ТАМШЫНЫҢ ЕЛЕСІТүс теңізінің шүңетіненЕкі тамшы емін-еркінҚалқып ұшты.Іле-шала көзге түртсе көр...
Журналистер – сөз қадірін білетін жандар
Журналистика – өнер. Өнерде өзгелерден озатындар бар немесе киелі өнерді меңгере алмай тозатындар бар. Қазақтың маңдайына біткен өнерпаздары қаншама. Халық пен билік арасындағы көпір болып, ұлтына қалтықсыз қызмет ететіндер де жетерлік.
Бүгінде Қазақ радиосы ұлтымыздың үніне айналды. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қазақтың радиосын сүйіп тыңдайтыны анық. Көпшілік қауымның сүйікті «дауыстары» да бар екені мәлім. Сол дауыстың қатарында Гүлмира Нәлібай ерекше орын алады.
– Гүлмира ханым, сіздің журналистикаға үлкен маxаббатпен түскеніңіз анық. Елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын осы мамандықты таңдауыңызға кім себепкер болды?
– Дұрыс айтасыз, журналистикаға үлкен махаббатпен түстім. Бұл салаға мені қызықтырған, бұл салаға мені ұмтылдырған, осы саланы маған арман еткен Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №2 мектеп интернатындағы аяулы, ардақты ұстаздарым болды. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытқаннан кейін осы пәнді меңгере жүріп, қандай салада кейін білім алуға болады, қандай мамандықты таңдауға болады деген сұрақтар болған кезде журналистика мамандығын таңдауыма себепкер болған ұстаздарым екені өтірік емес. Сондықтан да мен мектебіме, қара шаңырағыма басымды иіп, зор алғысымды айтамын.
– Журналистің көтерер жүгі ауыр деп жатады. Әйел жаратылысына журналистика қиын жол дейтін көзқарас тағы бар. Сіз үшін осы тұжырым қаншалықты орынды?
– Журналистика нәзік жандылар үшін, әрине, қиын жол, қиын мамандық. Кезінде Темірбек Қожакеев атамыздың өзі қыз балалардың журналистикаға келгенін қаламаған екен. Бірақ қазіргі уақытта журналистикада жалпы 80% қыздар деп айтсақ, артық айтқанымыз емес.
Әрине, мамандық болғаннан кейін, оны таңдағаннан кейін, сол салада еңбек етіп, маңдай теріңді төгіп, адал наныңды жегенге не жетсін. Ана ретінде осы салада еңбек етіп жүргеніме қиналып жүрмін деп айта алмаймын. Аллаға шүкір, жанымда қолдаушым, ата-анам бар. Балаларымның тәрбиесіне қарайласады. Балаларым да менің осы салада жүргенімді жақсы көреді. «Менің анам журналист» деп үнемі мақтанып жүреді. Қазіргі уақытта барлығына үлгеруге болады. Үйімізде кір жуғыш машинамыз, газымыз бар, көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Сондықтан да бала тәрбиесі, үй жағдайымен қатар осы мамандықты алып жүруге қазір барлық мүмкіндік бар.
– Бүгінде сіз концерт, той жүргізесіз, Қазақ радиосында қызмет атқарасыз. Жалпы журналистердің той жүргізуіне қалай қарайсыз? Осылардың қайсысы жаныңызға жақын?
– Иә, радиода жүргеніме 15 жыл. Он жыл той-думан жүргіземін, асабалық қызметім бар және концерттер жүргізушісімін. Негізінен журналистер сөз қадірін білетін жандар ғой. Сөзді қай жерде қалай айту керек, сценарийді қалай жасау керек, уақытты қалай дұрыс пайдалану керек, қай жерден ұтымды шығып кету керек, қолайсыз жағдайларда не істеу керек, осындай ситуацияның барлығынан шыға алатын мамандық иелеріміз. Жалпы журналистердің той басқаруына қарсы емеспін. Себебі, журналистер басқарған тойда мән болады, мағына болады деп ойлаймын. Олар – үлкен жауапкершілікті алатын жандар. Жаттанды сөзден ада, өз ойынан, жан дүниесінен, жүрегінен шыққан сөзді тойдың иелеріне, концерт көрермендеріне арнайды. Сондықтан да мүмкіндігінше сөздің қадірін білетін, халықтың қадірін білетін жандар той жүргізсе деп ойлаймыз. Қашанда аузыма түскен сөзді дұрыс айтуым керек, дұрыс жеткізуім керек деген үлкен жүкті арқалап жүреміз. Егер қабілетің болып тұрса, жүргізуге мүмкіндігің болып тұрса, неге жүргізбеске?! Бірақ тойды жүргізу барысында, көпшілікпен жұмыс істеу барысында қазақтың сөз өнерінің қадірін кетірмеуіміз керек.
– "Студенттік өмір – ең соңғы кезең ерке шағымның" дегендей, студенттік кезеңге бір оралсақ, тәтті естеліктеріңізбен бөліссеңіз.
– Студенттік өмір – әрине, бұл ең бір тәтті кезең, естен кетпес тәтті күндер. Қиындығы да болды, қызығы да болды. Біздің студенттік өміріміз қазақ ұлттық университетінің территориясында өтті. «№5 жатақхана» деген керемет жылы ұямыз болды. Бізге білім алуымызға, оқуымызға, жақсы студенттік жылдарды өткізуімізге зор мүмкіндіктер жасалды. Сол үшін де біз ҚазҰУ-дағы ұстаздарымызға, декан, басшыларымызға әлі күнге дейін ризамыз, разымыз.
Ол кезде өзім өте белсенді студент болдым. Бірінші курсқа түскеннен бастап №2 мектептен қалған қашан да алдыңғы орында жүру деген ұстаным болатын. Бірден көзге түсіп, факультеттегі түрлі шараларға белсене араластым. Сол кездегі деканымыз Намазалы Омашев мырзаның қолдауымен ансамбль ашылған болатын. Сол ансамбльде өнер көрсеттік. Содан соң жатақхана өмірінде де өте белсенді болдым. Жатақхананың 3 қабатының старостасы қызметінен бастап «Студенттер кеңесінің» төрайымы деген дәрежеге дейін жеттім. 5 жатақханада сол кезде комендант болып қызмет еткен бір апайымызды әділетсіздіктеріне байланысты жұмыс орнынан шығарып жіберуге дейін барған болатынмын. Әділетсіздікке, теріс ұғымға мен өте қарсы болатынмын, тек шындықты айтып жүретінмін. Әлі де солай ғой. Сондай бір қызық болған. Содан соң төрт курстың қазақ бөлімдері мен орыс бөлімдерімен бірге ұйымдастырып, 20 теңгеден ақша жинап, «Қыз сыны» байқауын өткізгенмін. Ол да бір қызықты естелік.
– Бала Гүлмира қандай еді? Журналист Гүлмира Нәлібай қандай?
– Бала Гүлмира үндемейтін, момын, ішкі жан дүниесін сыртқа шығарып айта алмайтын, сондай бір тұйық қыз болатын. Сол кезде мені пісіріп, осы өмірге қанаттандырып, бойымдағы жасырынып жатқан талантты ашып берген №2 мектеп интернаты болды. Ал қазір Аллаға шүкір, болдым, толдым демеймін, әлі де үйренерім көп, әлі де өзімнің қателіктерімді көріп отырып «әттең-ай» деп отыратын сәттерім де болады. Мүмкіндігінше әйтеуір жақсы болуға тырысамын. Бірақ қай жерге барсақ та «Даусыңызды бір жерден естіген едік», «Қазақ радиосынан сөйлейтін Гүлмирасыз ба?» деген кезде сәл де болса қуанып қалатыным рас. Сондықтан да әлі де өзімнің есімім үшін еңбек етуім керек деп ойлаймын.
– Қара шаңырақтан бірге түлеп ұшқан жолдастарыңызбен ара қатынасыңыз қандай?
– Әрине, оқу бітіріп кеткеннен кейін бәріміз жан жаққа қанат қағып, ұштық. Отбасылы болдық, бала-шағалы болдық. Арада біраз үзілістер болды. Араласа алмай қалған кездеріміз болды. Бірақ қазір журналистиканың әр саласында курстастарымыз еңбек етіп жатыр, шүкір, мақтанамыз, олармен марқаямыз. 31 арнада Ирина Советжанқызы, Гүлбану Әниятқызы, Қазақ радиосындағы айтыскер-ақын Талант Арғынғали, Орал өңірінде басшылық қызметте жүрген Бауыржан Халиолла, Қазақстан ұлттық арнасында Нұрбол Қапеш және басқа да еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген курстастарымыз бар. Барлығымен мақтанамыз. Бір қызығы, соңғы екі-үш жылда қайтадан басымызды қосып, жиналып, ай сайын болмаса да, 2-3 айда бір жиналып, дастарқан жайып, бір-бірімізді қонақ етіп, араласып тұрамыз. Жан жақтағы курстастар келсе де жиналамыз. Ең бір қызық кездегі достар ғой. Олардың орны бөлек, жөні бөлек. Сондықтан да курстастарымыз аман болсын дейміз, олармен сыйластығымыз, достығымыз мәңгі болсын дейміз.
– 85 жылдық мерейтойға факультетке, ұстаздарыңызға, жас әріптестеріңізге деген ізгі тілегіңіз болса...
– Мінекей, биыл біздің ұлттық университетіміздің, қасиетті қара шаңырағымыздың 85 жылдық мерейтойы екен. Осындай керемет шаңырақта білім алғанымызға, осындай керемет шаңырақта еңбек ететін ұстаздарымыздан дәріс алғанымызға қуаныштымыз. Тимирязев көшесінен әрі-бері өткен сайын сондай бір сағынышпен еске аламыз, кейде көзімізге жас келеді. Бүгінде ұлттық университетіміз өзгерген, жаңарып, жасарып кеткен. Осында білім алып жатқан әрбір шәкірт тек биіктен көрінсін, ұстаздардың үмітін ақтасын. Осы орайда ректорымыз Ғалымқайыр Мұтанов мырзаға да зор алғысымызды білдіреміз. Өзі өнерге жаны құмар жан, өлең десе шабыттанып, жыр жолдарын жазатыны бар. Кейінгі кезде әнге де сөз жазып жүр. Әрі университетке бар жағдайды жасап жатыр. Ректорымызға Алла разы болсын. 85 жылдық мерейтой құтты болсын. 98 жылдық тарихы бар қазақ радиосында еңбек етіп жатқан түлектеріңізден жалынды сәлем. Жайнай беріңіздер, аман болыңыздар!
Сұхбаттасқан: Айдана Желдібаева
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 2 курс студенті