Алыптардың бірінің үстінен бірі айтқан сөздерінің дұрыс-бұрыстығына төрелік айтатын біз емес. Түптеп...
Бейсенбай Сүлейменовтың балалар әлемі
Белгілі балалар жазушысы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, публицист, қоғам қайраткері Бейсенбай Сүлейменовтың ертегі әлеміне саяхат жасап қайтапақ ретте жазушының бір топ шығармасын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Балаларыңызға оқып берем десеңіз, мархабат!
Туған күніңмен, Айтұмсық!
Ертегі
Хайуанаттар бағында сағына күткен жаңалық болды. Мүйізтұмсық кіп-кішкентайлығы болмаса, өзінен аумайтын, сүп-сүйкімді жануарды дүниеге әкелді. Ботақан әке-шесесі сияқты топырақ түсті қою қоңыр да, батпақ қара да емес, үлбіреген көгілдір еді. Тұмсығының ұшында нүктедей қара дақ «мен мұндалап» тұрды. Оған сәуле түссе болды, алтындай жалтырай, жауыннан кейінгі кемпірқосақтай мың түске айналып, құлпыра түсті.
Жаңа туған ботақанға бәдіктің тілі, сұғанақтың көзі өтпесін деп, жан баласына көрсетпей, тығып ұстады. Күндіз Күннен қалқалады, түнде Айдан жасырды. Жақсы жаңалықты қанша құпия ұстағанмен гу-гу әңгіме басылған жоқ. Тышқандар жерді тесіп жетсе, Сауысқан шатырдың саңлауынан сығалап, «бауы берік болсын» айтып та үлгерді. Ал, қалған аң-құс сүйкімді жануарды бір көруді армандаумен жүрді.
Түн жарымы ауа, хайуанаттар бағындағы кілең кішкентай ботақандар, маймақ аяқ балапандар мен күшік тектілер түгел жиналды. Олар шәуілдей амандаса, қаңқылдап мауқын баса, өздерінің ең алғашқы танысу-кездесуін өткізді.
-Біз енді ту-ту, ту-ған күнімізді тойлайтын болайық,- деді тілі жаңа ғана шыққан пілдің баласы еттұмсыған ерсілі-қарсылы тербете.
-Ең алдымен менің туған күнімді тойлайық,- деді маймылдың баласы тілінің ерте шыққанын пайдаланып. –Шын айтамын.
-Мен де туған күнімді тойлағым келеді,- деді өткен аптада дүниеге келген кішкентай Қолтырауын. Жаңа ғана шығып келе жатқан өткір тістерін мақтана көрсетіп.
-Онда, дайындала беріңдер,- деді ес біліп, етек-жеңін жинап үлгерген кішкентай Керік майнының ұзындығын пайдаланып. – Ең адымен өмірге жаңа ғана келсе де, бәріміздің көзайымымызға айналған жұмбақ ботақаннан бастаймыз,- деді сөзін кесіп айтып.
-Оған, оған, ең керемет ат ойлап табайық,- деді кішкентай, сүп-сүйкімді аққудың Көгілдірі мойның соза, күлімсіреген мөлдір көздерін қайта-қайта жыпылықтата.
-Сыйлық әкелуді ұмытып кетпеңдер,- деді әзілдей түйенің Ботасы.
-Келістік, келістік. Сенбі күні түн жарымы ауа, осы жерде жиналамыз. Бұл туралы ешкімге тіс жарушы болмаңдар,- деді Алан. – Бұл Жунгли заңы.
Сол сәттен бастап, хайуанаттар бағында құпия әрекеттер, астарлы әңгімелер жүре бастады. Бұрынғы айқай-шу, керіле-созылған жалқаулық су сепкендей басылып, тыныштық-үзіліс орнады. Күнделікті әкелінетін дастархан мәзірінің жартысы желінбей, қойын-қалталарына салынды...
Асыға күткен түнжарымы да келді. Олар келіскен жерге түгел жиналды. Әшейінде кешігіп жүретін кішкентай тасбақа, тыраштана қарбалақтап, бәрінен бұрын жетіпті
Барлығы жиналып, Мүйізтұмсықтың ауласына келді..
Міне, керемет! Мүйізтұмсық Ай сәулесіне маужырап, кішкентай ботақанын тұмсығына отырғызып алып, тербетіп, Саваннаның бесік жырын айтып тұр екен. Кішкентай ботақаны анасының жарты ай тұмсығынан құшақтап, ұстап алыпты.
-Таптым, таптым, оның есімі енді Айтұмсық болады,- деді кішкентай Керік.
- Айтұмсық!.. О, керемет!
-Айтұмсық, туған күніңмен! –Барлығы жиналып, көзін жаңа ғана ашқан кішкентай Мүйізтұмсықты құттықтап жатты. Ал, ана Мүйізтұмсық болса, жаңа достардың баласын іздеп келгеніне жүрегі жарыла қуанып, билеп жүр. Африканың ен жайлауы – Саваннасында жүргендей.
Сыйлықтар да тау-тау жиналды. Хайуанаттар бағындағылар өмірлерінде мұншама тәтті тағамдарды көрмеген еді. Қарындары да ашып қалыпты. Қомағайланып кеткендері-ай! Сүйсіне жеді. Ойнады. Бірі атамекені аптап ыстық Африканы, енді бірі ну орманды Американы сағынып қалыпты. Азияның тәтті, бал-шырын жеміс-жидектері шашудай шашылды. Олар дауыстары қарлыққанша ән айтты. Қарындары ашқанша, аяқтары талғанша биледі. Айқайлады, таласты. Бір-біріне еркеледі...
-Енді кімнің туған күнін тойлаймыз,- деді Керік қоштасар кезде. –Оған бұдан да керемет дайындалуымыз керек.
-Менің!
-Менің де!
-Мені маймылдың шақалағы деп мазақтағандарын қойсын!
-Мен, мен, атымды айтуға да ұяламын,- деді кішкентай Көртышқан.
-Той бәрімізге де же-те-ді-і,- деді қасқырдың Бөлтірігі әдемі ұлуына басып. –Бірақ, бірақ, демалыс күндер аздық етеді.
-Онда туған күнді тойлауды қазақтар сияқты дүйсенбіден бастай берейік,- деді Торғайдың балапаны. Хайуанаттар бағында еркін жүріп үйреніп қалғандығын мақтан етіп. –Мен қонаққа барғанды, сыйлық алғанды жақсы көремін.
Хайуанаттар бағы бір сілкінді. Дүрлікті. Дәл мұндай мереке, туған күн еш жерде тойланбаған шығар. Олар үйлеріне қайтуға асыққан жоқ. Ата-аналары да еркетайларының кешіккеніне алаңдамады.
Қуаныштан ешкім көз ілген жоқ...
ГОРИЛЛА – АДАМ
Жүз жылда бір өтетін Ұлы жиынға Аң біткеннің асыл ұрпақтары түгел жиналып, табиғаттың әділетсіздігіне өз наразылықтарын білдірді. «Адам маймылдан жаралған» деген тұжырымының орындалмай жатқанына сенімсіздік танытып, ендігі тәжірибені өздері жүргізуге бел буды.
-Біздің адамнан қай жағымыз кем, -деді алып Горилла төсін сабалай.
-Сенің артық жақтарың көп. Тепсең темір үзесің. Ақылың да өзіңе сай.
-Қазіргі заманда ол қасиет негізгі кемістік емес. Бәрін электроника басқарып, роботтар атқарады, -деді маймылдың баласы шешесінің төсін бір сорып, баннанды бір тістеп.
-Онда тәжірибені бізден бастайық. «Орман адамы» атанып жүргеніміз тегіннен тегін емес, -деді Орангутанг шәңкілдей, мақтанышы қойнына сыймай.
-Жоқ, жо-оқ! -деп ора түрегелді Шимпанзелер. –Адамның ДНК-сына алты-ақ пайыз жетпегеніміз болмаса, жол біздікі. Джунгли заңы қайда?
Ағаш-бұтаға шыбын-шіркейдей жармасқан Шимпанзелерден жер қайысады. Айқай-шуынан орман күңіреніп кетті.
–Не деген көп едіңдер! –деді Горилла қасындағы үйірлестеріне сыбырлап. –Біз сапа қуып, шалқия өмір кешіп жүргенімізде, құмырсқадай көбейіп алыпты ғой...
-Тыншталыңдар! Бәріміздің түпкі ата-тегіміз бір – маймылдармыз. Бірақ біз – аға баласымыз. Жол – біздікі. Оның үстіне, кеше ғана дүние есігін ашқан кішкентай нәрестеміз де бар. Тура адам баласынан аумайды. Аппақ қардай, -деп насырға шауып бара жатқан даудың алдын алған Горилла.
Маймыл біткен шуласып, бет тырнасуға дейін барды. Джунглидегі жайма-шуақ тіршілік қазан болудың алдында тұрды.
-«Сабыр түбі сары алтын» - деген. Ғасыр тәжірибесін біз бастаймыз, -деді Горилла әрі үлкендігін, маймыл тектілердің ішіндегі «арыстандай» айбаты барлығын пайдаланып.
-Онда, кетеміз! Еншімізді бермей-ақ қойыңдар. Сендерсіз де күн көрерміз, -деді Шимпанзе ашуға басып. Төстерін дауылпаздай сабалап, айналаны күңірентіп жіберді.
-Ал, олай болса, біздің еншімізді беріңдер, -деді Орангутанг булығып, тілін шайнай жаздап. –Кетеміз, көз көрмейтін, құлақ естімейтін жерге. Бүйтіп туысқан болғандарыңа!..
-Тоқтаңдар! Сабыр, сабыр етіңдер, -деді Горилла орнынан тұрып, адам сүйсінетіндей үш құлаш бойын мақтана көрсеткендей.
-Алыңдар еншілеріңді. Қалағандарыңша. Бірің Азияға, қалғаның Америкаға кетіңдер. Ал, біз адамзаттың атамекені – Африкада қаламыз!
Алты күнге жалғасқан талас тоқтады. Бір-бірін ренжітсе де, ат құйрығын кесуге қыймайтын ағайындар осылай тарасты. Алда кеше ғана дүниеге келген кішкентай Горилланы кәйткенде де адам етіп тәрбиелеу міндет-тәжірибесі тұрды.
Қарт Горилла немересін бауырына басып, құлағына сыбырлады. «Сен Джунгли мен Саваннаның ғана емес, бүкіл Жер шарының әміршісі боласың. Аң-құс сенің құзырыңда. Ғасырлар бойы сақталып келе жатқан құпия-байлық енді сенің болашағыңа жұмсалады. Асыл арманымыздың орындалу жолында ештеңеден аянбаймыз. Бір ғана тілек: Аман бол! Адам бол! Соңыңнан ерген пенделеріңе қамқор бол! Ұмытпа, енді сенің есімің – Гор-Би, Гор-Би, Гор-Би! Әумин!..»
Адамдар баласын тұзды суға шомылдырып, бесік жырын айтса, олар бал қосылған какос жаңғағының сүтіне шомылдырды. Джунгли аңыздарын үйретумен болды. Көсем Горилла қарамағындағылардың бәріне арнайы, сонымен қатар өте құпия тапсырма берді. Ол – ғасырлар бойы қалыптасқан аң-құстың өмір сүру қағидасы, қиыншылықты жеңу сабақтары еді. Қасқыр қайсарлықтың, Арыстан айбаттылықтың, Қабылан ептіліктің,Түлкі алдампаздықтың, Піл төзімділіктің, Керік алысқа қарап, болашаққа бағдар жасаудың шеберліктерін үйрететін болды. Міне, осылайша, орман мектебі ғасыр тәжірибесін жасауға батыл кірісіп кетті...
Гор-Би күн санап өсті. Ақыл-ойы сағат санап толықсыды. Сүйкімді бала боз-бала кейпіне де жетті. Ата Горилла немересін жетектеп, маңайдағы ауыл өмірімен таныстыруға кірісті. Балаға адамдардың өмірі өте қызық көрінді.
-Сен де осы адамдар сияқты тіршілік кешетін боласың, -деді атасы.
-Қашан, мен ертерек адам болғым келеді, -деді немересі.
-Шыда, жақсы өмірге асыққанмен аптықпай жету керек. Бұл да өнер.
Ауыл балалары Гор-Биді көріп, қатарларына шақырды. Доп қуды, асыр салып ойнады. Ол шаршау дегенді білмеді. Жаңа баланың болмысына риза болған жеткіншектер оны ертең тағы да келуін сұрады. Бірақ...
-Жоқ, балам, мұндай ойын ойнауға саған әлі ерте. Қанша зерттесем де, адамдардың болмысын түсінбей-ақ келемін. Олар мақтап отырып, мақтамен бауыздай салады. Бір атар қулығы ішінде бүгулі тұрады. Тілдері ащы, көздері өткір. Соны байқамай қалыппын.
-Ол не? –деді бала Горилло.
-Қалай түсіндірсем екен. Бәдіктің сөзі, сұғанақтаң көзі өтіп кетпесе екен деп қорқамын.
Ата Горилланың күдіктенгені рас болып шықты. Сол түні баланың қызуы көтеріліп, сандырақтаумен болды. Ана сүтімен келетін, гориллалардың бәрі білетін, он алты дыбыс-сөз Гор-Бидің тіліне енді ғана орала бастады.
-А-аа, у-уу!..
-Сен адамның перзентісің, ол сөздерді есіңе алушы болма, -деді атасы.
-Білем, бірақ қалайша айтып қойғанымды білмей қалдым. Аузымнан шығып кетті.
-Сабыр сақта, әрбір сөзіңді ойланып, байыппен айт. Ешкімнің алдын орғытпа. Сенің бар мүмкіндігіңде басқа адамдар білмейтін болсын. «Асықпаған арбамен қоянға жетіпті» деген халық даналығы. Менің немерем әлі-ақ әлемді таң қалдырады. Қазірше шыда, шыда балақай!
Араға ай салып, ата мен бала ауылға тағы келді. Бұл жолы баскетболдан үлкен жарыс өтіп жатыр екен.
-Гор-Би, Гор-Би! Біз ұтылып жатырмыз.
- Көрші ауылдың командасы кілең ересек балалар. Шаршадық. Көмектес?
Гор-Би төрешіден рұқсат сұрап, алаңға шыққаны сол еді, ойын өрнегі өзгеріп сала берді. Екі-үш ұпайлық доптар көбейе түсті. Қарсы жақтың ойыншылары алдын кескестеп, тірсектен теуіп, шалумен болды. Гор-Бидің денесінде сау жері қалған жоқ. Көк-ала қойдай. Бірақ намысқа тырысып, бірілмеді. Жейдесі малмандай су болды, жап-жаңа кроссовкасы жыртыла бастады.
-Ах, -деді атасы. –Баламысың деген, айтып едім ғой. Дараланба деп.
Бірақ бәрі де кеш еді. Енді шегінетін Гори-Бо емес. Қайсарлығы атасына тартқан. Өліспей беріспейді.
Желке жағынан пысылдай жақындаған біреу шалып құлатпасы бар ма? Кім болды екен деп қарап еді, өзінің командаласы. Қасқиып, миығынан күліп тұр.
-Біз де ойнайық та?
Түсінсе бұйырмасын, жеңіс ортақ емес пе?
Осы бір тыныштықты пайдаланған қарсылас жақ допты алып, корзинаға лақтырмасы бар ма? Міне, міне, доп корзинаға түсіп бара жатты. Доп түссе ұтылады. Оны көрген Гор-Би ышқына жүгіріп, кіріп бара жатқан допты іліп алды да, қарсы бағанаға қарай бар күшімен лақтырды. Бес қарғып, допты жолдан іліп алды да, корзинаның төбесінен шегелей кіргізді. Ойынға қызып кеткені сол, бағана тақтайдың үстіне қарғып мініп, демін басты. Көрермендер риза. Одан кейін алаңда не болғанын түсінсе бұйырмасын. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың» кейпі. Алаңдағы бар бала Гор-Биге қарсы ойнап жүргендей. Итереді, енді біреуі шалып құлатады. Тұрғызбады. Итше тепкілеп тастады. Көрермендердің ішінен бір-екеуі келіп, түйгіштеп өтті.
Төрешінің зарлы ысқырығы шалынып, ойын тоқтатылмағанда жабылыс жалғаса берер ме еді?
-Ойын тәртібін бұздыңдар. Барлығың бір балаға жабылып. Ал, сен де балақай, кәсіпқой ойыншылар сияқты ойнайды екенсің.
Жарыс уақтынан бұрын тоқтатылып, Гор-Би ойыннан аластатылды.
Атасы «шашылып» қалған, шала жансар немересін арқалап, орманға қайтты. Маңайды бастарына көтеріп, аң біткен шуласа, құстар қиқуға басып, алдарынан шықты.
-Біз бұлай қалдырмаймыз!
-Соғыс жариялаймыз, басынғандары ғой!
-Өзенге аяқ бастырмаймын, балық аулауды ұмыттырам. Суға шомылып көрсін, -деді қаз-қатар тізілген Қолтырауындар тістерін қайрап.
-Түнде барып, егістік алқаптарын таптаймын, -деді Піл ашуға басып, ақыра.
-Жер шарын мекен еткен триллион қара қарғаларды шақырып, үстерінен қара бұлт шүйліктірем. Күн тұтылып, Айды көруге зар болады, -деді кәрі Қарға. -Жынымды келтіре берсе, зәр-қоқыспен көміп тастаймын. Жүрсін тұншығып, сасық атанып.
-Жоқ! -деді көсем Горилла. Өмірден көргені де, көңілге түйгені де молдығын пайдаланып. –Адамдармен ерегісуге болмайды. Зұлымдықтың көкесі солардан шығады. Олар аямайды. Ал, біздің түпкі мақсатымыз бөлек. Оны бәрің жақсы білесіңдер. «Сабыр түбі – сары алтын» деген.
Бала Горилла: «Қарға – Қарғаның көзін шұқымайды», «Қасқыр да бөлтірігін жолда тастамайды» деп үйреттіңіздер. Бұл Джунгли заңы, мейлі. Ал, адамдардың да өз заңы бар емес пе? Ізгілік пен тәртіпке бағышталған. Мен мынаны түсінбеймін, адамдар өздеріне өздері киянат жасайды. Өкпелерін түтінмен улайды. Сәт сайын. Таңертең ұйқысынан ояна, аман-саулық жоқ, темекісін тартудан бастайды. У қосылған тентек су ішеді. Бұл қылықтарын мақтан тұтады. Мұны да кешірем ем, олар – адамдар өтірік айтады екен. Сол өтіріктеріне өздері сенеді. Алдайды, арбайды. Жолдасын жолда тастап кетуге де бар. Адам баласы үшін бұдан асқан қатыгездік бар ма? Бұның бәрі Джунгли заңына да, Дала занына да қарсы. Сонда маған қандай заңмен жүр дейсіздер? Олармен қалай дос боламын. Оған арым да, бала намысым да жібермейді. Жетер, енді!..
Бала Горилла адам бола бастағалы бері дәл бүгінгідей ашуланып, жан баласына ренжіген жоқ-ты.
Ол бар күшін жинап, өмірінде бірінші рет ұмыт қалған өз ана тілінде, маймыл даусымен айқайлады. Жан түршігерлік жанайқайы орман-даланы, елді мекендерді мұң құшағына баурап алды. Тылсым табиғат бір сұмдықтың болатынын сезгендей еді...
Сол түні аң біткен көз ілген жоқ...
Болған оқиғаны тамашаламай қалған ауыл тентектері орманның шетіне от қойып, әбігерге салмасы бар ма? Аң баласы тілсіз жаумен алысуға, құрт-құмырсқа бас сауғалап, қашуға кірісті. Құс біткен қанатымен су тасумен болды.
-Еһ-һ, адамдар, айналайын адамдар! –деді көсем Горилла. –Біз бәріміз Табиғат-Ананың перзенті емеспіз бе? Аһ-һ!..
-Жоқ, менің адам болғым келмейді! –деді немересі Гор-Би атасының жанайқайын шегелей.
-Болды енді, дүние төңкеріліп кетсе де. Джунглиді топан су басып, Саваннаның бәрі өртеніп бітсе де алған бетімнен қайтпаймын! Адам болғым келмейді, адам болғым!..
***
Таңертең ұялы телефон ұстағандардың бәріне: «Жан баласы аяқ баспаған жерлердің бірінде Орангутангтар құпия тәжірибе бастапты» деген SMS түсті...
Алабай – Далабай
Жауынбай ақсақалдың Алабай төбеті «құтырудың» алдында тұрғандай аласұра, тілі аузына сыймай, көпірік шаша, өмірінде бірінші рет, шынжырын үзе-мүзе егесінің алдына келіп құлады. Ақсақал иттің алған бетінен қайтпайтын сотқар мінезін, сырт көзге қобалдау көрінгенімен, жөнсіз тентектікке бара қоймайтынын жақсы білетін. Басқа иттерге қарағанда ақылы да, орныққан тәрбиесі де өзіне жетерлік-ті.
Ақсақал бір қолайсыз жағдайдың болғанын іштей сезді.
– Ав-ав! У-уу!
– Сабыр сақта, тентегім. Бір ашуыңды маған бере қой. Ешкім қуып келе жатқан жоқ. Міне, енді айт, -деді Жауынбай ақсақал.
– Мына ауылдың ес білген үлкені де, сүт-ерін кішісі де, тіпті тұқымы белгісіз күшігі де сабалақтарымды жаман жолға түсіріп бітті. Күшіктерім әдеп сақтап амандасса, кешірім сұрап, ізет көрсетсе, жабыла мазақтайтынды шығарды. Солардың жаман қылықтарын менің күшіктерім де үйрене бастады. Не істеймін, ақсақал! Ит-әдептілік қасиеттен айырылып барамыз. Р-Р! –деді Алабай төбет.
– Ойыңды түсінікті етіп айтшы? Ұғыңқырамай тұрғаным?
Ит біткеннің асылы, қайсар мінезді – Алабай ішіндегі ойын шегелей түсіндірді. «Бұрын жылқы кісінесіп, ит біткен ырылдасып түсінісетін едік. Бұл ғасырлар бойы жалғасқан дәстүр-тін. Оғаш кетсе, кешірім сұрап, құйрығын бұлғаңдата, қыңсылай тізе бүгетін. Одан әрі дос-татулық жалғасып жүре беретін», деді төбет.
– А,а, енді түсіндім. Бұлар – немере, шөберелерді айтпағанда ет-бауырың – балаларыңның да мінез-құлқы өзгеріп барады. Айта, айта мен де шаршадым. Жеккөрінішті атанудың алдында тұрмын. Осы кемшіліктің, тіпті індет деп айтар едім, түп-тамырына балта шаппай болмайды. Күн ойланып, түн толғанып, себебін түсіне алмадым. Кейде: «Маған ғана керек пе?» деп, қолымды бір сілтегім келеді, -деді Жауынбай ақсақал. – Заман өзгерді ме, адамдар өзгерді ме? Ал, мына иттерге не жетпейді. Олардың өмір сүру қағидасы бөлек емес пе? Тамағы тоқ. Қасқыр қуып, түлкі шалып, мал қайырып, шаршап – тілінен сілекейлері ағып жатқан жоқ қой.
– Бір-бірімен кездесе қалса, азу тістерін ақсита, ырылдаса кететіні. Текетіресіп шайнаспай, құлақ жыртыспай тараспайды. Үлкенді сыйлау деген жоқ, -деді Алабай одан сайын ашуланып. –Қарын жарып, кек алмайтынына шүкіршілік. Біз күшік кезімізде елгезек едік. Үлкеннің алдын кесіп өтпейтінбіз.
Сол түні Жауынбай ақсақал көз ілген жоқ...
Сол түні Алабай төбет те күшіктерін бауырына баспай, оқшауланып, тұла бойы қалшылдай, ырылдаумен жатты...
Таң қылаң бере ақсақал үлкендігін танытып, Алабайдың қасына келді. Әдеттегідей еркелетіп, екі құлағының ортасынан сипалады.
– Ашу дұшпан деген. Өкпеңді бас. Түнімен есімнен шықпай көз ілген жоқпын. Әңгімең орынды. «Ит – жеті қазынаның бірі» деген. Сенің жаның ашымаса, басқа аң-құстардан қайыр жоқ. Айтар ақылым, қабырғаңмен кеңес. Ен даланы шарла. Мауқыңды басып, ит-дәурен күндеріңді есіңе ал. Ойлан. Толған. Арыстаннан ақыл сұра. Ол көнекөз, ақыл тоқтатқан аң патшасы емес пе? Себебін сол білер. Көпті көрген, аң-құс пір тұтқан жануар ғой. Біз үміт артқан ұрпақ неге босаңсып, жаман әдетке үйір болып барады. Соның мән-сырын анықта? Екеуің де киелі аңсыңдар. Бір-бірлеріңнің тілдеріңді түсінесіңдер.
Алабай ақсақалдың сөзінен кейін күшіктерін ертіп, ен даланы шаршағанша шарлады. Орманға да барды. Бірақ ақыл сұрар Арыстан да, түз тағысы – қасқырды да таба алмады.
– Хайуанаттар бағына барайық. Мен, мен... аң біткеннің бәрі сонда жиналғанын көргенмін, -деді әбден қалжыраған күшіктерінің бірі.
– Қап, есімнен шығып кетіпті. Адамдар аң-құс біткеннің асылын да, елеусіз жүретін жасығын да, бәрін бір жерге жинастырып, темір торға қамап қоймап па еді? -деді Алабай. –Сонда барайық. Біз іздеген Арыстан сол жерден табылар.
Хайуанаттар бағы әлемнің түкпір-түкпірінен әкелген аң-құстарға толы еді. Олардың мөлдіреген жанарын, жаутаң қаққан келбетін көрген Алабай көзіне жас алды. «Ой, бір кем дүние-ай!»...
– Ох , -деді күшіктер шуласа үріп. –Тамашаның бәрі осында екен ғой.
– Арыстанды іздеңдер? –деді Алабай өксігін баса алмай. – Біз аң біткенді тамашалап, олардың жүйкесіне тию үшін келген жоқпыз. – Су ішіп қойып жүрмеңдер, өкпелерің өшеді.
Күшіктер бірде таңырқай, енді бірде ештеңені түсінбей, шаршап-шалдыға аң патшасы қамалған темір тордың алдына да келді. Бала жетектеген адамдар шуласып, қуанып жүрді. Аңға бірі тістелген алма, бал-шырын жағылған тәтті нанды лақтырумен әлек. – Қараңдаршы, жемейді. Қарындары тоқ қой, -деді ересектеу біреуі. – Мейлі, бәрібір лақтыра берейік. Түнде қарындары ашқанда теріп жер! –деді балмұздағын апыл-ғұпыл жалап тұрған бала. –Ым, мұндай тәтті балмұздақты сендер өмірлеріңде жемеген шығарсыңдар?
Қарт Арыстан аулада болып жатқан күйбелең тіршілікке пысқырып та қараған жоқ. Теріс айналып, өкпелеген баладай жатып алыпты.
– Алабай-далабай! Алабай-далабай! деп кекете шуласқан маймылдардың айқай-шуы есітілді.
– Күшіктер шәуілдей үрді.
–А, Алабай дос, кешір, сенің келгеніңді байқамай қалыппын. Біз бұл көрініске әбден үйреніп алғанбыз. Мен білетін еркіндік те, мәдениет-әдептілік те, үлкенге көрсетілер құрмет те, темірдей тәртіп те шойын тордың арғы жағында қалғалы қашан. Байқаймын, мыналар сенің ұрпақтарың ғой. Өзің сияқты өр мінезді етіп, жақсы тәрбиелепсің. Табиғат-Ана берген асыл құрметтерін сақтап қалыпты. Қуанарлық, -деді Арыстан.
Айналайын, Алабай,
Арсалаңдап далада-ай,
Асыр салып ойнайсың,
Ойын құмар баладай.
Бұлғаңдатып құйрықты,
Еркелейсің жағалай.
Өздігіңнен біреуге,
Тйіспейсің қарадай.
Шәуілдесе күшігің,
Шақша басың шарадай.
Айнымайсың қалпыңнан,
Айналайын, Алабай!
– Сенің өрлігіңді, досқа берік көңіліңді сағынып қалыппын, - деді Арыстан.
Алабайдың күшіктері аң патшасына ризашылық көңілдерін білдіріп, шәуілдей жамырасты. Аяқтарын бауырына баса, жер бауырлап жата қалды.
– Иә, бар күшімді салып, тәрбиелеумен әлекпін, -деді төбет ішіндегі мұңын жасыра алмай.
– Біліп тұрмын. Сенің неге келгеніңді де сеземін. Иә, иә, менің алдыма күніге мың адам келеді. Үлкен де, кіші де. Солардың ішінен бірен-сараңы ғана амандасады. Хал-жағдайымды сұрайды. Оларға жауап қайтарар менде тіл жоқ. Тек бас изеимін де тұрамын. Көңілдегі бар мұңымды, жүрек-зарымды түсінетін жан баласы жоқ. Бірі нан лақтырса, енді бірі қолына түскенін лақтырады. Соған мәз болады. Әңгіме қарынның тоқтығында емес, адамдардың, тіпті ұрпағыңның да сені түсінбеуінде, -деді қарт Арыстан мұңая.
Арыстан тордың ішінде теңселе, ерсілі-қарсылы жүрді. Ол аядай ғана темір тордың ішіне қамалғанына емес, мына кең дүниеге сыймай, әділетсіздікке наразы көңіл-күйде еді...
Бір кезде алып Арыстан бойын тік көтеріп, бар даусымен ақырды. Айналадағы тіршілік тына қалды.
– Бүгіннен бастап барлық аң біткен – үлкенің де, кішің де бір-біріңе құрмет көрсететін болыңдар. Ең алдымен амандасудан бастаңдар. Әдеп сақтап, артық кетсеңдер кешірім сұрауды ұмытпаңдар! Одан қарындарың ашып қалмайды. Біз сонда ғана бір ата-анадан туғандай мәдениетті, бауырмашыл ұрпақ боламыз, -деді аң патшасы булыға.
– Ал, Алабай дос, бұл бір көптен бері ойда жүрген, ұмыт бола жаздаған мәселе еді. Есіме салғаныңа рахмет. Енді тыңдамай көрсін! Адамдарға ақыл айтуға жағдайым да жоқ, шамам да келмейді. Оларға менің атымнан сәлем айта бар. Әр шаңырақтың қазыналы – қариясы, ауылдың алып бәйтерегі – ақсақалы, елдің абыз даналары бар бар емес пе? Ендігі мәселені солардың өздері шешсін. Бұл менің адамзатқа жолдаған Аманатым! Өкшемізді басар ұрпақ тәрбиелей алмасақ, онда дүниенің бәрі бос! Әркім өз перзентіне еге болсын!..
Алабай күшіктерін ертіп, ауылға жетуге асықты...
Жанайқайы
Табиғаттың тосын құбылысына шыдамайтын, хайуанаттар бағының «Қара мыстаны» атанған кәдімгі сиаманг маймылының жанайқайы тағы шықты... Бұл жау шапқанда, не қуанышты хабар жеткенде берілетін «Дабыл!» сияқты ерекше белгі еді. Сол, сол-ақ екен, Күннің бір тамшы жалын-алауы жерге ағып түскендей болды. Қырық бес градустық аптап, дем алған сайын өкпе күйдірер ыстық аспанда ілінді де қалды. Басында бір түйір миы бар тірі жан біткеннің төбесі тесілудің аз-ақ алдында тұрды...
Зарлы дауыс естілісімен аң-құстар көлеңкеге таласты, ал жеке үйшіктері барлары маң-маң басып, мекендеріне жайғасты. Аумағы атшаптырым кеңістіктегі орнынан қозғалмаған, аң біткеннің алыбы Піл ғана. «Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді» дегендей, оған хайуанаттар бағында еркіндік те, жеңілдік те қарастырылмаған. Ол осылайша екі жүз елу пұт келетін салмағын көтеріп жүруден әбден жалыққан сыңайлы. Оның жан сауғалап, тығылатын бастырмасы да, паналайтын алақандай ала көлеңкесі де жоқ. Қайтсін, аң алыбы іштей наразылық білдіріп, күркірейді де тұра береді. Бұл көрініс адамдармен «достасқалы» бергі, мойнына темір шынжыр салынғалы жалғасып келе жатқан жағдай. Алғашқыда, қиналған сәттерінде туған жерін есіне алып, көңілін жұбататын. Күні ертең-ақ қайтып оралатындай сезінетін. Ал, айналасы шойын жолдың болат темірлерімен қоршалып, оның ішін құлаш жетпестей бетондалып, үстіне темір-шегелер қадалғалы бері болашаққа деген үмітін әбден үзді. Бейкүнә жануар шарбаққа жақындаса, әлгі үшкір темір тамағына инедей қадалады, ал аттап өтуге талпынса, табанына тот басқан, қисық шегедей кіреді. Бұл көрініс есіне түссе, алып жүрегі сыздайды, бүйректері бір-бірімен шекіскен ағайынды «тентектердей» екі бүйірін тепкілейді кеп... Қайран, аң алыбы, ақсақалы, Саваннаның талай шөңгесінің «дәмін» татқан еді. Олар мұның қасында айналайын екен ғой, айналайын...
Асыл есімді бозбала хайуанаттар бағына қанша келсе де, мына көңілсіз көріністі бұрын-соңды байқамаған еді. Ата-ана, ауылдан келген туыстары, қала берді ауланың қара сирақтарымен талай тамашалаған. Бала жүрегі осы бір жан түршігерлік қасіреттердің көкесін тек екі аяқты пенделердің ғана қолынан келетінін енді ғана ұққандай-ды. Ал, Пілдің артқы аяғына жуан шынжыр байлап, арқандап қойғанын көргенде, мына қорлық шеттен шыққандықтың белгісі еді. Аядай кеңістікте еркін айнала да, қасындағы тағдыр қосқан серігі – Ана Пілге еркелей де алмайды. Кішкентай піл – балапанын қалаған уақытында, сағынған сәттерінде әлдилей де, емірене мерейі қанғанша иіскей де алмауы... Ботақаны ми батпақ, сасық шалшықта аунап, ойнап жүр. Қайтсін, күнделікті ермегі осы болса. Алып Пілдің: «Айналайын, кішкентайым-ау, ауырып қалмасаң жарар еді» деп айқайлағысы келді. Бірақ дауысы шықпады... Әттең, әттең...
Осы бір аянышты көріністерден соң, Асылдың жүрегін ашу-ыза кернеді. Жер тепкілей тұрып алып, жылағысы келді. «Ех, оны түсінетін жан бар ма?» деді өзіне-өзі. Осалдық танытсам, адамдар түгілі сасық суды мекен еткен бақалар да сыйламауы мүмкін. Алыптар да, аң патшасы да күштілерден аяқ тартқан, қорыққан. Бұл – Джунглидің жазылмаған заңы. Ана сүтімен бойларына сіңген асыл қасиет! Ал, адамдар – осы ғаламның қожасы, қамқоршысы болса, алып Пілдің күркірей жылағанын, сона шаққан қодықтың шырылдай тоңқығанын, аюдың өкіре-өксігенін, артынша бір үзім дәм үшін билегенін, аққудың айдын көлін іздеп саңқылдағанын, маймылдың шыңғырғанын көргендеріне мәз. Бұдан асқан ғажайып әлем, мәз-мейрам тіршілік жоқ сияқты. Бейнебір қызғалдақ ғұмыр. Рахат!..
Хайуанаттар бағы мен Асылдың ауласын темір қорған ғана бөліп тұрады. Бала бұл жолы үйіне асықты. Қобалжып жүріп, аң-құстарға беруге арналған жарты бөлке наны қойнында ұмыт қалыпты... Асылдың бүгінгі «сараңдығына» хайуандар да аң-таң қалғандай.
Ол қорғанға өрмелеп, арғы бетке секіріп түсті.
Бұл көрініс Асылдың ең алғаш жасаған тентектігі еді...
Оны ешкім, әншейінде есіктің алдын ұзақты күн бақылап отыратын «полицай» әжейлер де байқаған жоқ...
***
Асыл қаладағы ең зәулім үйдің жиырма бірінші қабатында тұрады. Алып шаһардың кейде алқына, енді бірде тұншыға, күркілдей жөтелген тіршілігі үнемі көз алдында. Сондай көңілді-көңілсіз, өлі-ара сәттерде, әкесі туған күніне сыйлаған дүрбісін қолына алып, хайуанаттар бағының тіршілігін тамашалайтын әдеті. Бүгін де, күндегі дағдысындай дүрбісін қолына алып, балконға шықты...
Асылдың назары ең алдымен қарт арыстанға түсті. Дүрбісінің қашықтығын жақындатып еді, аң патшасының көзі мұңға толы екен. «Ех, Африкасын сағынған болар, сағынсын. Туған жерден, Атамекеннен ыстық, одан қымбат не бар? Аңсағанның өзі бір ғанибет қой!», – деді іштей. Жас арыстандар ақырып, бала жолбарыстар күркіреп, темір торға сыймай жүр. Сым темірге сеңше соқтығысады, тістелейді. Шайнап жіберердей айбат көрсетеді. Енді, міне, темір тор үзіліп, аң патшасының ұрпақтары еркіндікке шығатын сияқты көрінеді. Әттең, әттең... Сым-темір де оңайлықпен сынсын ба? Жоқ. Ал, ана бір қарт Арыстан күйбелең тіршіліктен шаршаған болуы керек, «асыл тастарын» күнге қыздырып, пырылдап ұйықтап жатыр.
«Кәрілік – даналық емес – қорлық» деген осы да.
Хайуанаттар бағында кірпік қақпайтын, күнді түнге, түнді таңға жалғастыратын, беймаза аң, түз тағысы – көкжал Қасқыр. Қасына жақындағандарға ілгек тісін көрсете ырылдаған айбаты, жанары от шашқан айбынды... Кімнің де болса, тұла бойын шымырлатып жібереді. Күндіз ерсілі-қарсылы жорытудан, түнде ен далаға қарап, ұлудан шаршамайды. Ал, бүгін басын төмен салбыратып алып, миына құрт түскен кәрі қойдай, шыр айналып, алған бағытынан қайтар емес. Шыбын қонса, тайып жығылатын асықты жілікті тістеп алыпты. Тастайтын түрі жоқ. Қайран, табиғаттың ұлы тағысы, ғұмырың азапқа қанша толы болса да, мойымадың. Бас имедің. Темір торды жерсінбедің. Осы қайсарлығыңды көрген аң біткен сескенді, адам баласы аяғын тартса да, құрметпен қарады.
Бүгінгі көріністен соң жас баланың жүрегі ноқта салынбаған тайдай тулады. Шақшадай басы шарадай болды. Асыл одан әрі шыдап тұра алмады. Ойын басқа жаққа аударғысы келді. Шамасы жетпеді. Қарсы алдында күнде көретін, қайсарлығына таң қалатын тау ешкісі – арқарларға көзі түсті. «Қимас достарым-ау, сендердің халдерің қалай?». Жас арқарлар құлаштан ұзын, білектен жуан мүйіздерін темір қорғанға соғып, шыңдап жатыр. Соққан сайын ұшқын шығады. Темір де сыр беріп қалыпты. Үзілудің алдында тұрған қобыздың ішегіндей дірілдейді, дыңылдайды, шыңылдайды. Әрі қарай ешкім түсінбейтін, мұңға толы, туған жерге деген сағыныш әуендеріне ұласқандай болады. Ал, әрегіректе, жасанды жар басында қарт Арқар, көсем Арқар көңілсіз жатыр. Басына қасірет бұлты үйіріліпті. Бар айбары, айбаты, мақтанышы болған – бір мүйізі түбінен морт сыныпты. Арқар жансыз мүйізінен көз алмай маңырайды, қан жұтып, зарлайды кеп... «Қайран, табиғат тағысы, сенің де қайсарлығыңмен қоштасар сәтің келіпті ғой! Мыңмен жалғыз алысып, жеңіліп көрмеген едің. Аядай қораның ішінде, құрмауда тұрсаң да, ор текедей ойнақтадың. Ерлік биін билеуден шаршамадың. Еркіндікті, азаттықты аңсаумен жүрдің. Алқындың, айбат көрсеттің. Алған бетіңнен қайтпадың. Ендігі күнің не болмақ? Ал, мына бала арқар – Қозықаларыңның өмірі, болашағы осымен күңгірттенгені ме?» Жоқ!..
Бүгін осы хайуанаттар бағына не болған, өзі? Қашан келсең де, мереке-думаны шалқыған, берекесі асып-тасыған, балалардың сүйікті мекені еді ғой! Мұны байқаған бүлдіршіндер қандай көңіл-күйде екен? Асыл жалма-жан дүрбісін түсірді де, қарауытып кеткен көзін уқалады. Көңілі құлазып, тынысы тарылғандай болды. «Мүмкін, мүмкін, бұл бір өткінші көрініс шығар? Ертең-ақ орнына келер» деп сабыр сақтады. «Ал, менің кербез Керіктерім, қайдасыңдар?». Алыстан, өте алыстан бес керіктің сорайған мойындары байқалды. Күні кеше ғана өмірге келген алтыншы бала керіктің басы, діріл қаққан құлағы көрінді. Айналадағы ағаштардың барлығы сидаң қаққан. Жапырақтан жұрдай. Алып ағаштардың діңгегін темір тормен орап қойғанын енді ғана аңғарды. Мұнысы керіктердің кемірмесін дегені ғой. Ал, трактормен орылған, май сасыған шөп-шалам үйіліп жатыр. Мұрты да бұзылмаған. Кенет кештің қоңырқай желі есті де, жапырақтар сусып, мың билеген көбелектердей жерге «қона» бастады. Оны көрген кішкентай керіктің қуанғаны-ай! «Баламысын» деген, ол жапырақтардың соңынан қуалап, теріп жеп жүр. Атамекенінен алыста өмірге келсе де, табиғаттың аналық қалпын сақтаған аяулы Отаны – Саваннасын, Африкасын сағынғандай. Байқамапты, керіктердің шахматтың мәрмәр тақтасындай мың құлпырған денесі шыт матадай оңып кетіпті. Кеше ғана күн нұрына шағылысып, құлпырып тұрған-ды. Ал, бүгін боп-боз. Бала аң-таң...
Көңілсіз көріністерден соң Асыл көпке дейін біртүрлі болып жүрді. Оны әкесі де, анасы да байқады. Ұлдарына тіс жарып, ештеңе деген жоқ. Бірақ бір сұмдықтың жақындағанын іштей сезгендей еді...
Түн жарымы ауа, сасық көбелектердің би-думаны қызған шақта, кәдімгі Сиаманг маймылының жанайқайы естілді. Асыл ұйқысынан шошып оянды. Маймылдың тамағы жарты доптай ісініп, кейде қызарып, қоңырқай тарта, дауысы жер жара шығатыны-ай! Оның зарлы айқайы жарты қаланы ұйқысынан оятты.
Асыл дүрбісін қолына алды да, балконға шығып, қорғанның арғы жағын бақылай бастады. Көзі ең алдымен керіктердің ауласына түсті. Олар хайуанаттар бағының сақшысындай, кірпік қақпай тұратыны қашаннан. Беймаза күндерде жиырма минут көз ілсе жеткілікті-ақ. Ұйқысы қанып қалады. Бірақ бүгін жүздерінде жұмбақ үрей бар. Бала бір сұмдық елестің хайуанаттар бағын шарлап жүргенін іштей сезді. Жалма-жан киініп, ас үйдің бұрышында сүйеулі тұрған балтаны алды да, сыртқа жүгіре шықты. Қорғанға өрмелеп жармасты да, ішке секіріп түсті. Бөгде адамның жүргенін сезген аң-құстар орындарынан тұрып, дыбыс шығара бастады. Хайуанаттар бағының іші лезде азан-қазан болды. «Менің келгенімді сезіп, қуанып жатқаны ғой. Атамекендеріңе қашуға дайындалыңдар, асығыңдар. Достарыңмен, көрші-қолаңмен қоштасып алыңдар. Сендер енді жолайрықта тұрсыңдар. Бірің Африкаға, Шығыс Азияға, енді бірің мұхит асып Америкаға, өз мекендеріңе тартыңдар! Памир, Тянь-Шань тауларына ұшыңдар! Қайда барсаңдар да менен, қазақтың қара домалақ баласынан сәлем айтыңдар! Ай-тың-дар-р!..»
Асылдың көңілін ерекше бір қуаныш сезімі биледі. Ол ай сәулесіне шағылысқан балтасын оңға да, солға да сілтеді. Болат құлыптар шыныдай сынып, шынжырлар жіптей үзілді. Темір есіктер айқара ашыла бастады. «Шығыңдар, қашыңдар!.. Енді сендер еріктісіңдер!..»
Бала көңілі көктемдей құлпырды. Жұдырықтай жүрегі кеудесіне сыймай, арнасынан асқан асау өзендей тасыды, тулады. Еркіндікке алқына асыққандай-ды. Кенет, кенет... хайуанаттар бағындағы ең зәулім, тау тастарымен әсем өрнектеле қаланған, мөлдір суы сыңғырлап ағып жатқан жерге келгенін де байқамай қалды. «Өзі бір керемет, жұмбағы мол мекен екен. Бұрын неге аңғармағанмын...» Анықтап қараса, ішінде Тазқара мен Ақбас құмай құстары қонақтап отыр. Көздері жыпылық-жыпылық етеді. Жайбарақат, жүздерінен қобалжу, не толқу байқалмайды. Асыл олардың есігін ашуға ұмтылғаны сол еді: «Бізге тиіп, әуре болма. Осында қаламыз. Бұл жер біздің үйіміз. Еш жаққа бармаймыз. Өмір бақи өлімтік жеп өскен құс едік, мұнда келіп, бағымыз ашылды. Жегеніміз сиырдың сүбелі еті, жеміс-жидек дегенің ағыл-тегіл. Бұлақ суын қалағанымызша ішеміз, қысы-жазы рахаттана шомыламыз. Жан жаннаты деген осы емес пе? «Қызыл кітаптың» қақ төрінен орын алдық. Бұдан асқан бақыт, осыдан артық еркіндік бар ма? Мықты болсаңдар, анау алақандай сым тордың ішінде тұрған, ұша алмайтын, ұшса қона алмайтын, секірумен күн кешкен, сендер қадір тұтатын қыран Бүркіттеріңді, кепесінде кемсеңдеген Ителгілеріңді босатыңдар. Еркіндік бізге емес, соларға керек!» деді әлгі құс жымысқы көзімен мысқылдай...
Сөзге тоқтап, қонақ сыйлап өскен халықтың ұрпағы ғой. Бала суық қаруын әрең тежеп, тұрып қалды. Жаңа бір әзірдегі қайсар мінезі де, таудай талабы да су сепкендей басылды. Одан әрі не болғаны есінде жоқ...
Асыл хайуанаттар бағының үлкен қақпасын айқара ашты да, балтасын сүйретіп, үйіне қайтты. Алып шаһардың бір бүйірін басына көтерген аң-құстар көпке дейін шуласып, қызыл кеңірдектене «айтысып» жатты. Тек, қырық пышақ болып, төбелескен жоқ...
***
Таң қылаң бере кәдімгі Сиаманг маймылының зарлы дауысы жарты қаланы ұйқысынан оятты.
– Бұл не деген сұмдық! Көк, Көк Бөрі Құланның қодығын ертіп, қашып кетіпті, қашып ке-тіп-ті-іі...
– Ех, – десті хайуанаттар бағының сары ауыз балапандары. – Бірі атамекені – Барсакелмеске, екіншісі ен даласына кеткен ғой. Еркіндік деген неткен керемет еді, ә!..
– Бәрібір бекер істеді. Қарындары ашып қалатын болды, – деді зәулім бақтың тіс қаққандары...
– Қодық балалық жасаған шығар. Ал, кәрі қақпас Қасқырға не жетпеді, «төрінен көрі жақын» неме. Осында өлсе, адам сияқты көмер еді ғой, – десті кәрі-құтандары...
Асыл Қасқырмен жаны егіз екенін енді ұққандай болды...
Қыранның қанаты жылайды
Ғасырды ғасырға жалғастырған, күйбелең тіршілігіне көңілі толмаған қарт Қарға сұмдық ойын ақыры жүзеге асырып тынды.
– Бес құрлықты армансыз мекен еттік деп мақтансақ та, санымыз миллиардтан асты деп асқақтасақ та, Алатаудың басына шыққан жоқпыз. Мұхит асып, ұшқан жоқпыз. Сұңқардай қалықтай, бұлбұлдай тамсанта сайрай алмадық... Тамағымызға тікен қадалғандай, зарлы дауысымыздың әуені өзгермей-ақ қойды.
– Қар! Қар!, – деп шуласты жиналған қарға біткен.
– Біздің маңдайымызға киелі құс болуды жазбапты...
– Қар! Қар! Киелі де, сүйкімді де, құс атанамыз әлі-ақ! – деп шуласты балапандар жағы.
– Табиғат бізге аққудың кербез сұлулығын, ителгінің қырағылығын, бүркіттің батыл жүрегін бермеді?
– Қар! Қар!.. Адамдардан бұрын Айда мекен ететін боламыз! – деді ақ ауыз, шүйке бас, сирек қауырсындылары.
– Біздің басқа құстардан қай жеріміз кем?.. Мейлі. Ал ең қорлығы сүйкімсізбіз. Адамдармен достаса алмадық... Жалаң аяқ, жалаң бұт жүгіріп жүрген бала да бізе тас лақтырып, айбат көрсетеді. Бұдан асқан қорлық бар ма? – Қарт Қарғаның дауысы бұл жолы зарлыда, мұңға толы шықты...
– Жоқ!.. Қар! Қар! – деп шуласты, қара құрым қарға біткен. Етек-жеңімізді жинап, бесігімізді түзер кезіміз келді...
Қарт Қарғаның тас бауырдай қатып қалған жүрегі елжірегендей болды. Дауысы дірілдей, күңірене кетті.
– Мың жасаған қарияң алжиын деген шығар, –- деп күңкілдесті ақ сақалдық жасты алқымдаған ересек қарғалар. – Мейлі аузына келгенін айтып қалсын, төрінен көрі жақын неме...
– Мен тегімді – теңдесі жоқ ерлікке бастайтын ерлікке бардым. Ұрпағымның болашағы үшін адамзаттың алдында кешірімді күнә жасадым. Оны сендер түсіністікпен қарап, қолдайсыңдар ғой деп ойлаймын.
– Қар! Қар!.. Ол не өзі? – десті жапа тармағай шуласа.
– Мен, мен, Бүркіттің жұмыртқасын ұрлап әкелдім.
– Соны да сөз қылып. Ұрлық – кәсібіміз, өлімтік жеу – машығымыз емес пе?
– Айналаны бүлдіріп, қаң қақсатып жүру дағдымыз ғой. Оған бола кешірім сұраудың қажеті жоқ!..
– Дұрыс, дұрыс болған, – десті жастық желпілі, мауқы басыла қоймағандары.
– Қар! Қар! Жарайсың, мұның тапқан ақыл екен, – десті шеткерірек жайғасқан ала қарғалар.
Қарға біткен өмірінде дәл бүгінгідей қырық пышақ күн кешпеген шығар. Бірақ қуанғандарының қарасы көп көрінді!..
Иә, қарға біткен өмірінде дәл бүгінгідей қарқылдай ән салмаған шығар!..
Не сұмдықтың болғанын сезбеген адамдар бастарын шайқады. Иттер не үрерін, не қыңсыларын білмеді...
Ал қарғалар мәз-мәйрам, қуаныштары қойындарына сыймай тарқасты...
Бүркіттің жалғыз жұмыртқасын қырық қарғаның мәткесі жиырма тәулік, кезекпе-кезек, күшене бауырларына басты. Жұмыртқа қызарған да, бозарған да жоқ. Сонда кәрі Қарға ұясына келіп, ешкіммен тілдеспей, бүріскен күйі тіс жармады. Өмір бақи жинаған жылтырақ тастарын, алтын-күміс заттарын жастанып, табиғаттан жалбарына сұрады. Бабаларынан мұра болып, сақталып келе жатқан күміс құманның ішіне басын тығып, үн-түнсіз жатып алды. Жүз жыл жасаған бекер тіршілігіне, қорғансыздарға жасаған қиянатына кешірім сұрады. Қарға біткеннің зарлы дауысынан айнала күңіреніп кеткендей. Күн күркіреді, түн тұтылды. Құс біткен шырылдағанын, бұлбұл сайрағанын, қасқыр да ұлығанын, байғыз сұңқылдағанын қойды...
Бір иттіктің болатынын сезгендей еді...
Қос Бүркіт болашақ балапанын, жоғалған жұмыртқасын іздеумен әлек. Құзға да түсті, шыңға да шықты. Өмірінде дәл бүгінгідей қанаты кемсеңдеп, жүрегі мұншалықты қан жыламаған шығар. Өкпе өшудің, көз жанарынан шығып кетудің алдында... Жоқ. Алып шың шайқалғандай, құз күңіренгендей, ағыл-тегіл жылағанды. Табиғаттың осы бір ерекше құбылысын тірі жан баласы түсінбей аң-таң.
Ал қарт Қарғаның тас жүрегі елжіреп, бойына қан жүргендей еді. Ол Бүркіттің жан айқайын естіген сайын, ұнжырғасының түскенін көрген сайын тынысы кеңейіп, мәңгі жасайтындай, осы әлемнің қожасындай сезінді.
Қарға біткен көз ілмегелі отызыншы күн. Қырқыншы тәулікте күдерін үзіп, шаршап-шалдыға, жаматармағай құлағанда жұмыртқаға жан біткендей болды. Дірілдеді. Трс, трс... Жұмыртқаның ішінен тіршілік нышаны есік қағып тұрғандай көріністің байқалғаны сол-ақ еді, қабығы тарс жарылып, сары ауыз балапанның тұмсығы көрінді. Балапан көзін ашып еді, айнала тас қараңғы. Қанатымен әрең дегенде көзін уқалады. Сөйтсе, айналасы қаптаған қара қарға екен. Балапаны көзін қайта жұмды. «Мүмкін емес!.. Мен, мен бүркіттің емес, қарғаның балапаны болғаным ба?..».
Көпті көрген қара Қарға балапанды бауырына басты.
- Аппағым менің, келші?
Айналып, толғанып жатыр.
Балапан көзін қайта жұмды. – Неткен сасып кеткен. Жуынбайды ма екен өздері? – Балапан бүркіттің жарық дүниеге келгендегі алғашқы ойы осы болды...
- Сен енді менің немеремсің. Тентектігіңді қой! – Сүйемін деп,
абайсызда бір-екі рет шұқып, шұқып алды.
Сары ауыз, шақалақ балапан ұядан түсуге ұмтылып еді, әлі жетпеді.
– Жоқ, мұндай ойдан аулақ жүр.
– Қар, қар!.. Тыңдаңдар мені! Бүгіннен бастап, біздің өмір сүру ережеміз өзгереді. Бәріміз осы балапанды «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» өсіруіміз керек!
– Ыхм, – деді шетте тұрған қарға. – Біз сонда қолбаламыз ба? Бүркіттің сары шақа балапаны үшін, шала бүлініп...
- Осы сенің-ақ тілің мен жағыңа сүйенгенің қалмайды. Жетер енді!
Қарт Қарға өмірінде дәл бүгінгідей ренжіген емес. Басқа ит-құстар болса, бір сәрі. Ал мыналар өз ұрпағы емес пе? Адамдар да, «Қарға тамырлы...», – деп бекер айтпайды ғой! Қайдан білсін, біздің басымыздың бір қазанға сыймайтынын.
Қарт Қарғаның арнайы тапсырмасымен бірі өзенге балық аулауға, екінші топ тышқан ұстауға шықты.
– Балықтың шабағын емес, уылдырығы барын әкеліңдер! Ал жалқаубектерім, сендер ауылға ұшыңдар. Ең шеткері үйдегі ақсақал намазға жығылғанда жаңғақ ағашына лап қойыңдар.
– Бармаймыз, – деді әлгі қырсық бала қарға. – Білеміз, шұқимыз деп тұмсығымыздан, тістейміз деп жағымыздан айырылатын жайымыз жоқ.
– Осы сендерге қашанғы үйретемін. Шағып әуре болмай, тас жолдың үстіне барыңдар да, биіктен тастап жіберіңдер. Жаңғақтарың сонда жарылмаса, маған айтыңдар.
– Кәрі қақпастың білмейтіні жердің астында...
– Үш жүз жыл бойы ойлағаның арамдық, жасағаның қастандық, үлкен-кіші демей қаң қақсатып жүрсең сен де осындай боларсың, – деді ала қарға ақылгөйсіп.
- Барыңдар енді, жынымды келтірмей. Қолыма түссеңдер аямаймын.
Тәйт, әрі!
Қарға біткен шуласып, тапсырмаларын арқалай жан-жаққа тарасты.
Бейберекет айқай-шудан басы айналған балапан Бүркіт көзін ашқысы да келмеді. «Қайда түскенмін. Жарық дүниенің жарқын тіршілігі осындай болса, онда жетіскен екенмін» – деді іштей.
Күнді түн жалғастырды, түн мүлгіген таңға ұласты. Ал таң қылаң берісімен айқай-шу, азан-қазан қайта басталады. Бірін-бірі, үлкенді кішісі тыңдамайтын, бақырғанды қақырғаны жеңетін, ит жығыс тіршілік, қарға өмір осылайша жалғаса берді, жалғаса берді...
Балапан Бүркіт күн санап өсті. Тек, әже Қарға көзін ала бере қайсысы екені белгісіз, аға қарғалардың біреуі байқатпай шұқып алды. «Жылауға, әлсіздігіңді көрсетуге болмайды. Онда мына қара ниет қарғалар түтіп жейді», – деп ойлады бала Бүркіт.
Әже Қарғаның арқасында тамақ дегенің ағыл-тегіл. Ішіндегі дәмдісін таңдап та, шұқып та жеді. Қабырғасына ет бітіп, қауырсындары қатая бастағаны сол еді әже Қарға ақыл айтуға көшті.
– Мына сұлу қарғалар сенің аға-әпкелерің. Бір әулеттің түлегісіңдер. Оларды қалықтап ұшуға, қырағы да сотқар, ержүрек өсуіне баулисың. Түсіндің бе?
– Мен әлі жаспын ғой. Өздігімнен ұшып та көрген жоқпын, – деді бала Бүркіт.
- Онда қазір байқап көреміз.
Бала Бүркітті ұядан төмен қарай лақтырып жіберді. Таудан құлаған тастай соқтықпаған жері жоқ. Көк-ала торғайдай болды. Тұмсығын қанатының астына, жұдырығын бауырына қысып, тіс жармай төмен қарай құлдилап келеді...
Бала Бүркіт сол жолы алғаш рет шаңқылдады.
Қарға біткен Қар! Қар! – деп ішек-шілесі қата қарқылдасты.
- Қырандарым менің! Осы бір салтанатты сәттің жақындай түскенін
ешкім білген де, ойлаған да жоқ. Ғасырлар бойы орындалмайтын арман еді. Енді міне, сол салтанатты сәтке де жеттік. Бүгіннен бастап, бәрің де мына бала Бүркіт сияқты шаңқылдайсыңдар! Ұшса – ұшасыңдар, қонса – қонасыңдар. Үйреніңдер. Талпыныңдар. Біздің де бағымыз жанатын күн келді!
Қарт Қарға тебірене сөйледі. Қуаныш жасын да жасыра алмады. Бірақ оны қарақұрым қарғаның бірі де түсінген жоқ. Тек жас қыран Бүркіт бір нәрсені іштей ұққандай болды... Алда орындалмас арман, өзге біреулердің болашағы үшін арпалыс тұрғандай. Қобалжыған көңілді, күпті болған ой-таласты, бәрін тастап, ен далаға ұшып кеткісі келді. Әттең, өз анасындай болған, жүрек жылуын сыйлаумен, қорғаштаумен келген әже Қарғаны тастап кетуге аяды. Азып-тозудың алдында қалған ұрпағына пана, көшбасшы іздеген қарт Қарғаны бұл қылығын іштей түсінді. Тастап кетсем, көрген күні не болмақ! Өз ұрпағы тірідей түтіп жейді ғой! «Жоқ!» – деді ержүрек Бүркіт. «Сабыр түбі – сары алтын». Күтейін.
Таң атты, оразасын ашпай қарға біткенді соңына ертіп, қырға да шықты, қиқулатып құзға да түсті. Кеш бата сүрініп, қабынып құлауға ғана шамасы жетті. «Айналайын», деген әже, «Жарайсың, бауырым!», деген жан көрінбеді. Таусылмайтын, беймаза күндер, бітпейтін, күйбелең тіршілік осылай жалғаса берді, жалғаса берді.
«Бір адам таққа отырса, қырық адам атқа қонады» дегендей, мұзбалақ Бүркіт шаңқылдай шарықтап еді, мың қарға қарқылдап, қалықтайтынды шығарды. Қанша үйреткенмен қарға біткен баяғы өмірінен ажырағысы келмеді. Ең болмаса, бүркітше шаңқылдауға, қыранша қалықтауға ерінді. Бірақ адам айтып жеткізе алмас сұмдық жаңалық болды. Олар енді құрт-құмырсқаға, өлексеге пысқырып та қарамады. Аң-құстың дәмді деген өкпе-бауырын, майлы төс, жұмсақ бүйрегін таңдап, таласа жеуді үйренді.
Аспанды қара бұлт – қарға қаптады. Күн тұтылғандай. Ұшып бара жатып, үлкен дәретін қарша борататын әдеттен арыла алмады. Ақсақал қариялар жұдырығын түйе кіжінсе, балалар рогаткасына тас іздеді. Біреулер байлыққа келетін болдық деп алақандарын жая қуанды, ал енді біреулері бөріктерін шеше бастарын тосты. Құдайым-ау, бұл берекесіз құстың да зәрі қасиетті болғаны ма? Өздері де жер қайысқан қол екен. Қарасы мен аласы, сарысы мен ағы, тіпті көгілдірі, қызыл көзді тентектері, жалғыз көзді – арсыздары, санасаң демің жетпейді, қарасаң ұшы-қиырына көзің тоқтамайды. «Сорға сор қосылмаса – сор бола ма?» деген осы-ау!
Олар аспанға көтерілгенде тышқан біткен інін таба алмай қалатын дертке ұшырады. Түлкі тауық кепеге тығылды, қасқыр бас сауғалап, бетпақ далаға қашты... «Қара қарға қаптағанда, басқа құстармен жылап көрісетін кез келді?..».
Бала Бүркіт бүгін түнде түрлі-түсті түс көрді. Ақша бұлтпен арпалысып, арғы жағына шығыпты. Аспанға маңдайын тіреп тұрған, әсем де ғажап шың Күн нұрына шағылыса, құшағын айқара жая, мен мұндалап тұрғандай. Бала Бүркіт өмірінде дәл мұндай шуақты, мейірімді көріністі көрмеген еді. Жүрегі елжіреп, тұла бойын құдіретті бір күш баурап алғандай болды. Әттең, әттең...
Ол қарғалардың жан айқайынан шошып оянды. Сөйтсе, түсі екен. Байбалам тіршіліктің қайта басталатынын сезді де, көзін жұма қойды. Жаңағы жұмбақ әлемді, нұрлы тауды іздеді. Тағы да бір рет жақсылап көріп, есінде мәңгі сақтап қалғысы келді.
Сол күннен бастап, әлгі көріністі іздейтінді шығарды. Сағынышын айтып жеткізу мүмкін емес-ті. Алтай тауын алты рет айналып ұшты. Іле Алатауын ілік қалдырмай сүзіп өтті. Жасырынып Қаратауға да, сұранып Ұлытауға да барып қайтты. Атын білмейтін басқа тауларды да шолып өтті. Жоқ. Ал түсінде көрген нұрлы тау тіпті бөлек еді. «Таппай қоймаймын! Мүмкін, менің ата-анам, әже бүркітім де сол тауда шығар? Тағатсыздана күтіп жүрген болар!»...
Бала Бүркіттің ойы шартарапты шарлады. Әбден шаршаған кезде көңіл жұбатары – Күнге ұзақ қарап, маужырап, егіле елжіреп, мауқын, әлгі жұмбақ тауға деген сағыныш шерін осылайша тарқататын еді...
Қарт Қарға бала Бүркіттің әлде неге қобалжып жүргенін іштей сезді. Бұл ойын сыбырлап, қарғаларға айтып та қойды. Оны естіген қара тұмсықтар Бүркітті күндіз-түні аңдумен, арбаумен, қақпайлаумен жүрді. Шалыс басса, байқатпа шұқып алатынды, шаршап көзі ілініп кетсе, білдіртпей қанатының ұшын қырқып қоятынды шығарды. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деген. «Көптің аты көп – күл шашпа!». Шыдап бақты. Төзімін шыңдай, жігерін қайрай берді.
Көңілсіз күндер, мазасыз түндерге жалғасты. Бала Бүркіттің қанаты қатайды, көзі қырағы, тырнағы алмастай өткір болды. Енді, міне, қыран Бүркіт атанды. Тұмсығы тістеген жерін опыра жұлып алатын, тырнағы көкжал қасқырдың да омыртқасын опыра сындыратын дәрежеге де жетті. «Түлкі ашуын – Тырнадан алады» – дегендей аң-құсқа қырғидай тиюден шаршамады. Ерлік деген осы екен дегенді ұқты. Тұмсығы қанға, балағы топырақ-шаңға малынды. Ал қарға біткен мәз-мейрам. Қарын тоқ, уайым жоқ. Ғасырлар бойы жалғасқан сүйікті тағамдары – өлексе жеуді ұмыта бастады. Қасқырдың терісін тулақ, қыр түлкісінің қызғылт терісін бөстек етті.
Қанша сүріне-қабына шаршаса да, түн ұйқысы төрт бөлінсе де, әлгі нұрлы тау, жұмбақ әлем есінен шығар емес. Міне, міне, сәл-ақ қалғандай, қол созым жерде тұрғандай, жарқ етіп, көзайым болып көрінетіндей... Сол сол-ақ екен, жүрегіне бір жылылық ұялай, ұлы сағышқа ұштаса берді. Жанары жарқ етіп, сұстана бір қарағанда қоршай жайғасқан қарғалар бастарын төмен салды. Бүркіт бар дауысымен шаңқ етті. Оның дауысы осы күнге дейін дәл мұндай қатқыл шықпаған еді. Қарға біткен бір сұмдықтың боларын сезгендей қарқылдауға шамасы жетпей, мойындарын қанатының астына жасыра қойды. Бүркіт бар күшін жинап, қарғалардың тобырын бұза-мұза көкке самғады. Шулап қалған құстарға бұрылып қараған да жоқ. Күні кеше ғана ағалы-інілі, қимас бауыр сияқты еді. Сөйтсе, бұл дүниенің бәрі бекер екен! Соны ұқты. Алыста, өте алыста түсінде талай көрген, сағына-сарыла іздеген, көзіне оттай басылып әлгі жұмбақ, нұрлы тау, құлпырған жаңа әлем тұрды. Ол сонда ғана өзін көк тәңірдің ұрпағы екенін алғаш рет сезінді. Қуанды. Бойын құдіретті бір күш баурап алды. Қанатын қақпаса да, биікке, бұлттан әрі самғай түсті. Армансыз қалықтады кеп. Шаңқылдап шаттанғысы келді. Еркіндік дегеннің қандай ғажап екенін сезгендей болды.
Әлемді шарлаған қыранның қырағы көзі Хантәңіріне қадалды. Ұлы сағыныш – көк түріктің Ұлы шыңы – Хантәңіріне жетеледі...
Қыранның өзі емес – қанаты жылайды!..
Күңіренген мұзтауы
Солтүстүк мұзды мұхитта көгілдір желкенді кемедей екі мұзтау қатар жүзіп жүрді...
Біріншісінде үлкен ақ Аю қонжықтарын еркелетіп, аунап-қунап, аналық мейірімге еміреніп, күн шуағына «шомылып» жатты...
Ал екінші мұзтауда таусылмайтын мереке – «Құс базарының» қызған шағы. Қара құрым, ақ төс, қара қанат пингвиндер тіршілігі толастар емес...
Олар Құдай қосқан көршідей бір-бірінің тыныс тіршілігін алыстан бақылап, ризашылық сезіммен, тілектес пейілмен, анда-санда көз тастап қояды. Осы бір жарасымды көрініс ғасырлар бойы жалғасып келе жатса да, көршілер көршілерді ерулікке шақырмапты, қуаныштарына құтты болсын айтпапты да. Салтанат құрған салт дәстүр ойларына кіріп те шықпапты.
Бір әулеттің баласындай бірінен бірі айнымайтын пингвиндердің арасында сотқар, тентектігі өзіне жарасқан Чимби есімді балапан өмір сүріпті. Оны «Айналайын» деп ешкім еркелетпепті. Арқасынан да қақпапты. Балапан пингвин сондай көңілсіз сәттерге мойымай, қайта өзін-өзі ерлікке, төзімділікке шыңдай түсіпті. Жастығына қарамастан, бар күшін жинап, мұзтаудың ең биік төбесіне шығып, шалқасынан түсе, аяқтарын айқастыра салып, армандауды ұнатады екен. Қай жаққа қараса да Күннің нұрлы шуағы не маңдайынан, не шекесінен сүйіп тұрғанына ерекше қуанатын-ды. Ал әбден жалыққан кезде көрші мұзтауға көз салады. Сүйсінеді. Өйткені ол жерде үлкен ақ Аю ұзақты күн қонжықтарын еркелетуден шаршамайды-ақ. «Ех, менің де сондай батыл да сұлу, әрі мейірімді анам болса ғой!» – деп армандайды. Ес білгелі, тұмсығы қоңырқай тартып, қанаты қарайғалы бері, Чимбидің өз анасы балық аулаудан оралмаған-ды. Сол бір қаралы сәтте мейірімді өгей шеше пингвин балапанды асырап алады. Амал қанша, қолынан келгенше мәпелеп, аналық махаббатын аямай-ақ келеді. Қайтсін, өз балапаны бар. Тамақтың дәмдісі соған. Артылғаны ғана бұған бұйырады. Солтүстіктің қатыгез, өктем желі өңменінен өткелі қашан. Күрк-күрк жөтеледі. Екі түннің бірінде қарнында «қасқыр ұлып», таңды ояу аттырған кездері қаншама. Ересектер оны байқап та жатқан жоқ.
Мұзтауда, жоқ барлық Солтүстік мұзды мұхитта, Антарктида мен Арктикада мекен ететін пингвиндердің бойына біткен бір асыл қасиет бар. Ол – анасының шақырған дауысын тек баласы ғана біледі. Ал балапанының жылап, күлгенін тек аналары ғана айнытпай таниды. Бұл мекенде шатасу, өзгенің тұз-дәміне егелік ету, алдау деген мүлдем жоқ. Ана сүтімен жүрекке жазылған заң. Олардың табиғатынан, ерекше мейірімді болып жаралғаны әлі күнге дейін жұмбақ, ашылмаған құпия.
Бала пингвин Чимби көрші мұзтауға қарады. Ол жақтан да кішкентай қонжық бұдан көз алмай тұр екен.
– Бізге кел!, – деп қол бұлғады бақытты қонжық.
– Қалай ғана жетемін, мен алысқа жүзе алмаймын, – деді Чимби мұңайып. Бірақ көрші қонжықтың шақырғанына қатты қуанды. Өйткені, оны осы уақытқа дейін ешкім қонаққа шақырған жоқ еді.
– Рахмет! Енді жақын арада терең сүңгуді, шаршамай жүзуді, суда тұншығып қалмауды үйренемін, сонда барармын, – деді Чимби.
- Келістік онда, – деді бала қонжық, анасының арқасына жармаса,
қуанышы қойнына сыймай.
Екі дос тұмансыз күндерде, аппақ түндерде осылайша хабарласып тұрды. Олар енді бір-бірін көрмесе сағынатын, тағатсыздана іздейтін жағдайға жетті...
Күндердің бір күнінде бұрын соңды болмаған ыстық леп шарпып өтті. Бала пингвиндер ештеңеге түсінбей аң-таң. Ересектер шекелерінің терлей, табандарының жіпси бастағанын сезіп, бір сұмдықтың келгенін аңғарды. Сол-ақ екен Солтүстіктің мәңгілік мұзы ортасынан опырылып, қақ айырылды. Балық біткен жан сауғалап, мұздың үстіне шапшып шығып, тулап жатты. Ештеңені түсінбеген пингвиндер тегін олжаға, қуана лап қойды.
– Тфу! Май сасыған балықтар ғой! – деді дәмін татқаны.
– Мүмкін, майшабақ деген осы шығар, – деді екіншісі.
- Жемеңдер! Уланасыңдар! – деген қарт пингвиннің жан дауысы естілді.
Одан соң аң-құс былай тұрсын, адам баласының ойына кіріп те шықпайтын сұмдық оқиға болды. Ана пингвин өз баласының дауысын, бала пингвиндер туған анасының жан айқайын, шақырғанын естімеді. Ең қорқыныштысы олар қас-қағым сәтте, бірін-бірі танымай, жат-бауыр болды да қалды... Мұзтауы адам танымастай күйге – азан-қазанның ордасана айналды. Пингвиндердің атамекеніне алапат, қасірет келді...
Чимби бар күшін жиып, демін ішіне тарта, көрші мұзтауға, қонжық досына қарай секірді. Жүзіп келеді, сасық майдың иісіне тұншыға жаздады. Әдемі кекілінің ұйпа-тұйпасы шығып, көзіне түсті, жанары қарауытып кетті. Тілі таңдайына жабысты. Өмірінде дәл бүгінгідей ентікпеген шығар. Бар күшін қайта жиып, әрең дегенде мұзтауға да жетті-ау! Ал биік жарға өрмелеу қиямет қайым еді. Ентігін баса алмай сәл аяңдады да, қармен бетін, көз әйнектей бұлыңғырланып кеткен көзін уқалады. Одан соң биікке, қауышпаған досына қарай көтерілді.
- Қонжық, қонжықтай, көмектесші! Ша-арша-адым. Әлім қалмай
барады...
Әрең дегенде мұзтаудың ең биік төбесіне шықты. Шықса... Мұз құшақтап, өкіре жылап жатқан үлкен Ана аюды көрді. Күнсайын қол бұлғай амандасатын, қуана шаттанатын, ескі досы – екі қонжық анасының басын құшақтап, оның өлімсі денесін кезектесе сүйіп, көз жасына «шомылып» жатты...
Олар қол созым жердегі Чимбиді көрген де, таныған да жоқ...
Ана Аю бірде табиғат тағысы кейпінде, енді бірде адам бейнесіне айнала бұлқынып, зарға толы үнімен жақанға жоқтау, күңіренген ен далаға басу айтып жатқандай еді...
***
Жер шарының «жүрегі» діріл қаққандай болды. Бұл – ананың ақ сүтіндей қасиетті, тау бұлағындай ерке де мөлдір, адам баласының табаны тимеген киелі жерге – алтын бесігіне төнген қауіптің белгісі-тін...
Қонжық та, бала пингвин де адамның айуанға айналып бара жатқанын енді ғана сезінгендей...
Мысық-махаббат
Жалғыздықтан қажыған жесір әйел мысықтың кішкентай баласын, Соқырын сатып алып, бауырына басты. Шартарапқа соқтыққан жігерсіз ойы бөлініп, тамырына қан, жанарына нұр оралғандай сезімге бөленді. Пешенесіне перзент сүю жазылмаса да, тұла бойы елжіреп, қос анары толықсығандай күй кешті. Мысықтың Соқыры күн санап өсті. Ол ана мысықтың иісін ұмытып, беймезгіл мияулағанын қойды. Әйелге бауыр басқаны соншалық, анасындай болып кетті. Ал, келіншек омырауын ашып, емшекқабының бір бөлігін босатып, мысықтың баласын ішіне салғаны сол еді, айнала төңкеріліп, ғажайып әлемге енгендей күй кешті. Еркек атаулыға арман болған қастерлі жерде ұйықтағанының, иіскеп жатқанының өзі бір ғанибет-ті...
Мысықтың Соқыры пырылына басып, ұзақты-күн ұйықтаудан жалықпады. Ал, әйелдің еркектерге деген асық көңілі бәсеңсіп, махаббаты мияулаған кішкентай жануарға ауысып бара жатты...
Мысықтың баласын әсем киіндіріп, иығына отырғыза, серуендеуге шықты. Олардың жарасымды келбетін көрген көршілер, тіпті күшік-мысықтар да сүйсіне, қызыға қарасты. Мысықтың басына таққан күндізгі ақ, кешкі көгілдір бантигі тіпті жарасып-ақ тұрды.
– Мысық болса да сүйкімдісін қарашы, тура адамның баласынан аумайды. Көзінің мөлдірін-ай! – деді ересектер.
– Аты кім?
– Әлі қойған жоқпын, – деді әйел.
– Онда: «Мөлдір» болсын.
– Атына заты сай. Кербездігін қарашы!
– Аяқтарын да санап басады екен. Еркелігін-ай!.
Ауланың бар баласы жарыса амандасты. Бірге ойнады. Ал, жесір әйел өзін бойы көкке бір елі жетпей тұрғандай сезінді. Ана бақыты деген осы шығар...
Көрші үйде тұратын еркек әдеттегі дағдысына салып, еркінсіп келгені сол еді, әйелдің өзгергенін бірден байқады. Әкелген гүлін ұсынды да, тентектеу мінезіне басып, қос анарының біріне қол салды. Мұндай оғаш қимылды көрмеген мысықтың баласы тістеп алды.
– Ах, – деді көршінің еркегі. – Тістеуін қарашы! Қызғанып жатыр. Тісі
саусағыма кіріп кетті.
Ол бармағына қадалған мысықтың сүт тістерін біртіндеп ала бастады.
– Қарауылың бар екен ғой. Бәсе, неге салқынқанды қарсы алды десем.
Еркектің ашуланғанын байқаған мысық енді әйелдің жалаңаш төсіндегі шым-шым терді жалауға кірісті.
Еркек одан сайын жынданды.
Әйелдің қолындағы раушан гүлді мысық жұлмалап, тістелеп, қауырсынын шаша бастады.
– Мен мына гүлді саған әкелгенмін. Ең жақсысын, – деді еркек, сөзінен қызғанғандық сезіле.
– Жетер енді, әйелің көріп қойса, сазайыңды берер. Кімнен қызғанғанды
тапқан екенсің? Осыншама уақыт қайда жүрдің, әйеліңнің етегінен шыға алмай? Кет, үйіңе!
Көрші сол кеткеннен көпке дейін есік қақпады.
Әйел айнаға қараса, мысық та жағаласа, бойын тік ұстап, азу тістерін көрсете, керіле, айбат құруға дайындала бастады.
Кезекті мерекенің бірін сылтауратып, көршінің еркегі қайтадан есік қақты. Төс қалтасында «басы жылтыраған» бір жартысы бар.
Мысықтың баласы әйелдің кеудесінен шығып, иығына мінді. Бар күшін жинап, ағаш есікке атылды. Әлі қатып үлгермеген тістерімен жармаса тістелеумен, әлсіз тырнақтарымен тырналай бастады. Одан соң әйелдің үстіне қайта өрмелеп шықты. Бұл жолы бала мысық көрші еркектің кеудесіне атылды.
– Тарт мына мысығыңды. Айбат көрсетуін қарашы! Көзімді тырнап алуға сәл-ақ қалды.
– Енді менің қорғаушым бар, абайла. Ана ұятсық қолыңды жұмсай берме, – деді әйел әзілдеп.
– Иә, мына мысығың саған әбден бауыр басып қалыпты. Қызғануын. Бұл
түріңмен еркектің құшағын көрмей өтерсің...
Көрші бұл жолы мысықтың да тағамын алып келіпті.
– Кис, кис, мынау саған. Жей ғой. Енді екеуміз дос болайық. Мына сұлу
келіншекті бөліске салмай-ақ қояйық. Мен күндіз, сен түнде. Екеумізге де жетеді.
Ғашықтар ұзақ әңгімелесті. Ащы суды тәтті өмірімізге себепші болсын деп, бөліп ішті. Жарқылдай күлісті. Мұны көрген мысықтың көңіл-күйі түсіп, терезенің жақтауына барып, ренжіген баладай теріс қарап, жатып алды. «Әкелген тәттісін бекер жеген екенмін. Бұл адамдар алдай салуға шебер-ақ», – деді ішінен.
Әйел әлденеге алаңдап, көзін ала бергені сол еді, көршінің еркегі бәсекелестей мысықты шынтағымен қағып жіберді. «Мияу!» деген жан дауысы шықты. Бөтен адамға деген ашулы көзбен қарап, жиырыла қалды.
Мөлдір өмірінде алғаш рет мысық болып, дүниеге келгеніне өкінді. Жалғызсырады. Жылады. Көз жасын әйелге, ана махаббатын сыйлауға талпынған әйелге көрсеткісі келмеді.
Мысықтың көзі ілініп, пырылға басқаны сол еді, сұлу әйелдің сыңғырлаған күлкісінен шошып оянды.
– Қой, ұят болады. Тал түсте, мұның не?
– Кімнен. Бөлмеде ешкім жоқ қой.
– Мысық ше? Бәрін түсінеді. Бақырайып қарауын қарашы, – деді әйел.
– Ол бар болғаны мысық емес пе? Оның үстіне, тілі жоқ, мылқау ғой.
Мысық болса да көрші еркектің жамандап жатқанын түсінді. Не де болса, әліптің аяғын күтуді ұйғарды. «Бір күні ілінерсің азу тісіме» деп ойлағаны сол еді, шынымен айқыш-ұйқұш сүт тістері қыши бастады. «Өсейін дегені ғой». Бар ашуын терезенің жақтауынан алды. Тістеледі. Ойы бөлініп кеткені сол еді... Әйелдің риза болған дыбыс-үні шықты. Мысық бар күшін жинап, еркектің үстіне қарғып мінгенін байқамай да қалды. Шым-шым терлеген жауырынына жармасып, тырналай бастады. Ащы су мен темекінің дәмі әбден сіңген моншақ терді құшырлана, жүрегі айнығанша жалады. «Фу, осы еркекке несіне құштар болды екен!» деді ішінен. Тырнақтары сыздағанша, рахаттана тырналады.
– А, аа-а!
Осы күннен кейін бұл көрініс жиі қайталанып жүрді. Мысықтың мазасыз күндері көбейе түсті. Әйел көрші еркектің шылауына әбден ілінді. «Бұл сатқындық қой!» деді мысық ішінен. – «Шыдамның да шегі бар!..»
Мысықтың бойы өсіп, өзін Жолбарыстың туысқанындай сезіне бастады...
Көршінің еркегі жауырынын жиі-жиі «тырнатуға» әбден дәнігіп алды. Қайтсін, «Еркін күреске» деген құштарлығы намысын тежеп, шыдаумен бақты.
Мысықтың беймаза күндері жалғаса берді. Ол күн санап, тістерін қайрап, тырнақтарын шыңдаудан шаршамады. Ал, әйел мың бұрала құлпырып, айнаға қараса, мысық та жағаласумен, сілекейіне «шомылумен» болды.
Ғашықтардың құпия әңгімелері созыла түссе, мысықтың мазасы одан сайын кетті. Бірде көзін сығырайта ашқаны сол еді, қызғаныштан өртене жаздады. «Қап, бәлем!». Мөлдір көршінің еркегіне қарай жолбарысша атылды.
Сол сәтте еркектің: «Ойбай!» деген жан дауысы шықты.
– А, аа-а! Қап бәлем, сені ме? Екеуміздің арамызға көлденең жатып
алғаның аздай, енді сайманымды тістеп алғаны...
Көршінің еркегі мысықтың жақ сүйегін күштеп ашып, бұлқынғанына, жан дауысын шығара шыңғырғанына қарамастан төртінші қабаттың терезесінен төменге қарай лақтырып жіберді.
– Тиме, өлтіресің, – деген әйелдің жан дауысы шықты. – Бар, алып кел!
Ол менің жұбанышым, перзентім ғой!
Жаңа ғана бал-бұл жанып, махаббат ләззатына өртеніп жатқан әйел енді алқа-салқа кейпімен далаға қарай жүгірді. Шарқ ұрып, іздемеген жері жоқ. Мысық табылмады. Арада үш, төрт күн өтті. Жағымды жаңалық болмады. Мөлдірімен құшақтасып түскен суретін көзге көрінетін жердің бәріне іліп қойды. Сыйақы берілетінін де жазды. Хабар-ошар жоқ. Үміт оты үзілудің алдында тұрғанда, түн ішінде мысықтың жылаған дауысы шықты. Мөлдірінің зарлы үні сияқты. Қалың қараңғылықтың ішінен мысықтың от шашқан көзін көргендей болды. Солай қарай жүгірді. Табылмады.
Күндердің бір күнінде мысықтың өзі келді. Көзі алақ-жұлақ етеді. Сау жері жоқ. Әбден таланған. Ұйпалақтанып, пөстек болудың алдында қалыпты. Сасып кетіпті. Шомылдырды. Әрең дегенде мысық қалпына келтірді-ау. Күні кеше ғана ауланың бар тұрғыны тамсана да қызыға қараған асыл тұқымды мысық еді, енді бұралқы күйге түсіпті. Мұндай жағдайға душар болған «перзентін» көргенде әйел өксігін баса алмай жылап жіберді. Басын ұстап, қайғыдан қан жұта жаздады. «Бәріне өзім кінәлімін. Алланың маған берген аманатын ардақтай, жұбанышымды сақтай алмадым» деп өзін-өзі жазғырып бақты. Көршінің еркегін енді көрмеуге бел байлады.
Араға күндер салып, шаңыраққа бір-біріне ұқсамайтын, ағайынды алты Соқыр дүниеге келді. Әйел күйеуі қайтыс болғанда да дәл мұндай әбігерге түспеген еді...
Мөлдір оңтайлы сәтті пайдаланып, соқырларын тастап, далаға, еркіндікке, жауапсыздық тіршілікке қашып кетті...
***
Арада бір жыл өтті.
Әлгі мысық көрші үйде тұратын еркекті тауып алып, есігінің алдын торуылдауды шығарды. Ол өз пәтеріне кіруге келгенде, әлгі мысық жолын кес-кестеп, қыр көрсетумен жүрді. «Кет, кес-кестемей, жолым болмайтын болды» деген секеммен өз шаңырағына еркін кіруден қалды. Оған қоса, Мөлдір, Мөлдіртай түн жарымы ауа есікті тырмалайтынды, зарлы дауыс шығарып, жылайтынды шығарды...
– Мияу-у-у!..
madeniportal.kz