашық күнмен салыстырдым мен сені,
Ақ сәулесін алам ба деп мекендеп.
Түнді де мен мадақтадым белсене,
Жұлдыздарың қалқашымдай екен деп.
Бірақ, күнім барған сайын қараң-ды;
Келер түнім — кешегіден қараңғы.

Аударған Хамит Ерғалиев


Уильям Шекспирдің сонеттері (3-бөлім)


author

Уильям Шекспир

ДРАМАТУРГ

Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде рэп оқитын полицей елді таңқалдырды, деп хабарлайды madeniportal.kz. Мәліметтерге...

КІТАПТАР

Адамды адам еткен—кітап,                   &nbsp...