Өтен Ахмет. Өлексенің бал дәмі (Әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
3495

-Рядовой Белов, дай лапу.

-Держи.

Белов ұсынған күректің сабынан ұстап Емберген сыртқа шығып алды. 

Белов қазылып жатқан окоптың ішіне секіріп түсіп кетті.

Артынша күрек жүзінің саз топыраққа кірш-кірш қадалғаны естіле бастады.

 Емберген тынысын терең алып, деміккенін басып, бойын түзегісі келгенмен бірден тіктеліп кете алмады. Ауылдың шалдары құсап күрек сабына сүйенген. Өзін күштеп, жан-жағына шола көз тастап қойды. Ақырын желпи ескен жел аулақтан болар-болмас тұз дәмін жеткізіп, теңіз лебін сездіріп тұр. 

Майданға келген соң, «жау қайдалап» бетпе-бет тұрып шайқасатын шығармыз деп ойлаған. Жау түгіл, өз әскерлерінің қайсысы қайда екенін қатардағы жауынгер бұл тұрмақ, командирлердің өздері де жөнді білмейді екен. Әйтеуір, келіп түскен жерлері география сабағынан жақсы мәлім Қырым мен үлкен құрлық арасындағы Керіш мойнағы еді. 

Бұл жерде жақында ғана үлкен шайқас болып өтіпті, мана күндіз, күн жарықта, жақсылап көріп алған, айнала төңіректе соғыс іздері сайрап жатты: өртенген машиналар, қираған арбалар, оқ тиіп өлген аттар, өгіздер. 

-Болды. Әрі қарайға шамам жоқ, - деді қатардағы жауынгер Сергей Белов төменнен қарлыға дауыстап.

-Шыда, досым, шыда, - деді Емберген оған окоп жиегінен төбесінен қарап тұрып. - Ендігі жерде бас тығып жан сақтайтын үйіміз. 

Аштықтан әлсіреп, оған ауыр жұмыс қосылып, өкпелері өшіп, тыныстарын зорға алып жүрсе де, басқа түскен қиындыққа тістене шыдап, ақыры екеулеп окоптарын қазып, еденіне тақтай төсеп, қабырғаларын да тақтаймен мықтап бекітіп алды. Окоптың жау жаққа қараған тұсынан ұзындығы бір жарым метрдей үңгір жасалған еді, соны қосқанда, күндіз екі адам олай-бұлай еркін қозғала алатындай, түнде аяқтарын созып қысылмай жататындай шағын үйшік пайда болды. 

Емберген құрғақ шөптерден «төсек» жасауға кіріскенде, Сергей  қарақошқылданып тұрған қараңғылық қойнауына сүңгіп жоғалған. Көп ұзамай қайтып оралды. Қолында қомақты заты бар.

-Анауың не нәрсе?

-Ет.

-Не дейсің, қайдағы ет?

Сұраққа жауап берудің орнына, Сергей:

-Мұрның ештеңе сезбей ме? –деді серігінің көңілін басқаға аударып.

-Иіс... Иә, көңірсіген күйік иіс, - деді Емберген. - Бір жерде отқа ет қақтап жатқандай ма, қалай? Әй, арам өлген малдың...

-Тап солай. Талайлар қазір окоптарында бұғынып отырып, отқа ет қақтап жеп жатыр.

-Өзің жей бер, - деді Емберген тыжырынып.

-Оқасы жоқ. Маған көбірек қалады.

Окопқа кіргесін Сергей алдын ала дайындап қойған бұрыштағы екі тастың ортасынан от жағып, даладан алып келген шикі сом еттерді ірі-ірі етіп  турап алды да, мылтықтың найзасына екі-үшеуден шаншып, қызған оттың жалынына ұстап шыжғырып қақтай бастады.

-Біреулер үстіңгі оңай жағын әкетіпті де, астын аударуға ерінген бе, жарықтық ірі жылқы екен, жамбастың сом етінен аямай ойып-ойып кесіп алдым.

Жылқы еті, жарықтық, «жемесең түсіңе, жесең тісіңе кіреді» дейтін қазақтың ерекше қадірлейтін қасиетті асы ғой. Отқа шыжғырылған сайын біртіндеп тар окоптың ішін жұпарына толтырды да жіберді. Қазақ малды сояр алдында одан кешірім сұрап, бауыздау қанын шығарып, содан кейін ғана азық етеді ғой. Бауыздалмаған малдың етін арам дейді. Бірақ ашаршылық жылы анасы байғұс өлімге басын тігіп жүріп, үсіктен арам өлген малдың етін алып келмегенде, сол еттен жолда кездескен жаралы әрі аш буаз қасқырмен бөліспегенде, одан қалғанын интернатқа жеткізіп, «Күлшелі бала сүймекке жақсы» атанбағанда, бүгін Емберген аяқ басып осылай тірі жүрер ме еді... Қазір мына қорқынышты қараңғы түннің астында окоп дейтін көрге кіріп, арам өлген малдың етін отқа қақтап жеп жатқан солдаттардың ашаршылық жылы арам өлген малдың еті түгіл, кесіртке, тышқан, тіпті одан да жаманды жеген қазақтардан не айырмашылығы бар дейсің...

Ет піскен болу керек, жауынгер Сергей Белов шетінен ыстықтай бір үзіп-ап, аузының күйгеніне қарамастан, қомағайлана асығыс асап жей бастады. Ішіне ел қондырған соң:

-Тәбетің шын шаппай отыр ма? –деді көңілдене түсіп. - Біліп қой, аштық оқтан жаман. Оқтан қиналмай бірден өлесің. Ал аштықтан...

Емберген өзін қанша ұстағысы келсе де, тамақ сұраған аш қарны жылқы етінің жұпар иісінен кейін онан сайын өршіп, шұр-шұр етіп, жанын қуырып шыдатпай, аузының қара суы шұбырып иегіне төгіліп-ақ кеткені. Ол үн-түнсіз қимылдап, ошақтағы қызыл шоқтың жиегінде шыжылдап, түтіндеп жатқан ет кесегінің біріне еріксіз қол созды...

Ет жеп, флягаларынан су ішіп, қарындарын тоғайтқан соң, қос солдат әр нәрсенің басын бір шалып, өзара әңгіме-дүкен құруға кірісті.

-Мен мына біз келген соғыс майданынан түк түсінген жоқпын, - деді Емберген.

-Түсініп қайтесің, - деді Сергей, - сен генштабтың бастығы емессің ғой.

-Жоқ, ә, бізге сендердің жолдарың болды, өйткені Сталиннің сүйікті шәкірті Лев Захарович Мехлистің қарамағына барасыңдар, ол наркомның орынбасары, бірінші дәрежелі армия комиссары, жауды қалай талқандаудың тура жолын одан артық білетін дәл қазір елімізде ешкім жоқ деген еді. Ал мына жерде...

-Бұл жерде ме, бұл жерде таяуда ғана қатты соғыс болғанын әр тұста үйіліп жатқан қирандыларды көріп өзің де байқадың ғой. Немістер басым түсті. Ал жеңілгендер не істейді? Бас сауғалайды. 

-Шегіну, жеңілу емес. Орыс армиясы кезінде Москваны да жауға тастап шыққан. 

-Ай, Наполеон мен Гитлер екеуі бірдей емес қой... Әрине, біз жеңеміз. Бірақ, әйтеуір, түбінде біз жеңеміз деп соғыс ашу керек пе еді?

-Соғыс ашқан Гитлер, фашистер.

-Дұрыс. Дегенмен, егер большевиктер пролетариат төңкерісін жасаймыз, бүкіл дүние жүзіне коммунизм орнатамыз деп Еуропаны қорқытпағанда, кім біледі, бұл соғыстың болмауы да...

-Коммунизм ешқайда кетпейді. Әуелі фашистерді жеңіп алайық біржола талқандап.

-Пай-пай, баяғыдай жер дүниенің бар шаңын аспанға шығарып, ат үстінде ойнақтап жүргендей шалқисың ғой өзің.

-Сен, немене, біздің жеңетінімізге сенбейсің бе?

-Болды. Мен сенен қорқайын дедім. Енді ауыз ашпаймын.

-Өзің біл. Менікі жәй өзіңді сынап алайыншы деген әзілім болатын.

-Олай болса, Мехлис анау ғой, анау, жөйіт.

-Онда тұрған не бар, Маркс те анау, жөйіт.

-Иә, бұлар жақсы-жаман бірдеңені бастап беруге өте шебер... Бәрібір Мехлистің келуімен майдандағы жағдай тез арада түзеліп кетеді дегенге өз басым сенбеймін.

-Мехлиспен бірге өсіп, оның бар сырын білетін адамша сөйлемеші.

-Жерлеспіз. Одесса! «Одесса город черноморский, Одесса очень велика», естуің бар шығар?

-«Там молдаванки и пересы, обожают в гости моряка», - деп Емберген іліп алып, жалғастыра қойды.

-Ну, Евгений, ты шибко грамотный, оказывается.

-Совет мектептері мен жоғарғы оқу орындарындағы бағдарламалар барлық жерде бірдей. Бірақ жауынгер Сергей Белов, бұдан былай сен мені Евгений деп атағаныңды қой, жарай ма?

-Оның рас, бағдарламалар барлық жерде бірдей екені бірдей. Сондықтан сені Евгений деп атағанды мен қойғанмен басқалар қоймайды ғой...

-Жарайды, бұл тақырыпты жабайықшы. Жаңа Мехлис туралы бірдеңе дедің бе?

-Не айтайын деп едім? А, иә, төңкеріс идеясын ойлап тапқан, кедейді байға қарсы айдап салып, халықты қанға бояп төңкеріс тәртібін орнатқандардың көш басында солар болғанын есіңе салайыншы дегенмін.

-Қатардағы жауынгер Белов, сен саясат жаққа кетіп қалдың.

-Саясатты маған Украинадағы аштық зұлматы үйреткен. Жеріміз қара топырақты, суы мол, өмірі аштық болатын ел емес... Өзіміздің жеке меншік ұн тартатын диірменіміз бар еді, тартып алды. Оны қойшы, әкем, шешем, ағаларым, әпкелерім түгел... Қысқасы, менің отбасым жоқ, қырылып қалған. Аштықтан.

Емберген іштей шошып селк ете түсті.

-Немене, сені бірдеңе шақты ма?

-Менің де әкем, аға, інілерім аштықтан... Еркек кіндіктіден мен де жалғызбын.

-Сондықтан, достым, соғысқа кіруге асықпайық. Мен білсем, Мехлис алдымен өз басын сақтауға тырысады. Мехлиспен бірге бізде аман-есен жүре тұрайық. – Сергей аузын кере қатты есінеп алды.- Жаңағы дәмді ет буыныма түсіп кетті білем. Сен де ұйықтап ал, ертең не болатынын қайдан білеміз.

Сергей Белов бетін қабырғаға беріп әрі аунап түсті де, бірден қор ете қалды. Емберген бас жағындағы затқалтадан күнделік дәптерін алып, әдетінше бүгінгі көргені мен түйгендерін ойша ықшамдап жазып қоюға кірісті. «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді». Атам қазақ не деген дана. Ойласа, солардың айтып кеткендерінің бәрі рас, бәрі айна қатесіз келіп тұр. Окоп дегенің, шынында, көр сияқты шағын ғана үңгір. Алайда, Белов екеуі ішін кеңдеу етіп қазып, қабырғасын бекітіп, төбесін жауып, еденіне тақтай төсеп, үстінен құрғақ шөп тастап еді, кәдуілгі бас сұғар шағын үйшік болды да шықты. Бұрышта снаряд патронының гильзасынан жасалған сықсима май шам жанып тұр. Жарығы бұлдырап түссе де, тар жерде дәптер бетін анық көруге жетерліктей. Ет қақтағандағы ошақтың жылуы, ішке түскен құнарлы тамақтың қуаты адам зорға айналатын ұядай жердің өзін салтанатты кең сарайға айналдырып жібергендей. Емберген өз-өзінен ақырын жымиып қойды. Дәптердің бетін жапты. Қызық, деді іштей, майданға тезірек жетсем деп асықтым. Қазақ полкіне жіберіңдер деп жер тебіндім. Сол үшін гауптвахтаға түсіп, таяқ та жедім. Қазақ полкі барған бойда Москва түбіндегі екі жақты кескілескен ауыр шайқастарда тамаша ерліктер көрсетіпті. Жау оғынан қыршынынан қиылғандары да аз болмапты. Егер мен солармен бірге  кеткенімде, қазір өлі мен тірінің қай жағында... Осылай деп ойлауы мұң, дәл құлақ түбінен анасының «Тәйт!» деген қатты дауысы саңқ етті. Қапелімде шошып кетіп, жүрегі орнына түскесін дауыс қай жақтан шықты дегендей апалақтап айналасын көзімен бір шолған. Тар окоптың іші. Бұрышта сықсиып жанған май шам. Жауынгер Сергей Белов дәл ортада қорылға басып, теңкиіп ұйықтап жатыр. 

Ылғи да осы, өлім туралы ойлай бастаса болды, алыстағы анасы өңінде де, түсінде де аян беріп, өстіп бірден қағып тастайды. 

Дәптерін төсіне қойып, алақанымен мұқаба бетін аялай сипап жатып, біраздасын көзі кілегейленіп Емберген де қалғи бастады.

Өмір үшін тынымсыз күресіп шаршап жүрген жас жауынгер тар окоптың ішінде бір мезгіл тыныш жатып ұйықтап алсыншы. Ал біз оған дейін оның май сіңген күнделігінің кейбір беттеріне асықпай үңіле тұрайық.

03.02.1942 ж. Сейсенбі. Бүгін міне, Түрікменстанның қаласы Красноводскіде отырмыз. Жолда көрген жерлерім таңданарлық: ылғи құм, сексеуілден басқа ешбір өсімдік жоқ. Красноводскінің суы тұз. Қазақстаным мұның жанында бақша екен.       

Красноводскіден шығып, Уфра деген жерде моншаға бардық. Сағат 24-кезінде біздің взвод моншадан шықты: біреуі іш киімін, біреуі шинелін жоғалтқан, біреуінікін біреуі киіп алған. Орысша айтқанда «бардак». Өйткені 25 кісілік моншаға 100 кісіден босатады... 

05.02.1942 ж. Бейсенбі. Каспий теңізінің үстінде «Багиров» деген кемедеміз. Трюмға кіріп жаттық. Толқыннан түнімен бас айналып қазандай болды. Әйтеуір, құсқаным жоқ. Трюмға шығып-түсуің бір азап – акробатика. Шығарыңда досыңмен қоштасуыңа болады. Жығылып кетсең, ол дүниеге путевкасыз барасың. 

08.02.1942 ж. Жексенбі. Новороссийскіге жақындап қалдық. Құдай енді тап мұндай жолдастармен кездестірмесін. Өліп бара жатсаң бір жұтым су бермес.

10.02.1942. ж. Сейсенбі. Кеше сағат 15-те Новоросийскіден «Курск» пароходымен Керішке қарай беттедік. Пароходтың трюмі толған кісі болды. Төрт мыңдай. Отыруға да орын жоқ... 

                                                        х х х 

Жердің сызы қойсын ба, түнімен аяқтары қатып шыққан Емберген мен Сергей таңғы аспен жылынармыз деп үміттенген еді, ойлағандары болмады, ауыздарына бір тостағаннан бидай ботқа, бір стақаннан өлі су ғана тиді. Нан берген жоқ. Күн сәскеге тақала дабыл қағылып, солдаттар сапқа тұрғызылды.

-Кісі атады, - деді Сергей Белов.

-Соғыста өлсе де жетпей ме, - деді қатар тұрған солдат біртүрлі елегізіп. 

-Сен не, Мехлистің бұйрығын оқымадың ба?

-Орысша сауатым жоқ. 

-Ендеше, тыңда. «Паникеров и дизертиров расстреливать на месте как предателей. Уличенных в умышленном ранений и самострел – леворучников расстреливать перед строем». Енді ұқтың ба?..

Қарулы бір топ солдат қолдары байланған екі міскін сорлыны айдап әкеліп, алаң шетіне сүмірейтіп тұрғызып қойды. Іле-шала фуражкасы астынан бурыл шашы желбіреген егде жастағы офицер алға шығып, әскери трибуналдың үкімін жариялады. Күні кешеге дейін Отан қорғайтын солдат атанып келген мына қос міскін: бірінің ұлты грузин, ол күзет орнынан рұқсатсыз кетіп қалған, екіншісінің ұлты орыс, ол әскерден босау үшін қулық жасап, өз қолын өзі атып жаралаған.

-Көрдіңдер ме? - деді Сергей Белов жанындағыларға ақырын сыбырлап,- Мехлистің күші жауға жұмсауға жарамаса да солдат бейшараны жазалауға жетіп тұр.

Осы кезде Сергей Беловтың сыбырын «Пли!» деген қатты дауыс бөліп жіберген. Әлденеше винтовкадан бір мезгілде «пытырррр» етіп жарыса-таласа оқ атылды. Жазасын күтіп қатар тұрған қос міскін тұрған жерлерінде баудай орылып құлап түсті...                               

Саптағыларға тараңдар деген бұйрық берілген бойда бұлар да қазып алған окоптарына қарай асығыс жөнеле берген. Сүйткенше бейтаныс біреу  көлденеңнен килігіп, қапталдаса кетті. Қастарынан қалар емес. Бірақ Емберген де, Белов та осындағы әрлі-берлі босқа сенделіп жүрген көп солдаттың бірі шығар деп ойлап, әлгіге онша мән бере қоймаған еді. Қызығы үшеуі бірдей ентелесіп окоп аузына қатар келгенде болды:

-Маған дұрыстап қарап алыңдар, мен деген қарт жауынгер Болговпын, осында сендермен бірге тұратын боламын, - дейді әлгі әйт-шүйт жоқ, - Сендер менің қасымда салагасыңдар, үлкендік жол менікі, - деп, окопқа да бірінші боп түсіп, тар қуыстың төрінен барып бір-ақ шықты.

-Слушай, мына окоп екі адамға ғана шақталған, сенің келетініңді білген жоқ едік, - дейді оған Белов сөзінің бір жағын әзілге бұрып.

-Үшеуге тар десеңдер, онда біреуің шығып кетіңдер, - дейді Болгов болса, өктемдене түсіп. Әзіл-мәзіліңді керек қылатын түрі жоқ. Турасынан кетіп тұр. Ембергенге менсінбегендей ала көзін алайта бір қарап қойды. – Мысалы, мына азиат. Бұлар қысы-жазы далада, ашық аспан астында жүріп үйренген. Суықтан қорықпайды.

Ашуын білдірмей ішінде ұстаған Емберген: «Мынаны не істесем екен?», деді ойша ызаға булығып. «Атып тастасам ба екен?». Мылтық екі метрдей жерде окоп бұрышында сүйеулі тұр. «Күрекпен соғып басын мылжалап жіберсем ше?». Окоп іші тар, күректі еркін сермей алмайды. «Шықшыттан ала кетсем ше? Мойны шошқаның мойнындай жуан екен кәпірдің? Айтпақшы, бәкім бар екен ғой...». Қалтасын қарманғандай еді. Сергей Белов дереу мұның қалтасын қарманған қолы жағынан келіп отыра кетті.

-Жарайды, Болгов жолдас, командир шешімі солай болса, бағынбасқа лаж жоқ. Екі адам сиған жерге үшінші де сияды, - деп, арты ұрыс-керіске айналып кетуі мүмкін әңгіменің барысын дәл дер кезінде жұмсарта қойды. - Кәрі жауынгермін дейсің, олай болса, бұған дейін де талай соғысты көрген шығарсың?

Болгов мақтанғанды да, мақтағанды да жақсы көретін болса керек:

-О, еб, әрине,- деп шынтақтап жатқан жерінен шошаң еткізіп басын көтеріп алды. - И шляхтичами, и белофиннами.

-Убивал наверное. Много?

-Да, х... их знает. Зажмурив глаза палишь пока патроны не кончится. Не высовывая голову из траншеи гранаты кидаешь. Правда, шляхтичи не стали с нами воевать, сразу отступили. А вот белофинны б...ы... 

-Награды грудь полно, наверное?

-Шиш. - Болгов үш саусағының арасынан бас бармағын көрсетті.

-Финнами... Маленькое государство. Немногочисленный народ.

-Маленький да удаленький, б...ы. Скольких нас погубили, б...ы. Кошмар нам устройли, б...ы.

-Ничего, теперь ты на настящей войне, - деді Емберген бер жағымен өтірік қолдаған боп, іштей кекетіп.- Есть шанс показать себя. Может медалью какой-нибудь наградят.

- Нет, в п.. ду, меньше чем на орден Красной Звезды я не согласен, б..ды, поняли?!

Болговтың есалаңдығы барын сезген Емберген мен Сергей онымен тәжікелесуден өздеріне зиян келтіргеннен басқа пайда жоғын бірден түсінген еді. Иә, иә, деп бас шұлғыса салды.

Солдаттар кең дала төсінде індерінің аузында бір кіріп, бір шығып жүретін зормандар сияқты, анадай-анадайдан қазып алған окоптарының ішінен бастары қылт-қылт етіп жүреді де, тамақ кезінде дала асханасына қарай шұбырады; тамақтарын ішіп кеп қаруларын майлайды, сүртеді. Атыс нысаналарын жөндеген болады. Бірен-сарандары әлдебір тапсырмамен онда-мұнда аяқтарына сүріне-қабына асығыс кетіп бара жатады. Кейбіреулер жақын маңайдағы көшпей қалған жергілікті тұрғындармен ауыс-түйіс байланыс орнатып алған. Әскери паектарынан үнемдеп, қыз-қырқынға қырындап келетіндер де жоқ емес. Орыстың арағы таусылған ба, оған құмарлардың да іздегендері табылып жатыр. Сондайдың бірі – Болгов, арағын ішіп, тіске басар орнына махоркасын бұрқылдатып окоптан шықпайды. Оның қасында ұзақ отыру қиын, сондықтан Емберген мен Белов жатарда болмаса, көбіне сыртта жүреді.

Осылайша Ембергендердің Керіш мойнағында немістің шабуылын күтіп өздерінше бекініп жатқандарына біраз уақыт өткен. Жау жақ – ұшы қиыры жоқ көк теңіз. 

-Сен білесің бе, Емберген, - дейді Сергей Белов көк теңізден көз алмай қадала қарап қалған серігіне жанаса беріп, - бұл Қырымға жайшылықтың өзінде кіру де, шығу да қиын. Ал қазір соғыс. Феодосиядан шығатын темір жол немістердің қолында қалып тұр. 

-Иә, байқадым, - дейді Емберген, - егер жау шабуылдап, соққысы қатты тисе, мойнақ аузы жіңішке екен, жан қысылғанда теңізге сүңгіп кетпесек, шегіне қашуға жер тар болатын сияқты. 

-Пах-пах, біз екеуміз бас штабта соғыс алаңын зерттеп тұрғандаймыз ғой тіпті.

-Жай солдаттық түйсік қой, досым. Осыдан аман қалсақ... 

-Шіркін, оған дейін тойып тамақ ішіп жүрсекші.

-Не, қарның шұрқырап кетті ме?

-Шұрқырағанды айтасың, тура түбінен суырып жатыр сұққылап. Мана бір бақылап шыққам, маңайдағы оқтан өлген мал етінен түк қалмапты.

Емберген иықтарын селкілдете кеңкілдеп қатты күліп жіберді.

-Ой, сен де... Аш адамның халіне кісі күле ме екен?

-Жоқ-ау, Москвадан шегінген Наполеон әскері жолда аштыққа ұрынып, астындағы аттарының етін жепті дегенді орыс тарихшылары масқара түрінде жазып қалдырыпты. Мектеп оқулықтарында да өріп жүр. Ал біз немісті күтіп, жәй бекініп жатып-ақ жеп қойдық.

-Өлексе десек те дәмі балдай еді ғой. Бар болса, қазір де отқа қақтар ем әнеугідей шыжғырып... Екінші батальоннан аштан үш солдат өліпті, естідің бе?

-Ондай хабар сымсыз телефонмен алдымен жетеді ғой.

Сөз үзіліп, арада бір сәт үнсіздік орнаған.

-Ой! –деп, қалды Сергей кенет.- Ананы қара, снаряд түскен бе, әлде бомба жарылған ба?

-Ондай болса естір едік. Өрт қой мынау. 

Аулақта, окоптар орналасқан тұста, кешкі түнекті түріп тастап, лапылдап жанған қызыл жалын алаулай түседі. Айналасында қараң-құраң еткен адамдар сұлбасы байқалып, біреуді жер-жебіріне жеткізе боқтаған үзік-үзік ызалы дауыстар естілді.

Бір қолайсыздықты іштері сезген Емберген мен Сергей өрт боп жатқан тұсқа қарай жүгіре жөнелген. Ентіге жетсе, итшілеп жүріп өздері қазып алған окоп. 

-Во, пришли хозяева, - деді қараңғыда көлбеңдеп жүргендердің бірі кекете сөйлеп, - после приятной вечерней прогулки.

-Там человек! - деген Емберген даусының қалай қатты шығып кеткенін өзі де байқамай қалды.

-Разве, сейчас посмотрим. – Жаңа бұларды кекеткен солдат болу керек, төбесі құлап, қабырға тақтайлары қызылшоқтана бықсып жатқан окоп ішіне секіріп кетті, онымен қабаттаса Емберген мен Сергей де ішке түскен. Үшеулеп бықсық шалаларды олай-бұлай ығыстыра жүріп, киімдері өртеніп күлге айналған, бет-аузы, басы отқа үйітілген Болговтың мүрдесін күл-қоқыстың арасынан аршып алды. 

Араққа әбден қызған Болгов қатты ұйықтап кетіпті де, аузындағы сөнбей қалған темекі шоғынан астындағы құрғақ шөп төсеніші тұтанған, одан ұшқан ұшқын снаряд патронынан жасалған білтелі сықсимаға тиген, сықсима лап етіп, керосині жан-жаққа от боп шашырап, окоп іші әп-сәтте алаулаған жойқын өртке айналған да кеткен...

Емберген мен Сергей бастап, бір топ солдат мүрдені село сыртындағы қорым шетіне апарып бір шұңқырға бетін жасырып көме салды...

Емберген мен Белов, басқа барар жері болмағасын, түннің бір уағына дейін тырбаңдап, өртенген окоп ішін ретке келтірген болды. Қолғаптары, сөмкелері, противогаздары жанып кетіпті. Флягалары да күйіп, сынып, пайдалануға жарамай қалыпты. Еденге күйген тақтайларды төсеп, үстіне аунап жата-жата кетісті.

 Шинелін басына қарай бүркене түсіп, Емберген «Ажал біреуге оқтан, біреуге от пен судан» деген қазақ даналығын еске алды. Бәрі рас, дейді іштей. Бұйрық бұзған бір орыс пен бір грузин солдат саптың алдында атылды. Болгов әңгүдік өзі салған өртке өзі күйіп өлді. Айнала су, оған да біреулердің тұншығатын күні туа ма, кім білсін... Қыршын жастар жаумен бетпе-бет келмей жатып-ақ осылайша күнде талайы өліп жатыр. Екі жақ бір-біріне бомбаларын лақтырып, мылтықтарынан қарша боратып оқ жаудырған кезде мына дүние не болмақ? Ондай жағдайда өлімнің жып етіп қай жағынан шыға келгенін кім сезе қояр дейсің. Әсілі, қысқа жаса, ұзақ жаса, бәрібір мұндай өмірде жаның сүйсінгендей, бақытыңды тапқандай ешқандай мән-мағына жоқ-ау, сірә. Тағы да өлімді ойлағаным ба? Тіпә, пәлекет, кет менен. «Сен тірі болуың керек», деген анасының қадап айтқан аманаты есіне тағы да сап ете қалды...

Өтен Ахме

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Бүгін Ташкентте өтіп жатқан спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында бірнеше жаттығу бойынша финалд...

Жаңалықтар

Елордада 18 мамыр күні Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жоспарланған концерт ұйымдастырушыл...