Күрд тұқымы, сириялық ақын, өткен жылғы Нобель әдебиет сыйлығының ең мықты үміткері Сәлім Баракатты...
Рахымжан Отарбаев. Көрші шешей
Қызылшақа күн еңкейе берді. Көкжиекке еріп сіңер. Аптаптың пәті қайтыпты. Кешкі саумал ауа тынысты кеңейтті. Есік көзіне шықтым. Ермек жоқ. Көрші шешей көлеңке бетке жайғасыпты. Бет-ауызы бір уыс қара кемпір. Жаулығын қат-қабат орап алып, үкідей үрпиеді де отырады. Сөз ләмі бөлек. Қылығы қызық. Әлде құлақтан қалған соң ба? Естелік емеді. Кешегі әңгіменің сөнбей қалған шоғын бүгін көсейді.
– Сәлем бердік,- деймін ұзынша орындыққа отырып жатып. – Бала-шаға қалай, шеше?
– Е, жүр. Бала қызметте. Келін үйде. Қызым доктор ғой. Жұмысы мазасыз.
– Жараған.
– Әлгінде саған укол салам. Қаның тасып тұр. Құлағың содан шыңылдайды дейд. Қой, дедім қызға. Кәрі адамда таситын қан қайдан қалсын. Бар-жоғы бір қасық шығар.
Еріксіз күлем. Қылығы қызық. Әлсін-әлсін қос құлағын бағады. Қай құлағы шыңылдаса, сол жақ көзін сығырайтып, ернін бүрістіріп тыңдайды кеп. Сосын сөйлеп қоя береді.
– Шеше, содан атамыз мол кетті ме? – деймін дауыстап. Кеше үзілген әңгіменің жалғасын дәметкен түрім.
– Е, бала таппадың деп торсаңдап біраз жүрді,- дейді үкідей үрпиіп.
– Бермесе немді табамын? Бұзаубас бір шарананы қимады ғой.
Соны айтып жүзіме сығырайып қарайды кеп. Өз-өзімнен қысыламын. Кәрі адамның құпиясын қозғап… Қатып қалған шерін жібітіп… Қой, болмас. Орнымнан тұрғым кеп құйрығымды жыбырлатамын.
– Асықпа. Кешкі саумал ауаны қарашы. Аңқаңды ашқандай. Қызығы алда. Кітап жазсаң аздық етер…
Сөздің аштығы өтіп кеткен жазған басым. Қайтадан зейін тіктеймін.
– Кешке айттым ба, жоқ па, қыз алар киімін қапқа салып қойған екен. Бір кеште атына мінді де: «Ал, Ағила, айыпқа бұйырма. Аман бол»- десін. Әй, артына бір қайырылып қарамады-ау. Мұндай қатты болар ма? Қайтейін бұзаубас бір шарананы қимаған соң. «Алған бетіңнен жарылқасын» дедім. Қатын – қанжығада. Тапқан шығарсың…
Соны айтты да оң құлағын кимешегінен босатып, көзін сығырайтты. Ернін бүрістіріп, бас изейді.
– Аллеке, өлімнен хабарым бар. Өзің ғой алмай отырған,- деп сайрап қоя берді.- Қу жанымды аяп отырған мен жоқ. Шалымның қасына барып жата қалайын. Жанында әжептәуір орын бар…
Шешейдің кәнігі сөзіне қанықпын.
– Алла ғой,- дейді жайбарақат. – Пәндесін әлсін-әлсін тексеріп тұрады дейді. О дүниеден хабары бар ма, жоқ па деп. Есеп үшін керек шығар. Солай, балам. Құлағың шыңылдамай ма?
– Әзірге жоқ.
– Е, жассыңдар. Асықпа, әлі шыңылдар.
– Атамыз алыс сапардан қашан оралды?
– Хат жоқ, қара қағаз жоқ үш жыл жүрді. Естіп жаттым. Тырп етпедім. Ел аспапты. Көрші ауылға барыпты. Шөпшілер қосынында аспаз боп жүретін әлгі Жамиға бар ғой… Сен қайдан білейін деп едің, соны алыпты.
– Ым.
– Атаң өзі салқамсоқ. Аздаған әнші еді. Картаны қуып жүріп ойнайтын. Не айтып кеттім, е, оралды ғой. Қоқанның салықшылары құсап. Кешқұрым атынан домалап түсіп жатыр. Қойнынан шығарып кішкене сәбиді қолыма ұстатты. Періште ғой. Қарны ашқан. Омырауымды иіскелейді.
Соны айтты да сол құлағын кимешегінен босатып, көзін сығырайтты. Ернін бүрістіріп, бұ жолы бас шайқайды.
– Әй, Жамиға, тағы мені жамандап жатсың ба? Шалабыңды шайқама,- деп сайрап қоя берді. – Аузымды көп қыздырма. Осы бар ғой…
Шешейдің кәнігі сөзіне қанықпын.
– Көрші ауылдағы Жамиға шығар. Мені қарақаттамаса отыра алмайтын көрінеді. Басқа кім қалды дейсің?
– Оған қайта алғыс айтпайсыз ба?
– Не үшін?
– Бала тауып берді.
– Шалым болмаса көрер ем. Күлге аунап туып па? Балпанақтай етіп. Тіпті, өзіме тартқан. Аулақ! Байы бар, бір табын баласы бар дейді. Менің жалғыз қарғама қарап қап па?
Шешемнің бір уыс бетіне тиіп-қашып қызыл жүгірді. Сосын үкідей үрпиген жаулығын бір қозғап қойды. Пияз қабығындай болса да үстемдігіне сенген жанның кейпі.
– Сен де бір айтпасты айттыратын неме екенсің,- дейді көрші шешем енді мені жазғырып. – Ол қайтып оралғанда мына мен де… Қисық аяққа қызыл кебіс кие қоям деп… Ішім әжептәуір дөңгеленіп қалған. Әлгі доктор қыз ғой. Жұмысы мазасыз.
– Ойбай, шеше, оныңыз не?- деппін сасқаннан. Даусым қатты шығып кетсе керек. Бетіме бағжаң етіп бір қарады да отыра берді.
– Қайтейін, – деді әлден уақытта терең күрсініп.
– Бұқасы басқа болғанмен, бұзауы сенікі. Үндеме дедім шалға. Үндеме!
– Ым.
– Ойдан-қырдан құралды деме, шырағым. Қатықтай ұйып отырған бір қауым елміз. Ибай, екеуі қоса шыңылдап кетті,- деп асып-сасып құлағына жармасты.
– Әй, жүзқара, жағаласпай қоя тұр дедім. Аллеке, өлімнен хабарым бар. Өзің ғой…
– Мамам үйде ме? – дейді баласы аула ішінен. Қызметтен келген беті де.
– Сотовой телефонында маза жоқ. Отыр ғой, – деп келіні сыңғыр етіп күлді.
Саумал ауаны сауып тұрған кешқұрым еді. Көз алдымнан көп сурет көшеді. Керіліп түскен кемпірқосақ елестейді. Қызыл, сары, көк… Бәрін бір доғаның бойына қосақтап қойған құдіреттің күшін айтсаңшы!
Рахымжан Отарбаев