Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту, мұрағат ісі басқармасы бастамасымен «Мәдениет порталы...
САРДОР ЮЛДАШЕВ: Елін ырысты ету - азаматтық борыш
Кейбір кісі уақытын қайда жіберерін білмей, дағдарысқа түсіп жүрсе, Сардор Юлдашевтың әр минуты санаулы, әр сәтінің мақсаты бар. Ол ісі мен білімін де үздік меңгере білген, жүрегінде оты бар жан.
Сардор - Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚХА-ның «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жастар қанаты жетекшісі. Сонымен қатар Медицина университетінің V курс студенті ретінде білім алып жатыр.
Сардор Юлдашевпен жолығып, жалынды жастан сұхбат алған едік:
- Сіз «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жастар қанатына жетекшілік етіп келе жатқаныңызға біраз жылдың жүзі болыпты. Бұл, әрине, аса жауапкешілікті, азаматтық ұстанымды талап ететін маңызды жұмыс. Осындай қадамға бел буып, қоғамдық жұмысқа қашаннан бері араласа бастадыңыз? Әңгімеміздің әлқиссасын содан бастасақ деп едік…
- Шамамен, осыдан үш жыл бұрын болу керек, аталмыш орталықтың бір жиналысына қатыстым. Сол жиында осы бірлестіктегі қыз-жігіттердің атқарып жатқан істеріне қатты қызығушылық таныттым. Міне сол кездесу мен үшін шешуші қадамға жол ашып, бүгіндері өзім де қолымнан келгенімді аямай, ортақ іске үлес қосудамын.
Маған ақылшы, демеуші болып жүрген осы орталықтың төрағасы - Шерзод Пулатов деген абзал азамат. Әрине жалғыз адам бәріне үлгермейді, оның серіктері де өзі секілді шын пейілімен еңбекке берілген адамдар.
Орталықта өтетін барлық іс-шаралар осындағы жастарсыз өткерілмейді десе де болады. Аға буынмен қоян-қолтық араласып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жатырмыз.
Жылына кемінде екі мәрте төрағаның бастамашылығымен студент жастармен жүздесу өткізіп, орталықтың істерімен таныстырып отыру дәстүрге айналған. Жай ғана әңгіме шертпей, әркім өз ойымен, болашақтағы жоспарымен бөлісіп, өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды насихаттаудағы істерімізді ортаға саламыз.
Осы орайда біздің орталықтың белсенді жұмысы көпшілікке белгілі екенін қадап атап өткім келеді. Егер жастар жағынан біздің ісімізге қызығушылық пайда болып, ортамызға қосыламыз деп жатса, оларды құшақ жайып қарсы алуға дайынбыз.
— Білуімізше, сіз болашақ дәрігерсіз. Солай бола тұра, мынадай қоғамдық жұмысты қалағаныңызға қандай себептер әсер етті?
— Бала шағымнан дәрігер болуды арман еткен едім. Шипагерлік кәсіпті жаным қатты қалады. Жаны мен тәні дертті болған жандарға қол ұшымды беріп, бейнеттен арылтқым келді. Науқас адамның жазылып, өмірге қуана қарағаны қандай ғажап көрініс десеңізші. Мен сондай бақытты сәттерді сыйлағым келді.
Сол арманым жүзеге асып, қазіргі таңда - Астана медициналық университетінің бесінші курсында оқып жүрген жайым бар. Тәжірибе және материалдық толығу үшін осы күні Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 қалалық аурухананың «Политравма және эндопротездеу» бөлімшесінде мейіргер қызметін атқарамын.
— Кез келген жастың өзіне үлгі тұтатын тұлғасы болады. Сіздің сондай тұлғаңыз кім дер едіңіз?
— Оныңыз рас. Мен үшін үлгі боларлық екі жан бар. Соның бірі – әкем. Ол менің бойыма өз қаны мен қасиетін дарытып, адамгершілік, адалдық сияқты ардақты сезімдерді сіңірді. Әсіресе ұлтжандылықты әкемнен қабылдадым. Сонан кейінгі бір адам – есімі күллі әлемге әйгілі кардиохирург Леонид Бокерия. Ол кардиология саласына өлшеусіз еңбек сіңірген ғажап маман. Ұлы адамға тән кішіпейілділік пен аса еңбекқорлық оны білікті, білімді профессор, академик дәрежесіне көтерді. Және студенттерге деген ыстық ықыласы бір төбе.
Өз басым «Кардиология және аритмиология» мамандығын игеріп, білікті дәрігер болуды алдыма мақсат етіп қойдым. Осы жолда оқумен біргеауруханада жұмысты қатар алып келемін.
— Сіздердің орталықтарыңызда жастар саны қанша? Және мүшелікке өтудің талаптары қандай?
— Жүзден астам жас осы орталықтың шаңырағы астында ұйысқан. Көбіне студенттер арасынан ниет білдірушілер көптеп шығады. Олар әлеуметтік желілер арқылы хабардар болып, бізбен хабарласып, орталықтың мүшесі болуға ынта танытады. Мүшелікке өту үшін аса бір қатаң талап бар деп айта алмаймын. Ең бастысы ниет пен ізгі істі атқаруға деген белсенділік қажет. Сонымен қатар ортамызға қосылған жастардың әлбетте, өз ұсыныстары болуы өте тамаша болар еді. Осындай ауызбіршіліктің арқасында табысты мемлекеттің іргетасын берік ете түсу деген мақсатымызды біртіндеп іске асырып жатырмыз.
— Жастар тарапынан қандай бастамалар айқын танылып жатады?
— Этномәдени бірлестіктердің басты бағыты – ұлттық рухани құндылықты қастерлеп, сақтай білуде жатыр. Бұл біздің күнделікті ісімізден көрініс табуда. Мысал ретінде алар болсақ: «Астана ғунчалари» би ансамблі соның бір дәлелі. Ұйымның жетекшісі Мухтарам Мамадалихановамен бірге талай сайыстарда шоқытығы биік межелерді иемденіп келеміз. Осы ансамбль құрамындағы жастар - Астана медицина университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және «Парасат» көпсалалы медицина колледжінің студенттері . Әсіресе, бишілерімізді аса мақтан тұтамыз!
Сондай-ақ, «Астана ешлари» жастар қанаты белсенділері тобынан құрылған «Пойтахт» футбол құрамасы ойын көрсетеді. Олар 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҚХА мұрындық болған мини-футболдан бірінші орынға қол жеткізді. Ал 2018 жылы үшінші орынды місе тұтты. Құраманың ойыншылары қазіргі кезде әбден тісқаққан шеберлерге айналып үлгерді десем де болады. Өз ойындарымен жанкүйерлер ықыласына бөленіп жүр. Ерекше тоқтала кеткенді жөн көрдім: қақпашы Хасан Асатов 2017-2018 жылдарғы өткен мини-футбол турнирлерінің ең үздік қақпашысы атағына ие болды. Сондай-ақ, Зафаржон Ахмаджанов, Улуғбек Тожиев, Ойбек Ирсалиев сынды ойыншылар да болашағы бар спортшылар.
Осы жуырда ғана Дүниежүзілік өзбек жастары қауымдастығының өкілдерімен жүздесу болып өтті. Қос тарап арасындағы әңгіме өзегі: өзбек тілін оқыту курстарын ашу, жексенбілік мектепке арналған оқу-әдістемелік құрал әзірлеу, орталықты кітаптармен, ұлттық музыкалық аспаптармен, киімдермен қамту барысында өрбіді. Құрметті меймандар Қазақстан тарапынан этностарға жасалып жатқан жақсы жағдайлармен танысып, ризашылықтарын білдірді.
— Сіздердің араларыңызда еріктілер тобы бар ма? Бар болса, қандай қайырымдылық шараларына ат салысасыздар?
— Көпбалалы, әлеуметтік әлжуаз топтағы отбасыларына материалдық көмек көрсетуге шамамыз келгенше талпынамыз. Осындай шараларға қалталы кәсіпкерлерді тартып, қайырымдылық ісіне ортақтасуына ықпал жасаймыз. Кейбір жағдайы төмен отбасыларға шаруаларын жасап, ауласын күреп, отын-суларын әзірлеуге қол ұшын береміз.
— Сіздің ойыңызша, жастардың қоғамдық өмірге ат салысу деңгейі қаншалықты? Және сол жастарға керек болар деген өз тарапыңызыдан айтар ұсыныңыз қандай?
— Астана жастары өте белсенді деп білемін. Олардың бастары біріккен ұйым, қозғалыстары бар. Сонымен қатар олардың өздеріне тән бағыт-бағдарлары мен жоба-жоспарлары да бар. Солардың негізінде жұмыс жасап жатыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының Нұр-Сұлтан қаласы штабында бес жүзден астам жас мүшелікте тұр. Олар осындағы этномәдени бірлестіктердің жастар қанаты мүшелері. Көбіне колледж бен университеттер студентерінен құралған .
Бұлардың басты көздеген асыл мұраттары елдің ынтымағы, береке-бірлік, халық арасындағы татулықты сақтау және оны одан ары жасампаздыққа жетелеу болып табылады.
— Биылғы жылды - «Жастар жылы» жастарға не береді деп ойлайсыз?
— «Жастар жылы» деп аталуы біз үшін үлкен қуаныш қана емес, зор жауапкершілікті мойнымызға жүктейді. Қазақстан Республикасын өркендету ісі жастар қолында. Алар асулар мен бағындырар шыңдар жастардың үлесінде. Әлемдік деңгейде терезесі тең ел болуымыз үшін еңбектің ауыры мен бағалысын жастар атқарады.
Осы орайда Ілияс Жансүгіров: «Жас мұраты - білім, тәлім – талабы... Өнер, оқу – жастықтың қару-жарағы» деген еді. Осыдан артық ешкім айта да қоймас.
Әмісе бойымызда Отанға деген патриоттық сезім алаулай берсін!
- Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Индира Жуазбаева