ӘңгімеКүдіктенгеніндей-ақ, үй іші мұның «Көшербай бабамның атын шығарамын. Той жасап, ас берем...
Гу ЧЭН. «БІР ҰРПАҚ»
ТАМШЫНЫҢ ЕЛЕСІ
Түс теңізінің шүңетінен
Екі тамшы емін-еркін
Қалқып ұшты.
Іле-шала көзге түртсе көргісіз күміс тұманға сіңіп
Шашырап кетті
Сәл ғана желпіп өткен самалға ілесіп.
Мен бейне сәби секілді
Біртіндеп күңгірт әлемге бойлап бара жатқан сенің
Саусақтарыңнан мықтап ұстап алыппын.
Біздің әлемге,
Жер үстіне
Тамшы елесін ертіп әкелмек болып
Тырбана береміз
Босқа.
ЖАҢБЫР
Күл кейпіндегі сұрқай бұлыттар
Қаншама жусаң да тазармас сыңайлы.
Қол шатырымызды жазып алдық та,
Аспанды мейлінше тарайтып,
Қаралтқым ірең шашіп жібердік .
Жәйбарақат қана қалқыған түн құшағында
Екі жұлдыз ағып келеді,
Жолында тұрлау жоқ,
Ерік жоқ,
Біресе шырқырап қиырға кетеді,
Біресе жұптары жарасып.
БІР ҰРПАҚ
Түн маған қаралтқым қос жанар тарту етті,
Мен онымен тынымсыз жарық іздедім.
ӘНТЕК ҮМІТ
Мен және сансыздаған жұмыртқаға айлана алмайтын малта тастар,
Бөгесін іспеттеніп
Тізіліп тұрмыз.
Өзеннің көкшіл толқыны өрмелеп келіп
Жұтып алады біздерді,
Сосын,
Ақырын ғана құса салады.
Өзге ештеңе жоқ,
Тек қана
Бал құрақтардың көлеңкелерін жетелеп
Желкілдеп өскенін көргіміз келеді.
АЛЫС ПЕН ЖАҚЫН
Бірде маған қарадың,
Бірде бұлтқа.
Маған қараған сәттегі жанарыңнан
Ту алыстағы сұлбаңды көрдім,
Ал,
Бұлтқа көз салған кезіңде
Жақындық сездім
Бірігіп кетердей.
КЕСКІН
Жарқ ете түскен
Көктегі жалқын сәулелер,
Іле- шала
Қабара жылжыған қалың бұлтқа
Сіңіп жоғалды.
Сосын,
Төпелей соққан нөсерлі жаңбырда
Бостықтай тазарып
Мейлінше жуылды
Рухымның парақшалары.
УАҚИҒА АРХИВЫ
Түн
Жүзіне перде тартып алған
Бір топ адам тәрізді,
Жуықтап ақырын келеді де,
Аялсыз тайып тұрады.
Мен түсімнен адастым,
Қалтамда соңғы һәм ұсақ бір теңге қалыпты.
“Тоналдым”
Бұл сөзді құлағы шалды да
Күн
Қараңғылықты өкшелеп қуа жөнелді.
Десе де,күннің соңында тағы бір қараңғы дүние
Жылыстап келе жатқаны байқалды.
ОҢАШАЛАНУ
Тыныштық құшағында тұнжырап тұрған тастарды
Көктей өтіп
Теңіз жағалауына жуықтап келемін.
…Айта ғой, қане,
“Мен міне бүкіл әлемнің тілін
Емін- еркін меңгерген жанмын.”
Теңіз күлгендей болды.
Қарашы,
Су ішінде шортандай жүйткіген құстар,
Бауыры жарқылдап әуеде асыр салған балықтар,
Әуезінен әлем күбірі аңдалған жағалаулар…
Мәңгілікпен шендесіп кеткен
Осынау ғажап күдік- күмандарға
Көз қырын салып,
Тіл қатып та қоймайды екен- ау.
ШАҒЫН КӨШЕ
Жыландай ирелеңдеген,
Арқандай шұбатылған.
Есіксіз,
Һәм терезесіз.
Қолыма әбден ескірген кілтті ұстап,
Көшенің
Қалың да қалың дуалын
Қағып қоямын.
САҒЫМ ТАУ
Күреңітіп тұрған алып тау бауыры
Алыстан
Әлдебір байырғы сарбаздың сұлбасы байқалды
Тұлпарын жетелеген,
Жаяу.
Жол болса таудан алыстау арада
Ғайыпқа сіңгендей із- түссіз жоғалған.
Сан- тарау аңыз-әфсаналардың
Түп қазығындай қасқая,
Айланып кетті ол сазарған суық мүсінге.
Бүгін әзезілге ұқсайды,
Ертең періштеге.
КӨЗ АШЫП - ЖҰМҒАНША
Уәде бұл,
Уәде –
Көз аударуға хақым жоқ ендеше.
Жолаушы біткенге мейірмен көз салып,
Тамшылары
Ауа дидарына сәуледей төгілген
Фонтанның үстінде кемпірқосақ
Ырғала билеп тұрды.
Кенет,
Көзімді жұмып қайта ашқанымша
Матасып жатқан бір тізбек жыланға айналып үлгірді.
Жым- жырт шіркеу ішінде үн- түнсіз ғана уақыт санап отырмын,
Қарсы алдымдағы қабырғада сыртылдай соққан сағат ілінген.
Кенет,
Көзімді жұмып, қайта ашқанымша
Шыңырауға айланып үлгірді түбіне көз жетпес тұңғиық.
Шымылдық бетінде шоқтана құлпырған қызыл гүл,
Көктемнің жібек самалын желпіне қарсы алып тұрды.
Кенет,
Көзімді жұмып қайта ашқанымша,
Өлім исі мүңкіген қан дағына айланып үлгірді.
Уәде,
Сол уәде үшін
Қақпауым керек кірпік те.
Қытайшадан аударған:Арман Әділбек