Алмас Темірбай: «Оянба, қазақ, оянба!»

СӨЗДІҢ АТАСЫ
19112

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты!

Міржақып Дулатұлы

Оянба, қазақ, оянба,
Бұл неткен ұйқы, ой, Алла?!
Тырс еткен дыбыс шыққанда
Қашпаушы ма еді қоян да?!

Біз қоян емес, қасқырмыз,
Албасты ұйқы басқырмыз!
Сыртқы бір жүнді қампайтып,
Аспанға ұлып, аш жүрміз…

Қасқыр боп жүріп ырылдап,
Бастан ауды ма бүгін бақ?!
Мысық боп, әлде, кеттік пе,
Ұйықтай берер пырылдап…

Міржақып айтты, тұрмадың,
Абайға мойын бұрмадың.
Сатыла берсін қыздарың,
Атыла берсін ұлдарың!

Қандай түс көріп жатырсың,
Түсіңде ғана — батырсың!
Әлемді жаулап алуға,
Сәл ғана қалды, жақынсың!

Елімді, Алла, тонатпа,
Жерімді жауға жолатпа.
Депутаттарым дөңкиіп,
Қорылдай тұрсын Сенатта!

…Отырып-тұрып, ұйықта,
Көлікке мініп, ұйықта.
Үйіңе кіріп, ұйықта,
Жұмыста жүріп, ұйықта!

Мектепте ұлың ұйықтап,
Әскерде інің ұйықтап.
Жердегі ұйқың аздай боп,
Ұшаққа мініп ұйықтап…

Не болмақ түбі бұл күнің?!
Жүр екен ояу кім бүгін?!
Ұйқыда жатқан адамдар
Оята алмас бір-бірін…

Ұйқтамас анау жау, бірақ,
Жүрсе де қанша қалжырап.
Бейкүнә, сәби халқым-ай,
Бесікте жатқан маужырап…

Әлди-ай, әлди, Алашым,
Әлжуаз, аңқау баласың.
Оянасың да шошынып,
Ыңылдап ұйықтап қаласың.

Білмеймін, тіл-көз өтті ме,
Қалмақтан бір сөз жетті ме?!
Шоқынды орыс сиқырлап,
Гипноз жасап кетті ме?!

Бұл неткен сұмдық сиқыр, ә?!
Ботадай халқым — бейкүнә,
Омырауына отын жарып жатсаң да,
Оянбайтұғын ұйқыда.

Ұлылар — үнсіз молада,
Солардан ұят-обал, ә?!
Ұлтымыз жатыр — гипнозда,
Рухымыз жатыр — комада…

Дәрігеріңнен қайран жоқ,
Дәрілеріңнен қайран жоқ.
Жатқандай жындыханада
Тұрайын десем, айлам жоқ.

Ал, не істе дейсіз, енді сіз?!
Ертеңім — адам сенгісіз….
Рухымыз жатыр — комада,
Оянар қашан, белгісіз?!


Алмас Темірбай.



Жаңалықтар

7 қарашада Тараз орталығындағы пәтерлердің бірінен екі әйелдің денесі табылған, деп хабарлайды maden...

Жаңалықтар

Ресейде жас қыз пойыз астына түсіп, аман қалды, деп хабарлайды madeniportal.kz Sputnik.kz ақпарат по...