Қуандық Шамахайұлы. Киікті даласында (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
5824

Қуандық ШамахайұлыЖан-жағымыз көсіліп жатқан ұшы-қиырсыз кең дала. Алдыда көзге ілінер жота-төбешік те жоқ. Аспан айналып жерге түсердей-ақ күн шыжып тұр. Кейде тақтайдай түзу болып келе жатып, арасында ойлы-шұңқыры кездескенде жол талғамайтын көлігімізді оңға бір, солға бір секіртіп, жұлқып-жұлқып тастайтын даланың жолымен жүйткіп келеміз. Дағарадай кең көлікте жасы жетпіске жетсе де, қимылы ширақ, еті тірі, байырғы шопыр, осы өңірдің тумасы Жайлыбай екеуіміз ғана.  

Геологиялық барлау экспедициясына инженер болып тағайындалғаныма небары үш-ақ ай. Жергілікті басқармаға барып құжат тапсырған соң даладағы қосынға бара жатқан бетіміз. Бұдан бұрын экспедицияның шағын тік ұшағымен келіп-кетіп жүргенмін. Қалаға осыдан бір апта бұрын орталықтан келген басшылармен бірге тік ұшақпен жетіп алғанмын. Бүгін қайтарда көшпелі қосынымызға жаңадан тағайындалған мына шопыр қария мен зауыттан енді ғана шыққан, су жаңа жипті алғашқы жолаушы болып, тақымдау бақыты маған бұйырыпты. 

Межелі жер әлі де алыс, иен дала құла жазықпен құйғытып келеміз. Жан-жағымыз құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Ауыл орталығына дейін ойлы-шұңқыры, жамау-жасқауы мол күре жолмен жеткенбіз. Елді мекеннен қырға қарай шыққан соң машина ізінің сілемі ғана білінер-білінбес жерлерге тап болдық. 

Жол бойында анда-санда топ-тобымен бір көрінетін дауадақтар мен көліктің алдынан кесе көлделең орғып өтетін бірең-сараң ор қоянды есепке алмасаң тіршіліктің ешбір нышаны байқалмайды. Кейде қарсы алдымызда анандайтын жерде қаланың зәулім үйлерінің төбесі көрінгендей болғанда әлде бір елді мекен екен деп қаламын да, көңілге белгісіз бір қуаныш ұялағандай болады. Бірақ, жақындап келгенде, көне мазарлардың қасында қызыл кірпіштен мешіттің үлгісімен еңселі етіп тұрғызылған зираттар болып шығады. 

Қабірлердің қасына келгенде, Жайлыбай жылдамдығын баяулатып, қолын жаяды да, іштей күбірлейді. «Аллаху-Акбар!» деп бет сипайды да, әлгі аруақтар соңынан тұра кеп қуғандай-ақ, газды басып, ары қарай зулата жөнеледі. Ел-жұрттың қарасын көремін деп алабұртқан көңілім су сепкендей басылып, құлазып қаламын. Әлгінде ғана ауылдан бері шыққанда, бір қорымның қасына әдейілеп тоқтаған. Мен де ере түстім. Әке-шеше, туыс-туғандары жерленген болар деп топшылағанмын. Жоқ, ол кісі көп зираттың арасындағы өзгеден ерекше менмұндалап тұрған, мазардың қасына келіп құран оқыды. Арнайы орнатылған мәрмәр тасқа басылған аты-жөні «Жанұзақ Көрпешұлы» деп тұр. Туған жылына қарағанда Жайлыбаймен құрдас екені аңғарылады. Қайтқан жылы марқұмның тым жастай өмірден озғанын айғақтайды. 

Бет сипаған соң да, сол қабірдің басында ұзақ отырды. Бірдеме деп күбірлейді, онысы маған естілмейді. Төбеден күн төніп, қайнатып бара жатса да төзіп отырдым. Қабір басынан тұрып, қырық қадам жердегі көліктің қасына келген соң да, асықпай отырып, тым ұзақ бір аят-сүрелерді жайлап оқып көп отырды. Мен де қол жайып «әмин!» деп қоямын. Машинаға кіріп жайғасқанша моншаға түсіп шыққандай қара терге малшындым. 

«Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, бұл үзеңгілесім Жайлыбай өзі, қыңқ етіп үн шығармайтын тым тұйық адам болып шықты. Мұндай жастағы ауыл қариялары әдетте әңгімешіл, ақ жарқын аңқылдақ келуші еді. Ал, бұл кісіге сұрақ қойсаң қысқа ғана жауап береді. Қалған уақытта ішімдегіні тап дегендей үнсіз ғана алдағы жолға көз тігіп, ауыр ойға батып, тұнжырап отырғаны. Оның үстіне интернет тұрмақ, ұялы телефоныңның өзі байланыс аясынан әлде қашан тыс жерде. Шынын айтсам, бұл отырысым іш пыстырып, ұзақ жол зеріктіріп-ақ жіберді.  

Қозыкөш жерде көз алдымызда жыбырлай көшіп жатқан қалың сағым арасынан айнадай жалтыраған тұп-тұнық көл көрінді. Машинада салқындатқыш құрылғы бар, даланың аптап ыстығы қатты сезілмесе де, әлгі көлге біраз сүңгіп, жағасында салқындап жатқым келді. 

-Жәке, ана көлдің жағасына тоқтап, сәл дамылдасақ қайтеді?

Ол кісі маған таңдана қарады. Үнсіз тесіле қарағанымен, жүзінде «Әзілің бе, шының ба? Әлде, есің дұрыс па?» дегендей сұрақ көрініп тұрғандай болды. Сөйтті де, езу тартып: 

-Мұнда ешқандай көл жоқ. Даланың сағымы солай көріне береді. Анау алыста көгеріп көрініп тұрған да тау емес. Жақындай берсең алыстай беретін ол да бір сағым – деді. 

Үзеңгілес серігімнің ауыз ашқанына мен де қуанып кетіп, оны ептеп әңгімеге тартуға тырыстым. 

-Күн қатты ысып кетті. Аспан ашық, тіпті, шыжғыра түсетін шығар.

-Олай болмайды. Қатты нөсер жаңбыр жауайын деп тұр. 

-Көке, мұнда ешбір жаңбырдың нышаны жоқ қой. 

-Оны көре жатармыз – деді де, шопырым тағы да тілін жұтып қойды. 

Шеті мен шегі таусылмайтын кең даламен әлі жүйткіп келеміз. Күні бойы тас төбеден төнген күн әлде қашан еңкейіп, аспан жиегін қып-қызыл түске бояп батып бара жатқан. Аяқ астынан пайда болған қою қара бұлт төбемізден төніп келді де жаңбыр шелектеп құя бастады. Жайдың оғымен атқылағандай қарсы алдымызда найзағай оты жарқ ете түседі де, күн шатырлап, айналаны азан-қазан қылады. 

Жаңбырдың қарқыны барған сайын күшейіп барады. Әдетте жаңбыр деген сіркіреп жауып, жерге тамшылап жататын секілді еді. Ал, мына даланың жаңбыры аспаннан түскен сансыз көп күміс найза бірінен соң бірі жерге шаншылып түсіп жатқандай тым сұсты көрінеді екен. 

Жайлыбай сәл жоғарылау жақтағы бір биіктеу дөңнің үстіне шықты да, машинаны сөндірді. Себелеп ұрғылаған жаңбыр машинаның төбесін тесіп кетердей-ақ төпелеп жатыр. 

Шопырым айтып ауыз жиғанша, меңзегені айдай келді. 

-Мына жаңбыр түнімен толастамайтын шығар? – дедім, мен шарасыз кейіппен. 

-Жоға, өткінші жаңбыр ғой. Қазір-ақ аспан ашылады – дейді, Жайлыбай жайбырақат сабырлы қалпынан айнымай. 

Бұл жолы оған шүбәсіз сендім. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, туған жерінің ойлы-шұңқырын он саусағындай жатқа білетін бұл ақсақалдың күн райының сырына да әбден қанық екендігіне көзім жеткендей еді. Айтқанындай-ақ, жаңбырдың екпіні біртіндеп баяулай түсті. Біраздан кейін тырс-тырс еткен тамшыларының ғана сыбдыры қалып, күркіреген күннің даусы біртіндеп, алыстап бара жатты. Найзағайдың жарқылы да сонау жер түбінде ғана жылт етіп көрінгендей болады. 

-Бұл жер қалай аталады? – дедім, үнсіз отырғанша әңгіме болсын деп.

-Киікті. 

-Киік тұрмақ күні бойы жорғалаған тышқан да көрген жоқпыз ғой. 

-Бұрын болған. Осы маңда өрген қойдай мыңғырылып жататын. Құрттық қой, бәрін – деді де, Жайлыбай терең күрсінді. 

Сөйтті де, «иә, құрттық» деп естілер-естілмес сыбырлады да, қабағы түйіліп, терең ойға шомды. Жүзін мұң торлап, біртүрлі сазарып кеткендей болды. Солай ұзақ отырды да, тағы да ауыр күрсінді. Сәлден соң ғана: 

-Ал, енді осында түнеп, таң ата қозғалайық!

-Жаңбыр басылды ғой. Жылжи бермейміз бе?

-Жол-жөнекей ми батпақ болып езіліп жатқан жерлер көп. Қараңғыда байқамай батып кетсек, шығуымыз қиын болады.

Көліктен түсіп, тысқа шықтық. Біз тоқтаған дөңнің үсті тастақтау жер секілді. Жаңбыр суы тез сіңіп кеткендей көрінді. Төменде болмашы сай-саланың кейбір жықпылымен жаңбыр суы бұлақ іспетті ағып жатқан баяу ғана сылдыры құлаққа еміс-еміс естіледі. Анандайтын жерде шұңқыр-шұңқырда толған судан көлшіктер пайда болғаны жаңа туған ай сәулесіне жалтырап көрінеді. 

Жаңбырдан кейінгі даланың тұп-тұнық саф ауасын тұщына жұтып тұрмын. Күні бойғы ұзақ жолда маужыраған денені лезде сергітіп, еңсені басқан шаршауды дереу жұлып әкеткендей болды. 

Жайлыбай екеуіміз машинадан қағаз қапшыққа салынған сексеуіл жаңкаларын түсіріп, от жағып, шай қайнатудың қамына кірістік. 

Ортаға жайған шағын дастарханымызда жайланып отырып, ішіп-жедік. Даланың шайын құшырлана сораптап, ұзақ отырдық. Ас-судың қамынан кейін Жайлыбай сексеуіл ағашының  шыртылдап жанып жатқан жалынына көз тіге отырып, темекі шекті. Оттың жарығы бет-әлбетін анық көрсетіп тұр. Қабағы түсіп, еңсесін басқан әлде бір ауыр мұңнан арыла алмаған күйі ойланып қалыпты. Өз ойымен оңаша қалған шопырым менің бар-жоғымды да ұмытып кеткендей көрінді.

Темекісінің шоғы тұқылына дейін жетіп сөнгенде ғана онысын жалыны баяғыда басылып, шоғы қызарып жатқан отқа қарай шерте салды да басын көтерді. Мүлгіген тыныш даланы, сексеуіл шоғын, қараңғылық жайлаған түн және қаңтарулы жип пен алдында отырған мені жаңа ғана көргендей айналдыра шолып шықты да: 

-Сонау жетпісінші жылдардың соңында мен дәл осы сенің жасыңдағы жас жігіт едім. Үйленгеніме азғана жыл болған, екі балам бар, астымда судай жаңа «Уаз-69» машинасын мінген, ауылды ауызға қаратқан совхоз директорының шопырымын. 

Кенеттен ашылып сөйлегеніне қарағанда, күні бойы ауыр ойға батырған, көңіл түкпірінде жасырынып жатқан бір сырын жайып салуға бекінгені шығар деп үміттеніп, сөзін үзбеуге тырысып, оған жақындап отырдым да аузына қарадым. 

-Ол тұста біздің совхоздың дүрілдеп тұрған шағы. Берісі ауданнан, арысы облыстан уәкіл делінетін басшы-қосшылар лек-легімен ағылып келіп жатады. Олардың не мақсатпен келетіндерінде біздің шатағымыз жоқ. Бар білеріміз, бастықтың тапсырмасымен апаратын жерге жеткізіп, қайтадан аман-есен әкелуді ғана білеміз. Уәкіл атаулының бәрі аң аулауға құмар келеді. Оларды тобымен ертіп, кемінде бес-алты уазик, бірлі-жарым жүк машинамыз бар, шұбырып осы Киіктіге келеміз.     

Мұндағы мыңғырылған ақбөкенді көргенде әлгі жарықтықтардың көздері шырадай жанып, естерінен адаса жаздайды. Әй-шәйға қарамай тым-тырақай қуа жөнеледі. Уазиктің брезент каютасын алып тастаймыз. Жан-жағы ашық. Мен секілді шопырларға берілетін бұйрық жылдамдықты барынша арттырып, киіктің жуан ортасына барып кіру. Қолдарында мылтықтың неше атасы бар пәлелер жан-жаққа отты қаруларын кезеп бытырлата береді. Ондай кезде аса мергендіктің де, тіпті, керек десең, көздеп атудың да қажеті шамалы. Өйткені, тобымен қашып бара жатқан ақбөкенге мылтықтың аузын қаратып ата берсең, біріне болмаса, біріне даритыны белгілі нәрсе ғой. 

Сөйтіп, бірнеше шақырымға созылған әр жерде омақа асып қимылсыз қалған ақбөкендерді жинап әкеліп, терісін сыпыру, сойып, етінен қуырдақ қуыру, кәуап жасау әлгі 5-6 шопырға жүктеледі. Уәкілдер арасынан кейбірі киік етін жеке-жеке мүшелетіп, тұздатып алып қалаға әкетіп те жатады. Ауылдағы құралайды көзге ататын мерген жігіттерден бірлі-жарымын ертіп жүруді де бастықтар әдетке айналдырған. Оларға көбінесе жапан түзде кездесіп қалатын ит-құс ату міндеттелген. Бірақ, қызық көру үшін ақбөкен атуға да жұмсап жатады. Уәкілдер арасында шын аңшы некен саяқ. Тіпті, мылтықты қалай ұстауды білмейтіндер де бар. Соған қарамастан дүрмекке еріп далақтап шабуға бәрі құмар келеді. 

Бірде республикадан ба, тіпті, одақ көлеміндегі ме, нақты есімде жоқ, әлде бір ірі мекемеден біреу келді. Әйтеуір сол дөкейді қаптаған нөкерлерімен аудандық партком бірінші хатшысы өзі ертіп келгені есімде. Әлгі дөкей ақбөкен дегеннің қандай аң екенін көргісі келіпті және мергендігімен көзге түскен жігіттердің өнерлерін тамашалауды жөн деп тауыпты. Ауданнан олардың ерте келген төрт аңшысы да бар екен. Олардың қатарына біздің ауылдан Жанұзақ екеуіміз қосылдық. Ол мектепте мұғалім. Екеуіміз бала кезден бірге өскенбіз әрі сыныптас достармыз ғой. 

Сонымен бір қора адам дәл осы Киіктіге жеттік. Жол бойы әр жерде бір аялдап, тоқтаған сайын дастархан жайылып, ішімдік ішіліп дегендей көбі қызу. Мас болып тәнтіріктеп зорға жүргендері, машина ішінде пырылдап ұйықтап жатқандары да баршылық. 

Көлік тізгінінде болғандығымды сылтау етіп, өз басым араққа жоламадым. Жалпы, ежелден ішімдікке үйірлігім жоқ адаммын. Өз басым бір ғана оқпен киіктер үйірі ішіндегі ең семіз бөкенді атып, жалп еткіздім де, соны сойып қуырдақ дайындаймын деген сылтаумен қайтып оқ атпадым. Жалпы, аң-құстың обал-сауабы барын бұрыннан сезетін, оны аяусыз аулауды онша құптамайтын адаммын.  

Кешкісін аңға шыққандардың бәрі оралып, қаз-қатар тігілген шатырларға орналасты. Ас-су, ішімдік атаулы ит басына төгіледі. Жақын маңдағы жылқышылар мен түйешілер де қымыз, шұбаттың неше атасын әкелген. Несін айтасың, түнімен той-думан дерсің. Басшысы бар, қосшысы бар, бәрі Жанұзақты мақтаумен болды. Оның мергендігіне тамсанған жұрт қанша киік сұлатқанының санына жете алмай таңдданып жатты. Санап қолына салған оқтың бірі де зая кетпегеніне қайран қалысты. 

Жанұзақтың бұрын-соңды ісік-желігін байқамаған едім. Бұл жолы ол қатты мақтанып, тіпті масайрап кетті. Ертеңінде тағы да бір оқ зая кетіpмей қанша киік ат десе, соны бәрін атамын деп желпініп отыр. 

-Жәке, аңның киесі болады. Беталды қыра берген жөн болмас – деп едім, ол мені онша жақтырмағандай болды. Сосын, ары қарай тіс жармадым. Іштей  «мейлі, өзі білсін» дедім де қоя салдым. 

Бірақ, сол бірауыз сөзімнің кейін өзіме қаншалықты зауал төндірерін сол сәтте қайдан білейін.

Осылай деді де Жайлыбай қалтасын ақтарып, қораптағы темекісін шығарып, бірін ерніне қыстырды. Қалтасынан сіріңке іздеп, таппады. Біраз сипалақтады да,  жанып біте бастаған отқа қарай еңкейіп, сексеуілдің шоғымен шылымын тұтатты.  

Темекісін құшырлана сорып, үн-түнсіз біршама уақыт отырды. Шылым қыстырған саусақтарында болмашы діріл байқалады. Іштей қатты толқып отырған секілді. Өңі сұрланып кетті де, терең дем алды. Оған «содан кейін не болды» деп сұрауға дәтім жетпеді. Сәл өз-өзіне келсін, бірден бастаған әңгімесін аяқтамай қоймас деген ойда болдым. Темекісін тартып бітіргенше ауыз ашпады. 

Сол сәтте төбемізден бір гүрілдеген дыбыс естілді. Екеуіміз де шалқайып аспанға қарадық. Бір түйір бұлтсыз шайдай ашық, жұлдыз жамыраған түнгі аспанда артына ұзыннан ұзақ ақ түтіннен жол тастап, бір ұшақ самғап барады екен. Тым биіктегі ұшақтың көлемі қарғадай ғана болып көрініп, қас-қағым сәтте өте шыққанымен, даусы артында қалып қойды. Иен далада көкті тіліп өткен ұшақты көзбен шығарып салған екеуіміз шалқайған басымызды енді ғана тіктедік те бір бірімізге қарадық. 

-Қай-қайдағы бірдемелерді айтып, сені жалықтырып жіберген жоқпын ба? – деп, Жайлыбай маған тесіле  қарады. 

-О, не дегеніңіз, Жәке! Күні бойы үн-түнсіз отырдыңыз. Мына әңгімеңізге шынын айтсам, қатты қызығып отырмын. 

-Қайбір оңған әңгіме дейсің. Аса қатты еске алуды қаламаушы едім. Бүгін әлсін-әлсін ойыма орала берді. Жаңбыр құйып кеткен соң дәл осы араға келіп, аялдауға тура келгенімізді айтпайсың ба, о Құдайдың құдіреті-ай! Ақыры, бастаған екенмін, бұл әңгімені енді, аяқтай салайын – деді де, Жайлыбай тағы бір темекі тұтатып алып, сарнап сөйлеп кетті: 

-Сонымен, ертеңінде тағы да киік ату басталды. Бәрінің астында жеңіл көлік. Ақбөкендердің үйіріне аш қысқырша лап қойдық. Менің уазигіме әлгі қаладан келген дөкей, аудандық парткомның бірінші хатшысы және тағы бір жас жігіт жайғасқан. Екі бастықтың қолында бір-бір мылтық бар. Маған «жақында, жақында!» деп айғайлайды. Жақындап-ап барамын. Екеуі алма кезек атады. Бірақ, оқтары еш дарымайды. Топтаса жанұшырып қашып бара жатқан киіктердің келесі жағында Жанұзақ отырған көлік зулатып бара жатыр. Олар үш-төрт бөкенді атып түсірді. Біздің екеу де қалыспай кезектесе атып еді, оқтары дарымады. Өздерінің тигізе алмағандарын менен көретін секілді. Екеуі де «жақындасаңшы, газды бассаңшы, мащинаны селкілдетпей дұрыс жүрші!» десіп, маған дауыс көтеріп зіркілдейді. Жолсыз жермен машинаны селкілдетпей қалай жүресің. Онымен дөкейлердің шаруасы жоқ. Арғы қапталдағылар атқылағанда, бөкендерді бауша түсіріп жатыр. Бұл әлгі біздің ауылдың сұрмергені Жанұзақтың ісі екенін сезіп келемін. Обал-сауапты білетін иманды жігіт секілді еді. Кешегі мадақ оны әбден есіртіп жіберген секілді. Ақбөкендерді бейне бір қас жауына тигендей-ақ жусатып жатыр.  

Соған іштері тарылған екі дөкей атқан оқтарының бірі дарымағанына мені кінәлап, налиды. Онысына менің де жыным келе бастады. Ақыры, ақбөкендерге біршама жақындап келдім де, екеуіне айттым: 

-Мылтықтарыңыздың бірін оқтап маған ұстатыңыздаршы! 

Біреуі мылтығын ұсына қойды. Қатты жылдамдықпен келе жатсам да, рульді жібере салып, лезде атып қалдым. Киіктің ірі денелі бір текесі омақа асты. Мылтықты қайтара салып, жалмажан рульіме жармасып, газды басып бір топ ақбөкеннің соңына түстім. Жақындап жете бергенімде қаладан келген дөкей мылтығын ұсынды. Оң қолыммен алып көздедім де атып қалдым. Дөп тиігіппін. Кабинадағы үшеу уралап айғай салды.

Сөйтіп жүргенде оң жақ қапталдағы машина тоқтап қалған. Артымыздан сигнал беріп тұр. Бұрылып қарап едік. Анандайтын жерде қол бұлғап шақырып жатыр. Біз жеткенше, жүк машинадағы бір топ адам да келіп тоқтады. Жақындап барып тоқтап едік. Шопыр жігіт жүгіріп жетті: 

-Жайлыбай! Құрыдық! Пәле болды! 

-Не болды? – десіп, төртеуіміз де машинадан секіріп түстік.  

-Жанұзаққа оқ тиді! 

-Ойбай, не дейді! 

Жалмажан жүгіріп жеттім. Айнала қоршап тұрған адамдардың арасына барып кірдім. Жанұзақ жерде жатыр. Абыржыған адамдар «анау бар ма, мынау бар ма» десіп, құр байбалам салып, жүгірісіп жүр. Бір шопыр мақта және дәке бірдемелер әкеле жатыр. 

-Арамызда дәрігер бар ма? – деп, бірі айғайлап жүр. Иен далада аң аулап жүргендердің арасында қайдан дәрігер бола қойсын. 

-Жанұзақ, саған не болды? – деп, тізерлеп отыра қалып басын сүйедім.

-Жәке...мені...кешір... – деп, сөзін үзіп-үзіп бірдеме айтқысы келді де аузынан бұрқ еткізіп қан құсты. Маған тесіле қараған күйі аузы ашылды да қимылсыз қалды. Шеке тамырын ұстап көріп едім, соғуын тоқтатыпты. Ақшырайып кеткен көзін алақаныммен жаптым да, әлде біреудің жарақатын таңуға әкеліп ұсынып тұрған ақ матасымен бетін жаптым. 

Отыра қалып, өкіріп тұрып зар еңіредім. Сәлден соң орнымнан атып тұрып бірінші хатшыны жағадан алдым да: 

-Киіктерде не әкеңнің құны бар еді? Соншама аяусыз қыратындай сендерге не болды? Ынсап қайда, жауыздар? Мына Жанұзақтың өліміне кім жауап береді? Сендер қоймай оны мақтап-мадақтап, ақбөкеннің соңында салып желіктіріп қойып едіңдер. Ал, не болды? – деп айғайға басып тұрдым. 

Қаптаған нөкерлері мені ұстап, қолымды бастықтың жағасынан зорға айырғаны еміс-еміс есімде. Сабырға шақырып, дуылдасып жатқандардың еш бірінің сөзін ұқпадым. Мас адамша теңселіп, «оңбаған жауыздар, аңның киесі атты оны» дей беріппін. 

Ауылға жеткенімізде алдын ала бізден бұрын жеткен бастықтар марқұмның туыстарына хабар беріп үлгеріпті. Бүкіл ауыл болып, «ой, бауырымдап» қарсы алды. Ең сорақысы, ауданнан сол сәтте келіп жеткен милиция машинасы бізге тақап келіп, мені көліктен шыға бергенімде табанымды жерге тигізбестен тұтқындап, алып кетуі болды.  

-Неге? 

Бұл сұрақтың қалай ауызымнан шығып кеткенін өзім де аңғармай қалдым. Мұны күтпесе керек, төмен қарап әңгіме айтып отырған Жайлыбай басын көтеріп, маған жалт қарады да: 

-Жанұзаққа менің оғым тиді деп олар милицияға алдын ала хабарлап қойған екен. Ауылға да солай деп жеткізген. Онымен қоймай бірінші хатшыны сабамақ болды деген айыпты да қоса жүктеп қойған. 

Сонымен, аудан орталығындағы уақытша қамау изоляторында екі ай бойы жатып, тергелдім. Сұрайтындары жаттанды нәрселер: «Жанұзақпен араларыңда өшпенділік болды ма?», «Жанұзаққа қандай мақсатпен ескерту жасадың?», «Неге аңның киесі бар, беталды атпа» дедің?», «Егер атуды қоймасаң өзіңді мен атамын деп ескерту жасағаның рас па?».  

Міне, осындай болып кете береді. Қамауда жатқан кезімде әйелім мен інім келіп кетіп жүрді. Олардың көрген қорлықтары менен де сорақы екен. Жанұзақтың інілері мен жақын туыстары менің отбасым мен бауырларыма күн көрсетпейді екен. Менімен аталас ағайындар мен қайын жұрағаттарымның бала-шағасын көрсе болды, «қанішердің туыстары» деп атой сала жармасып, үйлеріне қуып тығатын көрінеді. Тып-тыныш, мамыражай тірлік етіп жатқан ауылдың берекесі қашып, әбден әлекке түскендері тіпті таусылмайтын әңгіме.

Тергеушілерге де, басқаларға да өзімнің еш кінәсіз екенімді сан мәрте қайталасам да еңбегім еш кетті. Сол жолы небары екі-ақ оқ атқанымды, оның екі ақбөкенге дәл дарығанын сан рет қайталасам да ешкімді иландыра алмадым. Куәгерлікке тартылғандардың бәрі менің марқұмға оқ тиерден бір күн бұрын «аңның киесі бар, беталды атпа» деп оған ескерту жасағанымды алға тарта берді. Сосын, машина рулінде отырып, екі рет мылтық атқанымды растаған қасымдағы үш куәгер сөз біріктіріп алып, менің оғымның екі ақбөкенге дарығанын жоққа шығарыпты. Оны олар сотта да беттері бүлк етпестен айтқанын қайтерсің. Үш бірдей адам куәгерлік еткен жағдайда сот солардың ығына жығылады екен ғой. Менің кінәсіздігім, екі бастықтың қаншама рет атқан қаңғыған оқтары есепке алынған да жоқ. 

Ақыры, сот мені абайсызда кісі өлтіру бабы бойынша алты жыл бас бостандығымнан айыру жазасына үкім кесті. Осылайша, «айран ішкен құтылды, шелек жалаған тұтылды» дегеннің кері келді. Жарайды, ол да тағдырдың маңдайға жазғаны шығар. Тәртібімнің түзулігін, еңбекқорлығымды бағалаған түрме басшыларының ұсынысымен үш жарым жылдан кейін бостандыққа шықтым. Оның бәрі өтті де кетті ғой, ер жігіт «ту да ұстайды, тайынша да бағады» демекші, бұл жалғанда не көрмейсің. Өмір болған соң бәрі де болады. Бәрінен қиыны бір мекенде, құлын-тайдай тебісіп бірге өскен, біте қайнаған ауылдастар арасына жік түсті. Көңілге жазылмас жара салды. Бала-шаға үрім-бұтағымыз күні бүгінге дейін бір-бірімен сәлемдеспейді. 

-Сонда, әлгі дөкейлерге ештеңе болған жоқ па? – деп, сұрадым. Жайлыбай шопырым мырс етті де: 

-Оларға не болушы еді. Бұл фәниде үріп ішіп, шайқап өтті ғой. Иттіктері мен жалақорлықтары үшін бақиға барған соң жауап беріп жатпаса, кім біледі. Кейін ағайынның арасындағы дүрдараздықтың салдарынан туған ауылымызда тұрақтаудың өзі мұң болды. Бостандыққа шығып келген жылы қалаға көшіп кеткенбіз. Бүгін жол бойы осы оқиғалар тізбектеліп қайта-қайта ойға оралып маза бермеді. Саған айтқан соң сәл жеңілдеп қалғандай болдым. Үзеңгі жолдас болып бірге шыққаның көңілге медеу. Жарайды, мен машинаға барып төсек салайын. Жай болып кетті. Таң атқанға дейін мызғып алайық – деп, Жайлыбай көлікке қарай аяңдады. 

Орнымнан тұрып, сансыз жұлдыз жымыңдаған аспанға көз салдым. Тым-тырыс көсіліп жатқан, шегі көрінбейтін кең даланың ауасын молынан жұтып, терең тыныс алдым. Жанұшыра жортқан киіктер үйірін жанталаса қуып, аяусыз атқылаған адамдар тобырын көз алдымда елестеттім. 

-Қанеки, інішек! Демалайық! – деген Жайлыбай шопырдың мейірімге толы үні Киіктінің түнгі даласында жаңғырып естілгендей болды.  

2019. 

author

Қуандық Шамахайұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Ырғыз ауданы маңындағы Самара-Шымкент тасжолында екі жүк көлігі соқтығысты, деп хабарлайды madenipor...

Жаңалықтар

Демалыс күндері күн күрт суытады, деп хабарлайды madeniportal.kz. Республиканың біраз бөлігінде қар...