Амангелді Кеңшілікұлы. Көңіл күнделігі

ӘДЕБИЕТ
3013

Биыл Әбіш ағамның туғанына 80 жыл толады, Осыдан төрт жыл бұрын ол туралы жазғалы жүрген дүниемді әлі бастаған да жоқпын. Мына қу тіршіліктен қолымыз босамай, өміріміздің бәрі де босқа өкінумен өте шығар ма екен? Кім біліпті? Кеше күнделігімді қарап шығып, мына бір дүниеге көзім түсіп кетті. 

Көңіл күнделігі

2015 жылдың 25 ақпаны

Суреткер Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығымен танысқаныма табаны күректей отыз бес жыл өте шығыпты-ау! «Бір уыс топырақ» атты кітапты оқып шығып, Әбіш әлемінің шымылдығын алғаш ашқан сол сәт әлі күнге есімде.

Бір роман мен бірнеше әңгімелері топтастырылып «Жазушы» баспасынан жарық көрген қаламгердің шығармалар жинағын жаздың аптап ыстығында, ауылдағы үйде әжемнің алдына жатып алып, бас алмай дауыстап оқып шыққан едім.

«Аңыздың ақыры» романындағы кейбір түсінбеген сөздерімнің мағынасын әжемнен сұрап алып, шығарманың қалай аяқталатынын білуге асыққанымды да әлі ұмытқан жоқпын. Жазған туындыларында біздің жақтың тыныс-тіршілігінен аумайтын өмір суреттелгендіктен менің көзіме ол Торғай өңірінен шыққан жазушыдай болып елестейтін. Туындыларының салмағын таразылап, мен оны жасы алпыстан асқан әдебиетіміздегі сақа жазушыларымыздың бірі шығар деп шамалайтынмын. Бірнеше жылдан кейін Алматыға келгенімде бұйра шашы желбіреп, көзі күлімдеген, қырыққа енді ғана толған жігіт ағасын көріп, оның суреткер Әбіш Кекілбайұлы екенін білгенімде қайран қалып, таң-тамаша болдым. Шығармаларын бас алмай оқып шыққан сүйікті жазушымның біздің жақта емес, Маңғыстау елінде туғанын анықтағанымда бір өкініш сезімінің көңілімді шымшылағанын да жасыра алмаймын.

Кеше суреткер Әбіш Кекілбайұлының 1999 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген он екі томдық шығармалар жинағын оқып бітіріп, ақырғы томының соңғы парағын жапқанымда осы бір естеліктер көңілімде қайта тіріліп қоя берді.

Уақыт зымырап өтіп барады. Әбіш көкемнің шығармашылығы жайлы бір үлкен дүние жазудың ойда жүргеніне де бірнеше жылдың жүзі болып қалды. Біраз ойларымды қағазға түртіп те қойдым. Енді уақыт тауып сол үлкен дүниеге кірісу ғана қалды. Ойға алған ісімді қашан бастарымды білмеймін, бірақ осы үлкен эссемді ол кісінің көзі тірісінде жазып тастағым келеді..

Амангелді Кеңшілікұлы

author

Амангелді Кеңшілікұлы

ПУБЛИЦИСТ

Жаңалықтар

Елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданы Қабанбай батыр даңғылында автобустың жануын сөндірді, деп хаб...

Жаңалықтар

Әлеуметтік желілерде қайырымдылық қор құрылтайшысының қаржысын жымдықды деп айыпталып отырған Пери...